Астанада «Мәңгілік Аспан астында» атты 10 сериялы деректі фильм таныстырылды

Бөлісу:

05.02.2016 4029



Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Бақыт Қайырбековтің авторлық жобасы «Мәңгілік Аспан астында» атты 10 сериялы ғылыми-танымдық деректі фильмінің тұсаукесері өтті.


D4S_3753.JPG


Фильмді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының тапсырысы бойынша «Мерген» студиясы түсірген. Бұл бірегей жоба Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» кітабы негізінде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арнайы даярланды.


Фильмнің тұсаукесеріне келген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жаңа жоба жөнінде өз пікірін білдірді.


D4S_3808.JPG


«Ғылымда жалпы көшпенділер жайлы, сақтардың, ғұндардың, түрік қағанатының қайдан шыққандығы және олардың кім болғандығы жөнінде алуан түрлі пікірлер бар. Ал бүгінгі тарихи жобада көшпенділер әлемдік өркениетке орталықтандырылған мемлекеттің жаңа түрін алып келгендігі туралы ой ашық айтылған» – деп атап өтті А.Мұхамедиұлы.


Деректі фильмде көшпенділердің жалпы дүниетанымы, шаруашылығы, өмірге деген көзқарасы және ең негізгісі, ел басқару мәдениетінің адамзат тарихындағы орынына маңыз берілген. Қазақ халқының өміртанымы мен жыл басы - Наурызды қарсы алудағы салт-дәстүрі, таным-түсінігі жөніндегі ғылыми пікірлер фильм тілімен жандана түскен. Фильмде елдің басты тарихи оқиғалары – Ұлы Жібек жолы, моңғол шапқыншылығы мен әлемдік геосаяси тұрғыдағы қайта бөлісу, Керей мен Жәнібек хандардың 1465 жылдан бастап билік құрған, яғни Қазақ хандығының негізі қаланған кезең, тәуелсіз Қазақстанның құрылуы, ұлттық бірліктің жаңа символына айналған – елорда Астана және заманауи мемлекеттің негізін қалауға баға жетпес үлес қосқан – ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың тарихи тұлғасы айқындалған.


D4S_3816.JPG


Фильмнің әр сериалы өз алдына жеке туынды болып табылады, онда көшпелі халықтардың ежелгі заманнан бергі дүниетанымы жайлы, әлемдік өркениет пен «мәдениеттер байланысындағы» жетістіктер мен жаңалықтар, жабайы жылқыны қолға үйрету мен алғашқы металлургиялық пештердің пайда болуы, үзеңгі мен оттың және өзге де әлемдік өркениеттің құндылығы болып табылатын ноу-хауларды аша түседі.


D4S_3818.JPG

Сериал тек тарихи емес, сонымен бірге қазақ халқының ұлы мұрасы саналатын мифологияға, фольклор мен этнографияға негізделген философиялық, дүниетанымдық туынды болып есептеледі.


D4S_4103.JPG

Фильмнің тұсаукесеріне өнер мен мәдениет өкілдері, қоғам қайраткерлері, дін өкілдері қатысты. Сонымен қатар фильм жөнінде сарапшылар жоғары баға берді.


D4S_3833.JPG

Бөлісу:

Көп оқылғандар