Ақсұңқар Ақынбабақызы: Сені өлтірген қазақ әлі сол қазақ

Бөлісу:

20.12.2016 5621


Ақынбаба Үсенұлы  Республикалық халық өнерінің байқауы. 1983 жыл. Күміс медаль иегері.png


Әкем Ақынбаба ҮСЕНҰЛЫ –менің поэзиямдағы жеке бір тақырып. Ол мен үшін тек Әке ғана емес, Ұстаз, Әулие, Тұлға! Менен көпшілік: «Әкең туралы неге көп жырлайсың, ол кісі қандай адам болған еді?»-деп сұрап жатады.


Иә, менің Әкем, шынында қандай адам еді?


... Ол – білікті ұстаз, асқақ дауысты әнші, айырықша ақын, қарымды журналист, талантты аудармашы, шетелдегі қазақтардың Атажұртқа оралуы мәселесін «қызыл» үкіметтің кезінде ашық көтерген ұлт қайраткері болатын! Өкініштісі, бәрін бір қалыпқа салып өлшейтін, белгіленген ережелерден сәл қиыс кеткеннің бәрін «тезге салып», басып-жаншуда алдына жан салмаған «қызыл партияның жендеттері» оған әу дегеннен күн көрсетпеді, өр талантын, еркін мінез, озық талабын қорлап, тұншықтырды. Себебі, ол жүйе өз талабынан өзгеше ойлайтындарға қас қоғам еді. Оған қоса, маңдайына жазылған қараңғылау ортаның деңгейін қосып қойыңыз...


Әкемнің соноу 1958 жылы бар болғаны 18 жасар шағында Қазақстанға аттанып, білім алып, елге оралып еңбек етсем деген арманы мен шексіз махаббатына Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы жергілікті жердің шенеуніктері мен білім саласының жауапты қызметкерлері, мектеп мұғалімдері тойтарыс беріп, нәтижесінде ұшпай жатып қанаты қайырылды. Түптеп келгенде, әкемнің барлық қасіреті дәл сол себептен, сол кезден басталған. Иә, Әкем өмір бойы Қазақстан деп шарқ ұрды, Алматыны өлердей аңсады... Жеткізбеді. Желкесінен қиды. Шын мәнінде, онжылдық мектепті таза бестікке тәмамдап, Қазақстанға оқуға аттануға тиісті жерінен жолын кесіп тастау қып-қызыл заңсыздық болатын. Әттең, сол бір қиянат болмағанда ғой. Онда, онда...бәлкім бізде-бәрі де басқаша болар ма еді?!.


Менің сөз басында айтып өткен әкеме берген бағаларым – өзі өмір сүрген орта үшін де (Моңғолия қазақтары мекен еткен Бай-Өлке аймағы) солай болуға тиісті. Бірақ, ол баға сол ортасы: ауыл-аймағы, туған, өскен, еңбек еткен ел-жерінің тарапынан айтылуға тиісті.


Менің міндетім әкеме деген мәңгілік сағынышымды жырмен жазу, жанымның күйігін басу, жұбату, Әке есімін әдебиетте қашап қалдыру!


***


Кешір әке!

Тағдырыңды, зарыңды,

Жоқтан бетер еткен сенің барыңды.

Жалыныңды тұншықтырған қоғамды,

Бойыңдағы сорға біткен дарынды.


Кешір әке!

Туған жерің, еліңді,

Өрт тіліңді буған небір кер үнді,

Лағынет артып, отқа салып,тіріңде,

Ерте жұтып тынған сойқан өмірді.


Кешір,әке!

Жарытпаппын мен де ұғып,

Жан азабын тарттым бәрін енді ұғып,

Өзіңді де,кешір әке, өр мінез,

Шындық үшін кеткеніңді егіліп.


...Кешір әке!


***


Атақ, мансап,байлық емес тапқаның,

Ұлттың Ұлы екеніңді ақтадың.

Сен таңдаған ауыр жолдан қашсам да,

Ұраныңды Құранымдай сақтадым.


Сені өлтірген қазақ әлі сол қазақ,

Сол қиянат әлі сондай қиянат,

Сеніменен бітпепті екен соңғы азап,

Менімен де таппайтындай тиянақ.


Қасіретіңе батып кетер ме екем деп,

Тауқыметіңе үңілуге қорқамын.

Сен кеткелі жердің астын мекендеп,

Жердің үстін ар-зарыммен ақтардым.


Жер бетіне тастап кеткен зарыңмын,

Сенің Кегің жоқтайтыным мәңгілік,

Ақыр түбі тәрк етіп барлығын,

Сенің жерің жетер жерім қаңғырып.


Кешір мені,

Елден ерте бөлінсем,

Ит пен құсы жұлып жеуде шетінен.

Кешір мені,

Орта жолда шегінсем,

Даумен қайтсам даушыл қазақ өтінен.


Құрбандық қып әділеттің жолында,

Мені –дағы шалатындай енді ел...

Қосыла алмай тобырлардың тобына,

Қаша алсам да,

Аса алмадым тегімнен.



***



Шын бағаңды тіріңде білмеген ел,

Күн көрсетпей,

Қуғындап, күңдеген ел,

Өздері өлік болса да тірісымақ,

Өлді дейді сені,Әке, үні өлмеген.


Топастығын кеш ұғып, көп иттігін,

Көңіл айтты жарысып, «сеніп тұрдым».

«Көкжал еді!»- деседі, қауқылдасып,

Енді ғана білгендей өз иттігін.


Кегім қайтпай жауың мен керге менің,

Енді бүгін сен болып сенделемін.

Қоғам сенің, сен оның жарасы боп,

Бағың да сол:

Өлсең де Өлмегенің!



***



Тірліктің ауыр тасқынымен алысып,

Зілзала шақтың жалына асау жабысып,

Мен жүрмін әке, өзіңнен қалған артылып,

Азаптың уын өле ішіп.



Айтқаным менің нала ма?

Әлде, парыз ба?

Ей, сойқан өмір түп тегім саған қарыз ба?

Әкешім өткен майданның мұздай өтінде,

Мен қалдым енді керек боп ауызды, аңызға.



Нар көтерер ауыры жүктің арқамда,

Көзімде менің басылып қалған зар таңба,

Замана-зауал өлтіріп келіп өзіңді,

Айналып келіп тауыпты мені. О,тоба!



***



Неткен зар бұл!

Келем оны әлі естіп,

Неге осынша тауқымет тарттық?

Дау кештік?

Еңіредім билей алмай бойымды,

Сен де,жауым!

Жыла!

Егіл дәл өстіп!!!


Еңіредім,

Сен де еңіре!

Еңіре!

Әкелерің зар илесін көрінде.

Солар мені жан әкемнен айырған,

Солар балаң қанатымнан қайырған.


Әр зауалдың жауабы бар, саны бар,

Бұлт қаптаса жуып-шаяр жауын бар,

Есіл өткен тағдырына әкемнің,

Себеп болған жауларына дауым бар,

Күйік толы жаным менен қаным бар!



***



Өрттен, дерттен жеріп болдым өті қыс,

Жабығады енді кімге жетім күш?

Туғаныңнан қасіретпен көз жазу,

Қандай ауыр өкініш.


Қош, қош,әке,

Мәңгі айықпас азабым,

Қош!Қош!-дейді,

Жаныңды алған қазағың.

Мәңгі арманда ұлып өтем соңынан,

Орны толмас қазаңның.



***



Тауқымет қосы жеккенің,

Еш кеткен талай еккенің,

Әлі күнге сенгісіз,

Мәңгіге,әке,кеткенің.


Қайғыға бүгін ет өлген,

Зарыңды үнсіз көтерген.

Ала алмай хабар шаршадым,

Сен кеткен жұмбақ мекеннен.


Тіл қата алмайды сүгірет,

Жұбата алмады ол күбірлеп,

Өлмесін десең мың рет,

Тіл қатшы әке,бір рет?



***



Әке, қалай жағдайың, амансың ба?

Ақиқатқа әлі де алаңсың ба?

Шыныменен осылай үнсіз-түнсіз,

Мәңгілікке елес боп қаласың ба?


Тірліктегі майданнан арылдың ба?

Жауап таппай жатсың ба зар мұңыңа?

Шын бағаңды берді ме,Жаратқан Хақ?

Шындық үшін қор болған дарыныңа?


Қалайсың-ау, әкешім сағыныштан,

Өлер болдым құсадан,жабығыстан,

Ұлтың менен Шындықты бірдей сүйген,

Жүрегіңнен айналдым жалын құшқан.


Құдайға,әлде,жалынып дат қылсам ба?

Күллі әлемді зарыма батырсам ба?

Бір-ақ рет сөзіңді есту үшін,

Күнәһар боп аруақ шақырсам ба?


Дұға қылып, хайырын сұрағанбыз,

Біз әйтеуір тіріміз, жүдә аманбыз,

Өзің мәңгі кеткелі есеңгіреп,

Өксік ата, зар илеп жылағанбыз.


Айтшы,әкетай, Ол жақта қалай екен?

Өлгендерді тіріге санай ма екен?

Тірілердің дауысы естіле ме,

Қандай тірлік бар екен,қандай мекен?


Әкесіздің азабын тарттым,әке!

Өзің кешкен майданды арттым,әке!

Қоштасуға қимаймын,қоштаспаймын,

Ұйықта, әке, ұйықтай ғой,марқұм әке...



***



Боз тұманда боздатып мен келемін,

Жұртта қалған ботадай сенделемін,

Әке орнын, қадірін кеш ұғынтқан,

Табалайды мысымды жеңген өлім.


Зарға бөккен даусымды жеңіп тепкі,

Жазылмайтын шерлі етті, дертті етті,

Есіл әкем өңімде жолыға алмай,

Аян беріп,түсімде келіп кетті.


Талай арман тұншығып ішінде өлді,

Надан орта бәйгеге түсірмеді.

Жатың түгіл,жақының,ағайының,

Ерте оянған тұлғаңды түсінбеді.


Есіл даусың қақалып жел өтіне,

Күңшіл достар сөз етті жерлеп күнде.

Кеш ұғынып бағаңды іздегенде,

Жоқ екенсің амал не,жер бетінде!


«Кешір»- десіп,

Жабылып сынаған топ,

«Есіл»- десіп,өлген соң жылаған боп,

Тіріңде-ақ арулап, көміп қойған,

Қиянат та іздейді сұраған боп.


Қаскөй қоғам толтырды-ау, жүректі уға,

Ол да өлген тірілей түнек мұңда,

Енді саған ештеңе қажетсізін,

Білмейміз –ау, әттең-ай, біле тұра.


Боз тұманда ботадай боздап келем,

Ескі әуенін Алтайдың қозғап келем,

Бозда тұман,сен де өксі мендей болып,

Әкемді іздеп келемін,боздап келем...



***



Ұмытыппын, шегініп,шошынуды,

Бұ заманның жарытқан хошы кімді,

Әке, сенен мәңгіге көз жазсам да,

Аруағыңды дос тұттым осы күні.


Құшағына алған соң көрдей мекен,

Ажал қайтып алғанын бермейді екен,

Енді ешқашан қызым деп айта алмайсың,

Енді ешқашан әкемді көрмей өтем.


Жолдас болған өзіңдей жаралы ерге,

Батты қанша дәрменсіз анам шерге,

Сені көріп қалардай қарай берем,

Жақ ашпайтын құпия қара жерге.


...Жылатқаны біз болып неге ұдай,

Қасірет берген осынша неге Құдай?



***



Кәрі Алтайдың хас тарланы, қыраны,

Сірі еді дәл Алтайдай төзімді,

Көр мекенге ауысқанда тұрағы,

Алатаудың қойнауында көз ілді.


Тауқыметті тағдырына сұрау ғып,

Тастап кетті тым асығыс демедім,

Мәңгі өлмейтін өмір жырын ұран ғып,

Көріп келем қиянаттың көмегін.


Аманат жүк арқаланған арманмын,

Жоқ қой енді қайғы мұңнан еш күнім,

Ұлттың дерті құрбан еткен тарланның,

Ащы өксігін жұтып өскен өскінмін.


Бала жүрек соққы азабын көрмесе,

Бұл майданға мен де ерте келмес ем,

Тағдыр зарын кешпегенде асыра,

От оранып,

Мұз жастандым демес ем...


Қолдағанын көрмеген соң өмірдің,

Қыздыруға сол майданға сай келдім,

Шебер жонған қамшыдай боп өрілдім,

Қарғыс емес, батаңды бер ей, елім?



***



Сағынышым сарғайтып,

Тағы мені улайды-ау,

Бала үшін жалғанда,

Әке екі тумайды-ау,

Кеше ғана тірі еді,

Еңкеймейтін ірі еді,

Бар адамның жоғына

Қалай сенем

Құдай-ау?


Хал-жайымның мүшкілін

Көрмейсің бе Жалын Күн?

Неге әкеме айтпайсың,

Сарғайғанын Жанымның?

Айтпайсың ба өкініп,

Қалғанымды қан жұтып,

Сағындым ғой әкемді,

Сағындым ғой,сағындым!


Асқар тауым әкемді,

Қара жер-ау, жұттың ба?

Даусым жете алар ма,

Көр қамаған тұтқынға,

Әділетсіз нала ажал,

Өшіңді алып болдың ба,

Мен де өлімді өлтіріп,

Өшімді алам ұқтың ба?



***



Шындығың

Түнді жарып кіргені үшін,

Қаралып «Аңду» атты түрмеде ісің,

О,әке, қырғын кешкен тағдырыңды,

Менің де сорым үшін сүргенбісің?


Жасыңды түгел төгіп кетпеп пе едің,

Мен неге өксік жауған өкпектемін?

Босат мені шер майдан, шеменді ойран,

Әкемнің түбіне сен жетпеп пе едің?


Зілзала

Жала күндер,

Нала күндер,

Еңіреп,

Естен танған қаралы үндер,

Есімнен кетер емес

Ажалыңмен,

Айқасып –

Арпалысқан қара күндер.


Құдай-ау,

Қандай қиын

Зарыңды айту,

Мәңгілікке жоғалған барыңды айту,

Айтпасаң одан қиын,

Өлсем етті,

Бұл өмірдің

Білері –барыңды алу.


Басқа амал жоқтығынан азып жүрмін,

Басқа арман жаулай алмай қажып жүрмін,

Обалың мен налаңды арқалаған,

Жауларыңның қабірін қазып жүрмін.


Әкешім!

Кешіре гөр,

Кешір мені,

Қанына тартып туған кесір мені,

Сені өлім өшіріп,

Кешірсе де,

Мен ешкімді,

Ештеңені кешірмедім.


Мен ұқтым,

Енді ұқтым, жалған мәнін,

Азаптан басқа достың қалмағанын,

Өз ісін өзі ұқпайтын өмірсымақ,

Біздің шерге ешқашан қанбағанын...



***



Кеттің Әке!..

Кетті Әке!

Жер бетінен жеркеніп,

Аз ғұмыры көп азаппен шектеліп.

Өлшеп берген жазмышында

Өлшеусіз,

Бейнет артып,

Зейнет көрмей кетті өліп.



Кеттің әке!

Көкжал ғұмыр кештің де,

Құрбан болып өш заманға естіге,

Қазағың мен маңғұлың ед қор қылып,

Келеке еткен керек етпей ешкімге!...


Кеттің әке!

Тауды бұзған тасқындай,

Есерлерге қырғын салып жасындай,

Қызыл қанмен тұрғызылған қоғамның,

Қанын шашып өттің сен де бас ұрмай!


Алтай асып,

Алатаудан бері өттің,

Не көрсең де тайсалмадың,өр өттің,

Қазақ үшін жанын пида еткендер,

Шындығында сендей өлу керек-ті!



***



Жалғаннан жаны тым шұғыл кеткен,

Әкемнің үні ем тұншығып өткен.

Сол дауысты жеткізу үшін,

Тек алға ғана ұмсынып келем.


Аруақтың аунап тұрғаны шығар,

Дұшпанын қарғап,ұрғаны шығар,

Булығып жатқан жүрегімдегі,

Жазылмай кеткен жырлары шығар.


Егелсін тісім, егелсін күшім,

Жауыңның бассын еңсесін мысым!

Мен тірі қалғам!

Әкемнің арыс –

Қайтуы тиісті есесі үшін!



***



Төзімім мені кеткенше бір күн тауысып,

Қасіретіңмен бетпе-бет келем қауышып.

Қазақтың заңы,

Қазақтың дауы осылай,

Тектіден текке отырады екен ауысып.


Қиянаттарға қасқайып қойған сауалың,

Алатын кезі болды емес пе енді жауабын,

Аруаққа даңқты сұраудың жоқ деп қажеті,

Ар менен Қанның сұрадым Хақтан сауабын!



Бөлісу:

Көп оқылғандар