Дүкен Мәсімханұлы: Ақберен ақын

Бөлісу:

24.01.2016 4843


Ақберен! Егер бүгінде бұл сөз Қазақтың поэзия аспанында айдай жарқыраған немесе жасындай ойнаған ақынның есімі болмағанда ғой, еш екіленбестен-ақ сол ақынды қазақ жырының «ақберені» десек, бұл сөзге ол туралы айтылар көп сөз, мол мағына сыйып кеткен болар еді. Ал ақынның азан шақырып қойған аты Ақберен болса ше?! «Ақберен ақын Ақберен» десек, тым сөз ойнатып, немесе жаңылтпаштап кеткенге ұқсап қалар едік. Бірақ бұл сөз ойнату да емес, жаңылтпаш та емес, ақиқаты сол.


Жаңа ғасырмен жарыса қазақтың жаңа әдебиетінің жаңа өкілдері әдебиет әлеміне ойқастап кіріп келді. Мың дегенмен, тәуелсіз елдің азат ұрпағы емес пе, бастары еркін, үндері жарқын, ойлары азат, қаламдары бұғалықсыз, шабыттары шұрасыз. Шеттерінен екпінді, жігерлі, тарпаң, өр. Бірөңкей ақберен ақындар. Осылардың ішінде біздің Ақбереннің, ақын Ақберен Елгезектің үні де, жөні де бөлек.


Әдебиетте «жаңа буын» деген ұғым бар. Ол ұғым әсте жас-шамамен ғана шектелмейді. Яғни әдебиеттегі жаңа буын жасымен ғана емес, шығармашылық ерекшелігімен де, эстетикалық қабылдауымен де, талғам-талантымен де аға буыннан, алдыңғы буыннан ерекшеленіп тұруы керек. Сонда ғана жаңа буын әдебиетте «жаңа» болып есептелмек. Әдебиет есігін жаңа ғасырмен жарыса ашқан Ақберен қазақ поэзиясына өзінің сондай үр жаңа үнімен, өзгеше қалпымен, бөлек болмысымен келді. Әдетте қолына жаңа қалам алған жас ақынның еліктеп-солықтап біраз жүріп қалатыны бар. Ал Ақберен «еліктеу мен солықтаудың» ауылына көп ат шалдырмай, тез өсіп, жылдам жетілді. Бұның өзі біріншіден, оның бойындағы Алла сыйлаған талант қуатын көрсетсе, екіншіден, сөз өнеріне, оның ішінде «сөз патшасының» ауылына үлкен дайындықпен, тоқ қоржынмен келгенін аңғартады.


Тағы бір айта кетерлік жағдай, Ақберен ақын әлдекімдерше «модернизм», «постмодернизм» деп, қазақ рухына, қазақы дүниетанымға жат, біздің елде тек-тамыры жоқ елесті қуып кетпейді. Оқып отырсаң, кәдімгі қазақтың ақыны, қазақтың өлеңі екені менмұндалап тұрады. Бірақ «шекпені» жаңа. Яғни өлеңге жапқан «шекпеннен» Ақберендік өң-түс, үлгі-пошым, ою-өрнекті бірден тануға болады. Мәселен, осындағы топтама жырдың ішінде ақынның «Ақшамдағы жалғыздық» деген өлеңі бар. Қазақта «ақшам» туралы, «жалғыздық» туралы, тіпті «ақшамдағы жалғыздық» туралы өлең аз емес. Алайда Ақбереннің ақшамдағы жалғыздықты сезінуі де, қабылдауы да, бейнелеуі де өзгеше. «Бұлттың бұла жанарынан шашылған жастың жапырақтың бір ұшында қалуын» байқау, «жұлдыздардың әуендерінің басталғанын» есіту, «түн шашының тарқатылғанын» сезіну, «кеше түскен сәулелердің қалдығының қараңғылық құшағына тасталғанын»… аңғару үшін ақыннан үшінші көзі, жетінші түйсігі болуды талап етеді. Немесе:


«Ақшам болып еріп кетер күн ертең,

Кәрі түннің алдындағы жас шағым…»,

«Түн түбінде тағы қалам мен бүгін,

Қайдасыңдар мені ұмытқан достарым?…», – деген секілді жолдарды сондай бір «бояулары іңірлене» бастаған ақшамда жалғыз отырғандай шамырқанбай, тітіркенбей оқу мүмкін емес. Ақын шеберлігі, сөз құдіреті деген осы.


Осыдан біраз уақыт бұрын ғаламтордағы «Мәссаған» ұлттық порталынан Ақбереннің бір топ өлеңін оқып, соңында: «Осы бастан-ақ сенімді түрде айта беруге болады: Ақберен ақын – ХХІ ғасырдың қапысыз ұлы ақыны! Әрине, жырдағы сапарың енді ғана басталды ғой, сондықтан саған тек Алладан ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеймін бауырым!», – деген жүрекжарды тілегімді қалдырған екенмін.


Бұл жолы да осы тілегімнің ақиқатқа айналғанын тілей отырып, Ақберен ақынға ақ жол демекпін!



Дүкен Мәсімханұлы.

Ақын, аудармашы. Филология

ғылымдарының докторы, профессор.

Бөлісу:

Көп оқылғандар