Әннәс БАҒДАТ: Бақтан өткенде (Жеті көріністі пьеса)
Бөлісу:
Жуырда өткен «Алтын тобылғы» әдеби байқауының «Ең үздік драматургия» аталымы бойынша жеңімпазы алматылық Әннәс Бағдаттың «Бақтан өткенде» пьесасын назарларыңызға ұсынамыз.
Қатысушылар:
Еркек
Әйел
Бейтаныс
Б і р і н ш і к ө р і н і с
Сахнада ашық есік тұр. Есіктің арғы жағы көрінбейді. Есік босағасында Еркек отыр. Ойға батып ұзааақ отырады. Орнынан тұрып сахнаның екі шетіне кезек барып, не бар екен дегендей айналасына, алысқа көз салып қарайды.
Есікке кіріп кетеді.
Сахна бос қалады.
Бейтаныс келеді. Есікке қарап аз тұрады. Сосын есікті айналып артына өтіп кетеді.
Е к і н ш і к ө р і н і с
Әйелдің сыңғырлаған күлкісі естіледі. Есіктен жүгіріп шығады. Соңынан қуа шыққан Еркек босағада тұрып қалады.
Е р к е к. Қадам сайын қараңғылыққа батып барасыз.
Күлкіге мастанған Әйел естімейді. Өз өзімен ырғатыла билейді. Еркек босағада мәз боп қарап тұрады.
Ә й е л. Сізбен танысқаныма аса қуаныштымын!..
Е р к е к. Ал менің қуанышымда шек жоқ.
Ә й е л. Жұпар аңқиды... (Арлы-берлі жүгіріп билеген болады).
Е р к е к. Табаныңа тікен кіреді ғой...
Ә й е л. Келіңізші мұнда, билейік.
Е р к е к. Менің уәдем бар.
Ә й е л. Сіз ылғи асығасыз да жүресіз.
Е р к е к. Сіз уәдеңізді ұмыттыңыз ба?
Ә й е л. Тағы да мені кінәлайын деп тұрсыз... Қатыгез болып барасыз. (Көңілсізденіп) Жұрттың бәрі мені айыпты деп ойлап жүр.
Е р к е к. Менің билей алмайтынымды біле тұрып, ылғи да биге шақырғаныңызды қоймайсыз.
Ә й е л. Таңғы ас, түскі ас, кешкі ас... сосын тағы таңғы ас... түскі ас... жалықтым мен.
Е р к е к. Сізді серуенге ертіп шығар ем.
Ә й е л. Таныспай жатып мені қызғанғыңыз келеді.
Е р к е к. Сіз мені білмейсіз.
Ә й е л. Сіз де мені білмейсіз.
Е р к е к. Мүмкін, білмей өтетін шығарсыз.
Ә й е л. Сіздің білгіңіз келмейді.
Е р к е к. Білмей-ақ қойғаныңыз дұрыс шығар.
Ә й е л. Сіз қорқақсыз.
Е р к е к. Ол менің бойтұмарым.
Ә й е л. Мені де қорқытқыңыз келеді.
Е р к е к. Білмей-ақ қойғанымыз жақсырақ болар. Біле де алмайтынымыз рас.
Пауза.
Ә й е л. Базарға барып келейікші.
Е р к е к. Үйде бәрі бар ғой.
Ә й е л. (Өкпелеп) Барғыңыз келмей тұрғанын білем.
Еркек босағадан түсіп, Әйелге жақындап келіп қолынан ұстайды.
Е р к е к. (Cыбырлағандай боп) Шынымды айтсам, менің де барғым келіп жүр. Бірақ, базардың қайда екенін білмейміз ғой.
Ә й е л. (Сыбырлап) Мен біліп алдым.
Е р к е к. Кім айтты?
Ә й е л. Сіз, білмейтінім жоқ деп ойламаңыз.
Е р к е к. Мен сенімдімін.
Ә й е л. Мен де сенімдімін.
Е р к е к. Адасып кетпесек болғаны.
Ә й е л. (Мәз болып) Сізбен танысқаныма қуаныштымын. (Еркектің бетінен сүйеді).
Е р к е к. Сізді жаратқанына ырзамын. (Әйелді сүйеді).
Ә й е л. (Толқып) Сіз сондай ақылды болып барасыз...
Е р к е к. Кеттік.
Ә й е л. Жүріңіз...
Екеуі қол ұстасып жүгіріп шығып кетеді. Есік ашық қалады.
Есіктен Бейтаныс шығады. Екеуі кеткен жаққа беттейді. Осы кезде олардың күлкісі естіледі. Бейтаныс есіктің артына жасырынып қалады. Еркек пен Әйел қол ұстасып жүгірген беті есік алдынан өтіп кетеді.
Бейтаныс екеуінің соңынан кетеді.
Ү ш і н ш і к ө р і н і с
Сахнаның төрінде жабулы есік. Еркектің дауысы естіледі. Өзі көрінбейді.
Е р к е к. (Дауысы) Қымбаттым, сен қайда жүрсің?..
Әйелдің дауысы естіледі.
Ә й е л. (Дауысы) Қымбаттым, сен қайдасың?..
Екеуі сахнаның екі шетінен шығып қарсы жүреді.
Е р к е к. Қымбаттым!..
Ә й е л. Қымбаттым!..
Екеуі бір-бірін байқамай айқасып өтіп кетеді.
Ә й е л. Қымбаттым!..
Е р к е к. Қымбаттым!..
Сахна бос қалады. Сахнаның сыртынан екеуінің “қымбаттым” деген дауыстары талып жетеді.
Т ө р т і н ш і к ө р і н і с
Есіктің алдында, босағада басын тізесіне сүйеп, жүрелеп Әйел отыр. Осында отырғалы ұзақ болған секілді. Басын көтеріп айналасына қарайды.
Ә й е л. Уәденің иесі біз емес. (Басын тізесіне қойып отыра береді).
Пауза.
Ә й е л. Әлгінің аты кім еді?
Бейтаныс кіреді. Әйел оны байқап орнынан ұшып тұрып есікке арқасын сүйеп, екі қолын жайып есікті қорғап тұра қалады. Бейтаныс Әйелге мысқылдай қарап өтіп кетеді.
Ә й е л. Алас! Алас!.. (Айналасына қарайды). Шаң басып кеткен екен ғой.
Әйел босағаға қайта отырады. Пауза.
Ә й е л. Үйден үйге көшу дегенді кім ойлап тапты екен?.. Түгелі болған еді. Бастысы жаның үйренген... ненің қайда тұрғанын жатқа білесің... ал енді қаптаған сұрақ... сорақысы, адресімізді ұмытып қалдық. (Басын көтеріп айналасына қарайды) Шаң басып кеткен екен ғой. (Еденді үрлеп қояды). Осында отырғаным жөн шығар. Уәденің иесі біз емес қой. Осының бәрі “Үлкен үйден” кеткен соң басталды. (Орнынан тұрып үстіне қарайды, сосын қағынады). Топырақ деген шаң. Жұққан нәрсе кетпейді. Тазалап көр. Қанша қақсаң да кетпейді (үстін тағы қағып, айналасын үрлеп қайта отырады). Өз үйіңнің босағасын өзің күзетесің... Өз үйің?.. Ия, менікі екені рас. Ешкімнің таласы жоқ. Тек өзіме қайтарып берсе болғаны. Қазір заң деген күнде өзгеретін болып кетіпті... Бақилыққа сенікі деп Оның өзі айтқан. Сонда мен неден жаздым?.. Жаздым... Жоқ... мен бе екем жазған?..
Сахнаға Еркек жүгіріп кіреді. Қолында ағаш таяқ. Әйелді байқамайды. Есікті ашады.
Ә й е л. Еу! Не керек саған?
Е р к е к. (Селт етіп Әйелге қарайды) Анда келе жатыр.
Ә й е л. Ізіңізге түсіп алған ба?
Е р к е к. Шүкірлік, бұл есік мәңгі ашық. (Әйелге жақындайды).
Ә й е л. (Жабығып) Ойлап отырмын.
Е р к е к. Таяғым тозып таусылайын деді. Аяғым тиген жердің барлығы құла түз. Жапандағы жалғыз үй осы екен... Тапқан шығармын...
Ә й е л. Әлгінің аты кім еді?..
Е р к е к. Құтқармайды мені. Маған аты-жөнім керек. Сіз бере аласыз ба?
Ә й е л. Нені?
Е р к е к. Аты-жөнім. Кімсің деп ізімнен қалар емес.
Ә й е л. Ары тұрыңыз, мына жердің бәрі лас.
Е р к е к. Маған керегі бір жапырақ қағаз. Кім екенімді жазып, анықтап берсеңіз болды.
Ә й е л. Кім жазып берді дейсіз?
Е р к е к. Сіз. Анықтаманы...
Ә й е л. Мен кіммін сонда?
Е р к е к. Сіз.
Ә й е л. Кім екеніңді Ол білмесе мен қайдан білейін. (Айналасын тазалайтын бірдеңе іздеген болады). Айтқаным келді, сұрақтар тағы да тіріле бастады...
Е р к е к. Сонда сіз де ұмытып қалдыңыз ба?
Ә й е л. Нені?
Е р к е к. Атыңызды.
Ә й е л. Мәселе атта емес. Қайда қалды... әлгі құрғыр...
Е р к е к. Анда жатыр. (Иегімен сахнаның шет жағын нұсқайды).
Ә й е л. (үңіліп қарап) Ол емес. Өткенде мен де сол екен деп ойлағам.
Е р к е к. Тым болмағанда сіз атыңызды ұмытпаған болсаңыз, менің атымды бірдеңе ғып табар едік.
Ә й е л. Маған ат керек емес, Жанымды шаң басып қалмаса болғаны.
Е р к е к. Сонда сіз біреуді күтіп жүрсіз бе?
Ә й е л. Жоқ. Үйімнің алдында демалып отырмын.
Е р к е к. Ендеше, бұл сіздің... үйіңіз?..
Ә й е л. Иә.
Е р к е к. Онда аты-жөнімізді сіз бересіз ғой?..
Ә й е л. Ары тұрыңыз, мына жер шаң болып кетті.
Е р к е к. Сіздер ренжісіп қалған екенсіздер де..
Ә й е л. Жоқ.
Е р к е к. Мен кеше де келгем. Бірақ сізді байқамадым.
Ә й е л. Мен де сізді байқамадым. Мүмкін басқа жерге барған шығарсыз?
Е р к е к. Тура осы жер. Осы жалғыз-ақ үй. Шатасқан жоқпын. Сіз де аты-жөніңізді білгелі келген жоқсыз ба?
Ә й е л. (Еркекке жақындап, сыбырлағандай боп) Шындығында, мен Оны ренжіттім. (Біреу естіп қойды ма дегендей айналасына алақтап қарайды).
Е р к е к. А-а-а... сізді үйден қуып шыққан екен ғой.
Ә й е л. Тәйт! Ақырын.
Е р к е к. Кезекке тұрғаным дұрыс болар... Қайда барсаң да кезекке тұрғызатын болыпты.
Есікті әлдекім тарсылдатады. Еркек үрейленіп қайда барарын білмей, ары-бері жүгіре бастайды.
Е р к е к. Келді... келді... Айттым... қайда қашсам да тауып алады.
Ә й е л. Мүмкін мені іздеген біреу шығар. Сабыр етіңіз...
Е р к е к. Мені үйіңіздің бір жеріне жасыра тұрыңызшы.
Ә й е л. Егер іздеп келген барлаушы болса бәрібір тауып алады.
Е р к е к. Онда?.. онда... терезеден секіріп кеткенім дұрыс болар. (Сахнаның шетіне қарай жүгіре жөнеледі).
Ә й е л. Әй, қайда барасың?.. өлгің келіп жүр ме?
Еркек жүгіріп қайтып келеді.
Е р к е к. Ойбай, қандай биік. Бұл нешінші қабат?
Ә й е л. Жетінші... әлде отызыншы ма еді... мүмкін, отыз жетінші... көше беріп қай үйде тұрып жатқанымызды ұмытып қалдық қой.
Е р к е к. Таптым.
Ә й е л. Нені?
Е р к е к. Есікті ашпай қойсақ не істей алар дейсіз. (Қолындағы таяғымен есікті тіреп тастайды).
Ә й е л. Не істеп жатырсыз?
Е р к е к. Енді ашып көрсін.
Ә й е л. Мұныңыз далбаса, Ол бәрін көріп тұрады.
Е р к е к. Мен өлімнен қорықпаймын.
Ә й е л. Бәрі қорықпайды, бірақ, бәрінің өлгісі келмейді.
Е р к е к. Менің қорқатыным өзімді білмей өлетінім.
Ә й е л. Сізге ешкім де атыңызды айтып бере алмайды.
Е р к е к. Мейірімді біреуі табылар.
Еркек шарасызданып босағаға отыра кетеді. Әйел баспалап келіп оның жүзіне үңіліп қарайды.
Ә й е л. Бірдеңе ішерсіз. Ерніңіз кезеріп кетіпті.
Е р к е к. Сізді бір жерден көрген сияқтымын.
Ә й е л. Мүмкін, бұрын көрші тұрған шығармыз.
Е р к е к. Ия, мүмкін, жүзіңіз таныс.
Ә й е л. Қалада адамдардың барлығының жүзі таныс, тек бір-бірін танымайтыны болмаса.
Е р к е к. Дұрыс айтасыз. Базарда, автобуста, кезекке тұрғанда жиі ұшырасып тұрады ғой.
Еркек есікті таяқпен қайтадан дұрыстап тіреп қояды.
Ә й е л. Отырсаңызшы.
Е р к е к. Рақмет. Осында тұра тұрайын. (Ептеп басып есікке жақындап сыртты тыңдайды).
Ә й е л. Кетіп қалған болар.
Е р к е к. Жоқ. Біреулердің күбірлескені естіледі.
Ә й е л. Осылар өткенде де тыныштық бермеген.
Е р к е к. Көршілеріңізден жөн сұрап жатқан сияқты. (Құлағын есікке жақындатып) Сіздің атыңызды айтып жатыр... Есікті жапты.
Ә й е л. Көршінің бе?
Е р к е к. Солай шығар.
Ә й е л. Ұрылар емес пе екен?.. жөн сұраймыз, анау едік, мынау едік деп үйді тонайтындар көбейіп кетті деп жатыр еді.
Е р к е к. Ия, ондайларды теледидардан күнде көрсетеді.
Ә й е л. Кеше газеттен бір ұры туралы оқыдым.
Е р к е к. Өз үйін өзі тонаған бейбақ туралы ма?
Ә й е л. Тура.
Е р к е к. Мен де оқыдым. Соның тонағаны үйі ме, әлде сарайы ма еді?
Ә й е л. Ордасын үйім деп ойлап жүрсе керек.
Е р к е к. Сонда қойманы тонаған болып тұр ғой.
Ә й е л. Дәл солай...
Е р к е к. Ендеше ол сізді де, мені де тонаған ба?.. (таңырқап, ойланып қалады) Тіпті, бәрімізді тонаған екен. Ал біз жаңалықтарды жайбарақат көріп отыра береміз... жаңалықтар... жаңалықтарды өсек қып айтып күнімізді өткіземіз... бұл не болып кетті?..
Еркек ашуға мінген адамша қолын сермеп сөйлей бастайды. Әйел таң болып қарап қалады.
Е р к е к. Міне қаншама жылдар өтті, атымды айтар жан жоқ... анаған барам, “сен анау шығарсың, ия, анаусың” дейді. Мынаған барам, “сен мынау шығарсың, ия, мынаусың” дейді. Анаған... мынаған... оған... бұған... әрқайсысы өздеріне сендіргісі келіп әспеттейді. Сөйтіп жүріп өзімнің кім екенімді ұмытып қалдым. Біліп тұрмын, сіз де ұмытып қалғансыз. Әйтпесе, маған есікті ашар едіңіз... Мүмкін сіздің мөріңіз жоқ шығар... (бәсеңдеп) Шындығында бәрі ұмытып қалған, сосын, өздеріне ат қойып алып жүр. Енді айналаның бәріне ат беріп, таңбалап жатыр... жұрт біткенді соған сендіріп әлек.
Пауза.
Ә й е л. Бірдеңе ішесіз бе?..
Е р к е к. Бір күні ныспылары естеріне түсіп жатса не болмақ?.. Ол кезде ешкімді де өз затына сендіре алмайсың.
Ә й е л. Сіз сондай мейірімдісіз.
Әйел Еркектің иығына басын сүйеп тұрады.
Е р к е к. Кетіп қалған секілді.
Ә й е л. Мүмкін жасырынып тұрған шығар.
Е р к е к. Дұрыс айтасыз. Әдеті ғой. Әлсіз жеріңнен тиседі.
Ә й е л. Сіз жақын маңда тұрасыз ба?
Е р к е к. Келесі көшеде.
Ә й е л. Көрші екенбіз.
Е р к е к. Сыртыңыздан көріп, тілдесудің орайын таппай жүр едім. (Екеуі де ыңғайсызданған кейіп танытып үндемей қалады. Әйел Еркектен бірнеше қадам алыс барып тұрады). Сіздің үйіңізге тап болам деп ойламаппын... бұл енді...
Ә й е л. Босағада тұрғаныңыз ұят болды ғой.
Е р к е к. Жалғыз тұрасыз ба? (Үй ішіне көз жүгірткендей болады).
Ә й е л. Солай десе де болады.
Пауза.
Е р к е к. Сізбен танысқаныма қуанып тұрмын.
Ә й е л. Бір күні келеріңізді біліп ем.
Екеуі бір біріне жақындайды.
Е р к е к. Біз көңіл қосып тұрайық.
Ә й е л. Олар кетпесе бүгін осында қалыңыз.
Е р к е к. Күйеуіңіз келіп қалмай ма?
Ә й е л. Ол іссапарда. Сіздің әйеліңіз күтіп қалмай ма?
Е р к е к. Оның өз сүйіктісі бар.
Ә й е л. Қызғанбайсыз ба?
Е р к е к. Мен сізді қызғанам.
Ә й е л. Ал мен түнімен сіз туралы ойлаймын.
Екеуі құшақтасады.
Е р к е к. Сіздің құшағыңыз мені қайғыдан сейілтті. Енді мен жалғыз емеспін.
Ә й е л. Жарыңыз сізді қатты ренжіткен секілді.
Е р к е к. (Әйелге үңіліп қарайды) Ерніңіз қандай әдемі.
Ә й е л. Кешіріңіз, сүртіп тастайын.
Е р к е к. Жо... жоқ, жарасып тұр.
Ә й е л. Әйеліңізге қатты өкпелісіз бе?
Е р к е к. Әуел бастан бүлік атаулы менен басталды. Өкініштісі, жұрт біткен әйелімді күнәлі деп жүр. Осы өсек мені әбден қажытты. Осы өсекке оның өзі де сеніп алды. Осы өсек... ертең сізді кінәлайды... (үнсіз бірдеңеге назар аудара қалады) Мұнда біреу жүрген секілді.
Ә й е л. Тышқандардың тықыры шығар. Үйдің іргесінен ін қазып алыпты...
Е р к е к. Жоқ. Мұнда біреу жүр... Біле білсеңіз, біз соны байқамай жүрміз.
Ә й е л. Үшінші біреу бар дегіңіз келе ме?..
Е р к е к. Әлбетте. Біз соны ұмытып кеттік.
Ә й е л. Ұмытқанымыз жақсы емес пе, әйтпесе, өміріміз үреймен өтетін түрі бар.
Е р к е к. Мен өзімнен қорқам.
Ә й е л. Мен де қорқам. Мені жалғыздықтан құтқарыңыз.
Е р к е к. Мен де жалғызбын.
Ә й е л. Енді біз екеуміз.
Е р к е к. Жоқ, бұл алданыш, Оның Өзі жалғыз ғой.
Ә й е л. Ол бізбен бірге. Өзі айтқан.
Е р к е к. Мен ұмытып қалған секілдімін. Бұл дерт.
Ә й е л. Сізді ешқайда жібермеймін (Еркекті қатты қысып құшақтайды). Қайта жоғалтқым келмейді.
Е р к е к. Ненің исі шығып кетті?..
Ә й е л. Ойбу!.. Сіз есік қаққанда қазан асып жатыр едім... ошақ ортасына түспесе игі еді...
Әйел сахнаның шетіне жүгіре жөнеледі. Еркек артынан кетеді.
Сахна бос қалады. Ұзақ үнсіздік.
Есік қағылады. Ешкім жауап қатпайды. Есік тағы да арт-артынан қағылады. Сахнаға ұйқылы-ояу Еркек кіреді.
Е р к е к. Таң атпастан кім болды екен?.. Балаларды оятатын болды-ау... (есіктің қасына келіп қарап тұрып қалады) Мынасы несі?.. (таяқты қолына алып қарайды) Әй, осы балалардан қайдағы шығады. (Таяқты босаға жаққа тастай салады).
Әйел келеді.
Ә й е л. Мен тіреп қойғам. Түнде боран қатты болды.
Е р к е к. Ұйқым сергек еді, қартайғаным ба?..
Ә й е л. Шаршап жүргендіктен болар. Үйдің бар салмағы сіздің мойныңызда.
Е р к е к. Кеше дауылмен көп алыстық.
Ә й е л. Бүгін де дауыл тұратын түрі бар, бармай-ақ қойғаныңыз дұрыс болар еді.
Е р к е к. Қырық жыл сескендіре алмаған дауыл бүгін қайте қояр дейсің.
Ә й е л. Тым алысқа бармассыздар, дауыл басталса...
Е р к е к. (Әйелдің сөзін бөліп жібереді). Дауылдың беті қайтқан соң үлкен ұлды ертіп шығам.
Ә й е л. Мәз болып жүр.
Е р к е к. Әкем марқұм мені ертіп шыққанда бес жаста едім. Әке болып “сөйт, бүйт” деп ақыл айтқан жан емес. Қалай өмір сүруді өз өмірімен үнсіз ғана көрсетті. (пауза). Біз көп сөйлейтін болып кеттік...
Ә й е л. Ой қумаңыз.
Е р к е к. Мен ешкім емеспін. Алданып жүрген сияқтымын. Ия, алданышпен жүрмін. Нені күтіп жүрмін?.. Өзімді ертең деп алдаймын. Сөйтсем, “ертең” деген адамның еншісі емес екен ғой. Біздің еншімізде “бүгін” ғана бар.
Ә й е л. Әлі ерте ғой, неге оянып алдыңыз?
Е р к е к. Осы мен ұйқысырап жүрген жоқпын ба?..
Ә й е л. Ауа толған түс.
Е р к е к. Жоқ. Мен ұйықтап жүрмін.
Ә й е л. Үн-түнсіз төзіп келем. Бар айтатындары: “орныңды біл”... сонда менің орным қайда?..
Е р к е к. Мені оятып жіберетін Жан болса...
Ә й е л. Сұрап керек емес. Жауабы бар сауалды сұрағанның несі сауап...
Е р к е к. Түс... түстер... түстер... қаптаған бассыз түстер... Сізге ақыл керек пе?..
Ә й е л. Мен анамын. Көзілдірігіңізді алып қараңыз...
Е р к е к. Қайғы дегеннің қай бұрышта күтіп тұрғанын білмейсің.
Ә й е л. Мынасы аяғымды әбден ауыртып тастады... үйден шығарда қанша жол жүретініңді де білмейсің.
Е р к е к. Ертең ерте тұру керек.
Есік қағылады. Екеуі де есікке жалт қарайды. Қайда барарларын білмей арлы-берлі мағынасыз жүгіре бастайды.
Екеуі бір-біріне соғылып қалады. Бір-біріне қарап:
Е к е у і б і р д е й: Мені үйіңізге жасыра тұрыңызшы.
Екеуі екі жаққа жүгіре жөнеледі.
Б е с і н ш і к ө р і н і с
Сол сахна. Әйел кіреді. Еркек ізімен еріп келеді. Әйел қашып келе жатқан сыңайлы, артына жалтақ-жалтақ қарап қояды. Әйел қарағанда Еркек тоқтай қалады.
Ә й е л. Сіз кімсіз?
Е р к е к. Ешкім.
Ә й е л. Онда өз жолыңызбен жүріңіз.
Е р к е к. Біздің жолымыз бір.
Ә й е л. Сіз адасып жүрсіз.
Е р к е к. Сізге ғашықпын.
Ә й е л. Менің басым бос емес. Алыс жүріңіз менен. Біреу-міреу көрсе не деп ойлайды.
Е р к е к. Сіз мендіксіз.
Ә й е л. Бұл сіздің еркіңізде емес.
Е р к е к. Сізге шындықты айтуым керек.
Ә й е л. Қажеті шамалы.
Е р к е к. Жоқ. Білгеніңіз дұрыс. Оны өлтірген мен едім. Сіздің атастырып қойған жұбыңызды.
Ә й е л. Оның несін айтасыз, жұрттың бәрі біледі.
Е р к е к. Жұрт не біледі. Ешкім де көзімен көріп тұрмаған. Ескірген нәрседен өңі өзгерген шындық жасау оп-оңай.
Ә й е л. Көзіңіз қып-қызыл. Оны қайда жасырасыз?
Е р к е к. Бұл махаббат.
Ә й е л. Жоқ. Бұл қызғаныш.
Е р к е к. Мені ешкім түсінбейді.
Ә й е л. Ешқашан түсінбейтін болады. Қайғыма қайғы жалғамаңыз.
Е р к е к. Енді менімен қаласыз. Басқа шараңыз жоқ. (Әйелге жақындайды).
Ә й е л. Ары тұрыңыз. Айғайлаймын.
Е р к е к. Ешкім көмектеспейді.
Әйел кетеді. Еркек соңынан ереді.
А л т ы н ш ы к ө р і н і с
Сахнаға Әйел кіреді. Есіктің алдына келеді. Айналасына көз салады. Қолындағы хатқа, сосын, есікке қарайды.
Ә й е л. Осы жер. (Есікті ашады, бірақ кірмейді) Күте тұрайын.
Ұзааақ тұрады. Қолындағы хатқа қайта қарап, сосын есікке қарайды.
Ә й е л. Айналып, айналып қайтып келген жоқпын ба?.. Алдыға қарай жүре берсең, жүре берсең... осылай деуші ме еді?.. Енді сұрақтың, ойдың еш жәрдемі болмас... не болса да осында демала тұрайын.
Бүк түсіп отыра кетеді. Ұзааақ отырады.
Ә й е л. Әлгі ертегі қалай айтылушы еді?..
Еркек келеді. Ол да қолындағы хатқа, сосын есікке қарайды. Әйел байқамай, өз ойымен отырады.
Е р к е к. Уһ!.. Хат кімнен?..
Әйел Еркектің дауысынан селт етіп, қолындағы хатты артына жасыра қойып, ұшып тұрады.
Е р к е к. Алдыға қарай жүре берсең, жүре берсең... ия, солай деген секілді еді...
Ә й е л. Сіз?.. (үстін қағып-сілкіп, реттестіреді) Сіз?.. (Еркектің бетіне тура қарай алмай, ыңғайсызданып, ақырын көз қырын салады).
Е р к е к. (Әйелді енді байқайды) Кешіріңіз! Сізді оятып жібердім бе?
Ә й е л. Жо... жоқ...
Е р к е к. Осы жер ме?
Ә й е л. Солай сияқты.
Пауза.
Е р к е к. Қашан жиналады?
Ә й е л. Соны білмедім. Бірақ айтуға қарағанда осы жер секілді.
Е р к е к. Сізге кім айтты?
Ә й е л. Ұмытпасам, әжемнің әжесіне әжесі айтыпты... ал әжемнің әжесінің әжесіне әжесі...
Еркек күледі. Әйел үндемей қалады.
Е р к е к. Сонда бәріміздің естіп жүргеніміз бір Ертегі екен ғой.
Ә й е л. Әжемнің есінде қалғанын біз естідік.
Е р к е к. Атамның атасына атасы айтыпты... ал атамның атасының атасына атасы айтқан екен. Атам есімде қалғаны осы деп отыратын. Ол...
Ә й е л. Әжем: “Ол айтты” деп бастайтын.
Е р к е к. “Оларға айт” депті дей беретін... Ол...
Ә й е л. (Еркектің сөзін тағы бөліп) Ия, ия... “Оларға айт” депті, дұрысы осылай болу керек.
Е р к е к. (Есікке қарайды) Мен үй салдым.
Ә й е л. Қалжыңбас екенсіз. (күледі).
Е р к е к. Шындығы сол. Ол айтты, мен салдым.
Ә й е л. (Күліп) Сенейін, сенейін... Сонда сіз сол үйде тұрдыңыз ба?
Е р к е к. Бір белгісі болар.
Ә й е л. Онда жақсы болар еді.
Е р к е к. Өртейтін түрі бар. (Аспанға қарайды).
Ә й е л. Айтпаңыз, жанып тұр ғой.
Пауза.
Е р к е к. (Есікке қарайды) Сонда мұнда не бар екен?
Ә й е л. Кірсек шөл басып, салқындап қалар ма едік.
Е р к е к. Солай ойлайсыз ба?
Ә й е л. Егер ұмытпасам...
Е р к е к. Сонда бұл Бақтың қақпасы ма?
Еркек есікке қарап тұрғанда Әйел оған анықтап қарайды.
Ә й е л. Сізді бұрын да кездестірген сияқтымын.
Е р к е к. Сіздің де жүзіңіз таныс. (Әйелге мән бермейді). Мүмкін, жолда кездескен шығармыз...
Ә й е л. Мүмкін.
Еркек есікті айналып ары жағына қарайды.
Ә й е л. Не көрдіңіз?
Е р к е к. Ештеңе көрінбейді. Қараңғылық.
Ә й е л. Сіз байқамай тұрған шығарсыз.
Е р к е к. Өзіңіз қарап көріңіз.
Ә й е л. (Шошынып) Жо... жоқ... мен күтейін.
Е р к е к. Сіздің ойңызша осы есіктен кірсек қайда барамыз?
Ә й е л. Мен де нақты білмеймін. Ұмытпасам, ертегіде айтылған сияқты еді.
Е р к е к. Ертегі?.. Ертегі деңіз...
Пауза.
Е р к е к. Ұзақ күтетініміз рас болса, осында бақ отырғызармыз.
Ә й е л. Оныңызға сенімді емеспін. Бәрін қайта бүлдіріп жүрерсіз.
Е р к е к. Аталарымнан көргенім бойынша отырғызам.
Ә й е л. Солардың жасағанының бәрі дұрыс деп ойлайсыз ба?
Е р к е к (Өз ойына масаттанып) Рахат болар еді.
Ә й е л. (Ашуланып) Сіз шын айтып тұрсыз ба?.. Оныңызға жол бере алмаймын.
Е р к е к. Ендеше біздің бар дәрменіміз күту болғаны ғой.
Әйел жауап бермейді. Еркек айналаны кезе бастайды. Ағаш таяқты тауып алады. Қолына алып қарайды.
Е р к е к. Мынау не?..
Ә й е л. (Еркекке қарайды) Ағаш қой.
Е р к е к. Ия, ағаш... мына ыстықтың беті қайтар емес. (Таяқты шаншып отырғыза бастайды).
Ә й е л. Не істеп жатырсыз?
Е р к е к. Саясында отырамыз. (Таяқты шаншып болып қарайды) Осы маған таныс сияқты.
Ә й е л. Мүмкін сіздікі шығар, осында ұмыт қалдырған.
Е р к е к. Әбден мүмкін. (Таяқтың түбіне отырады) Келіңіз, көлеңкеге отырыңыз.
Ә й е л. (Қасына отырады). Бұл ағашқа су керек қой.
Е р к е к. Бұлақ тауып келем... Мәуелеп өсіп жеміс беретін болады.
Ә й е л. Әлгі ертегі қалай айтылушы еді?..
Екеуі таяқтың түбінде отыра береді.
Ж е т і н ш і к ө р і н і с
Сол сахна. Сол есік. Ештеңе өзгермеген. Бейтаныс екеуіне би үйретіп жүрген сыңайлы. Еркек пен Әйел Бейтаныстың ишарасына қарап билеп жүр.
Ә й е л. Мен сондай бақыттымын!
Е р к е к. Сіз менің бақытымсыз!
Есік қағылады. Бұлар естімейді.
Е р к е к. Сіз керемет билейсіз.
Ә й е л. Сіз шеберсіз.
Е р к е к. Бұл бидің аты не?
Ә й е л. Білмеймін.
Е р к е к. Білмей-ақ қойғанымыз жақсы емес пе...
Ә й е л. Білмей-ақ қойғанымыз жақсы...
Есік қағылады. Екеуі тоқтай қалады. Есік тағы қағылады. Екеуі бірдей есікке жалт қарайды.
Е к е у і б і р д е й. (Бір-біріне) Мені жасыра тұрыңызшы.
Екеуі арлы-берлі жүгіріп, сахнадан шығып кетеді. Бейтаныс есікке қарайды. Сосын, екеуінің артынан кетеді. Сахна біраз уақытқа бос қалады.
Екеуі сахнаның екі шетінен жүгіріп келеді. Еркек есікті жұлқылайды. Ашылмайды. Жұлқылайды.
Е р к е к. Менің кіруім керек! Бұл неге ашылмайды?..
Ә й е л. Анда мені де күтіп отыр! Не болды мынаған?..
Еркек отыра кетеді.
Ә й е л. (Тағатсызданып) Еш шараңыз жоқ па?..
Е р к е к. Қараңғылықтан өткенде болмаса...
Әйел де Еркектің қасына отыра кетеді.
(Екеуі үнсіз отыра береді. Шымылдық жабылмайды. Ал екеуімен бірге үнсіздікте қанша отыру, отырмау көрерменнің қалауында).
Алматы, 27 тамыз – 01 қыркүйек 2014
Бөлісу: