Айгүл Кемелбаева: Ақынның ақберені

Бөлісу:

29.12.2015 6138


Ақберен Елгезек жыр жинағын «Көлеңкелер күбірі» деп атапты. Бұл кітап қордаланған қапа-мұңның, рухани аңсардың патшалығы. Япырмау, әлі отызға толмаған жас жігіттің санасын сансыратып, жанын жегідей жеген не?! Автордың кірпияз, ақсүйек тектіліктің киесін биік қойып, асқақ тұтатынын лезде ұғынасыз. Ақбереннің мұңы – өлеңнің өзегінде, Абай айнадай көрген қасіреттің ұшығы шығады: «Сөз өнері – дертпен тең». Ақындық дүниетаным мифтік өгіздің мүйізіне ілінгендей көк әлеммен қоса жаралған. Оның тылсым сырын бір құдай біледі. Жанның қалтарыс түпкірінен туатын шырғалаң дедектете жөнелсе ақын көнеді.


Ол кей сәт мынау жалған дүниені абжыландай сезініп, балапан жүрек болып шырылдайды.

Лүпілдеп құйттай жүрегі,

Ұяға сыймай кетеді.

Титімдей сорлы!..

Кең дүние

Жарылқай салса не етеді!..

«Балапан»


Ажал мұнда һәм араша, һәм жалған дүниенің мазмұны, қорқытшылдыққа дауа жоқ. Ақбереннің «Депрессия», «Бейнеала», «Аңғалақ», т.б. көптеген өлеңдерінің аллегориялық сипаты осынау метафораға байланған. Бұл жанға еш жұбаныш жоқ, жетімдік пен қайғы шеңгелдеген беймаза көңілдің дерті. Бабаң қазақ «Я, Құдай! Барымды алсаң да, пейілімді алма!» деп айтпаушы ма еді. Адам үшін ең маңыздысы – өмірге құштарлық, мынау жарық күнді ажалың жеткенше сүю. Оның кілті неде, қалай мүлтіксіз іске асады? Расында, адам баласын қалыбынан шығармайтын, сайтанның сыбырына, жын-перінің азғыруына құлақ асырмайтын – дін. Адамзат Аллатағалаға құлшылық үшін жаралғанын еш ұмытпаса болғаны. Бұл жан иесінің кемшілігі емес, артықшылығы, ұлы мәртебесі.


Ақбереннің «Көлеңкелер күбірі» дегені не? Лирикалық сән-салтанатқа, сұлу сезімге еш ұқсамайды. Көлеңкелер күбірі тамұқтың өзі екен.

Көлеңкеден көлеңкелер түсіріп,

Күбірлесе тұрайықшы тамұқта…

«Сабыр, сабыр…»


Сүлдеріңді құртып, сұлбадай сенделтіп тамұққа бастар жолдың аузы – «Қылкөпір». Ақынның күбірді естуі «Ер Төстік» ертегісіндегі Саққұлақ тәрізді, беймаза жадының кеңістікті адақтап, аласұруы болса керек. Жеті қат жердің асты мен жеті қат көктің үстіне ақындық рух самғайды.

Бокалымды скверлерге жағалатып,

Күбіріңді жүрмін құйып-ішіп…

«Аңсар»


Кесапатқа бастар жамандық атаулының күбірі бар, ақын ауруханадағы қабырғалардың күбірін де, байғыз-құстардың да, қалтарыстағы қарақшылардың да күбірін естіп, аза бойы қаза болады.

Ақберен мыңжылдықтарды, ғарышты қарашыққа сыйған әлемдей қабылдайды. Бұл оның тәңіршіл жаратылысының айғағы, әйтсе де, Құранның аяттарынан аян, күмәншіл, күдікшіл пейілін тағы жасыра алмай қалады:

Бұл не өзі, мен жынданған шығармын?

Енді ешқашан болмаса екен мұнар күн.

Көзді жұмып күбірлеймін ішімнен,

Шатастырып сүрелерін Құранның!..

«Иман»

Осы өлеңдегі бір жолға назар аудару керек:

Жақсы сөзден жаннат майы тұтанып!..


Құранның «Нұр» атты сүресінде былай делінген: «Алла (Т.) көктер мен жердің нұры. Оның нұрының мысалы: Ішінде жарық бар қуыс (немесе қуыста жанған жарық) сияқты. Жарық әйнектің ішінде. Ал әйнек; бейне інжудей бір жұлдыз. Шығыста батыста болмаған берекетті зәйтін майымен тамызылады» (35).

Жас ақын иманды сүйе тұра, оған кереғар дүниеге де шарпылмай қалмасын түйсінетіндей:

Күнәһарлар аттанатын мақшарға,

Мына ізбен қылкөпір ме тасталған?

Кеше ғана мың арманнан мастанған,

Екі жағы көрінбейді бастардан.


Кей мезет ақын поэзия жаратылысын ауырсынатын тәрізденеді, себебі дерттенген жүрегі сөзден сүрінетін һәм жасқанатын күйге шомады. «Һаріп өлтіреді» дейді христиандық танымда. Осыған шақ ұғымды Ақбереннің «Қылкөпір» атты өлеңінің соңғы шумағынан байқаймыз.

Ауыр ойлар өлеңің боп жатталып,

Ақ параққа тізбектелер қатталып.

Ал қылкөпір ерніңнен басталған,

Бұралаңдап ұшып жатыр аспанға.

Аспан қайда? Ол ауадан уланып,

Ұйықтап қапты, жүрегімді жастанған…


Ақын – Тәңірдің жердегі елшісі дейді. Жүрегіне көк аспан сыйып кету ақындық шалық емес, пайғамбарлық эйфория. Және ақын осылай десе қылдай өтірігі жоқ. Ақындардың көзі мен жүрегіне тұтас галактика сыйып кетуі шынайы құбылыс.


Тозақтағы адам бастары туралы құсалы ой: орыс әдебиетінің күміс ғасырының ірі ақыны Николай Гумилевтің «Адасқан трамвай» атты символистік өлеңі жадқа орала кетеді. Қала көшесімен зымыраған трамвай кейіпкерді жаһаннамнан бірақ шығарушы еді, капуста тәрізді адам бастары сатылатын. Бейнелеп айтқанда, жарық күнде өмір сүру – қараңғы қапаста түгесілер өлімге бастайды. Пайғамбарлар мен әулиелердің шеккен азабын ақындар жұдырықтай жүрегімен көтеріп жүруге қоса үкім етілген. Ал пайғамбарлар мен әулиелерге ең михнатты азап беріледі екен, сонымен қатар Аллатағала адам баласына көтере алмайтын ауыр азапты бермейді деседі.


Ақберен ұлттық шеңберде шектеліп қалмайды, әлемдік кеңістікті, адамзаттың ортақ тарихын тануды шет көрмейді. Оның «Ғайсаның монологі» деп аталған жырында христиандық сана бойынша құдайадам («богочеловек») аяқ-қолынан керілген Иса пайғамбардың жазмышын суреттеуі бар. Және ақын күрделі концепция ұсынудан жасқанбайды, Иса пайғамбарды Александр Блок «Золотой Глагол» деп атаған: «Не понять Золотого Глагола / Изнуренный железом мечте». Иисус Христос өзінің адамдық қалыбына оралғысы бар, жер бетіндегі күллі ажалды пенделерге бұйыратын тағдырды артық көреді. Мұны ғадетте діни көзқараста күпір деп атайды. Ақын Жаратушы Иені жазғыруға тайынбайды, бұл да күпіршілік, бірақ, әлем әдебиетінде ұлы ақындардың талайы сүрлеу қылып таптаған ескі сарын. Расында, құдайдың құдіретіне күмән келтіру, өкпе-наз адам нәсілінің әлсіздігін айғақтайды. «Күпірлі ирония» атты өлеңінде де құдаймен алысу бар.


Пайғамбардың жолын өттім шынайы,

Пенде болып кете жаздап ұдайы.

Сен көрдің бе қасіретті осындай,

Адамзаттың, жер мен көктің Құдайы?!

Сездің бе сен бір ләззатқа шөлдедім,

Бұл өмірде бір қуаныш бер дедім.

Қайғысы да, наласы да адамның,

Кешір мені, сенің ғана ермегің.

«Ғайсаның монологі»


Ақбереннің құса, күдігі «Тарғыл-тарғыл кіл күмәндар кезіп жүрер бау ішін» («Қобыз – жүрек») мәлін пішінде. Осы тұста тежелсек болар. Алас, алас, ғаламдық құса, алас, алас қайғы-мұң, тірі өліктей өлеусіреген жан наласы отқа түскен жынды көбелек тәрізді жанып кетсін!


Ақберен Елгезек – потенциалы, ақындық танымы ерекше ақын. Сондықтан ол осы жасына дейін жалғыздық, жетімдік, бейсаналық, ішқұсалық, торығу, құлазу тәрізді күйзелісті һәм дертті сезімдерді түбіне жеткізе сарқа бір бастан кешті деп ұқтық. Ат басындай шерге үнемі байланып қалуға болмайды, ер жігіттің басынан өтеді де кетеді, бағзы бабалар солай деген.


Бола ма мүлде өлмеуге,

Бола ма мұңды емдеуге?

Сыймайды, әттең, бұл жүрек,

Кеңістік сыйған кеудеге!..

«Медитация»


Абай 100 жыл бұрын «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!» деп зарланған еді. Соның үшін Ақберен де кей сәт «Ой, қойшы,поэзиясы бар болсын!..» («Алматы кеші») деуге мәжбүр. Ақындық дарынның тентірек жүрексіз күні қараң. Бірақ жүрек культын соншалық шегіне жеткізген сопылық ағымның астарында қилы-қилы сарындар бар. Соның ең негізгісі, Жаратушы Аллаға ғашықтық пен адамның өзінен-өзі қашуы тәрізді бір құса аян. Әйткенмен, адам жанын өрмекшінің торындай шырмайтын қайғы-мұңды емдеуге болады екен. Себебі, Илаһи Аллатағала бұл дүниеде тығырықтан шықпайтын ештеңе жаратпаған. Қапа-мұңды дерексіз күйде түйсінбей, көп дерттің бірі деп ұқса жетіп жатыр. Ол адам миының ұдайы оқып-тоқып, шаршағанының зардабы. Мұны қазақ оқу соққан деп дөп таныған, қазіргі заманда бұл дертті психотерапевт дәрігер антидепрессиялық дәрілер арқылы емдеп жазады.


Әлхисса, ішқұса мұңды мүлдем ұмытып, ақынның өмірді сүйіп, әсем құбылыстарын жіті аңдап жаны шаттанып жырлайтын өлеңдеріне оралайық.


Ақберен ауылда қозы-лақтың шекесінен сипап өскен қазақтың баласы ғой. Ауыл қаңырап, дала құлазып, қала маңы шорлана түскен ғаламдану дәуіріне тұтылған өмірге дөп түскен буын. Бағзы сұлу һәм сырлы ауыл жоқ, көшкен жұрттың ізі де қалмай барады. Қалаға қамалып, туған даласын өлгенше аңсау бүгінгі қазақ ақындарының ортақ мұңына айналды. Ақберен мұны «Сұм қалада жүрген кезде жан берісіп, жан алып» деп мойындайды. Ақбереннің «Түс жору» атты элегиясының әсемқоңыр суреттері Абайдың «Жаздыкүн шілде болғанда» деген қас үлгі өлеңіндегідей шаттыққа толы. Алайда, Абайда көшпелі қазақтың мәртебесі, сән-салтанаты бәз қалпында болса, мынау жас ақынның урбанизация меңдеген заманға көнген лирикалық кейіпкері ауыл-аймағын аңсап алабұртса да, бұл қиялының көрген түстей жоғалған алдамшы күй екенін аңдамай қала алмайды.


Ах, шіркін-ай, бүйтіп жаным шалқымапты бұрыннан,

Ах, шіркін-ай, Күннің исі аңқитындай құлыннан!..

Қандай бақыт!..

Ал есімде бақытсыздау балалық…

Әлде, Тәңір түспен емдеп бермек пе еді сананы?

«Түс жору»


Ақбереннің көзінен ғана емес, иісі қазақтың көзінен ауылы – атамекенінің алтын бесігі бұл-бұл ұшып бара жатқан тәрізді, бұл несі?! Неге сонша кеудеге ащы өксік толады?


Қазақ әдебиетінде әупілдек құс бейнесін Сәкен Сейфуллин қайғылы махаббат жыры қылып шебер сомдады. Кейінірек шыңғыстаулық ақын, марқұм Мерғали Ыбыраевтың бір өлеңінде күллі әлемнің барша бұлғағын арқалап алғандай әупілдейтін бұл құстың көркем бейнесі прометейлік тұспалмен суреттелінеді. Ақбереннің әупілдегі кең далаға деген басылмайтын сағыныш.


Биыл тағы тобылғылар гүлдейді,

Өзен жақтан сағынышты қаңқыл кеп.

«Биыл тағы ауыл жаққа кел!» – дейді,

Түнгі ұйқымнан оятатын әупілдек.

«Биыл тағы тобылғылар гүлдейді…»


Ақын өлеңде қазақы өрнектерді өлердей сағынып, сүйіп жырлайды.

Биыл тағы нөсер мені шомылтып,

Кезекті бір иткөйлегім шешілер.


Ол ауылына баладай еркелейді, ал иткөйлек бесіктегі баланікі, сол арқылы образ молыға түседі. Адам мен ғаламның метафоралық, аллегориялық портретін біртұтас құюға ақын шебер. Сағым тәж болып елестеп, қыздың көзі жасыл көлге ұқсауы табиғатқа жан салып, антропологиялық бұла келбетін ашады.


Әнге салса әупілдек ұясында,

Қала түгіл, ғаламға сыясың ба?

Аунаушы едім қой бағып, кітап оқып,

Сартайпақтың сарғайған миясында.

«Ауылды аңсау»


Туған жерге деген перзенттік сағыныш «Күйкентай тау», «Атамекен», т.б. өлеңдерінде лиризммен беріледі.


«Лашын» атты баллада Ақбереннің жан сырындай, шынайы һәм құсалы, жетім бала мен тұлпарлық бұйырмаған жас құлынның арасындағы табиғи сүйіспеншілік қатал өмір шындығына тұтылады. Прозаның шебері А.П.Чеховтың бір лек әңгімелерінде осы тектес рухани үйлесім адам жанын тебірентетіні хақ.


Лашыным-ай!..

Үні келіп құлаққа,

Жаңғырық боп адасады жыраққа.

Ол Пегасқа айналды ғой мен үшін,

Ақ қанатты, қоңыр төбел пыраққа!

«Лашын»


Пегас, шабыттың қанатты жылқысы туралы орыс ақыны П.Вяземский «Скакун стихотворный, заносчивый подчас» десе, поэзия пырағы таңдаулы ақыннан өзгені жанына жолатпайды дегені. Қанат – рух белгісі. Пегас, пырақ, қанатты ат, күнге табынудан шыққан. «Ер Төстік» атты қазақ ертегісіндегі Шалқұйрық ат бұл-дағы күн сәулелі жануар. Көне мифтерде аспан аттары деген ұғым бар, кейіннен ол поэзияға байланды. «Где с шумом льется ток сребристый, / Копытом выбитый крылатого коня», П.А.Катенин, орыс ақынында бұл ақындық әлем.


Ақберен ішқұсалықты мәртебе көретін тәрізді сезіліп кететін мезеттері бар, себебі одан мүлде айрылғысы жоқ. Оның «Аңсар», «Автопортрет», «Фантасмагория», «Медитация», «Реквием-көңіл», «Эйфория», «Амнезия», «Депрессия», «Ұйқысырау», «Ақырет», т.б. атауларға мейлінше құмар жырлары ырық бермей кететіндей. Неліктен? Медициналық, парапсихологиялық құбылмалы көңіл-күйге милықтап батып кетіп, сол ми батпақтан шыға алмай қиналған азабы Сизифтің еңбегіне ұқсас. Грек мифологиясында Сизиф ертеден кешке шейін биік тауға тас арқалап шығып, тас арқалап түсуге үкім етілген еңбегі еш, тұзы сор бейбақ.


Ақын атаулының жазалы жандай сенделіп, аласұрып, безектеп кететін мезеттері болады. Ең қиыны, бұл әншейін позаға түсу емес, жанның аңсарын шарқ ұра іздеп, медет таппай жерінуге, жабығуға тұтылған өліарасы. Жеріну сайтани құбылысқа тән, адамды жегідей жеп қояды. Ақбереннің «Шешім» атты өлеңі баяғыда жас Лермонтов «Періште», «Жын» атты өлеңдеріндегі дилемманы жадқа түсірері айқын:


Жұлдызға қарап сәулелі,

Санамнан қудым әурені.

Жылап та тұрып, ән салдым,

Өтіп жатыр дәуренім.

«Шешім»


Ақын ғарышты, көк әлемді, мыңжылдықтар мен адамзат дәуірлерін періште қиял һәм адами құсамен көре алуға бейім. Табаны жерге жабысып, маңдайы күнге ұмтылып, айналаны шола қарайды.

Ол Қорқыт бабасы болып күңіренеді, ақырзамандық сипатты көзбен көргендей айқындайды.


Жан-жағыңнан өлекшіндей қанат қағып

күрсініс,

Алаңғасар дүниені дауыл алып жоғалар,

Ал ауада қалқып жүрер ауылдағы молалар.


Ақберенше бұл «Мақшарланған ақшам сондай!» қара жердің жантәсілімі туғанда жұлдыздар жерге бұршақша жауады. Түркілік сана жас ақынды босатпайды. Ол өткен күннің, бағзы заманалардың ақсүйек болып қурап, күлге айналған елесімен өмір сүретін сияқты. Тәңіршілдікке тән күні өткен бақсылыққа жаны жақын: «Мылқау бір жынға ұқсаймын, / Сіміріп алған бақсы уын» («Күзгі элегия»). Бақсылықтың күні көшпелілікпен қоса батты, бірақ осындай қиналыс Тыныштықбектен бастап Ақберенге дейін үзілмей келеді.


Аруақтармен би билеген елестесе бір бақсы,

Көкейімнің қылын қозғар ішімдегі шырақшы.

Көксеңгірдің көкірегін қарс айырса зарлы үн,

Сен білерсің, түсінерсің, бұл Жалғанның

тарлығын.

«Қобыз – жүрек»


Ақындық жүрек қобызша сарнаса, ал қобыздың өзі жерде сұлап жатқан, қанаты қайырылған өлген аққуға ұқсамай ма! Ақберен ғұмырды фәни дүниенің қонағы деп санайтын қазақтың жанын бір шумақ өлеңмен берсе, бұл да өткенді аңсап ынтығу. Ақберенде Қорқыт пен Асанқайғының рухы астасқан астарлы бір өлең бар: «Саяхат». Бұл өлең жай бір жиһанкездікті мегземейді, бұл бес күндік фәниден бақиға өте шығуды тұспалдайды.


Шумақ-шумақ соқпақтар сілемденсе өлең боп,

Тыпыршыған жүрегім «жүрем!» – десе, елеңдеп.

Кеужіреген кеудеге күн тығып ап кешқұрым,

Түнге сіңіп кетер ем, жалын құшып бестінің.

Оң жағымда көк бөрі, салақтатып көк тілін,

Сол жағымда көк қасқа – ер тимеген шоқтығын,

Әр бұтаққа байлауға көйлегімнің ақтығын,

Бара жатам сүйретіп көлеңкесін аттының.


Жыраулар поэзиясынан «Күн түбіне жорытқан» бабалар, Ергөнекөк, түркінің алтын тамыры жадқа оралады. Өмір – өткінші, дүние жалған, адам мейман, тән тозады, жан мәңгілік. Қазақтықтың, азаттықтың рухы асыл.


Сауырынан бестінің ақ тамшылар дөңгелеп,

Ақ маржандай шық болып, қонып жатар шөңгеге.

Дүбірлетіп бар маңды асып өтсем белден бір,

Дүр-дүр етіп ұшар ед шаһит рухы көрден бір.

Дербес менің дауысым жатқан кезде жаңғырып,

Еркіндіктің есінен кетпес едім мәңгілік!

Көк қасқаға ауысып, көк сағымды шұбыртып,

Кең даланы бір шолсам, көздерімді жүгіртіп.

…Бара жатса көз ұшы бейнем менің сұйылып,

Дүниенің төрт жағы сәлем берер иіліп!


Япырмау, бұл өмір мен өлімнің арасындағы аллегориялық саяхат болып шыққаны ма! Данте «Тозақ» атты мәшһүр поэмасында осы тектес айналымдарды, кезбелікті суреттейді, жан тазаруы үшін назадан, өткеліктен өткізеді. «Саяхат» атты бұл өлеңнің ХХІ ғасырдың басында жазылуында терең мән бар. Алтын ұя ауылдың тозығы жетіп, құт-берекесі қашқан өліарада бағзы бабалардың наурызкөк дәуренін, жаз жайлауда қымыз мұрындық, қыс қыстауда соғым басы көшпелі тұрмысын аңсап үздігуі анық:


Қарсы алушы ем алдыңнан, білмеймін-ау, қай жерде,

Келе жатыр ақсақал, селеу саусақ, ай кеуде…

Бір астау ет жылқының, торсық-торсық қымызды,

Алып шығып күтуші ем, қонағымды ең ізгі.

«Дала бейне теңіздей…»


Ақтанберді жыраудан Иманжүсіпке дейінгі құладүздің еркесі болған ата қазақтың өмір салты түйсікте жаңғырады. «Күлдір-күлдір кісінетіп, / Күреңді мінер ме екеміз?!» – бұл бір мастану, «Бүркіт ұстап басыңа бір шығайын, / Көзіме бір көрінші, Ерейментау» – бұл бір нала, сағыныш, отарланудан өзегі өртенген шер.


Соншалық мұңды ақынның өмірдің жарқын сәттеріне жас балаша шаттанып, жыр жазғанына Арктиканың шыбынсыз жазындай жылап көріседі екенсіз.


Сәлем, көктем,

Өркеш-өркеш томарың…

Сәлем, көктем, қаз-үйректім, қоғалым!..

Қаулап шықты жауқазындар сүт аңқып,

Қауызында сақталса еді обалым!..

«Сәлем, көктем!»


Әйтсе де, бұл жолы да ақын ажалды атамай өте алмайды.

Адам ұрпағымен мың жасайды. Осынау қазақы таным «Музаға» атты бата өлеңінде бар. Бұл Пушкиннің шабыт Музасы емес, ақынның нәресте қызының есімі.

Ақберен өзін көктің ұлы санайды, түркілік таным, соның үшін ұлаңғайыр шексіз кеңістікке, ғарыштық өлшемдерге, мыңжылдықтарға ынтызар. Бір қызығы, түбі түркі саналатын орыс ақыны Н.Гумилевте осынау мыңжылдықтарды игеру сезімі, шола қарау бар:

«О если бы и мне найти страну, / В который не плакать и не петь я, / Безмолвно поднимаясь в вышину / Неисчислимые тысячелетья!» (Н.Гумилев. «Деревья»). Сонау қолжетпес ғарыштың кескіні, Күн мен Ай, жұлдыздардан ақын өзін іздейтін тәрізді, бұл жанның аңсары. Сөйте тұра, ол ескі ақындардан ауған символдарды сүйіп қолданады.


Менің жұмық көздеріммен бір кісі

Жылап отыр…

Сондай оның күлкісі.

Жұлдыздардан тәспі тартар түн бойы,

Иығынан пыр-пыр етіп пір – құсы.

«Бір кісі»


Өлеңді құс бейнесінде қабылдау қазақтың ескі ақындарынан мирасқа қалған, соның ішіндегі ең кербезі Кемпірбайдың көгала үйрегі.


Жаһандағы ол шайыр алғашқысы болатын,

Кемеңгерге аспаннан өлең-құстар қонатын.

Сол құстардың ішінде,

Жазылмаған жалғыз-ақ ала қанат кептер жүр.

Кеудесінде кептердің екі-ақ шумақ өлең тұр,

Өлеңдегі мағына ой жетпейтін терең бір.

«Дала бейне теңіздей…»


Өзін-өзі айнадан көргендей тануға тырысу – ақындықтың өзегі. Автопортрет негізінен Ақбереннің «Айнадағы бейтаныс» атты циклдік топтамасында айқын. Қазақ өңім бе, түсім бе деп екіұдай халде отырады, өліара бір күйді жоққа шығармайды.


Ақберенде ерекше бір өлең бар – «Нәркес». Шығармашылықтың жұмбағы жасырулы бұл өлеңде нарциссизм анық. Бұл да автопортрет. Алайда тек Ақберен Елгезектің емес, күллі ақын-жазушыға тән мінез. Мұнсыз шығармашылық құбылыс жоқ. Өзіне-өзі сұқтану, өз сезімдеріне құл болып, өлердей сүю, ақыры сол бір астамшылықтан мүлдем жабығып, түңіліске ұрыну өнердің еншісінде бар құбылыс. Грек мифтерінде Нарцисс – өзінің асқан сұлу көркін су бетінен көріп, соған ғашық болған бозбала. Ол 16 жасқа толғанда көрген жұрт тегіс ғашық болады. Мифтегі жаңғырық, нимфа, Нарцисске сүйіспеншіліктен әбден семіп, тек үні ғана қалады. Нарцисс өзін-өзі сүюдің дертіне шалдығып, кеудесіне қанжар қадап өледі. Оның қаны тамған жерден сары тәжді, қызыл күлтелі хош иісті ақ гүл өсіп шықты делінген. Нарцисс гүлі өлілерге арналып, молаға қойылады. Көне гректерде өз бейнесін көру өлімге көрінеді деген наным болған, себебі ол екінші «меннің», жанның бейнесі ретінде бағаланған.

Бұл өсімдік өзін сүюшілік пен менменшілдік, даңғойлықтың символы.


Әлемде бар еді бір сұлу,

Жат еді өзіне күрсіну.

Тек қана өзіне ұқсайтын,

Бейнені түсінде көретін.

Тек ойша өз-өзін аймалап,

Құмартып тұратын айнаға.

Ал Тәңір көне ме қулыққа,

Табиғат сене ме айлаға?


Шығармашылық тұлғаларға тән дертті жас ақын дөп басады. Ол Нарцисс бейнесін жаңғыртып, қазақ дүниетанымына сыйғызып, ерекше көркем бейне сомдайды.

Ешкімді сүймеген қалпында,

Өз-өзін сүюден жынданды.

Иесіз қалдырып тұрағын,

Қорымда қаңғырып, жылады.

Бір күні қанжардың ұшына,

Айнасын құшақтап құлады…

«Нәркес»


Ақберен – жаңашыл ақын, бағзы, көне дүниені жаңғыртып, адамзат нәсіліне ежелден аян таураттық тұспалдарды, діни, мифтік аллегорияларды тірілтті. Ақберенде елес, рух, жан күйзелісі, өгейлік, жетімдік, жабығу сарындары тым мол. ХХ ғ. аяғы мен ХХІ ғ. басындағы қазақ рухының таразыға түскен қиналысын бір басына үйіп-төгіп жинап алғандай әсер береді.

Қалаға шоғырланудың кесірі мен зұлматын ақын «Кәрі бала» атты оксюморондық атауда жүрегі қан жылап жазады.


Ақынның көкірегі құсадан гөрі қуанышқа көбірек толсын десек, ғаламдану торында қазақтығымызды, асылсүйек тектілігімізді, өміршең салт-дәстүрімізді мұқият сақтап қалуымыз керек. Ақберен өлеңдері мұны растайды. Ақынның серпілер мезгілі туды. Соның үшін тәубаға түсу, Жаратқанға ризашылық һәм құлшылыққа жаралғанын ұғынса жетіп жатыр.


Бөлісу:

Көп оқылғандар