Роза Рақымқызы: Абай шәкірттерінің өз бағасын алар кезі жетті
Бөлісу:
08.08.2015
4407
Қазақтың кемеңгер Абайы қараңғы түнекті қақ жарып туған жарық ай десек, оның сәулесіне шомылып, үлгі-өнегесімен сусындап өскен жасөспірім, көкөрім таланттар алыптың айналасындағы сансыз жұлдыздар іспетті болды. Абайдың артықшылығы – ол өлеңді ермек етіп, сөзбен сурет салып қана қойған жоқ, қазақтың бойындағы қыңырлықпен, надандықпен күресті, ұлт әдебиетіне жан бітіріп, іші-сыртын түзеді, терең ақыл-парасатымен, асқан шыншылдығымен өлең, сөзге өзгеше мән-мағына беріп, мейлінше түрлендірді.
Абайдың ерекше таланты мен атағын асқақтатып, ел ішіндегі беделін көтерген әділдік, адалдық, мейірбандық тәрізді адами ізгі қасиеттері сол маңайдағы өнерлі жастардың ақын айналасына үйіріліп, оны өздеріне ұстаз тұтуына негіз болды. Бұрынғы-соңғы әдебиетшілердің зерттеулерінен білетініміздей, Абай сол жас талаптарға ұстаздық етті, біреулеріне өлең жазуға арнайы тақырып берсе, енді біреулеріне өзі әлем әдебиетінен оқыған қызықты сюжеттерді, тарихи оқиғаларды әңгімелеп беріп, болашақ шығармаларына жол нұсқады.
Жазғандарын оқып, ағалық ақыл-кеңесін, ескертулерін айтып отырды. Әділдікті сүйетін, жалғандыққа, жамандыққа жаны қас ұлы ойшыл кімге болсын әділ төрелігін айтып, қажымай-талмай үйретті, жалықпай жетеледі. Және ол еңбегі жеміссіз де болған жоқ. М.Әуезовтің уәжіне жүгінсек, «...Қазақ әдебиеті сол күнде баспа жүзіне шығып, сол күнде оқушы тауып отырарлық жайға жетсе, Абай айналасынан, Абай мектебінен шыққан ақындар түгелімен Абайдың ізін баса шыққан үлкен әдебиет ағымын көрсеткен болар еді».
Ақынның шәкірт-достарының өз ортасынан суырылып шығып, жеке-дара танылуына Абайдың оларға әрдайым жоғары талап қоюы да себепкер болғаны анық. Өмір шындығын боямасыз әрі дәл көрсетіп, өнердің тәрбиелік мәнін ескеруді жоғары орынға қойған ақын шәкірттеріне де осы талап тұрғысынан қарады, жасандылықтан бойларын аулақ ұстауды тапсырды.
Бұл ретте, қазақтың Абайы кез келген ұлттың беткеұстар ойшылынан оқшау әрі дара тұр. Мұның себебін әдебиетші ғалым Бауыржан Ердембековтің тілімен түсіндірер болсақ, «...Әлем әдебиетінде шәкірт тәрбиелегендер некен-саяқ кездескенімен, дәл Абай сияқты бірнеше ақынның басын құрап, тақырып беріп, өлең жазғызып, жазғанын ортаға салып талдап, түзеп дегендей, шын мәнінде, осындай әдеби іс жосығын жүзеге асырғандары кемде-кем. Өзімізге етене жақын орыс әдебиетіне назар аударсақ, А.Пушкин де, М.Лермонтов та әдеби мектеп ашып, шәкірт тәрбиелемепті. ХІХ ғасырдың 50-жылдарында орыс әдебиетіне Н.Гогольдің әсері зор болғаны белгілі. Әйтсе де «Біз Гогольдің «Шинелінен» шыққанбыз» деген кейінгі қаламгерлердің қанатты сөзі жазушының тікелей шәкірттері емес, оның дәстүрін жалғастырушылардың айтқаны екенін естен шығармау керек». Басқаша айтқанда, Гогольдікі – дәстүр, бағыт та, Абайдікі – ұстаз бен шәкірт арасындағы тікелей қарым-қатынастың көрінісін байқататын тура мағынасындағы мектеп болып шығады.
Дей тұрғанмен де, «ұлы» халықтың беткеұстар ақын-жазушыларында кездесе бермейтін тікелей әдеби қарым-қатынастың айғағы болған ақындық мектеп, ақын шәкірттер қазақ әдебиетіне, оның ішінде Абайға тиесілі болуы кеңестік танымның қалыбына сыя бермеді. Осынау қыңыр түсініктің салдарынан Абайдың өз айналасына тигізген әсері, тағылымдық қарекеттері тұмшалана берді. Мұның аяғы Абайдың Көкбай, Ақылбай, Шәкәрім, Мағауия, Тұрағұл тәрізді аса дарынды шәкірттері мұраларының елеусіз, ескерусіз күйде, зерттеушілердің де, қалың көпшіліктің де назарынан тыс қалуына әкеліп соқтырды. Ал шын негізінде, Абайдан асып кетпегенімен, олардың әрқайсысы өз биігінде көрінген, өзінше таным-талғам, қабілет-қарым иесі болатын. Мәселен, «Мұхтар Әуезовтің өзі Көкбайдың ақындығы туралы сөз қозғағанда: «Ол кезде Абай айналасындағы бар ақынның ішінде суырып салма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай мұны өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие ғып шығарады", – деп Көкбайдың жай ақындардың бірі емес, талантты ақын екендігіне назар аудартады», – дейді Жандос Әубәкір. Әдебиетші ғалым айтпақшы, «Коммунистік идеология кезінде Абылай хан, Кенесары мен Наурызбай ерліктеріне ыстық ықыласын білдіре отырып жырға қосқан Көкбай Жанатайұлының эпикалық шығармалары жарық көру, зерттелу түгіл, тар қапасқа қамалды. Ақынның жеке өмірі де саяси кінәлаулардан құр қалған жоқ. Сол заманда Көкбайдың діни бағыттағы өлеңдері ақын мұрасының зерттелуіне кедергі болды. Сөйтіп, ақынның бай әдеби мұрасы: өлеңдері мен айтыстары, дастан-жырлары қаншама уақыт бойы зерттелусіз қала берді. Сол сияқты, Абайдың тұңғыш ұлы әрі ақын шәкірті Ақылбайдың да поэмалары мен бірқақпайлары, жекелеген өлеңдері бүгінге толық жеткен жоқ. Тақырып таңдау, идеялық бағыт, көркемдік ізденістер жөнінен Абай рухымен үндес Ақылбай шығармалары да әдебиетшілер назарынан тыс қалып келеді.
Абай мектебінің дәстүрін бүгінге жалғаған халық ақыны, фольклоршы, композитор Шәкір Әбенов те өзіндік тағдыры бар, таланты дара, бірегей тұлға еді. Есте сақтау қабілетінің ерекшелігімен дүйім жұртты таңғалдырып өткен қазына қария тоқсаннан асқан шағында да Абай мен Шәкәрімнің, Көкбай мен Әріптің, басқа да көптеген ақындардың жыр-дастандарын жатқа айтудан танбаған. Ғасырға жуық өмірінде тағдырдың көптеген теперішін көріп, жазықсыз қудаланған, зорлық-зомбылыққа тап болған қайсар ақын соған қарамастан талай сүбелі шығармалар қалдырып кетті. Сондай-ақ мұның бәрі де өзіндік мазмұнымен, жанрлық, стильдік артықшылықтарымен қазақ әдебиетін мейлінше байытқан, түрленткен тағылымды шығармалар болды.
Қорыта айтқанда, Абайдың ақындық мектебінің ілгері-кейінді өкілдерінің қай қайсысы да – зерттеп-зерделеуге, сый-құрметке лайық жандар. Сондай-ақ олардың әдеби мұрасын саралау қазақтың сөз өнерін қай жағынан болсын байыта түсері даусыз.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
Бөлісу: