Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Армысыздар, интернет-конференцияға қатысушы ағайын!

Бөлісу:

17.05.2014 4019

Конференция сұрақтары


 

Тыныштықбек  Әбдікәкімұлы

Алдымен, шалғайдағы бізді де елеп-ескере, Астанадан арнайы сәлем жолдап, аталмыш конференцияға қатысуымызды сұраған «Әдебиет порталы» ұжымына рахмет айтамыз. Ал, талап бойынша, сұрақ қоюшы азаматтармен мезетінде жедел тілдеспей, жауап беруді біраз кешеуілдетіп алғанымызға (оның ешкімді қызықтырмайтын өзіндік себептері көп болса да) кешірім өтінеміз.


 

***


 

Бірден ескертіп қояйық; елді жалықтырып алмау үшін, қойылған кейбір қиын сұрақтар төңірегінде айтарымызды да біз қысқа да нұсқа айтуға тырысамыз.


 

***


 

Бұрын кітап саудасы, әдеби шығармаларды жарнамалау, авторлармен жүздесу секілді игі шаруалар жоспарлы түрде, барынша ыждаһаттылықпен атқарылатын. Оқырманы да қара-нөпір ол дәурен Кеңес Одағымен бірге келмеске кетті. Қазіргі шығармашыл жастардың басым бөлігінің «интернет балаларына» айналуы да содан. Ал, зейнеткерліктен туындаған «жазушылық» тыраш – күлкілі, шіріген байлықтан туындаған «ақындық» дақпырт – әулекілік. Ақын Әлия (Дәулетбаева) қарындасымның сауалына жауабым осындай. Ерқанат (Кеңесбекұлы) сұрағына жауап: «баяғыдай, жазу-сызу». Руслан Беген өз сұрағына өзі жауап берген – адамдық дәрежеден артық атақ жоқ. Жас ақын Ақерке Асанның сарказмге ұқсас әділетті сұрағы әдебиетші ғалымдарға сын. Салтанат сауалына қайтармақ жауабым да осы тақылеттес. Темірханұлы Шыңғыстың өз сұрағын арнайы министрлікке я комитетке жолдағаны жөн секілді. Десек те, айта кетелік, қазақ-кеңес әдебиеті классиктерінің шығармалары мүлде ұмытылып барады деуге негіз жоқ. Белгілі ақын Темірғали Көпбаев басқарымындағы «Қазығұрт» баспасының бір өзі-ақ кейінгі жылдары талай-талай кеңестік авторлардың көптомдықтарын сапалы түрде, қайыра жарыққа шығарды. Ондайлық үрдіс өзге де бірқанша баспалар жұмысынан байқалады. Мұрат Алмасбекұлына айтарым; шетелдік қандастар шығармашылығы (оның да өзінше бір зор Әдебиет екендігін жүрегіммен сезем) мен үшін, – әлі де «ашылмаған Америка». Рас, ондағы талантты азаматтардың қайсыбірінің біздің елде аз-кем мөлшерде жарық көрген еңбектерімен біршама таныспын. Мысалы, Қытайдағы Ерлан Нұрдыханұлы – қошеметке лайық ақын. Байанөлгийлік ақын әрі ғалым Сұрағанмен ағалы-інілі қарым-қатынастамыз, хабарласып тұрамыз. Оның поэзиясы – өзінше бір қайталанбас сұлулық.


 

Фархат Тастамбек пен Қуаныш Қожабайұлының сауалдарына және Анаргүл Шалғынбайдың екінші сұрағына орай мынаны айтқым келеді. Есте жоқ ескі замандарда бойына біткен т у м а а қ ы н д ы ғ ы күні кешегі тірлігінде де «Өмірдегі қызығың, бәрі – Өлеңмен»(Абай) тұжырымымен дәл айқындалған тұтас Қазақтың бүгінгі ұрпақтарының бойында да ақындық қасиет сақталған. Қаншалықты дәрежеде, ол – басқа әңгіме. Әйтеуір, жас ақын қазақтар – лек-лек. Өкініштісі, олардың не жазып-не қойып жатқандарын үнемі қадағалап оқып отыруға менің шамам да, уақытым да, жағдайым да жоқ. Өзім бұрыннан қадірлейтін ақын бауырлар туралы әңгімелей бастасам, онда бұл конференциямыз құрылтайға айналып кетер. Анаргүлдің үшінші сауалына жауап: «ондай азаматтарды білмеймін». Самат Сақалов бауырымның сұрағы жыр жинағына қатысты болса, айтайын; соңғы жылдары жазған өлеңдерімнен«Бесінші маусым самалы» деген атпен бір дүние құрастырсам деген ойдамын. Бірақ оны әзірлеуге тіптен қол тиер емес.


 


 

***


 


 

Ұларбек Дәлейұлының «әдебиеттегі Тыныштықбек таңы» дегеніне келсек, оны мен ақын бауырдың ағасына деген жеке басының құрметі деп білем. Ал, «қазақ әдебиетіне болашақта ерекше құбылыс болып келер тұлға (я тұлғалар)» мәселесі – ойландыратын шаруа. Ондай жандарға талантты болу аздық етеді. Қазақ Йсі аңқыған (ЙС: Жұпар Рух, Жұпар Тек) ерекше шығармашылықтың Ійесі болу үшін, мынандай басты факторлардың түгенделуі шарт:


 


 

аңқылдақтық Мінез;

қайсарлық пен жігер, күш-қайрат;

Ұлы Түзбен тамырлас болу;

ата-бабалардан там-тұм қалған көшпелі өмір салтымен біте-қайнасу;

көшпелі бабаларымыздың рухани құндылықтарын барынша игеру;

«жеті тілді» меңгеру;

жан-жақты білім;

поэзия мен философияның әлемдік қайнарларынан сусындау;

қазақы сөз қорының молдығы;

өнерпаздық;

тағдыр күрделілігі;

ғажапты да, азапты да бірдей көтере білетін ақылды да ажарлы Жар.


 


 

«Өкінішті, мына сырқат құрғырдың беті күшті...» (Мұқағали) демекші, сайтанданған мына қожалық заман осылайша күш алып кете берер болса, әдебиетке құбылыс болып келер тұлға (я тұлғалар) тұрмақ, әдебиетіміздің өзін де жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Бірақ, үмітімізді үзбейміз, «Дүниеге келер әлі талай Қасым»...


 

***


 

Қаншайым Байдәулет өтінішіне орай, Есенқұл туралы бір сөз.

Сол бір аяулы Ақынмен өмірімде үш-төрт мәрте ғана тосыннан кездесіп, екі-ақ мәрте дәмдес болдым. Көзі тірісінде, ауылындағы кездесу кешіне қатыстым. Былайша сырласқан емеспіз. Сонда да, мен Оны дос санаймын. Дүниеден қайтқан күні алтын сүйегін ақырғы рет көріп қалдым...

Мен үшін, Есенқұл – Төлеген Айбергеновтен кейінгі екінші періште Ақын.


 


 

***


 

Ақан Серіктің сұрағы мен Анаргүлдің бірінші сұрағы мені ерекше толғанысқа түсірді. Мәнісін айтайын. 1985 жыл ғой деймін. Қой төлдету науқаны. Бір күні «бір иттің малы» әлгінде ғана шарана жарған өз төлін бауырына мүлде алмай қойды. Зорлап телісең де көнбейді. Көнгеніңіз не, соңынан тәлтіректей ерген қозысын аяусыз «мүйіздеп», қотан ішінде қашты да жүрді. Әй, қанымның қарайғаны-ай!.. қолыма бір таяқты ала салып, қақ маңдайынан олай да бұлай да соққыладым-ай келіп, қуалай жүріп! Бір сәт есімді жисам, сорлы мақұлық басын шайқалақтата, көзінен сорасы ағып, бір орнында тұрып қалыпты, дір-дір етіп!.. сонда оны керемет аяп кетіп, мойнынан жалма-жан құшақтай алғаным... өзімше жұбатып, арқа тұсынан сипалай бергенім есімде...


 

Несін жасырайын, со бір оқиғаны ойыма алсам-ақ, еңіреп жылап жібере жаздаймын, әлі күнге дейін.


 

... Баяғы Абай жайлауы. Шамамен жеті-сегіз жастамын. Әкеммен бірге, Таутан деген ақсақал да бар, бір биік төбенің басында отырмыз. Ас табағындай көлемде ғаламат қызыл жалқын ата, Күн батқалы барады. Ол жақтағы Ірге жоталарының баурайындағы саны жүзге жуық балбалдар қарақұстардай тізіле, қошқылдау сағым үрлейтіндей. Көз алдымызда, төменде – Сарыкөл. «Онда су сиыры бар» дегенді естісем де, күнде барып шомылып жүрем. Құс жыртылып айырылады. Көл маңында дөңгеленген шоқылар тәріздес алып қорымдар жатыр. Жердің емшектері секілді. Сол жерден өзім талай қызықтаған, шаштарын жетітарам бұрымдап өрген аталар бейнесіндегі қатар-қатар үш балбал да анық көрінеді. Айналамыз қызыл нұрға ғажап малынып тұр. Көзім сонадайдағы киіз үйге түскен. Біздің үй. Ол да бейне бір қызыл Күн секілді, керемет жалқындайды! Әкем де соған қарап отыр екен. Кенет Ол мен жаққа оқыс оңтарылып: «балам, мына сөзді есіңе сақташы!»-деді. Өңі күреңіткен секілді болып көрінді. Біртүрлі қорқып кеттім...

Әкемнің сондағы айтқаны әлі есімде: «Отыз омыртқа, қырық қабырға, ауыз омыртқа, аппақ жұмыртқа». Сол кездерде оның мәнісін сұрау да ойыма келмепті. Екі жылдан кейін қайран майдангер Әкем қайтыс болды. Кейін, Ақселеу Сейдімбек ағамыздың жазбаларынан мен Әкемдікіне ұқсас «Отыз омыртқа, қырық қабырға; бәрін ұстап тұрған – ауыз омыртқа» деген өзге бір үлгіні де оқығам.

Әкеміз айтқан сол құпия Сөздің тәңіризмдік сансалалы мағынасын қырық жыл өткеннен соң ғана барып ептеп аңғара бастадым ғой мен бейбақ... Сарыкөлге де ұзақ жылдар бойы жолым түспеді. Кейін бір барсам, Ірге баурайындағы жүздеген балбалдардан дым қалмапты!... бірақ, сол баяғы қорымдар қасындағы сол үш балбалдың түбінен ана бір жылдары алтын құмыраға салынған бірталай асыл заттар қазылып алынғанын археологтардан естідім. «Балбалдар Көк Түріктер заманынан қалған» десті олар.


 

***


 

Сұрағын елден ерекше орысша қоюына қарағанда, «Ассел» атты қарындас орыстілді болса керек. Әуелде азан шақырып қойылған қазақы есімін «орысшаландыруға», «еуропаландыруға» өлгенше ынтықтардың басым бөлігінің де орыстілді қазақ қыз-келіншектері екендігі және аян. Яғни, «жабайы қазақтың өркениетке ұмтылысы» тенденциясы тұрғысынан алсақ, «Ассел»-дің мәнісі «Әсел (Бал) → «Асель» → Ассел» болып шығады. Бірақ, мен «Ассел»-ді псевдоним деп ойлаймын. Фамилиясыз аталуына қарағанда, солай сияқты. Әрберіден соң, өзін қалайша атау – әркімнің өз қалауы. Мені толғандыратын гәп – «Ассел» сұрағындағы «казахстанская литература» ұғымы: «Как Вы думаете, в чем причина слаборазвитости и непопулярности казахстанской литературы: в том что мало пишут или в том что мало читают?»


 

Қазақстанда «диаспоралық әдебиет», «орыстілділер әдебиеті» деуге келетін әдебиеттер бар және Қазақ Әдебиеті бар. Соның бәрін қосарлап, «Казахстанская правда» атауы секілдендіре, «казахстанская литература» дей салуға болмайды. Қазақ Әдебиеті, диаспоралық я «орыстілділік» әдебиет емес, – мемлекеттік-ұлттық Әдебиет, Қазақтың ақыл-парасаты мен Ар-ожанының адастырмас «Темірқазығы», атойлаған асқақ Рухының көркем де көсем шежіресі.


 

«Ассел»-дікі – аңдамай сөйлеу. Өйткені, «казахстанская литература» деу – «қазақстандық ұлттың әдебиеті» деген сөз. Ал, біз ана жылдары еліміздегі орыстілді қазақтар арасындағы маргинал-нигилистердің «барша қазақстандықтар қазақстандық ұлт болып ұйыссын», «төлқұжатта ұлттық тегіміз көрсетілмесін!» деген мазмұндағы космополиттік сорақы «ұранын» әлі ұмытқан жоқпыз. Сондықтан, «слаборазвитость», «непопулярность» деген анықтамалардың да, бір лайық болса, өмірде мүлде жоқ «казахстанская литература» деген ұғымға ғана лайық болмағы – заңдылық. Бұл тұрғыда қарындасымыз қателеспеген.


 

«Ассел»-дің орысшасына орысша жауап қайтаруға да болатын еді. Оған тілім жетпей қалған жоқ, «ауылбай» болып ержетсем де, бір орыстай-ақ сөйлей алам. Мысалы, қазір көктем ғой, соған орай, «Муза» деген өлең:


 


 

Солнце пишет стихи лучистым пером:

рождение... подснежник! трава!..

Просыпается в моем сердце любви геном:

пахнут слова!

Нет, это не грёзы,

Есть Бог, я вижу как Он:

из ран берез

капает эликсир в ладонь.

Душа – цветущий край...

И печаль – радужная трель.

Улетает большая птица в Рай –

Апрель...

Люди, облака, небо...

Весь мир – древо жизни: Манго...

На правом плече – черноглазая дева,

мой маленький ангел.

Кстати,

тоже пишет стихи, лучами...


 


 

Бір кезде өзім эксперимент ретінде жазған бұл «өлең» тәп-тәуір орысшам бар екендігіне біршама айғақ бола алады деп ойлаймын. Ал, негізінде, менің орысшам – орыс әлемін тыңдау мен көруге һәм оқуға ғана қажет орысша. Оны тілдесу үшін немесе шығармашылық құрал ретінде мүлде қолданбаймын. Кім-кімге де қазақша сөйлеймін, қазақша жауап беремін. Ұстанымым сондай. Себебі, өз Отанымда өмір сүріп жүрген қазақпын, тілім жәй тіл емес, – мемлекеттік Тіл.


 


 

***


 

Енді, әңгімемізді Ғани Ибрагимовтың сауалына орай жалғастырайық.


 

Мәңгі өмір сүруді қаламайтын ел-жұрт бола ма? Әрине, олай сұрақ қоюдың өзі күлкілі. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясы, бір қарағанда, абсурд секілді. Алайда, талай ғасыр бойы тағдыры аяусыз тапталып, тарихи жадын құлдық сор басып қалған біз секілді жаутаң халыққа «Мәңгілік Ел» идеясы былай тұрсын, басқа тілге ешқашан аударылмауы тиіс «Мәңгілік Ел» деген атаудың өзі де кезінде алты Алашты демде ат үстіне қондыратын баяғы «Ақ Сарбаз!» ұранынан бірде-бір кем емес. Ал, «Мәңгілік Ел» идеясы – біздің бұл конференциямыздың аясына тықпалауға әсте келмейтін орасан субстанциялы әлемет Мұрат бағдарламасының «прологы» ғана. Ол Бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы тетігінің ел атауын жаңғырту екендігі де түсінікті.


 

«Қазақстан Республикасы» деген саяси абракадабраны өзгерту де – кезек күттірмейтін ерекше мәселе. Бірақ, бұл тұрғыда да айтылар сөз біршама. Қысқа қайырайық. Дешті Қыпшақтың христиандардан – атын (ныспысын), славяндардан қатын алып шоқынып кеткен бәз бір жұрттарынан әлеуметтік-әскери тап ретінде қалыптасып шыққан казактар «стан» және одан туындаған «станица», «становище», «станичник» сөздерін қолданады. Орыс бауырлардың «стена», «станция» секілді көптеген сөздеріне де негіз болған «стан» атауының әу-бастағы түпнұсқасы, ақиқатында, – Күн мен Күн Құдайының көнедегі сансыз атауларының бірі ретіндегі көпмағыналы «ӨС-ӨН» атауы. Оның бір ғана «ӨН» термині негізінде қалыптасқан қадымдық аналогтарының өзі де өте көп: «Ыра Өн», «Құт Өн», «Жар Өн», «Көк Өн», «Ақ Өн», «Ал Өн», «Бай Өн», «Бақ Өн», «Шаш Өн», «Қар Өн», «Жам Өн», «Жақ Өн», «Емер Өн», «Жарық Өн», «Ұмай Өн», «Жам Өс-Өн», «Өсір Өн», т.с.с. болып кете барады. Соңғысы орыс бауырлардың «страна», «сторона» болып басталатын бірнеше сөздеріне негіз болған. Егер, Көк-Тәңірі ғұмырымызды ұзағырақ етіп, денімізге саулық берсе, т у ы н д ы – б ү л і н г і славян [сол(ов)ян] тілдерінің тектік барша құпиясының да біздің Ата Тіліміздің қазынасында жатқандығынжақсылап дәлелдеп бермек ойымыз бар. «Орыс тіліндегі түркизм» мәселесін ғана қанағат тұтатын қазақ тіл ғылымының қайраткерлері бұл сөзімізге күлетін де шығар. Ал, біз біреулер күледі екен деп, ақиқатты айтпай отыра алмаймыз.


 

Синоним сөздердің жұптастығы ретіндегі көне «ӨС-ӨН» атауының біріккен-кіріккен көптеген бүлінгі де құбылғы һәм «тексізденген» түрлері бар. Солардың «тексізденген» бірі – аталмыш «стан» сөзі. Яғни, көпмағыналы бағзы «ӨС-ӨН» (культтік ежелгі бір мәні: «Жұмақ Күн – мекен») атауының компоненттері өзара біріге-кіріге; Тілдегі текорат (тектестікке орайғы аттастық) заңдылығына орай, «жұмақ-мекен» деген мағынада «Өсөн» кейпіне енеді де, «С+т» симбиозы арқылы, «өстөн» түрінде бүлінгенімен қоймай, әуелгі «Өс» түбірінің («Тегінің») «Ө» дыбысы яки «хромосомы» да жойылып («Өстөн» → «стөн»), ақыры «стан» (рус. Лагерь, место стоянки) түрінде «тексіздене» (түбірсіздене) біржолата қалыптасады. Сол сияқты, бір мәнісі «имя бога зачастую переходит в этноним» (О. Сүлейменов) пайымымен де анықталатын текорат заңдылығы негізінде, күнтекті Ел мен Ол жайлаған территорияның атауына да айналған құдайныспылық бағзы «ӨС-ӨН» атауы «өсөн → «йжан» трансформациясын да бастан кешеді [мысалы, «Азер(б+а)йжан», «Ан(д)йжан»; т.с.с.], ел атауларына қосарланатын «стан» жалғауы түрінде де тексізденеді. Қысқасы, азиялық бірқанша ел атауларындағы «стан» жалғауы – байырғы қасиетті «ӨС-ӨН» атауының тексізденген бір түрі. Тексіз (түбірсіз) сөз – ежелгі айбынды елдің кейін культтік бағзы дана танымдардан жұрдай болғандағы тексіздігінің де, тұқымының азғандығының да белгісі. Демек, кейін пайда болған «Қазақстан» атауы да көңіл көншітерлік атау емес. Оған латындық «Республика»-ның қосарлануы – тіптен өрескел.


 

***


 

Реті келіп тұрғанда айта кетелік, көпмағыналы «ӨС-ӨН» (Жұмақ Күн.,) атауының жыраулар поэзиясындағы текораттық бүлінгі «АС+т+АН+а» («күнтекті жұмақ ел-жұрт») үлгісімен қатар, бүлінгі «Ү(й)СІН», Геродот «Тарихында» айтылатын бүлінгі «ИС(се)+д+ОН» үлгілері де бар. Сол сияқты, көпмағыналы «ӨС-ӨН» атауы «Жұмақ Күн–Қала» деген әуелгі культтік мағынадан да жұрдай болып, бүлінгі «Астана»АС+т+АН+а»; ир. Столица), бүлінгі «Қазан» («қ+АЗАН». Столица) түрлеріне де баяғыда көшіп алған. Яғни, Коперниктің «жеті жүз жетпіс жеті атасынан» да бұрынғы бағзы бабаларымыздың «тоғыз ғаламшардың «торабы» – Жұмақ Күн-мекен» деген гелиоцентризмдік кемел танымына орайғы «Тоғыз жолдың торабы – Жұмақ Күн-Қала» деген дана ұғымы да біржолата адыра қалған деген сөз. Ал, көпмағыналы «ӨС-ӨН» атауының Тіліміздегі «азан», «Асан» я «Хасан» («х+Асан»), «өзөн»(река), «ұшан» (теңіз), «ұшан» (үшжелкенді кеме) «қазан» («қ+Азан»; котел, казан), т.с.с. құбылғы-бүлінгі үлгілері мен «астан-кестен», «азан-қазан» тіркестерін Сөзтаным мен Бестаным (Адамтану, Табиғаттану, Күнтану, Ғарыштану, Тәңіртану) ғылымдары бойынша мұқият зерттеп-зерделегендерге, көнегрек мифологиясындағы «Посейдон» («п+ОС+ей+д+ОН»; Теңіз құдайы) мен «Ясон»[«й+Асон»; «Арго» («Үрік»; душистый Дух Солнца) кемесінің капитаны] құпиялары тұрмақ, «желмайалы Асан Қайғы» түрінде Асан Сәбитұлына жөнсіз телінетін ықылымдағы «Өсөн-қайық», «желмайалы Асан-Қайқы» («Желмайа» – жұпаржелді жасампаз Нұр болып табылатын Самала символы; түйенің «дала кемесі» екендігін де ойлана отыралық), «көрден қашқан Қорқыт» түрінде жалғанданған «желмайалы Қар Құт», «желмайасы» мен «кемесі» мүлде ұмыт болған «қыдырымпаз Қыдыр» («Хидр»; яғни «ӨСІР»)культерінің де; бергі авесталық «Ерен Ер Асан» («Ф+ран+г+р+ас+й+ан») мен арғы «Нұх»-«Ной» (тұпнұсқасы «ӨН») мен «Қазығұрт» (тұпнұс. «ҚОШ ҚАР») жұмбақтарының да; тәңіризмдік қаншама өзге көне тылсымдардың да сыры бек жарқын ашылар еді. Ал, көпмағыналы көне «ӨСІР» терминінің жоғарыда келтірілген «Азербайжан» атауындағы құбылғы «Азер» үлгісі мен бүлінгі «х+Азар», «А(ш)шур» (Ассир+ия) үлгілерінің жалғасы сегізқиыр Шар-тарапта «Хизр», «Хидр» (қаз. үлг. «Қызыр», «Қыдыр»), «Пастор» я«пастырь», «уәзір», «визирь», «Иштар», «Астарта», «стар», «астра», «асар», «асыр», «көсір», «ожар», «ажырай» я «одырай», «кәусар», «гейзер», «Қодар», «гидр», «гидра», «Одер», «старт», көнемысырлық «Усир», «Джосер», көнегректік «Осирис», т.с.с. құбылғы да бүлінгі түрлерде сансыздана басталып береді. Тіпті, сол «ӨСІР» атауынан туындаған ондай құбылғы, бүлінгі, туынды сөздер бір орыс тілінің өзінде де жеткілікті. Соның әрқайсысының астарында орыстың өзі де әлдеқашан танудан қалған көнедегі тәңіртанымдық-күнтанымдық бір-бір ғылым қағидалары жатыр. Мысалы, «ӨСІР» (Жұмақ Күн) атауының «С+т(д)» симбиозы арқылы түзілген бүлінгі «ОС+т(ов)» үлгісі – көнедегі бабаларымыздың көркемтанымдық бағзы «Күн – «Жұмақ Арал» (сәйкесінше, Күн нұры – «мұхит») культіне орай қалыптасқан сөз. «Күн – «Жұмақ Арал» ұғымынан туындаған сансыз атаулардың бір парасы: «Шаш Ыра» (ар. «жазира»: Арал), «Үр Ұл» (құб. үл. «Арал»), «Бай-Өн» (көнеславян. құб. үл. «Боян»-Арал), Байкал яки Байкөл аралының «Ал-Өн» (құб. үл. «Өлөң»-Арал) атауы. Соның бәрінің әу-бастағы ортақ құпия мәнісін бір кездегі Арал теңізіндегі аралдың «Барсакелмес»атауы қапысыз айтып тұрады. Өйткені, «Жұмақ Арал» ретіндегі Күн – «Барсакелмес» яғни О Дүние...


 

Әулие Мәшһүр Жүсіптің: «Қазақ Тілі – жұмбақ, не айса, бәрінің шешуі бар, шешуін білуге тырысу керек» өсиеті бойынша, өзіміз талай жыл шұғылданған Сөзтаным мен Бестаным ғылымдары қағидаларынан алынған мұның бәрін біз талапты да талантты жастар өз Туған Елінің әлемде теңдесі жоқ ұлттық дүниетанымын зерттеп-зерделеуге ұмтылсын, болашақта көңілі – қош, Рухы асқақ болсын деген ақ ниетпен айтып отырмыз.


 


 

***


 

Сөз жоқ, абракадабралық «Қазақстан Республикасы» атауы өларалық өз міндетін толығымен атқарып болды. Бірақ, оны «Қазақ Елі» деп өзгертпес бұрын, алдымен «Қазақ» деген ұлттық атауымыздың дұрыс-бұрыстығын түпкілікті анықтап алмақ жөн. Рас, ол турасында сандаған ғалымдардың қисынды-қисынсыз мың сан ой-пікірлері бар, алайда, нақты түйін әлі күнге дейін жоқ. Енді бір тоқтамға келетін кез келді. Бұл орайда бернштамдық-мұқановтық- болжам мен шыңғыстаулық Мұсатай (Ақынжанов) Бекболатұлының соноу өткен ғасырлық жетпісінші жылдардағы еңбегін бағдар тұтқан дұрыс. Яғни, біз өз Тегіміздің бір замандары«САҚ» аталған [«Сақ» атауының түпнегізі: Күн мен Күн Рухының көнедегі «ЖАҚ» («Йақ»; «қолдап-қорғаушы, садақшы Күн Ійесі».,) атауы], кезінде әлемде еш теңдесі болмаған аса айбарлы салтатты с а д а қ ш ы Елдерден екендігімізді этимологиялық тұрғыда да түбегейлі дәлелдеп шығуымыз керек. Оның көптеген фактілері бар. Солардың ең басты біреуінің сөзтанымдық қос дәлеліне ғана тоқталайық.


 

«Сан саққа жүгірту» фразеологизмін сөзге мән бермейтіндер «әлдекім (я әлдене) туралы қауесет-өсек тарату» деп ұғынады. М. Қашқари «Сөздігіне» жүгінсек, «жүгірту» сөзі елші аттандыруды айтады. Бастапқы дұрыс нұсқасы «сан Саққа жүгірту» түрінде тірлік еткен аталмыш фразеологизмнің «сандаған Сақ елдеріне елші аттандыру» деген айбарлы көне мәнісі солайша анықталмақ.«Ойым – он Саққа, санам сан Саққа бөлінеді» деген де қанатты Сөз бар. Ол Сөзге елдік жадымыздан баяғыда шығып қалған е с т а н ы м д ы қ бағзы «Ой – онға, Сана санға бөлінеді» постулатының негіз болғандығына дау жоқ. Керемет емес пе, Сананың санға бөліне жұмыс істеуі былай тұрсын, бір Ойдың өзі де бірмезетте он түрлі он қызмет атқара алады! Ойдың олайша «онға бөлінуінің» де ғылыми өз жұмбағы бар. Оның бәрін айта берсек, әңгіме ұзаққа кетеді. Жә, көз алдыңызға елестетіңізші: сіз бір қолыңызбен қымыз ішіп, екінші қолыңызбен шалғыңызды жанып, оң аяғыңыздың ұшымен түрлі оюлар сызып, сол аяғыңыздың ұшымен күшігіңізді де ойнатып, «Еркежирен»-ді де ышқына ыңылдап, қарындасыңыздың назын да қапысыз тыңдап, анадайдағы қойларыңызды да бас-басына санамалап... б ә р і н б і р г е, б і р м е з е т т е атқарып үлгересіз! Әне, «Ой онға бөлінеді» аталмыш құбылыс сондай. Ондай таң-ғажайып қасиет – баяғыдағы Бақшы бабаларымыз бен әулиелерімізге, небір кемел адамдарға біткен кепиет. Барша пагодалар мен храмдар, мешіт-медреселер адамзаттың бұрынғы соқыр сенімдерінің тарихына арналған мұражайларға айналар келешек заманда барша адам баласы да көнедегі тәңіризмдік «Ой – онға, Сана санға бөлінеді» танымына орайғы сондай ғажап қабылетке ие болады.


 

Сонымен, «Ойым – он Саққа, санам сан Саққа бөлінеді» тұрақты сөз тіркесіне қайыра оралайық. «Он Сақ» мен «сан Саққа»арналған ондай Сөзді кім айтуы мүмкін? Әрине, әрқайсысының өзіндік Ханы бар сандаған Сақ елдерінің бәрін тұтас басқарып отырған Бас Қаһан ғана айта алады ондай қамырықты да қамқорлы Сөзді. «Сан Саққа (мысалы, сауын айттыра) жүгіртетін» де – сол, Бас Қаһан. Тарих пен Логика һәм Сөзтаным ғылымы солай дейді.


 

Біздің түйіндеп айтпағымыз мынау: «Ойым – он Саққа, санам сан Саққа бөлінеді» және «Сан Саққа жүгірту» (сандаған Сақ елдеріне елші аттандыру) түрінде, сандаған Сақ елдеріне ғана байланысты айтылған қасиетті осы екі Сөздің тек Қазақ арасында ғана сақталып қалуы – Қазақтың арғы бабаларының сандаған Сақ елдері ішіндегі нағыз марқасқа болғандығының бұлжымас бір дәлелі. Ал, сандаған елдердің «сан Сақ» (көп Сақ) деп аталуы – сол сандаған Сақтардың әрқайсысының тайпалық-елдік атауларының, жалпы алғанда, бір ғана «Сақ» этнонимі негізінде болғандығының да бұлтартпас дәлелі. Демек, бірінші дәлел бойыншатұқым-Тегі Сақ болып табылатын еліміздің бағзы «Қазақ» атауы да – «Сақ» атауы негізінде пайда болған атау. Оны мына керкеткендік де анық көрсетеді: Қас Сақ (Қассақ) → «Қаззақ → Қазақ». Екінші дәлелдің аргументтерін «Ал Ем Сақ» («Әлімсақ»),«Мұш Сақ» («Массаг+ет»), «Қас Сақ», «Аңқыл Сақ» («англосакс»), «Құба Сақ», «Қар Сақ», т.с.с. жалғастыра беруге болады. «Құбасақ → Құбсақ → Қыбсақ → Қыпшақ» түрінде өзгеріске түскен «Құба Сақ» атауындағы «құба» (светло-рыжий) компонентінің тайпа адамдарына тән бет-ажарлық ерекшелікті білдіргендігін сол ежелгі құба Сақтың («Қыпшақтың») кейінгі бір тармағының «қара Қыпшақ» деп те ерекшеленуге тырысқаны қоса аңғартып тұрады. Ал, «Қас Сақ» (нағыз Сақ) атауындағы «қас» үстеуінің парсылық«хас» емес екендігін біз бұл жерде дәлелдеп жатпаймыз.


 

Тоқ етері, біздің елдік атауымыз «Қазақ» емес, – «ҚАС САҚ». Оның Ғылым Академиясы тарапынан мұқият зерттеле, нақты анықталып, өкімет тарапынан заңды түрде түпкілікті мөрленуі қас Сақтарды екі түрлі ұтысқа шығарады. Мысалы, сұрапыл қансасыған басқыншылықпен өздеріне ұлан-ғайыр жер алып берген казачествоның «Казак» деген атауын (шын мәнісінде, ол да –«Қазақ») қатты қадірлеген ақпатшалық орыс империясы Қазақты «Қазақ» (Казак) демей, казактардан әдейі кемсіте, «Киргиз», «Кайсак» деп атады. Қызылпатшалық орыс империясының қазақтарды «Казах» деп атауға көшкендігі де – алдыңғы ақпатшалық орыс империясы озбыр саясатының «бетперделі» түрде жалғастық тапқандығының белгісі-тін. Орыс пен орыстілділер бізді әлі күнге дейін сол мазақ атаумен атаудан танбай келеді. Әділетті түрде «Қас Сақ» деп аталсақ, «казах» дегендердің аузына құм құйылады, мысы басылады. Бұл – бір. Екіншіден – көнедегі аты әлемге әйгілі салтатты садақшы Сақ Елдерінің басты мирасқоры екендігіміз бүкіл жаһанға елдік «Қас Сақ» атауымыз арқылы, әділетті түрде, ұдайы ұрандалып тұрады! Рухымыз аспандайды! Оның сантармақ маңыздылығын тәптіштеп айтып жатудың өзі артық. Ең бастысы, «Қазақстан Республикасы»-ның «Қас Сақ Елі» түрінде өзгермегі Қас Сақ мемлекеттілігін мойындағысы келмейтіндерге «Шаңыраққа қара!» айбарын ұдайы айтып тұрар мәңгі ескертпе болар еді.


 

***


 

Қазақ Әдебиет туралы сұрақтарға не дерміз; мен әдебиетті арнайы зерттеумен айналысатын әдебиетші-тілші ғалым емеспін. Сонсоң өзі, әдебиеттің жағдайын айтпас бұрын, алдымен Тілдің жағдайын сұрау керек болады. Дүниедегі адами барша құбылыс – Тілдің жасампаздығы мен жойымпаздығы. «Өнер алды – қызыл Тіл» аксиомасын мойындасақ, жасампаз тірліктің ең басты саласының Әдебиет екендігін де мойындаймыз. Тіл болмаса, Әдебиет те жоқ. Тіл дәурендесе, Әдебиет те дәурендейді. Ал, біз бүгін «Ата Тіліміз толықтай өзінің мемлекеттік мәртебесіне лайық дәрежесінде өмір сүруде» деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Неге? Оның бірнеше себебі бар. Бастыларын санамаласақ, былай:


 


 

орыс диаспорасы өкілдерінің басым бөлігіне тән империялық амбиция;

орыстілді қандастарымыздың біраз бөлігінің

«қағынан түбегейлі жерінуі»;

орыс тілінің Ата Заңымыздағы құйтұрқы статусы;

шалақазақ өкіметіміз бен үкіметіміздің

жалпақшешейлігі мен қосүрейлілігі;

Қазақтың басым бөлігінің құлдық психологиядан арыла алмауы

һәм ынжық көмпістігі мен дарақы елікпелілігі;

М. Мырзахмет Ағамыз айтудайын-ақ айтқан «аралас мектеп» дерті;

ұрпағымызды «күшігінен таланған» дүбәрә ететін

«үштұғырлы тіл» саясатының іс түрінде қарқын ала бастауы;

Білім-Ғылым уәзірлігіндегі бітіп болмайтын «реформа»;

Қазақстан Жазушылар Одағының әділетті мәртебесінен айырылуы;

Әдебиеттің Ел Рухын кемелдендірудегі басты фактор екендігінің

Жоғарғы Бійлік тарапынан да, Бұ Қара тарапынан да

мүлде ескерілмеуі;

Ел кеңістігінің шет елдер мен көрші Ресей экспансиясына

айқара ашықтығы;

ата-бабаларымыздың сөзтанымдық-бестанымдық бағзы кемел

дүниетанымына негізделген Ұлттық Идеяның жоқтығы.


 


 

Бұлар туралы біз кезінде «Ұлттық Йс пен «көптілділік» һәм ұлттық идеология» атты мақаламызда («ҚӘ». №№ 47-50. 2012) біраз сөз айтқанбыз. Бірақ, «баяғы жартас – бір жартас». Ал, статистикаға сенсек, «мемлекеттік Тіліміз жылдан жылға өркендеу үстінде»; нақты тірлікке қарасаңыз, – керісінше, бұрынғыдан да бетер орысшаланып-шалақазақшаланып барамыз. «Үштұғырлы тіл» саясаты «қайырын» берсе, соңыра «ағылшыншаланып» та үлгерерміз.


 

Құдай бетін аулақ қылсын; бірақ, «жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, украиналық дағдарысқа ұқсас ауыртпалық біздің басымызға түсе қалса, жағдайдың қалай өрістерін ойлаудың өзі қиын. Ондайда, диаспоралардың ғана «жыртысын жыртатын» «Қазақстан халқы Ассамблеясы» да, «толеранттық» (түбімізге жете жаздаған кеңестік идеологияның «интернационалдық» деген атауынан қашқандағымыздағы тауып алған терминіміз) аталмыш саясатымыздың да түкке жарамай қалатындығын жүрегім анық сезеді. Себебі белгілі, Тіл – өзінше жеке мемлекет құрып отырған кез келген ұлттың намысының алтын қазығы, елішіндік барша тірлігінің тұтас архитектоникасын асқақтатып ұстап тұратын рухани басты ұстын. Украинадағы жағдайдың да, негізінен алғанда, Тіл мәселесінен ушыққандығы сондықтан. Кезінде ақпатшалық-қызылпатшалық орыс империясы өз езгісіндегі жүзге жуық ұлттар мен ұлыстар тілін түбірімен жойып жібергендігін тұп-тура Қазақ секілді жойқын геноцидке ұшыраған украин ұлты білмейді дейміз бе, білгенде қандай! Тәубе дейік, Кеңес Одағының ғұмыры қырық жылға ұзара қалған жағдайда, тұтас Қазақ та түгелдей «иванов» болып кетер еді.


 

Бұл жерде біз Қырым мәселесін де; шығысукраиндық орыстардың түрлі-түрлі аймақтық ерекше мәртебе талап етіп жатқандағы заңсыз байбаламдарын да; Ресейдің «бұрынғы кеңесодағындық елдердегі қандастарымыз бен ондағы орыстілділердің қақын ешкімге таптатпаймыз!» түрінде көптен бері қызылкөздене өршіп келе жатқан, халықаралық ешбір конвенциямен еш үндеспейтін өктем саясатын да (ол саясат енді нақты заңдастырылмақшы да көрінеді!); өз федерациясында монотілдік диктат ұстанып, Украинаның қостілді федерация болуын қалайтын Ресейдің арсыз дипломатиясын да айтып жатпаймыз. Украиналық оқиғалар ішінде бізді ерекше тіксіндіргені – сондағы орыстілді украиндардың да орыстың «сойылын соғып» шыға келгендігі! Ол да – заңдылық. Себебі, Тіл – Тектен де күшті алапат. Адам санасы қай ұлттың тілінде сөйлеп түбегейлі қалыптасса, адамның өзі де сол ұлттың жолында өледі. Ресейдің: «бұрынғы кеңестік өзге республикалардағы орыстілділерді де біз қорғаймыз!» түріндегі арандатпа саясатының мәнісі де сонда. Артық айтқандық немесе әдейі жала жапқандық емес; алда-жалда басымызға «украиндық» күн туа қалса, «қағынан әбден жеріген» орыстілді өз қандастарымыздан да, қанға тартпақтарын көру былай тұрсын, адамдық аздаған аяушылық күтудің өзі де бекершілік болатындай. Өз басым күнделікті тіршілікте де сол бауырлар безбүйректігінің айқын нышандарын үнемі байқап қалып жүрем. Олардан гөрі орысым тәуірірек.


 

***


 

Тегінде, әлемдік геосаяси гегемондыққа ие болуға жанталасқандағы Ресейдің басқыншылық пиғылын «оның бұрынғы кеңесодағындық елдердегі қандастары мен ондағы орыстілділердің қамын жегендігі» деп бір ойласа, саяси сауатсыздар ғана ойлайды. Ресейде ондай қамкөңілділік жоқ. Соған бір дәлел. Мәселен, азаттығымызды алған жылдан бастап, біздегі қалың орыс та «есің барда елің тап» принципімен Ресейлеріне үдере көшті. Содан көп ұзамай-ақ, солардың көбі жылап-еңіреп, Қазақстанға қайтып келді. Сондағы айтқандары: «ондағы орыстар бізді «қазақтар» деп кемсітіп, күнкөрсетпеді, өздері өлгенше арақ ішеді екен, қазақтарға тән бауырмалдық мінез мүлде жоқ!..».


 

Өкінесің әрине, сол жылап-еңіреген орыстардың сол шынайы сөздері мен жасқа малынған көздерін кезінде басқаларға сабақ ретінде жалпақ экрандарға дүркін-дүркін жариялап, оны ел тұтастығына жұмыс істейтін ізгі мақсатқа айналдыру да сол кездегі біздің ішкісаясаттық канцеляриямыздың қаперіне кіріп те шықпады. Соның бәрін кезінде «хаттап-құжаттап» алғанда ғой, онымыз бізге бүгін де, ертең де тамаша қызмет атқаратын еді. Ал, кезінде Германияға көшіп кеткен аяулы неміс туыстарымыздың әлі күнге дейін қазақ халқына деген еш бәсеңсімеген, қайта одан сайын күшея түскен қалтқысыз сүйіспеншілігі ше? Соны неге насихаттамасқа? Ол да еліміздің тыныштығы мен мерейін үстейтін идеологиялық тамаша мүмкіндік емес пе! Сондай игі істерге мұрындық болатын аса тапқыр саясат өнері бізге қазір ауадай қажет қой; қайтесің, әзірге ондай қаракет те «он екіде бір нұсқасыз». Себебі, біздің саясаткерлерге бөтенмен ырғасқанға қажетті батылдық пен айла, қарсыластың осал тұсын тап басатын сезімталдық пен көрегендік жетісе бермейді. Ұдайы айбатты да тапқыр болуы тиіс азулы диломатия түгілі, «бөрі арығын білдірмес, ...» амалын да біз ұлт мүддесі талқыға түсетін халықаралық қатынастарда бір көре алмай, ылғи дал боламыз да отырамыз.


 

***


 

Украина жаққа ұдайы қамыға құлақ түре жүріп, мен санмыңдағанжылдық тарихы бар өз Ата Тіліміздің кереметтігіне де үнемі қайран қалумен болам. Мәселен, Қырымды «ежелгі орыс жері» деп өрекпитін орыс ағайындар Қырымның «Қырым» атауының да; өздері «ежелгі орыс қалалары» деп желпінетін қалалардың «Севастополь», «Симферополь» атауларының да қайдан шыққандығынан мүлдем мақұрым. Себебі, ол үш атау да орыс атаулары емес. «Онда сол жер мен сол қалалар қалай орыстікі болады?»-деп дау өршітудің қажеті жоқ. Абзалы – Сөзтанымға жүгіну. Оның тағылымы керемет.

Ескерту. Сөзіміз ұзаққа созылып кетпес үшін, біз төмендегі талдауларда келтірмек мысалдарымызды да барынша қысқа-нұсқа түрде береміз.

Өзіміз жоғарыда айтып өткен «тоғыз жолдың торабы – Күн-Қала» танымына орай, тоғыз жолдың торабындағы Астана ретіндегі қамалдар мен қорғанды мекендердің атаулары да ертеде Күн атаулары негізінде қалыптасқан. Мысалы, Күннің көне «ӨН» атауынан бүлінгі «к+ЕН+т» (я «қ+АН+д»); Күннің көне «ЖАР» («Йар») атауынан «ШӘР» (ША+һ+АР), «ГАР+д» яки метатезалық «ГРА+д» (ГОР+од); Күннің көне «БАҚ» атауынан «БЕК» (кішіазиялық ертедегі мәні: «берік қала-қорған»); Күннің көне «АЛ» атауынан көнетүріктік «б+АЛ+х», көнегректік «п+ОЛ(ис)», т.с.с. атаулар пайда болған. Яғни, тілге тиек болып отырған «Севаст(о)поль», «Симфер(о)поль» атауларындағы «поль» (қала) сөзінің түпнұсқасы – біздің бабаларымыздың бағзыдағы архитектуралық «АЛ» (белое Солнце – солнечный город.,) термині.


 

Енді «Севаст» пен «Симфер» атауларына келейік.


 

«Севаст» атауының түпнұсқасы – арғы бабаларымыздың Күн мен Күн Құдайын ныспылағандағы сансыз атауларының бірі ретіндегі«ЙАУ ӨС» (ЖАУӨС) атауы. Оның да тәңіризмдік «ӨС» термині негізінде қалыптасқан көне аналогтары «Ал Өс», «Ман Өс», «Қам Өс», «Күл Өс», «Үр Өс», «Өн Өс», т.с.с. болып кете барады. Көнеүнділік құбылғы «Дьяус», көнемысырлық құбылғы «Хеопс» үлгілері де бар «ЙАУ ӨС» атауының көнегректік түрі – «Йовиш». («Йов Йш»). Оның құбылғы «Зевес» («Зевс») үлгісінің толықша «Зевас» түрі, «С+т(д)» симбиозы кесірінен, бүлінгі де құбылғы «Севас+т» кейпіне де енеді.

Жалпы, ежелгі «ЙАУ ӨС» (ЖАУӨС) атауының Олжас Сүлейменов айтатын бүлінгі «ЗВЕЗ+д+а», «СВАС+т(ика)» түрлерінен өзге, «С ~ Г»құбылы мен паразит «г» дыбысы арқылы өзгерген бүлінгі «КАВ к+АЗ» («Кавказ») түрі де бар.


 

«Ал Ем (Әлем») – Олим+п», «Жам Ұл – Жам+б+ұл» мысалдарындағыдай, «М+б(б,в,п,ф)» симбиозы арқылы бүлінген «Сим+ф+ер» атауының «Симер» түрі мен тарихшыларға белгілі байырғы «Кимер» (олайша аталған жұрт та – біздің Сақ дәуіріндегі арғы бір баба жұртымыз) – бір атау. Бірақ, «Симер» атауын, «КөК Ұл (Көкұл) → СиЦил(ия) мысалындағы секілді, Тіл тірлігіндегі «Г ~ С» құбылы арқылы «Кимер» атауынан өзгерген деуге болмайды. Керісінше, «Жауөс» → «Кав к+аз» мысалындағыдай, «С ~ Г» құбылы арқылы, «Симер» → «Кимер» трансформациясы жүзеге асады.

«Симер»-дің әлемге әйгілі «Шумер» үлгісі де бар. «Симер», «Шумер», «Кимер» атаулары – Күн мен Күн Құдайының қадымдағы«Йам Ыра» («Жам Ыра»-«Шам Ыра»-Қам Ыра») атауының ықшамдалған нұсқалары...


 

«КөК Ұл (Көкұл) → СиЦил(ия) демекші, ежелгі «Үр Ұл» атауының бүлінгі «к+Өр+п+Ел(дес)» атауына негіз болатыны секілді, «Көк Ұл»мәртебесінің де «Көкұл(дас)» атауына негіз болғандығын айта кетелік. Сондай-ақ, туынды «көкіл», «көкүл», «кәкіл», «кекіл», «көгәл» үлгілері де бар ежелгі «КӨК ҰЛ» термині (Күн мен Күн Құдайының ұлдық ипостасының көне бір атауы) славяндық «кукла», «хохол», «хахаль», «гоголь» үлгілеріне де негіз болған. Украиндықтардың халықтық атауы ретіндегі «ХАХОЛ» («ХАХ ОЛ») Сөзі де – сол құдайұлындық «КӨК ҰЛ» атауының құбылғы бір түрі. Оған таң қалатын түк те жоқ, тәңіризмдік ежелгі құдайұлындық «Бау Ұл»мәртебесі «Бабыл» (Вавилон) атауына негіз болса, тәңіризмдік ежелгі құдайұлындық «Өсір Ұл» мәртебесі «Изра(и)л» түрінде де тірлік етеді.

«ҚЫРЫМ»! Сәл өзгеріске түскен осы қастерлі атау да – сансақтық замандардағы біздің арғы ата-бабаларымыздың Ата бір Қонысының атауы. Оны бертінгі заманда Арғын Елінің Құнан Бій бастатқан бір бөлігі де мекендеген.


 

«ҚЫРЫМ» атауының түпкі нұсқасы – көнеславяндық «хором» (яки «храм») сөзіне де негіз болған «ҚОРЫМ» (арнайы қорғалған қасиетті жер, мекен) Сөзі. «Рухтардың қорғалған қасиетті мекені» деген ауыс мағынада да қолданылатын сол «қорым» сөзінің«қорық» (заповедник) деген аталас түрі де бар. Түбірі – «қор» (накопленный запас; богатство; природные ресурсы, фонд), етістіктік үлгісі – «қоры» (бағалы дүниені қорға). Қор-Қоры-Қорым-(Хором-Храм)-Қырым.


 

***


 

Жә, біз жоғарыдағы талдауларды да білгіштігіміз тасып бара жатқан соң немесе орысқа деген өшпенділіктен жазып отырған жоқпыз; жастарымыз өз Елі мен Ата Тілі тарихи қайнарларының ықылым замандардан бастау алатындығын және бестанымдықтағылымдарға өте бай Ата Тілдің әлемде теңдесі жоқ ерекше қасиетті Тіл екендігін білген үстіне біле берсе екен деген ізгі тілекпен жазып отырмыз. Түптеп келгенде, осы айтылғандардың бәрі де – ұлттық Рухымыз бен Ата Тіліміз үшін, Ата Тіл арқылы түзілетін арлы Әдебиетіміз үшін!


 

***


 

Ғалымбек Елубай «Бестаңба»-дан бастап айтып отырған көптеген кійелі кітаптардың болғандығына титтей де шүбәланбаймын. Өкініштісі, мен олармен таныс емеспін. Ал, олардың әлі жазылмаған жалғас «томдары» қаншама десеңізші! Т ә ң і р и з м г е [біз оны әлдеқашан ұмыт болған бабалар терминологиясындағы «АҢҚЫМА» («ӘҢГІМЕ» Сөзінің түпнұсқасы) терминімен атаймыз] негізделгендігі күмәнсіз солардың түгелге дерлігі – Қазақтың періштелік ерекше жұпар аңқыған Ата Тілінде. Ол туралы: «егер, Қазақ Тілін білсе еді: дін де осында, ғылым-білім де – осында, әулиешілік те – осында. Солай болғаны үшін, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз (бәрі жақсы болып) әулие болып өтті»-дейді әулие Мәшһүр Жүсіп. Сондағы әулие атап отырған «діннің» эсхатологиялық ислам діні емес екендігін біз бұрын да айтқанбыз, тағы да қайталаймыз. Ал, Ғалымбек айтып отырған «Қас Сақ Аңқымасы» – Тәңіризм мен ұлттық дүниетанымымыз жәйлі талай жылғы толғанысымыздың нәтижелері онша қорытылмай жатқан кездердегі асығыс жарық көрген бастапқы бір «шимайлар». Одан бергіде көптеген қосымша ғылым-білім жидық, жаздық, талпындық, қателестік, қайта жол таптық, қайта адастық... Сондағы, екі жүз баспа табақтай көлемдегі «шым-шытырық шимайларымыздың», келе-келе, белгілі бір мөлшерде жүйе-жүйеге түсіп, соның бәрінің сөзтанымдық-бестанымдық бір арнаға тоғыса бастағандай сипат алуы да – бертінгі жылдардағы ізденісіміздің жемісі. Сөз жоқ, ол дүниелерді де әлі талай «қырнап-жонуға» тура келеді. Алдағы мақсатымыз – соның алғашқы екі кітабын оқырмандар қолына тапсыру. Оған да жетерміз, Тәңірі қолдаса. Ең бастысы, денсаулық болса екен дейміз де.


 

***


 

Болатбек Құрметұлы деген азамат мәнісі талай-талай трактат туындатарлық өте қиын сұрақ қойған. Біз оның тұңғиығына тым тереңдемей-ақ, «аспаннан түскен кітаптарға» да, «жерден шыққан» басқаларына да жүгінбей-ақ, өз ұлтымыздың ұлы дүниетанымы негізінде қарапайым да қысқа-нұсқа жауап беруге тырысайық. Алдымен айтарымыз, Құдай Сипаттары атауларының санын исламдық тоқсан тоғыз эпитетпен шектеп тастау – ақымақтық. Құдай не жаратып жатыр, солардың кез келгенінде Құдайдың қандайда бір сипаттары бар. Өйткені, «жоқты жонып табасың ба?» демекші, Өзінен тыс ештеңе жоқ Жаратушы Ійе барша жаратылушыны Өзіндегі «Бар»-мен ғана жаратады һәм Құдайдың Рух ретіндегі Болмысы да – Өзіндегі «генераторлық» сол «Бар». Ал, адам баласына келсек, оны біз түрлі категорияларға бөліп қарастырамыз. Солардың шын мәнісінде «Адам» аталуға лайық ең ұлық өкілдері – «Кіші Құдайлар» ретіндегі «Басына Бақ қонған» Бақшылар мен әулиелер. Олар туралы біз ұдайы айтып та, жазып та жүрміз. Тағы бір сөз. Құдырет-Құдай мен «Кіші Құдайдың» айырмашылығы мынада; – Құдырет-Құдай Өзінің «Жоқ» күйінен «Бар» болған. «Кіші Құдай» Құдырет-Құдайдың «Бар»-ынан жаратылып, бардан барды жаратумен ғана айналысады. Екеуінің жасампаздық қуат-күшін бағамдау үшін, Күн мен адам ақылын салғастыру керек. Адам ақылы – кеседей ғана Нұр. Бірақ «кішіқұдайлыққа» соның өзі де жетіп жатыр. Әне, Құдырет-Құдайдың жаратушылық кереметтілігі!


 


 

***


 

Мұғаунат Ғабдылахат деген бауырымыздың өлеңімізден алған мысалы қате болса да, сұрағы дұрыс. «Ұлы Абайдың «моласындай бақсының жалғыз қалдым, тап шыным» қайғысы сіздің басыңызда бар ма?»

Бірталай жыл болды, Аңқыма туралы біраз сөзді айтып та, жазып та келеміз. Мысалы, жоғарыда аталған «Ұлттық Йс пен «көптілділік» һәм ұлттық идеология» атты көлемді мақаламызда да біз Аңқыманың біраз аксиомаларының басын шалып өттік. Соның қай-қайсысы да – қазіргі қоғамдағы діндік, философиялық. т.т. ұстанымдардың баршасын «әуре-сарсаңға салатын» аңқымалық қағидаттардан. Және, ол мақаламызды жариялаған баспаңыздың өзі де қатардағы жай газеттердің бірі емес, – Қазақтың Жаны мен Ары болып табылатын Әдебиетінің Бас Газеті! Алабөтен өзге де сойдауыл пайымдарға толы сондағы мақаламызды, сөз жоқ, аз дегенде мың қазақ оқыды. Оның ішінде, әрине, теолог, философ, тілші-ғалым қазақтар да бар. Ақын-жазушылар өз алдына. Әлбетте, біз сонда қоғамдық бір зор талқы басталады деп күттік. Қайдағы! Тек, Төлеміс Меңдіғали деген бір ардагер журналист ақсақал ғана өзінің жалпылама пікірін білдірді. Ол кісіге және газеттің бас редакторы, белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы Ағамызға мың рахмет! Ал, әншейінде академиялық мінберлерден оңды-солды ақыл айтып жүретін оқымыстыларымыз тарапынан да, қоғамдық ақыл-ойдың қозғаушы күші ретіндегі үлкен-кіші ақын-жазушы ағайындарымыздан да, басқалардан да не «жөн!» дескен, не «сөн!» дескен бір ауыз сөз болсашы! Әне, содан-ақ қазағымыздың халықтық ой-өрісінің қай деңгейде екендігін ептеп шамалай беруге де болатын секілді. Бірақ, кім біледі, бәлкім, мұндайлық назам дұрыс емес те шығар. Өйткені, Аңқымадағы бір ғанағарыштық сандар жүйесінің қазір өте қарапайым көрінетін кейбір құпия сырларын бағамдаудың өзіне мен бірнеше жыл уақытымды сарп еттім. Тек, сонан соң ғана көзім аздап ашыла бастады...


 

Соңғы жылдары бірыңғай Аңқымамен ғана шұғылданам. Өлең жазуды да қойып кеткен секілдімін. Яғни, бұрындары санамда жарқ етіп, демде Өлең кейпіне құбыла кететін Ойларыма ұқсас тосын пайымдарды соңғы кездері дәптер бетіне жұлдызшамен белгілеп қоя салуды да шығардым. Есіл-дертім Аңқыма...


 

Содан, реті келген жерлерде білгенімді айналамдағы жұртқа аңқылдап айта бастаймын ғой баяғы, қызыға тыңдайды деп ойлаймын ғой... жоға-а, тәйірі, керек те қылмайды, есінеп естері шығады. «Демек, бабалар қалдырған Сөздердің бәрі жалған болғаны ғой! Қасиеттеп жүрген Ата Тілімнің Өзі де адасқандардың тілі болғаны ма?...». Сондай күпірлікке беріліп, қатты күйінген сәттерім де аз болған жоқ. Бірақ, оңашада ойға шома қалсам-ақ болғаны, құдды, құлағыма біреулер кәдімгідей сыбырлап тұрғандай-ақ (әрине, ешкімнің сыбырламайтыны хақ, түсіме де ешқандай «ақсақалдылар» кірмейді), аңқымалық небір қағидалар ата-бабаларымның асыл Сөздері арқылы қайыра айқындалып,... жападан жалғыз...


 

Дегенмен, елдің бәрі бірдей «есіней» бермейді, қазір пікірлестерім де баршылық. Әсіресе, жастар жағы қатты қызығады Аңқымаға. Демек, «Бақсы моласының» басына өлең оқи баратындар» да барған сайын көбейе түседі деген сөз.


 

P.S. 
 

«Әдебиет» порталына басқа да азаматтардан сұрақтар түсіп жатыр деп естідім. Ол азаматтарға жауап беруге, белгілі бір себептерге байланысты, әзірге мүмкіндігім жоқтығын айтамын. Ренжімесе екен, ғафу өтінемін.

Бөлісу:

Көп оқылғандар