Әбіш Кекілбай өлеңдеріне арналған байқау
Бөлісу:
28.11.2016
5757
Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлының өмірден озғанына бір жылға жуықтап қалған екен. Бар саналы ғұмырын алаш жұртының рухани қазынасын байытуға арнаған қайраткер тұлғаның шығармашылығы әрдайым халқының жүрегінде, жадында жаттаулы.
Сөзіміздің бір дәлеліндей, қарашаның 24-і күні Маңғыстауда замананың заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы шығармашылығына арналған «Аңызға айналған Абыз» республикалық көркем сөз шеберлері байқауы өтті. Қазақстанның әр аймағынан келген 12 көркем сөз оқушы талантты жастар алдымен қаламгердің прозалық, драмалық шығармаларынан үзінді оқыса, екінші кезеңде поэзиялық туындылары бойынша сайысқа түсті.
23 жасында алғаш «Алтын шуақ» атты өлеңдер жинағы арқылы әдебиет әлеміне қадам басқан Әбіш Кекілбайұлы өзінің тіл кестесі өрнекті, төгілте толқындатқан ақ өлеңге толы прозалық шығармаларымен танылды.
Әбіш Кекілбайұлы шығармаларымен жақсы таныс екендіктерін танытқан көркемсөз оқушылар арасынан оза шауып бәйге алғандар мыналар болды: Маңғыстаулық Арғын Қосай ІІІ, атыраулық Өмірбаев Нұржан ІІ, павлодарлық Кәкім Бәкіжан І орындарды иеленсе, Бас жүлдеге Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданынан келген Көкенайқызы Ақмарал лайық деп танылып, 180 мың теңгеге ие болды.
«Әдебиет порталы» республикалық байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтайды. Каспийдің ақжал толқынындай буырқанған алапат рухты, Үстірттің шыңырау құдықтарының суындай тәтті Әбіш Кекілбай туындылары туған халқымен жасай беретіні анық.
Бөлісу: