Лев Толстойдың балаларға арналған әңгімелері
Бөлісу:
Арыстан мен күшік
Лондон қаласында тұрғындарға жыртқыш аңдарды көрсетіп, ақшалай, болмаса көргендері үшін хайуандардың жеміне деп ит, мысық дегендерді ала береді екен. Бір кісі жыртқыштарды көрейінші деп көшеде иесіз қалған күшікті ұстап алып, хайуанаттар паркіне келіпті. Әлгі адамға жыртқыштарды көруге рұқсат етіп, алып келген күшікті арыстан тұрған торға лақтырады. Күшік тор ішіне кірген бойда құйрығын бұтына қысып, бұрышқа тығыла бастайды. Арыстан күшікті иіскелесе, күшік арқасына жатып, аунақшып, табанын жоғары көтеріп, құйрығын бұлғаңдатады. Арыстан күшікті аяқтарымен аунатып ойнаса зәресі қашқан күшік арыстан алдында құрдай жорғалайды. Арыстан күшікті аяп, басын шайқап, бұдан кейін тиіспейді.
Парктің қожасы арыстанға тор ішіне ет лақтырса, арыстан кесек еттен жұлып күшікке береді. Түнде арыстан ұйқыға кеткенде күшік оның жанына келіп арыстан табандарының үстіне басын салып ұйықтайды екен. Содан бері күшік тор ішінде арыстанмен тұрады, арыстан күшікке тиіспейді, бірге тамақ ішеді, ұйықтайды, арыстан анда-санда күшікпен ойнап қояды.
Бір күні күшіктің қожасы табылып, күшігін танып, қайтаруды сұрайды. Хайуанаттар паркінің қожасы күшікті қайтарғысы келіп, күшікті шақырса арыстан ырылдап күшікті бермей қойыпты.
Арыстан мен күшік тор ішінде бір жыл тұрады. Біраз уақыттан кейін күшік ауырып, өліп қалады.
Арыстан күшіктің өліп қалғанын көріп, тор ішінде қарғып секіріп, жекіріп, құйырығымен өзін сабап, тор жиегі мен еденді мүжи бастайды. Бір күн бойы тор ішінде өкіреді, содан кейін өлі күшіктің қасына жатып тынышталады. Парк қожайыны өлген күшікті тордан алмақ болғанмен, арыстан бермейді, арыстанға басқа итті ауыстырсам мүмкін арыстан ұмытар деп басқа тірі күшікті торға лақтырады, арыстан әлгі күшікті сол бойда талап тастайды. Арыстан өлген күшікті табанымен құшақтап бес күн жатады, алтыншы күні арыстан өзі де өліп қалыпты.
«Қасқыр күшігін қалай үйретеді»
Жолда келе жатсам, артымнан айқай салған дауыс естілді, қарасам бақташы бала екен. Ол жазық далада айқайлап, бірдеңе деп қол бұлғап маған қарай жүгіріп келеді. Бұрылып қарасам түзде екі қасқыр қашып барады, біреуі көкжал қасқыр, екіншісі жастау. Жастау қасқыр жарылған тоқтыны аяғынан тістеп, үстіне артып қашып бара жатыр, ал көкжалы ізін ала ілесіп келеді. Бұларды көрген соң, бақташымен бірге айқайлап, мен де қасқырлардың соңына түстім. Біздің айқайымызды естіген мұжықтар да жетті иттерін ертіп.
Көкжал қасқыр адамдар мен иттерді көргенде, жас қасқырдан тоқтыны жұлып алып, арқасына салып алды да, жылдамдата жүгіріп, көзден таса болды. Бәріміз жиналғанда бақташы бала істің қалай болғанын айтты: сайдың ішінен көкжал қасқыр атып шығып, тоқтыны жарып, ала қашады. Алдынан кішкене қасқыр шығып тоқтыны өзіне артады. Қарт қасқыр жас қасқырға тоқтыны лақтырып, өзі қасында аяңдап отырады. Ал қауіп төнген кезде қарт көкжал қасындағы кішкене қасқырды баулуды қоя тұрып, қойды өзіне артып алады.
Аққулар
Суық жақтан жылы жаққа теңіз үстінде аққулар тобымен ұшып бара жатты. Олар күн демей, түн демей ұшты, келесі түнде де тоқтамай ұшты. Жарық ай үстінде көкке малынған теңіз суын көрді. Аққулардың қанаты талып, зорығып шаршайды; сөйтсе де тоқтамай ұшады. Табын басында әккі аққулар, олардың артында әлі жас, қанаты қатаймаған аққулар ұшты. Бір жас аққу тізбектің соңында қалып, күші таусылды. Ол қанатын сермегенмен әрмен ұшуға күші жетпеді. Сонда ол қанатын жайып, суға қарай құлдилай жөнелді, ал басқа аққулар әрмен қарай ұша берді. Аққу қанатын жиып алды да, суға қонды, теңіз аққуды шайқап, қақпақылдай бастады.
Аққулар тобы бұл кезде аспанда көрінбеді, тек аққу қанаттарының соғысы алыстан әрең естілді. Олар мүлдем көзден таса болғанда жалғыз қалған аққу мойнын артына, кеудесіне бұрып, көзін жұмды. Ол теңіз үстінде қозғалмай жатты, толқын оны біресе жоғары, біресе төмен қақпақылдап, қалқытып бара жатты.
Таңсәріде теңіз үстінде самал жел ойнап, аққудың кеудесіне су шапшыды. Аққу көзін ашты. Жұлдыздар көк аспанда ағарып, шығыстан күн сәулесі атып келе жатты. Аққу демін ішке тартып, мойнын керіп, қанатымен суды сабалап, көкке сермей бастады. Ол біртіндеп жоғары көтеріле берді, биікке самғады, айқайлап жатқан қара толқын үстінде жалғыз аққу ұшып бара жатты.
Қорқақ қояндар
Орман қояндары түнде ағаш қабығымен, ал дала көжектері күздік дақылмен, шөппен, қырман бидайымен қорректенеді. Түнде қар үстінде қоян көзге көрінетін терең іздер қалдырады. Қоянды жем етуге бәрі әуес, оны адам да, ит те, қасқыр да, түлкі де, қарға да, қыран да аулайды. Егер қоян тікелей жүрсе, оның іздері арқылы ертемен тауып алар еді; қоян қорқақ, сол қорқақтығы қоянды аман сақтайды.
Қоян түнде орманда болмасын, далада болсын қорықпай тік іздер қалдырады, ал тәңертең оның жаулары ояна бастайды: қоян болса сақ құлақ, иттің үргенін, шананың сықырын, мұжықтардың дауысын алыстан естиді, не қасқырдың сарт-сұрт дыбысын естіп, әрлі-берлі жанұшыра жүгіріп, жанталаса бастайды. Біресе алға зытады, біресе зәресі ұшып артқа қашады, сылдырды естіп дірілдеп секіреді, тұрған жерінен қайта жүгіріп қашады. Сөйтіп таңа атқанша секіріп жүгіреді, таң атқанда ұйқыға кетеді. Ертесінде аңшылар қоянның ізін таба алмай дал болады, оның қосақ-қосақ, оңды-солды орғыған іздерден шатасып, қоянның айлакерлігіне таң қалады. Ал қоян болса қулық жасаймын деп ойлаған емес, өйткені ол мұның бәрін қорыққанынан ғана істейтін.
Құмырсқалар туралы
Бірде жидек тосабы банкісін алуға қоймаға түстім. Шыны тосап банкісін қолыма алсам, құмырсқаға толып кетіпті. Құмырсқалар ыдыстың үстінде, тіпті ішінде жыбырлап жүр. Қасықпен құмырсқаларды қырып, алып тастадым, ыдысты жоғары көтеріп қойдым. Келесі күні қоймаға кірсем құмырсқалар жоғары полкаға өрмелеп, тосапқа жетіп алыпты. Мен банкіні тағы тазалап, жіпке байлап төбеге іліп қойдым.
Қоймадан шығар алдында артыма көз салсам, бір құмырсқа тосап ыдысын айналып жүрді. Сәл кідіріп енді қайтер екен деп қарап тұрдым. Құмырсқа ыдыс шынымен банкі байланған жіппен төбеге өрмеледі, төбеден қабырғаға, қабырғадан еденге жетіп, төмендегі толы құмырсқаларға түсті.
Сөйтіп өзінің қайтқан жолын басқа құмырсқаларға айтты, сол бойда олар бірінің артынан бірі шұбырып қабырғамен төбеге өрмелей бастады, содан жіп арқылы төбеге байланған тосап банкісіне жетті. Мен банкіні басқа жерге апарып қойдым.
Аударған Салауат Кәрім
Бөлісу: