Жапонның жаңашыл жазушысы

Бөлісу:

23.08.2017 7697

Нацумэ Сосэкидің шығармалары туралы әлемдегі кез келген үлкен құбылысты қырағы қадағалап, аса қатты мән беріп, зерттеп жүретін орыстың білімді сыншылары да тым көп тілге тиек ете қоймапты. Біз осы тарапта біраз ізденіп, жазушы жайында жазылған қандай еңбектердің бар екенін зерттеп көргенімізде, жапон әдебиетінің білгірі Борис Гривниннің бір мақаласы, дәлірек айтатын болсақ 1973 жылы Мәскеудің «Көркем әдебиет» баспасынан жарық көрген кітабына жазған алғысөзі мен Мәскеу мемлекеттік университетінің магистранты Абрамова Екатерина Сергеевнаның кандидаттық диссертациясы мен 2005 жылы Петербордың «Гиперион» баспасынан шыққан қаламгердің таңдамалы туындыларының алғысөзі ретінде берілген белгілі шығыстанушы ғалым Николай Конрадтың мақаласынан басқа мардымды ештеңе таппадық.

Әрине, қазақ әдебиетінде Нацумэ Сосэкидің шығармашылығын талдап, ол жайында келелі әңгіме айтқан ғалым немесе сыншының жоқ екені айтпаса да түсінікті. Жаңа үлгідегі жапон прозасының негізін қалаған жазушының ана тілімізге тәржімаланған бірде-бір шығармасы да жоқ. Яғни, қазақ оқырманы үшін Нацумэ Сосэкидің шығармашылық әлемі әлі бейтаныс, құпиясы ашылмаған тың тақырып.

Тағы оқи отырыңыз:

Айман Қодарқызы: Әкем менімен әрқашан мәдениет, әдебиет туралы сөйлесетін...

Еліміз тәуелсіздік алып, темір құрсаудың заманы келмеске кетіп, мәдени шекаралар біржола жойылған уақытта және қазақ прозасы ізденіс иіріміне түсіп, жаңашылдыққа талпынып жатқан өліара мезгілде – жиырмасыншы ғасырдағы жапон әдебиетіне, оның ішінде Нацумэ Сосэкидің шығармаларына назар аударудың маңызы зор. Өйткені әдебиетінің дәл осындай биік белеске көтерілгені үшін жапон халқы ең алдымен Нацумэ Сосэкиге қарыздар.

Жиырмасыншы ғасыр басындағы жапон әдебиетін зерттеген әдебиетші сол уақыттағы декларациялардың көркем шығармалардағы көрінісін айқын аңғарары анық. Дегенмен, жазушылар жария еткен декларциялардың көбісі олардың шығармашылық тәжірибесімен қайшылыққа түсіп, талантты қаламгерлердің туындыларының арқасында натуралистік шеңберді бұзып шыққан жапон әдебиеті биік белеске көтерілді. Мысалы, Симадзаки Тосонаның «Бұзылған өсиет» романында натурализмнің кейбір белгілері болғанына қарамастан, оны біз реалистік шығармалардың қатарына да батыл жатқыза аламыз. Дәлірек айтсақ «Бұзылған өсиетте» Симадзаки натурализмді еңсеріп болып, реализмге қарай бет бұрды. Бұл жолды таңдағандардың қатарында Симадзакиден басқа Таяма Катай да болды.

Жапон прозасында тыңнан түрен салуға талпынған Таяма Катай жазушы сыртқы құбылысты емес, ең алдымен адамның ішкі әлемін көрсетуі тиістігін дәлелдемек болды. Алайда Симадзакиге қарағанда Таяма натурализмді дәріптеп қоюмен ғана шектелмей, өз принциптерін көркем шығармаларында көрсетуге тырысты. Ол жазушы өзі туралы ғана анық білуі мүмкін екеніне сенімді болып, қаламгердің суреттейтін нысанысы тек өзі ғана болуы тиіс екенін мәлімдеді. Таяма шығармашылығының басты жанры болған «Өзім туралы» хикаясының дүниеге келуін осындай себептермен түсіндірген абзал. Дегенмен, француздық эксперименталдық романдардың теориялық негіздерін қабылдаған жапон натуралистері көп жағдайда француз натуралистерінің буржуазияға қарсы пафосына өзгеше рең берді. Сондай шығармалардың бірі болып табылатын кейіпкер-автордың өз шәкіртіне деген махаббаты баяндалатын «Төсек» хикаясында сол мезгілдегі қоғамдық сының көлеңкесі де жоқ. Әдебиет сыншысы Симамура Хогэцу бұл туындының «тән мен қаннан жаратылған адамның батыл айтылған ашық шындығы» болып қана табылатынын айтты. Автор өз туындысында жанын жалаңаштап жіберіп, буржуазиялық моральға ашық қарсы шыққанымен, әлеуметтік қорытынды жасай алмай, автордың интимдік қобалжуларын берумен ғана шектелді. Бірақ соған қарамастан Таяманың «Төсегі» Жапониядағы натуралистік әдебиеттің үлгісі саналып, «өзі туралы жазу» шындықты бүге-шігесіне дейін айтқысы келген қаламгердің негізгі жанры ретінде насихатталғанын ұмытуға болмайды. Шындығында бұл өз жолын тапқысы келген жазушыларды адасушылыққа ұрындырды. Неміс ақыны Гете әдебиетте болып тұратын мұндай жағдайды Вертердің аузымен тамаша жеткізгенін есіңізге түсіріп көріңіз. «Кез келген ереже табиғатты сезіну мен шындықты бейнелеу мүмкіндігін өлтіреді». Яғни, нағыз әдебиеттің ешқандай ережеге бағынбайтынын ұмытпаған ғанибет. Міне сондықтан да жапон әдебиетіндегі натуралистер нағыз шындықты көрсетудің орнына оны бесігінде тұншықтырып өлтірді. Нацумэ ғана бұл бағыттың зияндылығын сезіп, натурализм мектебінің өкілдеріне қарсы шығып, әдебиеттегі реалистік жолды таңдады.

Нацумэ Сосэки әдебиетке келмегенде жапон прозасының сөз өнерінің шыңына шығып, биік белестерді бағындыра алуы мүмкін болмас еді. Жапон хикаяларын жаңаша түрлендірген Акутагаваның дұрыс бағытқа бет бұруына жол сілтеген де, роман жанрында толайым табысқа жеткен Кобо Абэнің шығармашылығына зор ықпалын тигізген де – осы Нацумэ Сосэки еді.

1905 жылы Жапониядағы көпшілікке танымал «Хототогису» журналында жазушының «Сізді құрметтейтін мысық қызметшіңіз» романы жарық көрді. Еуропалық үлгіде жазылған, өмірдің шынайы көрінісін мүлде басқаша, бұрын-соңды жапон әдебиетінде болмаған тәсілмен суреттеген шығарма оқырман назарын бірден өзіне бұрып әкетті. Бұл нағыз аты Кинноскэ болғанымен, Нацумэ Сосэки деген бүркеншік есіммен романын жариялаған отыз сегіз жасар жазушының тырнақалды туындысы еді. Өкінішке қарай ұлы жазушы алғашқы романын жарыққа шығарғаннан кейін бар-жоғы он бір жыл ғана уақыт қана өмір сүрді. Бірақ осы он бір жыл жапон әдебиетінде Нацумэ Сосэкидің дәуірі болып аталады. Әр жаңа романын туғызған сайын жазушының оқырмандары көбейген үстіне көбейіп, атағы бұрынғыдан да бетер дүркірей түсті.

Нацумэ Сосэкиден кейін бұрынғы тәсілмен роман жазудың мүмкін еместігіне жұрттың көңілі сеніп, көзі жетті. Жазушы жаңалыққа толы творчествосының арқасында жапон әдебиеті еуропалық үлгідегі сапалық бетбұрысқа бағыт алды. Және ең бастысы ол ұлттық топырақтан тамырын үзбей батыс және жапон әдебиеті әдемі үйлесім тауып, ол екі түрлі мәдениетті бір-бірімен сабақтастыра білді. Қаламгердің «Сансиро», «Қақпалар», «Балақай» сияқты романдары осы сөзімізге нақты дәлел бола алады.

Ол 1867 жылы Токиода қалалық старшинаның отбасында дүниеге келді. Кіндігі кесіліп, жазушы жарық дүниенің есігін ашқанда осыған дейін мұқтаждық көрмей келген шаңырақтың шаруасы шатқаяқтап, кедейшіліктің қамытын кие бастайды. Және дәл осы мезгілде Мэйдзи төңкерісі де бұрқ ете қалды. Әкесі төңкеріспен келген өзгерістер отбасын тіршілік ету көзінен мүлде айыратынан шошып, ертеңгі күніне үрейленіп болашақ жазушыны басқа біреулердің қолына тәрбиелеуге береді.

Бақытсыз балалық шақтың көрінісі оның көңілінде мәңгі сақталып шығармашылығында да ізін қалдырды. Жазушының «Жол бойындағы шөп» романында автордың сол уақыттағы өмірінен хабар беретін сюжеттер көп кездеседі.

Елді дүрліктірген Мэйдзи төңкерісінен соң Жапонияның рухани өміріндегі қолдан жасалған құрсау бұзылып әлемдік ғылым және мәдениетпен танысуға даңғыл жол ашылды. Батыстың жаңашылдығын бойына сіңірген, Еуропа елдері, Американың әдебиеті, өнері мен ғылымына қызыға қараған зиялы қауымның жаңа буыны қалыптасты. Жапон халқының рухани өміріндегі елеулі өзгерістер Нацумэ Сосэкидің жазушылық дүниетанымының қалыптасуына өз әсерін тигізбей қалған жоқ.

1890 жылы ол Токио университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Университет қабырғасында жүргенде-ақ ол жақсы оқып, министрліктің арнайы стипендиясын алып тұрды. 1900 жылы министрлік зерек студентін есіне түсіріп, оны Англияға оқуға жібереді. Екі жыл Англияда білімін жетілдірген уақытта ол ағылшын тілін жақсы меңгеріп алып, Батыс әдебиетін тереңдете оқиды. Бір жыл бойы Шекспирдің мұрасын зерттеумен айналысатын атақты ғалым профессор Крегейгпен бірге жұмыс істейді.

1903 жылы Жапонияға қайтып оралғаннан кейін оны доцент қылып тағайындап, әдебиет пәнінен студенттерге дәріс оқиды. Жазушының ұзақ жылғы ізденісінің нәтижесінде «Сізді құрметтейтін мысық қызметшіңіз» романы дүниеге келіп, жапон әдебиетінің жаңа бағытын айқындап берді.

«Сізді құрметтейтін мысық қызметшіңіз» романының Нацумэ Сосэкидің шығармашылығында ғана емес, бүкіл жапон әдебиетінде алатын орны ерекше. Себебі ол Жапониядағы жаңашыл сипатта жазылған алғашқы сатиралық туындылардың бірі. Суреткер өз романында ХVІІІ ғасырдағы ағылшын әдебиетінде болған, дәлірек айтсақ жазушы Джонатан Свифттің шығармасындағы сатиралық дәстүрді одан әрі дамыта түсті.

Жазушы ағылшын тілінен сабақ беретін мектеп мұғалімінің үйінен тұрақ тапқан қаңғыбас мысықтың көзімен токиолық тұрғындардың таяздығын, күштінің алдында құлдық ұратын әлсіздігі мен сол замандағы жапондық бюрократияның барлық кемшілігін әжуалайды. Романда шындықты айтудан қаймықпайтын ұлы жазушының азаматтық ұстанымы да жақсы көрініс тапқан.

Мәселен осы туындыдағы ащы сарказммен сипатталған «отаншылдық рухына» қатты еліккен мысықтың «мысықтардың бригадасын» жинап оларды «орыс-жапон» соғысына аттандырғысы келген эпизодтар еріксіз езу тартқызады.

Нацумэнің бұл шығармасын жапон әдебиетіндегі сыншыл реализм бағытында жазылған ең алғашқы романға жатқызуға болады. Алайда туындыға берілген осындай бағамен жапон сыншыларының көбісі келіспеуі де ықтимал.

Ал жазушының өзі болса «Хиган аяқталғанға дейін» туындысына жазған алғысөзінде «Шынымды айтатын болсам, мен натуралистерге де, символистерге де жатпаймын. Сондай-ақ жұрт соңғы кезде сөз етіп жүрген неореалистерге де қосылмаймын» деген екен.

Амангелді Кеңшілікұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар