Астанада Олжас Сүлейменовтің оқырмандармен кездесу кеші өтті

Бөлісу:

12.05.2016 7059


Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғамдық және саяси қайраткер Олжас Сүлейменовтің 80 жылдық мерейтойына орай «Ұлы даланың дара тұлғасы» атты тақырыпта оқырмандармен кездесу кеші өтті.


олжас3.jpg


Кездесуге ақынның қаламдас достары, ізін басқан інілерімен қатар, жас оқырмандар да көп жиналған екен. Әдемі әңгіме айтылып, әсерлі өлеңдер оқылды. Кеш соңында жастар Олжас Сүлейменовтен бата сұрады.


«Гаврил Державиннің кезінде Пушкин оқыған лицейдегі жағдай есіме түсіп тұр. Мен әрине, Державин емеспін, бірақ, балалар осы бағытты таңдаған соң, армандары орындалар деп сенемін. Уақыттарыңның көбін кітапханаға арнаңдар, қолдарыңнан кітап тастамаңдар», - деді Олжас Сүлейменов.


олжас4.jpg


Олжас Омарұлы Сүлейменов – 1936 жылдың 18 мамырында Алматы қаласында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің Гелогия факультетін тәмәмдаған. Әдебиет ісімен 1955 жылдан бері айналысып келеді. 1958 жылы А.М.Горький атындағы Әдебиет институтының Поэтикалық аударма бөліміне түсіп, 1961 жылы аяқтайды. 1962-1971 жылдары «Казахстанская Правда» газетінің әдеби қызметкері, «Қазақфильм» киностудиясы сценарлық-редакциялық алқасының бас редакторы, «Простор» журналында Журналистика бөлімінің меңгерушісі болып жұмыстар атқарды. 1971 жылдан 1981 жылға дейін Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы, сонымен бірге 1972 жылы Азия-Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Қазақстандық комитеттің төрағасы, 1981-1983 жылдары Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы және 1983-1991 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының бірінші хатшысы болды. 1989 жылдың ақпанында Халықаралық Невада-Семей ядролық қаруға қарсы қозғалысының президенті болды.


1995 жылы Қазақстанның Италиядағы Елшісі қызметін атқарды. 2002 жылы Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы (Париж) өкілі.


Олжас Сүлейменов Андрей Вознесенкий, Евгений Евтушенко, Роберт Рождественскийлермен әдеби-достық қарым-қатынаста болды.


Ол «Аргамаки» (жыр жинағы, 1961), «Солнечные ночи» (1962), «Ночь-парижанка» (1963), «Доброе время восхода» (1964), «Избранная лирика» (1968), «Глиняная книга» (поэма, 1969), «Над белыми реками» (өлең және проза, 1970) «Аз и Я» (1975), «Код слова. Введение в Универсальный этимологический словарь «1001 слово» (2013) және тағы басқа да кітаптардың авторы.


Олжас Сүлейменовтің кітаптары ағылшын, француз, неміс, испан, чех, поляк, болгар, венгер, моңғол және түрік тілдеріне аударылған.


олжас.jpg


Төменде берілген ақынның бір топ өлеңдерін оқи отырыңыздар.


«СЕНЕН БАСҚА»


Сенен басқа
Тірлікте жоқ тілегім.
Жүрегіме сағыныш көп түнеді.
Үнсіз кетсең,
Кінәлі сен емессің,
Барлық пәле поштадан деп білемін.


Сені ойласам,
Мұңлымын,
Беймазамын.
Күндіз-түні хат жазам,
Жыр жазамын.
Болу үшін қасыңда бір ақ сағат,
Сегіз тәулік шегемін
Жол азабын.


Сен деп жүдеп,
Сен деп мен елжіредім,
Сен болмасаң,
Менің де жоқ жүрегім.
Өзіңді күт,
Мен сені күте алмадым,
Жаратқаның жар болғай!-
Деп жүремін.


МЕН ТАҢСЫҚПЫН...


Мен таңсықпын тұяғы мен тұлпардың,
Топшысына қыран бүркіт,
Сұңқардың.
Құмыраның қыл мойны мен
Қылышқа
Қашап жазған қайсар жырға іңкәрмін.


Бақи уақыт,
Бақи тірлік, бақи құм
Құпиясын тосып маған не қилы,
Толық Айды түніменен сөндірмей,
Құс жолынан аспан жырын оқимын
Күн бе?
Түн бе?
Сен оларға бас ұрма?
Өз басыңнан заман сөзін асырма.


Жұлдызы ойнап шыға келсе көктемнің,
Қас қағыс сәт татиды екен ғасырға.
Осы жұлдыз жамбысындай бәйгінің,
Нышаны ол қуанышпен қайғының.


Қай күндері өше қалса ол жалп етіп,
Жарқ етіп ол қайта туар қай күні.
Салмағыңды біледі тек жарық күн,
Сені солай ұғамын, жер, жарықтық....


Қайғылымын
Қашан жалықтырғанша,
Қашан әбден жалыққанша
Ғаріппін.



АРҒЫМАҚ


Қыпшақтардың ой-хой құба жондары-ай,
Жер тарпыған тұлпарын айт, тұлпарын!
Шарайнадай сауырына қомдап ай,
Арғымақ жүр
Көк шалғынға-көк кілемге
Сүртіп мүйіз ұлтанын.
Берші менің тақымыма біреуін,
Жеті қиян жер түбіне асайын.
Арғымақтай аласұрған жүрегім
Оны қалай басамын.
Атылайын арғымақтың жалына,
Соңымда тек сақ-сақ күліп дос қалсын.
Балғын шалғын айналып көк жалынға
Нөкер болып артымда ақ шаң топтансын.
Шаппай тұлпар кісінеме атпын деп,
Шабайықшы шаң қондырмай етіне.
Шабайықшы көп жыл тыныш жаттың деп.
Момын қырдың былш-былш ұрып бетіне.



АҚЫМАҚ АЙТТЫ ДЕМЕСЕҢ


Аярлыққа еріп кетсең сүмеңдеп
Айта алмаймын ертеңіңе сенем деп.
Ана сүті арамдыққа суарса,
Сиыр сүті ала алмайды сені емдеп.
Жарым менің – жарым болмай аңсаған,
Жерім менің –көрім болса қаусаған,
Бар антымды, бар сертімді мансұқ қып,
Көз қиығын салар ме едім мен саған.
Мен де көне – сен ескірсең, көнерсің,
Мен де көкпін, - сен гулдесең, көгерсең.
Кемпір болса, шал боп жетем мен саған,
Мен – ширекпін, жарты болсаң егер сен.
Таңда – таңмын, ал бесінде – бесінмін,
Мешіндердің арасында – мешінмін,
Күнде – кунмін, түнде – түнмін, Айда – аймын,
Кеш болды ма – мен сенің кешіңмін.
Деме маған өлгеннен соң жұмақ тұр,
Артық одан жанымдағы бұлақ бір.
Ақиқатын айтар болса данышпан,
Ақымақтың да былшылына құлақ түр!



АСАУ ҮЙРЕТУ


Көтеріп атқа қондырдың,
Ат емес –
Алау.
Бүлік бір.
«Сабау деп қалма,
Бұл – ер» деп,
Қарадың сосын күліп бір.



Жас тұлпар басын тұқыртып,
Жер тарпып тұрды тынымсыз.
Әзілден өткір қамшы жоқ,
Тіл деген әсте буынсыз.



Алғашқы рет,
Өрекпіп,
Ағытып қойдым түймемді.
Тізгінді мытып,
Табаным
Таралғыға тиген-ді.



Айғырым асау атылып,
Жармаса кеттім жалына.
Мырс етіп күліп алдың сен
Менің мүшкіл халыма.



Арғымақ –
Пай-пай! –
Азынап
Тулады дейсің толқындай.
Үзіліп кете жаздадым
Жүзімдей
Піскен солқылдай.
Аямақ емес ол мені,
Менің де жоқ-ты аяғым,
Салып кеп қалдым көзіңнен,
Аспаннан келді аяғым....



Дүние кетті дөңгелеп....
Осымен тынды бақ сынау.
Асауым тұрды
Бір көзін
Сипағысы кеп,
Қайтсын ау!



Қып-қызыл жолақ дірілдеп
Жосыды көздің жанымен
Ол күнді кеттім белгілеп
Асаудың алау қанымен!..


ТҮЗ ТҰРҒЫНЫНЫҢ ТІЛЕК ТІЛЕУІ


Сен қаласаң,
От демеймін отыңды.
Отқа кесіп лақтырамын етімді.
Арманымдай аяулы тал боп шығар,
Қарақұмға қалдырайын өтімді.
Су тілейді
Таңдайы құм-құмайттың.
Сен деп күйдім,
Күйігімді молайттым.
Суйем деген сөзді айтқызба,
Одан да
Сүйіктің боп өлемін бе?
Соны айтқын!


Бөлісу:

Көп оқылғандар