Салтанат Минайхан: Оралу

Бөлісу:

30.11.2016 3404


Өскен мекен Еңбек ауылына арнадым.


БисмиллаҺ!

Екі бөлімді лирикалық трагедия

Қатысушылар.

Алмас – отағасы, ағаш кесуші, бұрын әдебиет пәнінен сабақ берген.

Жайнат – Алмастың әйелі, сырқат.

Арман – үйдің үлкені, негізгі кейіпкер. 1-бөлімде 4-5 жастарда. 2-бөлімде 24-25 жастар шамасында.

Шамшырақ – Арманның кішкентай, құндақтағы қарындасы.

Іңкәр – Арманның балалар үйінде бірге өскен қыз.

Adrian (Ағылшын) – Арманның американдық әкесі.

Marissa (Ағылшын) – Арманның американдық анасы.

Директор – 60-тан асқан адам. Бұрынғы тарих пәнінің мұғалімі.

Тәрбиеші – Жетімхана тәрбиешісі. Өзі де осы жетімханада өскен.

Аудармашы – Ағылшын тілінен қазақ-орыс тілдеріне аударма жасайды.

Мария (қазақ) –Бала кезінде шекара асып келген американдық жетім қыз.

Асқар – Арманмен бірге ағаш кесетін жігіт.

Асқармен еріп келген жігіт

Американдық үш жігіт, екі қыз.


1 БӨЛІМ


1-көрініс


Ескі үйдің іші. Алмас бен Жайнат. Ортада үстел, екі төсек. Бірінде Алмас газет оқып жатыр, екінші төсекте Жайнат кішкентайын уата алмай әлек. Әкесінің қасында Арман ұйқыда.

Алмас. (Оқыс). Өшірші үнін, өшірші-ей, а! (Күйініп). Күні бойы екі қол, екі аяқта тыным жоқ, түнде екі құлаққа маза беріңдерші-ей, а!

Жайнат. (Баласын жұбатып).Айғайлама! Қарны аш. Оған да тамақ керек...

Алмас. Емізбейсің бе шырылдатпай, еміз!

Жайнат. Күні бойы кергіледі. Омырауға сүт түсу үшін мына мені, анасын тамақтандыру керек. Жарытып тамақ жемегенімізге міне, екі күн болды.

Алмас. Қанағат қарын тойғызады, қанағат жоқ қой, қанағат...

Жайнат. Кішкентай сәбиге сенің қанағатың тамақ болама?! Біз ғой қанағат етерміз, баланы ойласаңшы. Арманның да қарны аш. (Жылайды).

Алмас. Жыла, жылап ал. «Енді тек қуаныштан ғана жыларсың, аз қалды!» - деп жазып жатыр міне. Тәуелсіздік алғанымызға төрт жылдай болды. Жылама.

Жайнат. Жыламайын құрысын, екі бала аман болсын. Өзім де ілініп-салынып әрең жүрмін. Бір дертім бар ма деп қорқам. Барған сайын әлсіреп барам.(Тұрады. Көзін сүртіп). ...Сен де аман болшы. Ана жұмысыңнан да қорқам, ана Қайныкештің інісі ағаштың бұтағын кесіп отырып құлап кетіпті.

Алмас. Өткендегі дәрігердің берген дәрі-дәрмегін де сұрастырдым жігіттерден, болып қалар. Жазылып кетесің. (Күрсініп). Жұмыстан да қайыр болмай кетті. Еңбегімізді әне береміз, міне береміз деп алдап келе жатқанына екі айдан асты... Ауылдың жігіттері ашулы. Айтайын десе ауыз бар да амал жоқ.

Жайнат. Істеме онда! Басқа жұмыс қарастырмайсың ба? Бүйте берсек аштан өлерміз.

Алмас. Өлеміз... Өлеміз... (Оқыс). Өлмейміз! Ашығып жатқан тек біз емес. Ашығып деймін-ау, Құдай сақтасын. Ертең бастықтан бір қап бидай алатын болдым. Шыдай тұр, бір күнге биттің қабы да шыдайды.

Жайнат. Онда сен де шыда, айғайлай бермей...

Осы кезде ұлы Арман ұйқысынан оянады.

Алмас. Әке, менің де қарным ашты. (Әкесі айғайлай бергенде, сөйлетпей).Әке, мен де ертеңге дейін шыдаймын. Жұмысыңа бірге барайыншы. Бір қап бидайды да кешке бірге көтеріп келеміз.

Жайнат. Ойбай, балам, бармайсың... Баланы әндей берме.

Алмас. Баламен бала болып сөйлесуге де болмай ма? Ұлдың тәрбиесі менің мойнымда деп айттым ғой саған.

Жайнат. Бұл қызды мен бір күлге аунап тауып алғандай...

Алмас. (Ұлынан назарын алмай). Мен олай деген жоқпын, Жайнат. Арман, неге сенің атыңды «Арман» қойдым, білесің бе?

Арман. Жоқ, әке.

Жайнат. Қай жылы туылдың, соны айтшы? Айта ғой?

Арман. (Ежіктеп). Бірмың... тоғыз жүз... тоқсаныншы жыл.

Алмас. Жарайсың! Қай айда?

Арман. (Білмей тосылып, мамасына жалтақ-жалтақ қарап). Мама, қай айда туып ем?

Жайнат. Желтоқсан айында тулың балам.

Алмас. Нешінші желтоқсан еді, мамасы?

Жайнат. Он алтыншы желтоқсан.

Алмас. Ол қандай күн?

Арман. Тәуелсіздік күні!

Алмас. Жарайсың балам, жарайсың. (Көтеріп). Мұның бәрін қайдан біліп алды екен...

Арман. Мамам үйретті.

Алмас. Иә, ұлым. Сен ата-бабамыздың сан ғасыр армандаған арманының орындалған күні туылдың. Сол үшін...

Арман. Сол үшін менің атымды мамам Арман қойыпты.

Алмас. Немене! Мамаң? Оттаған екен. (Арманды жерге түсіріп). Ей, қатын! Ұлыма неге өтірік айтасың-ей, а?!

Жайнат. (Күліп). Әкең қойған, ойбай. Болмайтын нәрсеге шаптығып.

Алмас. Болмайтын нәрсе емес, ер бала әкесіне қарап өсуі керек. (Ұлын көтеріп ерсілі қарсылы жүріп). Қазақ қазақ болғалы не көрмеді. Қазір сабақ бергенімде ғой. Еркін сөйлейтін кезде. Әр баланы нағыз Отансүйгіш азамат етіп тәрбиелер ем. Амал қанша. Қаншама Армандар мерт болды. Өлді. Өшті. Қаншама армандардың тамырына балта шабылды. Ендігі арман – орындалған арман. Енді тек, сол арманды бағып, қағып, баптап өсіру ғана қалды.

Арман. Мені ме, әке?

Алмас. (Күліп). Иә, сені ұлым. Сен сияқты мыңдаған, миллиондаған армандарды.

Арман. (Қарындасын нұсқап). Шамшырақтың аты Арман емес қой.

Алмас. Шамшырақты да бағып, баптап өсіреміз.

Жайнат. (Күбірлеп). Қиял, балаларға тамақ тауып бере алмай отырып... Осы сенің мұғалім болып жүре бергенің жақсы еді. Сөзің ісіңе сай... Ал қазір мынау, ағаш тасушы..

Алмас. Жайнат жан, ел есін енді жиып жатыр. Бұл да өтер. Мың өліп, мың тірілген қазақ екені рас болса, мыңыншысы осы болар. Көресің.

Жайнат. Сен тіпті тәуіп болып кеттің ғой. Орманда басыңа бұтақ түсіп кеткеннен сау ма?

Алмас. Бұтақ түссе төбемді көріп тұрсың, аман-есен. Тоқсан төрттің жұты, беті жаман. Төбеңнен түскен жай сол болып тұрған жоқ па!

Арман. Әке, «Тоқсан төрт жұт» деген не ол?

Алмас. Тоқсан төрт жұт деген – қазақтың балам тәуелсіздіктен соң бұрынғы ескі мен жаңаның арасындағы арпалыс. Бұрынғы борбайы созылған советтің тарап, жаңа дәуірді қалау барысындағы дүрбелең. Құдай қаласа ел болып кетеміз... Ұлы Құдайы бар қазақ – ұлы халық, балам.

Арман. Түсіндім, әке!

Жайнат. Аңқылдаған аузыңның оттысын-ай, Айтқаның айдай келсін, Алмас.

Алмас.(Ұлын түсіріп.) Айтпақшы, Жайнат, ана менің күртешемнің қалтасындағы шүберекке оралған затты беріп жіберші.

Жайнат. Не, тамақ алып келіп, енді есіңе түсті ме?

Арман. Жоқ-ей, тамақтан басқа сөз түспеді-ау аузыңа. Бар тез, алып кел! (Жайнат шкафтағы киімін ақтарып екі шүберекке түйілген затты күйеуіне береді. Арман оралған шүберекті шешіп, жіпке ілінген екі тұмаршаны алып шығады). Ей, қатын, көрдің бе? Әкесі ұлы мен қызына не жасап әкелгенін.

Арман. Әке, бұл не?

Алмас. Бұл әкеңнің сендерге деген қолтаңбасы. Бүгін жұмыстан қолым босағанда арнайы жауырын сүйегінен ойып жасадым. Көптен ойымда жүр еді. Тұмарша. Екеуіне естелік. Біреуі саған ұлым. (Арманның мойнына іледі). Біреуі қызым Шамшыраққа. (Әйеліне). Әкел әкесіне. (Жайнат қызын көтеріп жақындайды).

Жайнат. (Кішкентай сәбиінің мойнына қалай тағарын білмей күйеуіне). Жасқа толмаған балада қайдағы мойын. Әкел әкесі, бесігіне байлап қояйын.

Алмас. Ә, бәрекелді. Иә, солай болсын.

Арман. Жоғалтпаймын, әке.

Алмас. Жарайсың, балам, әкең әлі аман болса бәрі де болады. (Қатты). Бәрі!

Жайнат. Бала енді ұйықтады. Жаңа ғана ұйқыңды қимай баж-баж етіп жатыр ең. Ертеңгі бидайыңнан айрыласың мына түріңмен. Ұйықтап дем ал енді, ұлтының ұлы жанашыры.

Алмас. Мына сөзің дұрыс, қатын. Ал ұлым. Ұйықтаймыз.

Бір қап бидай...

бір қап бидай...


Ұлын көтеріп төсегіне беттейді. Жайнат жарықты сөндіреді.


2-көрініс


Алмастың үйі. Жайнат төсегінде сандырақтап жатыр. Кішкентай Шамшырақ жылап әлек. Арман мамасы мен Шамшырақтың арасында жүгіріп жүр.

Жайнат. (Сандырақтап). Жоқ... балапандарымды қайтем... Бір қап бидай...

Арман. Мама, мама деймін! (Жұлқылап). Не болды саған. Ояншы. Шамшырақ жылап жатыр, мама.

Жайнат. (Әлсіз). Құлындарым-ай, мамаларың бүгін қатты ауырып тұр. (Төсегінен ұмтылап тұра алмайды).

Арман. Отыра бер, мама. Отыршы. Қарның ашты ма? Кешке дейін шыдайықшы, әкем бір қап бидай әкеледі.

Жайнат. Иә, иә балам, шыдаймын. Қарындасыңды уат, мен ғой шыдаймын. Қарны жабысып қалды-ау. Қасықпен аузына су тамызшы.

Арман. Су жоқ, бітіп қалыпты. (Есікке қарай жүгіріп). Даладан қар әкеліп берейінші.

Жайнат. Жо-жоқ, қары несі. Ауыртасың баланы.

Арман. Мен қар жеп жүрмін, ауырғам жоқ әлі.

Жайнат. (Тұра алмай). Ай, ақымағым-ай, балапансың ғой. Ата-анаң түрі мынау. Әкең келгенше шыдаймыз. Қарындасыңа қара, бар.

Арман. (Қарындасын жұбатып). Шамшырақ, жыламашы. Кешке әкем бидай әкеледі. Мамам бүгін қатты ауырып тұр. Жыламашы. Әлди... әлди... Әлди...

Жайнат.(Тырысқақ). Кеш болып қалды. Әкең әлі жоқ. Аман болса екен. Арман, балам, әкең бидай әкелсе қуыруға көмектеспесең, тұра алатын түрім жоқ. Бұл сырқаттың түрі жаман. Ішіп жатқан дәрі де жоқ, асқынтып алдым ба? Тамақ табылмай жатқанда бұл ауылда дәрі-дәрмек қайдан болсын. Дүкендер анау, қаңырап бос жатқан. Сендердің бақтарыңа аман болайын. Ауылда больницаны былай қойғанда, дұрыс дәрігер де жоқ, дәрігері болмаған соң дәрі-дәрмегі қайдан болсын.

Арман. Мама жазылып кетесің? Мың өліп, мың тірілген деп әкем айтты ғой. (Қарындасын уатып). Мама, мен тәуелсіздік күні туылсам, Шамшырақ қандай күнде туылды?

Жайнат. (Аз үнсіздік). Тумайтын күні туылды ғой. Онан да сенімен бірге туса бүйтіп шырылдамас та еді-ау. Сені емізгенде екі омырауымда екі кесе сүт артылып қалатын. Молшылық заман екен сол. Кеше ғана тоқ едік...

Арман. Қәзір Шамшыраққа бір кесе де жоқ қой, иа, мама?

Жайнат. (Күліп). Сары уайымға салынып кеттім бе, суалып кетті ғой құрғырың. Тентегім-ай, періштесіңдер ғой, Алла, әкең айтпақшы, армандарыңа жеткізер. Сендерге де тәуелсіздіктің тандыр емшегі жібір. Жылатпас сендерді.

Арман. Ой, мама мен жыламаймын.

Жайнат. Иә, балам, сен мықты болуың керек. Шамшырақтың ағасысың, әкеңнің сенгені өзің. Бала болсаң да данышпан ойламайтын нәрсені ойлайсың-ау. Таршылық тез есейтеді деген тамсіл рас болғаны да.

Осы кезде есік қағылады.

Арман. О, әкем келді. Бір қап бидайды қалай көтіріп келді екен.

Арман есікті ашады. Ішке бейтаныс адам кіреді. Түрі бұзылып кеткен. Екі иығынан дем алады.

Жайнат. (Орнынан тұра алмай отырса да атып тұрады). Сен, Асқар емессің бе?! Алмаспен бірге істейтін. (Үрейлі). Жүрісің неге суыт. Алмасқа не болды?! Не болды деймін саған. Айтсаңшы... (Асқарға ұмтылам деп аяғына құлайды).

Асқар. Жеңгей...

Арман. Мама, не болды. Тұршы.

Асқар. Болған іске болаттай берік болыңыз.

Жайнат. (Ойбайлап).Не деп тұрсың сен. Қайдағы беріктік, түрім мынау! Айтсаңшы, тіліңді жұтып қойдың ба? Алмасым аман ба?!

Асқар. (Қипақтап). Балалардың көзінше... қалай...

Арман. Әкем, бір қап бидай әкелем деген. Келмей ме әкем? Әкеме не болды?

Асқар. Жұмыста арқан үзіліп кетіп...

Жайнат. Не-е, жоқ, мүмкін емес... (Есін жоғалтқан адамдай). Сосын не болды, тірі ме, айтсаңшы?!

Асқардың қасында сүйеніп тұрған жерінен сылқ құлайды. Ес-түс жоқ талып қалады.

Асқар. Жеңгей, жеңгей...

Арман. Мама, мама деймін. Айтшы не болды? Әкем өліп қалды ма?

Осы кезде құрылыста Алмаспен бірге істейтін тағы бір жігіт жүгіріп кіріп келеді.

Жігіт. Асқар неге кешігіп кеттің... Жеңгейге не болып қалды? (Күйініп). Обал-ай, обал-ай, қу дүние...

Асқар. Алмас... қалай? Беті бер қарайтын түрі бар ма?

Жігіт. (Төмен қарап, баласына сездірмейін дегендей). Аттанып кетті...

Асқар. Қап, қап! Қайдан ғана сол терекке шығып, айтым, бұлай жалғаса берсе ауылда адам қалмас, қап-ай, ә. Бар, сен, тез, жедел жәрдем шақыр. Көрші-қолаңды құлақтандыр, көлік тапсын тездетіп. Жеңгейді ауданға больницаға жеткізу керек. Сосын балаларға ие бол.

Арман. (Жылап). Мама, мама! Әкеме не болды? Тұршы. Бидай алып келем дегені қайда? Тұршы, мама. Менің қарным ашты.

Шамшырақ шырылдап жылап жатыр.


3-көрініс


Жетімхана директорының кабинеті. Жабдықтарымен. Директор емханадан емделіп шыққан беті. Кезекті кезекшімен жетімханадағы жәй-күйді әңгімелесіп отыр.

Тәрбиеші. Денсаулығыңыз оңалды ма? Ауылда аурған адамға беретін дәрі таппай жатырмыз. Қалада жағдай жақсы шығар?

Директор. Оңып тұрғаны шамалы. Жұмыртқадан жүн қырқатын әккілердің дәуірі жүріп тұрған секілді. Аштық деуге келмейді.

Тәрбиеші. Ауылда адам көп, аудан орталығына айналуымыз мүмкін. Кеше сіз жоқта өткен жиналыста емханаңыз бар, мәдениет үйі бар, ескі де болса үлкен спорт кешені бар, мынау балалар үйлеріңіз бар аудан орталығы атағы беріледі дейді.

Директор. Ол өте жақсы жаңалық. Халықтың саны да көп. Мхм... Жақсы ол ол болсын. Басқа не жаңалықтарың бар?

Тәрбиеші. Директор мырза, сіз жоқта Орынбасаров Арман атты бір қазақтың баласы қабылданды. Өткен аптада. Шүйкедей болып тағдыры ауыр баланың. Әкесі, сосын анасы, бірінен соң бірі қайтыс болған.

Директор. Қалай бірінен соң бірі, не болған екен?

Тәрбиеші. Әуелі – әкесі, ағаш кесіп жүріп, теректің қу бұтағы сынып кетіп, мерт болыпты.

Директор. Қиын жағдай. Қазір нан табу қиындап кетті ғой. Ал анасына не болған?

Тәрбиеші. Өзіңіз айтып отырғаныңыздай – жоқшылық.

Директор. Бізге қабылданған Арманмен қоса құндақта қызы қалған. Алты айлық кішкентай ғана сәби. Бейшара ана өзі тойып тамақ жемеген соң, сәбиіне емізер омырауында сүт те қалмаған. Күйеуінің түрі анау, жарықтық, қара жұмысшы. Бұрын бала оқытқан білікті адам екен. Қазір ондайлардың жағдайын өзіңіз білесіз. Еңбектерін де дұрыс ала алмай келген.

Директор. Ол рас...

Тәрбиеші. Екі кішкентай баламен қол-аяғы байлаулы ана сары уайымға салынып кетсе керек. Бір жағы тамақ жоқ. Үй суық. Екі бала ұядағы балапан емес пе, тұмсықтарын ашып шырылдай берген. Сол баяғы сары уайымнан, күйзелістен бауырға зақым келіп, сары ауруға шалдыққан... (Қолын сермеп).Сары болып қалған.

Директор. Оны байқамаған. Байқатпай қағатын ауру ғой ол деген. Қаншама семья сарғайып жүр десеңші. Тезірек тығырықтан шығу керек. Басшылық уақытша екенін айтып, ауыз жапқанша қаншама өмір, тағдыр, ақыры, міне, болып жатқаны...

Тәрбиеші. Оның үстіне больницаның өзінде лекарство жоқ. Асқынтып алған болып отыр ғой.

Директор. Обал-ай, трагедия.

Тәрбиеші. Айтпаңыз. Жығылғанның үстіне жұдырық. Күйеуінің қазасын естігенде... тіпті енді... ауыр. Байқұс әйел шыдамаған. Есінен айырылып қалса керек, күйеуінің соңынан емханаға жеткізгенде сап-сары болып сарғайып кетіпті. Сол күйі үзіліп кеткен жарықтық.

Директор. Екі сәбиін кімге тастап кетті десеңші...

Тәрбиеші. Тәуелсіздік. Тәуелсіздікке тапсырған екен.

Директор. Тәуелсіздігі несі?

Тәрбиеші. Көз жұмарда айтқан соңғы сөзі сол болса керек. Арманды ертіп келген адамның айтуына қарағанда әкесі бір ел десе жүрегін жұлып беретін педагог болған адам екен. Әрине, үкімет тарамай тұрып. Тура сіз сияқты, бірақ тарихтан емес, әдебиеттен сабақ беріпті.

Директор. Түсінікті. Тәуелсіздік оңай келмеп еді, сақтау да оңай шаруа емес екені осы болса керек. (Оқыс). Ал, кішкене қызы қайда? Асырап алар туыстары жоқ болғаны ма?

Тәрбиеші. Алматыда туыстары бар екен, жылап сықтағаны жақсы еді. Соңы жаман болды. Кішкентайын өздерімен алып кетті. Ауылдағылардың жағдайы белгілі.

Директор. Бұл баланы да алып кетпей ме?

Тәрбиеші. Түрлері жаман. «Өз балаларымызды әрең бағып отырмыз. Обалына қалармыз. Бұл жер «жетімхана» деген аты жаман болмаса, үкімет арнайы тамақ бөліп, қарайласады ғой. Заман қашанғы бұлай тұра берер, ел оңалғанша осында қалсын» деген сылтау. Кішкене қызға пұшпағы қанамаған біреуінің көзі түскені көрініп тұр.

Директор. Басшылық көктен алат деп ойлай ма? Онысын бізге жеткенше жұлмалап кім жемейді. Бастықтардың өзі өзегі үзіле жаздайды тамақ десе. Оны қойып бұл жердің қоймасынан тышқандарға көмектесіп жүргендер қаншама. Оны да өздеріндей елдің аузынан жырып әкеліп жатқан жоқ па?!

Тәрбиеші. Тышқанға көмектескені несі. Құдай сақтасын, жетімнің ақысын жеген емеспін!

Директор. Өкірегім-ау! Сіз емес... Бұған кімді кінәлайсың? Тоқсаныншы жылдан бері елдің жағдайы күрт өзгерді. Саяси төңкеріс құдды бомба түскендей әсер етті. Қазақ өзі айтып өзі құбылғаны қалай. Жетім десе емешегі езіліп тұратын халық.

Тәрбиеші. Жетімін жылатпаған елміз дейсіз ғой? «Жетім көрсең жебей жүр» дейтін қазақтың баласына өз қара басы қайғы болып тұрған алмағайып заманда әр кім өз басып ойлап жатқаны да.

Директор. Енді, екінші, ана, құндақтағы сәбиді айтам, туыстары бағып-қақса жарар еді.

Тәрбиеші. Қайдам, Алматыда орыстан қалған жетімхана көп қой, соның біріне өткізіп жібермесіне кім кепіл. «Бесіктен соры бес елі» деген осы.

Директор. Ел ел болып үлкен жетпіс жылдық жетімханадан шыққанда жетімдер үйін салмайтын шығар...

Тәрбиеші. Иә, дұрыс айтасыз. Мен білсем қазақ өз тарихында ондайды басынан өткізбеген.

Директор. Қой, қарағым. Бұл түк емес. Талайды көргенбіз, айналайын болып қалды бұл. (Үстөлін тықылдатып). Осымен тағы біреуі қосылды-ы.

Тәрбиеші. Нені айтасыз? Қосылған несі? Жұмысыңызға біреу ауыз салайын деді ме?

Директор. Ой, жарығым сенің құлағың еститінді естімей, көретінді көрмей қалатыны несі, қазақтың қара көз жетімі, өткендегі қыз аты кім еді... Іңкәр... енді мынау, аты кім еді...

Тірбиеші. Арман.

Директор. Арман... ертең тағы біреу, тағы біреу... Көбейіп кетпесе болды...

Тәрбиеші. Қойыңыз, ойбай! Көбеймесін, мөлт-мөлт еткен көздерін көрсем, әсіресе алғаш келген кездері... (Күрсініп) іші-бауырым елжірейді. Онсызда әрең шыдап жүрмін, ол да қу тамақтың қамы үшін.

Директор. Қоймадағы деее...

Тәрбиеші. (Шошып). Жоқ, Құдай сақтасын! Не дейсіз...

Директор. Жә-жәә, жанды жерлеріңе тиіп кетті ме, қалжыңдаған түрім ғой. Көңіліңе алма. Ұнжырғаң түспесін. Жетімдер осылай келе берсе, еңбек ақың да көбейе береді. Бұрынғыдай екеу, үшеу емессіңдер. Жалғыз басты адам болған соң, үкіметке де, өзіңе де тиімді...

Тәрбиеші. «Басыңа қарамай сен де жетімсің» дегеніңіз ғой...

Директор. Тәйт ары, ондай ойым жоқ, сен керек адамсың бізге. Қалжыңы бар, байқамай... аңдамай айтып, ауырмай өліп отырғаным болмаса, сен дегенде жан бар ма.

Тәрбиеші. Ой, аға, әзіліңізге болайын, жүрегімді ауыртып жібердіңіз ғой.

Осы кезде Арман мен Іңкәр жүгіріп кіріп келеді.

Арман. Ағай, апай, Іңкәр менің қасыма көшіп келсе бола ма?

Директор. Не дейді? Көшкені несі? Алтай мен Атыраудың арасында жатқан жоқсыңдар ғой.

Тәрбиеші.(Директорға). Осы бала – мен айтқан Арман. Екеуі әлден бір-біріне бауыр басып қалған.

Директор. (Мейірленіп, орнынан тұрып екі баланың басынан сипайды). Айналайын, енді... мұнда қыз балалар мен ер балалар екі бөлек жатады. Бұл – тәртіп. Тәртіпке бағыну керек.

Тәрбиеші. Ертең екеуіңді көрген барлық балалар бірге тұрамыз десе не бетімізді айтамыз. Екеуің күні бойы бірге ойнайсыңдар ғой, тіпті, сабақта бір партада отырады екенсіңдер. Жетпей ме сол... (Күліп). Қу махаббат...

Директор. Тәйт ары! Қой, болды. Балаларды ұялтпа. (Күліп). Кешкі жатар уақытқа дейін Арманның бөлмесінде сабақ қарап, ойнауларыңа рұқсат берейін.

Іңкәр. Жарайды, ағай. Рахмет!

Арман. Рахмет ағай.

Екеуі жетектесін сахнадан шығып кетеді. Директор мен тәрбиеші таңдайын қағып, мәз болып қала береді. Жарық сөнеді.


4-көрініс


Кеш батып, түн келген мезгіл. Арман мен Іңкәр бақта әткеншек теуіп отыр. Алдыңғы сахнаның реквизиттері тұра беруге болады. Сахна қараңғы. Тек әткеншек теуіп жатқан екі баланың көрінісін аванценада пушка арқылы берсе жарайды.

Іңкәр. Арман, апайға ұсталып қалсақ қайтеміз? Екеуміздің қашып кеткенімізді білсе ренжиді ғой, тіпті, жаза қолданып сенің бөлмеңе ойнатпай қоймасыншы.

Арман. Жоқ, уайымдама. Болмаса ағайға айтамыз. Ол кісі өте мейірімді. Апай да бізді жақсы көреді ғой. Кешке қайтып барамыз. Білдірмей әйнектен кіреміз. Ешкім сезбей де қалады.

Іңкәр. Иә, екеуміз бірге жүрсек, ұсталып қалсақ та қорықпаймын.(Үнсіздіктен соң). Арман бір нәрсе сұрайыншы.

Арман. Сұра.

Іңкәр.... Сен де папа-мамаңды көрмегенсің бе?

Арман. Неге көрмейін, көргем. Бәрі көз алдымда, бір жыл да болған жоқ. Ауылда жейтін тамақ жоқ, киетін киім де жоқ. Әкем бір қап бидай әкелем деп жүріп ақыры өлді. Ал мамам сол бидайды қуыра амай арманда кетті.

Іңкәр. Мен мамамды да, әкемді де көргем жоқ. Мектептегі балалардың бәрінің де ата-анасы бар...

Арман. Біз мықты болуымыз керек. Мамам, папам өлмей тұрғанда мықты азамат бол деген. Қарымдасымның да қайда екенін білмеймін. Оның жағдайы не болды екен. Сабағымды күшті оқып, қарындасымды тауып алам.

Іңкәр.Үлкең кісі сияқтысың. Күшті, қарындасың бар. Қандай бақыт. Аты кім?

Арман. Шамшырақ. Әкемнің туыстары мені осы балалар үйіне тапсырып, қарындасымды алып кетіпті. Олардың қайда екенін де, кім екенін де білмеймін. Алматы жақта дейді. Қайда тұратындарын айтпапты, тәрбиеші апай айтты. Ол да әке-шешем сияқты өліп қалды ма деп қорқам.

Іңкәр. Ой, өлім туралы айта бермеші, қорықпайсың қалай...

Арман. Өмір қатал екен. Мен бәрінен қорықпаймын. Қарындасым... Оны да бір жерге тастап кетті ме, кім біледі.

Іңкәр. Қайда тастайды?

Арман. Осындай, біз тұрып жатқан сияқты балалар үйі Алматыда көп екен. Солардың біріне...

Іңкәр. А-а-а-а. Менің үйім де, аке-шешем де, досым да – осы балалар үйі.

Арман. Өскенде тауып аламыз. Өткенде апай мен директор ағайдың сөзінен естіп қалдым, біздің тәрбиеші – Айгүл апайдың да әке-шешесі жоқ екен.

Іңкәр. Үлкен кісі ғой. Үлкен кісілердің әке-шешесі басқа жаққа... қайтыс болады дейді ғой.

Арман. Жо-о-қ, ол кісінің балалары да жоқ. Үйленбеген, жалғыз басты кісі екен. (Аузын басып). Т-с-с-с, біреу істіп қоймасын...

Іңкәр. (Аз үнсіздіктен соң). Арман...

Арман. Иә?

Іңкәр. Өскен соң екеуміз үйленеміз бе?

Арман. (Күліп). Қойшы. Үй-й, ұят қой. Өйтіп айтпа, ағай мен апай естісе... ұрсады.

Іңкәр. Өскен соң дедім ғой...

Арман. Оны өскен соң мен айтуым керек. Әкем айтқан «бәрін ер адам жасау керек» деп. Мен әкем сияқты оқығым келеді. Үлкен білім иесі боласың деген. Үлкен бастық болам. Сосын келіп саған....

Осы кезде «Арман», «Іңкәр» деген апайдың дауысы шығады.

- Апай іздеп жатыр.

- Кеттік, тездетейік.

Екеуі жүгіріп сахнадан шығып кетеді.


5-көрініс


Әуелгі директордың кабинеті. Директор мен тәрбиеші сұқбаттасып отыр.


Директор. Енді жетпегені осы болды. Ел есін жиып, баласын бағып-қағатын хәлден асқанда жасап отырғаны мынау. (Ашулы). Тарихта болмаған боямашылық қой мынау. Ел болғанымыз сол – баламызға ие болмасақ, не болғанымыз!

Тәрбиеші. Директор мырза, не болып қалды? Ашулысыз ғой.

Директор. Өткендегі... (Күйініп). Өткендегі қабылданған қаулыны айтам...

Тәрбиеші. Түсінсем бұйырмасын. Қаулыдан көп нәрсе жоқ, қайсыны айтасыз?

Директор. (Құжат толы папканы үстөлге атып ұрып). Мынаны айтам, мынаны, атаңәлеттің законын!

Тәрбиеші. Дүркіреуіңізге қарағанда жаңа бір қаулы қабылданған-ау, сірә. Ішім сезеді, тек сізбен біздің басымызға түспеген тас болар.

Директор. Тас болғанда қандай тас?! Тасқын, сел десеңші!

Папканың бір парағын алып оқып береді.

По принятю указа с 7 июня 1999 года гражданам зарубежных стран разрешено брать на воспитание ребенка...

Тәрбиеші. (Сөзін бөліп)...с нашего государства. Тамаша!

Директор. (Ашумен). Ой, қоқаңдамай тұра тұршы!

Тәрбиеші. Директор ағай, ол қаулының шыққанына бес ай болды. Бес айдан соң қайталап шаншыған неткен шаншу, неткен мезгілсіз ашу бұныңыз!

Директор. Өй, шашың ұзын бола да ақылың қысқа ақымақтар-ай. Сол қаулы орындалып, жүзеге асып жатыр, міне, бізге де келіп жетті.

Тәрбиеші. Ойбай-ау, ағасы-ау, айтып өлтіріңізші. Жау шаптыма?

Директор. Жау болғанда, осы уақытқа дейін ел көрмеген жау! Іргеден емес, есігіңнен кіріп келеді. Бар балаларыңды дайындай бер. Шет ел асатын болды де, қуанып қалар...

Тәрбиеші.(Түсініңкіремей). Асырап алуға... шет елдіктер... қазақ емес... шет ел. Орыс... жоқ, орыс өзіміз, немістер, африкалық па?

Директор. Орыс та емес, қан ішер Гитлер де емес, қап-қара негірің де емес, теңіздің арғы жағынан атаң айтпақшы «Әмірикандықтар» келе жатыр.

Тәрбиеші. Олардың өздерінде асырап алатын бала жоқ па? Бермейік!

Директор. Жаңа облыстан, әкімшіліктен хабарласты. Жіберіп отырған өзіміздің басшылық. Қазір осында жетеді. Оған дейін балаларыңа «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген атаңның мақалын үйрете бер. «Ат айналып қазығын табады» дейді. Бейбарыстай батыр туғаны болса, табаны таусылса да жетер бір күні.

Тәрбиеші. Ағай, сізге тарихтан сабағыңызды өтіп жүре бергеніңіз абзал еді. Құлақ, жүрегіңіз тыныш табар. Азаматтығыңыздан айналайын.

Директор. Орыс десе отырып-тұрған заманда, мені де көп көрмейтін сен сияқтылардың барына шүкір. Енді балаларға бар. Бүлдіршін болса да есі бары ұғар. Шет-жағасын айт. Дайындалсын. Мүмкін, ата-аналы болғысы келетіндері де бар шығар.

Тәрбиеші. Иә, ағай қайсы қаламайды дейсіз. Армандары сол. Бірақ шет елге...(Кетіп бара жатып). Бермесек болмай ма?

Директор. Айналайын-ау, беру, бермеу біздің қолымызда емес қой. Онымен қоймай олар таңдау жасаса керек. Таңдауы табылмаса – бағың. Асырап алса, өзің айтқандай, армандарына жетер. Олар да адам ғой айналып келгенде. Амал жоқ.

Осы кезде есік қағылады.

Тәрбиеші. Айтып ауыз жапқанша келіп қалды ғой мыналарың.

Директор. Сен бара бер, бара бер балаларға. Мен өзім қарсы алам. Керек болып жатсаң шақырам.

Тәрбиеші басын изеп шығып кетеді. Осы кезде сахнаның екінші бетінен ерлі-зайыпты американдық пен аудармашы қазақ жігіт кіріп келеді.

Аудармашы. Добрый день! Вы Оспаналиев Орынбай, директор детдома?

Директор. (Жақтырмай).Да, менмін.

Аудармашы. Меня зовут Берик Онгарбердиевич. Уважаемый директор...

Директор. Қайырлы күн. Уважаемыйың не, өзің қазақпысың? Сынық көңіл жетімдерді басқару да уважение болып па?!

Аудармашы. Да, тоесть, да я қазақпын. Бұл кісілердің аудармашысымын.

Директор. Ендеше...

Аудармашы. Ендеше қазақша сөйле дейсіз, білем. Айып етпеңіз, жұмыс бабымен үйреніп қалғанбыз.

Директор. Жақсы, ақталғаныңа қарағанда тіліңді ұмытпаған сияқтысың. Жоғарлатыңдар. Таныстыр қане қонақтарыңмен (шатасқандай «түй» деп түкіріп) қонағы несі, қозысыз қойларыңмен!

Аудармашы. (Басын шайқап). Мына кісілер бала асырап алу мақсатында Америкадан келген Adrian және ол кісінің жұбайы Marissa ханым.

Директор. Қысыр қалып, қыңсылап жүрген жат жерлік. Бұлар бір ауыз қазақша білмейді де.

Аудармашы. Иа, дәл солай.

Директор. Бұлар бала таппай қаңғып жүр. Ал біз көптігінен асырай алмай жатырмыз. Жатырымыздан құт қашпасын де, қазақ. (Аудармашыға).Саған айтам.

Аудармашы. Иа, мырза. Жетім болған соң, ата-ананың аялы алақаны керек. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Шет елде бала асырап алам деушілер көп. Жетімдіктен көрі ата-аналы болған жақсы деп ойлаймын.

Директор. Қазақтың қаны өзге қазанда қайнай қояды дегенге сенбеймін өз басым.

Аудармашы. This is Mr. Оspanaliev Orynbay, director of orphanage.

(Бұл кісі балалар үйінің директоры Оспаналиев Орынбай мырза).

Adrian.Good afternoon! I came from America. Your village is so beautiful. And your people are very hospitable.

Аудармашы. Армысыздар! Мен Америкадан келіп тұрмын. Ауылдарыңыз әдемі екен. Өте қонақжай екенсіздер, - дейді.

Директор. (Аудармашыға қарап). Атасының басы тап, тексіз кәпір. Қонақ сезініп қалыпты өзін тағы.

Аудармашы. (Сасып). Директор мырза, қойсаңызшы. Ұят емес пе.

Директор. (Күліп). Ұят де. Ұрпағынан айрылған ұятты ма, ұрпақсыз қалып, өзгенің баласына телмірген ұятты ма, а, аудармашы мырза.

Аdrian. What?

Аудармашы. (Сипақтап). I’m glad to see you, dear foreigners. You came to adopt a child, you are welcome! We have many wonderful children in our children’s community.

(Өте қуаныштымыз мырзалар. Бала асырап алуға келген екенсіздер, қадамдарыңыз құтты болсын. Біздің балалар үйінде тамаша балалар өте көп).

Marissa. Oh, Thank you so much. We are there because we have heard that the Kazakhs are pure-bred who have a great national mentality from eavly times. It’s very important that our son must be from Kazakhstan.

Adrian. Yes, yes, sure, it’s important (Иә, иә, әрине, ол маңызды).

Директор. Не дейді мыналар былдыр-былдыр етіп, не айтты?

Аудармашы. О, рахмет мырза. Қазақ ежелден қаны таза керемет мәдениетті халық деп естіп келдік. Болашақ баламыздың Қазақстаннан болғаны біз үшін өте маңызды, - деп отыр.

Директор. Ой, қансыз қара беттер. Былай деп айт: Қазақстан әлемге сондай мәдениетті, қаны таза, батыр ұрпақ туып беретін алты құрлықтың қатыны ма екен. Күллі тарихта қазақтың бұндай мазаққа түскенді былай қойғанда, мыналар сияқты батысшылдарға мәдениетті үйреткен біздің түркілер, қазақтар екенін айтшы. Қаны қалай қызар екен көрелік. Қыз бергеннің назы бар десе, біз үш қайнағанды қойып үш жүз қайнаса сорпасы қосылмайтын бұларға ұрпағымызды берейік деп отырмыз. Айт, тап солай деп айтшы, қане.

Аудармашы. (Сипақтап, жалтара сөйлейді). Kazakhs are very honoured people. And their generation is also hero. Before to adopt a child, it would be easy to you to learn how to bring up a kazakh’s son.

(Қазақтар батыр халық. Одан туған ұрпақ та батыр болмақ. Баланы асырап алмастан бұрын оны қалай бағып-қағуды қазақтардан сұрап біліп алсын).

Marissa. Yes, Ok.

Директор. Өй, мыналарың «иес-иес», «оки-оки» деп изектей берді ғой. Сен өзі дұрыс аударып тұрмысың?!

Аудармашы. Иә, иә директор мырза. Как вы сказали.

Adrian. Can we look to the children, mister. (Балаларды көрсек, мырза).

Marissa. Yes, could you show us the way to them. Them we have to make. Som documents. We do not have so much time.

(Иә, бізді ертіп барасыз ба? Құжаттарын рәсімдеу керек. Уақыт болса кетіп жатыр).

Директор. Не дейді тағы?

Аудармашы. Балаларды көріп танысқысы келеді. Асырап алуға қажетті құжаттарды рәсімдеу керек, уақыт тығыз дейді, директор.

Директор. Дұрыс. Қайтеміз енді. Көнеміз да. Әркім басқа салғанын көреді ғой. Ас-суын тауып беріп отырған өкіметтің өзі, шет елге берем деген де өзі.

Аудармашы. Дұрыс. Вы правы. Закон солай болған соң не істейсіз, бос, тоесть, директор.

Директор. (Тәрбиешіні шақырып). Айгүл, ай, Айгүл. Бері келші тез.

Сахнаның сыртнан тәрбиеші Айгүлдің дауысы естіледі. Сөйлей кіреді.

Тәрбиеші. Мына кісілерді балалардың бөлмесіне ертіп бар. Әр баланың бөлмесіне жеке-жеке кіргізіп таныстыр. Бір бала қалмасын. Ал мына кісі қастарыңда аударып отырады.

Тәрбиеші. Нені аударады?

Директор. Нені? Нені? Ағылшынша біліп туып па ең! Тілді. Ағылшын тілінен қазақ тіліне.

Тәрбиеші. А, иә, құрсын ағай. Шет елдіктердің алдында адамды пазорить етпеңізші.

Директор. Онсыз да қаным көтеріліп тұрғанда тырнақтың астын ақтармашы қарағым. Қонақтарды, туфи, Ағылшындықтарды балаларға апар.

Тәрбиеші. Ұқтым ағай. Жүріңіздер.

Аудармашы. Let’s go for this person.He will introduce us with children.

(Жүріңіздер. Мына кісінің соңынан. Балалармен танысайық).

(Тәрбиешіге). Сіздерде әр балаға арналған жеке информация бар ма?

Тәрбиеші. Иә, бар. Қазір қолыңызға берем. Жүріңіздер.

Аудармашы тәрбиешіні жеке аванценаға қарай алып алып шығып, қолына ақша ұстатады.

Қонақтардың қалай да көңілін табу керек. Проблема шығып жатса өзіңізге сенеміз.


Сахна сыртынан шуылдаған орысша, қазақша дуылдап жатқан жас балалардың дауысы естіліп тұрады.


6-көрініс


Директордың кабинеті. Екі ағылшындық пен аудармашы кіреді.


Директор. Иә, сонымен асырап алатын бала табылды ма? Табылмады ма?

Аудармашы. Табылды, табылды директор мырза. Ұл бала асырап алуды мақсат еткендіктен таңдау да қиынға түспеді. Ұл балалар, оның ішінде қазақ балалар аз екен.

Директор. Енді аз екен деп өкініп тұрған жоқ шығарсыңдар?

Аудармашы. Жо-жоқ. Таңдау бірден сегіз жасар қазақ балаға түсті. Баланың өзі де қарсы емес сияқты.

Директор. Сегіз жасарларың тым үлкен емес пе? Ертең ол елдің тілін меңгеріп кетуі, сіңіп кетуі қалай болар екен. Әлде бұлар баламен қоса сені де сатып алды ма?

Аудармашы. Сізде айтасыз, жас бала тез-ақ үйреніп кетеді. Ары кетсе бірер ай. Жас балалардың қабылдауы өте тез. Өткен айда кеткен бір сәби он бес күннің ішінде сайрап кетіпті.

Директор. А-а-а, солай ма? Сайратып жатырмыз де. Дұрыс, сайрасын. Сегіз жасар деймісің?

Adrian. We decided to adopt child called Arman. We really liked him. He is very calm and clever child.

Аудармашы. «Біз Арман деген баланы асырап алатын болдық. Бізге қатты ұнады. Салмақты, өте парасатты бала екен» - дейді

Директор. Арман, өу, сендер өзі... (Тұтығып) Арман дейсіңдер ме? Іңкәр екеуін қалай ажыратып аласыңдар. Іңкәр деген қызы... жоқ досы бар. Екеуі бірге туған шаранадай жақын. Қалай болар екен мыналарың. (Ойланып). Арманның өзі келісім беріп отырса, бала да болса бір білгені бар шығар.

Осы кезде сырттан Арман мен Іңкәрді ертіп тәрбиеші апай кіреді.

Директор. Құдай-ау, мына заман не болып барады. Жат жерліктердің айтып тұрғаны рас па?

Тәрбиеші. Рас болғандай қандай, ып-рас, қазақ бала асырап алғысы келеді екен. Арманан басқа кімді таңдасын.

Директор. Бұл екі балаға тиіспеу керек, бұл екі баланы ажыратуға болмайды дегенің қайда. Бір-бірінсіз өмір сүре алмайды деп, алты айырығыңнан арасан ағып, қорғап-қолпаштағаның осы ма?!

Арман. Ағай, мен өзім келістім.

Директор. (Не айтарын білмей).Сен... сен... балам... Іңкәрді...(Өз сөзіне өзі ұялып). Туй құрып кеткір, екеуің қатты дос емессіңдер ме? Ертең бір-біріңді сағынбайсыңдар ма? Сен жоқта Іңкәр не істейді?

Іңкәр. Кете берсін. Арман өскенде үлкен білім иесі атанып, мені келіп алып кетеді.

Директор. (Күрсініп). Баласыңдар ғой, бала, қайтейін. Ертең ес кіргенде еңіреп, екі етектерің көл бола ма деп қорқам. (Іңкәрге). Қызым, Арман өсіп жігіт болғанша қаншама жылдар өтеді. Ертең сағынсаң қайтесің, шыдай аласың ба?

Іңкәр. Сағынбайым. Шыдайым, ағай.

Тәрбиеші. Басқа салғанын бас бармақ та көреді. Балалардың әуелден сағын сындырмайық.

Директор. Иә, иә дұрыс айтасың. (Аудармашы мен ағылшындықтарға). Жинала беріңіздер.

Аудармашы. Make sure to yourself. He said this child will be your son.

Adrian.Yes, yes

Marissa. Ok

Осы кезде Іңкәр жылап жібереді.

Директор. Әні, басталды...

Тәрбиеші. Қызым-ау, біз келісіп едік қой. Қой, жылама жаман ырым бастап. Қоя ғой, қәне.

Арман. (Шетке таман алып шығып). Іңкәр, жыламашы. Мен үлкен жігіт болғанда сені келіп алып кетем. Апай айтады: шет елде үлкен білім алып, мықты азамат боласың, болашақта елімізге білімді азаматтар керек дейді.

Директор терісіне сыймай тәрбиешіге телміре қарап, басын шайқайды.

Іңкәр. Иә, түсінем ғой, Арман. Мені де біреу бала қылып алса қуанар ем. Бірақ... (Үнсіздік).

Арман. Бірақ не? Айтшы.

Іңкәр. Бірақ... қазақ болса екен.

Арман. Ондай жоқ сияқты Іңкәр. Сені тастап кеткен кісілер де қазақ қой.

Іңкәр. Америка деген елде қазақтар бар деді ғой жаңа аудармашы ағай.

Арман. Америка бай ел дейді. Бай болсам Қазақстанға көп бидай егем. Содан соң әр үйге бір-бір қаптап таратып берем.

Іңкәр. Мені ұмытпашы, жарай ма?

Арман. Ұмытпаймын, өскенде келем. Жолығамыз әлі. Сен мықты қызсың. Жеңілме.

Іңкәр. Білмеймін, қорқам.

Арман. Директор аға мен апай үкіметтің бір білгені бар шығар дейді.

Ағылшындықтар мен Директор және тәрбиеші апай кіреді.

Директор.(Әдейі зілденіп). Болды, Арман! Еңірей берме. Шетке кетіп жатқан жалғыз сен емес. Қазақтың ұлы, ұрпағы әлсіз екен демесін. Қазақ деп, батыр деп сені таңдады,(Екеуін нұсқап) мына екі баласыз жат жерлік. (Іңкәрге).Сен Арманды босат, жолығасыңдар әлі. Амал жоқ.

Тәрбиеші. (Іңкәрге). Жылама қызым. Арман өте мықты бала. Сол үшін мына адамдар Арманды таңдады. Олар бар махаббатын салып өсіруге уәде берді.

Іңкәр басын изейді.

Adrian. We will look after you very good. Don not worry.

(Біз саған жақсы қараймыз. Қорықпа).

Мarissa. (Басынан еркелете сипап). Arman, from now I am your mother.

(Арман осы сәттен бастап мен сенің мамаңмын).

Adriаn. I will be your father my son.

Аудармашы. Мен әкең болам, балам - дегені

Директор. Қаңсып қалыпты-ау ә, жарықтықтар. Қатын болған соң бала таппаса не қылады екен осылар. Қазақ шіркін, неткен дана халық десеңші, таңдап жүріп, қазақ қатындары өзі тоқал алып беретін.

Тәрбиеші мен Аудармашы еріксіз күліп жібереді де, ағылшындықтардың үрке қарағанынан ұялып ауыздарын жиып ала қояды.

Аудармашы. Біздің тұрысымыз мынау. Қонақтарымыздың.... ой кешірерсіз, негізі біздің уақытымыз тығыз еді. Әлі қаншама документация бар.

Айгүл Арманның сөмкесін, заттарын алып келеді. Көзін арагідік сүрте береді. Сездірмеуге тырысатын сияқты. Marissa суретке түсіріп алмақшы болады.

Директор. Иә, түсіп алайық. Өзіміздің тарихта қалмасақта, Американың тарихында қалайық.

Бәрі тұрып суретке түседі.

Тәрбиеші. Ал, Арман. Апайыңды ұмытушы болма. Құйрығыңды тазалап, артыңнан горшок тасымасам да талай балалығынды көтердім. (Бетінен сүйіп, құшақтап). Айналайын аман бол.

Директор. Соғыстың ілкі күндерін еске түсіріп жібердіңдер ғой тегі. Болды доғарыңдар. Бала жолынан қалмасын. (Маңдайынан иіскеп). Арманыңа жет, армандарыңды ұмытпа. Ал сау бол! (Тез теріс айналып шетке тұрады).

Арман.(Үлкендерден ұялып тұрғаны сезіліп). Қош бол, Іңкәр. (Қолын береді). Мен кетейін...

Іңкәр үндемей жерге қараған күйі қолын береді.

Директор, Тәрбиеші, Іңкәр орнында қалады. Екі ағылшындық пен аудармашы Арманды ертіп сахна сыртына беттейді. Ойламаған жерден Іңкәр директордың қолынан жұлқып шығып «Арман!» деп артынан тұра жүгіреді. Арман да қарсы жүгіріп, екі бала құшағы айқасып тұрып қалады. Жарық сөнеді. Ұшақтың ұшып кетіп жатқан дауысы естіледі.


2 БӨЛІМ


1-көрініс


Американдық жастар – үш жігіт, екі қыз. Бәрі шала мас. Шарап (виски) пен темекі. Көк түтін.

1-жігіт. Ал, алып қоялық. Көтеріңдер. Ішіңдер. Біздің сұлулар кешке ренжіп жүрмесін. (Бәрі күледі).

2-жігіт. (Қарқылдап). Иә, иә. (Арманға). Сайтан алғыр сен де ішсеңші.

1 қыз. (Арманға асылып). Арманчик, аузыңды аш. (Ішкізеді). Бүгін менің төсегімде тулайсың.

Бәрі қырап-топан күледі.

3-жігіт. Сайқал неме, жаңа ғана менің қойныма құлайтын болып жатыр ең. Арманға келгенде сатып кеткенің не, осы біздің Арманның қыз дегенде қандай құдіреті бар.

2-қыз. Біздің Арман соңғы кездері өзгеріп кетті. Қыздың қойнына жатпағанына да бір жыл болған шығар. Жұмыс басты ғой.

Бәрі у-шу мазақпап күле жөнеледі.

3-жігіт. Бір жыл, жындымысың-ей. Адам өзін солай жазалауға, қорлауға бола ма екен. Олай қайтіп өмір сүруге болады. (Арағын тартып жіберіп, өкінгендей басын шайқап). Қалай шыдап жүрсің!

Арман. Сандырақтамаңдаршы! Басқа әңгіме құрып қалды ма?!

2-жігіт. Сен өзі борбайыңды бекітіп жүрген періште емеспісің! (Күлкі).

Арман. Күліңдер, күліңдер. (Стаканын тартып салады).

2-қыз. Жоқ, олай емес, иә, Арманчик. Ол жағынан маған қарыздар бұл жігіт.

3-жігіт. Бір жыл қалай...

1-жігіт. Бәсе, неге екеуің Арманды жағалап қалды десем, жандарың ашып жүр екен ғой.

2-жігіт. Екеуің екі жақтасаңдар, Арманның алғысына бөленерсіңдер!

Ебедейсіз күлілер

1-қыз. (Арманды аймалап). Олай да болады. (Өтірік сызылып). Арман, қалай қарайсың. Жеп қояйын ба...

Арман қызды кеудесінен итеріп жібереді. Бәрі шу ете қалады.

1-қыз. Оңбаған! Нақұрыс неме!

- Ой, оңбаған!

- Жындымысың-ей!

- Есің дұрыс па!

Арман. (Ісіне өкінгендей). Қыздар, жігіттер, кешіріңдер. Бүгін бір түрлі болып тұрмын. Есіме көп нәрсе түсіп кеткендіктен бе? Көп ішіп қойған сияқтымын. Жүйкем жұқарып жүр. Кешіріңдер достар.

1-жігіт. Бұрын мұндай емес ең. Не болды? Адамның алып отырған ләззатын бұздың ғой.

3-жігіт. Немене, қазақтығың есіңе түстіп кетті ме!

Үнсіздік. Бәрі сілтідей тына қалады.

Арман. (Ашуланып). Не оттап тұрсың сен, а, оңбаған! (Ұмтылады).

2-жігіт. Ее-еее, болды қойыңдаршы. Біздің Штатта әлемдегі бар адамзат араласып өмір сүріп жатыр. Оған бүлінетін түк те жоқ! Бәрі бір емес пе, адам қайда барса да адам.

2-қыз.(Килігіп). Қазақ деген немене? Ондай да адам бар ма?

Арман. Жап, аузыңды, арсыз!

1-қыз. Арлы, арсыз деген ұғым жоқ қазіргі қоғамда. Не былжырап тұрсың.

3-жігіт. Сен қазақ екеніңе ұяласың ба?! Кім ол қазақ деген?! Жер бетінде ондай адамдар бар ма, жоқ па, әлде сен солардан қалған жалғыз жетімсің бе?!

Арман. Әй, сен, малғұн, қазір мұрныңды сындырып, бет қылам. Сен өзіңе қарап ал!

1-жігіт. Қазақ... қазақ деген нағыз жәлепхананың ортасы деп естігем. Тіпті, біреулер оларға арнап, қалай еді... а-а-а «Борат» сияқты фильм түсірген. Ол киноны көргенде нағыз өмір сол жақта ма деп қаласың! Сен арсыз дейсің бізді, қазақтар көшенің ортасында ләззатқа батудан арланбайды екен.

Арман. (Ашуланып). Ей, оңбаған! Өлтірем қазір! Қазақтар сендер ойлағандай халық емес. Ондай арсыз киноны қазақтардың өздері түсірмеген. Олай болса Американың бүкіл эротикасы кино емес пе!

1-қыз. Арман, сен Американың азаматы емессің бе? Болды. Қайтесің, қайдағы бір сасыған қазақтарды.

Арман. Жап аузыңды шіріген жез өкше! Біле-білсең қазақтар ұлы халық, мың өліп мың тірілген халық. Тәуелсіз ел! Тәуелсіздік. (Алдындағы шөлмекті сілтеп салып). Сендер АРМАН деген сөздің мағынасын да білмейсіңдер.

3-жігіт. Мына жетім тірілейін деген екен. Қазақ, қазақ дейсің! Қазағың ұлы халық болса сен неге Америкада қаңғып жүрсің! Әкең жоқ, не анаң жоқ жүрген жеріңде біздің көршілер бағып алған болатын! Мүмкін сенің әкең наркоман, анаң жезөкше шығар.

Осы кезде Арман өзін ұстай алмай ашуға мініп 3-ші жігітті ұрып жығады.

Арман. Менің әке-шешеме тіл тигізуші болма, оңбаған! Олар ұрпағы үшін жанын қиған адамдар. Қазақтарда тағдыр бар, тарих бар. Ал Америка, сендер жын-шайтанға бодансыңдар.

3-жігіт. Әй, сасыған қазақ, өлтірем қазір. Қазақ деген шынымен елің болса құрт көзіңді.

Арман да ұмтылып ұрмақшы болады.

2-қыз. Болды! Доғарыңдар! Бәріміз Американдықпыз. (Арашалап). Болды деймін!

2-жігіт. (Қолын шапалақтап). О-о-о-о! Енді жетпегені қазақ пен азулы Америка батырының жекпе-жегі еді. Браво! Жіберіңдер төбелессін.

Арман. (Қолындағы ішімдігін көрсетіп). Міне, мынаған! Құлсыңдар, бодансыңдар!. Мына мен де... (стаканын лақтырып жіберіп, тізерлеп отырып жылай бастайды).

1-қыз. Мынаның есі дұрыс емес. Енді қазақ болып туғанына өкіне бастады. Ей, мүмкін, сен қазақ та емес шығарсың! Мысалы, мен әкемнің кім екенін білмеймін, мені тапқан анамыз шатасып қалған болуы керек. Еврейлерге ұқсап, анамды білген соң Американдықпын деп жүрмін. Жылайтын нәрсе емес ол, Арман!

2-жігіт. Сен сияқты сылқым аналарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Екі қыз қатар: - Эй!

2-қыз. Әкелері аспаннан түспейтін шығар. Жасарларыңды жасап алып тастап кететін біз бе?! Рахатын бөліскенді білгенде, асырап, тамақ тауып беруде бірге болғыларың келмейді.

3-жігіт. (Арманға). Біздің елдегі жетімдердің бәрі жезөкше. Сенің де анаң солардың бірі. (Қарқылдай күліп). Бағанағы «Борат» деген кинодағы сенің анаң емес пе? Түрі саған ұқсайды екен...

Арман. (Ашуланып). Немене!!! Оңбаған, хайуан! Менің анама тіл тигізуші болма! (Төбелесіп кетеді). Менің анам сенікі сияқты жезөкше емес. Мен – қазақпын! Жер бетіндегі ең ұлы халықтың баласымын. (Бәріне күш бермей ұра береді). Менің анам – әлемдегі ең асыл адам!

Қаны қызып үш жігітті де сұлатып салады. Қыздар ойбайлап қалады. Шабуыл жасамақшы болған бір қызды ұруға қолын көтеріп, қатып қалады. Осы кезде есін толық жиған адамдай екі иығынан дем алып, заттарын жинап сахнадан шығып кетеді.


2-көрініс


Ортада үстөл. Арманның американдық әке-шешесі. Сол елдің өмір, тіршілік-тынысына сай заттар орналасқан. Анасы Marissa айнаның алдында боянып, сыланып отыр. Әкесі Adrian ноутбукпен алысып әлек. Арман өзімен өзі ойға батып кеткен. Қолында бақилық әкесінің бала кезде берген тұмары. Жібі ұзын, салақтан көрініп тұрады.

Есіне әкесінің бірінші бөлімдегі сөздері түседі. Бала кезі.

Арман. «Арман, неге сенің атыңды «Арман» қойдым, білесің бе?

Арман. Жоқ, әке.

Алмас. Қай жылы туылдың, соны айтшы? Қәне?

Арман. 1-9-9-0 жылы.

Алмас. Жарайсың! Қай айда?

Жайнат. Желтоқсан айында. ....

Алмас. Нешінші желтоқсан еді, мамасы?

Жайнат. Он алтыншы желтоқсан.

Алмас. Ол қандай күн?

Арман. Тәуелсіздік күні!

Алмас. Жарайсың балам, жарайсың. Мұның бәрін қайдан біліп алды екен...

Арман. Мамам үйретті...».

Жимиып күледі. Арман одан ары толқып, «эх, шіркін» деп дауысын шығарып алады. Дауыс ары қарай жалғасады.

Іңкәр. Арман...

Арман. Иә?

Іңкәр. Өскен соң екеуміз үйленеміз бе?

Арман. Қойшы. Үй-й, ұят қой. Өйтіп айтпа, ағай мен апай естісе... ұрсады.

Іңкәр. Өскен соң дедім ғой...

Соңында достарымен болған ұрыс есіне түседі.

«3 жігіт. Мына жетім тірілейін деген екен. Қазақ, қазақ дейсің! Қазағың ұлы халық болса сен неге Америкада қаңғып жүрсің! Әкең жоқ, не анаң жоқ жүрген жеріңде біздің көршілер барып алған болатын! Мүмкін сенің әкең наркоман, анаң жез өкше шығар».

Өзімен-өзі сандырақтай бастайды.

Арман. (Оқыс). Жоқ! Мен – қазақпын! Менің анам жезөкше емес. Жоқ!

Marissa. Арман, не болды? (Жүгіріп қасына келеді). Тынышық па?

Adrian. (Өзімен өзі сыбырлап). Құрып кеткір... қашан басталады екен деп жүр ем. (Дауысын көтеріп). Тағы көшенің қаңғыбастарымен ішіп келдің бе? «Олар сенің теңің емес» деп айттым ғой саған. Түрің мынау, есіңнен адасып...

Арман есін жиып, қолындағы тұмарын арқасына жасыра қояды.

Арман. Жоқ. Сап-саумын. Бәрі жақсы. Теңім дейсің бе... олармен шындықты айтады.

Adrian. Әлде біреулер сенің өткен өмірің туралы бірдеңе деді ме?

Marissa. Балам, соңғы кездері өзгеріп жүрсің. Тыныштық па? Мүмкін бір психологқа жазыларсың.

Арман. Мен саумын, есім дұрыс дедім ғой. Мазаламаңдаршы!

Кетпекші болып сөмке, телефондарын жинай бастайды. Еш нәрсе түсінбеген Marissa мен Adrian үнсіз тұрып қалады.

Adrian. Есім дұрыс дейсің, «мен – қазақпының» не?!

Арман. (Жалт қарап). Немене! Өтірік пе?!

Marissa селк етіп кеудесін ұстайды.

Marissa. Арман, не болды, кім не деді? Айтшы бәрін?

Adrian. Сен қазақ емессің! Сен американдықсың!

Арман. Жоқ. Өтірік. Мен – қазақпын! Қазақ!

Adrian. Мен – американдықпын. Ендеше, сен де американдықсың! Американың азаматысың! Мен сені асырап, бағып американдық етіп өсірдім!

Сен Американдық екеніңе мақтануың керек! Және осы елге өле-өлгенше қызмет етесің, тура мен сияқты.

Арман. Менің қаным – қазақ! Осы елде тумай сырттан келген барлық негір өздерін негірміз, қытай- қытаймыз, орыс – орыспыз дейді. Солардың аузына сен қақпақ боласың ба? Олар кез-келген уақытта өз Отандарына бара алады. Сен – Американдықсың, ал мен қайда барсам да қазақпын!

Осы кезде Adrian шыдамай шапалақпен тартып жібереді.

Marissa. Адриан! Тиіспеші балаға. Ашусыз сөйлесейікші. (Қасына жақындап). Сен не деп кеттің, Арман. Сен бізді тастап кетпексің бе? Неге? (Жыламсырап). Не үшін?!

Adrian. Оңбаған, сені осы елдегі ең бақытты балалардың қатарына қосып, оқытып, бар байлығымды бергендегі рахметің осы ма?! Үлкен фирмамды саған бердім! Астыңда ең қымбат көлік, қаласаң жеке үйің де бар! Сені ең текті халықтың ұрпағы деп асырап алдық. Оңбаған, жақсылықты білмейтін нағыз тексіз ит екенсің!

Арман. Жоқ, қателесесің, құрметті Adrian мырза! Бұл керісінше, менің тектілігім шығар. Одан да бір қытай баланы асырап алсаңыз жақсы болар еді. Көптіктері сондай туатын жер таппай жүрген солардың бірі болса үйіңізді толтырары анық!

Marissa. (Жылап). Арман, не деп тұрсың?! Тарт тіліңді. Бар махаббатын салып осы уақытқа дейін бір ауыр сөз айтпай өсірген әкеңді аясаңшы. Біз сені өз баламыздай бағып-қақтық қой. Бұндай тас жүрек болармысың!

Арман. (Одан ары ашуланып). Мен бе тас жүрек. Мен екен ғой. О-о-о, сендер-ақ судан таза, сүттен ақ екенсіңдер ғой. Бәрекелді! Жүректерің нәзік екен-ау. Жараласам кешіріңдер. (Adrianga). Мына мені Іңкәрімнан... (Күрсініп).Тәуелсіз елім Қазақстаннан жылатып әкетіп бара жатқанда ақтықтарың, жүректеріңнің нәзіктігі қайда қалды, а?! Қайда?! (Қолындағы заттар лақтырып жібереді. Marissa мен Adrian қаққан қазықтай қатып қалған). Сол елімді, сол Отанымды ұмыттырғыларың келді. Ал мен 13 жыл бойы елімді, жетімханамды, ауылымды сағындым. Естисіңдер ме, сағындым бәрін. Сол ауылдағы кедейлердей адам жоө екен-ау. Сендердің мына нәзік жүректерің үшін, мені асырап баққандарың үшін осының бәрін 13 жыл ішімде сақтап келдім. Ондай ауыз азапты сендер түсінбейсіңдер! Түсінбейсіңдер! (Бұлқан-талқан болып). Ал екеуің осыны неге ұқпайсыңдар! Неге! Болды. Шаршадым. Толдым. Шыдай алмаймын енді.

Үйдің қабырғасына сүйеніп, теріс қарап жылай бастайды. Adrian мен Marissa Арманның сөздерінің мысынан естерін әрең жинайды.

Marissa. Арман, мен... біз айтпасаң қайдан білейік. Барымыз да, байлығымыз да сен болдың. Саған бар махаббатымызды төктік.

Adrian. Асырап аларда өзің де келісіп келгенсің. (Стаканға виски құйып ішеді). Үлкен азамат болам дейтінсің. Ағылшын тілін де тез үйреніп кеттің. (Стаканын викиімен қосып лақтырып жібереді). Мен бәрін ұмытқан шығар деп бәрін бердім саған! Сені асырап аларда ана делдалсымақтарыңа 1 миллион доллар бердік. Бір миллион. Сетимісің. Құрып кеткір, сонда неге тілің байланып қалды!

Арман. Онда мен тым жас, бала едім. Рухым болса да ақылым аз болыпты. Өзім де өкінем қазір. Ақымақ болыппын. Шет елден келгендерге бала жетектетіп жібермесе абыройы түсіп қалатындай қалбалақ қағыпты!

Marissa жылап, диванға отыра кетеді.

Adrian. Ақымақ болыппын де... (Вискиді шөлмегімен алып іше бастайды). Бастықтарыңнан бастап, сол дәрігер мен директорден бастап, сені бізге берген бәрің, қазақтар – ақымақсыңдар!

Арман. Тиіспе менің халқыма! Ол халық менің әкемді туған, ол халық менің анамның халқы. Мың өліп мың тірілген халық. Қазір қара, қарашы, қандай ел болды. Жиырма жылда қалай өзгерген. Қанша рет әлемді аузына қаратты. Бәрін көріп жүрсіңдер. Соның бәрін жасаған ақымақ халық па?!

Marissa. Айғайлама, болды! Осы өлтіргенің де жетер. Сенің қазақтығыңа кедергі келтірдік пе, айтшы? Сол жылы өзіңмен бірге қанша қазақша кітап арқалап келдің. Оқыдың, әлі оқып жүрсің. Қарсы болдық па? Қазақшаңды ұмытпай әлі сөйлеп жүрсең де тидық па, айтшы, қане, Арман! (Жылап Арманның кеудесінен ұрғылайды). Бір рет «мама», «әке» деп айттың ба? Тас жүрек!

Marissa жылап әлек, Adrian басын ұстап, үлкен өкініште отырып қалады.

Арман. Кешіріңдер! Кешіріңдер...

Marissaны сүйеп әкеліп отырғызады.

Кешіріңдерші. Шыдай алмадым. Сол бір қиын жылдар... әкем, анам көз алдымда. Сол кезде сендер неге менің әке-шешем болмады деп те сұрамадыңдар. Күндіз ойымнан, түнде түсімнен кетпейді. Сендерге «әке», «ана» деп қалай айтам. Көкірегімде өз әке-шешемді арқалап жүрсем. Білерім... екеуіңе де рахмет. Мені қалай жақсы көретіндеріңді білем. Сезем. Сездім. Сенсеңдер мен де сендерді қатты жақсы көрем. Рас айтам, шын сөзім. Бірақ осы қоғам, өмір барлығы маған жат, мен үшін басқаша. Бөтен... Менің қалағаным басқа сияқты. Америка қанша кең болса мен үшін соншалық тар, қаншалық бай болса соншалық кедей сияқты, әйтеуір, бір дүниеге мұқтажбын. Достарым қанша көп болса да жалғызбын. Мына төрт қабырға кейде құдды түрме сияқты сезіледі. (Үй ішін кезе бастайды). Түсініңдерші... сендерге өмір бойы қарыздармын. Және сендердің де балаларың болып қала берем. Оған сендер әбден лайықсыңдар. Айналып келгенде мына мен лайық емеспін ба деп қорқам. Мойындаймын маған өте жақсы қарадыңдар... Қайтем енді... сондағы сағыныш, арман, өткен өмір өшпейді екен. Мен сендер үшін тым текті, әрі тым тексіз екенмін.

Осы кезде дірілдеп әрең шыдап отырған Adrian алдындағы үстөлді төңкеріп тастайды.

Adrian. (Айғайлап). Кет! Кетші тез! Жоғал! Қайтіп көзіме көрінуші болма! (Есікті нұсқап). Жоғал!

Арман заттарын тез-тез жинап шығып бара жатып қимай тоқтап артына қарайды. Marissa әлі жылап отыр. Adrian: «Жоғал! Кет дедім ғой мен саған» деп айғайлайды. Арман шығып кетеді. Marissa одан ары өксіп жылайды. Adrian тұрған орнында басын ұстап сылқ етіп отыра кетеді.


3-көрініс


Арман көшеде ауыр ойда темекі шегіп отырады. Көше шамдары. Ұзын орындық. Арт жақтан қалың көліктің дауысы естіледі. Арагідік сағатына қарай береді. Біреуді күтіп отыр. Аздаң соң бір бой жеткен келеді. Арман бір нүтеге қадалып отырып қыздың келгенін де байқамайды.

Мария. Арман қалайсың? (Арманда үн жоқ). Арман деймін!

Арман. (Арман оқыс басын көтеріп). Мари, кешіктің ғой. Уақыт аз...

Мария. Қайда асығасың, тыныштық па? Түрің бұзылып кетіпті.

Арман. Мен.. Мен... бәріне қол сілтедім. Бәріне!

Мария. Кім кімге қол сілтемей жатыр... Түріңнен түр жоқ, байдың баласы басың салбырап қалыпты ғой. Не болды? Неге қол сілтедің? Түсінсем бұйырмасын... Арман. Айтсаңшы енді. Қорқытпашы адамды.

Арман. Америкаға, Америкаға қол сілтедім... Америкаға!

Мария. (Ішегі қатып күліп). Америкаға! (Іркілдей күліп). Сен жындымысың, Америка сенен бұрын сілтеп қойған. Өзің айтпақшы – бәріне! Тіпті, Америка өзіне өзі қол сілтеген. Сен несін сілтейсің! Бұл сөзің айналып келгенде қорқынышты екен... Ұлы елдің азаматтары естіп қойып оқ құшып жүрме. Өлтіре салады.

Арман. Неден қорқамыз, кімнен?! Әркім өзі үшін өзі жауап береді. Қай елдің, қай ұлттың азаматы болады, ол да өз еркінде. Ал, екеуміз қазақпыз, Мари, қазақ. (Үнсіздік). Неге үндемейсің, өтірік пе?!

Мария. Иа, өтірік емес. Мен де қазақпын, әсілі Қазақстаннанмын. Бірақ сол қазақ деген қандай халық, қандай қасиеті бар. Білмеймін. Сенің мақтауыңа сенсек жақсы сияқты. Білгім келеді, кімдер олар? Саясаттың сахнасына шығып, интернет пен теледидарың бетінен көріп жүрген қазаққа сенбеймін, бір түрлі. Бөтен...

Арман. Неге? Қалай сенбейсің? Тәуелсіз ел. Өз шекарасы, өз туы, өз елтаңбасы, өз тілі бар.

Мария. Мен қазақша да білмеймін ғой.

Арман. Сол да сөз болып па? Есесіне мен білем қазақшаны. Әлі сайрап тұрмын. Үйретем саған. Қаныңда бар бәрі. Біздің геніміз қазақ, ендеше еліміз де қазақ болуға тиіс.

Мария. Қан... ген... қойшы Арман. Мен үшін сол Қазақстан үлкен бір жетімхана секілді елестейді. Мен де жетім, сен де жетім. Асырандымыз. Өзім білетін Америкадағы қазақтардың бәрі жетім. (Үнсіздік). Қанша мойындайын десем де, білмеймін, басқаша қабылдай алмай қойдым. Өмірі өшпейтін өкпе ме, реніш пе, ол жақ мен үшін қараңғы. Менің әке-шешем де – сол қараңғылық. Қараңғы. Кеңістік. Ештеңе белгісіз...

Арман. Олай емес. Осы жерді қалай жарық деп отырсың. Бәрі қараңғы. (Курткасын шешіп көше шамына жаба қояды). Көрдің бе? Қараңғылық қандай. Қазақстан жап-жас ел, болашағы алда. Ал... бұл ортаны көріп тұрсың ғой. Қаптаған арын сатқан арсыздар, маскүнемдер, наркомандар мен кісі өлтіргіш баскесерлер, не бір сұмдықтар, айтуға ауыз бармайды. Мына... сенің көрген күніңді итке де бермесін. Асырап алған әкең анау – алқаш болып кетті. Наркоман. Талай «әкем мені...» ... (Үнсіздік) деп... қанша рет жылап келдің.

Мария. Иә... солай. ... Сайтан алғыр, сен не, бүгін менің мінімді тізу үшін шақырдың ба?

Арман. Қалай десең де – шындық осы. Анаңды айтпай-ақ қояйын. Ақша табудың не бір жолдарын меңгерген... көзі-басың ісіп қанша рет зәбір көрдің. Соның бәрінен сені әлі тазалыққа тартып тұрған қазақтың қаны. Мен білетін қазақ... әкем... керемет халық.

Мария. Не үшін бетіме басасың! Сенің әке-шешең керемет адамдар емес пе! Сені қалай өсірді, қалай асырады. Байлық десе байлық, дос-жаран, қыз десе қырылып артыңнан еретін. Не жетпейді саған. Сенің түңілетін қай жерің жерге сыймай бара жатыр, а?!

Арман. Отан! Отан жоқ менде! Сен сезімсіз сәби кезіңде келсең, мен... менің.... бәрі көз алдыма: әкем, анам, кішкентай ғана қарындасым. Әке-шешеден көз алдымда айырылсам, құндақтағы қарындасымның тірі, не өлі екенін де білмеймін. Анамның аманаты еді, қайран қарындасым... сол борышым әлі өтелген жоқ. Ал... Іңкәр... ол менің балалық махаббатым болатын. Сарылып күтіп жүргеніне қаншама жыл болды. Оның да жаһанда жер басып жүрген, жүрмегенін білмейтін. Түсінемісің, Мари, оған да келем деп уәде бергем. Мені күткеніне он үш жыл болыпты. Сағыныш деген санамды сарғайтып сағымды сындырмай тұрғанда оны көруім керек.

Мария. Оу, Арман сен не, мендегі жоқ пен өзіңдегі барды түгендегелі шақырған екен десем... қоштасқалы шақырған түрің бе... Және, ана Іңкәрің сені әлі күтіп жүр дегенің күлкілі... Ол да сенің бар, жоғыңды білмейді.

Арман. Иә, рас. Мари, сен мен үшін алғаш танысқан күннен бастап туған қарындасымдай болып кеттің. Саған бір тартылыс күші тартып тұрады...

Мария. Арман, есіңді жи, маған ғашық болып қалдым демеші, Іңкәр жылап жүрер...

Арман. О, не дегенің. Сен мені түсінбедің. Басқа күш. Саған қамқор болғым келеді. Сені бір сәтке тастағым келмейді...

Мария. Не айта алмай аузың көпіріп кетті. Мен бәріне көнем, қайғырмаймын да. (Күліп). Тастап кетіп бара жатқаныңа жаның ауырып тұрған сияқты ғой, солай ма? Мен әлі өлмеймін, қорықпа.

Арман. Ой, сен де, тұра тұршы. Соңына дейін тыңдасаңшы!

Мария. Шаршатып жібердің ғой. Іш киімнің ірзеңкесі сияқты созбақтай бермей айтшы тез. (Темекі алып тұтатады).

Арман. (Ары-бері кезіп). Менде сенен басқа ешкім қалмады.

Мария. Әлгі Олигарх әке-шешең, сансыз достарың қайда?

Арман. Әке-шеше деген аты ғана. Қабылдай алмадым. Сен сияқты бесіктен белім шықпай келсем менен бақытты адам болмас еді. Сансыз достардың саны бар, сапасы сын көтермейтін көгеріп кеткен шетінен. Бәрі қазақтығымды бетіме басудан аса алмайды. Әкем мен шешем де қазақтығыма тиіссе, қалай бақытты болам. Қалай баймын дейін. Менің кететін кезім келді. (Үнсіздік).

Мария. (Темекісін тартып). Кетем де. Дұрыс. Кет! Мені шығарып салсын деп шақырғаныңа рахмет. Жолың болсын. Ол жақта мені осы өмірге әкелген екі қазақты көрсең сәлем айт. Қызы бақытты екен, рахмет айтып жатыр дегейсің. Ол жаққа мен сияқты бөтен емес шығарсың. (Темекісін тастап, тұрып кетіп бара жатып). Саған да рахмет, Арман. Ағам сияқты адамсың. Сау бол. Ол жақта Іңкәр, бұл жатқа мен, ұмытпаймын сені. (Кетіп бара жатып жыламсырап). Қазақтар, бәріңді жек көрем.

Арман жүгіріп келіп құшақтай алады.

Арман. Қарындасым менің, сені қоштасу үшін шақырған жоқпын. (Қолынан жетектеп). Жүр менімен. Қазақ деген елге, өз Отанымызға оралайық. Қане, құтқаралық өзімізді, бәрінен, мына лас қоғамнан. Жасанды өмірден. Жалған Отаннан, жалған әке-шешеден, жалған достардан, жалған күлкіден барлығынан құтыламыз. Біз бөтенбіз бұл жерде. Ол жақта жаңа өмір бастаймыз. Тәуелсіз елде ешкімге тәуелді болмай өмір сүреміз.

Мария. Арман, есіңді жи! (Саусағын тістеп шетке қарай жүгіріп барып тоқтайды). Не деп кеттің...

Арман. Мен саған қамқор болам. Еш нәрседен қорықпа. Кімге алаңдайсың.

Мария. Қалай тастап кетеміз. Жоқ болмайды.

Арман. Неге болмайды. Осы өмірің ұнай ма саған? Күнде таяқ, күнде қорлану...

Мария. Білмеймін... қорқам, Арман, қорқам.

Темекі алып шегеді.

Арман.(Темекісін алып лақтырып жібереді). Неден қорқамыз, жүр кеттік! Қорқатын артымызда еш нәрсе жоқ.

Мария. Мен алдағы күндерден қорқам.

Арман. Ешкім алда не боларын білген емес. Үміт бар. Болашақ бар. Болды. Сену керек. Сен менің қарындасым боласың. Іңкәрді тауып алсам, ол да саған қамқор болады. Ол өте керемет жан. Көресің.

Мария. Қорқатыным, қайда болсам да сенен басқа сенерім жоқ. Басқа амалым да таусылған секілді. Енді сені жоғалтқым келмейді... Тәуекел, ердім соңыңнан. (Құшақтасады).

Арман. (Орындыққа атып шығып). Ура! Оу, қазақ елі, Қазақстан. Біз келе жатырмыз. Қазақстан, менің туған жерім!

4-көрініс

Келесі көрініс басталмастан бұрын ұшақтың әуежайдан ұшқан, қонған дауысы естіледі. Алматы әуежайы дикторының келген рейсті хабарлаған дауысын беруге болады.

Ұлаған-шулаған балалардың дауысы естіледі. Ұрысып жатқан тәрбиешінің дауысы қатар шығады. Жарық жанғанда жетімхана (балалар үйі) екені көрінеді. Бұрынғы директордың кабинеті. Егде тартып қалған бұрынды жетімхананың тәрбиешісі жүр. Кабинеттегі заттар әуелгіден өзгерген. Тура қазіргі заманға сай жабдықталған.

Тәрбиеші. Адам баласы деген айтқанды ұғушы еді, қазіргі балаларға Құдай сақтасын, тіл-аузың батпайды. (Стөліне келіп, саусағының сыртымен ұрып тықылдатып). Не деген балалар. Заман ақырдың ұрпақтары...

Осы кезде есік қағылады.

(Сыбырлар). Уақсыз уақытта не қылған адам? Кім бұл?!

Дауыс. Мен... мен... деген...

Тәрбиеші. Менің кім? (Есікке таяп). Түн ішінде адасып кеткеннен саусың ба, қарағым!

Дауыс. Кешіңз, мен деген, Алматыдан тун шығып ем, кеш болып қалды. Ашыңызшы.

Тәрбиеші. (Есікті ашады, ішке бағанадан тілі бұратылып тұрған Арман кіреді). Айгул апай, сиз ба?!

Тәрбиеші. Иә, көтек, мен ғой. Сен кімсің, түрің таныс сияқты ма... шырамытып тұрғаным. (Шамданып). Тілің бұратылған өзің қандай қазақсың?!

Арман. Мен Арманмын Айгул апай, Арман. Танымадыңыз ба? (Құшақтай алады).

Тәрбиеші. (Қашып). Ойбай көтек, қайтейін Арман болсаң!

Арман.(Ұмтылып). Мен Арман гой, Арман! Кішкентай кезде...

Тәрбиеші. Ойбай, Құтқарыңдар! Жынды кіріп кетті!

Арман. (Әрең сөйлеп). Өтиниш, қойңзшы! Мен – Оспаналиев Арман! Іңкәрмен бірге осында болған, кишкентай кезде...

Тәрбиеші. (Аузы ашылып, ұзақ тұрып қалады да оқыс). А-а-а-а-а... Арман! (Жүгіріп келіп құшақтай алады). Арман, жаным, бәсе, айналайын құлыншағым! Жынды десем, өзім екен ғой нағыз жынды! Қанша жыл қанша уақыт өтті. Үлкен жігіт болыпсың! Сені де көретін күн туыпты-ау, азамат екенсің. Қайтіп келдің бе! Ер туған жеріне деген.

Арман. Иа, иа, мен келдим. Бир жола келдим.

Тәрбиеші.(Арманның акцентіне қалай түсіп кеткенін байқамай). Айналайын, бир жола келдин бе? (Тағы құшақтап, бетінен сүйеді). Заман қалай дейміз, сол кедегі сендердің орындарың бір төбе екен ғой. (Сол ма дегендей бет аузын ұстап, еңкейтіп мойнын қарайды). Әй, түрің мен тілің өзгерсе де мойныңдағы қалың қалыбында екен. Кеткенде сегізге енді аяқ аттаған бала едің...

Арман бөлменің ішін қарап, кезе бастайды.

Екеуіңді... көп ойлаймын...Іңкәр...

Арман. Иа, апай екеумизды... Інкәр екеумиз. Биз бирге журетинбыз...

Тәрбиеші. Айналып қана кетейін, басқа сөзге тілің қиналса, «Іңкәр» дегенді қандай таза, қандай тамаша айтасың... Жүрек сүйсе тіл қайда барат деген осы...

Арман. Іңкәр қайда? Айгул апай, Менын Іңкәрим қайда? Ол мени али куткен шыгар. Улкен кыз болган казыр. Мен оны бир сат умыткан жокпын.

Тәрбиеші. (Жалтарып). Иә, Іңкәр да сені көп кутти... Ой, құрысын, тілің бұралып мені де алжастырдың ғой. Бес минутқа жетпей мен шатасып жатырмын, сонша жыл қазақ тілін қалай ұмытпағансың?

Арман. Сіз берген казак китаптарды оки бердим. Кунде. Казакша али оки алам. Казир ХХІ гасыр гой.

Тәрбиеші. Дұрыс айналайын. Тіл уйренуге интернет деген де жақсы болды ғой. Қалай дегенмен қаның қазақ. Тектілігің ғой, әйтпесе, талайды көріп жүрміз. Жиырма жылда біздің өз қазағымыздың кейбірі сен сияқты сөйлей алайтынын қайтерсің! Олардың бәрін сендер сияқты шет елге асыратып жіберу керек. (Аңдамай сөйлегенін сезіп). Кешір айналайын, мен байқамай, ашуланып айтып қалдым.

Арман. Жок, жаксы бары. Ауыл адеми болып кетипты. Отее. Miracle!

Тәрбиеші. Айтпақшы бұрыңғы директор ағайың сені ағылшындықтар асырап алған жылдан кейін пенсияға шығып кеткен. Қазір Астанада. Ұлдарының қолында... Ол кісінің міндетін көріп тұрғаныңдай мен атқарып келемін. Ауылда бұрынғыдай емес қазір. Халық көбейген. Көгерген. Шетінен бай. Осындай жетімханада директор деген сөздің өзі жараспайды, қысқасы, әлі өзің білетін тәрбиешімін.

Арман. Ал... Іңкәр кайда, апай? Ол уйленип кеткен жок па? Қайда казыр?

Тәрбиеші. Ааа, Іңкәр ма? Іңкәр кетті ғой.

Арман. Не, турмыска шыгып кетти ме?!

Тәрбиеші. Жо-жоқ. Іңкәр, Іңкәр ма... (Бөлменің ішінде сабылып жүре бастайды). Ол... ол... бір жыл бұрын...

Арман. Турмыска шыкпаса... (Жүгіріп тәрбиешіге жақындап). Туыстары алып кетти ме, алде ата-анасы табылды ма? Айтсаншы!

Тәрбиеші. Иә, ол кетті. Кетіп қалды, Арман.

Арман күйініп, жан-жағына қарап, сахнаның келесі бетіне «Іңкәрлап» жүгіріп шығып кетеді. Тәрбиеші көзінің жасын сүртіп әлі тұр. Балалардың шулаған дауыстары естіледі. Аздан соң сахнаға қайта жүгіріп шығады.

Арман. Апай, Іңкәрдин төсеги, менин тосегим, бары орнында тур. Балалык шагымды сагыныппын. Іңкәрді сагындым. Тусынбегеним, казак – тауелсиз ел емес пе? Неге? Іңкәр екеумиз сиякты жетимдер неге көп. Калай кобейып кеткен. Оларды да шет елге бере ме?! И-и-и, Іңкәрді да шет елге бердындер ма?! (Отыра қалып басып ұстап, көзін сүртеді). Оны бекер тастап кеттим. Мен бекер кеттым. Оган камкор болуым керек еды. I should have cared of him.

Тәрбиеші. Өзің де кетем деп қалдың емес пе?

Арман. Сендер емес па, Америка улкен ел. Ол жакта арманына жетесын деген. Аке-шешем болса арманына жетем деп ойлап калдым. Сол кезде аудармашымен бирге 1 миллионды сен де алган шыгарсын. Неге жыбердындер...

Тәрбиеші. Миллионың не айтып отырған. Ондайды (төбені нұсқап) ана, төбедегілер, түйені түгімен жұтатын қыл тамақтар...

Кінәсін мойындағандай Арманды құшақтап еңіреп жылайды.

Жаңылдым. Сол аудармашының пұлына алданып сені алдап-арбаған, мына мен едім. Кешіре гөр. Құдай кешсе кеш...

Арман. Бала болдым. Мени жыбермеу керек еды. (Ашуланып тәрбиешіге). Болды. Койынз. Кешырдым. Тhen other his... her wirting is this. Тагдыр.

Тәрбиеші. Бізде не билік болды дейсің, балам-ау. Иа, біз, күллі Қазақ елі кінәліміз. Обалдарың өз қолымен жетелетіп жіберген билік деген білгірлердің мойнында, қайтейін.

Арман. Іңкәр, Іңкәрды кай елдын койнына салып бердындер? Кайда кетты?

Тәрбиеші. Жетімектерім-ай, Құдайдың басқа салғаны өзгермейтін қағида болса, біз не істейміз. Тағдыр солай... Қандай қыз еді, Кең дүниеге сыймай кетті...

Арман. Неге сыймайды, симаганы несы?

Тәрбиеші шкафтан қалың дакумент салынған папканы алып ақтара бастайды.

Іңкәр, алемге сыймай, сол шкафтын ышыне сыйып кетты ме, апай неге тезырек айтпайсыз?!

Қалың қағаздың арасынан үш бұрыштап бүктелген хат алып шығады.

Тәрбиеші. Мынаны Іңкәр бір жола кетерінде саған арнап жазса керек. Соңғы көргенімде мені іздеп келіп жатса берерсіз деп еді. Байқұс қыз сені өмір бойы күтіп, арманда кетті-ау. Ашып оқуға дәтім бармады.

Жылап, сүйретіліп барып орындығына отырады. Арман хатты жайлап ашып сахнаның сол жақ шетіне ойысып /аванцена/ оқи бастайды. Сахна қараңғыланып, шеткі планда бой жеткен Іңкәрдің ХАТ жазып отырған көрінісі/ беріледі. Арман толғанып оқи бастағанда, Іңкәрдің нәзік дауысы хат тексі ретінде беріліп /2–ші аванцена/ отырады.

ХАТ: (Іңкәрдің дауысы)

Арман, асылым! Бұл хатты оқып отырсаң мен арманыма жеттім. Сенің бір хабарың келер деп, сан жыл сарылып күттім. Өзім де іздеп, сұрамаған жерім жоқ. Дерек ұшырата алмадым. Қандай азамат болдың екен? Көз алдымда ең соңғы, соңғы рет «Іңкәр, мен сені сүйем» деп, екі шет елдіктің жетегінде кетіп бара жатқан мүсінің қалыпты. Әлі көз алдымда. Сол сәттен бастап менің өмірім құрдымға кетті. Түбі жоқ құдыққа құлап кеткендеймін. Сен келіп шығарып алар деуші ем. Бір-біріміздің тағдырымыз жұмбаққа айналды, Арман. Талай түндерім сені сағынып, жылаумен өтті. Сары ала кенеп болған төсегімдегі жастығым куә. Баяғы бақшадағыдай «Иә, үйленеміз, Іңкәр» деп келіп қалатындай, көз алдымда елес өмірге айналдың. Жарайды, оны қойшы. Сабағымды жақсы аяқтадым. Есейе келе өмір аязы қыр арқамнан шегедей қадалды. Он сегізден он тоғыз жасқа аяқ басқанымда жетімханадан кетуіме тура келді. Амал не, сенімен бірге қол ұстасып бірге шыға алмадым. Алдым – қорқыныш, үрейге толы еді. Кеткенде қимай жылаған қалың жетім көздердің көз жасы, анадай болған апайларымды әрең қиып кеттім.

Нағыз жетімдік жетімхананың сыртында екен, Арман, сыртында. Бір таныс құрбыларыммен квартира жалдап тұрдық. Істемеген жұмысым, қақпаған есігім жоқ. Арқа сүйер жанашырың болмаған соң, тек жылай береді екенсің. Осылай жеңілденем де, желпінем. Қайта тұрам.

Бір күні бір байдың баласына күтуші (нянка) болып жалдандым. Жетім екенімді білгеннен бе, тым мейірсіз, қатал болды. Сол үйдің еркегі арам көзін қадап, жалақтайтынды шығарды. Ары қалай, қалай жазарымды білмеймін, өте ауыр, Арман...

...Ол оңбаған бар документімді тартып алып, басқа бір иен үйде күң қылып ұстады. Оны қойшы, бар абыройымды төгіп, зорлады. Күнде... Өмірімді осылай құртты. Үйіне қамап қойды. Дәрменсіз күйге түстім. Жетімханамды қатты сағынып, мына сұм өмірге қарғыс, нала айттым, талай. Бір сорым ашылмады ғой, Арман. Алғаш етегім ашылып, абыройым төгілген сәтте сенен мәңгі күдерімді үздім. Кешірші, Арман. Сенің бетіңе қалай қараймын. Мен бір шошқа тезегіне отырғызылған, тікенді гүлге айналдым. Өкшесі жез адамдарға... өмірдің мәні, өмірге деген махаббатым, арман-тілегім, қайратым бәрі-бәрі ағып түсті. Бойында жаны бар демесең, адам кейпім жоқ. Не үшін кінәлімін, нені қате істедім, Тәңірге аян.

Шыбын жан шырылдауық. Талай өзімді өзім өлтіре алмай шашымды жұлдым. Мүмкін сен сияқты асыранды болып кетсем, бәрі басқаша болар ма еді?..

Әлгі оңбаған әбден істерін істеген соң мені адам саудасымен айналысатын хайуандардың қолына өткізіп жіберді ме, сатып жіберді ме, тірі өліктердің арасына тап болдым. Енді тартынудың, талпынудың бекер екендігін ұғып осы хатты жазып отырмын. Көз жасым тоқтауды қойған, айғыздалған жазулар үшін ренжіме.

Сенімен, мына өмірмен мәңгі қоштасып отырған жайым. Жетімхана – өскен үйімнен осы хатты тауып алған күні мені бұл өмірден іздеме. Сені бақида күтем.

Іңкәр!

Хатты оқысымен булығып жылай бастайды. Іңкәрдің бейнесі жоғалып кетеді.

Арман. (Зіл салмақпен орнынан тұрып). Неге!!! What!!! Не ушін!!!

Фариза Оңғарсынованың өлеңі Арманның дауысында оқыла бастайды. Арман соған сай әрекеттер жасайды. Мария келіп Арманды жетектеп сахнадан шыға береді.

Туған жер

О, туған жер, кең пейіл, құшағың кең,

Саған көңіл бұлқынар күш-ағынмен.

Сағынышымды қанат қып саған қарай

Балапандай талпынып ұшамын мен.

Алақаны анамның – топырағың,

Сендік махаббатымның оты жалын.

Сені қалай сүюдің керектігін,

Мен ешқандай кітаптан оқымадым.

Сенде, тас та қастерлі, аспан да алау,

Сенде жанды тербетер дастан бар-ау.

Менің мынау өмірге құштарлығым

Сені жақсы көруден басталған-ау.

Кешірме сен

Жат қылықпен жаныңды жараласам,

Бар сырымды бүкпесіз саған ашам.

Мен ел кезіп кетермін отансыздай,

Үмітіңді ақтауға жарамасам.


Шамшырақ

Бөлісу:

Көп оқылғандар