Кәдірбек Құныпияұлы: Балаларға базарлық

Бөлісу:

14.10.2015 4818

Қамқор

Шақырмады Шынарды,
Шақырмады Құмарды.
Үйде ойнатып отыр ол
Қарындасы Тұмарды.
Көкейін көп тесетін,
Қиды ойынның нешесін.
Текеметтің үстінде
Тәй-тәйлайды бөпесін.
Жұмыста жүр көкесі,
Дүкенде жүр шешесі.

Олар қайда кетті деп,

Уілдейді бөпесі.
Кәмпит алып мамасы,
Келіп қалар шамасы.
Томпиған қыз Тұмарды
Ойнатады ағасы.
Ұмытты да көшені,
Жаялықты төседі.
Ботақандар осылай
Бауырласып өседі!

Сырғанақ

Айналаны әппақ қып,
Түнде қар мол жауыпты.
Қыр үстінде топ бала
Салды сайран-сауықты.
Сырғанаққа айналды
Төбе басы, тау үсті.
Шана тайып, құласа –
Дос құшақтар қауышты.
Сырғанаса бірақ та
Мәшинелер қауіпті!

Ақ тиін

Ақ тиін-ау, ақ тиін!
Сауысқаннан сақ тиін,
Жылы ұяңда жат, тиін,
Жаңғағыңды шақ, тиін.
Ауа райын бақ, тиін,
Бұтақтарды қақ, тиін.
Қаңтарда қар борайды,
Мұздан сырға тақ, тиін.
Ақ тиін-ау, ақ тиін!

Құлын

Мені көріп тебіренді,
«Құлыным!» – деп еміренді.
Ақ әжеммен еріп үйге,
Сар жайлаудың лебі келді.
Үміті бар өрден күткен,
Ертеңіме сенгендіктен,
«Құлыным!» – деп сүйген шығар
Жылқы жылы келгендіктен.
Отанымның тұғырымын,
Қазағымның бір ұлымын.
Жібек жалы желбіреген
Мен әжемнің құлынымын!

Бағдаршам

Торабында жолдардың,
Өте алмай қап, дағдарсаң,
Жолаушыны қолдар шын
Белгі беріп бағдаршам.
– Тоқта! – дейді қызылы,
– Сақтан! – дейді сарысы.
Жасыл жанса – тізіліп,
Өтер бәрі жарысып.
Көрсетеді тура жол
Көліктерге неше мың.
Бағыт нұсқап тұрған ол
Көсеміндей көшенің.

Қуыршақ

– Қуыр-қуыр, қуыршақ,
Шаршадың ба күн ұзын?
Шашың әйбат тұлымшақ,
Бұрым болды бір ұзын.
Бесігіңе бөлейін,
Әлдиімді айтайын.
Айға сені теңейін,
Күнге теңеп байқайын, –
Осылай деп Құралай,
Тербетеді бесікті.
Біраздан соң, бұ қалай?
Өзі де ұйықтап кетіпті.

Бөлісу:

Көп оқылғандар