Қасымхан Бегманов: Таласбек пен Әмірхандай дарындардың тағдыры қайталанбаса екен

Бөлісу:

01.12.2016 3793


12.png

Осыған дейін бұл сұрақтарға жазушы Несіпбек Дәутайұлы жауап берген болатын.


– Тәуелсіздік жылдарындағы ширек ғасырда Жазушылар одағы қазақ әдебиеті үшін не істеді? Жазушылар одағының келесі төрағалығына кім лайықты?


Әділдігіне келетін болсақ, Жазушылар одағының ширек ғасырда қазақ әдебиеті үшін атқарған жұмысы көп. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Одақтың өткен-кеткенін қазбалап, барды жоқ деп, немесе керісінше жоқты бар дегеннен ешкімге келіп-кетер пайда жоқ. Тәуелсіздік алған алғашқы қиын жылдарды ширек ғасырға артқа тастап, Жазушылар одағы шама-шарқынша осы күнге аман жеткеніне шүкіршілік етіп, ары қарай не істеуіміз керектігін ойлануымыз керек.


Ол үшін, ең бірінші, ақын-жазушылардың күн көрісін, тұрмысын, өмірден өтіп кеткен əріптестердің əдеби мұрасын оқырманға қалай жеткіземіз деген тәрізді толып жатқан қаржыға кеп тірелетін мəселелерді түбегейлі шешіп алғанымыз жөн. Бұл мәселе бəріміздің жүрегімізді ауыртады.


Бір қаламақы ақын-жазушының мəселесін түгел шешпейді. Келесі жылдан бастап берілетін қаламақының қаламгерлер үшін тиімсіз жағы барына мән беруіміз керек. Көп жылдар көз майыңды тауысып жазған шығармаңа бір-ақ рет қаламақы алып, содан кейін тек авторлық құқың ғана сақталып қалатын көрінеді. Әр шығармаңның оқырманға жетіп жатқанына қуанатын шығармашылық адамы үшін бұл өте ауыр. Ал, сол оқырманмен кездесуге барып «бұл менің шығармам болғанымен, қазір жариялауға құқым жоқ, ол үшін қаламақымды алып қойғанмын. Бұл шығарманың қазіргі иесі мемлекет еді» деп тұрамыз ба сонда? Кейбір шығармалар баспасөз беттерінде қайталанып басылып жатады. Ал бір рет қаламақы алсаң, басқа еш жерде қайталап жариялауға құқың жоқ көрінеді. Солай деп келісім-шартқа отырған соң, шартта көрсетілген мерзім ішінде ешқайда жариялай алмайсың. Шартты бұзсаң сотқа береді. Бұл нарық заңы. Сондықтан дəрменсіз ақын не жазушы боп өмір сүру, жанұяң мен жақындарыңның алдында, ер азамат ретінде көп қолайсыздықтар əкелетінін кімнен, несіне жасырамыз. Қоғамнан бөлініп баз кешіп өмір сүрудің заманы келмеске кеткелі қай заман. Əрі-беріден соң, дені сау, жап-жас адамдар үшін бұл өте қолайсыз жағдай ғой. Өйткені қабырғасы қатпаған өз перзенттеріңді мен "данышпанмын, сенің мәселеңмен шұғылдануға уақытым жоқ» деп қатал нарық заңынан қорғамау, олардың қажеттілігін өтемеу, ата-аналық парызды толық атқармау деп есептеймін.


Екінші, Жазушылар одағына заман талабына сай іскер, Ата заңымызды Жазушылар одағы үшін тиімді пайдалана алатын қаламгерлерді қызметке тарту керек. Ол қаламгердің қабілеті бойында қайнап жатса болды. Шешілмейтін мəселе жоқ. Келгісі келмесе туған əдебиеттің ертеңі үшін "зорлап" əкелу керек. Аузымен орақ оратындарды бұдан былай халық та, билік те қолдамайды. Бұл уақыт пен бүгінгі күннің талабы.


Менің есімнен Таласбек пен Әмірхандай қазақтың дарынды перзенттерінің қайғылы тағдыры шықпайды. Осындай қайғылы оқыс оқиғалар қайталанбаса екен деп зәрем ұшады.


Ең алдымен біз ақын-жазушылар осыған көңіл аударып, терең мән беруіміз керек. «Бізге ерекше жағдай жаса» дегенді қанша айтқанмен оны нарық заңы көтере алмайды.


Биліктің əр түрлі сатыларында, тіпті əкімдер мен министрлердің арасында əдебиетті шынайы сүйетіндер жоқ деп ешкім айта алмайды. Оларға қазақ әдебиетін ашық қолдаулары үшін жол ашып, бәрін заңдастырып бере алатын болсақ, көп уақыт жоғалтпай әдебиетімізді əлемдік, жаңа биіктерден көретін боламыз. Ол кезде аударма, шет елге насихат мəселелері де оңай шешілетін болады. Әдебиетті шынайы түсінетін биліктегі азаматтарға нақты ұсыныстарымызды айтып, жоғарыда аталған түйткілді мәселелердің түйінін шешу үшін тиісті құжаттар қабылдауларына мұрындық болуымыз керек. Жазушылар одағының уақытылы жалақы алмайтын, қоғамдық негізде қалып қалған облыстардағы филиалдарының ролін арттырып, жергілікті билікпен олардың беделін көтеруді жан-жақты ойластыру керек. Сонда бүкіл елімізде пəтерсіз, не кітабы шықпаған бірде бір дарынды ақын не жазушы болмайды. Бұл арада дарынды деген сөзге ерекше мән беріп айтып отырғанымды ескерулеріңізді сұраймын.


Қай халықта да ғасырлардан ғасырларға ұлттың ұлт екенін көрсететін екі нәрсе бар. Бірі – Дәстүрі болса, екіншісі – Ұлттық кітапханасы. Бұл екеуін бағзы замандардан бері ата-бабаларымыз сақтап, бүгінгі ұрпаққа аманаттады. Ал, болашаққа аманаттау біздің парызымыз. Кешегі Әлихан Бөкейхан «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дегенді босқа айтқан жоқ.


Біз, ақын-жазушылар жаңа заманға бейімделуіміз керек. Жаңа заманның жаңаша ойлайтын дарындарын қолдауға міндеттіміз. Жазушылар одағымен бірлесіп, жан-жақты зерделеп, арнайы қаулы қабылдап, бір рет көңіл бөлсе болды, сол көмекті ары қарай нарық заңы бойынша өзіміз алып кетуіміз керек. Бүгінгі нарық заманына орай, қаламгерлер өздері қаржы табатын көздерді ашуды шұғыл қолға алу керек. Жалға берілген ғимараттардан түсетін мардымсыз қаржыны сарылып, біреуден ай сайын «көмек» күтіп отыратын уақыт өткенін түсінуіміз керек. Бұған көп ақылдың керегі жоқ. Іскер, сауатты, мемлекетшіл, дарынды қаламгерлерді арамыздан іздесе, ондай адамдар аз емес.


– Жиырма бес жылдықта қазақ әдебеиетінің қай жанры кенжелеп, қандай жанры алға шықты? Осы уақыт арасында әдебеиетімізге тың өзгеріс алып келген қаламгерлерді атай аламыз ба? Біздің бүгінгі әдебиетке не жетіспейді?


Қазақ поэзиясы шашасына шаң жұқпайтын тұлпар, аспанға шапшыған арғымақ ғой. Алдына əлі күнге дейін қара салған жоқ. Ал жалаң публицистиканы көркем əдебиет дегенге иланатын оқырмандар легі пайда болды. Жалаң ұрандатқаннан арылатын, жан-жағымызға зер салып қарайтын уақыт жетті.


«Тарих рақымсыз. Ол – ғұламаны да, бiлгiрдi де, өнер иесiн де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердiң бәрiн езiп-жаншып жүре бередi. Тарих заңдары керi қайтуды бiлмейдi және оны жаратпайды» демеуші ме еді, Мұстафа Шоқай.


«Жақсының жанында жүрсең шапағаты тиеді. Жаманның жаныңда жүрсең кесапаты тиеді» демей ме дана халқымыз, бір-бірімізге тек жақсы болып – аға ағалық жолымен, іні інілік жолымен жүріп, қазақ атамыз салған ұлттық дәстүрден айнымасақ екен.


Кейінгі толқыннан Батырхан Сәрсенхан, Қайрат Сейтқазин, Мақпал Мыса, Әсел Оспан, Заңғар Кәрімхан, Елдос Тоқтарбай, Бауыржан Сегізбай сияқты көптеген жастардың ойлы дүниелерін қадағалап оқып жүремін...


Бүгінгі әдебиетке көсіліп шаба алмау жетіспейді. «Шөп те, шөңге де өлең» деп оқырманның «миын» ашытып жібердік.


«Бәрін уақыт өз орнына қояды» деп бәрін уақытқа ысыра салуға болмайды. Күресуіміз, алысып, арпалысуымыз керек. Бүкіл әлем бұрқ-сарқ қайнап жатқанда, ақын-жазушымыз деп жеке кабинетте оңаша шығарама жазып отыруға құқымыз бар ма?




Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы

Бөлісу:

Көп оқылғандар