Тәуелсіздік әдебиеті: классиктер және “алтынкөпірліктер”

Бөлісу:

23.08.2016 14421

“Шеврон” компаниясы мен “Қала мен Дала” газетінің біріккен жобасы

Қазақ әдебиетінің кеңістігі Тәуелсіздік тұсында еркін ойлармен толықты. Кеңес империясының керегесі ыдыраған тұста ең алдымен ой еркіндігі мен сөз еркіндігі өз қолымызға тиді. Енді нені жазамын деп емес, қалай жазамын деп толғатар сын сағат туды. Бірақ осы кезең әдебиетін сынаушылар, бұрынғы классикалық әдебиетті аңсаушылар шоғыры өте мол. Ондай пікірталас әлі де толастаған жоқ.

 

1980 жылдардың бел ортасында әдебиетке келген Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Гүлнар Салықбай, Бауыржан Үсенов сынды ақындар, Асқар Алтай, Жүсіпбек Қорғасбек, Тұрсынжан Шапай, Таласбек Әсемқұлов, Айгүл Кемелбай, Жаңабек Шағатай бастаған жазушылар 1990 жылдардың «тоқырауынан» өтіп, өздерін дәлелдегендер сапында болса да, олар Тәуелсіздік кезеңіндегі жастардың қатарында аталмайды. Әдебиетке дәл Тәуелсіздік тұсында келген Маралтай Райымбекұлы, Әділ Ботпанов, Жарас Сәрсек, Әмірхан Балқыбек, Дидар Амантай, Нұржан Қуантайұлы, Дәурен Қуат, Талғат Ешенұлы, Бауыржан Бабажан, Танагөз Толқынқызы, Рахат Қосбармақ секілді 30-дан астам жас әртүрлі салада еңбек ете жүріп, өздерінің шығармашылықтарымен әдеби ортаны мойындатқандар саналады. Бұлардың әдебиеттегі басты ерекшелігі – еркіндік пен бостандықты жырлай отырып, ұлттық әдеби символдарды қайта тірілтулері деп бағалайтындар бар. Оның ішінде, бұрын жырлау түгіл, айтуға тыйым салынған тарихи ақтаңдақтарды жырға қосып, оларды қайта жаңғыртуы да сөз болады.
 

Шаханов шындығы

Тәуелсіздік тұсында Шахановшылдық әдеби оқырмандардың негізгі тренді болдық десек қателеспейміз. Шахановты оқу, онымен «ауру» әлі де бар. Кеңес одағы кезінде басталған үрдіс әлі жалғасын тауып келеді. Бұған Шаханов шығармашылығының өзіндік ерекшеліктері, оның қоғам туралы пікірлері де ықпал еткені шындық.

 

Ол үнемі «өз шындығын жоғалтып алғандардан қауіпті ешкім жоқ» деген тұжырым жасап, керек кезінде халықтың сөзін сөйлемей, «үстелдің астына жасырынғандарды» жаны сүймейтіндігін өлеңімен де, сөзімен де еске салып отырады. Бұл сөз – бір қарағанда жаттанды сияқты, бірақ ақынның ойлау жүйесіне салсаңыз, шынайы пікір екеніне көз жеткізесіз.

 

Егер Тәуелсіздіктен бұрынғы 10 жылдыққа назар бөлсеңіз, Мұхтар Шаханов елдің ең күрделі істеріне араласқан, Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын әлемге паш еткен, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуына айрықша үлес қосқан азсанды, кей сәттерде жалғыз күрескен жандардың бірі екенін білесіз.
 

Егер Шаханов болмағанда, Желтоқсан көтерілісінің шындығы кешірек, Кеңес одағының қабырғасы қақырағанда барып ашылуы да мүмкін еді.


Шаханов – күрделі әлем. Адуынды ақын қайраткерлікке жету жолында небір баспалдақты басып өтті. Оның аспандаған шағы да, дәуірлеген тұсы да, билікке жақпай, шетқақпай көрген кезі де көп. Бірақ, халық Шахановты ұмытқан жоқ, ұмытпайды да.


 

Қазақтың «сары» шалы

Қазақ елін туғаным деп санаған, қазақ тілін ана тілінен артық меңгерген, қазақтың «сары» шалы Герольд Бельгер бұ дүниемен қоштасқанда көптеген зиялы қауым өкілдері «қазақтың рухы мен дүниетанымын терең меңгерген қазақ дүниеден өтті» деп айтқан еді.

 

Өзінің 81 жылдық ғұмырында 90-ға жуық кітап жазған, мыңдаған мақаланың авторы Герағаң өте еңбекқор, опырып жұмыс істейтін. Өзін қазақтың бір бөлшегі санағанымен, бәрібір менталитетінде неміс ұлтына тән қасиеттердің басымдыққа ие екендігін қайталаудан жалықпайтын.
 

Тіпті «қазақстандық ұлт» туралы идея көтерілгенде де оған ынты-шынтымен қарсы болып, «мен – неміс, сен – қазақсың» деп шегелеген еді. Ол үш тілді еркін меңгерді, үш тілде жазды, үш ұлттың өкілі бола білді.

 

Абай мен Гетені салыстыра отырып, екі ұлт ойшылының ортақ, қабысатын сәттерін аса ұтымды жеткізе білген, қазақ тілінің мәйегін, мәнерін білетін аса бір құрметті ақсақалымыз еді. Өкініштісі сол, ұлттың ұлы «менін» түсінген, оған бір кісідей жаны ашыған Герағаңдай ақсақалдарымыздың сиреп кеткені.

 

Төменде Герағаңның Тәуелсіздік пен Абай туралы айтқан екі пікірін ұсынып отырмыз. Бұлар тарихта қалған пікірлер.


 

***


 

«Тәуелсіздік идеясын мен қуана құптаймын, бұл мен үшін бостандық! Бірінші кезекте, рух еркіндігі, биік адамгершілік еркіндігі. Біз бұған әлі қол жеткізе алмай отырмыз. Бізде бірінші кезекке жанның емес, тәннің қалауын шығардық. Тым есепшіл болып кеттік. Бұл – қауіпті»


 

***


 

«Қазақстаныма мен тек жақсылық тілеймін. Әрі Абайдың көзқарасын басшылыққа аламын. Абайдан артық қазақты сынаған ешкім жоқ. Абайдан артық ащы да, өзекжарды пікірді ешкім айтқан жоқ. Ресей туралы ащы сөзді Дос­тоевскийден, Лермонтов пен Салтыков-Щедриннен өзге ешкім айтқан жоқ. Олар бұны отанына деген ұлы махаббат жетегінде жасаған еді».


 

Абайды таныдық па?


 


 

«Шынында, біздің кейбір зиялыларымыз Абайды білмей тұрып мақтайды, Абайдан ескерткіш, ғибадатхана жасайды. Расында мақсат – Абайды қолпаштау емес, меңгеру, оны түсіну, ұлы ойшылдың әлеміне, дүниетанымына ену болу керек. Әрі Абай әлеміне идеологиясыз бару қажет» деген марқұм Әуезхан Қодарболатын.


 

Бағасын білдік пе, жоқ па, ол да сұрақ… Қазақ ойының бір үлкен асқары еді, жарықтық.


 

Екі тілде бірдей жазатын Әуезхан Қодар жазушылықтағы жаңа толқынның өкілі еді. Жазушының қаламынан «Туған күн», «Ақеділдің анты» пьесалары (1986), «Қанатты өрнек» (1990), «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» жинағы (1996), «Еске алмау шеңбері» (1998), «Қазақ әдебиетінің тарихына шолу» (1999) кітабы, «Қанағат қағанаты» жинағы (1994) туды.


 

Ол қазақ тіліне Е.Замятиннің «Аттила» драмасын, М.Хайдеттер, Х.Гасеттің философиялық еңбектерін, Швиттерстің өлеңдерін, ал орыс тіліне Абай, Мағжан, Ж.Жақыпбаев шығармаларын аударған.


 

Жазушы бала жасынан мүгедек болды. «Мен төрт жасымнан ауырдым, – деп жазды өзі бұл туралы. – Кейін мұның полиомелит деген науқас екені анықталды».


 

Міне, осындай ауыр тағдырлы талантты қаламгердің өмірден өткеніне тамыз айында 1 ай толды. Ол әр кезде қазақ ұлтының мүддесі үшін еңбек етті және оны ешкім жоққа шығара алмайды. Мәселен, көзі тірісінде Әуезхан Қодар біздің басылымға «үш тұғырлы тіл идеясына» қатысты өз пікірін білдіргенді.


 

«Мен бұл идеяны қолдамаймын. Өйткені оны асығыс шешім деп санаймын. Бұған қоса ол білім беру жүйесіне әлдеқандай дүрмек әкелетін сияқты. Бұл реформа ең алдымен қазақ тілінің дамуына қайшы. Қазақ тілінде білім беруге кедергі болады», – деген еді жазушы.


 

Соңғы сұхбатында жазушы өзін қазақ тілінің болашағы қатты алаңдататыны әрі кемінде он жасқа дейін бала өз тілінде білім алу қажеттігін жақтайтынын жеткізген болатын.


 


 

Таласбек феномені


 


 

Тәуелсіздік тұсында, әсіресе өмірінің соңғы жылдары өндіре жазған қаламгердің бірі – Таласбек Әсемқұлов. Оның ойлары мен пікірлері, шығармалары, мақалалары резонанс тудырды. Ол мәдениеттанушы, дәулескер күйші, әдеби зергер, жазушы, кинодраматург ретінде өзін мойындатып қана қойған жоқ, қоғамдық ортаның көзқарасын қаққа жарып, үнемі ойлы пікірге жүгіндірді. Таласбек феномені – біржақтылы емес, көп қырлы.


 

Бүгіндері экрандалып, елдің сұранысына ие болған “Біржан сал”, “Құнанбай” фильмдерінен бөлек, оның “Тұмар падиша”, “Көкбалақтың өлімі” секілді киносценарийлері қалды. Бұдан бөлек ұшан-теңіз мұрасы, зерттеуге ден қойған тақырыптары да игерілмеді. Егер көзі тірі болса, ол бүгіндері Кенесары хан, Бөгенбай батыр жайында киносценарий жазар еді, одан бөлек тарихи бастауларды да тереңірек сүзгіден өткізуге тырсар еді.


 

Оның ерен біліміне, кенен ойына қарамастан, ұнатпайтындар, жек көретіндер де көп еді. Ол өзі де мойындай тұрып мойындағысы келмейтіндерді, оқи отырым, “оқығам жоқ…” дейтіндерді “қазақ қоғамының бір ауруы” деп бағалаған болатын.


 

Шынымен де, қазір Таласбек жоқ, оның орнына шырақшы болар рухани кемелділік екінің бірінің басына бұйырмасы белгілі ғой…


 

«Алтынкөпірліктер»


 

Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек осы буын өкілдеріне арнайы толғамды мақала арнаған. Ол осы буынды «Алтынкөпірліктер» деп атаған болатын. Яғни, кешегі әдебиеттің 1960-1970 жылдардағы «алтын дәуірін» Тәуелсіздік тұсында жалғастырып, әдеби көшті жаңа ғасырға бастаған топты ағалық ілтипатпен алқағаны еді.


 

Ақын поэзияда жарқырап көрінген жастардың шығармаларына жеке-жеке тоқталып, оларға жоғары баға береді әрі олардың бойындағы еркіндік сүйгіш қабілеттерін ашып көрсетеді.


 


 

Осы топтың ішінде елдің аузына алдымен ілігетін ақынның бірі – Маралтай Райымбекұлы. Оның шығармашылығы бұған дейін талай талқылауға сеп болды. «Поэзияға Маралтай жаңа леп әкелді әрі оның әр жырында бұрынғы сарын мен бүгінгі жаңашылдық бірдей қабысқан» деп бағалаушылар көп. Белгілі мәдениеттанушы, әдебиетші Әуезхан Қодар жуырда жазған Маралтай туралы мақаласында былай деп ой өрбіткен.


 

«Маралтай поэзиясы – қазақ поэзиясының әбден кемелденгенінің белгісі. Себебі оның поэзиясында романтика жоқ, тек қана трагедия. Оның поэзиясында Төлегеннің екпіні бар да, романтикасы жоқ, Жұмекеннің ойшылдығы бар да, дидактикасы жоқ, Мұқағалидың лирикалық нәзіктігі бар да, аңғалдығы жоқ, Өтежанның қитұрқылығы бар да, қытымырлығы, өзімшілдігі жоқ».


 

Маралтай Райымбекұлы «Ай-Нұр», «Ай», «Кентавр» секілді бірнеше жинақтың авторы, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының, одан өзге де көптеген марапаттың иегері.


 

Оның поэзиясы туралы зерттеу еңбектер, арнайы мақалалар жиі жарық көргеніне қарамастан, сыншылардың кейбірі ірі эпикалық тынысы кең туынды жарата алмағанын және соңғы кезде публицистикалық сарындағы ода жырларға әуес болып жүргенін айтып, сынап та жатады.


 


 

Осы буында жиі сөз болатын, әдебиетсүйер қауым мен жастар шоғыры аузынан тастамайтын есімнің бірі – өмірден ерте озған ақын Әмірхан Балқыбек. «Сынған сәуленің шағылысуы», «Метаморфоза», «Қасқыр Құдай болған кез» секілді жыр жинақтары мен танымдық кітаптардың авторы қоғамдық ойдың өресін көтеруге өлшеусіз үлес қосқан қазақ әдебиетінің санаулы эрудиттерінің бірі. Әмірхан – поэзиясы мен танымы тереңге сүңгіген, қаламын қазақ және түрік тарихының әдеби нұсқаларын жасауға, соны тереңірек түсіндіріп, ұлт рухын жануға арнап өткен қаламгер. Ол өз еңбектерінде «тарихты тану – ұлтты тану, тарихы жоқ ұлттың – өзі де жоқ» деген принциппен өмір сүрді. Оның кейбір ой-байламдары жиі пікірталасқа ұласып, әртүрлі ортаның талқылауына түсті. Әсіресе, ақынның Шыңғыс хан тақырыбындағы зерттеулері кейін бүкіл жазушылар ортасы мен тарихшы ғалымдардың ой талқысына ұсынылып, әлі күнге дейін дау-дамайға ұласып келеді.


 


 

«Алтынкөпірліктердің» ішінде өзінің қоңыр поэзиясымен әдеби ортаны мойындатқан Жарас Сәрсек – көп дау-дамайға берілмей, өндіріп жазып жүрген ақындардың бірі. Жарас поэзиясы туралы толғаған сыншылар оның поэзиясы ашық ойға емес, жұмбақ жаратылысқа, қоңыр әуенге үйір екендігін айтады. «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім», «Түнемел», «Күбір», «Көзсүзген» секілді өлеңдері оқырманды терең ойға жетелеп, таза поэзиялық көңіл-күйге, сана шүңетіне бастайтынын айтқан жөн.


 


 

Тағы бір ақын Ардақ Нұрғазыұлы – қазақ поэзиясын әлемдік кеңістікке шығаруға талпынып жүрген дарын иесі. Оның өлеңдері қытай, ағылшын, неміс, орыс тілдеріне аударылған. Өлеңдерінен замандық әдеби үлгі – постмодернистік сарын менмұндалайтын ақынның жырларын оқырман түгіл, әдеби ортаның өзі «жатсына» қабылдап жатады. Бірақ Ардақ поэзиясын пір тұтатын жастар шоғыры мол. Оның әдеби мақалалары мен талдаулары жастар арасында сұранысқа ие.


 

 

«Тотықұс түсті көбелек»


 


 

Әдебиет сыншылары үнемі поэзия мен прозаны салыстыруға құмар. Олардың дені осы жылдары поэзия дамып, проза тоқырап тұр деген байлам жасағанымен, жаңа проза жасауда өзіндік орны бар қаламгерлер аз емес. Дәурен Қуат, Нұржан Қуантайұлы, Мәдина Омар секілді қаламгерлер осы топтың белді өкілдері деуге болады. Солардың бірі – «Тотықұс түсті көбелек», «Қастерле мені», «Қарқаралы басында», «Махамбет философиясы» секілді кітаптардың авторы, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, жазушы Дидар Амантай.


 

Дидар прозасы бұрынғы сүрлеуге түспеген, жаңаша жол іздеген шығармаларға толы. «Шайыр мен Шайтан», «Тотықұс түсті көбелек» сынды бірнеше романымен, көптеген әңгімелерімен өзінің әдеби әлемдегі соны ізін қалыптастырды дейтіндер мен керісінше пікір айтатындар да көп. Оның шығармаларын жастар жағы бір кездері жата-жастана оқығаны да жасырын емес. Сол шақтарда қазақ прозасында «Дидарша жазу» үрдісі қалыптасты. Оның пәлсапалық толғамдары да оқырман қауымды бейжай қалдырған емес. Шығармалары түрік, француз, орыс, моңғол, корей, қытай тілдеріне аударылған.


 

 

«Жаңағасырлықтар»


 


 

«Алтынкөпірліктерден» кейін, яғни 2000 жылдардың басынан бері әдеби ортаға бір шоғыр жас келді. Бұл кез – жыр мүшәйраларының жиі өтіп, әдеби ортаның қайта серпіле бастаған тұсы еді. Және дәл осы кезде «алтынкөпірліктер» әдеби ортаның «негізгі құрамына» еніп, түрлі шараларды өз қолдарына алған шақ болатын. Бұл қатарда Қалқаман Сарин, Бағдат Мүбәрак, Ықылас Ожай, Лира Қоныс, Ерлан Жүніс, Серік Сағынтай, Ұларбек Нұрғалым, Алмас Темірбай, Бауыржан Қарағызұлы, Ырысбек Дәбей, Аягүл Мантай, Өміржан Әбдіхалық,Ұларбек Дәлейұлы, Мақсат Рамазан, Нұрлан Хабдай, Есболат Айдабосын, Хамит Есаман, Бейбіт Сарыбай, Ақберен Елгезек, Дархан Бейсенбекұлы, Төлеген Меллат, Серік Боқан, Құралай Омар секілді жастар әр аймақтан лек-легімен келіп, Алматы мен Астанаға шоғырлана бастады


 


 

Қазір әдеби ортада бұлардың дені бірнеше кітаптарымен танылған.


 

Жаңағасырлықтардың басты ерекшелігі неде? Осы сұраққа әлі күнге тұшымды жауап берілген емес. Бірақ жастардың «түсініксіздігі» мен «түңілуге бейім» жырларын сынаушылар аракідік кезігіп қалады.


 


 

Ерлан Жүніс поэзиясы туралы жылы пікір жиі айтылып, оны «интеллектуалды поэзияның өкілі» деп сипаттап жатады. Ықылас Ожайдың тарихи сарын мен ұлттық музыканы сөз өнерінде әдемі үйлестіретіні, Ырысбек Дәбейдің еркін ұйқасқа құрылатын ой мен әуез иірімдері, Ақберен Елгезектің оқырман қиялына салмақ салар «біртүрлі» жырлары, Бауыржан Қарағызұлының арнасынан аса шалқыған шабытты шумақтары «жаңағасырлықтар» поэзиясының сан алуан нұсқалығын айшықтай түсетіні байқалады.


 


 

Ал прозада Лира Қоныс пен Аягүл Мантай, Мақсат Рамазан, Өміржан Әбдіхалық, Дархан Бейсенбекұлдарының шығармалары туралы жиі жазылып жүр. Соңғы кездері оқырман қауым Лира Қоныс пен Аягүл Мантайдың ойлары мен әңгімелеріндегі бүтіндікке ықылас білдіріп, шығармашылықтарына қызығушылық танытатыны байқалады.


 


 

dalanews.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар