Мұхтар Мағауин: «Туылған» мен «өлінген» (жалғасы)

Бөлісу:

11.06.2016 2660


6c31c5657ae0ab7c824e5268ac374fb6-ms224bc1ghxnrli8kyvhc6z1dow0hrbfdplwzwhlea.jpg

«Қараша». Ағымдағы баспасөзде жиі ұшырасады, бұқара жұрт, еңбекші қауым, жалпы халық мағынасында. Барды бұрмалаудың әдепкі бір көрінісі. Бұл бұзылған сөздің түп төр­кіні – «қарашы». Арғы заманда ханның кеңесші бегі: «Хан қасында қарашы» деген мәтел де бар. Кейінірек, «ақсүйек» емес, «қара халық», «қалың бұқара» мағынасына көшкен: «Ханның жақсы болмағы – Қарашының елдігі, – Қарашы халқы сыйласа, – Алтыннан болар белдігі», – деген Бұқар жырау, Абылай ханға айтқан уағыз тол­ғау­ларының бірінде. Барлық жазба нұс­қа­ларда айта-қатесіз – «қарашы». Ал «қараша» – «қарақоңыр» деген сөз, мәселен, «қараша үй», ақбоз емес, жыртық-жамау да емес, орта жағдай­дағы киіз үй. «Қараша» айы бар, ол мүлде басқа.


Сонымен, «қараша халық» емес, «қарашы халық» болды.


«Қар барысы». Бұл – «снежный барс»-тың тікелей аудармасы. Орыс­тың көлеңкесі жоқ кезде Алатау мен Ерен-Қабырға, бүткіл қырат Азияда ғұмыр кешкен, қазірде мүлде сиреген, мысық тұқымдас, қожбан, жырт­қыш аң – қазақша атауы «ірбіс». Күні кешеге дейін осылай жазылып келді, тіл білместердің соңғы төрт-бес жылда жеткен табысы.


«Қорған». Мүлде масқара болдық. «Есік қорғаны…» «Қазақ даласындағы ежелгі сақ қорғандары…» Қайдағы қорған, қандай қабырғалы қамал? Орысшаға көшірсек, «крепость», немесе «крепостные сооружения» – бекіністі құрылым екен. Біздегі қаптап кеткен «қорған» – сол орыстың түрки­ден еніп, мүлде басқа мағынаға ие болған «курган» сөзінің нақпа-нақ көшірмесі. Бірақ айттық, қазақша «қорған» сөзінің жалғыз-ақ мағынасы бар – қамалды, қабырғалы берік шеп. Ал Есіктегі – Алтын адам табылған, Алтайдағы Құдырғы, Пазырық және басқа да тараптағы біразы зерттелген, көпшілігі сол қалпында тұрған, қазыналы немесе әлі де ашылмаған, жұмбақ кейіпті, қадым замандарда елбасы, рубасы, батыр, бағлан кө­семдер жерленіп, қабір үстіне қолдан үйілген үлкенді-кішілі, қисапсыз, жасанды төбешіктердің қазақтағы бағзы, күні бүгінде әдеби қолданыс­тағы атауы – «қорым!» Кейде «мықтың үйі» деп те аталады. Бала кезімізде үлкен әкелеріміз: «Қазақтан бұрын бұл өлкеде мық деген халық болыпты, солардан қалған белгі» деп ұғындыратын. Аңыз, ауызекі айтылым бойынша «мықтың үйі» деңіз, оған арнайы түсінік қажат деп санасаңыз – жалпыға ортақ, әдеби «қорым» бар – тек қана «қорған» емес! Біздің қа­зақша түртпейтін шалағай та­­­­рих­­­шы­­ларымыздың орысша жа­зылған еңбектері арқылы таралған «курган» қазақшаға «қорған» қалы­бында қотарылып, тарихи таныммен қатар, таза тілімізді де бүлдіріп жатыр. «Есік қорғаны…» емес, осы шаршыда және басқа да төбешік, төм­пешіктердің орнында ешқашан еш­қандай «қорған» болмаған, әуел бастан-ақ тасты, топырақты үймек – «қорым!» «Есік қорымы», «сақ қо­рымдары» – міне, дәп осылай. (Көне қыпшақ және қазіргі кейбір түрік тілдерінде «оба». Мәселен, Қырым­дағы, әлемге әйгілі мәдени, тарихи қазыналар шыққан «Күл-Оба» және соған қарайлас «Қара-Оба», «Алтын-Оба» һәм басқа да «обалар». «Оба» жалғанымы Қа­зақстан шегіндегі кейбір қорымдар атауында сақталған, айталық, Батыс өлке, Бөрілідегі «Қы­рық-Оба». Алайда, жекелей алғанда, қазіргі қазақтағы «оба» сөзінің мағ­насы мүлде басқаша: бұл – әдетте тоқал төбешік, шоқы биіктер басында атаулы белгі, немесе қарауыл көлегей ретінде тастан қалап, ор­нықты тұр­ғызылған, асса кісі бойы, немесе одан да аласа, ұзыншақ , көрнекі нысан.)


«Қызметші». Мұндай сөз қазақта ежелден бар. Бұрнада үй шаруашы­лығында жүретін әйел, қора тазартып, қар күреп, қи оятын еркек, яғни, құл мен малайдан бір саты ғана жоғары, басы бостан, әйтсе де тіршілік қамындағы кіріптар жан. Бүгінгі қазақ жетік білетін орыс тіліне көшірсек – «слуга», «прислуга». Ке­йін­де советтік, әкімшілік кеңселе­рінде, мектеп және басқа да жайларда от жағатын, үй сыпыратын, еден жуатын қызметшілер пайда болды – «уборщица», бүгінде кез келген байшыкештің мекен-тұрағын, бақша-бауын қарайтын, күнделікті тұрмыс қажетін атқаратын бірнеше, тіпті, ондаған қызметшісі бар. Кемсіту емес, әркім жағдайына қарай жұмыс жасайды, адал еңбектің бәрі орынды, алайда, қандай да бір нәрсенің төл атауын бұрмалауға болмайды: «қыз­мет­ші» дегеніңіз – «слуга». Ал бізде бәрі «слуга» болып кетті, «мемлекеттік қыз­метші», «әскери қызметші», тағы бірдеңе «қызметшілер». Күні кеше ғана, осындай, қол жұмысы, әдепкі жиым-теріммен айналыспайтын, бірақ белгілі міндеті бар кісілер – «қыз­меткер» деп аталатын еді: «мем­лекеттік қызметкер», «әскери қыз­мет­кер», «кеңсе қызметкері», «ғы­лыми қызметкер…» Әрине, барлығы да «данагөй елбасы» мен «егемен елдің» қызметінде, бірақ «қызметші» емес, «қызметкер». Жаман болар, жақсы болар, әр нәрсенің артық емес, кем емес, өзіне ғана тән анықтамасы бар дедік. «Қызметші» бір бөлек, «қызметкер» бір бөлек. Әрқайсы өз орнында тұрғаны жөн.


«Небәрі». Біз ес білгеннен бастап, бұқаралық баспасөзде теріс қолда­нылып келе жатқан сөз. «Колхоз (совхоз) өзінің шөп шабу (жер жырту, егін жинау, т.т.) жоспарын небәрі жүз жиырма (жүз қырық) процент орындады…» Оқушы кезімде таңғалатын едім. Сонда жүз жиырма (жүз қырық) процент, бүгінгіше жүз жиырма, жүз қырық пайыз жетімсіз болғаны ма? Одан бері алпыс, жетпіс жыл өтті, колхоз тарады, совхоз күйреді, «небәрі» әлі күшінде тұр. Жиынтығы деген мағынада. Шындығында, керісінше. «Небәрі» – «қанағатсыз» ұғымын бермек, бар болғаны осындай-ақ деген сөз. Көпе-көрнеу жаңсақ қолданыс, бірақ әлі күнге түзелмепті.


«Өзіне қол жұмсау», «өзіне қол салу». Бүгінгі қазақ баспасөзінде «суицид», яғни өзін-өзі өлтіру мағы­насында жаппай қолданылады. Бұр­нағы жұртымызда болмаған сұмдық. Кемел жастағы әйел мен еркектің, әсіресе, кәмелетке толмаған, жаңа толған өспірімдердің ерікті түрде өмір­ден кетуі – шетін оқиға емес, әдепкі жағдайға айналыпты. Бұл ретте біздің егемен республикамыз әлем­дегі, бар жағынан дамыған, ен­дігі «қатарына қосылып қойыппыз» дейтін елу мемлекет тұрыпты, арман болған таңдама отыз елдің де алдына түсіп, тіпті, ондық, бестік қана емес, алғашқы үш орынның біріне шыққан сияқты. Себеп, салдары қандай болса да, бәрін түгел жасырып қалу мүмкін емес, сыздықтап баспасөзге өтіп кетеді. Орысшасы анық: «самоубийство», немесе ха­лықаралық «суицид». Қазақ тілінің тазалығы үшін күрескер «тіл жанашырлары» бүткіл техникалық, ғылы­ми, саяси және әлеуметтік термин­дердің бәрін «қазақшалап», елу жылда арылмас былық ботқа жасады, сондықтан ешбір жат сөзге орын жоқ, орысшадан тікелей аударамыз. «Самоубийство» – «өзін-өзі өлтіру» болады екен, тым дөкір, біздің бүгінгі шат-шадыман өмірімізге үйлеспейді, сондықтан сыпайырақ анықтама ізделеді. Ақыры таптық – бұл төтенше пәлекет крепостник-құлдық заманынан бері үйреншікті қалыпқа түскен орыс жұртының байырғы тілінде «наложить на себя руки» деп аталады екен, қазақшаға нақпа-нақ аудара саламыз: «өзіне қол жұмсау», «өзіне-өзі қол салу» болып шығады. Мән-мағынасы түсінікті сияқты. Тиесілі деректерге тіркелген себепті түсінікті, бірақ қазақ тілінің оралымына мүлде қайшы, теріс құрылым. «Қол жұмсау» – қашанда ұрып-соғу мағынасын берген. Мәселен, әлдебір мас, немесе нойыс еркек «әйеліне қол жұмсайды». Алдағы өмірден ешқандай сәуле көрмеген әлдебір бейбақ бала немесе азапты тіршіліктен түңілген әйел мен еркек «өзіне-өзі қол жұмсаса», көлденең көмексіз, өзін-өзі сабаған болып шығады. «Қол салудың» хик­меті бұдан да сорақы. Кәдімгі қазақ тілінде «қол салу» – әйел затына көңіл білдіру, жай ғана айналдыру емес, қойынға шақыру, жыныстық қатынас­қа талап деген ұғым береді, айқын орысша нақтыласақ – «сексуальное домогательство», еуропа тілдерінен аудармасы. Ал қазақша «өзіне қол салды», – «өзін-өзі қоздырды» болып шықпақ. Енді қайттік? «Аллаңнан ойбайым тыныш» дегендей, манағы тәркі болған «өзін-өзі өлтіру» қабыл­дануға тиіс. Немесе жат жұрттың салқыны, жат жұрт әкелген замана ыңғайы, тіршілік салтымызда болма­ған жат ұғым сол озық халықтар лұғаты бойынша, «суицид» аталсын. Өмірде күнделікті болып жатқан жағдай және жыл өткен са­йын бес, он пайыздан көтеріліп ке­леді, тілімізге тезінен сіңісіп кетпек. Қайткенде де, дәп қазіргі «жалпы жұрт байлыққа бөккен, бар жағынан бірдей жетілген» кезімізде бұл сұмдықтың өзінен де, сөзінен де құтылу тым қиын болып тұр.


«Майор». ХІХ ғасырдағы отарлық заманға, әдебиет тарихына қатысты зерттеу еңбектерде қолданылып жатыр. Көп білгеннің бір пайдасы. Дулат ақынның толғауларында: «Майырдың алса бұйрығын, – Борбайға қысып құйрығын, – Ел пысығы жортады», – деген сөздер бар еді. «Абай жолы» романында да әлденеше жерде (кейінгі басылымдарда түзетіліп кетпесе) «майыр» аталатын. Бүгінгі бі­лермендер бұл сөздің түп-төркінін нақты тауыпты – «майор» екен, осыған дейін түсінбестікпен жаңсақ жазылып келген. Дулат – оқымаған кісі, ал Әуезов… даналардың да қателесетіні бар. Бұл «майыр» – қазақ арасында қалыптасқан тарихи атау екенін байыптауға өркеуде сенім мен кенен білік бөгесін жасаған. «Майор!» Ал «майыр» – патша өкіметі орнатқан дуан әкімшілігінде аға сұлтаннан кейінгі, шын мәнісінде барлық жағ­дайды бақылап, тексеріп, тежеп, ба­ғыттап отыратын, орыс текті шенеу­ніктің әскери атағы емес, мәртебесі. Әуелде әлдебір майор болуы мүмкін. Одан кейін майор ғана емес, штабс-капитан, бәлкім, подполковник, тіпті, хорунжий. Қарқара­лыдағы, Семей, Көкшетаудағы орыс әкімі атаулының шен дәрежесі әрқилы болуы мүмкін, бірақ қазақ үшін бәрі де «майыр». Осылай, түзетусіз жазылуға тиіс.


«…Оқулары». «Абай оқулары», «Әуезов оқулары» т.б. Осы жақында «Таңжарық оқулары» деген тақы­рыпқа көзім түсті. Абай да, Әуезов те өздері оқып жатқан жоқ, осы кісілер турасындағы үлгілі сабақ, талдау, талқалау, таным ғой. Күні кеше ғана «дәрістері» деген анықтама қосы­латын еді: «Абай дәрістері», «Әуезов дәрістері». Аяқ астынан жаңа бір қисын шығармай, осы, тілімізде бір­шама орнығып барып кейін ысырыл­ған, мағынасы дәлме-дәл, әрі айқын «дәрістерге» қайтып оралуымыз қажет.


«Ортанқол». Әдеби сында «ортанқол шығарма», әдепкі, әрқилы мақалаларда «ортанқол дүние» дейтін баға айтылып жатады. Керемет шығарма, керемет дүние емес, орташа, жұпыны деген мағынада. Ортан қол ұғымы – батыс жұрттарына керісінше, біздің халықта «озық» деген сөз. Қолдың ортаңғы, ұзын саусағына теңеуден шыққан. «Ортан қолдай азамат» дейді біреуді мадақтағанда. Сондай-ақ, «ортан қолдай, көрнекті роман». Бұл жерде бар кілтипан «ортан қол» мен шынында да орташа «ортақол» шатысып, орындары ауысып кеткен. Кез келген жөндем сөздің бір қарібін өзгертіңіз, не болып шығар екен. Білместік қана емес, әуелгі бір салақтық нәтижесі. Бізде қанша айтсаң да қате түзел­мейді, тіркесе созылып, мәңгілікке дейін жалғасып кете бермек. Осы айтылып отырған «орташа ортан қол» ғана емес, қатарлас басқа лепесіміз­ден соң да әлдене оңалып, жөнделеді деп ойламаймын, әйтеуір бізден сөз қалмасын деген далбаса. Бірақ бастап қойған соң, межелі жерімізге жетейік.


«Сусамыр». Сырқат атауы ретінде қолданылып жүргеніне көп болды. Тіпті, арнайы сөздіктерге еніп кеткен. Орысша «сахарный диабет» – «қант диабеті». Біздің жаңаға құмар «тіл жанашырлары» қайткенде де, тіпті, орыс та емес, арғы шет тілдік «диабет» сөзінен құтылу үшін, осындай жаңа термин ойлап тапқан. Сөйтіп, қазақтың «сусамыр» дейтін тамаша бір сөзі кәкәй болып шықты. «Суса­мыр» – қырат, таулы аймақтарда өсетін, әдетте түйе жейтін, дәрілік емі бар, хош иіс, өзгеше шөп болса керек. Алатаудың қақ ортасын ойып алып жатқан атақты Сусамыр жайлауы бар. Көлденеңі кейбір тұста 30-40 шақырымға жетіп, ұзына бойы 150 шақырымға дейін созылады. Бүгінде бастан-аяқ қырғыз иелігінде. Теңіз деңгейінен екі-үш мың метр биікте, біздің Шалкөде мен Қарқара сияқты, өзгеше құнарлы қоныс. Бұдан жүз жетпіс жыл бұрын және одан да арыда түгелімен болмаса да, басым бөлігін қазақ жайлаған. Сөз жоқ, сол ескі заманда шыққан, «Сусамыр – елдің жайлауы» дейтін, әуезді, әдемі ән де бар. Кенесары ханның сатқындық нәтижесіндегі қапыл қазасынан соң, осы айныма қазақтар кері сүріліп, қырғызға біржола өтіпті. Совет заманындағы жұртымыз бұрнағы сағыныш есесіне, төменгі бір пұшпағын жалға алып, жаз айларында еркін көсілген. «Қант диабетінің» жайлауы емес, туырылған басқа көгімен қоса, әйгілі шөбі де мол болғандықтан, «Сусамыр» атанған. Қазақстан астанасында «Сусамыр көшесі» бар екен. Қант диабетиктері бас құраған көше емес, тәрізі, атақты жайлау есімінде және ағайындас қырғызға құрмет белгісі болса керек.


Сонымен, әдемі «Сусамыр» сөзін қатерлі сырқат атауына көшіру – «ұлтшылдық» танымның кезекті бір сорақы көрінісі болды. Ал шынды­ғында, бұл дерттің қазақша атауы бар еді – «сусақ». Негізгі бір белгісі – тынымсыз шөліркеу, суды мөлшерсіз көп ішу десек, «сусақ» – «суға құмар» деген сөз, малға бейім, малды жақсы көретін баланың «малсақ» атанатын жорасымен. Бұл сөзді мақұл көрме­сеңіз – «қант диабеті». Медицина термині. Қайткенде де «сусамыр» емес.


«Толағай табыс». Қате ұғынылып, журналистер тарабынан жаппай қолданысқа түскен сөздердің бірі. «Телегей», немесе «толайым» сөзде­рінің әсерімен қабылданған сияқты. Шын мәнісінде «толағай» – «жала­ңаш», «тықыр» деген соз. Топоним орайында – панасыз оқшау, бұта, дарақсыз жадағай тау – мен білгенде Арқада және Шығыста осындай аттас екі шоқы бар. Махамбеттегі «толағай» – қазір айтылып жүргендей, «қу бас» емес: «Темір қазық жастанбай, – Қу толағай бастанбай…» – мұнда «қу толағайдың» «жастануға» қатысы жоқ, «шашың түскенше», «басың ағар­ғанша» деген мағына бермек. Қайткенде де «толағай» – молшылық, дарқандық белгісі емес. Яғни, «тола­ғай табыс» – ешқандай дерексіз, тіпті, теріс мағынадағы сөз.


«Түркі». Қазақ баспасөзі мен кітаптарда соңғы жиырма-отыз жылда «түркілер», «түркі халықтары», «Түркі қағанаты» дейтін атаулы сөздер кеңінен қолданылып жүр. Қазақ тілінің ішкі үйлесімі бойынша, «түркі» дейтін сөздің ешбір оғашы жоқ, бірақ бұл – зат есім емес, сын есім – «қазақы» деген тәрізді; адами, кәсіби, ғылыми – бәрі бір орайда. Сондықтан «түркі» – мүлде басқаша ұғым бермек. (Осыған қарайлас «түрки» бар – яғни «түрік тілі».) Тарихи тұрғыда негізі жоқ, теріс қана емес, қисынсыз: «қазақ» этнонимін «қа­зықа», немесе «қызақ» деп түрлен­дірген сияқты. «Түркі» дейтін халық та, «Түркі қағанаты» дейтін мемлекет те болмаған, сондай-ақ, бүгінгі, түп негізі бірлес, тілдері үйлес, ағайын жұрттардың ортақ атауы да «түркі» емес. Бұл жер астынан жік шыққан барлық «түркінің» ақиқат түбірі – «түрік». Орта ғасырлар тарихында жарым әлемге қанат жайған, құдірет-күші кенеусіз «Ұлы Түрік қағанаты» болды, мемлекетке ұйытқы, негізгі халық – «түрік» атанды. «Мен – Тәңірі текті, Тәңірі сыпатты түрік Білге-қаған… Түрік жұртым үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым…» Бұл халық тарихтың келесі кезеңінде бүкіл Еуразия құрылығына таралды. Ұрпақтары уақыт оза келе әрқилы аталғанымен, бәрі де түрік жұрағаты болып қала берді. «Түрік халықтары» дейтін ортақ атау – Еуропа ғылымын­да, бар тарихта біржола қалыптасты (орысша – әуелде «татарские народы и племена», кейінірек Батыс әсе­рі­мен «турецкие народы»). Ежелгі тарихты кәміл таныған қазақ зиялылары да XX ғасырдың басында осы «түрік» этнонимін жаңадан жаң­ғыр­тып, жалпыға ортақ «түрік халық­тары» атауын қатарға қосады. Қайта­дан ту көтерген Алаш мемлекетінің гимні: «Арғы атам – ер түрік, – Біз қазақ еліміз!» – деп жариялаған. Бұдан соң: «Ежелден ер түрік, – Оқ тескен етіміз, – Қасқарып, қайтпаған, – Еш жаудан бетіміз!..» – деп шалқиды. Алаш ардагері Әлихан Бөкейхан қашанда: «Біздің түрік текті қазақ халқы…» – деп жазады. Аз-мұз кейінірек Мұста­фа Шоқай бауырлас, туыстас бүткіл «түрік халқына» жар салады, оның ішінде жігерлі, жаңашыл «түрік жастарына» ұран тастайды. Осы екі аралықтағы Сұлтанмахмұт, туған жұрты, оның өткендегі тарихы мен өз тұсындағы ахуалын салғастыра келе: «Бұлардың түрік еді арғы заты, – Әлемді тітіреткен салтанаты, – Бүгінде азып, тозып, күлкі болған, – Бұлар да сол түріктің жұрағаты!» – деп күйінген – жүз жыл өтсе де, әуелгі күшінде тұрған лепес. Қайткенде де – түрік, түрік және түрік халықтары! Тек біз ғана емес. Ресей шегінде отарлық күн кешкен бұлғар (қазан татарлары) мен башқұрт, және Қырым түбегін, Қапқаздың қырқасы мен қаптал етегін қоныстанған ағайындар, тіпті шыбаш пен сақа-якутке дейін түгелдей ежелгі «түрік» негізіне ден қойыпты. Ал Бірінші Жихан соғысынан соң Ежелгі Осман империясының түпкі қонысында қайта құрылған мемлекет – Ата-Түріктің басшылық, нұсқауымен «Түркие», «Турк жумхурияты», яғни Түрік республикасы деп ресми түрде атала бастаған. Енді Ресей империясы шегінде комму­нистік қызыл орыс өкімі біржола орныққан кезде, дағдылы «түрік» этнонимі екі тармаққа ажыратылады: Анадолы түрігі – «турок», «турки», ал қалған барлық түрік қауымының атауы – «тюрки», «тюркские народы» болып өзгертілді. Бұл жіктелу – 1926 жылы Бакуде өткерілген, тілге, мәде­ниетке қатысты көптеген мәселелер оңымен шешіліп, латын жазуына жаппай көшу туралы қарар қабылданған айтулы оқиға – «Бүкілодақтық Бірінші түркология құрылтайында» («Первый Всесоюз­ный Тюркологический съезд») ресми түрде қабылданған болатын. Әлбетте, жоғарғы өкімет нұсқауы әрі дәп осы кезде айырым елеусіз көрінген, өйткені, осы «тюрк» халықтарының барлығының өз тілде­рінде аталу да, жазылу да бірегей – «турк», «түрік» болып қала бермек. Және дәп солай жалғасты. Біздің қа­зақ ғылымында да, шамамен 1970 жылдарға дейін «түрік халық­тары» деп жазылып келді, ал өткен тарих­тағы ұлы мемлекет ешбір бұр­ма­сыз, «Түрік қағанаты» аталды. Алайда советтік орыс саясатында «Пантүр­кизм» дейтін үрейлі ұғым бар, бірте-бірте қазақтағы «түрік халық­тары» түп негізінен аулақтап, «түркі халықта­рына» айнала бастады. Ақы­ры, міне, әлі де бұғаулы бастың саясаттан тысқары ерікті ауыз заманында, манағы жасанды «тюрк» жобасымен, ежелгі «түрік» этнонимі мүлде қатардан шығарылған екен: «түрік» – ол Түркия халқына ғана тиесілі, ал қалған жұрт, оның ішінде қазақ та «түркі» болғаны мақұл. Осы ораймен жалбағай жазармандар Ежелгі Ұлы Түрік қағанатының бар тарихта тұрған, әлі де теріске бұзылмаған өзіндік атауына дейін өзгертіп салды: «Түркі қағанаты». Даналықтың ерекше үлгісі. Шындығында, бұрнағы, қағанат аталған мемлекет бүгінгі Түрік республикасынан шалғай, алыс бір қиырда жатыр ғой. «Түрік» деп танылуы қисынсыз, «Түркі» деп, нақты айғақтаған жөн. Өстіп, бұл «Түркі қағанаты» ағымдағы баспасөз беті­нен озып, бірте-бірте қазіргі тарихшы­ларымыздың «ғылыми» еңбектеріне көше бастапты. Есебі, осындай қисық пен қыңыр бар тарапта қатарға қосылды, ежелгі тарихи атауды ығыс­тырып шығарды деген сөз. Енді қараңыз. Жоғарыда айтқанымыздай; «Қазықа хандығы», «Қызақ Ордасы» деген жаңаша атауға тоқтау мүмкін бе. Мүмкін екен. Түрік қағанатын «Түркі қағанаты» деп отырмыз ғой. Айырымы қанша. Жоқ, мұндай бұрал­қы атаулар осы қалпында қалуға тиіс емес. Ерте ме, кеш пе, түзетілуі шарт.


Өткен мың жарым жылдық тарихта – «түрік», «Түрік қағанаты», кейінгі бес ғасырда аралары ажырап, әрқайсысы өз дербестігін тапқан қауым жұрттың ортақ атауы – «түрік халық­тары». Егер Осман империя­сындағы жұртшылық өздерінің арғы бабала­рының есімін сақтап қалса (шын мәні­сінде алғашқы президент Мұстафа Кемал қалпына келтірсе), бұл – тек қана сүйінішті жағдай, ұлттық сана­ның биік көрінісі, ал «түрік халықтары» дейтін анықтама – сені Түркиямен қосақтап, Ресей сияқты басыбайлы құлға айналдырып жібер­мейді. Азып-тозудың ең сұмдық белгісі – ата-анаңнан безу десек, түп тамырын теріске шығарған, туған халқының ежелгі атауынан жеріп, арғы тарих­тағы ұлы империясының есіміне дейін өзгерткен ғаламатты қалай бағалауға болады? Тексіздік, ұлтсыздық деп қазбаламай, ең жеңіл, бергі себебін айтайық – қара таны­маған сауат­сыздық аталады.


Мұхтар МАҒАУИН

Көкек, 2016,

Америка Құрама Штаттарынан. (жалғасы бар).

«Жас Алаш» газеті

Бөлісу:

Көп оқылғандар