Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Сағындық Рахымжан. «Инженю...» (әңгіме)...

02.09.2025 547

Сағындық Рахымжан. «Инженю...» (әңгіме) 14+

Сағындық Рахымжан. «Инженю...» (әңгіме) - adebiportal.kz

Қыркүйектің соңғы күндерінің бірі. Күз күшіне мінбесе де, жаздың жеңілгені сезіле бастаған. Театрдың алдындағы скверде ағаштар қызғылт, қоңырқай, кейбіреуі күлгін тартып, әдемі кейіпке енген. Тіпті жаздыкүнгі жап–жасыл болып тұрған кездегіден де көркем. Бұған қоса самал жел тербетіп, сәлем салған инабатты келіндей сызыла түскен. Қылықты қыздың сықылықтап күлгеніндей сыбдырлағаны да жанға ерекше күй сыйлайды. Табиғаттың осы бір сұлулығына әр беріп, одан сайын құлпыртып, керіле басып әдемі келіншек келеді. Жаздың соңғы жылуын сіңіріп үлгергісі келген  ағаштар құсап, ол да асықпай, баппен басады. Ақ плащының өңірі ашық, мойнына орай салған жеңіл қызыл шарфы желбіреген күйі шыр айналды.  Күн салып аспанға қарап біраз тұрды да, жалт бұрылып ғимаратқа қарай жүрді. Кірген бетте вахтада отырған әйелге сәлем берді: 

–   Света тәтей, сәлеметсіз бе!  

– Сәлем-сәлем, Инженю! Құлпырасың да жүресің, маңайыңа шуақ шашып. 

– Айтпаңыз, тек сізден басқа ешкім байқамайды соны...

– Сені бастық іздеп жатыр еді, хабарласпады ма? – деді вахтер кемпір кілтті беріп жатып. 

– Жоқ...

–   Алдымен әнебіреу, кім еді, әәә, режиссер Серікболсын келіп сұраған, Інжу келді ме деп, одан соң Гуля да келіп кетті сені сұрап.

– Қай Гуля? 

– Қай Гуля болушы еді, хатшы дағы. Театрымыздың ең сұлу қызы кешікпейді, ол күннің шуағын жиып алып бірақ келеді дедім.

– Жанашырым менің, осы қаланың жігіттері байқамайтын сұлулығымды сіз ғана көресіз. Жарайды, алдымен бастыққа барайын, сыйақы беріп қалар, бәлкім... Інжу өз сөзіне өзі күліп жіберді.   

Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз әдеттегідей тәтті тоқашпен шай ішіп отыр екен. 

– Жайша іздеп жатыр ма? 

– Білмеймін, маған айтпайды ғой, – деді сызыла. «Иә, сенің білмейтінің бит ішінде ғой». Ішінен айтты әрине. 

– Біреу бар ма? 

– Режик екеуі отыр, жаңа спектакль қоймақшы. Соған актерларды бекітіп жатыр.

– Бәсе, білмеймін дейсің...

Хатшы қабағын керіп, шайынан бір ұрттады. Маған не қыл дейсің деген түр танытты. 

Есікті қағып, басын сұқты:  

– Сәлеметсіздер ме? Іздедіңіз бе, Мәке? 

– Ааа, Інжу, кір, сені күтіп отырмыз.  

Өз креслосында шалқайып театр директоры Марат отыр. Үлкен столдың оң жағына Серікболсын жайғасыпты. Інжу кіргенде орындығынан көтеріліп, ілтипат танытты. Екеуі академияда қатар оқыған. Бұл актерлік бөлімде, Сико режиссурада. Сондықтан жақсы таныс. Тіпті жақсы таныс дегеннен де артық еді...

– Іздепсіздер ғой...?

Марат темекісін тұтатты.  

– Режиссеріміз «Қорғансыздың күнін» қоямын дейді... 

Құшырлана бір сорды да, екеуіне кезек қарады.

– Ғазизаны сен ойнасын деп отыр... 

Інжу екеуіне кезек қарады. Қалжыңдап отырған ешкім жоқ сияқты. 

– Ақанның рөлі жақын– ау осы саған, – деді директор. 

– Қалтай демегеніңізге шүкір... Інжудің даусы ащы шықты. Кекесінмен, ызалана айтты. 

Енді екеуі бірдей Інжуге тесіле қарады. 

– Несі бар? Сеніп тапсырсаңыздар, мен дайын.

Артық кеткенін түсінген директор, басын изеді де қойды. 

Інжуге еріп кабинеттен Серікболсын да шықты. Коридорда соңынан еріп келеді. 

– Егер қарсы болмасаң, саған өз ойымды айтсам деп едім. 

–  Пәк қыз болуды үйретесің бе?

 Серікболсын абдырап қалды. 

– Қорықпа, өткенді қайтара алмайсың. Маған жаңа амплуаға кіру керек. Сол үшін, енді сайқалдығымды қойып, баяғы Інжу қалпыма келуім керек. Сенімен кездескенге дейінгі…

Кабинетінің алдында состиып тұрып қалған Серікболсынның дәл алдынан есікті тарс еткізіп жапты да, айнаның алдына барып тұрды.      

Иә, екеуінің айтылмай қалған әңгімесі көп. Жігіт қанша оқталса да, аузынан бұл естігісі келген сөз шықпады. Естігісі келгенімен, айта ала ма, әлде жанын жаралайтын басқа сөз айтыла ма? Кім білсін, әйтеуір қашқалақтап жүргені. Бәлкім бүгін айтып қалар ма еді? Інжу орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Осы бір мінезін-ай... 

Күн артынан күн жалғасып өтіп жатты. Жаңа спектакльге дайындық қызу жүріп жатыр. Басқа актерлар образға еркін кіріп, режиссердің ойынан  шыққанымен, Інжуге көңілі бір толмай қалды. От шашқан қайратты көзі ұнамайтын көрінеді. Бұйығы, әкесі мен бауырынан айырылып, қайғыдан қайысқан Ғазизаны көре алмадым деп, күнде ренжиді. Өзіне сеніп тапсырған алғашқы басты рөл болғасын, қанша талпынып, тырысса да, қоюшының талабынан шыға алмады. Оны өзі де сезіп, бас тартуға да талай талпынды. Бірақ өр мінезі жіберер емес. 

Бұлардың рөл алып, репетицияға кіріскеніне де айдың жүзі болды. Бастапқыдағыдай емес, Серікқалиды жиі көруге үйреніп қалды. Тіпті көзінен бір сәт таса қалса, іздейтін халге жетті. Бұған қараған қиық көзі мен қалың кекілінің астынан сынай қарағанына да бойы әбден үйреніп алған. Екеуі бөтен адамдардай емес, бұрынғы студент кездеріндегі қыз бен жігіт қалпына қайта оралмасын екеуі де білсе де, бір-бірін бұрыннан танитын адамдар екенін өзгелерге сездіріп қойып жүр. Інжу ара-тұра назданып қойып, мойнына асылмаса да, тым жақын тұра қалатын болған. Бұл өзгерісті әріптестері де байқап жүр. Бірақ екеуі де сыр алдырмаспыз дегенмен, екеуінің қылығын сырттай қызықтауға көшкен. Осының ақыры немен тынар екен дегендей, бір өзгерісті күтіп жүргендері анық еді.

Жас режиссер театрға жаңа леп әкелді. Бұрын демалысқа қарай актерлaрдың көбі тойға шығушы еді, немесе басқа қырық сылтау айтып, кешкі қойылымнан соң тез кетуге асығатын. Жігіттердің көбі асабалық етсе, қыз-келіншектер жағы беташар айтып, немесе ән салып нәпақа табатын. Әртістердің айлығы шайлығына жетпейтінін білетін басшылық мұндайға көз жұмады. Басқа амалы да жоқ еді, өйткені дөкейлердің тойына кей-кейде өзі де жұмсап жібереді. Серікболсын демалыс күндері актерлардың, әсіресе жастардың басын қосып, ойын-сауық ұйымдастыратын болды. Ақындардың, әсіресе әлі таныла қоймаған жастардың өлеңдерін оқиды. Өзі лирикаға құмар. Мұңды өлеңдерді бірінен соң бірін елжірей оқығанда, режиссер емес, актер мa деп қаласың. Кейбірін авторын атамай оқиды. Басқалары олардың мәтініне елтіп назар аудармағанымен, Інжу бұл өлеңдердің авторы Серікболсын екенін іштей сезеді. Сондай кештердің бірінен шыққанда, Серікболсын шығарып салмақ болып бірге жүрді. Інжудің үйі тым алыс болмаса да, әжептәуір жер еді. Қарашаның басы, қар түспесе де теріскейдің ызғарлы желі орай соққанда әлі қысқы киімді шығармай қоңылтақ киінгендердің қойын-қонышына кіріп, дірдектетеді. Екеуі тіл қатпай ұзақ жүрді. Бүгін өлеңдерді, әсіресе белгісіз ақынның өлеңін талқылап біраз отырып қалған еді, көшеде бейсауат жүрген ешкім көрінбейді. Тек көшемен ызғытып өтіп жатқан көлік көп. Үйге жақындай бергенде алдарынан теңселе басып келе жатқан екеудің сұлбасы көрінді. Інжу жігітті қалай қолтықтай алып, бауырына тығыла түскенін өзі де байқамай қалды.  

Есіл алдына жеткенде екеуі үнсіз біраз тұрды. Денесі мұздай бастағасын, шарфымен қымтана бергенде Серікболсын ақырын жақындап, үндемей ғана ернінен өпті. Інжу сәл ғана алға ұмсынды да, бойын тез жинап алды. 

– Рахмет  шығарып салғаныңа, сау бол, – деп, теріс айналып подъезді ашты. 

Жүгіре басып екінші қабатқа көтерілді де, арқасын қабырғаға тақап тұра қалды. Бойы қалтырап барады. Әйнектен сыртқа қарап еді, жігіт кетпей әлі тұр екен. Жылдам басып өз қабатына көтерілді. 

Үйге кіріп, жуынып, шайын ішкесін әпкесіне бейнеқоңырау шалды. Артында ұлы жүгіріп жүр екен. Жездесі Құспек екеуі он жыл күтіп, туған жалғыз ұл. Шешесінің арқасына асылып, ол да телефонның экранына  телміріп тұр. Басын қисайта қарап, жымиғанын біреуге ұқсатты. Иә, өлең оқып тұрғандағы Серікболсыннан аумайды. Інжудің көзіне жас тығылды. «Кешірші, кешірші мені, балапаным», деп қалай күбірлегенін өзі де білмеді. Әпкесі Меруерттің «не дейсің,  қаттырақ айтшы»  дегенін де естіген жоқ. Көз жасын көрсетпеу үшін телефонды тастай салды. Ар жағынан баланың «Әпкем неге жылап отыр?» дегенін естіді де, өкіріп қоя берді... 

Екеуі танысқаннан-ақ бір үйдің баласындай болып кетті. Тіпті жатақханадағы бөлмелері де іргелес болатын. Бірінші курста басталған  достығы бара-бара махаббатқа ұласып кеткенін өздері де байқамай қалды. Академияның соңғы курсына жеткенде, екеуінің ертең қосылып, шаңырақ көтеретіндеріне курстастары, тіпті туыстары да күмәнданбайтын. Серікболсынның қалада тұратын аға-жеңгесінің,  Інжудің апа-жездесінің үйіне бірге бара беретін. Балалардың туған күндерін бірге тойлап, жаңа жылды бірге қарсы алып, жүре беретін. Солардың арқасында екі жақтың да ата-анасы хабардар болсып, сырттай сұрастырып, тойға да қамдалып жүрген еді. 

Бірақ бәрі бұлар ойлағандай болмай шықты. Сәуірдің тамаша кештерінің бірі еді. Жатақхана алдындағы бақтағы ағаштар бүршік жарып, көктемнің лебі есіп тұрған. Кітапханадан шыққан Інжу асыға басып жатақханаға жеткенде, алдынан ұзын қара плащ киген бір қыз бен бөлмеде тұратын бірге құрбысы Сәуле шықты. 

– Міне, сен іздеген жерлесің, –  деп Інжуді нұсқады. – Салтанат сені іздеп келіпті ауылдан. 

Інжу қызға тесіле қарады, бірақ кім екенін есіне түсіре алмады. 

–  Інжу, бізге сөйлесу керек. Серікболсын туралы...   

Серікболсынды көрмегелі үшінші күн, телефоны өшірулі. Жеңгесі Самалға хабарласып еді, өздері де іздеп жүргенін айтып, көңілін күпті қылып қойған. Тіпті, ұшты-күйлі жоқ болып кеткен жігітке ренжулі еді. Содан бір жаман хабар әкелді ме деп, тізесі дірілдеп кетті. Танымайтын не қылған жерлес деп, таңданысын жасыра алмай тұрған Сәулеге қарамастан екеуі баққа қарай жүрді. 

–  Иә, қайда жүр Серікболсын?, – деді Інжу.

–  Білмеймін, қайда жүргенін, телефоны өшіп тұр. Өткенде кездескенде «Енді маған жолама, екеуіміздің кездесуіміз – өмірімдегі үлкен қателік болды» деп, теріс айналып кеткен. Қателігі міне...

Қыз плащының түймелерін ағытып, өңірін ашты. Іші домаланып қалыпты.  Інжу не айтарын білмей, абдырап қалды. «Қалай, қалай, мені алдаған ба? Мен сеніп едім ғой оған,  неге, Құдайым, неге бұлай? 

Серікболсын осы оқиғадан үш күн өткесін ғана келді. Кешірім сұрап, аяғына жығылғанымен, мастықтың буымен қателескенін айтып, қанша ақталса да, Інжу жібіген жоқ. Ақыры бір аптадан соң ауылына кеткенін естіді. Дипломды да келесі жылы қорғайтын болып, демалыс алғанын құрбысы айтты. 

Дипломдық жұмысты жетекшіге көрсететін уақыт та жақындады. Соңғы уақытта бар ойы мен уақытын Інжудің жүрегі лоблып, өзін жайсыз сезініп жүргесін дәрігерге көрінген. «Сіз жүктісіз» дегенді естігенде есінен танып қала жаздады. Дем жетпей біраз отырды да, кабинеттен жүгіріп шықты. Емхана алдындағы скверге жеткесін ғана көз жасына ерік берді. Ақыры, әпкесі Меруертке  қоңырау шалудан басқа жол жоқ екенін түсінді... 

 

***

 

 Інжудің соңғы кезде томаға-тұйық қалыпта жүргенін әріптестері   образға кіргенінен деп топшылап жүрді. Ішіндегі алай-дүлей сезімнің арпалысын өзі ғана біледі. Кейде репетиция ортасында отыра қалып, жылап та алады, кейде орындыққа отыра кетіп, өз ойымен өзі әлек болып, меңіреу қалыпта отыра береді. Ешкіммен амандаспайды, режисссердің сөзін біразға кіріп кеткені сонша, соңғы кезде өзінен өзі өксіп жылай беретінді шығарды. Көзін жұмса алдына Ғазиза келе қалады. Өңірі ашық, шәлісі жер сыпыра сүйретілген күйін молаға қарай жүріп барады. Көзінде жас жоқ, тек торығу мен шарасыздық қана. Шәлісі де түсіп, боран қуалай жөнелді. Адамдай басып, жас моланы құшақтай құлай кетеді де, «Кеш мені, әке» дейді. Осы бейне қанша арылайын, қанша ойламайын десе де, көлбеңдеп өте береді, өте береді... 

Қойылым сәтті өтті. Ғазизаның образға кіргені сонша, әр сөзі жүректен шығып, әр қимылы бейкүнә жас қыздың жан тебіренісі мен шарасыздығына күмән тудырған жоқ. Спектакль бойы көрермендердің көзінен жас тоқтаған жоқ, қоштасар сәтте қайта-қайта қол шапалақтап, әртіcтерді сахнадан жібермей ұзақ ұстады. 

– Инженю, браво, браво!

Бұл артқы қатарда отырған Света апайдың дауысы еді. 

– Инженю деген кім? Актрисаның есімі Інжу емес пе еді?, – деді қасында отырған мосқал адам. 

–  Инженю – амплуа! Таза, періште қыздың бейнесі.

Таңдана қарады да, ойына бір нәрсе есіне түскендей, басын изеді.

 Света орнынан тұрып, залдан шығып кетті. Көрермендер әлі қол соғып тұрған еді. 

Серікболсын театрға премьерадан кейін үш күннен соң келді. Фойеде жылап отырған Света апай мен оны жұбатып тұрған үш актрисаны көрді. Хатшы Гуля су толы стақан ұстап тұр екен. Вахтердің көзі бұлаудай болып ісіп кеткен, өксігі басылып, көзінен жас та шықпайды. Тек ара-тұра ықылық атып, үнсіз кемседеп отыр. 

–  Не болды, амансыздар ма?

–  Естіген жоқсың ба?, – деді хатшы бұған бұрылып. 

–  Нені естуім керек еді?

–  Інжуді үш күн іздеп, әрең таптық. Есі ауысып кетіпті, жындыханада жатыр дейді... 

Біреу Серікболсынның үстіне мұздай су құйып жібергендей болды... 

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар