"Әдебиет порталы" - ашық пікірлер алаңы

Бөлісу:

23.12.2016 3585


НЕСИПБЕК.jpg

«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», - деген екен сөз зергері Ғабит Мүсірепов. Ғабеңдер осы ойды айтқан кезде, ақпаратты сақтап, жинақтаудың басты тәсілі кітап, ал кітапты оқып-танысу, талқылау орны – кітапхана еді ғой. Заман үрдісіне, сандық технологиялардың дамуына байланысты қаламгер – шығарма – оқырман үштігі арасындағы жоғарыда аталған қатынасқа айтарлықтай өзгеріс енгеніне де куәміз. Бүгіндері «ғаламторлық әдебиет», «электронды кітап», «электронды кітапхана», «оқырманмен онлайн жүздесу», «форумдық талқылау» т.б. қаламгер мен оқырман арасындағы әдеби байланысқа қатысты ұғымдар да бәрімізге етене болып үлгерді.


«Әдебиет порталы» - Қазақстан және Орта Азиялық кеңістіктегі алғашқы таза әдебиетке арналған ғаламторлық жоба екенінен және жоғарыда аталған ұғымдардың бәрі де осы порталдың жұмыс ауқымына сыйып жататындығынан хабардармыз.


Ақпараттық дәуірдің заманауи жетістік-мүмкіндіктеріне сай құрылған «Әдебиет порталын» осынау үш жыл ішінде әдебиетші қауым мен оқырмандардың басын қосатын, халық ауыз әдебиетінен қазіргі буын әдебиет өкілдеріне дейінгі жинақтаған рухани қазынамызды жинақтап, сақтап қана қоймай, ілкімді түрде ұсына білетін, сонымен бірге көптеген жақсы істердің жаршысы, ұйытқысы бола білетін ғаламторлық әдеби шаңырағымыз ретінде танып, мойындап үлгердік.


«Әдебиет – ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы», - деп академик Зейнолла Қабдолов айтқанындай, қазақ өмірінің көркем тілмен кестеленген сырлы суреті тұнған әдебиетіміздің жаршысы, жинақтаушысы, сақтаушысы қызметін абыроймен атқарып келе жатқан «Әдебиет порталы» ұжымының зор еңбегіне шығармашылық табыс тілеймін!



Несіпбек Айтұлы

ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Бөлісу:

Көп оқылғандар