М. Мағауин. Кітап және қаламгер
Бөлісу:
Жазудан үміті бар талапкер оқуға да ынталы екен дейік. Бірақ кітап көп, қайсы бірін оқып тауысарсың. Және соның бәрін оқу қажет те емес. Кейбір шалағай-шалыс кітапты оқығанның өзі зиянға шығуы мүмкін. Сондықтан іріктеу керек, талғам, талап керек.
Онсыз да шектеулі уақыттың әуелгі кезеңінде игерілуге тиіс, ең үздік нұсқалар — алғашқы басқы емес, ең соңғы басқы дер едік, өйткені өнерде үйрену, өсу жаманнан емес, жақсыдан өріс алады, және шын үздік шығармалардың үлгілі дәрісі жас кездегі алғашқы оқумен шектелмейді, қарымды қаламгер болған шақтың өзін де қайтып ораласыз, тағы қаншама қасиетін танисыз, жеткен биігіңізді бағамдап, алдағы межені айқындай түсесіз.
Үлкен жазушы болуды өмірлік мұрат санаған талапкерге ең алдымен ұсынарым: Абайдың «Ғақылиясы», Мұхтар Әуезовтың алғашқы әңгімелері, «Қараш-Қараш» пен «Қилы заман» және «Абай жолы», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінің» бірінші кітабы, Гоголь — «Миргород» пен «Петербург повестері», Стендаль — «Қызыл мен қара», «Парм монастырі», Бальзак -«Адамзат комедиясы», уақыт жеткенше, Тургенев — түгел, Толстой — Қапқаз әңгімелері, «Казактар», «Крейцер сонатасы», «Иван Ильичтің өлімі», «Хажы-Мұрат», «Соғыс және бейбітшілік», Достоевский — «Өлі үйден шыққан жазбалар», «Құмарпаз», тағы екі-үш романы, Пастернак — «Доктор Живаго», Кобо Абэ -«Құмдағы әйел», «Бөтеннің түрі» және бұрынғы-соңғы жапон әдебиетінен көзге ілінгеннің бәрін, Мериме, Эдгар По, Мопассан, Мамин-Сибиряк, Чехов, Киплинг, Джек Лондон, Кнут Гамсун, Бунин, Акутагава, Моэм, Набоков, Иво Андрич, Колдуэлл, Хемингуэй, Шаламов әңгімелері, немесе қолға түскен кез-келген шығармасы, содан соң… Стефан Цвейг жазған «Бальзак». Тіпті, ең әуелі осы кітапты оқыған жөн болар. Тағылымы — бізбен салыстырғанда қолайлы жағдайда, кең заманда өмір сүрген ұлы жазушылардың өзінің тағдыры қиын, жолы ауыр болғанын көресіз, ең үлкен дарындардың өзі тынымсыз еңбек арқасында ғана әлденендей нәтижеге жеткенін аңдайсыз. Бірақ қаламына ешкім жармаспаған, жазғанымды қалай жариялаймын деп қиналмаған, — яғни, сіздің ағаларыңыздың жолы бұдан әлдеқайда ауыр болды деген сөз.
Сіздің өзіңізді де не күтіп тұрғаны белгісіз. Ендеше… уақытында тоқтай білу де кісілік. Батыл жетпегеннен емес, көңіл соқпағаннан… Дәл осы арада оқырман — кітап атаулыдан қауіп-қатер, уайым мен дерт қана күтетін, бірақ бәрібір үйренген әдетін қоя алмай, жаза беретін Жазушы қамытынан құтылып, әрбір жақсы шығармадан игілік іздейтін, қуаныш тауып, күш-қуат алатын, осы кітаппен өмірін ұзартып, денсаулығын арттыратын оқырман мәртебесін иеленесіз. Құтты болсын. Кітап басқа емес, осы Сіз үшін. Менің, менен бұрынғы-соңғы барлық қаламгердің дем-тынысын айқындаған — осы Сіз. Сіздің арқаңызда ұлы әдебиеттер жасалды. Оқи беріңіз. Тек… бізді әділ бағалау үшін жаңағы тізімді ұмытпағаныңыз жөн.
Мүйізін шайқап тастап, әуелгі бетінен айнымай, азапқа қарай ұмтылған бауырыма батадан басқа берерім жоқ. Әуелгі бата — тағы да сол шағын тізім. Осы нұсқауды бірер жыл орайында түгендеп шыққан талапкер көркем проза табиғаты туралы біршама мағлұмат алады. Бірақ бар оқу осымен бітпейді. Кеңейту керек болады. Ол — «Махабхаратадан» бастап түсесіз деген сөз. Эллада әдебиеті, Рим әдебиеті, Ежелгі Шығыс, мұсылман әлемі, ортағасырлық Данте мен Рабле, Сервантестен бастап, өткен ғасырдағы Стриндберг, Ибсен, Метерлинкке дейін, XX қанды ықылымда жасаған Джойс, Пруст, Кафкадан бастап, Кэндзабуро Оэ мен Юкио Мисимаға дейін түгел қарап шығу керек деген сөз. Жүз сан жазушы арасында жанға туыс ең жақсысы табылуы, және ол ешбір ресми тізімде жоқ, өзгеше қаламгер болып шығуы тағы ғажап емес.
Менің өзімнің болашақ жазушы ретіндегі бағыт-бағдарым айқындалған, көркемдік мұратым біршама қалыптасқан жиырма-жиырма екі жасымда үлгі-өнеге тұтқан, жаныма жақын санаған жазушыларым: Тургенев, Толстой, Стендаль, Бальзак, Джек Лондон, Чехов, Мопассан және Хемингуэй болды.
Бүкіл әлем әдебиетін адақтап өтіп, өзіңіздің ең сүйікті жазушыларыңызды белгіледіңіз. Енді соларды қайыра оқу, екінші, үшінші, бесінші мәрте ежіктей тексеру қажет болады. Тұтасымен оқисыз, жеке тарауларын қарайсыз, аяғынан басына қайта түсесіз… Қалай бастаған, қалай аяқтаған. Қалай жалғаған, қалай құраған. Кімді, нені қалай және қайтіп суреттеген, бейнелеген. Бір сөзбен айтқанда, үлгілі шығарманың бітіс-болмысын, ішкі құрылымын, қан айналысы мен жан тетіктерін аңдау қажеттігі туады. Тұтасты тану үшін алдымен жекелеген бөлшектердің қызметін білу керек болады.
Шығармадағы кішкентай тетік, кез келген бір көріністі жобалайық. Табиғат суреті делік. Жаңбыр. Енді қараймыз. Тургенев-аңшы құс атуға шықты — әлденеше рет жауын жауды. Қандай жағдайда қалай жауды? Абай — Әуезов Шілікті кезеңге ілінгенде нөсер болды. Қайтіп? Чехов «далада» жүр — қалың жаңбырмен қоса, найзағай ойнады, күн күркіреді. Жаңбыр қалай басталды, күн қалай күркіреді? Осы жаңбырлардың бәрі бір жаңбыр ма, әртүрлі жаңбыр ма? Өзің білетін жаңбырдан қандай айырмасы бар? Неге көзге елестейді, неге дене тітіркенеді. Кітап бетіндегі күн күркірінің құлақ жаруы қалай? Жеке-жеке қарау керек, салыстыру керек, ойлану, көңілге түю керек.
Қызарып күн шықты, салбырап бұлт түсті, қараңғы түн болды, жарық ай туды, сарқырап өзен ақты, дауылдап дария толқыды, тау көгерді, дала мұнартты — осының бәрі жазылған, жүз түрлі бояумен мың мәрте бейнеленген; қайталанбас, ғаламат суреттер бар — қас шеберлер қалдырған осындай көріністерді бажайлай тексеру қажет болады. Үлгілі дәрістің ең оңайы — осы.
Боран — Абай — Әуезов Шыңғыстаудың ішінде, қарлы дауылда адасты, шаналы Гринев-Пушкин Ор даласында ақтүтек ішінде қалды — сіз қалай сезінесіз? Ажал — князь Андрей қалай өледі, Хажы-Мұрат қалай өледі, Иван Ильич қалай өледі, Горио әкей қалай көз жұмады, Абай қалай дүниеден көшеді? Біреу әлденеден қорықты-қорқыныш қалай сыпатталыпты? Қуанды, — қуаныш қалай көрініс тапты? Ғашық болды — бізді елжіретер кілтипаны неде? Қызғанды, — қалай білдік? Қайғыға ұшырады — неге жабырқаймыз?
Кітап бетіндегі, бізге тікелей қатысы жоқ, өтіпті-міс өмірді қалайша қаз-қалпында қабылдаймыз; қуануымыз, толқуымыз, тағдырлас ағайын, туыстас бауыр табатынымыз неден? Әлбетте, бір-ақ ауыз сөз — бар кілтипан табиғи шынайылықта. Ал осы табиғи кейіп қалай жасалады — оның жауабы тек сол шығармалардың өзінде тұр. Жазушылық өнердегі ең қиын машақат — жан толқыныстарын бейнелеу болса керек. Бұл жолдағы алғашқы дәріс те ұлылардың өнегесін байыптаудан басталады.
Жанды кісіден жансыз қара тасқа дейінгі аралықта мыңдаған заттық тұлға бар, жазу барысында солардың кейбірінің түр-бітімін сипаттау керек болады — бұл мәселе классиктерде қалай шешіліпті — зерделеп қараңыз. Осы жекелеген зат тіркесе, тұтаса келе үлкен көрініске айналады. Мәселен, кең дала. Немесе, шағын ғана бөлменің интерьері. Қалай жасалыпты, қандай негізде іріктеліп, құралып, үйлесе жарасым тауыпты, — көңілмен ұғасыз, көзбен көресіз, көркем шығармаға тиесілі заттық әлемнің негізгі жүйесін айқындайсыз.
Мопассанның немесе Чеховтың кішкентай бір әңгімесі. Заты деректі, сезімі толық, оқиғасы қанық. Бөлшек емес, бүтін. Әсерлі, әлеуетті шығарма. Енді осы шағын ғана туындының қалай жасалғанына назар аударыңыз. Неден басталған, қалай аяқталған. Фабула, яғни оқиғаның жиынтық болмысымен сюжеттік, композициялық жүйе қалай қабысып тұр. «Баяғы өткен заманда» деп бастап, «мұратына жетіпті» деп аяқтай ма, әлде мұратына жеткенінен бастап, баяғыға көше ме, әлде басы да, аяғы да жоқ, қақ ортасы ма, сол ортасының өзі неше бүктеліп, неше қайырылған — мына әңгімеде былай, келесі әңгімеде қалай? Оқылған он әңгіме, жүз әңгіме бір үлгіде жасалып па? Чеховтың, Мопассанның деңгейіне аз-маз жақындайтын екі-ақ беттік, төрт-ақ беттік бір әңгіме жазу үшін екі дүниенің сырын, төрт тараптың даналығын игеру керегіне көзіңіз жетсе — болашағыңыздың аса зор болғаны.
Бірақ осыдан соң, Акутагаваны оқығанда жаннан түңіліп жүрмеңіз. Бұл — әңгіменің артық емес, жоғары емес, жаңа бір деңгейі. Акутагаваның кезкелген әңгімесі турасында тұтас бір дәріс оқуға болар еді. Бірақ біз жас жазушыларға арналған әдеби сауат сабағын жүргізіп отырғамыз жоқ, әуелгі кеңесімізді ғана айтып отырмыз. Сонымен қатар бұл — Оқырманмен де сырласу. Аңшы әңгіме айтпай ма, түлкіні былай соқтым, қасқырды былай аттым деп. Алғаны, атқаны рас, тек аздап әсірелеуі мүмкін. Біздікі әсіресіз шындық. Тілектес оқырман көрсін, білсін, ал ниеті түзу талапкер бұлыңғырда адаспай, құмартқан аңының ізіне бірден түссе дейміз…
Әңгімеден оздық, көлемдірек хикаят қалай құрылған — ойланып, саралап қарасаңыз, бәрі де дайын тұр, үйреніңіз, үлгісін алыңыз.
Баяғыда, студент кезімізде курстас, қаламдас бір досым маған: «Сенде дарын жоқ, сондықтан көп оқисың», — деп еді. «Сенде сана жоқ, сондықтан оқу қонбайды», — дедім мен. Ол: «Қалжыңдап едім»,-деді. Мен: «Шынымды айттым, — дедім. — Надан жазарманнан білімді оқырман артық!»- дедім тоқтай алмай. Бұл арада мәселе менің шамданып, беріден қайырғанымда емес, досымның қыжырта кекетіп, көкейіндегі адалын айтуында — ол расында да оқуды қажетсіз санайтын. Сонымен, дарынына сеніп ол кетті, оқуыма сеніп мен кеттім, ол төпелеп жазып жатыр, мен малшылап жазып жатырмын; әуелгі кітаптарын көрдім — күлдім, кейінгі кітаптарын көрдім — жаным ашыды, ал менің кітаптарымды қарағанда ол… ол да күлді, әрине, әуелде; содан соң… ашуланған шығар деп ойлаймын. Өйткені, соншама данышпан бола тұра, соншама дарынсыз менен қара үзіп, ұзап кете алмап еді. Мүмкін, керісінше шығар. Ашуланды деп білуім содан. Ал менің анық жаным ашыған себебі, — егер ол өзі айтқан дарынының үстіне аянбай оқып, үздіксіз ізденсе, Керемет деген жазушы болып, Біз қайда, Қазақ қайда, Жерден озып, Аспанға асып, Космосқа кетіп қалатын еді. Олай болмады. Дарынына ғана сенді де, далада қалды. Шынында, дарын жоқ, қабілет қана бар еді. Сол қабілетіне қосымша аз ғана оқуы болса, тәп-тәуір жазушы шығатын еді…
Сол сияқты, өзін туа біткен талант деп есептейтін жігіттердің Толстойды да, Тургеневті де оқымай: «Айт шүу, өгізім!» деп жүре беруіне болады, ал осы кезде оқуына сүйеніп, атқа, ат емес, одан да жүйрік көлікке мініп кеткен әлдекім біздің өгіздің он жылдан соң да жете алмайтын қонысында үй тігіп, қазан асып отыруы ғажап емес. Айрықша ежіктеуіміз — биіктен үміті бар әрбір қаламгер өз мүмкіндігінің үддесінен шығуы үшін арғы-бергі озық әдеби нұсқаларды түгесе оқып, зерделей тануы қажет, өнер мұраты — таным аймағын кеңейтетін ізденіссіз, өткеннің дәріс, үлгісін тоқыған еңбексіз жүзеге аспайды.
Суреткерлік сабағы — классик жазушыларды оқумен ғана шектелмейді. Адамның қимылы, қозғалысы, бет құбылысы, реніш, қайғы, қуаныш, толғаныс, күмән мен қатер, биязылық пен қаталдық, үрей мен шешімталдық, ерлік пен аярлық — ренессанс дәуірінен импрессионизм кезеңіне дейінгі ұлы суретшілердің рәсім мұрасында нақты таңбаланған.Ең аяғы жақсы пейзаж жасағыңыз келсе, өткен дәуірдегі ұлы суретшілердің қыл қаламмен бейнеленген табиғатын танып білуіңіз керек. Бұл тараптағы ең бедерлі көрініс қана емес, көркемдеу саласындағы ұтымды жаңалықтар да осы суретшілер үлесінде. Мәселен соның ең қарапaйым бір үлгісі — рең, сәуле ойыны. Ал бізден бұрынғы қазақ қаламгерлері ішінде озық оқу, терең әрі жан-жақты білім арқасында осы, сурет, сәуле тәсілін меңгерген — жалғыз Мұхтар Әуезов қана болатын. Жалпы, біздің Мұхаң әлемдік прозадағы ең ұлы пейзажистердің қатарында тұр.
Сезім толқыныстарын үстемелей игеруде музыканың үні айрықша тағылым үйретсе керек. Өз шаңырағымыздағы Байжігіт, Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір күйлері, Біржан, Ақан, Мұхит, Әсет, Естай әндері ұлттық сезім пернесіне нәр берсе, Еуропа, оның ішінде неміс пен орыстың классикалық музыкасы жан толқынының көкжиегін кеңейте түседі. Ішкі иірім ғана емес, сыртқы түрге де игі әсері айрықша. Соның жұпыны бір ғана көрінісі — үлгілі әдебиеттегі кейбір үздік жазушыларда сөйлемнің ырғақ, әуеніне айрықша мән беріледі. Қазақ прозасына келсек, саздық (ұйқастық емес, үйлестік) құрылымның ең көне үлгісі — Абай прозасының, кейбір үзіктері. Мен сөйлемнің саздық құрылымына алғаш рет«Көк мұнарда» назар аударсам керек, кейін, күй мен күйші туралы жазылған «Көкбалақта» біраз жерге барып қайттық; бұл жүйе «Аласапыранда» және басқа шығармаларда да көрініс тапқан. Сейлемнің саздық құрылымы — артықшылық емес, ерекшелік қана, бұл жағына мүлде мән бермеген прозаның есесі кемімепті. Ал, жазушының музыкалық дәрісі — ырғақ үшін емес, сұлулықты сезіну үшін, адамның жан әлеміне тереңірек бойлап, рухани танымды кеңейту, әрі тереңдету үшін; оны аз десеңіз — жарасты келісім, композициялық үлгі ретінде де пайдалы.
Сырлы сезімнің жан жүйеге шымырлап енетін, нәзік, терең толғаныстарға нұсқайтын аса бір үлгілі сабағы — әлемдік классикалық поэзияда жатыр. Өзіміздің Абайды, ұлы жыраулар мұрасын әуелгі тұма- бастау деп санаңыз. Сонымен қатар, ортағасырлық парсы поэзиясын, исламға дейінгі және оның алғашқы кезеңіндегі араб поэзиясын жете білу — жан иірімінің адамгершілік негіздегі ең игі, ең асқақ болмысына нәр береді. Жаңа дәуірде сөз өнерін көркейткен Еуропаның поэзиясы, әсіресе Гете мен Шиллер, Хәйне мен Пушкин, Байрон мен Лермонтов, Мицкевич пен Пөтефи — кісі ұғлының ішкі әлемін тануға тура жол ашады, алдымен өзіңізді байыптайсыз, содан соң дүниенің сырлы қақпасының құпия кілті қайда жатқанын аңдайсыз. Мен жас кезімде осы ұлы ақындардың бәрін де қаншама қайтара, сүйініп, сырласып, толқып оқыдым, күні бүгінге дейін, көңіл ауғанына орай, қолға алып тұрам, әр кезде әрқайсысын жаныма жақынырақ тұтқаным болды, бірақ мұңы бір, тілегі ортақ Пөтефи мен Мицкевичтен артық туыс таппадым.
Әдеби оқудың сыртында тарихи тағылым бар. Халқыңның қасиетін бағамдау үшін әуелі өз тарихыңды білуің керек. Біздің жұртымыздың тарихи құжаттарда нақты таңбаланған жиырма бес ғасырлық бай тарихы бар. Соның кейінгі мың жарым жылының дерегі тіпті мол, айрықша бедерлі. Біз — озық мәдениет жасаған ұлы халықтың перзентіміз. Орыс отаршылдығы жаныштаған соңғы жүз елу жыл болмаса, тарихқа мәлім екі жарым мың жылдық адамзат шеруінде менің бабамның кеудесі биік болды, тұрмыс-тіршілікте ғана емес, ой мен санада, өнер мен сөзде еркін ғұмыр кешті, батыстың, шығыстың ешбір нәсілі жетпеген азаттық аясында өсіп-өркендеді. Менің жазуымдағы барлық жақсы қасиет — сол Бабамның тікелей мұрасы. Тарихты білудің, Атаның Аруағын танудың арқасы, Өзімнің артықшылығымды сезіну нәтижесі: «Менің бойымда Елтеріс, Естемилер, Күл-Тегіндер заманындағы көшпенділердің қаны бар!» — деген еді менің зілді қапас заманда кітапқа түскен тірі суретім — Едіге деген жас қазақ «Көк мұнар» романында, сонау 1971 жылы. Бізге күш берген — сол қуатты Қан, бізді сүйреген — сол құдіретті Аруақ.
Тарихты білмеген, атасын танымаған жазарман Тәңірімен тілдесе алмайды, табаны қара жерден ажырамаған соң, табиғатында қанша қабілетті болса да, өзін кемшін санайды, бүгежектеп тұрады, нәтижесінде, назары төмен, жазары пәс шығады. Жазуы ғана емес, өзі де төменшік болады, сырттай қанша арқырап тұрса да, жан түпкірінде тексіздіктің жегі құрты жатады. Жамандығы — заманның тарлығынан ғана емес, өзінің талапсыз тасырлығынан.
Ол да рас, тарихи таным тарабында аз-маз сауат ашу, түбегейлі дәріс болмаса да, негізгі тұрғыларды тану ілкіде — орыс-совет отарлық заманында өте қиынға түсті. Қазақ зиялыларының соңғы екі-үш буыны бабаларының тарихын білмей өсті. Бұл ретте қабілетті жазушыларымыздың өзі айрықша жапа шекті — тарихи танымның тайыздығы табиғи мүмкіндікті тежеді. Жаппай рухани зәрулік тұсында бұл тараптағы аз ғана, үстірт білімнің өзі алаштың кәдесіне жарады, өтпелі кезең үшін елеулі, түпкілікті әдеби шеруден де өзіндік орын алатын тарихи шығармалардың жазылуына негіз болды. Сол шала сауатпен-ақ көп жұрттың көзі ашылса керек. Өйткені тарихты білу — тарихи шығармалар жазу үшін емес, өзіңнің адамдық бейнеңді тану үшін керегірек, яғни, замандық тақырыпқа тікелей қатысты. Тарихи білім — ой өрістің, дүние танымның ең негізгі ұстыны, бір емес, қос қабырға, болмысыңыздың тең жарымы; екі қабырғалы үй болмайтыны сияқты, тарихи танымнан тыс тәуір шығарма да тумайды.
Қазір бұл тарапта жол ашылды, қазақ тарихын зерттеуге, оқып-білуге тыйым жоқ, бірақ әзірше халқымыздың өткенін жан-жақты қамтыған, ескіні қазақ көзқарасы ғана емес, әділдік, адалдық, адамдық тұрғысынан қарап бағалаған тарих оқулығы жоқ. Алдағы заманда әртүрлі сыпаттағы, бір емес, талай кітап жазылары күмәнсіз. Әзірше жас талапкерге мен өзім «сауат ашу сабағы» деп бағалаған «Қазақ тарихының әліппесін» ұсынамын. Ал арғы дәуіріміз — Көне Түрік заманынан Алтын Орданың ыдырауына дейінгі он ғасырды тану үшін Гумилевтен бастап, бірталай әдебиет ақтаруға, көбісін тұрған қалпында қабылдай салмай, оймен екшеп, өзара салғастырып, осы ұлттың өкілі ретінде жаңаша қорытуға тура келеді.
Әлбетте, қазақтың өткенін білу — тарихи танымның бір тармағы ғана. Кез-келген сауатты қаламгердің адамзаттың тарихи даму жолы туралы тым құрса жалпы түсінігі болуы керек. Ежелгі Қытай, Месопотамия және Египет, одан соңғы Эллада, Рим тарихтары, Византия мен Ортағасырлық Еуропа, Батыстағы жаңа тарих дәуірі туралы мол білім алуға толық мүмкіндік бар.
Менің өзімнің әлем тарихымен әуелгі таныстығым тым ерте, кітап оқуға құныққан тоғыз-он жасымда басталды. Біздің үйде өсіп-тәрбиеленген шөбере ағам Мұратқан менен төрт сынып жоғары оқитын, ал ол кездегі мектеп тарих оқулықтары баяғы патшалық гимназия үлгісіне жақын, мол деректі, әрі жан-жақты болыпты. Мен сол, үшінші класта жүрген қыста әуелі 5-сыныпқа арналған «Ерте дүние тарихын», содан соң 6-7 сыныптың «Орта ғасырлар тарихын», бұдан соң іздеттіріп тауып, 8-сыныптың «Жаңа тарихын» оқып шықтым. Сол жылы, Янның қазақ тіліне жақында ғана аударылған «Шыңғыс хан» романын ынтызар құмарлықпен қарпып, екі-үш қайыра аударып, төңкерген соң, асау, бұла бабаларымның Совет теріске шығарып отырған шежіресінің де бір кезеңін көзбен көргендей болдым. Сөйтіп, өзім жаңа ғана қадам басқан ежелгі кәрі дүниенің өткен ғұмыры туралы ең негізгі, қажетті мағлұматтарды зердеме түйіппін. Сауат ашқалы — елу жыл бойы оқыған сансыз кітап ішінде менің ой-санамның өркендеуіне айрықша зор әсер еткен — осы, тоғыз-он жасымда ұшыратқан, әуелгі тарих кітаптары болар. Көркемдік таным Абай мен Әуезовтен өріс алса, тарихи таным — бүкіл әлемдік адамзат шеруінің негізгі кезеңдерін өз дәрежесінде үстірт те болса, біршама толық қамтыған осы төрт кітаптан басталады. Адамзаттың даму жолы, өткен, өшкен халықтар, әлемді төңкерген оқиғалар мен дүниені дүбірлеткен түлғалар турасында түйген аз ғана, бірақ жүйелі мағлұмат жас баланың бұдан соңғы танымына, ұғым, көзқарасына берік арқау болыпты.
Бөлісу: