Кеңес ЮСУП: Тәржімеші ана тілін жетік білуі қажет

Бөлісу:

30.06.2016 3572




юсуп кенес.jpg

Кеңес ЮСУП, жазушы, аудармашы: «Жүз жылдық жалғыздық» романының аудармасы айналасы екі-үш аптада тарап кетті


Жазушы, белгілі аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Кеңес Юсуп ағамыз көптен бері елге көрінбей кетті. «Арқалағаны алтын ағамыз қайда жүр екен?» деген мақсатта сонау Астанада жүрген қаламгерге хабарласып, бірнеше сұрағымызды қойған едік.



Туған елімнің қайталанбас табиғаты мен тарихи ескерткіштері туралы жазбағаныма өкінемін


– Кеңес аға, соңғы жылдары көптің көзіне көрінбей кеттіңіз. Не шаруа тындырып жүрсіз?

– Әлбетте, менің әуел бастан-ақ көптің көзіне түсе беруге құмарлығым болған емес, бірақ, ешқашан ешкімнен тығылып, оқшау күй кешкен кезім де жоқ секілді. «Сіздер ана жақта, біздер мына жақта» демекші, томаға-тұйық жатқан жайымыз және жоқ, баяғы қазақы қоңыр тірлік. Мемтерминкомның мүшесі ретінде соның іс-шараларына қатысып жүремін, жоғары оқу орындарында, мәдениет мекемелерінде көбінесе тіл және әдебиет, тағы басқа мәселелерге арналған жиындарға да шақыру түсіп тұрады. Ара-арасында қалам ұстағандардың басындағы белгілі жәйт – қағаз «тырнап» тұрамыз. 

Мойыннан қызмет «қамыты» түсіп, қолың босағаннан кейін ақ қағаз бен қара қаламға салмақ салғаннан басқа не істейсің? Әлбетте, бұрынғыдай түннен қалдырмай жазып тастайтын қауқар жоқ, әрі кесімді уақытын белгілеп, желкеңде қыдыңдап тұратын газет жоқ, сондықтан бір өшіріп, бір сызып деген сияқты өндіріп жазып тастай алмай, өзіңе өзің редактор болып, көңілің толмай қипақтап, қиналумен уақыт өткізіп жатқан жайымыз бар. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, 2006 жылдан беріде алыс, жақын шетелдердің танымал жазушыларының таңдаулы туындыларымен таныстыруды мұрат ететін «Әлем әдебиеті» журналын шығарудың қамына кірістім. Шүкір, журнал күні бүгінге дейін шығып жатыр. 

Әйтсе де, соңғы бірер жылдың бедерінде Әзілхан Нұршайықов, Жұмағали Ысмағұлов, Зейнолла Серікқалиев, Тоқтарбек Қызықбаев және Болат Бодаубаев жайында жазған очерк-эсселерім жарық көрді. Сондай-ақ, тіл және терминология турасындағы ой-пікірлерімді білдіретін бірер мақалалар жаздым. Енді бұған осының алдында көркем аударма қисындары туралы мақалаларды саралап, түзіп, тәржімелеп құрастырған екі жинақты және «Ресми мәтіндер аудармасы: сипаты мен ерекшелігі» атты өзімнің авторлық кітабымды қосыңыз. Бұл үш кітап 2011 жылдың соңында «Фолиант» баспасынан шықты. Терминком мүшесі ретінде талқыланатын салалық терминдерге қатысты рецензиялар жазып тұруға да тура келеді. Сондықтан да қол қусырып, қарап жатырмын деуіме болмайтын секілді. 


– Халық пен билік арасындағы «алтын көпір» саналатын БАҚ саласында ұзақ уақыт еңбек еттіңіз. Мемлекеттік қызмет саласына да аз тер төккен жоқсыз. Халық үшін істеген қадау-қадау істеріңіз есті жандардың есінде. Ал қолыңыз жетпей жүрген немесе істеуге мүмкіндігіңіз болмай жүрген «арман-айларыңыз» бар ма?


– Баспасөздегі қызметіме келер болсақ, өмірімнің бұл кезеңінің маған бергені менің оған бергенімнен әлдеқайда көп. Сіз «қадау-қадау еңбек сіңірдіңіз» деп дәрібімді біраз асырған екенсіз, әсілінде мен қызмет істеген газеттер мен журналдардың керісінше, өзіме бағыт-бағдар сілтеп, журналшы ретінде азды-көпті жетілуіме, аты-жөніміздің көрінуіне көбірек пайдасы тиген тәрізді. Осы қызметтің арқасында елімнің барлық аймақтары мен өңірлеріне жолым түсіп, жұртымның небір абыройлы да іскер, адал да әділ азаматтарымен таныстым, дәмдес болдым. Осындайда өкінетінім: сол азаматтарды барлық қырынан айшықты етіп көрсететін, көңіл түкпірлеріндегі сыры мен шынын ашатын сырлы сөздер мен көркем бояуларды таба алмаған тәріздімін. Әрине, оған журналистік қызметтің асығыстық сипаты мен ұлттық идеологияның өктемдігі де кедергі келтіруі мүмкін. Сонда да «арыдан тартып, астарлап айтуға болатын еді ғой» деген ой мүжиді, әлде, шеберлік шіркін жетіспей қинады ма екен?

Содан кейінгі жерде туған елімнің қайталанбас табиғаты, тарихи және табиғи ескерткіштері жайында мардымды ештеңе жазбаған екенмін. Басқасын айтпағанда, Батыста жатқан Үстірттің бәдізшілері бедерлеген тастары мен мына өзімнің туған Шығысымның, өз ауылымның қашшы шалдары, күні бүгінге дейін Өскемен мен Семейдегі теміржол көпірлеріне тіреу болып тұрған шегір тастары тұнып тұрған туындылар екен ғой. Әсілінде, бұлар ешқашан ескірмейтін, бояуы солмайтын, ешбір идеологияңызға бағынып, бас имейтін, тапқанға қыры таусылмайтын тақырыптар екен ғой. Несін айтасыз, соны кезінде ескермеппін.

Тәржімеші ең әуелі өзінің ана тілін жетік білуі қажет


– Сіз кейде Мемтерминкомның кейбір баламаларына қынжылыс білдіріп жатасыз. Сіздің ойыңызша, кірме сөздердің бәріне қазақ тілінен балама табу керек пе? 

– Бүгінгі таңда қазақ тілі терминологиясын қалыптастыру бағытында біраз істер тындырылғанын, лексикамыздың толығып, нығая түскенін әсте жоққа шығаруға болмас. Дегенмен, әлі де ана тіліміздің қадіріне жете алмай, байлығының байыбына бара алмай, жадағайлыққа ұрынатынымыздың күйіндірмесе де, ренжітетін тұстарының бар екені де рас. Айталық, ресми мәтіндерде жиі ұшырасатын «нормативные-правовые акты» деген тіркесті біз «нормативтік-құқықтық актілер» ретінде алып жүрміз. Осы орайда нормативтік терминін қазақтар ежелден қолданып жүрген қалпында «низамдық» деп алу жөніндегі ұсыныстың жолы оңғарылмай-ақ келеді. Арғы тегіне үңілсек, құқық та, низам да бізге арабтан ауысқан ұғымдар, ал осы тіркестегі норма да, акті де латыннан арна тартады. Ендеше, мағынасын дәлме-дәл беріп тұрса, әрі үндестігі де үйлесіп жатса, сөйлем құрылысына селкеусіз сіңісіп тұрса, әрі Ахмет Байтұрсыновтың өзі нақ осы мағынасында «Жаңа низам» кітабында қолданғанын ескерсек, онда бұл сөзді өзімізге енгізуімізге не кедергі? 

Кез келген сөзді, естегісі болсын, қолданысқа енді ғана енгелі тұрғаны болсын, мағыналық жағынан ешқандай күмән-күдік туғызбайтындай сәйкес келген жағдайда ғана алған жөн. Келесі бір ескеретін мәселе, баламасы таптырмай жүрген сөздер ұшырасқан сәттерде туысқан түркі халықтарының лексикасына көз салғанның артықтығы жоқ. 


– Аударғаныңызға неше он жыл өтсе де, қазірге дейін оқырман жадынан жоғалмаған «Жүз жылдық жалғыздық» атты кітапты қазақ тілді оқырмандарға ұсынуыңызға не себеп болды? Бұл аудармаға қанша уақытыңызды сарп еттіңіз?


– Кезінде, КСРО тұсында, шетел авторларының туындыларын тәржімелеу құқығы жергілікті баспаларға орталықтан беріліп келген тәрізді, соның өзінде орыс тіліне тәржімеленген нұсқасынан ғана рұқсат етілген сыңайлы. Жақында ғана өмірден озған Габриэль Гарсиа Маркестің атақты «Жүз жылдық жалғыздық» романы да бізге осындай жолмен келген түрі бар. Бір күні жолым түсіп, «Жалын» баспасына бара қалған едім. Баспаның мүдірі, марқұм Қалдарбек Найманбаев ағамыз ерекше жылы қабақ танытып (задында адамды баурап тұратын кең мінезді кісі еді ғой), шаруам өзінде болмаса да, неге екені белгісіз, кабинетіне шақырып, әңгімеге тартты. Сөздің сыралғысы ретінде алыстан орағытып, аударма турасында әңгіме қозғап, ақыры суырмасында орталықтан қолқалап сұрап алған «Сто лет одиночества» романының жатқанын, ендігі жерде соны тәржімелеуге қазақ тілінің тәржімешілерінің қуаты жететініне күмандана бастағанын, сол құрғырды сұрап алғанына өкінетінін білдірді. Оның қисындарына қазақ тілінің құдіретіне құлай сенетін басым кейістік білдірдім. Қыза келе, Қалекеңнің «қармағын қалай қапқанымды» өзім де аңдамай қалдым. Содан не керек, мүдірдің баспа табағына қойған орташа ғана бағасына да, қойған талаптарына да мойынсұнып, қолыма ұстатқан шарты мен сұр кітапты арқалап кете бардым.

Қазір есімде жоқ, бір жылдың шамасында болса керек, қатты қиналдым дегенім бекер болар, бірақ табан аудармай жұмыс істеп, әйтеуір, белгіленген уақытының ол жақ бұ жағында бітіріп бердім. Сол кезде сындарлы сыни мақалаларымен ауызға іліне бастаған сыншы Сайлаубек Жұмабеков жабық рецензиясында кітапты қазақ аударма өнерінің үлкен табысына балап, жоғары баға беріпті. «Жүз жылдық жалғыздық» жарыққа шыққан бетте «Қазақ әдебиетінде» Ақселеу Сейдімбеков жылы лебіз білдіріп, дәрібімді тағы да бір асырды. Обалы бекерге, содан кейінгі уақытта таралымы жеті мың дана туынды айналасы екі-үш аптаның ішінде тарап кетті. Керек десеңіз, «Жалын» дүкеніне түскен өзіме тиесілі авторлық даналарымды да ала алмай қалдым, сатылып кетіпті. 


– Жақсы аудармашы болудың алғы шарты не деп ойлайсыз? Аудармашылардың бүгінгі буынына не айтасыз? 


– Менің білуімше, тәржімешінің өзі ең алдымен, кәдімгідей туындыгерлік қабілеті бар адам болуы керек. Содан кейінгі жерде оған қойылатын басты талап: ол өзінің ана тілін барынша жетік білуі, әрі сөздерін шебер қиыстыра, қиюластыра білуі қажет. Сонымен қатар ол өзі тәржімелеп отырған тілдің қыры мен сырын терең түсінуі тиіс, сол елдің мәдениетін, ділін (менталитетін), дәстүрлері мен ұлттық ұғым-түсініктерін білгені жөн. 


- Екі тілде еркін жазатыныңызды білеміз. Тағы қандай тілдерді меңгергенсіз?

– Қазақстандағы барлық қазақтар секілді менің де білетінім екі тіл. Мұны азсынатын болсақ, көпшілігіміз сауалнамада жазып жүргеніміздей, «неміс тілі – сөздікпен» деген тіркесті қоса салуға болады. 

– Сіз жауапты қызметтер атқарып жүрген кезіңізде басшылар сіздің қолыңыздан өткен құжаттарға «Кеңес оқыды ма?» деп сұрап, оқысаңыз, еш шұқшимай қол қоя салады екен. Осы рас па? 

– Үстінен қарауыма тура келген материалдарды білімім мен білігімнің жеткенінше, орфографиялық, емле, синтаксистік, ішінара стильдік қателіктерден, мазмұндық жаңсақтықтардан, тавтологиялық кереғарлықтан арылтуға тырысқаным рас. Алайда, дәл бір мінсіз, айтарлықтай кемел мәтін «жонып» шығаратын, олпы-солпы жібермейтін кереметтей қырағы редактор болдым деп айта алмаймын. Егер басшылар дәл солай деген болса, онда маған сенгендігі шығар.

– Кеңес Юсуп деген атыңыздың шығуына, қоғамда дара тұлға болып қалыптасуыңызға басты себепкер талантыңыз ба, әлде, талабыңыз ба?

– Үлкен талантым болды дей алмаймын, бірақ, қағаз-қаламға құмарлығым болғаны, қазір де бар екені бекер емес. Әлбетте, сол сезімнің жетегімен алға ұмтыласың, ой-пікіріңді қағаз бетіне түсіруге талпынасың, тырысасың. Содан кейін адамның жүріс-тұрысын, өсіп-жетілуін жетелейтін, ретке салатын Тағдыр дейтін шіркіннің «желкелеуімен» алға ұмтылуым, талпынуым мүмкін. 

– Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Сіз облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде істеп жүргенде жарық көрген «Бәдәуи» сынды әңгімелеріңізді сол кездегі оқырмандарыңыз әлі күнге тамсанып айтады. Формасы жағынан қазақ прозасына жаңалық енгізіпсіз. Сіз неге түбегейлі прозамен айналыспадыңыз? Мүмкін, бұдан да биік белестерді бағындырар едіңіз ғой. 

– Әсілінде, суырылып алға шықпасам да, көш соңында қалып қоймасым анық, ортаң қолдай жазушы болатыным әбден мүмкін еді. Осы тұста уақыт тағы да өз ұйғарымын жасады. Шығармашылық жұмысқа түбегейлі ойыссам деген оймен лауазымы ілгері, жалақысы да жоғарылау, келешек көкжиегі де кеңдеу қызметтерімді біртіндеп тастап шығып, айналамдағы бірталай адамдарды таңырқатып, «Жұлдыздың» очерк бөліміне табан тіредім. Мұнда жүргенімде Жазушылар одағының жанынан көркем аударма және әдеби байланыстар жөнінде бас редакциялық алқа құрылып, оған басшы болған Мұрат Әуезовтің қолқалауымен осы алқаға қызметке ауыстым. 

Арада біраз уақыт өткенде «Қазақ ССР-індегі Тілдер туралы Заң» қабылданған кезеңде республика Министрлер Кеңесі жалпы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Бименді Бейсекеев ағамыз хабарласып, осы бөлімнің аударма секторына бас маман лауазымына қызметке шақырды. Биекең марқұм бірінен бірі өтетін мықты дәлелдерді: «шын жаның ашыса, тіліңе қызмет ететін кезің осы ғой» деген сияқты және тағы басқа сай-сүйегіңді сырқырататын сөздерді көлденең тартып, алды-артымды тұйықтап тастады. Сөйтіп, қызметім басқа арнаға ауысып, балама боларлық сөздер іздейтін, қуалайтын «дертке» шалдықтым. ...Сөйтіп, көркем прозамен арамыз салқындай бастады. 

– Туған жеріңіздің тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырасыз ба? Өзіңіз еңбек еткен «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газеті жөнінде не айтарсыз? 

– Герағаңның (Бельгердің) айтуынша, сағым ойнаған саржазығын кез келген шұратқа (оазиске) айырбастамайтын қазақтың баласы емеспіз бе? Ендеше, Алтай мен Тарбағатайдың қатпарлы қарағайлы сілемдері қадау-қадау шоқылар мен сары адырларға ұласып барып, көкшіл дөңдер мен белдерге айналып кете баратын, жанынан жасылдана бұлықсып Ертістей дариясы ағатын тұсында өскендіктен, туған жеріңді қалайша ұмытасың, әрі туған-туыстарың, ағайындарың, жақын-жұрағатың мен дос-жарандарың, есіңде қалған естеліктерің сол топыраққа тамыр тартып жатса, санаңда сайрап тұрса, арадағы хабар-ошар неге үзілуге тиіс? Бауырым, сен жауабын айтып тауысу мүмкін емес сауал тастап, түйініне жету қиын тақырыпты қозғап отырсың. 

Ендеше, балауса ойы байыз таппай, сан-саққа жүгірген, алдағы басар қадамын, барар бағытын әлі де аңдай алмай, жол айырығында аңырып тұрған албырт жасқа келешекте жүрер жолын қателікке ұрындырмай, айқын анықтап берген (шынында да менің өмірдегі тағдыр маңдайыма жазған бірден- бір жол осы деген ойдамын) «Коммунизм туының» («Дидардың») уақытқа бой бермей көңіліңде жатуы заңдылық. 

Менің газет редакциясына келуімнің өзі қызық... Онда қызметтес болған адамдар жайында бағамдап отырсам, тура бір эсселер жинағын жазуға болатын түрі бар. Задында менің «Коммунизм туым», бүгінгі «Дидар» - өзінің қалыптасқан ілгері дәстүрі бар және сол дәстүрінен жаңылмай, ілгерілеп келе жатқан әрі талай қарымды қаламгерлерді түлеткен, тың тақырыптардың тұрпатын тереңдете ашуға қабілеті қаптал ұжым.

«Коммунизм туының» маған бергені менің оған бергеніммен салыстыруға келмейтіндей әлдеқайда көп сияқты. Несін жасырамыз, соңғы кезде пошта қызметінің босаңсуына байланысты алыстағы Алтайдағы «Дидар» тұрғай, мынау іргеңдегі Арқадағы «Егеменді» уақтылы алдырудың өзі мұң, бір нөмірі келсе, келесісі қолыңа тимей, зықыңды шығарады.


Жастарға жол бергенді жөн көрдім


– Іргемізден интернет кіргелі ақпаратты жылдам әрі қысқа береміз деген желеумен сөз құдіретін азайтып бара жатқан жоқпыз ба? Сұрайын дегенім, журналист мақаласын оқырманның деңгейіне түсіп жазу керек пе, әлде, оқырманды өз деңгейіне қарай шақыру керек пе?


 – Әсілінде, интернет – замана құралы, одан қашып құтыла алмаймыз. Оның пайдалы жақтары басым, мәселе оны ретімен, жөнімен пайдалана білуге саяды. Айталық, өркениетті елдерде көмекші ретінде қолдана отырып, қағазға түскен баспа өнімдерінен, сол хатқа түскен кітаптың өзінен әсте бас тартқан емес.


Келесі сауалыңның жауабы баяғыда берілген: білігі биік журналшы ешқашан қарадүрсіндікке, көргенін ғана көкірекке түйген қарадүрсін талғамға тәуелді болған емес, ол әрдайым өресі биік оқырманның қандай ақпараттарды қажетсінетінін жіті пайымдап, оны әлбетте, өз білігінің шеңберінде, дүниенің күрделі сыр-сипатын, көріністерін терең пайымдай білуге жетелеп, ұдайы жоғары деңгейге көтеруге ұмтылған, ұсақ даңғазалықтан, бір жолғы жалт етпеден, оңғақ жылтырақтан бойын аулақ салуға, әр құбылыстың тамырына тереңдей үңілуге ұмсындыруға тырысады.


– Қазір мекемелердің көбі іс қағаздарын әуелі ресми тілде дайындап, содан кейін қажеті болса ғана мемлекеттік тілге аударады. Сондықтан шығар, сөз-сөйлемдерінен қазақы самал еспейді. Тілдің осы қасіреті қашанға дейін жалғасады?


– Бұл сауалыңның көптеген объективтік себептері бар. Бір ғажабы, біздің ана тілімен айшықталатын көркем ойымыз, былайша айтқанда, әдеби тіліміздің өзі шүкіршілік, тоқтаусыз дамып отырған да, заң мен низамды орыс тілінде ғана пайымдауға дағдыланған қазақтың ресми тілі тежеле тоқырай берген. Көркем сөзге, бейнелі сөзге үйреніп кеткен қазақы құлақ - біздің халықтың ішкен асын жерге қоятын айрықша айтысқұмарлығы – соның бір белгісі. Заңның, ресми құжаттың сезімсоқтықты ескере бермейтін қатқыл, нақтылы тілін қабылдай алмайды, жатырқап тұратын секілді. Бір жағынан бұл - таза психологиялық құбылыс. Осыған бір мысал. Мәселен, «малообеспеченные» деген терминге келгенде, туған тілімізде «аруын», «жадау», «коңтораз», «шыңжау» және тағы басқа бірталай баламалары бола тұра, ақыры соның ішінен көпке түсінікті болуының қамын ойлап, «аз қамтылған» дейтін көшірме (таза калька) баламасына тоқтауға тура келген. Бұл – тіліміздегі терминдердің біріздендірілмеуінің салдары. Жұртының кемінде жартысы (мүмкін одан да көп) басқа тілде білім алса, ал баршасы заңдарды, ресми құжаттарды басқа тілде бағамдаған болса, бір ғана сәтте іс қағаздарын қазақша сөйлету, қазақша айналысқа қосу оңайға түспесі белгілі. Бұл терминология түзуді жеделдетуді, ал қолданыстағы терминдерді біріздендіруді қажетсінетін қиын да күрделі міндет.


Мұның сыртында екі тілде іс жүргізуге көшуімізге байланысты білікті аудармашылардың жетіспейтіні бірден біліне бастады. Осы қызмет аясына тартылған тәржімешілердің қазақша мәтінді жазудың өзін жете меңгермегені, аударма жасау тәжірибесінің аздығы немесе мүлде жоқтығы, ең соңы қалыпты терминдерді білмейтіні, әртүрлі қолданатыны былай тұрсын, қала берді, сөздіктермен жұмыс істеу дағдысының болмауы ресми құжаттардың ана тілінде айналысқа енуіне көп кедергі келтіріп келе жатқаны жасырын емес. Дерт батпандап кіреді, мысқалдап шығады. Сөйтіп, тіл саласында Авгийдің атқорасын тазалаған Гераклдей, қажыр-қайрат жұмсауымыз керек болар-ау, сірә.


– «Әлем әдебиеті» журналында неге жалғасты қызмет істей бермедіңіз?


– Адам бір орнында көп отырса, бойы құрыстап, буын-буыны ұйып, омалып қалатыны бар, сол сияқты ілуде бір ерекше қабілетті адам болмаса, креслосынан қозғалмай қалған қызметкердің, әсіресе, ол шығармашылық шаруада болса, санасы самарқау тартып, ойы мен сезімі қалғи бастайтын тәрізді. Сондықтан да дүниені, құбылыстарды, үдерістерді жаңаша пайымдай білетін, сезімі сергек жас лек іс басына келуі керек. Әрине, олардың білімі мен тәжірибесі жетімсіздеу болуы мүмкін, есесіне, бойында қиындықтарды еңсеретін жігері мол және жаңаны сезінетін сезімі де бұла емес пе! Сондай-ақ, өзімнің де жазылмай қалған біраз дүниелерім бар еді. Сондықтан демалыс алуды жөн көрдім.



- Сүбелі ойлар айтқан сұхбатыңызға рақмет!



Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

"Дидар" газеті

Бөлісу:

Көп оқылғандар