Ербол Тілешов. Жаңа әліпбидің артықшылығы көп...

Бөлісу:

14.09.2017 15994

Жуырда өткен Парламенттік тыңдауда көпшіліктің, қоғамның қызығушылығын оятып, болашаққа бағдар жасаудағы рухани жаңғырудың басты қадамы латын әліпбиіне көшу мәселесі қозғалған болатын. Дегенмен бұл жиын мәселені қозғап қана қойған жоқ, көптің көңілінде жүрген жаңа әліпбидің жобасын баршаға мәлім етті. Осы және әліпби хақындағы сұрақтарға байланысты филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Жоба бойынша қоғамда кереғар пікірлер мен көзқарастар айтылып жатыр. Мұның себебі неде?

- Адам бар жерде қоғам бар. Ал әрбір адамның өзіндік пікірі болады. Біреуі дұрыс пікір айтса, екіншісі бұрыс айтады. Осындай пікір, көзқарас, сынның арқасында ақиқатқа жетуге мүмкіндік туады. Парламенттік тыңдауға әліпби тек қана Жоба ретінде ұсынылды. Бекітілген жоқ. Халық арасында талқылану, таразылану үшін жария болды. Сондықтан да әрбір адамның және де қоғамның пікірі осындай тарихи сәттің сәтті орындалуына септігін тигізетіні сөзсіз.

Себебіне келер болсақ, бір дыбыстың екі әріппен берілуі көптің көңілінен шықпады деп айта алмаймыз. Дегенмен диграфтарды ұнатпағандар да, ұнатқандар да болды. Сөздің шұбалаңқы болып кетуі, жазудағы шатасу дегендей пікірлер осы жобаның басты себебіне айналып отырғандай. Бірақ диграфтың берілуінің өзі – төл дыбыстарды сақтап қалудың басты жолы.

- Жаңа әліпби жобасын жасауда фонетикалық заңдылықтар сақталды ма?

- Әліпбиді өзгерту деген тек кирилл әріптерін латынмен алмастыру ғана емес, ол жазу саласына реформа жүргізіп, қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпиялық заңдылықтарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу дегенді білдіреді. Қазіргі таңда орфоэпия (айтылым) заңдылықтары ұмытылып, сөздің айтылуы да, жазылуы да орфография (жазылым) заңдылықтарына қарай ауысып бара жатыр. Яғни қазір орфография орфоэпияға қарай әсер етіп жатыр, ал негізінде орфография орфоэпияға қарай қызмет етуі тиіс. Сол себепті жаңа әліпби жүйесінде бұрынғы өрескел кеткен қателіктер өзгертіліп, емле-ережелеріміздегі заңдылықтар толық сақталатын болады.

- Әліпби жасауда басшылыққа алынған негізгі ғылыми принциптер қандай?

- Латын графикасына негізделген жаңа әліпби туралы сөз еткенде, Ахмет Байтұрсынұлының есімін құрметпен еске аламыз. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілі сингармофонемасын жуан-жіңішке болып екі сингармоварияциялардан тұрады деп, яғни қазақ тілінің табиғаты сингармонизмге негізделгенін айтқан. Біз тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының осы принципіне сүйене отырып, жаңа әліпби жобасын жасадық. Жаңа әліпбиде фонетикалық та, морфологиялық та принциптер басшылыққа алынды. Алайда фонетикалық принципке басымдылық берілгенін айта кеткен жөн. Себебі біздің мақсатымыз қазақтың төл дыбыстарын айтылуына қарай барынша дәл беру болып табылады. Мысалы, қазір біз су деген сөзді айтылуында 3 дыбыс естілетініне қарамастан, оны 2 әріппен таңбалап жүрміз, ал латын әліпбиінде бұл сөз фонетикалық принципке сай 3 таңбаға ие болады: су~suw.

- Қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне тән дыбыстарды диграфпен бергеннен гөрі диакритикамен берген тиімді емес пе?

- Латын графикасына негізделген жаңа әліпбиде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне тән дыбыстарды диакритикадан гөрі диграфпен беруіміздің бірнеше себептері бар. Біріншіден, біз халықаралық стандартқа сүйеніп дыбыстарды диграфпен беріп отырмыз. Бұндай жүйе ағылшын, неміс тілдерінде кездеседі. Екіншіден, дыбыстарды диграфпен беру арқылы әліпбидегі әріптер саны азаяды, оның үстіне диграфқа арнайы таңба ойлап табудың қажеті жоқ. Сонымен қатар жас буын мен қазақ тілін үйренем деген шетел азаматтарын оқыту да, үйрету де оңай болады. Ал дыбыстарды диакритикамен таңбалауда оған арнайы таңба ойлап табу керек, жазу барысында артық ноқаттар қиындық тудыруы мүмкін. Кирилл әліпбиіндегі әріптер саны сақталып, таңбалар латынға өзгеріп, ал төл дыбыстар диакритикамен ғана таңбаланып бұрынғы әліпбидің жүйесі сақталуы мүмкін.

- Қазақ тілінің сөздік қорына қажет емес ц және ч дыбыстарының жаңа латын әліпбиінде таңбалануының себебі қандай?

Жаңа латын әліпбиін жасауда біз әрбір дыбыстың, әрбір таңбаның қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, сөздік қорына сәйкес келу- келмеуін толық қарадық. Қазақ тілінің төл фонетикалық жүйесіне кірмейтін орыс тілі арқылы грек, латын тілдерінен келген әріптер бізде өте көп. Солардың бірі –ц және ч дыбыстары. Бұл дыбыстарды алуымыздың басты себебі, ең алдымен, халықаралық сөздерде, әртүрлі салаларда, яғни терминдерде өте көп кездеседі. Халықаралық байланыстарда бұл дыбыстардың атқаратын қызметі болады. Оның үстіне бұл дыбыстар жиі қолданыста болғандықтан фонетикалық заңдылықтарға бағынып, адамдардың артикуляторлық аппаратына икемделген.

- Кириллицадағы И мен Й дыбыстарының таңбалары бір-біріне сәйкес келеді, ал жаңа әліпбиде неге екі дыбысқа екі түрлі таңба беріліп тұр?

- Қазіргі кезде дау тудырып жүрген дыбыстардың бірі – И дыбысы. Бұл

дифтонг дыбыс. Яғни ол - ый және -ій деген екі дыбыстың тіркесінен жасалған кірме дыбыс. И дыбысын негізінен тек кірме сөздерге жазған дұрыс. Мәселен, инстаграм, индрайвер, институт т.б. сөздерді латынның І дыбысымен бергенді жөн көріп отырмыз. Сөздің түбірі сақталып тұр. Ал қазіргі кездегі жазуда «и» дыбысына аяқталатын «ми» деген сияқты сөзге тәуелдік жалғаудың үшінші жағы жалғанған да «ми+ы» болады. Бұл жағдай қазақ тілінің заңдылықтарына сай келмейді. Ми деген сөз былай қарағанда екі түрлі мағына беретін секілді. Бір қарағанда ол - адамның миы, ал екінші жағынан ол - нотаның атауы. Бірдей аталғанымен ол екі сөз бір-біріне омоним бола алмайды. Өйткені, ми деген сөздің дұрыс жазылу варианты «мый». Сондықтан да осы сияқты сөздерді бір-бірінен ажырату мақсатында, әрі заңдылықтарды сақтау негізінде екі дыбысқа екі түрлі таңба беріп отырмыз.

- Диграфпен берілген дыбыстардың инициалы қалай жазылады?

- Қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне тән дыбыстарды диграфтармен бердік. Сонда біз әліпби жүйемізде 8 диграф бар. Мәселен, адамның аты-жөні Болатов Ғалым Серікұлы деп берілетін болса, оның инициалы былай көрініс табады: B.Gh.S. Инициал дегеннің өзі - адамның аты-жөнінің бас әріптерінің қысқартылуы. Ал бұл жерде құрама дыбыстар бірігіп, бір дыбысты бергендіктен, оның қосарлы сыңарын көрсету керек. Осыған байланысты қазақ тілінің заңдылықтарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет.

- Диграфпен берілген дыбыстар негізгі әліпбидің қатарынан не себепті орын алмайды?

- Жаңа латын әліпбиі 25 таңбадан тұрады. Ал диграфтар осы дыбыстардың тіркесуінен жасалып, бір дыбыс беретіндіктен, оларды әліпбидің қатарына енгізбейміз. Бұл бір жағынан әліпби қатарын үнемдесе, екінші жағынан оқыту жүйесінде ыңғайлы. Бұндай жүйе халықаралық стандартта кездеседі.

- Латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің артықшылықтары мен кемшіліктері?

- Артықшылықтары:

  • Құрама таңбаларды беру арқылы әліпбидегі әріптер саны азаяды;
  • Жаңадан жасалған қазақ-латын әріптерін жас буын мен қазақ тілін үйренем деген шетел азаматтарына оқыту, үйрету оңай болады;
  • Қазақ тілінің грамматикасына, әсіресе, орфография мен орфоэпия заңдылықтарына еш қиындық келтірілмейді;
  • Әліпби ғылымда да, техника да қолдануға өте тиімді;
  • Әліпби қазақша мәтіндерді кез келген компьютердің пернетақтасы арқылы басқа қосымшаларға өтпей-ақ, оңай және жылдам теруге мүмкіндік береді;
  • Әліпби қазақ тіліне аударылмайтын халықаралық кірме термин сөздердің жазылуын қазақ тілінің дыбыстық жүйесін өзгертпей, түпнұсқаға жақын жазуға мүмкіндік береді.

Кемшіліктері:

Латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің негізгі кемшілігі деп контекст барысында сөздердің шұбалаңқы болып көрінуін айтуға болады. Бірақ уақыт өте келе көздағды мен қолдағды қалыптасып, бұл кемшілік әліпбидің артықшылығына да айналуы мүмкін.

- Ң мен г дыбыстары қатар келген сөздердің қалай жазылғаны дұрыс? Бұны жазу барысында қиындықтар туындамай ма?

- «Ң» мен «г, ғ» дыбыстары қатар келген сөздер латын әліпбиінде берілген (ng; g; gh) таңбалар бойынша сол қалпында жазылады. «Ң» мен «ғ» дыбыстары диграфпен берілгенімен, олар өз алдына жеке, «г» өз алдына жеке таңба болып табылады. Сондықтан жазылғанда да, оқылғанда да бұл дыбыстардың қатар келуі ешқандай қиындық тудырмайды. Мысалы, tengge, tangghy, tangghazhajyp, shangghy, maenggi т.б.

- Жаңа әліпби кирилл әліпбиіндегі олқылықтарды жоя ала ма?

- Кирилл графикасымен қатар тілімізге кірме дыбыстар енгізілген болатын. Олардың кейбірі тілімізге енген халықаралық терминдердің құрамында қолданылып жүр. Оларды терминологиялық кеңес бекіткен. Сондықтан ч, ц, в, ф дыбыстары қалдырылды. Ал, басы артық ю, я, щ, ь, ъ таңбалары жаңа әліпбиден алынып тасталды.

- Кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшу тіліміздің табиғатына нұқсан келтірмей ме?

- Жоқ, нұқсан келтірмейді. Керісінше жаңа әліпбиде бұрынғы әліпби емлесінде, дыбысталу табиғатында ескерілмеген бірқатар олқылықтардың орны толады. Мысалы, қиын, жиын сынды сөздер айтылу принципіне негізделіп, қыйын, жыйын түрінде жазылатын болады. Осылайша біз түбірге оралып, емле-ережелер біріздендірілетін болады.

-Жазба еңбектерді жаңа әліпбиге көшіруде қиындық туындамай ма?

- Қазір ғылым мен техниканың дамыған заманы. Сондықтан бұл сауалыңызға ешқандай қиындық туындамайды деп сеніммен жауап бере аламыз. Бұл мәселе бойынша техник-бағдарламашылармен бірлесіп сынақ өткізілді. Нәтижесінде 1600 беттен тұратын «Абай жолы» роман-эпопеясы бірнеше секундта жаңа әліпбиге көшірілетіні анықталды.

- Жаңа әліпби техника тіліне қаншалықты икемді?

- Диакритикалық таңбалар қолданылмағандықтан, жаңа әліпби транслитерацияға икемді және компьютерлердің стандартты пернетақтасында барлық таңбалар кездесетіндіктен, баспа ісіне өте қолайлы болып келеді.

- Жаңа әліпбиді қолдануда қолдағдысы мен көздағдысын қалыптастыруға қанша уақыт кетеді?

- Латын графикасына негізделген жаңа әліпбиде кездесетін таңбалар халыққа жат емес. Бұл таңбаларды қазіргі таңда қоғамдық орындардағы жарнамалардан, өнім атауларынан, ғимарат атауларынан көптеп кездестіруге болады. Яғни халық арасында жаңа әліпбиге деген көздағды қалыптасты. Ал қолдағды – әліпбиді меңгерумен қатар жүретін процесс.

- Қазақ тілі – дыбыстық жүйеге құрылған тіл. Осыны ескеріп, әліпбиде дыбыстық принцип қаншалықты ескерілді?

- Дұрыс. Әлем тілдерінің жазуы не дыбыстық, яғни фонологиялық принципке, не жазу яғни грамматикалық принципке негізделеді. Бұл жаңа нұсқада, әрине, қазақ тілінің табиғатына сай фонологиялық принцип негізге алынды. Әр дыбысқа ұсынылған жеке таңбалар да, бір дыбыс – екі таңба принципімен ұсынылған диграф таңбалар да тек қана қазақ тілінің дыбыстық табиғатын мықтап ескеруден барып қана қалыптасты. Соның негізінде кез келген жаңа әліпбиден талап ететін ең бастапқы мақсат - тілдің әр дыбысы сақталады және олардың тіркесімі арқылы жалпы дыбыстық жүйе сақталады.

- Бұл жобада диграфтар жазу барысында сөздердің шамадан тыс ұзарып кетпеуіне әкелмей ме?

- Ондай үлкен қауіп жоқ. Себебі жобада берілген диграфтармен берілген дыбыстар үлкен көлемге ие емес. Айталық, осы нұсқадағы диграфпен берілетін 8 дыбыстың қолданылу жиілігіне келейік. Бұл мәселе профессор А.Шәріпбаевтың еңбегінде көрініс тапқан. Мәселен: Ә (ае) – 0,88; Ө (ое) – 0,89; Ү(ue) – 0,69; Ң (ng) – 1,55; Ғ (gh) – 1,54; Ч (ch) – 0,03; Ш (sh)– 1,25; Ж (zh) – 1,81 пайыз екен. Олардың жалпы қолдануының орташа мөлшері: 1,08 пайыз. Яғни диграфтардың жалпы кездесу жиілігі 1000 сөзден тұратын мәтіннің ішінде жуықтап алғанда 11 ғана сөз кездеседі.

- Жаңа әліпби нұсқасын қабылдауда кейбір мамандар осы реформаны пайдаланып, орыс тілінен енген дыбыстарды шығарып тастау керек деп жүр. Ондай дыбыстар нұсқадан орын алды ма?

- Бұл біздің төл дыбыстарымыз болмағанымен, осы дыбыстар кездесетін сөздер қазіргі қазақ тілінің қорынан орын алған. 1920 жылдары Қазақстанда әліпби тақырыбы көтерілгенде, жат дыбыстар жөнінде де пікірталастар болған. Алаш зиялылары әліпбиде қазақтың төл дыбыстарының болуын ғана жақтады деген пікір ғалымдар тарапынан көбірек айтылып жүр. Бұл ішінара ғана ақиқат. Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиге байланысты еңбектерін, жоғарыда келтірілген «Қазақ білімпаздарының сиезі» материалдарын мұқият оқысақ, біз Алаш зиялыларының кейбір кірме дыбыстардың қазақ әліпбиінен орын алуын жақтағанын да көреміз. Оның жарқын мысалдары Ә дыбысы мен Һ дыбысы. Бұл екеуі де біздің лексикамызға дін арқылы енген дыбыстар. Олар Ахаң бастаған зиялылар ұсынған әліпбиден қажетті орын алған. Өйткені Алаш зиялылары қазақ жазуының толық әрі дұрыс болуы үшін бұл дыбыстарды қалдыруды жөн санаған. Мәселен, аталған білімпаздар сиезінде Ахмет Байтұрсынұлы: «... қазақ тілінде сақталуға аз да болса ақысы бар «һ»; өйткені «һ» дыбысымен айтылатын қазақтың өз тілінде аз да болса, сөздер бар» –дейді.

Яғни олар әліпби принципінде сол кездегі тілдік қордағы сөздердің де маңызына мән берген. Енді бүгін біз сол Алаш зиялыларының осындай принципін қазіргі қазақ тіліне мыңдап енген. Ц, Ф, В дыбыстары қолданатын сөздердің жазылуын да мықтап ескергеніміз жөн. Осындай принциптен барып, біз осы әліпби жобасында осы дыбыстарға орын бердік. Ал қазіргі ғылым мен технологияның дәуірінде біз осы мыңдаған сөздерді алып тастай алмаймыз немесе оларды өз әріптерімізге ауыстырсақ, оны қолданатын миллиондаған халықтың қарсылығына кезігеміз.

Қазақ тілінің төл фонетикалық жүйесіне кірмейтін орыс тілі арқылы

грек, латын тілдерінен келген халықаралық сөздерде кездесетін «ф», «в» фонемасы сол орыс тілінің өзінде де көпке дейін қабылданбай, бөтен, жат дыбыстар болып келген. Сондықтан <ф> фонемасынан басталатын сөздер орыс тілінде мүлде аз, бірнеше сөздер фабрика, фирма, фильм дегендер еуропа тілдерінен келген. Сондықтан да әліпбидің қатарынан в,ф дыбыстарын алып тастаған дұрыс емес. Бұл дыбыстар және оны белгілейтін әріптер бізге шетелден енген ғылым салаларындағы терминологиялық жүйені беру үшін керек. Мәселен: «фабрика» деген сөзді «пәбірійкә» деп бере алмаймыз ғой.

- Бұл әліпбиді бұрын кирилл қарпімен жазып қалыптасып кеткен аға буын қалай үйренбек? Олар қайта сауат ашуы керек, ол жағы қалай болады екен?

- Ахмет Байтұрсынұлы өз баяндамасында жазудың ең алдымен, үйретуге икемді болу керектігін айтады. Бұл тұрғыдан алғанда, бұл әліпби тіл үйренушілерге және біз кирилмен жазып қалыптасып кеттік деушілер мен латын әріптерін бұрын үйренбеген немесе ұмытып қалған ересек буын үшін жеңіл болмақ. Бұл сөзімізге дәлел де бар: әліпбиге алынған 25 таңбаның 8-і кирилл әліпбиіндегі таңбалармен бірдей (ұқсас), яғни латынды білмеймін деген адамның өзі 8 әріпті таниды. Олар: А-А, Д-D, Е-Е, І-І, К-К, М-М, О-О, Т-Т . Одан қалған 17-сінің 5-еуі дыбысталуы басқа, бірақ таныс таңбалар: Б-В, Ц-С, Х,Һ-Н, П-Р, Ы-Ү. Яғни 13 әріп – бізге таныс таңбалар. Бұл тіл үйрену жұмысын да жеңілдетеді. Балаларға да сондай: 1-сыныпқа барған оқушы бұрын 42 әріпті 2 тоқсан ішінде меңгеріп шығатын болса, енді 25 әріппен танысу одан да жеңілірек болатыны сөзсіз.

- Бірыңғай стандартты әліпби бойынша кірме сөздердің жазылу жайы қалай болмақ?

- Әліпбидің емлесіне байланысты қиындық тудыратын мәселелердің бірі – кірме сөздердің жазылуы. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілі жаңа ұғымды белгілеу үшін қажетті атау сөздерден қашпау керек екендігін айтады. Қазақ тілінде халықаралық терминдер мен кірме сөздердің құрамында ғана кездесетін ф, ц, ч, в сынды кірме дауыссыз дыбыстарға таңба берілді. Қазақ тіліне өзге тілдерден енген кірме сөздер мен халықаралық терминдердің емлесін терминологиялық комиссия бекітті әрі халық оны әлдеқашан қабылдады. Тіл – жанды құбылыс: ол дамиды, жетіледі, бейімделеді. Сондықтан халықаралық терминдер мен басқа да кірме сөздер өзгеріссіз жазылуы тиіс деп санаймыз. Мысалы: реакция [reakcija], конституция [konstitucija].

- Жаңа әліпбиге көшуде туындайтын қандай психологиялық факторларды атай аласыз?

- Ұсынылып отырған әліпби сол әліпбиді қолданушылардың әлемдік кеңістікті сезінуіне ықпал етеді. Өзіне жатық әріптер болашақ ұрпақтың шет тілдерін бүгінгімен салыстырғанда, кедергісіз әрі әлдеқайда еркін меңгеруіне жол ашады. Шет тілдерін меңгеру және сауатты болу арқылы қоғамда «мәдени ашықтық» қалыптасады.

- Жаңа әліпбидегі «і» әрпі, қазақ тіліндегі «і» дыбысымен алынды. Ал «Ff» әрпін, «ғ» дыбысымен таңбаласақ, қалай болады? Болса да «і» әрпін өз тілімізге қарай бейімдеп тұрмыз ғой.

- Ахмет Байтұрсынов өз заманында әліпби жасауда сол уақыттарда актив қолданыстағы сөздердің, әріптердің қолданылу жиілігін есепке алды. Сол сияқты бүгінде «фы» дыбысы көп қолданылады деп айта аламыз. Себебі актив қолданыстағы терминдердің көбісінде аталған дыбыс кездеседі. Мәселен, форум, формула, инфекция, эффект, филология т.с.с. Сондықтан бұл әріптің қолданыста қалғаны жөн.

Сұхбаттасқан:

Бөлісу:

Көп оқылғандар