Ықылас Ожайұлы: Ертегі мен миф

Бөлісу:

13.06.2017 13336

I

Аңыз бен әпсана, ертегі мен миф жайында әңгіме өрбіткенде Серікбол Қондыбай хақында бір ауыз сөз айтпасақ ұждан алдында сын болады ғой. Замананың өзі бәйге. Бір адамның дақпыртымен өнер қуатының қарымы не бары ондаған жылдарға ғана жетсе, базбірінікі ғасырларға, ал ең бірегей тұлғаның есімі мыңжылдықтар аламанының алдында болады. Егер де осы бір бәйге өлшемінің тезімен қарайтын болсақ, Абай мен Ницше, Шоқан мен Серікбол тұғырлас тұлғалар дер едік (Бұлар бір кеңістік белдеуінде бірімен-бірі емен жарқын сұхбаттаса алатын данышпандар ғой). Серікболдың ең басты ерекшелігі Әл-Фараби (бабасы) секілді әмбебаптығы мен көп пәннің контексінде еркін қозғалып, сүбелі ой қорыта алатындығы (Ғалымның география мен филология, архитектура мен мәдениеттану, теология мен тарих, философия мен агиография іспетті сан алуан пәндер саласындағы ізденісі осы сөзіміздің айғағы). Құдайшылығын айтайық, қазақ әлеуметі үшін Серікбол Қондыбай танымының ауызында үлкен қара «құлып» тұр. «Еңбегін оқып едік ештеңесін түсіне алмадық» деген көзқарастар осы «құлыптың» еш қозғалмастан тат басып тұрғандығын көрсететін анық фактор ғой.

II

Адамзат баласы кім? Оның рухани танымы қандай бастаулардан қайнар тартады? Жаңаның өзі ескінің қайыра жаңғырған бастапқы нұсқасы емес пе екен!? Түптеп келгенде исі адамзат баласының бір нүктеден таралып түпсана қазығына арқандалып туатыны анық болғаны ғой.

«Адамзат баласы өзінің туғанынан өлгеніне дейінгі аралықта ата-бабасының жақсы я жаман іс-әрекеттерін ұдайы қайталаумен болады. Бірақ, не үшін олай істеліп жатқандығынан мүлде бейхабар. Қоғамның қазіргі орын алып отырған қиындықтары мен тауқыметтерін оңтайлы шешу үшін бастапқы уақытқа қайыра оралуға тура келеді» дейді Серікбол. Бір таңданарлығы өзінің «Шаттану ілімі» еңбегінде немістің ұлы философы Фридрих Ницше де осы ойды дәлме-дәл қуаттап: «Сенің бүгінге дейінгі бастан кешіргенің шексіз қайталана береді. Барлық басып өткен жолың өзіңе айнымастан қайта оралады» десе, У.Фолкнер «Өткенің ешқайда кетпейді, өткенің де, кеткенің де сенімен бірге, сенің мәңгі бүгінің» дейді. Бұл жердегі адамзат баласына қайта орала беретін әрекеттің әлмисақтан бергі ақпарат қоры екендігі шүбәсіз. Біз бұл ой шүңетінен миф пен ертегінің көне ақпарат көзі екендігін, ол ілкідегі исі адамзат баласының түпсаналық танымы болғандығын анық аңғарып отырмыз.

Ендеше көне ақпаратқа реконструкция жасау дегеніміз өз-өзіңді етене танумен төл болмысыңмен қайыра қауышудың рухани платформасы. Мұның (яғни мифтің) атауына қарап біздерге өткен өмірдің не қажеті бар десек қатты қателесеміз (Біздің кім екендіміз, қандай әулеттен шыққанымыз секілді, тұтынған ақпарымыз бен сенген құндылықтарымыз да дәл осындай тектік сапамызды көрсетеді). Ендеше, ескіні пайымдар парасат баспалдағына көтерілмей жаңаны игеру дегеніңіз тіптен бос сөз (Қазір қандай да бір мәдени я саяси құбылысқа баға бере алмай, басымыздың қатып отырғаны да осы бір ой мешелдігінен болып отыр. Қоғамда бой көтерген небір әлеуметтік сұрақтардың нәр алатын өз тамыры бар. Соны тап басып танығанда ғана оның ем-домын жасап, сауықтырып алуға болады). Қайыра айтайық, ескі мен жаңа әке мен баланың ой-арманы секілді. Әгәрәки үйлесім (гармония) болмаса тас-талқаны шығады. Бір қызығы, баланың да қартайып әкеге (дұрысы ескіге) айналатынын, ол да кезегі келгенде, уақыт ырғағымен мифтік мәліметке ұласып кететіндігін еш ұмытпағанымыз жөн. Осы бір ой жосынымызды Қондыбай матрицасына салып бағамдар болсақ, ертегі мен миф дегеніміз еріккеннің ермегі емес, уақыт тозаңына көмілген адамзаттың ықылым кезеңдеріндегі танымы екен. Серікбол Қондыбай осы аталған танымға басқаша қарау парадигмасын ұсынып отыр. Міне, мәселенің үлкені де осы...

Серікбол Қондыбай

III

Тарихтан тәбәрікке тек сөз ғана аман жетеді екен. Таудың да таусылып топыраққа айналып кеткен кезеңдері болған. Осыдан 30-40 мыңжылдықтар бұрын әлемнің біртұтас болғандығын біз, қадым замандардан хабар береген қазақ мақал-мәтелдерінен аңғарып отырмыз. «Піл ауыр ма зіл (момонт) ауыр ма», «Бұланнан үлкен аң болмас, Бұланайдан (Гималайдан) биік тау болмас», «Жандыда балық (кит), жансызда қамыс үлкен». Осы тақылеттес сөздердің бәрі талықсып жеткен тарих жәдігері. Өкініштісі сол, Тұранның кердаласын кезген әпсана аңыздарын отарлық өлшем қып-қызыл қиялға айналдырды. Кесапаты сол, орыстан өзгесін ұлт санатына қоспаған келте тарих кембағал сана иелерін даярлады. Не нәрсені болсын тура қабылдап түсінетін осы «оқымыстыларымыз» мүгедек милары қорыта алмаған сом дүниелеріміздің барлығын «қиял-ғажайып ертегілер» тізіміне жатқыза беріпті. Олардың адамзаттың бүгінге дейін талықсып жеткен қазынасын бала-шағаның ғана маңайына матап, ертек атаулыға тек сәбиді тыныштандыратын құрал есебінде қарауы қандай өзек өртер өкініш болған десеңізші. Әсілі, ертегі дегеніміз өте ерте (ықылым) кезеңдердегі оқиғалардың өмір жылнамасы мен дерегі емес пе еді!? Айталық, академик Қаныш Сәтбаев ілкіде Жезқазған жерінен миллиондаған тонна мыстың Мысырлық перғауындарға жол тартқандығы жайында жазады. Мұны кен-металлургия зерттеу саласының білгірі, орыс академигі Х. Болль да растаған болатын. Осы орайда мына бір деректің шетін шығарайық. Қазақтың қарапайым ғана «Ертөстік» ертегісі осы бір оқиғаның жылнамалық шежіресі болуы бек мүмкін. Мәселен, қытай ғалымы Сыма Цянь Ертөстік ертегісіндегі оқиғаларды көне дәуірдегі ғұн тарихымен байланыстырады. Ертегідегі Мыстан (немесе жалмауыз кемпір) оқиғаның ең басты қозғаушы әрі ширатушы кейіпкері. «Қазақтың мифологиялық ертегілерінде қаһарманды Мыстан-кемпірдің жұтып алып, бұрынғыдан әлде қайда күшті етіп шығарады. Мыстан-кемпір, этнограф Е.Көкеевтің айтуынша, металлургиямен тығыз байланысты персонаж» деп жазады Т. Әсемқұлов. Мұндағы кейіпкерлер есімінің кен өнеркәсібімен етене байланысты екендігін Ғұзыхан Ақпанбек мырза да бүй деп таратады. «Бұл жердегі «Жылан бапы» ұғымы жерге түсетін қақпа мен есікті білдіреді. Ертегідегі Кенжекей сөзінің түбірі «кенже» емес «кен». Ал «жекей» жүріс пен қозғалысты білдіреді. Осы тұрғыдан келсек Кенжекей деген сөз «кен игеру» дегеннің ишарасы. Ал «Шынтемір» ұғымына келсек (нағыз) шын темірді өндіру өте қиын процесс. Таза темірдің құрамына мышьяк (торы) кіріп кетсе темірдің қасиеті бұзылып кетеді. Ертегідегі перінің қызы Бекторымыз осының дәл өзі. «Сорқұдықтың басына сорға бола қонды әкем...» деп келетін өлең жолдарындағы Сорқұдық мекені Жезқазған өңірінде әлі күнге сақталған». Сонда оқиғаның географиялық ареалы арқа топырағында болып, ол мың жылдықтар жылғасымен жылыстай ағып образды әңгіме желісіне ұласып кеткені ғой. Біздіңше, ертегідегі Таусоғар мен Көлтауысар, Желаяқ пен Саққұлақ секілді кейіпкерлер мыс өндіруде қолданылған пәрменді құрылғылар ма дейміз (Төстіктің жан жолдастары болып жүргендігі де сол ғой). Осы біріккен сөздер компонентіндегі Ер+ТӨСТІК пен КЕН+жекей, МЫС+тан мен Шын+ТЕМІР, және ШОЙЫН+құлақ атауларындағы төстік пен кен, мыс пен темір әм шойын ұғымдары жайдан-жай (кездейсоқ) қойыла салған деп енді айталар ма екенбіз? Бұлай деп бұра сөйлеуге ешкімнің де жүрегі дауалай қоймас деген ойдамыз.

Аязби ертегісі

(немесе адам сыны мәселесі)

I

Әуеде қалықтап ұшқан қыран мен жердегі өрен жүйріктің қандай екендігін бір қарап қана таныған қазақтың, шыққан жері мен сөйлеген сөзі бір адам баласын қалайша тап басып танымауы мүмкін. Ішкі түйсігіміз осылай деп сайрап тұрғанымен қолымызға түскен дерек атаулы (тіпті) жоқтың қасы. «Адам сыны» деп дербес атау тіктеген мұндай қазынамыздың сөзсіз бар болғандығы, ол сандаған ғасырлар сүзгісінен өтіп байи түскендігі тағы да анық қой. Әрбір әпсана мен ертегінің, мақал мен мәтелдің, көне жыр-дастанның ішіне кірігіп кеткен, осы бір байлығымызды қайыра жинастырып жекелей еңбек (кітап) ету қажет-ақ шіркін. Бұл орайда түркі өркениетінің жауһары болып ислам құндылықтарынан қайнар тартқан қазақ дүниетанымын діннен бөлек қарастыру тіптен қиын. Мұны айтып отырған себебіміз «Адам сынына» қатысты еңбектер сонау ес білмес ерте замандарда-ақ дін ғұламаларының қолымен қатталып дестеленген екен. Сондай еңбектің бірегейі, исламдағы төрт мазһабтың оның ішіндегі имам Шафиғи мектебінің негізін салушы ғұлама ғалым Имам Мухаммед бин Идрис Шафиидің (767-820) «Аль фиросату ғинда аль Имами аш Шафиғи» қазақша тәржімаласақ, «Имам Шафи танымындағы Адам сыны» кітабы (Алты тарауға бөлінген бұл еңбектен алар мағлұмат өте көп). Осындай туындының бірі Фахруддин ар Разидиннің «Адам сыны» оның мінезін танудағы анықтамалық» кітабы. Еңбектердегі ғажайып деректерге қарап отырып, ғылымда ФИЗИОГНОМИКА деп аталатын (адам әлпетіне бір қарап қана баға беретін) тәжірибенің о баста мұсылман ғалымдарына тиесілі болғандығына тағы бір көз жеткізесің. Бүгінде физиогномика деп интернент парақшасына теріп қалсаңыз болғаны, бұл хақында түсірілген бейнебаяндар мен жазылған мақалалар санында тіптен қисап жоқ.

II

Мүбәда, «Ертеде Мадан деген хан болыпты...» деп басталатын өзіміздің Аяз би ертегімізге оралайық. Ертегінің Аяз би аталуының себебі Аяз Жаманұлы деген адам өмірде болған кісі (Халық жадында қалған «Аяз би әліңді, құмырсқа жолыңды біл» дейтін жалғыз-ақ ауыз сөз осының айғағы ғой). Кей ғалымдар айтулы бидің өмір сүрген кезеңін Майқы би дәуіріне жатқызса, ауыз әдебиетінің білгірі, Б. Адамбаев секілді ғалымдар оны Хиуа хандығы тұсында, яғни XI мен XII ғасыр аралығында өмір сүрген деп жазады. Ғалымдарымыздың пікіріне сенсек, оқиғадағы басты кейіпкер (Жаман), Аяз бидің әкесінің аты. Ондағы оқиғаның барлығын талдап отыру еш мүмкін болмағандықтан ертегідегі екі эпизодқа ғана тоқталамыз. Естеріңізде болса, ең әуелі хан Жаманға өзінің астына мінген тұлпарын сынатады ғой. Тұлпарыңыздың сипатынан еш мін таба алмадым. Енді мініп көрейін, деп, ханнан рұқсат алып есік алдындағы өзеннен арлы-берлі өтіп көрген Жаман, Тақсыр, тұлпарыңыз сиырға шатыс екен, деп айтпаушы ма еді. Оның айтқан сөздерінің рас екендігін мақұлдаған Мадан хан «Мұның сиырға шатыс екенін қайдан білдің?» деп сұрайды ғой. Сонда Жаман: Тұлпарыңыз судан арлы-берлі өткенде аузын суға малып, артқы аяғын сілкіп өтеді екен. Сиырды күніне қырық рет суарсаң да суға ауызын малмай, артқы аяғын сілікпей өтпеуші еді. Тұлпардың сиырға шатыс екенін содан білдім», дейді. Бұған таңырқаған хан: «Енді мына менің өзімді сынашы, неше атамнан бері хан екенмін», деп сұрайды емес пе? Сонда Жаман: Сіз қарадан туып, хан болған адамсыз, тұқымыңызда ешқандай хандық жоқ. «Сіз нағыз наубайшының баласысыз» деп еш саспастан жауап қатады. Бұған ашуланған Хан анасын алдына алдыртып ақиқатын тектеткенде барлығы да айпара болып анықталатын еді ғой. Бұған жабырқаған хан «Ал менің наубайшының баласы екенімді қайдан білдің», дегенде «Мен мейлі жаман болсам да үйіңізге келген қонақ едім. Аузыңызға хандардың ішер асы жал мен жая түспей, нан мен көже түсті. Амандаспай жатып алдымен аспазшыға жібердіңіз. Салтыңызға тартқаныңызды содан білдім», деп жауап қатпаушы ма еді сабазың. Енді осы оқиға орайлас тағы бір хикая бар...

Біз қазақ халқы тектік жаралымды ерекше бағалаған, тексіздің ел билеуіне жол бермеген халықпыз дейміз. Адамның текке тартып туатыны рас болса, тарихымызда неше түрлі нашар патшалар да болды ғой енді. Сонда қарашаны іркіттей ірітіп, елдігімізді қожыратқан осы хан балалары қайдан шықты өзі!?

Сөз орайы келген екен, ендеше осы бір сауалдың жауабын Мәшһүр-Жүсіптің (дуалы) ауызымен бір айтқызып алайын.

«Бұхара әмірі Насаралдин, Әбдірман деген адамды шақыртып алып, Бұл астыңдағы атыңның нендей өнері бар? дегенде, Тақсыр, атымның атасы төрт бағаналы дуалдың ар жағынан бір қарғып, бер жағынан бір қарғып түсуші еді. Енесі де сондай қарғушы еді, дегенде, хан күлді дейді. – Ақымақ қазақ, «Атаға тартып ұл туа ма? Хайуан мал түгіл, біздей тақ үстіндегі хандардың да өзіне ұсқап бала тумайды, – дегенде – Тақсыр, «бас кеспек бар, тіл кеспек жоқ». «Сөзге сөз келгенде айтпаса, сөздің атасы өледі», – деген кеп бар. Өзім өлсем, өлейін, сөз атасын өлтірмейін, сіздер он қатын, жиырма қатын аласыздар, өздеріңіз бір жаққа қосынға шығасыз. Артымыздан айымдарды арбамен жеткіз деп серкелерге тапсырып кетесіз. Онан соң ол айымдарды айсыз қараңғы түнде арбаға салып, арбакеш топ қылып тізбек-тізбегімен жөнелтеді. Бір сағатта жете қоятын жер емес, қонады, түстенеді. Арбадан түсіріп, арбаға мінгізеді. Еркектің қолы киімінің сыртына тиген соң, ұрғашының денесі сүйсінеді. Киімнен сыртынан қолы тиюмен еркектің денесі сүйсінеді. Бірінен-бірі ләззат алады. Нәпсі ғапылдықпен өзіне-өзі ие бола алмай қалады. Сонан соң тақсыр ол айымдардан туған балалардың атасы «айсыз қараңғы түн» болады. Атасы «айсыз қараңғы түн» болған соң, Құдай білсін, одан туған бала, «әлдекім» болады» дейді. Бұл жердегі Мәшһүр-Жүсіптің айтып отырған «әлдекімі» түп дерегі жоқ көрдемше (некесіз туған бала) екендігі анық қой. Некесіз дегеннен шығады, қазақтың «Некесізден жетесіз» я болмаса, «Аруана нардан, қас бұзық қардан (ойнасшыдан) туады», қағидасы да осыбір ойдың интерпретациясы емес пе?!

Жоғарыдағы қос мысалдан шығатын ойдың тобықтай түйіні мынау: Біз (адамдар) ТЕКТІҢ материалданған көрінісі екенбіз. Мұны бір-ақ ауыз сөзбен түсіндірер болсақ, ТЕК ДЕГЕНІМІЗ КІСІ КЕЙПІНЕ ЕНГЕН БИОЛОГИЯЛЫҚ БЕЙНЕ ДЕСЕК ТЕ БОЛАДЫ. Ендеше мәселе біздің атымызда емес, затымызда (түпкі тіндегі ақпаратымызда) болып отыр ғой. Біз бүгінгі қазақ қоғамының ментальдік ауруын ілкідегі көне түсініктерді реконструкция жасау арқылы тұтас қаңқасын түрегелтуге тырыстық (Әрине, оқиғадағы деректер негізінде). Ертегідегі жағдаяттар біздерге аталған ақпардан баһра алуға әрі мұның қаншалықты маңызды екендігін арнайы ескертіп отыр. Енді есімізге түсірейік, ертегідегі Мадан ханның «Мынаны аспазшыға апарыңдар, көже мен нан берсін» деп айтқызып тұрған күш ханның бұйрығы емес, іштегі тектік негізі ғой. ТҮСІНЕСІЗ БЕ, ОҒАН ДӘЛ ОСЫЛАЙ ДЕП ТАМЫР ТҮЙІРШІГІ СӨЙЛЕТКІЗІП ТҰР.

P.S Біз осы кімбіз, қандай тамырдан таған тарттық? Бүгінде рухымыз ұсақталып, ал адами уайымымыз неге ғана ішіп жеудің айналасынан алыстамай қалды? Бұл сұрақтар хақында бір сәтке болсын ойланып көрдік пе өзі? Ойлансақ, орысқа келгенде елпілдеп, қазаққа келгенде қабара қалатынымыздың құпиясы неде?

Әлде бұл «әлдекімдерден» қалған деректің қанымыздағы бір белгісі ме екен?

Ықылас Ожайұлы

жалғасы бар...

Бөлісу:

Көп оқылғандар