"Алмас қылыш" қандай фильм?!

Бөлісу:

20.12.2016 11097


“Көшпенділерден” кейінгі ең атышулы жоба “Қазақ хандығы” алғашқы көрермендерін тапты. Екі жыл күттірген сериалдың “Алмас қылыш” аталған кинонұсқасы дайын екен. Бесінші қаңтардан бастап барлық кинотеатрлардан көре аласыздар.

Қазақ хандығы.jpg


Туынды Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлінуі мен жеке хандық құру кезеңін қамтиды. Тақырыптың маңыздылығына күмән жоқ. Жалпы, тарихи киноларда кейіпкерлердің өлмейтінін біліп тыныш отырасың. Бұл енді “Тақтар ойыны” емес қой) Бірақ соған қарамастан, сценарий авторлары (С.Елубай, Т.Жақсылықов, Р.Әбдірәшев) барынша интрига тудыруға тырысқан. Сарай маңы эпизодтардың драматургиясы мығым: Әбілқайыр мен қос сұлтан арасындағы шиеленіс, саяси ойындар нанымды. Хан шатырындағы көріністе Әбілқайыр мен Жәнібектің, немесе аңшылық эпизодында Әбілқайыр мен Керейдің сөз шарпысуында ымдап ырғасатын өткен дәуірдің ірілігі бар. Бірақ одан әрі фильм драматургиясы сол шиеленісті ұстап тұра алмады.


Кинодастанның негізгі идеясы, ешкімге бағынғысы келмеген, “әркімнің қолында қылыш боп ойнаған” батыр қазақтың рухын көрсету. Туындының өн бойында бірнеше шайқас сахнасы бар делік. Бірақ ылғи да қазақтар тығырыққа тіреледі.Біреуінде ғана табан астында арбалардан қорған құрып, құндақтаулы сәбиімен садақ кезенген аналар, шауып бара жатқан атқа теріс отыратын мергендер, ойраттың қылышын қақ жаратын алмас қылыштар (валериан құрышынан қай жері кем?)), жалпы қазақтың мобильді соғысып, шабуылға тойтарыс беру өнері орынды көрсетілген.


Бірақ техникалық тұрғыда, бұл бір компьютерлік графика ойлап табылмаған ықылымда түсірілген фильм сияқты. Оншақты ойрат он бесшақты қазақпен соғысады да, кері қашады. Хандықтың негізін қалаймын деп көшіп жатқан жұрт та әрі кетсе жүзшақты адам. Масштаб жоқ. Жұпыны. Түмен-түмен адам жалдап, оларға көне киім тігіп беру қолдан келмейді, түсінікті. Бірақ “Трояны”, не “Батыл жүректі” қарасаңызшы, бес адамды бес жүз мың әскер қып көбейтеді ғой. Біздің графистердің бар қолдан келері “инстаграмның” бұлдыратуындай ойға сымайтын түстерге бояу ғана. Көрермен соны байқамай қалады деп ойлай ма?


Сосын фильмнің түсірілу эстетикасында бірізділік жоқ. Алғашқы ұрыс сахнасында кесілген аяқ, шабылған қол, шашыраған қан сияқты натуралистік көріністер басым. Одан кейін бірнеше шайқасты көрдік. Ондайдың бірі де жоқ. Неге? Режиссер о бастан “бір жағына шығып”, қалай түсіргісі келетінін анықтауы керек еді ғой.


Фильмде бірнеше метафора бар. Ол Әбілқайырдың тордағы құсы. Әбілқайыр, ашуланып кеткен Қобыландының артынан, “Қайда барар дейсің, айналып қазығын табады” деп тұрғанда, тордағы құсы ұшып кетеді. Демек, қазақты да, Қобыландыны да уысынан жіберіп алды деген сөз. Бұл әдемі оқылады, басқа кейбір метафоралары сәтсіз . Мысалы, көшіп келе жатқан қазақтар жолдағы құдықтан су ішеді. Оны “азаттықтың дәмін татты” деп келтіреді кадр сыртындағы дауыс. Бірақ оператор, неге екенін, бұл эпизодты қазір бір жаманшылық болғалы тұрғандай түсіреді. Немесе жолда туған бала, Шалкиізді алыңыз. Оны “қазақтың азаттығының даусы еді” деп сипаттап алып, шешесі өлгенде ноғайларға беріп жіберетіні несі?


Сосын, артық сөз көп. Кадр сыртындағы мәтінде де, актерлердің диалогтарында да. “Таза мінсіз асыл сөзден” бастап, Асан Қайғының бірталай өлеңін созбалатып оқу дәл осы фильмге неге керек болды? “Қайран, аңғал қазағым” деп күңіренген Асан аз болғандай, кадр сыртындағы екінші дауысты қосарлау не үшін керек болды? Мұның бәрі фильмді көркем туындыдан гөрі деректі шығармаға ұқсатып тұр.


Актерлердің ойынында театралдылық басым. Кейде ойлаймын. Мүмкін, “бұл - қазақ киносының ерекшелігі, қазақ актерлерінің қолтаңбасы” деп “заңдастыра” салу керек шығар? Өйткені осы театралдықтан ешқашан құтылмайтын түріміз бар. Тіпті театрдың сахнасын көрмеген актерлеріміз сонымен ауырады. Қазтуған (Б.Тілеухан) сөйлей жөнелгенде Парламентте мәлімдеме жасап отыр екен деп қалдық. Мұрнының астымен сөйлейтін Рабия бегімнің (Қ.Мұхамеджанова) көзін аударып-төңкергенінің бәрі жасанды. Әр сөзін нығарлап сөйлейтін Керей (Қ.Кемалов), әр сөзінен кейін пауза керек деп санайтын Саид (Б. Әбділманов) екіұдай әсер қалдырады. Досхан Жолжақсыновтың Әбілқайыры, өзін өте әккі, ақылдымын деп ойлайтын, бірақ қартайып, әлі кеткен билеуші. Ниязбек Шайсұлтановтың Мұхаммеді тым эмоционалды, Мейірғат Амангелдиннің Қасымы нәзіктеу көрінгені рас. Есесіне Мәдина Есманованың Жаһанбикесі ұнамды, Арман Әсеновтің Қобыландысы есте қалады. Еркебұлан Дайыровтың үлкен актер болып өсіп келетіні қуантады.


Фильмнің кей тұстарында, әсіресе басында фондағы дыбыстар кейіпкерлердің даусын басып кетеді. Монтаж соншалықты сәтті дей алмайсыз. Іледен өткен көріністің басында күз, аяғында - қыс. Жалпы дала, сүреңсіз күз мезгілінде түсірілгені өкінішті. Кей келіншектердің кимешек кисе, кейбірінің қыздай сыланып малынатыны болмаса, жалпы костюмдер ұнады. Әсіресе Қобыланды мен Өз Темірдің сауыты, жас сұлтандардың киімі ерекше көзге түседі. С.Құрманбеков пен Ө.Шманов бастаған топтың аянбай еңбек еткені көрініп тұр.


Әбілқайыр “тақ үшін туған бауырымды өлтірдім” деп мақтанады, Мұхаммед “төреде туыс болмайды” деп жиі қайталайды. Ал Қасым “тақ үшін таласта туыстың қанын төкпеймін” дейді. (Тарихтан мәлім, сол сертінде тұрады). Жәнібек те аттан түсіп, Керейге жол береді. Ақ киіздегі ағасын елдің алды болып өзі көтереді. Қазақтың хандарының дәстүрінде билік ешқашан түпкі мақсат болмаған деген ой бар.


Бірақ Өзбек хандығы солай аталады екен деп, Әбілқайырды тұқым-тұяғымен көзін боятып, ала матасын оратып, қазіргі өзбектерге айналдырып жіберуге болмайтын шығар. Онда да кілең қазақтың тайпалары емес пе еді, Шайбани да Шыңғыстың ұрпағы емес пе еді (тарихшылар ол кезде Өзбек хандығы деген атау болғанымен, ол этнос ретінде өзбектер болып қалыптаспаған кез (дәл қазақ сияқты) дегенді айтады). Ендеше Моғолстанды Ұйғырстан қылып шығарудың қай қисыны бар? Аты моғол болғанымен, ол да қазақтың өз тайпаларының қонысы еді ғой. Фильм логикасына сенсек, қазақтар өзбектен қашып, ұйғырдың қолтығына тығылыпты (астапыралла!). Неге Керей мен Жәнібек: “Шу да біздің өз жеріміз, атамекенге оралайық” демейді? (Былтыр Қазақ хандығының құрылуы туралы деректі фильм түсіргенімізде тарихшылардың бәрі бір ауыздан солай деген).


Түсіру тобындағы барша азаматтардың еңбегін бағалаймыз. Ешкім де қазақтың еңсесін түсіретін кино түсіреміз деген жоқ. Бәрі рухымызды көтереміз, өзімізге деген құрметімізді асырамыз, намысымызды жанимыз деді. Мүмкін, белгілі бір деңгейде бұл мақсатына жеткен шығар. Оны өзіңіз бағалаңыз. Әркімнің көзі өзінше көреді, біздің көргеніміз жоғарыдағыдай болды. Мүмкін, сериал нұсқасы ұтымды шығатын шығар, туындыға толық бағаны сол сериалды толық көргеннен кейін ғана берсе орынды сияқты.


Әсия Бағдәулетқызының фейсбук парақшасынан

Бөлісу:

Көп оқылғандар