Н. Оразалиннің Ә. Кекілбайұлымен қоштасу рәсімінде сөйлеген сөзі

Бөлісу:

14.12.2015 4267


Бүгінгі қаралы жиынға келген ағайын жұрт, таныс-бейтаныс ел, бір-біріне көңіл айтып, сабырға шақыруда. Біздің тамырын тереңнен тартар ұлы халқымыз маңдайына біткен ұлыларын, біртуарларын қалай алақанына салып, қалай қадірлеп, соңғы сапарға да қалай шығарып салатынының талай рет куәсі болып келе жатырмыз. Қаршадай кезімізде 1961 жылы Ұлы Мұхтар Омарханұлына қалың қазақ аза тұтып, шығарып салғаны жадымызда. Міне, бүгін қазақтың ұлы даласы, Елбасымыз айтатын Мәңгілік елдің бүгінгі тізгінін ұстап отырған біздің замандастарымыз, ұлы қазақ жұрты, қазақстандықтар тағы да сондай бір көрініспен қайта кезігіп, үлкен ықыласпен, салтанатпен, қайғымызды жеңілдетіп, көзіміздің жасын сүртіп, Әбекеңнің отбасына, Отанына көңіл айтып отырмыз. Сол дәстүр жалғасып отыр...


Әбіш Кекілбаев 60-жылдары әдебиетке құбылыс болып қаршадай кезінде келіп еді. Құбылыс болып сол биіктен жаңылмай, жазбай, өзінің әрбір үлкенді-кішілі замандастарына деген адалдығынан, соларға деген ақ көңілінен танбай, ішкі тазалығын сетінетпей, әдібін бұзбай, әдебінен озбай өтті. Ұлыларға тән, хас суреткерге тән ғұмыр кешті.


Біз өмірде, әсіресе, көркем әдебиетте дәуір дейтін бір сөзді жиі-жиі еске аламыз. Абайдың дәуірі дейміз, Махамбеттің дәуірі дейміз, Жамбылдың дәуірі дейміз. Кеше Әуезовтің дәуірі деуші едік, енді Әбіш Кекілбаевтың дәуірі ұлттың үлкен аренасына шығып отыр. Қоштасып отырмыз...


Біз екі дүние дейтін ұғымның, екі дүние дейтін жаратылыстың қаншама құдіретті екенін, оны әдебиетпен ғана, қоғамда болатын құбылыспен ғана өлшеуге мүмкін емес екенін көп ойлай бермейміз. Екі дүние дейтін ұғымның бірі мына сіз бен біздің күнделікті қуанып жүретін, қайғырып жүретін жерүсті дүниеміз болса, екінші ғарыштың дүниесі, рухтың дүниесі. Ұлы перзенттеріне Жаратушы сол екі дүниенің де қызығын қатар бұйыртатын болу керек. Әбекеңнің пешенесіне сол екі дүниенің қызығы мәңгілік дейтін таңбалап қойған ұғыммен әу баста жазылған болуы керек...


Оңдыда туған кішкентай қара бала Алатауға келіп, қанаттанып, Сарыарқаға келіп, санаттанып, қара қазақтың, қалың елінің әдебиетін ұлы биікке, әлемдік деңгейге, жаңа сатыға қалай көтерсе, оның азаттық дейтін аласапыран дәуірінде де Елбасымыздың қасында жүріп, әрбір сәтке өлшеусіз, есепсіз үлес қосты, қазақ үшін жанын пида етуге де дайын екенін байқатып еді. Сол бізге үлгі. Сол бізге мектеп.


Әдебиетті Кекілбаевша жасау, өмірді Кекілбаевша сүру, қоғамға Кекілбаевша қызмет ету қазақты Кекілбаевша сүю дейтін жаңа дәуір басталды. Айналайын Әбеке, жаныңыз жаннатта болсын. Рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын дейді халқыңыз!..

Бөлісу:

Көп оқылғандар