Дәнеш Рақышұлы атындағы байқау өтті
Бөлісу:
Алматы облысының «Тамшыбұлақ» әдебиетшілер қауымдастығы мен Дәнеш Рақышев атындағы қордың ұйымдастыруымен қазақтың жезтаңдай әншісі, сазгер, Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышұлының 90 жылдық мерейтойына орай «Ән қанатындағы жыр» атты республикалық жазба ақындар байқауы Талдықорған қаласында дүркіреп өтті.
20-40 жас аралығындағы ақындар қатысқан, екі тапсырмадан тұратын бұл байқаудың шарты бойынша, «Ән өнерінің ақберені» атты бірінші бөлімде ақындардың Дәнеш Рақышұлына арнаған өлеңі оқылды. «Ән қанатындағы жыр» атты екінші бөлімде Дәнеш Рақышұлы орындаған әндерге арналған өлең сайысы өткізілді. Құрамында ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстан Жастар одағы мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, қазылар Әділбек Алпысбай (қазылар алқасының төрағасы), ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстан Республикасы Президентінің степендиаты, облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, ақын, аудармашы, Әлем халықтары және Қазақстан Жазушылар одақтарының мүшесі, Түрік дүниесі Поэзия фестивалінің лауреаты Жүкел Хамай, ақын- этнограф, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесi, Қазақстан Республикасы Мәдениет және білім беру ісінің үздігі, Алматы облысы және Панфилов ауданының Құрметті азаматы Әдепхан Жақыпбай, Дәнеш Рақышұлының қызы, Жаркент өнер мектебінің директоры Гүлнәр Рақышева бар қазылар алқасының шешімі бойынша қатысушылар арасынан мына ақындар жүлдегерлер мен жеңімпаздар ретінде қатарынан көрінді.
50 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына Дастан Ақаш (Астана), Сәтжан Кәріпбаев (Семей), Мұхтар Күмісбек (Талдықорған), Құрманғазы Жұмағұлұлы (Астана), Панфилов ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне (50 мың теңге) Таңсәуле Еркінқызы (Қарағанды), ие болды.
Үш үшінші орынды (70 мың теңге) Абай Ораз (Қарағанды облысы, Жезқазған), Нұржан Байтусов (Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы), Еркін Исахан (Алматы облысы, Панфилов ауданы) өзара бөлісті.
Екінші орынға (100 мың теңге) Тоқтарәлі Таңжарық (Алматы қаласы) пен Олжас Қасым лайық деп танылды. Бірінші орынға тігілген 150 мың теңгеге Астанадан келген ақын Ықылас Ожай ие болса, бас жүлдені талдықорғандық белгілі ақын Ерлан Жүніс жеңіп алып, 200 мың теңгеге ие болды.
Төменде аталған жыр додасында жүлдегер атанған ақындардың өлеңдерін жариялап отырмыз.
Ерлан ЖҮНІС (Бас жүлде)
ДӘНЕШ-ҒҰМЫР
1. Құс қанаты
Білмеймін, қоңыр күз бе, қыс па, көктем,
Қай бір жыл – қайта оралмас тұсқа кеткен,
Шашылып қауырсыны қанатынан,
Талдының төбесінен құстар өткен.
Құс өткен Талды аспанын тамылжытып,
Аңсатып, зарықтырып, абыржытып,
Заманның сол бір кезең – тұрған сәті,
От бүркіп, мұзды шайнап, жалын жұтып.
Сұрынан ел шошынған, жұрт ығысқан,
Шығысқа ығысқан жұрт ұмтылысқан,
Құс емес, сол қазақтың әні екен ғой,
Қонатын жан таба алмай үркіп ұшқан.
Ән екен – құс қанаты қайырылған,
Салы мен серісінен айырылған,
Секілді домбыраның шегі үзілген,
Секілді алмас қылыш майырылған.
Ән екен құстай болып қаңқылдаған,
Даланың мұңын айтып саңқылдаған,
Жас бала сол құстардан көз алмайды,
Жанары атқан таңдай жарқылдаған.
Қиқулап Жетісудың даласына,
Өтті құс – ал, тоқтата аласың ба?!.
....Бірі кеп қонды иығына жас баланың,
Шығысқа шыққан көштің арасында.
2. Ат жалы
Неге адам заманамен егеседі,
Кім білсін, не қалады, не көшеді?!
...Бір бала таулар жаққа көз салып тұр,
Сол бала – Рақышұлы Дәнеш еді.
Көзінде сол баланың дала жатыр,
Далада ғажап өмір – қара да тұр:
Бір сұлу қос бұрымын сипай өріп,
Бір жігіт ат жетектеп бара жатыр.
Далада қалды-ау, шіркін, есіл арман,
Сол арман – бала күннен досы болған:
Бір сұлу жүрегіне шоқ түсіріп,
Бір сері ән-жырымен есін алған.
Заманның сол шақтағы тартсаң зарын,
Сезерсің жас жүректі дерт шалғанын:
Бір залым абақтыға қамап оны,
Бір жалын өзегіне өрт салғанын.
Ән салды сонда Дәнеш аспандатып,
Көзінен іңкәр жұрттың жас парлатып,
Ән ғана шалқушы еді кең далада,
Ән ғана шығушы еді асқарға тік.
Аңсатса Ата-қоныс – жер кіндігі,
Желп етіп қалушы еді ел түндігі.
Әнде екен – өзінің де бостандығы,
Әнде екен – елінің де еркіндігі.
Ән екен – ой қаруы, жан қаруы,
Бақыты – әннен басқа – бар ма мұңы?!
Ата жұртты аңсаған – жан азабын,
Алғаш мәрте емес қой аңғаруы.
Ән салды сонда Дәнеш саңқылдатып,
Құстарын қос мекеннің қаңқылдатып,
Әні ұшты – күнге тосып ақ маңдайын,
Бауырын ақ бұлттармен салқындатып.
Айтқанда «елім-айлап» ел естелік,
Кетердей күйзелетін елеске еріп.
...Кешегі көште кеткен бала іңгәсі –
Оралды дала әні – Дәнеш болып!
Оралды Дәнеш әнші, ән оралды,
Кешегі серіліктің сәні оралды,
Сол әнмен – Әсет, Ақан, Біржан сері,
Шашубай, Естай ақын – бәрі оралды!
Жаңғыртты кең даланы Дәнеш әні,
Алаулап әрбір үйде ән ошағы.
Сөзінде – кең қазақтың кісілігі,
Көзінде – құс қараған бала шағы!
Ән салды сонда Дәнеш, сал-сал әнді,
Әнді де артып туған жан салады,
Әніңмен өткен шаққа арзу айттың,
Әніңмен болашақ та қарсы алады!
Әнге айналған жүрек
Ғұмырдан – жай отындай жарқын-жарық,
Дүние жанарында жарқыл қалып,
Ән салып жүрген сынды ол таулар жақта,
Жүрегі құсқа айналып, қаңқыл қағып,
Іздесең, тауларға бар оның әнін,
Іздесең, бауларға бар оның әнін,
Табасың тыныштықты тыңдар болсаң,
Даланың дабыл қаққан қоңырауын.
Сен оны жанын сүйген күннен сұра,
Сен оны әнін сүйген гүлден сұра,
Келеді көз алдыма Дәнеш десе –
Тауларға сүйеп қойған бір домбыра.
Қос ішек бебеулеп құс қанатындай,
Дүние қалың ойға шоматындай,
Қолға алып сол бір қоңыр домбыраны,
Дәнеш боп дала да ән салатындай.
Сол әнмен құстар ұшып қонатындай,
Сол әнмен өзен толқып, толатындай,
Сол әнмен гүлдер қауыз жаратындай,
Қос ішек бебеулеп құс қанатындай.
Әуеден әуелетіп ән келердей,
Бұйыққан тіршілікке жан берердей.
«Талдының» әр бұлағы тебіреніп,
Таулары «Жетісудың» тербелердей.
Ән қалқып байтақ қазақ даласында,
Алтай мен Алатаудың арасында,
Боздатып дала салған сол бір әнді,
Қоздатып сағынышты саласың ба?!...
Сол әнді, қанша тыңда, тоясың ба,
Сәбидей шалықтайсың аясында,
«Аңшыдай» бірде кезіп кең даланы,
Тынығарсың «Алманың саясында».
Аты өшпес, ардақтым-ай, әні өшпесе,
Әні өшпес – елдің іңкәр жаны өшпесе.
...Мұзтауға іліп қойған бір домбыра,
Келеді көз алдыма Дәнеш десе!
Ықылас ОЖАЙҰЛЫ
(Бірінші орын)
Ән
«Қысмет» сорғалады көктен төне,
Майда үнге майдай ерді балқып дене.
Бір дауыл көмекейден көтерілді,
«КЕТПЕСІН ҮЙДІ ЖЫҒЫП, БАҚАН ТІРЕ».
Кеудеден кер даланың кеңдігі есіп,
Дауылы бұйра-бұйра бұлт көшіріп,
Жусандай жұпар шашқан мұндай әнді
Жаратқан етер ме екен енді нәсіп?
Пай, пай, пай, неткен дауыс дірілі мұң?!
Жанымды, жазғаным-ай, үзілдірдің.
Мынау кім жеті түнде желдей ұйтқып,
Желпіген ақ боз үйдің түңілігін?
Ән осы әр нақышын алтындатып,
Үніне үзілдірген тән балқытып.
Сыңсыған қаз бен қудың сұңқылына
Жаныңды бір шайқаған салқындатып.
Абыздың домбыра ғой дуалысы,
Алаштың аруағы, бұла күші.
Сезсеңіз, еңіреген екі ішектен
Бұрқырап бозжусанның тұрады исі.
Бұл иістен аңдасаңыз мағынаны,
Жаныңыз жұпар бүркіп ағарады.
Сол мезет...
алпыс екі тамырыңнан
Қан емес,
Қан орынына ән ағады.
Бебеуі екі ішекті еміндіріп,
Шалқыған, шарасынан төгілдіріп...
Күмістей сыңғырлаған есті әніме
Есімді бір алайын шомылдырып.
Олжас ҚАСЫМ (Екінші орын)
Ән-ғұмыр!
Шертсем де қайта толғап домбырамды,
Дәнештей айта алмаспын сол бір әнді.
Лапылдап жалын атқан ән алауы,
Өшер ме жүрегімнен енді мәңгі?!
Ән еді ол аққудайын мамырлаған,
Дүние ырғағына бағынбаған.
Шығандап, қияға өрлеп, шыңға шығып,
Нөсердей ағыл-тегіл сауылдаған.
Ән болды сағынышы тербеген шақ,
Кеткенде кіндік кескен жерден алшақ.
Сарғайып сан жылдан соң арна тауып,
Шақырған Жетісуын келді ол аңсап.
Келді де құйды бірден тың ағыспен,
Толтырып ән дариясын бұла күшпен.
Жетісу тебірене толқын атты,
Сапырып ақ көбігін қуанышпен.
Сол өзен Дәнеш еді арна болған,
Самалдай есетұғын сарнап алдан.
Үзілмес үмітінің нәзік қылын,
Әнімен Жетісуға жалғап алған.
Сыйлайтын жеті бояу маған керім,
Тапқан ол Жетісудан ән өрнегін.
Дәнештің әндерінен жеті өзеннің,
Сылдырын еститінім содан менің.
Мың әуен құйқылжитын өрден өрге,
Сыйқырын көрген де бар, көрмеген де.
Әншінің әсемқоңыр сазыменен,
Әсет те қайта айналып келген елге.
Сол дауыс атамекен көгіне өрген,
Қасым1 боп арындаған, тебіренген.
Шәкәрім2, Таңжарықтар3 тұрды сөйлеп,
Дауылпаз Дәнеш салған қоңыр әннен.
... Қайда екен ән жұлдызы шамдай жарық,
Тұратын жәудір дүние таңдай қағып.
Жәдігөй жалған өмір жалт бергенде,
Мәңгіге кетті білем әнге айналып.
Дәл солай, мекендейді ол ән әлемін,
Жақсы әнге жуымайды-ау жаман өлім.
Қуарып, құлазыған сәттерімде,
Дертімнің ғұмырлы әннен табам емін.
Шертсем де қайта толғап домбырамды,
Дәнештей айта алмаспын сол бір әнді.
Лапылдап жалын атқан ән алауы,
Өшер ме жүрегімнен енді мәңгі?!
*Ақын Қасым Аманжолов
*Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы
*Ақын Таңжарық Жолдыұлы
Аялаған арман туралы өлең
Момақан қоңыр кеште, қойлы ауылда,
Оңаша отырушы ем ой бағында.
Сол кеште тұңғыш рет кездестім мен,
Даңғайыр Дәнеш салған «Жайқоңырға».
Көңілдің сонда шалқып көбелегі,
Дариға – ай, біз кешкен сәт әдемі еді.
Кеудені керім бір саз кернеп кетіп,
«Шаттықтың толқыны» боп әуеледі.
Соққанда әнмен бірге ел жүрегі,
Жанымда сыйқырлы әуен мөлдіреді.
Бәрде әнші «Жер жәннаты - Жетісу» деп,
Жетелеп «Алматыға» келді мені.
Үмітім үмітіме сәтті ұласып,
Шаһарға сан асуды жеттім асып.
Келгенде ән саңлағы тағы мені,
Аяулы «Арманыма» етті ғашық.
Алматы арманымды құзар қылған,
Тұрғызды қусам қашып, жүз орнымнан.
Арманды қуып келе жатқанымда,
Жолықты «27 қыз» алдымнан.
Сыйламай бірден оңай сезімді ізгі,
Осылай сынайды екен өмір бізді.
Жолыққан «27 қыз» ішінен,
Ақыры таңдап алдым «Қоңыр қызды».
Қонды ғой сол аққуым қолға гүл боп,
Деп іштей қуанымын «арманым жоқ».
Тауып ап дүрия сезім дүлділ әннен,
Отырам «Саясында алманың» көп.
Жайнаған Жетісудың ақберені,
Сыйлады маржан әнмен сәтті әдемі.
Елітіп, бір ерке әуен тұр шақырып,
Күлімдеп екеумізді «Мақпал» өңі.!
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ (Екінші орын)
Дауылпаз
(Дәнеш Рақышев рухына арнаймын)
Құла түз қойнында, сары дала төсінде
Кезеді үзілмес тәтті арман,
Қом сулар қоңырқай толықсып,
Мың жылдық тарихын ақтарған.
Тарайды бір әуен
сыңсыған нулер мен мүлгіген бақтардан,
тарайды қожыр тау, тап-тарғыл тастардан.
Мен кеше сол әуен ішінде «тербелдім»,
Көз алды бұлдырап – өткен шақ, көрген күн,
Жөңкілген уақыттың көшінен жөн таппай,
Үйірінен адасқан бөкендей сенделдім...
Сау жері қалмаған кеудемнің!
Қапыда қанаты қайырылып,
Өз оты өртеген әуен-ай,
Сыймайтын бүгінгі ұғымға.
Мен қайда самғайын,
сен қонбай тұғырға.
Жанымның дауасы мөрленген екен ғой
Дәнештің ақсұңқар әні мен
дауылпаз жырында.
Дәл таныр кімің бар
Дәнештің хикмет кеудесін...
Маң толы бөтен ой, өзгеше үн,
Құрсайды жанымның бөлмесін...
Қария саусақтар қалтырап барады
Қоса алмай қос ішек, баса алмай пернесін!..
Дертіне ем іздеп, жабыққан бауырым,
иенге көз тастап, өксисің сен несін?..
Дауылпаз Дәнеш-ай!
Әр салған әнінен мың аңыз гүлдеген,
Жылқылар кісінеп, боз жусан бүрлеген.
Көр соқыр кеуделер, өтінем,
Киелі үніңді босатшы «түрмеден»...
Себебі, сөзінің қадірін білмеген –
Өзінің қадірін білмеген!..
Аңшының әні
Таң ата тау жақты бетке алып,
Артыңда шұбалып алып қыр.
Бара атсаң өткен күн құмарын еске алып,
«Аңшының әніне» салып бір.
Жолдасың саятшы әлдене сөз етсе,
Үн-түнсіз сол сөзге елітсе шартарап.
Тезірек жетсем деп зарықты мезетке,
Қыранның жанары қанталап...
Бетіңді шымшылап таңғы бір үскірік,
Айнала түске еніп бозамық.
Жүйрік ат омбы қар ішінде пысқырып,
Паң дала алғашқы шапаққа боялып...
Құсаңды ұмытып құрсаң бір серуен,
Аң толы өлкенің төсінде.
Қырқалар – секілді тоқтаған керуен,
Мәңгілік жатталып қалатын есіңде.
Көз ұшы көкжиек – нүкте мен сызықтар,
Мың сырлы картина – әдемі сәттер ең...
Қансонар кезінде уайымсыз қызықтап,
Аңға бір шықпадым, әттеген!..
Еркін ИСАХАН (Үшінші орын)
АЛАШҚА ӘННЕН САРАЙ САЛҒАН СЕРІ
Бөрідей бар ашуын көкке қайрап,
Қалды артта қасіретке бөккен аймақ.
Ел көшті керуен тартып Қытай асып
Заманның ұйытқи соққан өкпегі айдап.
Заманның қанды өзенін кешіп не бір,
Ел көшті тәңір жазған несіп пе бұл?!
Алыстап ата жұрттан кеткендігін
Білгендей бұлқынады бесіктегі ұл.
Аунаған тумай жатып бастан бағы,
Тағдыры қатты екен-ау тастан дағы.
Сол сәби Дәнеш еді Алаш түгіл
Аққуға ән тыңдатқан аспандағы.
Жетісу қалған артта шерлі білем,
Түлеткен тұғырынан Ерді кілең.
Сол сәби Дәнеш еді ән шырқаса
Тас балқып қорғасындай жер жібіген.
Дауысы тым екпінді жыртардай бұлт,
Әніне әрбір салған іңкәрдай жұрт.
Басты оны бауырына сұлу *Сайрам,
Баулыды тұйғын ілер сұңқардай ғып.
Құрғатып домбырамен тамған жасын,
Толтырып әсем сазбен ән қамбасын.
Әкелді Ата жұртқа аманат ғып,
Әсеттей ұлы өнердің бағлан басын.
Өнері сәуле шашқан шамдай жанып,
Даусына жұрт тамсанар таңдай қағып.
Алашқа әннен сарай салған сері,
Өзі де кетті ақыры әнге айналып.
*Сайрам көлі – Қытайдың Қорғас ауданындағы Дәнеш өскен жер.
Нұржан БАЙТУСОВ (Үшінші орын)
«Киелі сахнаның «Қалқаманы»»
Сыры көп, шіркін, өнер сан салалы,
Шындықтың құпиялы шартарабы...
Көзіме елестейді кейбір шақтар,
Киелі сахынаның «Қалқаманы».
Жазасы «Еңлік-Кебек» қатал еді,
Көзіме елестейді «Жапал» рөлі.
Таланттың тағдыры да тарпаң жол ғой,
Таңы бір сол шақтардың атар ма еді...
Сомдаған бұл рөлдерді Дәнеш ағам,
Шоқтығы биік тұрған белес ағам.
Өнердің және өмірдің актері екен,
Өзіңдей ойнай алмас келесі адам.
Әндері әлдиіндей бұл ғаламның,
Таңырқап, тұщынамын, тыңдағанмын.
«Шаттықтың толқыны» деп, «Туған жер» деп,
«Алматым» мен де сені жырлағанмын.
Өшпейді Дәнеш аға асқақ әні,
Өнерге өрелі жұрт шаттанады.
Өмір деп аталған ол сахынаның
Өлмейтін саңылағы боп қалады!
Қолқа салу
(Нұржан Жанпейісовтен сұрау)
Ағатай, домбыраңды алшы, кәні,
Шанақтан төгілсін бір жан шуағы.
Жанарды жұмған сәтте,
аяң басқан,
Адырдан естіледі «аңшы әні».
Пай-пай-ау, неткен шіркін, сырбаз еді,
Жүйрік ат, қыран бүркіт тұрған өзі.
Үкілі Ыбырайдың мәшһүр әнін,
Дәнештей ағамыз да жырлап еді.
Ағатай, «Ақеркені» тыңдайықшы,
«Балжан-ай» деп толқындап, тулайықшы.
«Жетісу жер сұлуын» әнге қосып,
«Саясында алманың» жырлайықшы.
Білемін, аға, сенің бәрі есіңде,
Бұл әндер махаббаттың мәуесіндей.
Қалдырған Дәнеш аға мұрасына,
Шырақшы болып өзің келесің бе?!
Сал онда, салшы кәні, сазыңа бір!
Қос ішек себелесін жаныма нұр.
Қайран-ай, қазағымның домбырасы,
Қаймағы ұлт жүзінің - қазына жыр!
«Ауылың шалғай жан сәулем Алмалыда...»
Жүзге жуық ән жазып артына өмес мұра қалдырған Дәнеш атамыздың көп әндерінің шығу тарихы жұртқа әлі күнге дейін белгісіз. Дәкеңнің репертуарындағы «Ауылың шалғай жан сәулем Алмалыда» деп басталатын екі бірдей әнінің тууына себеп болған Бәтима(Ақ бәтес) Сымағұлқызы қазіргі Қытай жеріндегі Қорғас ауданына қарасты Алмалы ауылында өмір кешті. Ақ бәтес апамызды көзі тірісінде көрмесекте жүрек толқытар осы бір әуезді ән туралы аңызды ел аузынан естіп өстік.
Шамдары ауыл үйдің сөнбес бұрын,
Арнаған осы өңірге он бес күнін.
Тосыннан түн жамылып сері аттанды,
Жалынан ән төгіліп тор бестінің.
Балқытып толған айдың шуақ нұры,
Қалғиды қойлы ауылдың қырат құмы.
Қоштасып Бәтима қыз қалды артында ,
Бордай боп бетін жуып бұлақ мұңы.
Қыз қалды көз қадаған көркіне жұрт,
Сарғайған сағыныштың өртін еміп.
Ал Дәнеш сол кеткеннен оралмады,
Қылындай шу асаудың серті берік.
Ай жатыр ауыл жақты шолып қырдан,
Жаз көшіп жауқазын да солып тынған.
Жалындай жанды өртеген бір ән үшін,
Қыз қалды бар ғұмыры болып құрбан!
«Ауылың шалғай жан сәулем Алмалыда...»
Абай ОРАЗ (Үшінші орын)
«Ән өнерінің ақберені»
ӨЛІАРАДА ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Қос ішек бырт-бырт үзілді,
Жалғайтын ұлды таппадым.
Шашақты найза ілулі –
Толғайтын ұлды жоқтадым.
Сарсүмбе саяқ жорттым,
Әр түнге салаң із қалып.
Басылмағаны-ай солықтың,
Кеудемді өрт пен мұз қарып.
Кездігім кеше жоғалды,
Ерлігім ерен еш кетті.
Ер тоқымын бесті көк әлгі,
Бауырына алып бос кепті.
Қос құнаным бүгін тұл,
Көк бестім жетпей кермеге.
«Толғауы тоқсан қызыл тіл»,
Ей,Дәнеш-дүние, дөңгеле!
Аққу-қаз көлге қона алмай,
Ақсуат қалды қуарып.
Тотыдайын таранбай,
Топырақ салдым уанып.
Санамда сары сағыныш,
Елегіземін, алаңдай.
Сыңсыйды дәуір-дәруіш,
Дәнештен дәрмен таба алмай.
Ақ бурыл сағым көлбеңдеп,
Ақшам жамырап, от құсып.
Дүние-ай, Дәнеш өлген жоқ,
Алагөбеде кетті ұшып.
Өтерге дәрмен, өткел жоқ,
Бекерге өткен бос өмір.
Келеді бір күн көктем боп,
Келмеске кеткен кешегі ұл.
«Ән қанатындағы жыр»
СӘДІҚОЖА САРЫНЫ
Сәдіқожа өзі ынтық болған Бекзада атты
арудың ұзату тойында аужар айтыпты-мыс.
Қайтар жолда «Сары бидай» туыпты...
Бөктергіге ілінген жарығым-ай,
Тастан түлкі таба ма тазы,құмай?!
Айналып ауылыңнан кете алмап ең,
Сызылтып салған әнің – «Сары бидай».
Салған ән – «Сары бидай». Сәдіқожа.
Болмай жүр бұл күндері тағы маза.
Сенің үйің Кетпеннің етегінде,
Сәлем айт, Бекзадаңа, жарыңа да.
...Бір қызға ынтық болдым бидай өңді,
Сапырып сан айналам сый-дәмемді.
Жуасқа қамшы басып, суат беттеп,
Бетке алып шығушы едік бұйра белді.
Көз сүзбей көңіл құрғыр көп кезеңге,
Ат арытқан күнімді хош көрем де...
Сол қалқа ұзатылды жазғытұрым,
Дәтім жоқ сөкет қылып, өкпелеуге.
О, тоба, кеше мұрттай ұштым келіп,
Бір ысыдым, суындым, біттім кеуіп.
Мақұл көріп жүргенде маңайымды,
Сол қалқатай есіме түссін келіп.
...Менің де салған әнім – «Сары бидай»,
Салар ма ем киіз үйдің жабығында-ай.
Бөгеліп көрмеп едің көп ішінде,
Жөнеліп барасың ба тағы қимай?
Жолсыз кезсем деп едім жота-қырды,
Жөн білмейтін жамандар ошарылды.
Қырындап қарап жүрген қалқатайға,
Ыңылдап айтсам деп ем осы әнімді:
«Қалқатай еске түскенде
«Сары бидай» әнін
Сағынып сонда салғаным...»
Дастан АҚАШ (Ынталандыру сыйлығы)
Елі білген әнші аға Дәнеш еді
Елі білген әнші аға – Дәнеш еді,
Дәнеш десе құлаққа ән еседі.
Халқым түгіл қазақтың ардағына,
Елеңдеген кешелер алаш елі.
Жетісуда әнші аға туған екен,
Кіндігін бір құтты ана буған екен.
Алмағайып заманда асып барып,
Арғы бетте біраз жыл тұрған екен.
Ол жайында жазарда зерделедік,
Қажет іс қой шабытқа дем берерлік.
Ал зер салсақ әншінің өнеріне,
Терезесі дүлдүл жоқ тең келерлік.
Дәкең – ақын, әрі әнші, әрі сазгер,
Талантты осындай әркім де аз дер.
Дәнеш әнші келгенше ата жұртқа,
Естімеген ерекше әсем сазды ел.
Бір туатын таныды ел талантты,
Әні әншінің елге тез таралыпты.
Тыңдағанда айызы қанып жұрттың,
Талай ару ай маңдай алабұртты.
Тамсандырмай қойсын ба әуен мықты,
Мың құбылған сұлу саз, әуез тіпті.
Қыран самғау дауысы әнші ағаның,
Өзге түгіл разы еткен Әуезовты.
Әнін айтқан татар мен қырғыздың да,
Ұйғырдың да бәрі бір жұлдызды ұлға.
Әндеріне ғашық боп әнші ағаның,
Бәлкім батты сол кезде мың қыз мұңға.
Тау мен тасты жаңғыртып боздаған үн,
Өткен солай одан да бозбала күн.
Ақан сері, Біржан сал, Естай сынды,
Ән серісі – Дәнеш те боз даланың.
Еске алсақ Дәкеңнің балалыған,
Риза етер көңілін саналының.
Ақын бала атанып, әнші бала,
Бала кезден байқатқан даралығын.
Елжіреткен талайды еміренткен,
Әсем сазды әнімен тебіренткен.
Қадрихан, Мәметтен тәлім алып,
Әсет сазын сіңірген лебі өктем.
Жүрген жері ән мен күй тамаша еді,
Үлкенге іні, кішінің ағасы еді.
Рухы ма, ағаның әлдилеген,
Елегізген жұрт отыр санасы енді.
Шекарадан өткенде тосып алып,
Алақанға салды оны осы халық.
Осы халық Дәнешті әспеттеген,
Құрметтеуде бүгінде есіне алып.
Дәнеш жүрген осы жер, осы дала,
Соңғы мекен ол тұрған осы қала.
Не екенін білмейсің бір ғажайып,
Мұнда келсең көңілдің хошы дара.
Жаннат мекен көктем мен жазы қандай,
Күз бен қыста суық жоқ азынардай.
Жанға жайлы осы бір құт мекенді,
Әнге қосқан Дәкеңнің сазы қандай!
Алтын қорға, айналған қазынаға,
Ие әр қайсы ерекше мағынаға.
Әні көптің шыққан соң көңілінен,
Тапқан еді өнерден бағын аға!
Аспандағы аққуға үнін қосқан,
Құдірет бар әншінің үнінде асқан.
Тоқсан жылдық белесі құтты болсын,
Ақ иықтың ағайын, бүгінгі асқан!
Шын сағынды Дән аға, ән ағаны
немесе той қарсаңындағы толғау
Әні қандай, Дәкеңнің әні қандай,
Жігеріңді бойдағы жанығандай.
Ол ән салса қазақтың кереметін,
Болушы еді өзге жұрт танығандай.
Әрбір әнді құбылтып жандыратын,
Тыңдаушысын тамсанта таң қылатын.
Айызыңды қандырар әсем дауыс,
Құлағыңның құрышын қандыратын.
Әлі есімде, онда мен тоғыздамын,
Келіп қайтқан біз жаққа аңыз дарын.
Көрген едім сонда мен өз көзіммен,
Әр жүрекке әннен бал тамызғанын.
Қазағымның кең байтақ сахарасы,
Баршатастың кең сарай сахнасы.
Көз алдымда сол сурет кешегідей,
Ықыласты жұртымның анталасы.
Көп ұзамай көп күткен кеш басталды,
Әуенімен желпіген кешкі аспанды.
Орта тұста ортаға шыққан жанды,
Бағанадан ынтығып ел тосқан-ды.
Қол соғылып құрмет көрсетілді,
Көрінбеді әнші аға өр секілді.
Домбырасын қойды да кеудесіне,
Тағзым етті халыққа, жөн секілді.
Көз алдымда жүрісі, маң басқаны,
Сырбаз бейне сәлден соң ән бастады.
Сыңғырлаған мөп-мөлдір бұлбұл әуен,
Тіліп бара жатқандай түнгі аспанды.
Көңілдерге әнші үні ұнағаннан,
Күйкі тірлік ұмыт боп мына жалған.
Ән тыңдаған жұртшылық тым-тырыс боп,
Орынында бір сәтке тына қалған.
Жетісуда жүргендей самалалы,
Желпінбей жұрт қалайша қала алады.
«Саясында алманың» әнін тыңдап,
Алма бағын қиялмен аралады.
Алатаудың ән етіп ойы-қырын,
Бөлісуде жұртпенен оны бүгін.
Бастап кетті осылай әнші аға,
Құдіретті «Ән» деген қойылымын.
Қандай ғажап «Балжан-ай», «Ақ маралы».
Бойды билеп жақсы әндер ап барады.
«Сәулем-ай», «Шалқы сайрам», «Көкталым» мен
«Жетісуым», - деп аға мақтанады.
Бәрі-бәрі керемет жарасымды,
Тудырмайды ешқандай таласыңды.
Әнін шырқап төрде отыр әнші аға,
Дегендейін алып қал аласыңды.
Басқан кезде Әсеттің әндеріне,
Сахнаға әнші аға сән беруде.
Ондай кезде ұмытып өзіңді-өзің,
Келіп кетеді екен-ау әу дегің де.
Ән қоймасын әнші аға ақтарғандай,
Қол соққанға жайы жоқ мақтанғандай.
«Үлкен ардақ», «Кіші ардақ», «Інжу маржан»,
«Қара көз» бен «Қоңыр қаз», «Мақпал» қандай!
Айтылды қысымет те, хикмет те.
Құлақ салдық термеге, өсиетке.
Әсет айтқан «Ақырғы сөз» де айтылды,
Қан жылады ішіміз қасіретке.
Неткен ғажап ән еді «Амандасу»,
Адамға сыр айтылған заманда сұр.
Жеті жыл тар қапаста отырғанмен,
Таңжарықтай таң қалдық адамға асыл.
Әнші солай толғантып алған еді,
Қалқа әніне содан соң салған еді.
«Сары бидай » шалқыды содан кейін,
Арман ән Сәдіқожадан қалған еді.
Тыңдаушының қозғанда арқалары,
Не бір асқақ ән кетті Арқадағы.
«Баян ауыл», «Ғалия», «Жамбас сипар»,
«Сырғақты», «Бөпем» менен «Қарқаралы».
Қозып алған жұрт енді арқалары,
Әншіні көтермелеп, алқалады.
Қолқалап «Ананы айт та, мынаны айт», - деп,
Көпке дейін ән кеші тарқамады.
Небір шырқау ән шалқып себеледі,
Баурап әуен қоздырды делебені.
Соның бірі «Аңшының әні» болды,
Сөз жоқ әннің әуені ерен еді!
Қырғыздың да шырқалды «Ой бұлбұлы»,
Ғажайып ән, болатын тойдың гүлі.
«Қырғыз өзі Дәнештей айта алмас» деп,
Ішке түйіп өзімше қойдым мұны.
Шынын айтсам кетпейді әлі есімнен,
Дәл осындай кеш болды ән есілген.
«Бұлбұл»,- деді, ал бірі «Дүлдүл», - деді,
Қимай жұртым қоштасты Дәнешімен.
Шын мәнінде ол бұлбұлға баланады,
Топты жарған дүлдүл деп саналады.
Қайда барсын, қай жерде ән салмасын,
Жұрттың бәрі осылай бағалады.
Көрген сурет жаңғырып санадағы,
Әсем әндер есіліп барады әні.
Қалың жұрты – қазағы бұл күндері,
Шын сағынды Дән аға, ән ағаны.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ (Ынталандыру сыйлығы)
СЕРІЛЕРДІҢ САРҚЫТЫ
Сіңіріп жүрегіне шерлі жасын,
Әсеттің әуелеткен ән мұрасын.
«Қысметті» қалықтатып әнші Дәнеш,
Әлі қағып тұрғандай домбырасын.
Өткеріп тағдыр көшін, сан сынақты,
Өшірмей өлеңдегі шамшырақты.
Дауысы естілгенде дараланып,
Жетісуда жеті өзен шалқып ақты.
Тоғыз перне, қос ішек жорғалап ән,
Бұлбұл болып сайраған сол даладан.
Талдыдан үні естілсе күллі Алматы,
«Бізге кеп ән салса» деп қолқалаған.
Сазынан сағым ойнап қыр-даламда,
Теңіздей жаны толқып тыңдағанда,
Мұхиттай ұлы Мұхтар мойындаған,
Дәнештей әнші жоғын бұл ғаламда.
Бойласаң өткен ғұмыр сәттеріне,
Тағдырдың кім тосқауыл «Әттеңіне»...
Әуезов аман келсем Мәскеуден деп,
Дәнештің үміт артқан мектебіне.
Жеткізе алармын ба бәрін жырлап,
Санаған ғұмырында әнін қымбат.
«Кешегі серілердің сарқыты» деп,
Жүсіпбек сүйсінгені анық тыңдап.
Қаладан қажығасын қырды асқанда,
Көңілдің көк аспанын мұң басқанда.
«Ән-жырмен әлдилеген Дәнешім» деп,
Іздеген Мұқағали сырласқанда.
«Жетсе, деп ұрпағыма үнім ерен»
Ұққанға дауысының сыры терең.
Шыққанда ел алдына әнші Дәнеш,
Шырқатып шыңнан асқан шыныменен.
Өткеріп тағдырында жол тұйығын,
Заманның шырғалаңын, көп күйігін,
Көрсе де сағы сынбай әнші Дәнеш,
Өнерде сақтап қалған сол биігін.
«АҢШЫНЫҢ ӘНІ» ТУРАЛЫ ЖЫР
Қазақтың араласаң бай даласын,
Табарсың мейман етпес қай баласын.
Кеңпейіл дастарханның төріне өтсең,
Жетісудың жеріндей жайқаласың.
Қойнауын тұнып жатқан сырға балап,
Аң қағып шықсаң тіптен бір ғаламат.
«Аңшының әнін» шырқап отырғанда,
Арулар сені таныр бір қарап- ақ.
Отырсаң «Еркін жүрген сері едім» деп,
Жан болмас қаңқу сөзге сенетін көп.
Лекітіп күлкі аралас ән айтпасаң,
Думаншыл қыз- жігітке керегің жоқ.
Ойнақы, нақышты әуен бойға дарып,
Домбыра шерткеніңнен ойға қалып.
Даланың иесіндей көсілерсің,
Жүргендей күнде думан- тойға барып.
Көргеннен көңіл шіркін ауып тұрған,
Жаныңа бір сұлуды тауып қырдан,
Жастықтың бұл кезіне не жетеді,
Саф ауа, айлы түнде сауық құрған.
Мөп- мөлдір жанарына мұңды ілдірмей,
Қараса көңіл тұрмас сыр білдірмей.
«Па, шіркін менің жарым болса екен» деп,
Қаларсың жолдан тағы бір күн жүрмей...
Серіні бір көргеннен таныған сәт,
Сұлуды сағынады жаным аңсап.
«Аңшының әні» солай тумағанда,
Тірліктен кетер еді жаның алшақ.
Құлпырып сала берген бар айнала,
Тыңдасаң тамсанбассың қалай ғана.
Жақсы әннің таңдайыңда дәмі қалып,
Дегендей дәметерсің «Тағы айта ма?»..
Күмісбек МҰХТАР (Ынталандыру сыйлығы)
Ән өнерінің ақберені
Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛҰЛЫ (Ынталандыру сыйлығы)
Ән еркесі - Дәнеш
Дүние - ән шалқыған бір айдын көл,
Шөлдесең, осы көлге жыл, ай, күн кел!
Айдынның тамылжыған әнін естіп,
Жапанда жалғыз семген құрай бүрлер!
Айдыннан талай гәкку ән өрлеген,
Мипаздап, мың құбылтып, мәнерлеген.
Қош бол деп, қолын бұлғап кеткен сосын,
Көкке ұшып, көкала үйрек, әлемге кең.
Сол айдын толды бірде кемер кернеп,
Қоңыр қаз ән шалқытқан, көкке сермеп.
Тау-дала қалғиды үнге құлақ түріп,
Айдыннан ай су ішер, сағым тербеп.
"Көкала үйрек", "қоңыр қаз", "қош бол, аққу",
Тағдыр құсы еді олар, татқан ащы у.
Қоңыр қаздай, қош бол деп, бел асты да,
Ылайланды тас тескен көк балақ су.
Көмейіне ән дейтін мұң сырға ғып,
Қоңыр қаздай бел асқан, сұңқыл қағып.
Алаштан ән өздырған Әсет ақын,
Мақпалдай мақамына түн шырмалып.
Айдын көлдің перісі, қоңыр қазы,
Үнінен естілердей өмір сазы.
Қайран Әсет Дәнеш боп қайта оралды,
Шалқыды айдын көлде сол үн тағы.
Айдын көлге қосылды ол тас бұлақ боп,
Әсет дейін асқардан шапқылап кеп.
Құлазыған айдынын, тау-даласын,
Гүлге орады көктемгі жас құрақ боп.
Гүлге орады ол қазақтың ән өлкесін,
Айдынына қондырды ән еркесін.
Өтті өмірден қара нар - Қайран Дәнеш,
Ұлы әуенге бесік қып нән өркешін.
«Ой, бұлбұл»
(Д. Рақышевқа)
Мен ес білгенімде,
Табанымды қызыл тас кеп тілгеніңде,
Ақ жаңбыр болып есіл ән айызды басқан,
Аңызғақ жел аңқамды кептіргеніңде.
Көкірегіме сәуле боп ұлы ән жеткен,
Бүр жарды алғаш сол әннің мұңынан көктем.
Туған жердің тусыған көк белдерінде,
Құлдыраңдап жүгіргем құлын ән боп мен.
Қоп-қоңыр таудың етегін біздің ел жайлап,
Төскейге малын өргізіп, биесін байлап.
Сауықшыл сері сапырып сары қымызын,
Зарлы әуенге басар ед, бұлбұлдай сайрап.
Ақ боз үйдің сығалап босаға жағын,
Сері неменің көрмек боп осы ғажабын.
Екпіндеп әуен, бір сәтке, аққан судай боп,
Қыстығады әуен, бір сәтке, тосалады ағын.
"Лақ" етіп әуен көмейден қайта кетеді,
Көңілімнің айдынын шайқап өтеді.
Бір жақтарда іздеген бақытым бардай,
Бағлан көңіл жайлауын байтақ етеді.
Өмірдің түні осылай батар қарайып,
Тәңірдің сырлы әуенін жатар ма жайып.
Сол күйі сері ауылға бір соқпай кетті,
Сағыныш өртін лаулатқан қатал ма ғайып.
Сауықшыл сері қап-қара түнге сіңді де,
Ағытпай кетті сол әннің сіргесін мүлде.
Есімде әлі "Дәнеш" деп жылағаны да,
Содан бері құмармын сырлы есімгеде.
Содан бері "Дәнеш" боп тербелді ғұмыр,
Дәнештің әні кеудеме шер берді жұмыр.
Аққудай болып ауылдан аттандым алыс,
Толқын-толқын астым көп белдерді қыңыр!
Таңсәуле ЕРКІНҚЫЗЫ (Ынталандыру сыйлығы)
Ән өнерінің ақберені
Әннің де естісі бар, есері бар,
Үніне тұратұғын төселіп ар.
Жаз даусы, қоңыр қазбен үндесетін,
Әр сөз салмағынан еселі нар.
Сен салған «Сарыбидайдың» үні қандай,
Аңсаған жан дамылдап, тынығардай.
Әз үнің кең даланы еске салып,
Үнінен аққу көлде шомылардай.
Қандырып қалың елдің құлақ үнін,
Сен өмір сүретіндей тура бүгін.
Дәнеш атың ешқашан өшпейді аға,
Өзіңдей ел ұмытпас жыр алыбын.
Дегенде сенен қалған сазым барда,
Жалғасқан болашаққа назың барда.
Әндерің қазағыңа мұра болып,
Бұлбұлдар жетелейді өзіңді алға.
Ән қанатындағы жыр
Қоңыр үн домбарамен үндесетін,
Өнермен өзіңдей бір күн кешетін.
Суарып шөліркеген көңілдерді,
Дәл сендей домбырамен тілдесер кім?
Әніңмен тербелгенде бағзы мекен,
Мен сенің өнеріңе тағзым етем.
Қазақта Дәнеш дара, Дәнеш жалғыз,
Ешкімге ұқсамайтын жалғыз екен.
Дамылсыз бұл бес күндік жалғаныңда,
Ғұмырыңды қазаққа арнадың ба.
Кең дала оянады, таң арайлы,
Сызылтып «Сарыбидайға» салғаныңда.
Табиғатпен ұласып үндесетін,
Қазағым жіберіп ед кімге есесін.
Ұлы мұра қос ішек домбырамен,
Бірге жасап мәңгілік күн кешетін.
Дауысың шарлағанда алысты бір,
Өзіңді шақырды ма, ғарыш ғұмыр.
Алатау асқарынан естіле ме,
Таныс ән, таныс дауыс, таныс дүбір.
Халқыңның көкейінде әр белесің,
Тыңдағанға рухты ән бересің.
Сенің даусың жалғасар болашаққа,
Ұлы өнерің өшпейтін-мәңгі елесің!
Бөлісу: