Маржан Ершу: Жанрлық "соғыс"

Бөлісу:

28.10.2016 5928


көпен-бөкен.jpg


Кеше почтама Амангүл Мұқажан деген қазақтың бір ару қызы бір видео жіберіпті. Көпен Әмірбектің сөзі жазылған. Бас-аяғы толық емес, бірақ түсінгенім, Астанада өткен ақын Серік Ақсұңқарұлының жыр кешінде сатирик Көпен Әмірбектің айтқан сөзі біраз елді шулатып-ақ тастағандай екен. Ақындар бүй дейді, сатириктер сүй дейді дегендей қызық күйге жеткен сыңайлы. Бұл жыр кешінде ит-өмірдің ит-тірлігін, ит-мінезін айтып, образбен сөйлепті Көпен. Белгілі сатириктің сөзінде ақындарды кемсіту бағытында емес, қоғамдағы иттей ұлыған ит-сезімдерге қарсылығын өзінше білдіріпті. Көпен шабытпен сөйлейтін адам, әрі мықты сатирик. Иттей ұлыса, ол өзінің ішкі мұңы, жан жалғыздығы, шығармашылық ортаның жетіспеуі, шығармашылық-ауасын сағынуы. Жүрек сөзін ит тілімен жеткізіпті. «Иттің тілін ит түсінеді» деген бар. Әдебиетімізде иттердің образы аз, негізі. Мұхтар Әуезовтің бір кейіпкері айтатын еді ғой: «Мен көк ит болсам, сендер көп итсіңдер! Таларсың да! Жерсің!» деп. Көк итке көп ит болып қарсы шапқанда не табасыңдар?! Қысқасы, Көпен Әмірбек те мықты, Серік Ақсұңқарұлы да мықты, Абзал Бөкен де мықты. Жанр да мықты.


Сатира тәтті сөзбен емдейтін, көңіліңді тербейтін, жүрегіңді тулатып, намысыңды қайрайтын лирика емес қой. Уытты тілмен шымшып сөйлемесе, сатира сатира бола ма?! Егер олай сөйлемесе Көпен Көпен бола ма? Не десең де Көпекең жанрына адал екен.


Қаламгерлер арасында әзіл-қалжыңдар болып тұрады. Мысалы: Бірде Жазушылар одағында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Хамит Ерғалиев және бір ақын әңгімелесіп тұрса, Сәбит аға өздеріне қарай келе жатқан академик Қажым Жұмалиевты көріп қалыпты. Сосын жанындағыларға: Осы үнемі Қажекеңе алдынан шығып сәлем береміз, көрмеген боп тұра берейікші, қайтер екен» депті. Қажым Жұмалиев сонда бұлардың қасына келіп, әрқайсысының қолын алып:


Сәлематсың ба, Сәбит?

Амансың ба, Ғабит?

Есенсің бе, Хамит?

Мына тұрған қай ит?

Осы тұрғанның бәрі ит!» дегенде, інілері кешірім сұрап, теңселіп кетіпті. Ит деген сөздің эмоциялық күшін көтеріп жіберген ғой Қажекең. Көпен ағамыз Қажекеңнің «иттерін», алдыңғы толқын - аға буын ағаларын сағынған ғой...



Бөлісу:

Көп оқылғандар