Ақелділ ТОЙШАНҰЛЫ: «ҚАРАӨЗЕК»: СЫНҒАН АЙНАНЫҢ ЖАРҚЫЛЫ
Бөлісу:
(Жазушы Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романы хақында)
Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы коммунистік қызыл режимнің ызғарлы сеңін қақыратып сөгуге дүмпу бергені айдай әлемге анық. Бірақ осы оқиғаның мәні, шындығы туралы тарихшыларымыз әлі де архив деректерімен тұжырымдап түбегейлі баға бере алған жоқ. Мұндайда, қай заманда да болсын, жасқаншақ тарихшылардан гөрі, ұшқыр сезім иесі әдебиетшілеріміз алдымен саңқылдап үн қатып, халықты әділет нәрімен сусындатып, көп нәрсеге көзін ашып жатады. Желтоқсан оқиғасы туралы ақиқатты ақындарымыз бен жазушыларымыз алдымен елге естіртіп, өзінің қаламгерлік парызын хал-қадерінше орындады. Осы тақырыпта аға буын жазушы Б.Тілегеновтің «Сексен алтыншы жыл», сақа қаламгер Т.Сәукетайдың «Айқараңғысы» секілді романдары кешегі күні өткен тарихты көркемдік бояумен жедел игерудің өзіндік үлгісін танытты. Б.Тілегеновтың шығармасында деректік сарын, саяси оқиғалар кезіндегі бюрократтық сірескен жүйенің астыртын ойыны, шенеуніктердің тоңмойын аяр мінез-құлқы нанымды сыпатталса, Т.Сәукетаевтің романында шытырман өзгерістер кезеңіндегі адам жаныныңқұбылысы, ұлт ар-намысының бебеулеген жанайқайы, бейуаз жандардыңсенімінің шылпара күйреуі, адалдық пен сатқындық таразыға тартылады. Жазушы психологиялық тұрғыдан кейіпкерінің жан дірілін қалтқысыз қопарып, ақтара жазуы қолтаңбасындағы өзгеше лепті танытады. «Айқараңғысы» романы қазақтың саяси-қоғамдық, әлеуметтік-тұрмыстық өмір-болмысының тұтас бір дәуірінің жүгін арқалаған кесек дүние деуге әбден болады.
Әдебиетке 1990 жылдары келген жаңа буын арасынан роман жанрымен сөз өнерінің табалдырығын батыл аттаған, соның ішінде қайшылығы мол Желтоқсан оқиғасына көркемдік тұрғыдан үңіліп, сәуле түсірген жазушының бірі – Нұржан Қуантайұлы. Н.Қуантайұлының «Қараөзек» романы мен атап өткен екі туындыдан елеулі өзгешелікке ие. Мұнда бас кейіпкер Хақназар арқылы 1986 жылдан тәуелсіздік таңы атып, ұлттық валюта теңге өмірге келіп, қазақ қоғамы нарықтық деп аталатын жаңа базарлық жүйеге өткен аласапыран тұстағы еліміздің өмірінде орын алған жайттар шынайылықпен суреттеледі. Алдыңғы екі ағасына қарағанда Н.Қуантайұлы басқаша жолды таңдағаны аңдалады. Н.Қуантайұлы Желтоқсан оқиғасына ешқандай мақсатсыз, тек қана жастыққа тән қызығушылықпен оқыстан араласып кетіп, жеті жылға жазатайым сотталып «ұлтшыл» деген айдар тағылған бозбала Хақанның көзімен қазақтың елдік өмірін құрсаған тоң ерісе де, жадырап көктемі шыға алмай тұрған қараөзек шақты суреттейді. Мұнда ұлттық рухтың оянғаны туралы пафос, азаттық туралы даурықпа сезім, алаңдағы жастардың атой салған ұрандары жайында лепірме сөздер мүлде жоқ. Тіпті осы оқиғаға түрткі болған Қонаев пен Колбиннің аты-жөні де шығармада аталмайды. Себебі, Н.Қуантайұлы желбуаз ұрандар еме,с нағыз қарапайым өмір-тіршіліктің қайнаған иіріміне тереңдеп кіре отырып, сабырлы проза арқылы бас кейіпкер Хақназардың танымының өсу диалектикасымен сабақтастырып, өтпелі қоғамымыздың боямасыз портретін жасауды қолға алып, айтарлықтай табысқа да жеткен.
Романда екі кезең суреттеледі: алдымен Хақназардың жеті жылдық түрме өмірі, одан кейін оның азаттыққа шыққан соң қара базарда нәпақа үшін сандалған күндері. Абақтының ішіндегі жат тіршіліктер, азапты арпалыс, қылмыс әлемінің түрлі бұралаң жолдары тәптіштеле шынайысуреттеледі. Жалпы, Н.Қуантайұлының бұл шығармасы қазақ әдебиетінде игеріле бермеген түрме шындығы туралы кесек туындылардың тырнақалдысы деуге де болғандай.
Антисоветшіл, ұлтшыл деген атақ алып жазықсыз сотталған Хақназар абақтыдан босаған соң ел қатарлы тіршілік кешіп, 1990-шы жылдардағы қым-қуыт саяси-әлеуметтік өтпелі өзгерістердің құжынаған сорап-сүрлеуіне бел шешіп араласып кетеді.
Ол бірде өзімен бірге сотталған желтоқсаншы Алдоңғарға базарда кездейсоқ кездесіп қалады, ал ол ағасы бөбекарбасы коляскаға шемішке тиеп ап, елге саудалап, нәпақа тауып жүреді екен. Міне, бажайлап қарасаңыз, түрмедегі Хақназар тергеушілер мен абақтыдағы сұрағандарға желтоқсан туралы білгенін там-тұмдап айтып берумен шектелетін. Ал бейбіт өмірде осы Алдоңғарға ғана кездескенде өзін желтоқсан оқиғасының куәгері ретінде бір мезет сезінеді.Романда түрмеден кейінгі өмірінде Хақназар ешқашан желтоқсан туралы ешкімге тіс жармай сабырлы қалыпта қарапайым өмір сүреді. Ол ақыры Алдоңғардың әйеліне қара базардағы қытайлардан тауар алып берем деп жүріп, қысықкөз жатжұрттық бизнесменнің пышағынан қаза табады. Оған себеп, Хақназарды жалған доллар беріп, кластас досы Ернар бұдан екі-үш жыл бұрын сол қытайлықты алдап кетуге мәжбүрлеген болатын.Осылайша роман трагедиямен аяқталады. Неге бұлай болды? Осы сұрақтың жауабын оқырманның өзі табуға жазушы ашық алаң қалдырған секілді.
Иә, Хақназар – біздің замандасымыз. Ол – СХИ-ға келіп оқуға түскен, ауылда өскен адал жігіттердің бірі. Бозбалаға тән қызығушылықпен алаңға шығып, ондағы қазақ қыздарының шашын жұлған әскерилерді көріп, таяқ жеген бойжеткендерді арашалағалы алға ұмтылып, ақыры жазықсыз сотталады. Оның желтоқсан оқиғасында бар көргені небәрі осы онбес минутқа қана сиятын эпизодты оқиға деуге болады. Өйткені ол алаңға шыға салысымен милицияның құрығына ілігіп, шұғыл қамауға алынады. Бірақ оған жабылған ұлтшыл, декабрист, антисоветшіл секілді жалақор небір атақтарнардың белін қайыстыратын қасіретті азап.Адамның басына сыймайтын жалғандық, онбес минут емес он ғасырға жүк болатын ауыр үкім, тежеусіз айып. Небәрі оқиғаға куәгерболған балаң жігіт Хақназардың бұғанасы қатпай жатып советтік қатал режимдітүрмеге қамалуы, қараңғы абақтының ауыр есігін аттауы–зілбатпан қияметқайым. Жазықсыздан жазықсыз осылайша жас өмірі абақтыда шермен өтіп, бостандыққа шыққан соң да «мен батырмын!» деп кеуде қағып, біреуге бір ауыз тіл қатпай, шын мәнісінде саяси тұрғыдан ақталғанымен, сол қанды оқиғаға қатысқанын халқына борыш етіп бағаламай үнсіз жүрген талай боздақтар мен аңғал мінез адал жандар, тасада жүрген сабаздар қазақ халқында расымен көп болуға тиіс. Өйткені, бүгіндері желтоқсаншымыз деп елдің көзіне түсіп жүрген жандардың саны да аз. Сонымен бірге желтоқсан оқиғасына куәгер болып қатысқан жандардың ешқашанда сол алақұйын оқиға туралы айтуды лайық көрмейтінін өз басым талай мәрте көргенмін. Желтоқсан туралы кездесулер жасап, куәгерлерге естелік айтуға сөз бергенде талай апайлар мен ағайларымыз сөйлей алмай, қыстығып, көзіне жас алып, жандүниесіндегі жарақат удай ашытатынын талай кездестірдік. Ал жазушы Н.Қуантайұлының «Қараөзек» романын кешегі желтоқсанда ар-намысын биік сақтап, бостандыққа шыққан соң да өз еліне ол туралы қыңқ етіп айтпай, перзенттік борышын бұлдамай, үнсіз өтіп жатқан қарапайым ерлерге тұрғызған ескерткіш деуге болады.
Романда Хақназарды бизнесмен досы Ернар алдап-арбап, келеңсіз оқиғаларға итермелеп жүреді. Ақыры сол досының алаяқтығынан ол жат жұрттық қортық саудагердің қолынан мерт болады. Хақназардың аралысып жүрген дос-жаран қыздарының ішінде тоқсаныншы жылдары кришна болып кеткен қыздарда кездеседі. Кешегі күні осындай арулардың қара шашын жұлғызбау үшін құрбан болған Хақназар оларға бейбіт заманда қой дегенмен уәжге көндіре алмайды, олар мұнысын «демократиялық таңдау», «адам құқығы» деген сыңайда түсіндіреді. Осылайша қоғамдық жүйе алмасқан тұста халық күлдібадам күй кешіп, адамдар бірін-бірі алдап өмір сүруге икемделгенін шығармада сан түрлі оқиғалар арқылы жазушы нанымды суреттейді. Қараөзек шақта әбжілдікпен «бейімделіп» табысқа жеткендерінің ұранының түрі – «Ақылды болсаң байымай қайда қалдың!» деген батыстық «құндылық». Бір сөзбен айтқанда, тоқсаныншы жылғы ұрпақтардың асқақ арманы күйреп, өкінішті кепке түсіп, «алданған ұрпақ» қатарында екенін жазушы түрлі көркемдік тәсілдермен аяусыз әшкерелейді.Адамды алдау, «сарттанда астық» деген сыпыра саудагерлік, сыған-шата «тіршілік», ашкөзділік пен алаяқтық, рэкет пен сектанттық, безбүйректік пен даңғаза жарнамашылдық, міне, бұның бәрі тоқсаныншы жылдары пайда болған қоғамның шынайы әлпеті, сиқы! Ал Хақназар секілді ердің, адалдықтан басқаны білмейтін қарапайым азаматтың өмірі қазамен аяқталуы да шындық пен әділеттіңмұндай «қараөзек» қоғамға қажеті жоқ болғанын,тіпті орын да таппайтынын ескертіп тұрғандай. Әрине, жазушы бұлай бола беретін болса, қоғамдық өмірімізге жегі құрттай енген жалғандық ұлтымызды сорға бастайтынын оқырманға парасат биігінен ескертіп, алаштың болашағы даурықпа ұран емес, кісілік пен мейірімның жылы шуағында екенін меңзейді.
Жазушы Н.Қуантайұлының «Бәтеңке», «Абылай» деген әңгімелерінде де адамгершілік пен кісәпірлік, ар-ұждан мен немкеттілік, уәде мен іс-әрекет тартысы шыншылдықпен суреттеледі. «Бәтеңке» арқылы адамның адамға жылылығы керек екенін ұран еткен жазушы «Қараөзекте» де кешіккенмен көктемнің келмей қоймайтынын тұспалдап, бұл дүниеде алаш баласының бір-біріне деген мейірімі ғана баянды, басқасы өткінші екенін көркемдікпен мүсіндейді.
Мағжанның «Батыр Баянында» айтылатын «Қандыөзек», Ш.Айтматовтың «Боранды бекетіндегі» «Сарыөзек» ұғымдары мекен мен мезгілдің сырлы тоғысын аңдататын күрделі пәлсапалық тұспалды межеге айналған. Олай болса «Қараөзек» те азаттық таңының елең-алаңындағы ел өмірінің жолайырық тұсын белгілейтін әдебиеттегі көркем рәмізге айналатыны анық.
Ақеділ Тойшанұлы,
фольклортанушы ғалым.
Бөлісу: