Қаламгерлердің шығармашылық лабораториясы-2
Бөлісу:
(Мысықтарды жақсы көрген қаламгерлер)
Қаламгерлердің жақсы шығармаларды дүниеге әкелуіне әсер ететін әртүрлі факторлар арқылы өзіндік шығармашылық лабораториясы қалыптасатын сияқты. Сондықтан да, «Қаламгерлердің шығармашылық лабораториясының» өткен шығарылымында жазушылардың коллекциялары туралы қызықты ақпараттар ұсынған болатынбыз. Ал бүгінгі шығарылым – мысықты жақсы көрген суреткерлерге арналмақ. Олардың қандай шығармасына мысықтың арқауы болды? Оқырмандарды қай жазушының музейіне шығармашылығынан гөрі мысығының дақпырты көбірек жетелеп келеді? Осы құралпы сұрақтарға жауап алғыңыз келсе төмендегі ақпараттарды міндетті түрде оқыңыз!
Эдгар Аллан По
Құпия əлем мен қорқынышты оқиғаларды жақсы көретін жазушының мысықтарға деген сүйіспеншілігі шынайы болған деседі. Ол бір сөзінде өзінің шығармалары да мысықтардың жұмбақтығындай құпия мен жұмбаққа толы болғанын қалайтындығын айтады. Эдгар Аллан Поның Кэттерина атты мысығы болған. Жазушы осы мысығына арнап "Қара мысық" деп аталатын қорқынышты əңгімесін жазады. Əңгімеде иесінен тек қорлық пен зəбір көрген мысықтың кек алу жолындағы тағдыры баяндалады
ТОМАС СТЕРНЗ ЭЛИОТ
Томас Элиот мысықтарды аллюзия ретінде пайдаланып, өз өлеңдерінің дəмін келтіріп қана қойған жоқ, осы бір төрт аяқты жұмбақ жаратылысқа бүтіндей бір кітап арнады. Оның "Кəрі Опоссум жазған мысықтар жайлы əйгілі ғылым" кітабына (айтпақшы, "Кəрі Опоссум" - ақынның Эзра Паунд қойған лақап аты деп ұғарсыз) Темза жағалауының жолбарыс тұқымдас мысығы, Deuteronomy атты жалқау кəрі мысық, баукеспе мысық Макавити, теміржолшы мысық Шимблшенкс сынды жануарлардың мінезі мен əдеттері жайлы жазған он бес өлеңі кірген. Кітап алғаш рет 1939 жылы жарық көреді. Орыс тіліне С.Я. Маршак, А.Я. Сергеев аударған. 1954 жылы аталған циклдегі алты өлеңге ағылшын композиторы Алан Роусторн музыка жазады. Кейінірек ақынның өлеңдерінің желісінде Эндрю Ллойд Уэббердің "Мысықтар" атты мюзклі сахналанады. Мюзиклде мазмұны қайғылы болғандықтан ақынның кітабына енбей қалған өлеңдерінің фрагменттері де қолданылады. Олардың ішінде мысықтардың өлімші тағдырынан келтірілген үзінділер мен Гризабелла атты кəрі мысықтың орындайтын "Memory" ариясын атап өтуге болады.
Эрнест Хемингуэй
Кезекті бір саяхатында Хемингуэйге бір танысы алты бармақты Қар (Snow) деп аталатын мысық сыйлайды. Бұл мысық қатал жазушының "жүрегін жаулап алғаны" сондай, Хемингуэй өзінің Ки-Уэст аралындағы үйінде сүйікті жануарын жұмақтағыдай өмірмен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда мұражайға айналған осы үйінде Қардың елуге жуық ұрпағы өмір сүріп жатыр. Бұл мысықтардың басқа мысықтардан ерекшелігі сол - əдеттегі мысықтар төрт бармақты болса, жазушының мысықтары алты бармақты, тіпті одан да көп бармақты болып келеді. Шыны керек, Хемингуэйдің мұражайына келген саяхатшылардың көпшілігі оның шығармашылығымен жақынырақ таныс болудан бұрын, мысықтарын өз көздерімен көруді көп армандағандықтан келеді екен.
Чарльз Диккенс
Жазушының иті мен қарғасынан бөлек, Боб атты саңырау мысығы болған. Бір қызығы, Боб иесін өзі таңдаған көрінеді. Ол қай жерде болмасын Диккенстің ізіне түсіп, артынан аңдып жүретін болған. Кейінірек жазушы "Мысықтың адалдығынан асқан қымбат сый жоқ" деп ағынан жарылған екен. Бобтың өлімінен кейін жазушы оның сүйегінен қағаз кесетін пышақ жасатады. Досының мəңгі жанында жүргендігін осылайша сезінгісі келген шығар Диккенс. Бұл пышақ қазіргі күні Нью-Йорктің көпшілік кітапханасында сақтаулы тұр.
Олдос Хаксли
Бірде беймағлұм жас қаламгер Олдос Хакслиге кеңес сұрай барған көрінеді. Сонда жазушы: "Егер сіз психологиялық прозаның асқан шебері болып, адамдардың мінез-құлқын тереңірек зерттеп жазғыңыз келсе, үйіңізге бір-екі мысық асырап алуға кеңес берер едім", - деп жауап берген екен. Жазушының сөзіне қарағанда, Сиам мысықтарымен дос болған əлдеқайда тиімдірек көрінеді. Себебі, мысықтың басқа түрлеріне қарағанда, Сиам мысықтары мінез-құлық жағынан адамдарға ұқсас болып келеді екен. "Сиам мысықтарының дауысы кішкентай сəбидің дауысына ұқсайды", - деп Хаксли бұл мысықтарды ерекше жақсы көрген деседі.
Джек Керуак
Джек өзінің мысығы Тайканы қатты жақсы көрген екен. Мысығының өлімін естігенде жазушы қатты қайғырған көрінеді. Бұл туралы өзінің автобиографиялық романында: "Шындығында, мысықтардың өлімі көп адамдарды толғандырмайды. Бірақ, мен ол көп адамның қатарына кірмеймін. Менің мысығымның өлімі мен үшін кіші бауырымның қазасындай əсер етті. Тайканы бар жүрегіммен жақсы көрдім. Ол марғау кезінде үнемі менің тіземде ұйықтайтын. Тайка маған адамдардан бетер сенетін еді. Мен оны қасымнан қалдырмай, бірге ертіп жүретінмін. Соңғы рет Нью-Йорктен жалғыз кетуіме тура келді де, Тайканы құшағыма қысып тұрып: "Attends pour mue kitigingo" мені күтуін өтіндім. Алайда, келесі күні анамнан Тайканың өлімі жайлы жазылған хат келді", - деп жазған болатын Джек Керуак.
Александр Дюма
Жазушының өмірінде Мисуф I, Мисуф ІІ, Доктор деген үш мысығы болған. Мисуф І иесіне адалдығымен ерекшеленген. Ол əр таң сайын жазушыны жұмысына шығарып салып, кешкісін көшенің бұрылысында күтіп отырады екен. Ал, Мисуф ІІ "тентек" мысық болғандығы сондай, жазушының экзотикалық құстарын деп қойған екен. Қатты ашуланған жазушы мысығын бес жылға бас бостандығынан айырып, торға қамап ұстамақшы болады. Дегенмен де, мысықтардың адалдығы адамдардың қайырымдылығына əбден лайық деп танып, өз мысығын жазадан босатқан екен.
Хорхе Луис Борхес
Магиялық реализмді құрушы Хорхе Луис Борхес те мысықтарды басқа жануарлардан бөлек көріп, өзінің сүйіспеншілігін өлеңдері арқылы жеткізген:
В тебе зеркал незыблемая тишь
И чуткий сон искателей удачи.
Ты, под луной пантерою маяча,
Вовек недосягаемость хранишь.
Как будто отделило божество
Тебя чертою, накрепко заклятой,
И недоступней Ганга и заката
Загадка отчужденья твоего.
С каким бесстрастьем сносишь ты мгновения
Моих пугливых ласк, издалека,
Из вечности, похожей на забвенье,
Следя, как погружается рука В сухую шерсть.
Ты из других времен,
Властитель сферы, замкнутой, как сон.
Уильям Берроуз
Адамның ақыл-есіндегі ауытқушылықтарды зерттеуде нашаның көмегімен əртүрлі тəжірибелер жасау арқылы аты шыққан қаламгер Берроуздың мінезінің жұмсақ жағы да жоқ емес. Онысы мысықтарына деген махаббатынан көрінеді екен. Берроуз өзінің мысықтарын ерекше жақсы көрген əрі оларға арнап автобиографиялық новелла да жазған. Тіпті қаламгер өмірінің соңғы күндері күнделігіне түртіп қойған жазбаларын да мысықтарына арнаған екен:
"Ішімде болатын өз-өзіммен күресті тек бір ғана нəрсе тоқтатады. Ол - махаббат. Флетчер мен Раскиге, Спунер мен Каликоға арналған махаббатым... Мысықтарыма деген сезімім өткен күнде де, бүгінде де ең таза сезім болып қалмақ."
Әзірлеген Айжан Табарак
Бөлісу: