Нобель сыйлығының лауреаты И.Буниннің «Зұлматты күндер» шығармасы (жалғасы)

Бөлісу:

10.05.2018 4491

2 мамыр.

Одессалық қызылармияшылар Үлкен Субұрқақта жебірейлерді қырып салған екен.

Овсянико-Куликовский мен жазушы Кипен келіп кетті, оқиғаның ұзын-ырғасын айтты. Субұрқақта 14 комиссар өлтірілген және 30 жай жебірей опат болған. Толып жатқан дүңгіршектер талқандалған. Түн ішінде шабуыл жасап, кереуеттерінен сүйрелеп, кім көрінгенді ажал құштырған. Адамдар далаға қашқан, теңізге секірген, ал оларды қуалап, оқ боратқан – нағыз аң аулау мұндай болмас! Кипен құдай қаққанда, үйінде қонбай, «Ақ гүл» шипажайына барған екен. Таң алдында онда қызылармияшылардың отряды жетіп келген, – «Мұнда жидтер бар ма?» – деп сұрапты күзетшіден. – «Жоқ, жоқ» – «Қане, құдай атымен ант-суыңды іш, қане!» – Күзетші ант-су ішеді, сөйткенде ғана қызылармияшылар әрі кетеді.

Өткен жылы бізді саяжайдан көшіріскен жүк кіреші, өте абзал адам, Моисей Гутман қаза тауыпты.

Думаның қасына бардым. Сұп-суық, сұп-сұр, бос теңіз, өлі айлақ, алыста жеке тұрғандығынан ба, көзге қораш-ақ жалғыз француз кемесі көлденеңдейді, – осы француздар мұнда не тосып жүр, не бағып жүр, не ойлап жүр, – шайтан білсін! Зеңбіректің жанында бір шоқ тобыр тұр, біреулер «бейбіт көтеріліс күнін» балағаттап жатыр, екіншілері қызуқандылықпен ақыл айтып, жөн сілтеуде.

Келе жаттым және ойға баттым, дәлірек айтсам, сезімге берілдім: шіркін-ай осы кезде мәселен, не Италияға, әйтпесе Францияға тартып кетсем ғой – жер-көктегі адам атаулының бәрінен жиіркеніп біттім! Өмір дегеніңіз пенде аталатын тірлік иесінің жан дүниесін, оның жексұрын тәнін қазбалай, үңги көріп түйсініс жасауға мәжбүр етті. Біздің бұрынғы көздеріміз қайда, тіпті менің де жанарым қаншалықты шамалы шолған десеңізші!

Міне, қазір аулада тастай қап-қараңғы түн, айналада тірі жан жоқ. Күллі Херсон аймағы қоршауда, кеш түссе, есік алдына шыға алмайсың. Әлдебір ертегідей жертөледе отырғандай күйде жазып отырмын: күллі бөлме алакөлеңке мен түнгі шамның сасық ысынан дірілдеп тұрғандай. Ал үстелдің үстінде жаңа үндеу жатыр: «Жолдастар, ақылға келіңдер! Біз сендерге социализмнің нағыз жарығын әкеле жатырмыз! Маскүнем бандаларды тастап шықсаңдар, арамтамақтарды біржола табанға тастайсыңдар! Халықтың бұқараны буындырушы, бұрынғы акциздік шенеунік Григорьевті тастаңдар! Ол сылқия ішкеннен басқа түкті де білмейді, өзінің Елизаветградта жеке үйі бар көрінеді!»

3 мамыр.

Мына пәлемен жанталаса жағаласасың, осынау теперіштен, титтей де болса жол табарға әлектенесің – бірақ әлің жетпейді. Әсіресе, күндер тым болмаса тезірек артта қалса игі еді деп күткенің зәреңді алады.

Әлдебір Старостин атындағы полктың қарары: «Бәріміз де бір адамдай біздің күшімізді өрмекшідей сорғысы келетін, жалған таққа отырғызылған жаңа қанішер Григорьевке қарсы дүр көтерілеміз деп мәлімдейміз!»

«Орыстық халықтық-мемлекеттік одақтың» Одессадағы комитеті (барлығы 16 адам, ішінде бір профессор және бар) тұтқынға алынған және өткен түнде «тұрғындардың бейбіт тыныштығына қауіп төндірерліктей іс-әрекеті үшін» түгелдей атылған.

Байқайсыз ба, тұрғындардың тыныштығын қорғайтын көрінеді.

Варшавскийлердікінде болдық. Қараңғы қаламен оралдық; ымыртқа малынған көшелерде күндізгідей немесе жарықтағыдай емес, ал қадамдардың тықылы әдеттегіден қаттырақ шығады.

4 мамыр.

Ауа райы жақсарып келеді. Аула көк аспанның астында, көктемгі жасыл ағаштардың бояуына малынған, ар жағында үйдің қабырғасы ағараңдайды, көлеңкелердің алабажақ дақтарына дейін әдемі-ақ. Аулаға қызылармияшы кіріп келді, толқынды құйрығы жерге дейін сүйретілген, сауыры жарқ-жұрқ еткен қара айғырын қарағайға байлап еді – тіпті көркейіп кетті. Евгений болса ас бөлмеде пианинода ойнап отыр. О Құдайым, жаным езіліп кетті ғой!

В.А. Розенбергтікіне бардық. Ол кооперативте қызмет етеді. Жалғыз бөлмеде әйелімен тұрады; ұсақ, шөп-шаламды жүзім қатқан сылдыр шайды ішіп отырмыз. Міне редактордың, «Русских Ведомостидің» қожайынының сиқы! «Патшалық цензураның сұмдықтарын тілге тиек етті...

5 мамыр.

Өзімді түсімде теңізде, бозғылт сүттей, көгілдір түнде, әлдебір пароходтың бұлыңғыр қызғылт оттарын көрдім әрі олардың бұлыңғыр қызғылт екендіктерін есте сақтау керек деп жаттым. Ал қазір мұның бәрінің керегі не?

«Голоса Красноармейца» айғайлап тұр:

«Ойран салушылар ажалға киліксін! Халық жаулары революцияны жебірейлердің қанына малтықтырғысы келеді, мырзалардың әсем безендірілген зәулім үйлерде, ал мұжықтардың шіріген мал қораларда тірлік кешіп, арамтамақ-майбөкселерге бел жазбай еңбек еткенін хош көреді...»

Біздің аулада милиционер үйленіп жатыр. Некелесуге күймемен кетті. Тойға деп 40 шиша шарап жеткізілді, ал оныңыз осыдан екі ай ғана бұрын бөтелкесі 25 сом тұратын. Енді оған тыйым салынғанда әрі жасырын тауып алатын болса, бағасы қанша болмақ?

Подвойскийдің Киевтен шығатын «Известиядағы» мақаласы: «Егер Румынияға жан-жақтан келген шиебөрілер өз ойларын жүзеге асырса, әлемдік революцияның тағдыры шешілмек… Оңбағандардың жебір бандасы... Румын королі мен помещиктерінің жыртқыш тырнақтары…» Одан Раковскийдің үндеуі, онда айтқандайын, мынадай жерлері бар: «Өкініштісі, украин деревнясы Гоголь суреттеген қалпында – надан, жебірейге қарсылықты, сауатсыз күйде қалған... Комиссарлар арасында тапқырлық, алым-салық салу, маскүнемдік, әр қадам аттаған сайын құқықтың барлық негіздерін бұзу әбден белең алған... Кеңестік қызметкерлер картаға мыңдап ұтып-ұтылып жатады, маскүнемдікпен арақ қайнатуды өрістетуде...»

Ал, міне, Горькийдің тың туындысы, оның жақында, Мәскеуде Үшінші Интернационалдың съезінде сөйлеген сөзі. Тақырыбы: «Көлкіген өтірік күні». Мазмұны:

«Кеше көлкіген өтірік күнін бастан кешірдік. Оның билігінің соңғы күні.

Бағзы заманнан бері адамдар тоғышарлық тірліктің мығым өрмегін оны жалғандық әрі сараңдықпен қабыстыра отырып тоқып келеді. Арсыз өтірік: адам ең жақынының тәнімен, қанымен қоректенуі керек, табанды ақиқат саналып келеді.

Сөйтіп біз осы жолмен жаппай еуропалық соғыстың есуастығына келіп жеттік, оның сұмдық шапағы кеше көне жалғандықтың ұятсыз тыржалаңаштығын бірден шарпып өтті.

Халықтар шыдамдылығының жарылыс күшінен шіріп біткен тіршілік тас-талқан етілді, енді оны бұрынғы кейіпте қайта қалпына келтіру мүмкін емес.

Бүгінгі күн тым жарық, содан да, көлеңкелер тым қою!

Бүгін адамдарды өткеннің темірдей өрмегінен босатудың ұланғайыр жұмысы басталды, ол – нәресте әкелердегідей азапты да қиын жұмыс...

Шешуші шайқаста барлық халықтардың алдында орыс адамдары шықты. Кеше ғана бүкіл әлем оларды жартылай жабайыға теңеген, ал бұл күнде олар кәнігі жалындаған жауынгерлерше жеңіске әйтпесе өлімге жол бастап барады.

Қазірде Русьте болып жатқанның бәрі кезінде адамзаттың абыздары, Еуропаның данышпандары айтқан ұлы істер мен сөздерді жүзеге асырудың ғаламат талпынысы санатында қабылдануы керек.

Ал егер жау қоршаған, аштықтан бұралған орыстың нахақ революционерлері жеңіліс тапса, онда осынау зұлматтың зіл жүгі Еуропаның бүкіл революционерлерінің, оның бүкіл жұмысшы табының иығына түспек.

Бірақ адал жүрек тайынбайды, адал ой азғырғанға көнбейді, адал қол еңбек етуден шаршамайды – орыс жұмыскері өзінің Еуропадағы бауырлары Ресейді буындыруға жол бермейді, жаны шығып, келмеске кететіннің баршасының қайта тірілуіне тосқауыл қоя алады!»

Ал енді мынау Горькийдің өткен жылдың 8 ақпанындағы «Новая Жизнінен» қиынды:

«Біздің алдымызда өзінің көздегені, өзінің өлермен болған самодержавиесінің тірлігін бірер аптаға созу жолында социализмнің мүдделерін, ресейлік пролетариаттың мүдделерін, оның атын жамылып Романовтардың бос қалған тағында тайраңдау жолында ең сұмдық сатқындыққа әзір тұрған содырлардың бір тобы тұр!»

Жасырын жинап, бір-бірімізге ақпарат берумен ілігіп жүрміз әйтеуір. Біз үшін мұндай қарсы барлаудың бас қосар жері – Херсон көшесіндегі Щ.-ның пәтері. УББ (украин баспасөзінің бюросы) алатын хабарларды сонда әкеледі. Кеше УББ-ға шифрланған тілгәрам келіпті: ағылшындар Петерборды алыпты, Григорьев Одессаны қоршап жатыр, Универсалын жария етіпті: онда «Христі керіп салған кеңестер төрт пайыздан аспаса, оларды мойындайтынын мәлімдепті». Киевпен байланыс үзіліп қалған сыңайлы, өйткені Григорьевтің ұрандарына ерген мұжықтар ондаған шақырым бойындағы теміржолды қиратып тастапты.

Солардың «идеялылығына» сенгім келмейді. Бәлкім, кейінде бұл «халықтың большевизммен күресі ретінде» қарастырылып, еріктілікпен бір деңгейге қойылатын шығар. Масқара. Әрине, коммунизм, социализм дегендер мұжыққа сиырға салған ертоқымдай көрінеді, оны жындандырады. Ал десе дағы, гәп Ресейдің бағзы заманнан бері жаны жақсы көретін «ұрыларша шалқақтауында», қарақшылық еркін тірлікке деген жақындығында жатыр – бұл күнде мұндай болмыспен тағы да үйден, кәсіптен безген, азғындыққа салынған мыңдаған адамдар және шарпылған. Мен осыдан он жылға жуық бұрын өзімнің халық жайлы, оның жаны жайлы әңгімелеріме Ив. Аксаковтың: «Бұрынғы Русь әлі өткен жоқ!» деген сөздерін эпиграф етіп алған едім. Дұрыс қойған екенмін. Ключевский орыс тарихының төтенше «қайталанғыштығын» нұқып көрсеткен. Белеңді бақытсыздығымызға қарай осынау «қайталанғыштыққа» ешкім де селт еткен емес. «Азаттық қозғалыс» таңғаларлық алаңғасарлықпен жолға салынатын, оған міндетті түрдегі үміткерлікке қоса артылатын: «күрескерлер» мен шынайы халықшыл әдебиет үшін бір түрі, ал өзгелерге – тылсымдау реңкі тиісті болатын. Және бәрі де, Достоевский айтқандай, «битті бастарына алқагүл тәждерін кептейтін». Және Герцен де мың рет ақиқаттың қоясын ақтарған:

«Біз қолда бардан тереңнен ажыраң болдық... Біз шолжаңдаймыз, болмысқа бойлағымыз келмейді, біз дәйім өзімізді әлдебір армандармен әурелейміз... Біз елдің бүгінгі дәуірінен шығатын адамдардың жазасын тарттырамыз... Біздің кесапатымыз сөз жүзіндегі әрі іс жүзіндегі тірлікті бұзатындығымызда жатыр...»

Алайда, көпшілікке қолда бардан ажыраң болмау сайып келгенде тиімсіз болды, болып та жүр. «Жастар» да, «битті бастар» да тек зеңбірек жемі үшін ғана қажет болған. Жастарға жағымпаздық, себебі олардың қандары қызу, мұжыққа жағымпаздандық, себебі ол қараңғы әрі «шәлтеңбай». Ал көпшілік болса, революция дегеніңіз тек халыққа қожайынның орнында шамалы той тойлап және өршеленудің орайы келсе де, бәрібір оның орын айырбастаудағы қантөгіс ойын екендігін, ондайдың түптің түбінде оттан қашып жалынға түсумен бітетіндігін білмеді дейсіз бе? Әрі ақылды, әрі қушыкеш жол бастаушылар саналы түрде: «Азаттық, туысқандық, теңдік, социализм, коммунизм!» деген мазақ еткен жарнамасын әзірлеп қойған болатын. Енді осынау жарнама олар халықтың желкесіне мығым орнығып отырып алғанша ілулі тұратын болмақ. Әрине, мыңдаған балақайлар мен қызалақтар ештеңенің байыбына бармастан:

За народ, народ, народ,

За святой девиз вперед! – деп айғайлап жатты ғой.

Әрине көпшілік жуан дауыспен және қосылды:

И утес-великан

Все, что думал Степан,

Все тому смельчаку перескажет...

«Өзі не болып еді? – дейді Достоевский. – Ең бейкүнә, сүйкімді мылжың сөз болған... Бізді социализмнің өзі емес, оның сезімтал жағы баурап алатын...» Бірақ жасырын жұмыс та болды ғой, ал осынау жасырын жұмыстағылардың қайсыбірі бақайларын қайда бағыттайтынын, орыс халқының өзіне оңтайлы қасиеттерін тамаша меңзеген. Әрі Степанның да бәсін білген.

«Бабына жетпеген, ұшқалақ, қашанда наразы болып жүретін халықтың рухани қапасы арасында дүрбелең, ауытқу, шайқалақтау оңай бастау алатын... Міне, олар тағы да алапат ауқымда қанат жайып кетті... Дүниеқоңыздық, ойға қортылмаған жігердің, дөрекі пайдакүнемшілдік Руське апат әкелді... Мейірбандардың қолдары семіп қалды, есесіне жауыздардың көрінген пәле-жалаға есіктері ашылды... Қоғамдағы шетқақпайлардың, азғындардың тобырлары «тайпалы көсемдердің, қылмыскерлер, сойқандар мен атаққұмарлардан шыққан жалған патшалар мен атамандардың тулары астында өз мекендеріне ойран салуға ұмтылды...»

Бұл – Соловьевтен, Бүлік кезеңі жайлы. Ал, міне, Костомаровтан, Стенька Разин турасында:

«Халық алдауға түсіп, ештеңенің байыбына бойламай жатып, Стеньканың соңынан ерді... Құрғақ уағдалар, қармақжем, далбалар да болған, ал солардың қасында қақпандар жақтарын қайшылап тұратын... Күллі азиялықтар, күллі пұтқа табынатындар, зыряндар, мордвалар, чуваштар, черемистер, башқұрттар дүр көтерілді, не үшін қырылысып жатқанын білместен сойқанға кірді... Стеньканың «сүйкімді хаттары» келіп жатты: «Боярларға, піркәншіктерге және билік атаулының баршасына қарсы шықтым, халқыма теңдік әкелемін...» Топалаң тонау өріс алды... Стенька мен оның жандайшаптары, бар әскері қан мен араққа қақалды... заң, қоғам, дін атаулыны – жеке пиғылды іркіп ұстайтын болмысты аяусыз таптады... кекшілдік пен қызғаншақтан өрекпіді... қашқын ұрылардан, боқжамбас жалқаулардан бас құрады... Осынау иттің балалары мен қаратабандарға ерен еркіндік беремін деп, іс жүзінде құлдыққа салды, қалт еткен қарсылық үшін азаптап өлтірді, бәрін бауырларым деп дәріптеді, ал күллі жұрт оның аяғына жығылды...»

Лениндер осының бәрін білмеді және есепке алмайды дегенге еш сенгің келмейді.

«Красноармейская Звезда»: «Буржуазияның табақ жалаушыларының және алаяқтарының ең сұмдығы Вильсон Ресейдің солтүстігіне шабуыл жасауға шақырыпты. Біздің айтар жауабымыз: жалтырат табаныңды! Таңғалған мына әлемге дәлелдеуге бір адамдай көтерілеміз... Тек жандары малай болғандар ғана біздің құтқарар зәкірімізден сыртқары қалмақ...»

Қуанышты сыбыстар – Николаев алыныпты, Григорьев жақындап келеді...

6 мамыр.

Иоанн, тамбовтық мұжық Иван, бертінде, – өткен ғасырда, – ғұмыр кешкен тақуа, Дмитрия Ростовский Әулиенің, даңқты да ұлы епископтың иконасына бас иіп тұрып:

– Айналайын, Митюшка! – дейді екен.

Иоанн ұзын бойлы, сәл енңкіш қараторы, қабасақал әрі ұзын да селдір шашты қария болып. Аңқылдақ-нәзік өлеңдер шығарған:

Где пришел еси, молитву сотворяй,

Без нее дверей не отворяй,

Аще не видишь в дверях ключа,

Воротись, друг мой, скорей, не стуча...

Осының бәрі қайда кетті, не боп кетті?

«Атаулардың ең әулиесі», «адам» атауы бұрын-соңды болмаған мазаққа тап болды. Орыс адамы да мазаққа ұшырады, – егер «мұзды жорықтар» болмаса, не болар еді, жанарымызды қайда жасырар едік! Ежелгі орыс жылнамасынан зәрең ұшады: тоқтаусыз қастандық, тойымсыз баққұмарлық, билікке ұмтылыс, кресті алдамшылықпен жалап, сүю, «өз әкеміздің мекеніне қарсы оңбағандарды көтеруге Литваға, Қырымға қашу», тек ақымақ ету мақсатымен бір-бірімізге құлдық жолдамалар жөнелту: («сенің сенімді малайың маңдайы жерге тигенше өзіңе құлдық етеді»), сондағысы – бауырдың бауырға зымиян да ұятсыз кінәсін көлденеңдету... қазіргідей емес, өзгеше бағзы сөздер:

«Қорлық пен мазақ кернесін өзіңді: әкеңнің батасын, ата-ананың табытын, киелі отаныңды, жасағанымыз, біздің Иса пайғамбарды тәрк еткің келе ме!»

8 мамыр.

«Одесский Коммунисте» Григорьев туралы тұтас поэма жүр:

Ночь. Устав, пан Гетман спит,

Спит и – видит «скверный» сон:

Перед ним с ружьем стоит

Пролетарий. Грозен он!

Жутко… Взгляд его горит,

И, немного погодя,

Пролетарий говорит,

В ужас «пана» приводя:

– Знай, изменник и подлец,

Руки вздумавший нагреть,

Желтый гетманский венец

Я не дам тебе надеть!

Қырынғалы барып едім, жаңбырдан қорғалақтап, Екатерининскаядағы өрешенің астында тұрдым. Менің қасымда Одессаның түбіндегі мұжық, «бүкіләлемдік коммунистік революцияның қызыл байрағын күстенген қолдарында бекем ұстағандар тұрды», және нан тәуір бірақ большевиктерден қорқып, бұл иттің балалары тартып алады деп шамалы сеуіпті дегенді арыз етіп қоймай қойды! Мына «келіп, тартып алады, иттің балалары» дегенді жиырма рет қайталаған шығар. Елизаветинскаяның аяқ жағында мылтық асынған, пулемет сүйреткен жүзге жуық солдат жаяужолда шеп құрған. Херсонскаяға ойысып едім – Преображенскаяның бұрышында да – сол... Қалада сыбыс: «Төңкеріс болыпты!» осынау тынбай қойған оттаубайдан құсқың келеді.

Түскі дәмнен кейін қыдырыстадық. Одессадан әбден зықым шықты, уайым-қайғы өзімді жегідей жеп бітірді. Чеканың қасындағы, Екатеринаның қарсысындағы әдемі үйдің терезелерінен әлдебір тағы музыка, аласұрған би, билеп жатқан біреу тап бауыздап жатқандай бақырады, оған: а-а! – мас малғұнның айғайы қосылуда. Айналадағы үйлердің бәрін электр оты кернеп тұр, бос бір адам жоқ.

Кеш. Шам жағушы болма және көшеге шықпа! Ой, осы кештер зәреңді алып бағады!

«Одесский Коммунистен»:

«Очаков гарнизоны контрреволюцияның ұйықтамайтынын біледі, ол маскүнем Григорьевтің сөзінен қуат алып, шаруа мен жұмысшының жүрегіне у жібереді, бір ұлтты екіншісіне айдап салады, себебі маскүнем Григорьев: «Жидтерді соқ, Украинаны құтқар!» деген ұран тастады, бұл Қызыл Армияны дүрбелеңдетіп, әлеуметтік Революцияны жоюға шақырады: маскүнем Григорьев пен оның ұлтшыл сыбайластарына қаһар төгеміз!»

Және әрі қарай: «Қолға түскен ақгвардияшылар туралы мәселені талқылай келіп, біз оларды дем арасында атып тастауды талап етеміз, өйткені олар өздерінің оңбағандықтарын жалғастыра бермек, капиталистер мен олардың құйыршықтарының кесірінен онсыз да көп төгілген қанды одан да әрман көлкітіп төге бермек!»

Мұның жанында – өлеңдер:

Коммунист – рабочий

Знает, сила в чем:

В нем любовь к работе

Бьет живым ключом…

Он не знает наций,

Хлещет черных сук.

Для организаций

Отдает досуг!

9 мамыр.

Түнде әлдебір пойыздар мен теңіздері және өте әдемі пейзаждары бар мазасыз түстер қинайды, көріністер жаныңды ауыртады, уайымға кіріп, әлденені торыға тосасың. Одан алдыңа дәу сөйлейтін ат келеді. Ол менің Святогор мен Илья жайлы өлеңдерімді қайдағы бір көне тілде оқып тұр – менің зәрем ұшып, оянып кеттім де сол өлең жолдарын ұзақ тізбеледім:

На гривастых конях на косматых,

На златых стременах, на разлатых,

Едут братья, меньшой и старшой,

Едут сутки, и двое, и трое,

Видят в поле корыто простое,

Наезжают – ан гроб да большой:

Гроб глубокий, из дуба долбленный,

С черной крышей, тяжелой, томленой,

Вот и сдвинул ее Святогор,

Лег, накрылся и шутит: «А впору!

Помоги-ка, Илья, Святогору

Снова выйти на Божий простор!»

Обнял крышу Илья, усмехнулся,

Во всю грузную печень надулся,

Двинул срыву… Да нет, погоди!

«Ты мечом!» – слышен голос из гроба,

Он за меч, – загорается злоба,

Занимается сердце в груди,

Нет, и меч не берет! С виду рубит,

Да не делает дела, а губит:

Где ударит – там обруч готов,

Нарастает железная скрепа:

Не подняться из гробного склепа

Святогору во веки веков!

Мен бұл өлеңді 16 жылы жазған едім.

Біз өзіміздің табыт астауымызға көңілді күйде әзілдесіп жантайып жаттық.

Гәзиттерде тағы да: «Маскүнем Григорьевті ажал соқсын!» – бірақ әрі қарай едәуір байыптылау: «Бос сөзді тоқтатайық! Әңгіме бұл күнде ендігі пролетариаттың диктатурасы жайлы емес, социализм құру жайлы емес, Қазанның кәдуескі жеңістері жайлы болмақ... Шаруалар әлемдік революция үшін қасықтай қаны қалғанша күресеміз деп мәлімдейді, бірақ, екінші жағынан, олардың кеңестік пойыздарға шабуыл жасап, біздің ең жақсы деген жолдастарымызды мерт еткендіктері белгілі болды...»

«Қызыл террорды жүзеге асыру тәртібіне сай» атылғандардың жаңа тізімі басылған – сонсоң мақала берілген:

«Троцкий атындағы клубта көңілді әрі қуанышты болды. Кезінде генералдар тобыры ұйлығатын бұрынғы Гарнизондық Жиналыстың үлкен залы бұл күнде қызылармияшыларға лық толған. Әсіресе соңғы концерт көпшілік көңілінен шықты. Алдымен «Интернационал» орындалды, сонсоң Кронкарди жолдас тыңдаушыларды өзіне тартып алып, иттің үргенін, балапанның шиқылын, бұлбұлдың сайрағанын және әйгілі шошқаға дейінгі жануарлардың дауысын айнытпай салды...»

Балапанның «шиқылын» және «бұлбұлдың сайрауын және әрі шошқаға дейінгі өзге жануарлардың әндетуін албасты да ойлап таба алмас еді. Бірақ әлгі «ән салатын әйгілі шошқаны» салудың алдында неге алдымен «Интернационал» орындалды?

Әрине, кәдуескі «шарбақ әдебиеті». Бірақ осынау «шарбақтың», осынша шошқалық әрі интернационалды қоршаудың ар жағында бүкіл дерлік күллі Ресей, бүкіл дерлік орыс болмысы, бүткіл дерлік орыс сөзі бопсаланып жатқанда, бір кезде сол шарбақтан шығып кету мүмкін бе өзі? Ал сонсоң – осынау шарбақ әдебиеті бүткіл «жаңа» орыс әдебиетінің қандас туысы сипаттас. Анам-мынау жерде емес, «жуан» жұрналдардың өздерінде міне, мәселен, мынадай дүниелер баяғыдан бері басыла бастады емес пе:

Уж все цветы в саду поспели…

Тот лен, из какого веревку сплели…

Иду и колосья пшена разбираю…

Вы об этой женщине не тужьте…

А в этот час не хорошо везде ль?

Царевну не надо в покои пустить…

Я б описал, но хватит слов ли?

Әдебиеттегі сөздің қожырауы, оның асыл мағынасның, дыбысы мен салмағының тепкіге түсуі баяғыдан басталған.

– Сіз үйге қайтасыз ба? – дедім мен жазушы Осиповичке, онымен көшеде қоштасып тұрып.

Оның жауабы:

– Отнюд! (тіпті, мүлде. – Ауд.)

Орысша бұлай демейтнін мен оған қлай жеткізбекпін? Түсінбеді, сезбейді:

– Ал енді не деу керек? Сонда «отнюдь нет!» пе, сізше? Сондағы айырмасы не? Ол сезбейді де. Е, оған кешіруге болады, айтпақшы ол одессалық қой.

Оған және кешіруге болатыны, ол түбінде мойындап, «отнюдь нет» керектігін еске сақтауға уәде береді. Ал әдебиет өрісінде өздерін керемет сөз зергерлері деп сезінетіндер өріп жүрген жоқ па? Ал ескі («шымыр да қою») халық тілінің, жай ғана бір ауыз сөз сөйлемейтін, кәнігі орыстық мінезімен діңкелететін тілдің табынушылары қаншама!

Соңғы жағдаят (барлық «интернационалдық» ізденістерден, күллі батыстық үлгілерге қайдағы бір жастүріктік еліктеушілерден кейін) үлкен сәнге айналып барады. Қаншама өлең өрушілер мен қарасөзді қорек қылғандар халықтың қазынаснан аңыздарды, ертегілерді, «алтын сөздерді» қағып алып, ұятсыздықпен өздерінікі деп жария етіп, оларды өз еркімен әлеміштеп, облыстардағы сөздіктерді қазбалап, Русьте ешкім де, ешқашанда сөйлемеген, оқу еш мүмкін емес жүрек айныр қойыртпақты алға тартты! Мәскеулік және петерборлық салондарда әрқилы Клюевтер мен Есениндер, қаңғыбастар әйтпесе жігіттерше киініп алып, мұрындарының астынан «сөйлеу» туралы міңгірлеп бастарын тау мен тасқа соқты емес пе!

Тіл халық ішінде де азғындап кетті. Бірде мұжықтан итіңді немен қоректендіресің деп сұрадым. Анау:

– Немені қалай? Е, ештеңемен де емес, бұл жарықтық не берсең де жей береді: бұл итімнің өзі сондай, – дейді.

Мұндайдың бәрі кезінде болған, халықтың ағзасы мұны өзге уақытта да игерер еді. Ал енді ше?

10 мамыр.

«Колчак Белебейден айырылды, енді шаруаларды өлімге бұйырып жатыр... Колчакпен бірге Михаил Романов келе жатыр, мінгені баяғы күйме: онымен бірге самодержавие, православие, халықшылдық… жебірей қырғындарын, арақты қоса әкеле жатыр... Ллойд-Джордждың қолынан тойынған Колчак әбден зықысы шыққан халықты діріл қақтыру үшін халықаралық жыртқыштарға қызметке кірген... Колчак жұмысшылардың қанын қашан ішемін деп жұлқынуда...»

Жанында солшыл эсерлердің тарапына айтылған боқтық сөз бен қорқыту қоса жүр: «Мына жазғыштар кейде құмға көміліп, билей жөнеледі: өз кейіптерін бояғыштайды, бірақ қанша тазаланса да, оларында кулактық «секпілдері» атойлап тұрады...»

Колчактың «қиғыштап» жатқан шаруаларымен бірге, немістер үшін де қатты алаңдайды: «Версальдағы пасық комедия аяқталды, бірақ шейдемандықтардың (Ф. Шейдеман (1865-1939), Германияның сол кездегі үкімет басшысы. – Ауд.) өздері де одақтастық қасаптардың буржуазиялық акулалардың алға қойған шарттары мүлде қабылдауға қелмейді деп мәлімдеуде.

Гимназическаяға бардық. Жеткенімізге шейін дерлік жол бойы көктемгі, тамаша жаңбыр жауып тұрды – бұлттардың арасынан төніп тұрған көгілдір аспан анау. Ал мен болсам, екі рет есімнен танып қала жаздадым. Осы жазуларды тастау керек. Жазамын деп, жүрегімді одан сайын жұлмалап жүрмін.

Тағы да сыбыстар – енді гүлді (яғни, орысша айтқанда түрлі-түсті), бізді құтқаруға асығып келе жатқан көлікті әскерлер жайлы баяғы...

Подвойскийді жақсы білетін адамның ол жайлы айтқаны: «Топас бурсак (діни мектептің оқушысы. – Ауд.), шошқа көзді, ұзын мұрынды, тәртіп дегеннің маньягы...»

11 мамыр.

Нағыз орыс рухындағы ұрандаулар:

– Алға бауырлар, өліктерді санамаңдар!

Григорьевтің «талқандалғаны» жайлы хабарлардан бір ғана түйін жасауға болады – григорьевшілдіктен бүкілдей дерлік Кіші Ресей қамтылған.

Кеше Одессаға Троцкийдің «өзі» келіпті десіп жатты. Бірақ ол Киевте көрінеді. «Көсемнің келуі Украинаның бүкіл жұмысшылары мен шаруаларын қанаттандырды... Көсеміміз буржуазияның омыртқасы омырылған күндері халықтық миллиондардың атынан ұзақ сөз сөйледі... Халыққа балконнан сөз тастады…»

Ленотрды (Тарихшы Ж. Леонтр (1855-1935) «Ескі үйлер, ескі қағаздар» деген кітабы) оқып жатырмын. Сен-Жюст, Робеспьер, Кутон… Ленин, Троцкий, Дзержинский… Кім сұмпайылау, қанішерлеу, ластау? Әрине, қанша дегенмен мәскеуліктер. Бірақ париждіктер де «тәуір» болған.

Кутон, дейді Ленотр, Кутон – диктатор, Робеспьердің ең жақын серіктесі, лиондық Аттила, заңгер және садист, мыңдаған титтей де жазығы жоқ адамдарды эшафотқа малша айдаған қанішер, бір белгісі, қамытаяқ мешел болған. Бірақ ол қандай жағдайда аяқтарынан айырылған? Сөйтсек, құдай салмасын... Ол өзінің ашына қатынының үйінде, әлгінің байы жоқтығын пайдаланып, қонып жатқан ғой. Бәрі тамаша жүріп жатқан, кенет үйіне оралған еркектің дыбысы шықпай ма? Кутоныңыз төсектен атып тұрып, терезеден қарғып кетеді. Қарғып кетеді де, боқтық жиналатын шұңқырға күмп ете түседі. Содан таң атқанша отырған байғұстың қос аяғы – аяқ болудан қалады.

Николаевта жебірей қырғыны жүріп жатыр деседі. Шамасы Украинаның барлық шаруаларын «көсемнің келуі қанаттандыра қоймаған» секілді.

Алайда, гәзиттердің үні бұрынғыдан да мығым, бетсіз болып барады. «Құтқарушы болған, байларға қарсы шыққан Христі керіп тастау большевиктердің шаруасы емес» дегендері кеше ғана емес пе еді? Ендігі олар өзге әнге басқан. Міне, «Одесский Коммунистен бірер жол»:

«Иисус Христос сияқты атақты сиқыршының сілекейлері де тиісті сиқырлы күші болуға тиіс. Бірақ көпшілік оның ілімінің адамгершілік мағынасы жайлы қылымси береді. Христтің «ақиқаттары» өздерінің құндылығы тұрғысында ештеңемен салыстыруға болмайды дегенді дәлелдегілері келеді. Бірақ, бұл түбірімен жөн емес, және тарихты білмеушілік пен дамудың жеткіліксіз тереңдігімен түсіндіріледі».

12 мамыр.

Тағы да жалаулар, сатұр-сұтыр жүрістер, тағы да той-томалақ, – пролетариаттың қызыл армиямен ынтымақтасу күні». Қаптаған мас солдаттар, матростар, қаңғыбастар.

Біздің қасымыздан бір өлікті алып бара жатыр (большевик емес), «Жаратқан өзің қабыл алсаң, мейіріміңді төккейсің...» Тура айтады. Өлгендер тыныш табады.

Десе дағы, Троцкий ақыры келіпті. «Патшадайын қарсы алыпты».

14 мамыр.

«Колчак Михаил Романовпен бірге арақ және қырғын әкеле жатыр...» Ал Колчагыңыз Николаевте де, Елизаветградта да жоқ, сөйтсе дағы:

«Николаевта еврейлік аюандық қырғын... Елизаветград қараңғы бұқарадан қатты ойсырап қалды. Миллиондаған шығындаған келді. Дүкендер, жеке пәтерлер, дүңгіршектер, тіпті титтей буфеттерге дейін таза сыпырылып тасталған. Кеңестік қоймалардың астан-кестені шыққан. Елизаветградқа есін жию үшін қаншама уақыт керек!»

Әрі қарай:

«Одессада бас көтерген солдаттардың жетекшісі, енді Ананьевті талқандап жатыр, жүзден астам адам опат болған, дүкендер быт-шыт...»

«Жмеринкада да Знаменкадағыдай еврей қырғыны…» Бұл Блоктарша айтқанда: «халық революция әуеніне бөленген – тыңдаңдар, тыңдаңдар революция әуенін!»

15 мамырға қараған түн.

Өзімнің «боқшамды» қарап шықтым, бірталай өлеңдерімді, бірнеше басталған әңгімелерімді жыртып тастадым. Бәрі де күйініштен, үмітсіздіктен (ондай менде бұрын да талай рет болған). 17 және 18 жылдар жайлы жазбаларды жасырдым.

Ах, осындай түндердегі қағаздарды, ақшаларды ұрыларша бір жасырып, қайта жасырулар-ай десеңізші! Миллиондаған орыс адамдары осы жылдары іру-шіруден, қорлықтан өтті. Ал сонсоң тығылғандарды тауып алады. Сөйтіп, біздің өміріміз ертегіге, аңызға айналады...

17 жылдың жазы. Ымырт кез, көшеде, ағаш үйдің маңында бір топ мұжықтар жүр. Әңгіме «орыс революциясының әжесі» жайында. Үйдің иесі асықпай баяндауда: «Мен бұл кемпірді баяғыдан естіп келемін. Көреген-ақ, ол рас. Қазіргі жағдаятты елу жыл бұрын болжап айтқан деседі. Құдай сақтасын, қорқыныштылығы сұмдық: жап-жалпақ, өзі ашушаң, көздері әрі сығырайған өткір-ақ, – мен оның пәдіретін фельетоннан көрдім. Түрмеде өзін қырық екі жыл бойына шынжырлап ұстағанда өлтіре алмапты, күні-түні қасынан кетпесе де, анау есебін тауып, миллион жинаған! Енді елді билігіне салған, жер берем дейме-ау, соғысқа жібермеймін дейме-ау... Ал оның билігіне барып, менің не шаруам бар? Жердің керегі жоқ, қызығы оны жалға алғаным жөн, бәрібір оған көң төге алмаймын, ал солдатқа бәрібір алмайды, мендей шал кімге керек...»

«Кешкісін әлдебір көйлегі ағараңдаған біреу, кейін анықталғандай, «орыс революциясының көркі мен мақтанышы» едіреңдеп, киліге кетті:

– Бізде сендей арандатқышты бес минөтте қамап, табан астында атып тастар еді!

Мұжық байыпты және мығым түрде қарсы шықты:

– Ал сен бар ғой, матрос болсаң да малғұнсың. Мен сенің әкеңдей адаммын, кезінде менің үйімнің қасында дамбалсыз жүгіріп жүретінің қайда? Қайдағы сен комиссарсың, әрлі-берлі жүрген қыздардың етегіне тапа-талтүсте кіріп кетуге оңтайланып тұратының қалай? Асықпа, асықпа шырағым – қазынаның шалбарын жыртасың, ұрлап-қарлап тапқаныңды ішіп бітіресің де, қайтадан менің малымды бағуға сұранатын боласың! Қайтадан, бауырым, менің шошқамды қақпалауға барасың. Бұл саған мырзаларды мыжғылау емес. Мен сенен Жучковыңмен қосақталсаң да қорықпаймын!

(Жучков дегені Гучков).

Сергей Климов, құдай аманаты қосып қояды:

– Ей, мынаны баяғыда Петроградқа тапсыру керек еді. Онда тек әрқилы жағдаят...

Вагондағы қыздар шыңғырып жатыр:

Люби белых, кудреватых,

При серебряных часах…

Таудан бері қарай бір топ жігіт гармондатып және балалайкалатып келеді:

Мы ребята ежики,

В голенищах ножики,

Любим выпить, закусить,

В пьяном виде пофорсить…

Мен ойлап тұрмын: «Жоқ, большевиктер десе дағы Уақытша үкіметтегі мырзалардан гөрі ақылдырақ! Олардың бұлайша бетпақтана түсуі тегіннен тегін емес. Олар олар өз жамағатын жақсы біледі».

Деревняда, үйдің жанында қашқын солдат темекі тартып, әндетіп тұр:

– Түніңіз екі минөттей-ақ қап-қараңғы...

Мынасы не оттағаны? «Екі минөттей-ағы» несі?

– Ал енді қалай? Мен дұрыс айтып тұрмын: екі минөттей-ақ. Осы жерде екпін жасалады.

Көрші:

– Е, бауырым, осыдан неміс келсін, екпіннің көкесін сонда көрерсің!

– Ал маған бәрібір – немістің астына түссем, немістің астына-ақ түсейін!

Бақшадағы қостың жанында кәдуескідей жиналыс өтіп жатыр. Қарауылшы, көпті көрген мұжық және қызыл тілді шешен, Еділдің маңайында, бұлттардың арасынан ұзын тұрқы жиырма шақырым болатындай бие құлапты деген сыбысты айтып тұр. Ол маған қарай ойысып:

– Шамасы, мырзам, көкіме сөз ғой, ә? – деді.

Оның серіктесі өзінің «революциялық» өмірін рахаттана баяндайды. Ол 1906 жылы үйдің есігін бұзып, ұрлық жасағаны үшін түрмеде отырған – және бұл оның ең жүрек тербетер естелігі, қайда жүрсе де ылғи осыны айтады, өйткені сол түрмеде:

– Сан қилы той-томалақ және тоярлық тамақ сонда болған!

Ол әрі қарай кетті:

– Түрмеде, әдетте, жоғарғы текшеде, саясилар, ал екіншісінде солардың көмекшілері отыратын. Өздері ешкімнен де тайсалмайды, губернатордың өзін сыпыра боқтайды, ал кешке қарайғы әндері «біз құрбан болдықтан» басталады...

Осында саясилардың бірін патшаның өзі дарға тартуға бұйырып, Синодтан ең зұлым жендетті алдыртыпты, бірақ артынан оған кешірім беріліп, енді саясиларға бас губернатор және патша сарайындағы үшінші тұлға, енді ғана губернаторлыққа емтихан ұстаған тағы біреу келді. Келді де – саясилармен тойлауға кіріссін: урядникті граммофонға жұмсады, содан ішіс басталсын – губернатордың сылқия тойып алғандығы сондай, аяғынан тұра алмайды, сол бетінде күзетшілері күймеге сүйреп әкетті... Бәрімізге жиырма тиыннан ақша, жарты қадақтан түрік темекісін, қос қадақтан нан жібертемін деп уағда беріп еді, қайдағы... бәрі жайына қалды...

15 мамыр.

Жүрмін әйтеуір, көшелерде, бұрылыстарда, базарда айтылғандарға құлақ тосамын. Жұрттың бәрі «коммуния» мен жебірей десе ызалана тіс шықырлатады. Ал деген сұмдық юдофобтар Ропиттегі жұмысшылар арасында өріп жүр. Не деген оңбағандар! Олардың кеңірдегін әлдебір садақамен тығындайды. Халықтың төрттен үші осындай. Садақа үшін, қырып-жоюға жол ашу үшін ұятын, жанын, құдайын сатады...

Базарды кестей өтіп едім – сасық иіс, ластық, қайыршылық, жасы жүзге жақындап қалған хохолдар мен хохлушкалар, тырық өгіздер, атам заманғы арбалар, міне осының бәрінің жуан ортасында жарнамалар, үшінші интернационал үшін шайқасқа шақырушылар. Әрине, мұндайдың оттаубай екендігін ең мақау, ең мақұлық деген большевиктердің өздері де түсінеді, ара-арасында күлкіден шектері қатып жатады.

Из «Одесского Коммуниста»:

Зарежем штыками мы алчную гидру,

Тогда заживем веселей!

Если не так, то всплывут они скоро,

Оживут во мгновение ока,

Как паразит, начнет эта свора

Жить на счет нашего сока…

Дәріханаларды шауып жатыр: бәрі де жабық, «халық меншігіне айналдырып, есепке алынуда». Құдай сақтасын, ауырып қалып жүрмейік!

Міне, күллі осындайдың ортасында, тура жындыханадағыдай жатырмын, арасында «Платонның тойын» оқып қоямын, жан-жағыма есіріктерше алақтаймын, пері соққан жанарыммен үңілемін...

Неге екені белгісіз, атақты анархист, князь Кропоткинді еске алдым, Мәскеудегі үйінде болғанмын. Бекзаттар әулетінің ғажайып өкілі, балақайдан айырғысыз мейірбан шал – тіпті зәрең ұшады.

Костюшконы «барлық бостандық атаулының қорғаншы» дейтін. Порымы масқара.

16 мамыр.

Дондағы және Еділдің ар жағындағы большевиктердің халі нашар сияқты. Қол ұшын бере гөр, Жасаған!

Ақын Полежаевтың өмірбаянын оқыдым да, қатты толқып кеттім – әрі жаныңа батады, әрі қаяулы, әрі тәтті (Полежаевтың өз басы жайында емес, әрине.) Иә, осынау өткенді, әкелеріміз бен аталарымыздың дәуірін сезімін сезінетін соңғы пенде мен ғана...

Жаңбыр себездеп өтті. Аспанның заңғарында бұлттар жүзіп жүр, күн сығалап қояды, ауладағы сарғылт-жасыл қарағандарда құстар сайрайды. Ендігі ғұмыр бойына қайыра оралмас дәурен жайлы ойлардың, естегілердің үзіктері... Поганое шоқтоғайы есіме түсті – жердің түбі, қайың-тал, шөптер мен гүлдер беліңнен келеді, – тап осындай жаңбырдың астында бірде жүгіріп өткенім, қайыңның, даланың, егістіктің, бүкіл Ресейдің хош иісі зердеме оралды...

Николай Филипповичті (Николая Филиппович Шишкин, бір кездері оның саяжайында Буниндер тұрған) оның Одессаның түбіндегі мекенжайынан қуып шықты. Жақында оның одессалық пәтеріне де тықыр таянды. Байғұс шіркеуге барып зиярат етіпті, – одан большевиктерге пәтері жайлы құлдық жасап, сол жерде кенет жан тапсырыпты. Мекенжайында жер қойнауына беруге рұқсат беріпті. Оған да тәуба – не десе де өз бақшасында, жақын-жуығының арасынан орын тиген. Арада жүз жыл өтер – сонда осы зират қасында оның уақытын тым болмаса әлдебіреу сезінер ме екен? Жоқ, ешкім де, ешқашанда. Менің уақытымды да солай. Ал өзім ағайын арасына жетіп жығылам ба, әлде кім білсін...

«Попов университет мұрағатынан Полежаев туралы істі іздепті…» Қайдағы бір Поповтың Полежаевта не шаруасы бар? Бәрі де I Николайды қаралаудан туындайды.

Қази молданың мүридтерін бұғалықтау. Қази атай қашқын орыс солдаты болған. Өзі орта бойлы, беті секпілді, селдір сақал, көздері өткір еді. Өз әкесін көмейіне қайнатылған май құйып өлтірген. Арақ сататын, одан өзін әулие деп жариялап, ғазауат соғысын жариялады... Тап осындайлардан қаншама бүлікшілер, көсемдер шықты десеңізші!

17 мамыр.

Ақтар Псковты, Полоцкіні, Двинскіні, Витебскіні басып алыпты деседі… Деникин Изюмді алып, большевиктерді тырқырата қууда деп жатыр. Егер осының бәрі шындық болса?..

Большевиктердегі қашқындық бой бермей барады. Мәскеуде тіпті «центрокомдезертир» дегенді енгізуге тура келген.

21 мамыр

Одессаға – «біз Антантаға мәлімдеу үшін бүкіл елдің пролетариатына шағымдануға... Антантаны масқаралау бақанына байлап тастау үшін...» Иоффе келіпті.

Не жөнінде шағымдануға?

Иоффе жайлы естігенім:

– Бұл еңсесі биік мырза, бар «жазығы» сәнді тірлікті, шараптар, сигаралар мен әйелдерді қатты ұнатады екен. Өте дәулетті адам – Симферополде бу диірмені және Иоффе-Рабиновичтерден шығарылған автокөліктері бар. Керемет атаққұмар, әңгімесін әр бес минөт сайын: «Мен Берлинде елші болғанда…» деп бастайды екен. Бәденді, кәдуескі әйелдердің атақты дәрігері...

Оны мақтаушы оған іштей табынып отырды.

23 мамыр.

«Одесский Набатта» білетіндердің баршасына – із-түзсіз кеткен достар: Валя Злой, Миша Мрачный, Фурманчик және Муравчик жайлы хабарлау жасауға өтініш білдірген… Сонсоң әлдебір Яшенька дегеннің қазанамасы жүр:

«Сөйтіп сен қаза таптың, о ғажайып, Яшенька... енді ғана желегін жайған топиған гүл іспеттес... күннің қысқы лебіндей, титтей әділетсіздіктің өзіне ыза болған, қорлауға, күш салуға қарсы шыққан күйіңде адамзаттығы бар байлықты талқан еткен обыр орданың құрбандығына шалындың...

Яшенька алаңдамай ұйықтай бер, біз сенің өшіңді аламыз!»

Қайдағы орда? Не үшін кімнен өш алу? Мұнда анық жазылған ғой, – Яшенька «әлемдік венеризмнің» құрбаны емес пе?

Дерибасовскаяда қабырғарда жаңа суреттер пайда болды: матрос пен қызылармияшы, казак пен мұжық көздері бақырайған, жүрек айныр құрбақаны – буржуйды жіптермен орап, буындырып жатыр; астында – жазу: «Сен бізді жалпақ қарныңмен сығымдап едің ғой»; дәу мұжық шоқпарын сілтеп тұр, ал оның үстіндегі гидраның қанға малынған, тістері ақсиған бастары шайқалақтайды; бастардың бәріне тәж киілген; бәрінен ең қорқыныштысы – жаны шығып кеткен қайғылы, көңілді кейіптегі, бір жағына қисайып құлаған II Николайдың басы; тәждің астынан жақтарды қуалай тарам-тарам аққан қан... Ал «Агитпросветтің» жанындағы алқа – онда бірталай таныстар қызмет істейді – көркемөнерді көркейте түсуге тиістіміз деп есептейді, мәжіліс құрады, шешімге келеді, жаңа мүшелері – Осиповичті, профессор Варнекені қатарына тартады, өңезденген нан, шіріген картоп, сасық балықтан тұратын паек алады...

24 мамыр.

Сыртқа шығып едім, жаңбыр екен, жылы, бірақ көмескі, ағаштардың жұмсақ та ауқымды жапырақтары кеңінен қанат жайған, көңілді, мерекелік күй-жағдай. Бағаналарда дәу жарқағаздар:

«Пролеткульттың залында орасан зор абитурбал (абитуренттерге арналған бал. – Ауд.) өтеді. Спектакльден соң титтей аяқтар, ең әдемі көздерге деген жүлделер беріледі. Жұмыссыз алыпсатарлар үшін модерн стиліндегі дүңгіршектер ашылады, еріндер мен аяқтарды «красный кабачок» жабық дүңгіршектер ішінде ғана сүюге рұқсат, электр тогының сөніп-жануы, котильон, серпантин, әскери музыканың екі оркестрі, күшейтілген күзет, жарық қамтамасыз етіледі, елдің тарауы ескі уақытпен таңғы сағат алтыда. Кештің иесі – үшінші кеңестік армия қолбасшысының зайыбы Клавдия Яковлевна Худякова».

Сөзбе-сөз көшіріп алдым. Ана «титтей аяқтарды» «жолдастар» электр тогы қылжақтағанда, яғни сөніп-жанғанда не істер екен, ә?

Қағаздарды, есі гәзиттердің қиындыларын реттеп, біразын жыртып жатырмын. Менің тарапыма арналған «Южный Рабочийдегі» (большевиктер келгенше шығып тұрған меньшевиктердің гәзиті) өте мейірбанды өлеңдер:

Испуган ты и с похвалой сумбурной

Согнулся вдруг холопски пред варягом…

Бұлар Одессаға француздар зәкір тастаған күні, өткен жылы желтоқсанда «Одесский Листокта» басылған менің өлеңдеріме жауап іспеттес.

Осынау интернационалистер, өздеріне қажет болса, ұлтшылдарға, патриоттарға қалай айналып шыға келеді! олар «қорқып кеткен бекзаттарға» немесе «қорқып кеткен тоғышарларға» осылардан әлдеқайда биік тұрғандай қалай-қалай едіреңдейді? Әлгі «тойынған тоғышарлар» кім өзі. Революционерлер, егер орташа адамның өзін өлердей жеккөретін болса, сонда олардың уайымы не өзі?

Кез келген ескілікті үйде ондаған жылдар бойына ғұмыр сүріп жатқан жанұяларды қапияда бас салыңдар, барлық қожайындарын, қызметшілерін, малайларын тұтқындаңдар, сабаңдар, отбасылық мұрағаттарын шашыңдар, жағыңдар – әйтеуір бір ілік табуға өздеріңе керек жағдайды жасаңдар!

Осылайша, ресейлік ескі үй талан-таражға түсті. Сонда не таптыңдар? Ал оны бүкіл әлем қарғаған биліктің тұсында талқандады ғой! Сонда не ілдіңдер? Түк те!

25 мамыр.

«Одессаға III интернационалдың хатшысы Балабанова жолдастың келуі».

Әлдекімнің музыкалатқан, жалаулатқан жерленуі: «Бір революционердің өліміне – мың буржуй ажал құшсын!»

26 мамыр.

«Наубайшылардың одағы социализм патшалығын орнату жолындағы қайтпас күрескер наубайшы Матьяштың қайғылы қаза тапқандығын хабарлайды...»

Қазанамалар, мақалалар:

«Тағы да біреу шетінеді... Матьяштан айырылдық... Қайтпас, бекем, ақжарқын... Табыт маңында – наубайшылардың барлық секцияларының жалаулары...»

Достоевский айтады:

«Егер осынау оқытушылардың баршасына ескі қоғамды қиратуға және жаңасын жасауға жол ашса, ондағы қапастық, аласапырандық, хаюандықтың ойнақтап шыға келетіндігі сондай, әлгі ғимарат салынып бітпес бұрын бүкіл адамзаттың қарғысынан күл-талқаны шығады...»

Бұл күнде осы жолдардың өздері де әлсіз сияқты.

27 мамыр.

Киелі Рух күні. Сергиев училищесіне ауыр сапар, жол бойы жаңбырдың астында болдым, кигенім жыртық-жыртық бәтіңке. Ашқұрсақпыз, содан да болар, әлсізбіз, екі сағаттай әрең жүрдік. Әрине, өзім күткендей, онда көргіміз келген мәскеулік мейманды үйінен баспадық. Сол қиын жолмен қайыра қайттық. Шынылары быт-шыт сынған өлі вокзал, тот басқан рельстер ирелеңдеп жатыр, қасында сатпақ-сатпақ алаңқай, жұрт бар жерде у-шу, әткеншектер, карусельдер... Әлдебіреу тоқтатып алып, танаудан бір пере ме, әйтпесе В.-ны құшақтай ала ма деген ұдайы қорқыныш. Тісімді шықырлатып, егер біреу өйтетін болса, салмақтылау тасты бас салып, «жолдастың» маңдайынан ағып өтейін деген сеніммен аяңдай бердім. Сонсоң қайда сүйрелесең, сонда сүйреле!

Үйге үштің кезінде оралдық. Жаңалықтар. «Кететін болды! Ағылшындар ультиматумы – қала дереу босатылсын!»

Н.П. Кондаков келіп кетті. Халықтың кезінде оған өзіміз «жүз жыл бойына қанжығасына байлаған» бізге деген ашу-ызасы жайлы сөйледі. Одан Овсянико-Куликовский. Одан А.Б. Сыбыстар дүңк-дүңк етеді: «Сандықтарды, шабадандарды және кәрзеңкелерді тартып алып жатыр – үдере қашуда... Киевпен байланыс таза үзілген... Проскуров, Жмеринка, Славянскіні басып алыпты…» Сонда кім басып алған. Оны ешкім білмейді.

Тура жүзге тарта папирос тартқан шығармын, қолдарым мұздай.

Түнде.

Иә, адамзаттың бақытын, «жаңа, тамаша тірлікті» орнықтыратын әлдебір әлемдік бюро баяғыда құрылыпты. Оныңыз түнде жұмыс істейді, кез келген адамауи азғындық атаулының бәріне де тапсырыс қабылдайды. Сізге тыңшылар, сатқындар, бізге жау армияны божырату қажет пе? Мінекиіңіз – біз бұл тұрғыда едәуір ширақтығымызды көрсеткенбіз. Сізге әлдебіреуді арандату керек пе? Келе қалыңыз – ондай мамандарды еш жерден таба алмайсыз... Жәнесін жәнелер, тағысын тағылар.

Бұл не деген қырт сөз! Ғаламшардың алтыдан бір бөлігін – бөлігі болғанда қандай! – ертегідегідей дәулетті, ертегідегідей жылдамдықпен өрлеп, өрістеп жатқан ел едік! – енді сол халыққа жүз жыл бойына құтылудың төте жолы сол қожайындарыңдағы десятиналарды (деселерді) тартып алу ғана деп нығарлап бақтық емес пе?!

28 мамыр.

Жиі-жиі ұйқым қанбайтынды шығарды, бүгін де ерте ояндым. Таң елеңнен сыбыстар қинай бастады. Олардың молдығы сондай, тіпті басымда мибатпақтанып кетті. Жұрттың көбісі азаттық келіп қалар деп дәмеленуде. Кешке шыққан «Известиялардан»: «Біз Проскуровты, Каменецті, Славянскіні жауға бердік. Финдер шекараны бұзып өтті, еш себепсіз Кронштадты атқылап жатыр… Чичерин қарсылық білдіруде… Домбровский тұтқындалыпты, түнде оның жауынгерлері қарусыздандырылды, атыс болды.

Домбровский Одессаның коменданты. Бұрынғы актер, Мәскеуде «Театр Миниатюр» дейтінді ұстап тұрған. Оның туған күні болыпты, дүрмекті той болған. Чекадан көп қонақтар келіпті. Мас болғандар төбелес шығарып, аяғы сатұр-сұтыр атысқа ұласқан.

29 мамыр.

Одессаға қамауға алынған Домбровскийдің орнына комендант болып студент Мизикевич тағайындалды. Сонсоң: «Румыния көтерілді… күллі Түркияда революция алаулады… Индиядағы революция шарықтай түсуде…»

Талтүсте қырынуға бардым. Қабақтары қатулы екі жолдас салонға ие әйелге керемет көргенсіздікпен әлдебір концертке билеттер (билеті 75 сом тұрады) сатып ал деп әкіреңдегендіктері сондай, талайды көрген менің өзім де қайран қалдым. Луи Ивановичті (таныс теңізшіні) жолықтырдым: «Ертең он екіде ультиматумның мерзімі бітеді, Одессаны француздар алады». Масқара, үйге тап бір мас болғандай, шатқаяқтап қайттым.

31 мамыр.

«Айбынды кеңес әскерлері Уфаны алды, бірнеше мың тұтқындар мен он екі пулемет қолға түсті... Безе қашып жатқан жауды түре қуудамыз... Біз Бердянскіні, Чертковоны, тастап шықтық, Царицынның оң қапталында ұрыс жүргізіп жатырмыз». Бұл күнде Берлинде Розаны (Люксембург. – Ауд.) жерлеп жатыр. Сондықтан Одессада – аза тұту күні, ойын-сауықтың барлығына тыйым салынған, жұмысшылар тек таңертең ғана жұмыс істейді, «Одесский Коммунисте» «Бөріктеріңді шешіңдер!» деген мақала жүр.

Он жұмыртқа ендігі 35, май 40 сом тұрады, өйткені қалаға азық-түлік әкелетін мұжықтарды «бандиттер» тонайтын көрінеді. Зираттар есепке алыныпты. «Азаматтар енді тегін көмулеріне болады». Сағаттар және бір сағатқа ілгерілетілді – қазір менікінше таңертеңгі он, ал «кеңестіктерше» күндізгі бір жарым.

Иоффе вокзалда, вагонда тұрып жатыр. Ол мұнда мемлекеттік тексеруші ретінде келген. Көптеген одессалық жағдаяттарға таңғалады, ашуланады, – «Одесса жүгенсіз кеткен екен» деп иығын қопаңдатады, қолдарын жаяды, әлденелерді «жұмсартады»...

«Тікенекті гүлтәж» деген титтей мақала: «Жұмысшылар арасында жабысқақ та суық хабар тарады: «Матьяшты өлтіріпті!» Күс-күс қолдар ызадан түйіліп, ендігі қарлыққан айғай келіп жатыр: «Басқа – бас! Қане, кек алайық!»

Сөйтсек, Матьяш атылып қалыпты: «Мынадай сұмдықты көтере алмаған, жан-жақтан небір бандиттер, ұрылар, тонаушылар, тастық, зорлық-зомбылықтар қыспалаған... Тексеру комиссиясы оның мұндай бандиттер, ұрылар, алаяқтардың ортасында жұмыс істеудің азапкерлігін түсінгенін анықтады...» Сөйтсе, және тағы да – «жеңіл мас болу» араласыпты.

2 маусым.

Хабарлар – қояндардың жымы секілді. Біреуі көрініп тұр – Деникин жеңістен жеңіске жетіп келеді.

Таңертеңгі дәмнен кейін есік алдына шықтық. Үйдің қақпасының алдына шықтық, Шмидтпен, Полевицкаямен, Варшавскиймен ұшырастық. Полевицкая тағы да менің мистерия жазғанымды, онда өзі Құдай ананың рөлін немесе христиандыққа шақыратын әулиені ойнағысы келетінін көлденеңдетті. «Кімді шақыратын? Мынадай аюанды ма?» - деймін. – «Енді несі бар? Міне, жақында бірінші қатарда салмағы кемінде он екі пұт шығар, матрос жылап отыр...» Ештеңе етпейді, қолтырауындар да жылайды дедім.

Түстен кейін және шықтық. Қашандағыдай, жаныңдағы тас езгілейді. Міне тағы да кешкі әуеде тап бір теңіз түбінен алынғандай қызғылт шыны іспеттес жұлдыздар жайнайды, Қызыл қалтарыста, «Свердлов атындағы» театрдың кіреберісінде тұрмыз. Тағы да баяғы қорқынышты плакат – мұжықтың соққысынан бір жағына қисайып қалған тәжі бар патшамыздың басы...

3 маусым.

Осыдан бір жыл бұрын Одессаға келген едік. Айтуға оңай – бір жыл! Содан бергі өзгеріс атаулының баршасы құрдымға кетіп жатыр. Тіпті Мәскеуден мұнда көшіп келгенімнің өзін ғажайып уақыт санаймын.

4 маусым.

Антанта Колчакты Ресейдің Жоғарғы Билеушісі ретінде мойындапты. «Известияда» былапыт мақала жүр. «Ей, сұмпайы, айт қане бізге, мынауың үшін қанша алдың?» Кетсінші әрі бәрі де. Қуаныш жасымды ірікпестен шоқынып алдым.

7 маусым.

Ивасенконың кітап дүкенінде болдым. Оның кітапханасы «мемлекет меншігіне алынған», кітаптар «мандаттары» барларға ғана босатылады. Енді міне айлақтағы жүкшілер мен қызылармияшылар қаптап келіп қолдарына түскендерін: Шекспирді, бетон құбырлар, ресейлік мемлекеттік құқық туралы кітаптарды... әкетіп жатыр. Мына жерде бекітілген арзан бағамен сатып алып, қымбатқа сатпақ.

Майданға ешкімнің де барғысы келмейді. «Тайқақтаушыларды» ұстап алып та жатыр.

Ұзақты күнге дүкендер мен буржуйлардың үйлерінен тонағанды лықыта толтырған жүк арбалар көшелердің бойымен әрлі-берлі өтіп жатыр.

Одессаға қанішер адамдардан әрман петерборлық матростар жіберіліпті деседі. Шынында қалада матростар көбейіп кетті, сиықтары өзгешелеу, шалбарының балақтары далиып жатыр. Жалпы көшеде жүруге қорқасың. Күзетшілер винтовкаларымен ойнап отырады – селт етсең атып тастауы ғажап емес. Минөт сайын көретінің – екі сотқар жаяужолдың үстінде браунингті бөлшектеп-құрастырып тұрады.

Түстен кейін желекжолдағы зеңбірекке бардық. Топ-топ адам, әңгіме-дүкен, үгіт-насихат – бәрі де ақгвардияшылардың аюандықтары жайлы, ал әлдебір солдат өзінің бұрынғы қызметі туралы соғып тұр; баяғы нәшәндіктердің өз қалталарына қанша тыққандары турасында – бұл малғұндардың қиялы қалтадан әрі бармайды.

– Ал Перемышльді генералдар он мыңға сатқан, – дейді және біреуі, – мен бұл шаруаны жақсы білемін, өзім де сонда болғанмын.

Деникин жайлы, оның жеңістері туралы аласұрған сыбыстар. Ресейдің тағдыры шешіліп жатыр.

9 маусым.

Гәзиттерде баяғы әуен – «Деникин лаулаған ошақты қолымен сөндіргісі келеді» – және бәз-баяғы немістерге «масқара» бейбітшілікке қол қоюға тура келеді-ау деген аяныш. Осындайда айғай салғың келеді: «Оңбағандар, Брестегі Ресей үшін қол қойған Карахан (Л.М. Карахан (1889-1937), 1918-20 жж. сыртқы істер халкомының орынбасары болған. – Ауд.) қол қойған масқара бейбітшілік қайда?» Бірақ бұл сайтандардың қолдан келместің бәрін талқан қылып, соңынан түк көрмегендей монтия қалатындықтары ғаламат.

Міне, екі жылға жуықтады – сол баяғы бір іркілмейтін күш-қуат. Иә, бұл әлдебір адам сенгісіз жағдаят. Адамзат мыңдаған жылдар бойына жын-пері атаулыға бекер сенбеген. Қайтсе де әлдебір жын-перілік кетпейді.

Харьковта «төтенше шаралар қабылданған» – кімге қарсы? – және бұл шаралардың баршасы «орнында атып тастаумен» аяқталады. Одессада және 15 адам атылған (тізімі жүр). Одессадан «Петербордың қорғаушыларына екі пойыз тарту-таралғы жөнелтілген», онысы азық-түлік қой (ал Одессаның өзі аштан қырылып жатыр). Кеше түнде көптеген поляктар аманат ретінде тұтқындалған, «Версальде бейбітшілікке қол қойылған соң Одессаға поляктар мен немістер лап қояды» деп қорқады баяғы.

Гәзиттер Деникиннің декларациясынан (қызылармияшыларға кешірім жасауға уағда берген) үзінділер келтіреді де, өзін мазақтайды: «Осынау құжатта бәрі де: патша мансапқұмарларының бетсіздігі, дарға тартылғанның қылжағы және жендеттің бір жерде бас көтерген».

Ғұмырымда алғаш рет сахнада емес, көшеде, талтүсте, бет-аузына мұрт пен сақал жапсырып алған адамды көрдім.

Жанарыма сарт ете түсті, тура нажағай соққандай сілейдім де қалдым.

Бағзы заманғы тағылық нанымдардың бірінен:

«Өзіміз өлгеннен кейінгі біздің рухымыз ауысатын жұлдыздың жарқылы біз жеген адамдар жанарларының жарығынан тұрады деген сөз...»

Мына күнде бұл ғақлияңыздың пәлендей ескілігі жоқ.

«Сен, Исав, өз семсеріңмен ғана тірі жүрмексің!»

Әлі солай тірлік кешіп келеміз. Гәп қазіргі заманғы Исавтың бұрынғы алдында өткеннен де әрман сұрқиялығында жатыр.

Інжілден және бір жол:

«Ар-ождан төменшік тартады, ал иттік өрлей түседі... Қоғамдық жиындар азғындық мекеніне айналады... Тұқымымыздың кейпі де иттіктен аумай қалады...»

Баршаға мәлім және біреуі:

«Дәмін татыңдар – сіздер де құдайдан кем болмайсыздар...»

Қаншама рет таттық – бәрі босқа кетті.

«Француздардың адамдардың қасиетті құқығын қалпына келтіріп, бостандық жаулап алу жолындағы талпыныстары адамзаттың таза бейшаралығын көрсетті. Сонда біз нені аңғардық? Жексұрын да алапат түйсіктер босап шыққаннан кейін аңға тән қанығуға деген әлеуметтік байланыстардың бәрін қиратады... Бірақ, қайтсе де әлдебір заңғайыр адам шығып, тәртіпсіздікті тәркілеп, басқару божысын жұдырығына серт қысатын болады!»

Бір ғажабы, Наполеонмен айғақталған осынау болжам «Қоңыраудың» әншісінің аузынан шыққан.

Ал Наполеонның өзі былай деген:

«Революцияны не туындатады? Баққұмарлық. Ал оның тамырына балта шапқан не? Және баққұмарлық. Бостандық дегеніңіз күллі тобырды ақымақ етудің ғажап сылтауы болған жоқ па?»

Ленотр Кутон турасында:

– Кутон Конвентке (Бірінші Француз республикасының заң шығарушы және атқарушы органы. – Ауд.) қандай амалмен барып-келіп отырған? Кутон бір белгілісі, мүгедек болған, сөйте тұра Конвенттің ең белсенді де қажырлы мүшелерінің бірінен саналған, және, емдік суларға кетіп қалмаса, бір де бір мәжілісін құр жібермеген. Сонда ол, Конвентке қалай барған?

Ол әуелде Сент-Онорэ көшесінде тұрған. «Бұл пәтер деп жазған ол 1791 жылдың қазанында, маған өте оңтайлы, өйткені ол Киелі жерден (яғни Конвенттен) екі-ақ қадам тұста, мен оған балдақпен жаяу бара саламын». Бірақ ол көп ұзамай екі аяқтан біржола қалады, оның үстіне, мекен-тұрағы да ауысты: ол біресе Пассиде, біресе Пон-Нефтің маңайында тұрған. 1794 жылы ол ақыры қайтадан Сент-Онорэ көшесіне, 336 (бұл күнде 398) үйге (онда Робеспьер де тұрған) табан тіреді. Және кейінгі ел оны өзін Конвентке көтеріп апарып жүруге мәжбүрледі деп долбарлаған. Бірақ, қалай? Тоқыма отырғышқа отырғызылған ба? Солдаттың арқасына мінген бе? Бұл сауалдар жүз жыл бойына жауапсыз жатқан», дейді Ленотр, – тек үй тұрмысындағы ғаламат найсапты суреттеу үшін сәл шегініс жасайды, әнің үшін Кутонның өлгенінен жиырма жыл өткеннен кейін табылған революциялық құжаттардың арасынан шыққан бір жазбаша дерекке жүгінеді. Бұл Парижге Конвенттің алдында өз жерлестерін, революциялық соттарда, домалақ арызбен «жұмсақтық жасады» деген жаладан құтқаруға келген жергілікті бір адамның айтқаны екен. Ол кісіге Кутонның танысы бұған көмектеседі, бірақ елден келген әлгі әйел кейінде «Кутонның аты аталса болды, зәресі ұшқаннан қалшылдап кетеді екен».

– Біз Кутонға келгенде, – дейді әлгі, – мен байсалды да мейірбан жүзді бір мырзаны көрдім. Ол жиһазы өте келісті, тамаша пәтерге қоныстапты. Ол ақ халатын киіп алып, қолындағы қоянды жоңышқаға тойындырып отырды, ал періштеге ұқсас үш жасар сәби қоянды баппен сипалап қояды. – «Не қажетіңізге жарар екенмін, – деп сұрады менен Кутон. – Маған менің зайыбым ұсынған адамға назар аударуға бармын». Мен мынадай арқа-жарқа жағдаятты көрген соң, оның үстіне өзінің ықыласына құлағандықтан, айтарымды бастадым: «Кутон мырза, сіз Конвенттегі, Қоғамдық құтқару Комитетіндегі ең айбарлы тұлғасыз, сіз революциялық трибуналдың күн сайын адамдарға өлім жазасын беріп жататынын қалайша білмейсіз? Міне, мәселен, бұл күндері де мүлде жазықсыз алпыс үш адам эшафотқа түспек, сонда не үшін?» дегенім сол-ақ екен, Құдай сақтасын, менің сөздерімнен кейін нендей аласапыран басталды дейсіз! Кутонның беті қисайып, долданып кетті, қоян қолынан тыраң ете түсті, сәби бақырып анасына тығылды, ал Кутонның өзі орындығының үстіндегі ілулі қоңыраудың жібіне ұмтылды. Енді бір сәтте – Кутонның пәтерінде дәйім әзір тұратын алты «күзет агенттерінің» қолына түседі екенмін, құдай жар болып, мені алып келген әйел Кутонның қолын ұстай алып, өзімді есіктен шығарып жіберіп үлгерді, сөйтіп, мен тап сол күні Парижден зытып отырдым...

Міне, Кутон өзінің мейірбанды минөттерінде осындай болған дейді Ленотр. Ал ол жақында айқын болғанындай, Конвентке өзі жүретін кішкене арбамен барып-қайтып жүрген. 1889 жылдың жазында Карнавалэге бір жас әйел келіпті. Ол өзін Кутонның шөбересімін деп таныстырған және кезінде Кутон өзін өзі сүйреткен орынтақты мұражайға сыйлайтындығын айтқан. Арада апта өтісімен әлгі орынтақ Карнавалэге жеткізілген, және «Париждің күні, сол термидорлық күнді қайтадан көрген – оған да жүз бес жыл өткен екен». Ол лимон түстес барқытпен тысталған және қолсаптың әрі дөңгелекке қосылған шынжырдың көмегімен қозғалып отырған.

Кутон жартылай өлік болған. «Оны емдік науалар әлсіреткен, тек бұзаудың сорпасын ғана қорек қылған, денесін құрт жеп қажытқан, ылғи ықылықтау және лоқсумен зықысы шыққан. Бірақ оның қайтпас қайсарлығы, сарқылмас қуаты ғажап болған. Революциялық драма дүркіреп өтіп жатты. «Олардың актерлары орындарында байыз таппай құтырынды, мінберлерге атқып шығып, Францияның бір қиырынан екінші шетіне жетерлік айғай-сүреңмен ескі әлемді жойып жіберуге жанталасты». Ал Кутон да олардан қалыспаған. Құдайдың құтты күні ол өзіне орнынан тұрғызып, әлгі орынтаққа отырғызуға бұйырған, одан қиқиып қалған қолдарымен кофе диірменінің тұтқасына ұқсайтын қозғалтқышын алқына жүргізіп, Сент-Онорэдегі көп халықтың арасымен Конвентке, адамдарды эшафотқа аттандыру үшін заулай жөнеліп отырған. Көз алдыңызға зәре ұшарлық мына суретті әкеліңізші: тобырдың ара-арасымен жүйткіген, жансыз аяқтарын жамылғымен орап алып, ара-арасында «Жолдан кетіңдер!» деп аттандап келе жатқан албасты! Халықтың оның мына бейнесін аяса, бір жағынан оның есімін естігенде, естерінен адасып қалуға жақын жалған!»

Революцияның «стихиялығы» жайлы:

Одессадағы меньшевиктердің өткен қыста шығып тұрған «Южный Рабочий» гәзитінде белгілі меньшевик Богданов жұмысшылар және солдаттар депутаттарының атақты кеңесінің қалай құрылғанын былайша тілге тиек етеді:

– Ешкім де сайламаған, ешкім де өкілеттік бермеген Суханов-Гиммер мен Стеклов келді де, өздерін жер-көкте әлі ізі де жоқ кеңестің басшыларымыз деп жариялаған!

Гржебин (Баспагер З.И. Гржебин (1869-1929) соғыс кезінде «Отечество» деген патриоттық журналсымақты шығаруды қолға алды. Бізді әңгіме-дүкенге шақырды. Сөз арасында айта кетейін, онда Ф.Ф. Кокошкин (Кадет партиясының қайраткері Федор Федорович Кокошкин, Құрылтай жиналысы шақырылардың алданда матростар ауруханада өлтіріп кеткен) де болған. Әлгі әңгімелесуден кейін екеуіміз бір күймеде бірге қайттық. Халық жайлы сөз қозғадық. Мен пәлендей зәре ұшарлық ештеңе айтқаным жоқ, тек мына соғыс халықты ығыр етіп бітті, деп едім, және гәзиттердің халық ұрысқа ұмтылады деген сөз жазған әлгі кісі өзіне тән әдеттегі сыпайылығымен, бірақ бұл жолы әсте қатаңдау бөліп тастады:

– Осы әңгімені қояйықшы. Маған сіздің халыққа деген көзқарасыңыз – енді кешіріңіз, – тым ерекше көрінетін...

Мен оған таңғала әрі зәрем ұша қарадым. Жоқ, деп ойладым мен, – біздің бекзаттығымыз текке кетпейді!

Бекзаттық дегенді қатарға алды, оны ойнатты, ол үшін дуылдата қол соқтырды, оны саудаға салды. Енді міне, майданға барғысы келмеген иттің балалары Думаға келіп, біз, «халықтың сенімі мен еркін иемденгендер», ресейлік ұлы революция жүзеге асты, енді халық бізбен бірге болмақ, бостандық үшін өзін құрбан етпек, немістерді тұқымымен құртуға дүр көтерілмек деп көкідік. Енді онымен қоса бірнеше күннің ішінде күллі Ресейдегі бүкіл билікті дара-дара қылды...

Он жетінші жылдың қыркүйегі. «Прага» мейрамханасы, музыка, халық көп, даяшылар зулап жүр. Шарапқа рұқсат жоқ, бірақ елдің бәрі дерлік удай мас. Музыка ішіңді тәтті қырнайды. Атақты либералды адвокат әскери формасын киіп алған. Өзі еңгезердей, кеудесі мен иықтары жұп-жуан, шашын тікірейте қырыққан. Оның мастығы сондай, «Ойраны» ойнауды талап етіп, бүкіл ресторанға аттан салып жатыр.

Оның бөтелкелесі өзінен де әрман мас гусар, әлгіні құшақтап алып, ернінен былш-былш сүюде.

Музыка күңіреніп бастап, кенет секектеп қоя берді:

– Эх, распошел,

Ты, мой серый конь, пошел!

Сөйтіп адвокат диванға шығып алып, жуан иықтары мен шынтақтарын ербеңдетіп, секіріп-секіріп қояды.

10 мамыр.

«Русское Словодағы» журналистер желкенді кемемен Қырымға қашып жатыр. Ал ол жақта нанның қадағы сегіз гривен, меньшевиктер билігі, өзге де игіліктер бар деседі.

Көшеде С.И. Варшавскийді кездестірдім. «Бупте» «Немістер масқара келісімге қол қоймады!» деген айғайлаған тілгәрам іліп қойыпты дейді.

Одессада мыңнан астам поляктар тұтқындалған. Қамауға алар кезде аяусыз тепкіге салған деседі. Ештеңе етпейді, қазір бәріне де жол ашық.

Киевте «қызыл террорды енгізу» жалғасып жатыр; бірнеше профессор өлтірілген, олардың ішінде атақты диагност Яновский де бар.

Кеше Атқару комитетінің «шұғыл» – қайда барсаң «шұғыл!» – мәжілісі өтіпті. Фельдман әдеттегі әнін бастайды ғой: «Жолдастар, әлемдік революция соғып өтпек!» Әлдебір адам оған қарсы айғай салады: «Жарар, тоқтатыңдар! Нан беріңдер онан да!» – «Е, солай ма! – деп бақырды Фельдман. – Айғайлаған қайсың?» Әлгі орнынан атып тұрды: – «Мына мен!» Оны табан астында тұтқындайды. Одан Фельдман «буржуйларды аттардың орнына ауыр жүк тасыту керек» деген ұран тастайды. Мұны жиналған жұрт ду қолшапалақтаумен қарсы алады.

Біздің әскерлер Белгородты алыпты-мыс.

Не деген пасықтық! Күллі қалада ағаш шәркелер сарт-сұрт, барлық көшелерге су жайылып кеткен, – «азаматтар» таңның атысы, күннің батысы айлақтан су тасумен әлек, өйткені су құбыры баяғыда істен шыққан. Олардың ертелі-кеш уайымы – тамақ тауып жеу. Ғылым, көркемөнер, техника, тіршілікке шамалы болса да леп әкелетіннің бәрі де құрдымға кеткен. Пірғауындардың арық сиырларын жеп бітіріп семіргендей болып еді, енді өздері аштан қатып жатыр! Бұл күнде деревнядағы әйелдер балаларын былай қорқытады:

– Жоғал әрман! Әйтпесе сені Одессаға коммунияға тапсырамын!

Тақауда бір жерде Троцкийдің айтқанын беріп жатыр:

– Егер маған сен нашар журналиссің десе мұңаяр едім. Ал егер мен нашар қолбасшысың десе, жауабым әзір: мен оқып-тоқимын, қаһарлы болып шығамын.

Ол ширақ журналист болатын: А.А. Яблоновский оның бірде, «Киевская Мысльдің» редакциясынан әлдекімнің тонын ұрлап әкеткенін айтып еді. Ал соғысып, жеңіске жету жолында ол қолына түскен патша генералдарынан «үйренген». Несі бар, өсти-өсти қолбасшы атануы да ғажап емес.

Қызыл офицердің пошымы: жиырмалардағы балақай, бет-ауызы жып-жылтыр, жақтары суалған, көздері қарайып, бақырайған; еріндері сызық сияқты; қатар-қатар алтын тістер; шөженің денесіндей тұрқына қарамай – иығына офицерлік жорық таспаларын тастаған гимнастерка, қаңқанікіндей тыриған сирақтарына жүрегің айнитын галифе шалбар және мың сомдық әйбат етіктер, беліне ілгені – күлкі келтірерліктей дәу браунинг.

Университетте барлығы бірінші және екінші курстағы жеті жігіттің қолында. Бас комиссар – киевтік малдәрігерлік игнституттың студенті Малич. Профессорлармен сөйлескенде, үстелді жұдырықтайды, аяқтарын үстелге қояды. Бикештердің жоғарғы курстарының комиссары – бірінші курстағы Кин, ол қарсы келгенді тойтарып тастайды, табан астында таз адамша бақырады: «Қарғаша қарқылдамаңдар түге!» Политехникалық институттың комиссары оқтаулы револьверді қолына ұстап жүреді.

Кешке қарай көшеде таныс жебірейді ұшырастырдым (Зелер, петерборлық адвокат). Тездете:

– Сәламатсыз ба? Құлағыңызды бері тақаңыз. Мен құлағымды тостым.

– Жиырмасы күні! Мен сізді күнібұрын ескертемін! – Қолымды қысты да, тайып отырды.

Нығарлап айтқандығы соншалық, мен есеңгіреп қалдым өзі.

Ал өйтпегенде қайтесің? Бәрі де кеше ғана құпия мәжіліс өтіпті, онда жағдайдың ауырлығы сөз болған, астыртындыққа кетіп, деникиншілдер келгенде олардың қатарына кіріп алып, ішінен іріту керек, бұзақылықтарға арандату керек. Еріктілердің формасын киіп алып, біресе «Құдайым, патшаны сақтай гөр», немесе «жидтерді қыр қане» деп айғайға басуды шешіпті десіп жүр.

Алайда, мына шарасыз жағдай жайлы сыбыстарды өздері әдейі сумаңдатулары әбден кәдік. Олар біздің оптимизмге оңтайлы екенімізді жақсы біледі.

Иә, иә, бізді құртқан сол оптимизм. Мұны қашанда зердеде нық ұстау қажет.

Дегенмен, елдің бәрі тым-тырақай қашуға бет қойған сияқты. Масқара тонаушылық жалғасып жатыр. Әсіресе сенімді «коммунистерге не болса сол – шай, кофе, темекі, шарап дейсің бе – бәрі тегін таратылуда. Бірақ, сыбыстарға қарағанда, шарап таусылуға айналыпты, бәрін дерлік матростар ішіп қойыпты (өздері әсіресе Мартель коньягын ұнататын көрінеді). Ал осыған дейін осынау каторгалық маймылдар революция үшін емес, Мартельдің жолында опат болып жатыр деп дәлелдеуге әлектендік емес пе?

Он жетінші жылдың қыркүйегі, тұнжыраңқы кешкілік, батыстан сарғылт қуыстары бар ауыр бұлттар келе жатыр. Шіркеу қоршауындағы ағаштардың қалған жапырақтары аяғыңа қараңғылық оралса да, біртүрлі қызарақтайды. Шіркеудің күзет бөлмесіне кірдім. Онда тіпті қараңғы. Қарауылшы, өзі етікші, шағын көйлегінің етегі делеңдеп сәкіде отыр, желеткесінің қалтасынан иіскейтін темекі салған шишасы байқалады. Мені көріп қалып, орнынан тұрды, басын төмен иіп, маңдайына түскен шашын сілкіп тастады, сөйтіп маған қолын созды.

– Хал нешік, Алексей?

Күрсінді:

– Іш пысады.

– Не дейді?

– Е, солай. Хал нашар. Ех, мейірбанды мырзам, хал нашар. Іш пысады.

– Оның қалай?

– Е, солай. Кеше қалада болдым. Бұрындары еркін барушы едік, бұл күнде наныңды бірге ала жүресің, қаланы аштық жайлаған. Аштық, аштық! Тауар бермеді. Тауар жоқ. Қайда барсаң да жоқ. Піркәншік: «Нан берсеңдер, біз тауар береміз» дейді. Ал мен оған: «Жоқ, сендер терілеріңді жеңдер, ал біз өз нанымызды жейміз» деп қойып қалдым. Бұл не деген сұмдық, айтарлығы жоқ! Ұлтаныңыз 14 сом тұрады! Жоқ, мына буржуазияны қырып салмаса, бүкіл қара халық аш-жалаңаш жүре бермек. Ех, мейірбанды мырзам, ақиқат арымды салып айтайын, көрерсіз, әлі буржуазияның бәрін бауыздайтын болады!

Мен қарауыл бөлмесінен шыққанда, ол да қоса шығып, шіркеу қақпасының маңайындағы панарды жақты. Таудан бері ентелей қиқалақтап, әлдебір мұжық келе жатыр, – өзі сілейе тойып алыпты, – бүкіл деревняға айғайлайды, диаконды (шіркеу қызметшісі. – Ауд.) көкесіне таныта, қайдағы бір былапыт сөздермен сілейте боқтап келеді. Мені көріп қалып, кегжең етіп кейін шалқақтап барып тоқтады:

– Ал сен оған ұрса алмайсың! Сендерге, рухани қызметшілерге, әнің үшін тілдеріңді көмекейлеріңмен қоса жұлып алу керек!

– Ей, дес берсейші әуелі: мен, біріншіден үндемей тұрмын, ал екіншіден саған боқтауға болады, ал маған болмай ма?

– Ал сендер өлгенде кім жерлейді? Диакон емес пе?

– Ал сені ше?

Анау басын салбыратты, ойланып тұрып, қабағын түйген күйі:

– Ана ит маған кооператив ләпкесінен кәрәсін бермеді. Сен өз үлесіңді бұрын алғансың дейді. Ал маған және қажет болса ше? «Жоқ, ондай заң жоқ дейді». Ана қара, жоқ дейді. Бұл үшін ана итті қамап тастау керек! Бұл күнде ешқандай заң қалмады. – Тұра тұр, тұра тұр, – енді ол қарауылшыға ойысты, – сен де сыбағаңды аласың! Мен сенің ұлтаныңды есіңе түсіремін. Тура әтешше бауыздаймын, тек уақыт бер!

Сол жылғы қазан айы. Плакаттар, митингілер, ұрандар қаулап жатыр:

– Азаматтар! Жолдастар! Аңсаған армандарыңыз алдындағы, орыс жерінің державалық қожайыны Құрылтай Жиналысының алдындағы ұлы парыздарыңызды орындадыңыздар! Баршаңыз да үшінші нөмірлі тізімге дауыс беріңіздер!

Бұл ұранды қаладан естіп келген мұжықтар үйінде отырып, былай дейді:

– О, төбет! Ұлы парыздарың бар деп аттандайды! Бәрің де дауыс бересіңдер, бәрің де, әйтпесе бар жиған-тергеніңді Құрылтай Жиналысының алдында тізіп беремін дейді. Сонда біз кімге қарызбыз? Жиналысқа ма, көзің шыққыр! Жоқ, мына жаңа билік ешқайда жеткізбейді. Жолдастыққа шақырып, алдарқатады. Тоқтай тұр, өзіңе өзің қатарынан үш рет беріп жүрме!

Осы жайында бұрынғы староста, бай емес, орта шаруа, бірақ мықты қожайынмен «гәпіләсіп» отырмыз. Ол:

– Иә, олардың қарыздармен, төленбеген салықтармен қорқытып айғайлайтыны белгілі. Енді міне, құрылтай думасын шақырамыз, үміткерді сайлайтын боламыз деседі. Біз кандрак құрастырамыз, ал ол қол қоятын болады деген сыбыс бар. Қайда жол саламыз, қашан соғыс ашамыз десек, енді одан сұрайтын боламыз. Ал біз қандай жол керектігін білеміз бе, өзі? Мәселен, мен дәулетті адаммын, сонда туғалы бері Елецтен әрі барған емеспін. Міне, біз таудың етегіндегі жолды жиырма жыл бойына боқтықпен жаба салуға қолымыз жетпей қойды: бас қоссақ болды – үш күн төбелесеміз, үш бедіре арақ ішеміз де тарасамыз, ал әлгі жыра сол қалпында қала береді. Тағы да өзге патшаға қарсы соғыс ашуға бармаймын, бірақ білмеймін, бәлкім, ол жақсы адам шығар? Ал бізсіз қадам басуға болмайды дейді. Сонда бүйірге қанжар қадап не қажеті бар? Тура Құдайдың өзі де сол думадан жалақы алып, солардың ішінде бірге жүрген сыңайлы.

– Міне гәп қайда, – деймін мен, – ал жалақы дегеніңіз тәуір дүние ғой.

– Неғып? Тәуір ме?

– Әрине, тәуір. Саған тура сонда бару керек.

Анау ойланды. Сонсоң күрсініп:

– Мені онда жібермейді, мен большевикпін: менің сатып алған үш десе жерім, екі жақсы атым бар, – деді.

– Әнеки, сен бармағанда, кім барады? Қожайын сенсің.

Және ойланды да, қызына бастады:

– Иә! Бұл жөн шаруа болар еді! Мен игі адамдар үшін дауыс берер едім. Мен өз мырзаларымның жерін тартып алуға жол бермес едім. Ал мына депутат болса, не өзінде түк жоқ, тек өзгенікін бас салуға әзір тұрады. Міне, бізде болысқа сайлады, сонда қайдағы депутат? Әкеден құлата боқтайды, көзі арақтан алайып кеткен, аузынан сасық от шығады. Және айғайлайды, сондағысы өзінде бар болғаны жалғыз тауық. Оған жүз десе берсең де, екі күннен кейін қайыра «теңізші» болып, малтығып шыға келеді. Оны менімен айырбастауға бола ма? Қағаздарды қобырата береді, ештеңе таппайды, мақұлық неме, екі ауыз сөздің басын қосып оқи алмайды, – сонда бізге не жорық. Біз оқып шыққаннан, қойдың айғайы тәуір болады!

Құрылтай Жиналысы тұрғысында біздің деревнядағы ең ширақ революционер Пантюшка да менімен сөйлесті. Бірақ, ол да оқыс жайларды шертеді:

– Жолдас менің өзім де социал-демократпын, үш жыл бойына Дондағы Ростовта күллі гәзит-жұрналдарды саудаладым, бір «Сатириконның» ғана менің қолымнан мың нөмірі өткен шығар, сірә. Турасын айтайын, ана Гвоздевіңіздің өзі қайдан шыққан министр? Ол да менен әрман деревняға оралады, содан біз екеуміз тағы да бір шұғадан жасалған шұлғаудайын жараса кетеміз. Міне, мен сіздерге: «жолдас, жолдас» деп өңмеңдеймін, ал жөніне көшсек, әнің үшін құйрығымнан бір-ақ тепкен дұрыс. Ал сіз болсаңыз күнпараққа атыңыз жазылған, атақты жазушысыз, бірінші князьдің өзімен тектілігіңізге сай дастархан бөлісе аласыз, ал мен ше? Мен мұжықтарға да айтып қоямын: әй жігіттер, байқаңдар, босқа лақпаңдар деймін! Ал ана Құрылтай Жиналысына кімді сайлау керек десе, мен сөз жоқ, Бунин жолдасты жіберіңдер дер едім. Оның ол жерде таныстары көп, қайда жіберсең де, қыбын табады дер едім...

Кешкісін В.А. Розенбергтікіне кідірдік. Тағы да таныс әуен: мен оған еріктілердің табысы жайлы айтсам, ол маған еріктілер басып алған қалаларда «сөз бостандығын азапқа салуда» дегенді алға тартады. Тіпті қыршып алуға тұра ұмтылғың келеді.

Түнде.

Есіме түсті австриялық майданда Володька опат болыпты деген хабар жетті. Шолақ тон киген кемпір (шешесі) сәкіде етпетінен жатыр, тіпті жылауды да қойған. Әкесі көңілділеу көрінгісі келеді, әйеліне барғыштай береді, бар айтатыны:

– Ей, кемпір, сен қызықсың осы! Құдай ақына қызықсың! Сен олар біз жақтағыларға жай қарап тұрады деп ойлайсың ба? Жау дегенің де қорғанбай ма екен! Өйтпей болмайды! Өзің ақымақ басыңды сәл-пәл сілкісейші: өйтпей болак ма?

Володьканың келіншегі, жас қатын, дәлізге қайта-қайта жүгіріп шығып, сүрініп-жығылап жүр, аттандайды, итше ұлиды! Шал оған да жақындайды:

– Әнеки, әнеки! Бұл да сөйтеді, енді! Яғни жауға қорғануға болмағаны ма, Володьканың аяғына жығылуы керек пе?

Яков та солай: ұлы қаза тапқалы жайлы хат келгенде, күліп жіберді де, көзін жұмып:

– Ештеңе, ештеңе етпейді, Тәңір жар болсын! Қажымаймын, жыламаймын! Оныңыз Жаратқанның шырағы емес пе, Алексеич! Жаратқанның шырағы, Құдайдың шырағы!

Бірақ, Русьта ақиқатында Құдай мен ібіліс минөт сайын айырбасталып отырады. Біз кепенің жанындағы еңкейген айдан жарықтанған бақта отырғанымызда, деревнядан жеткен Володьканың келіншегінің ұлығанын естіп отырдық. Сонда мещанның айтқаны:

– Ана қарашы, сайқалдың сұңқылдауын! Ол байын іздеп отырған жоқ, ол тек оның «әнебіреуін» аңсайды...

Мен оны таяқты шиырып кеп тура маңдайдан сарт еткізуге шақ қана қалдым. Бірақ, кепеде айға қуанып әтеш қоңыраулата шақырды, сондағы тоғышардың айтқаны:

– Ах, Жасаған, қандай жақсы, қандай тәтті! Соның үшін ұстаймын, оныма жүз сөлкебай да алмаймын! Ол мені өстіп, түнімен көңілдендіріп, алдарқатып отырады.

Пальчиковтың қызы (сабырлы, мейірбанды бикеш) бірде маған сауал қойды:

– Мырзам, рас па, бізге қырық мың тұтқын австриялықтарды әкеле жатыр деседі?

– Қырық па, қырық емес пе білмедім, шырағым, бірақ біраз баршылық.

– Енді оларға тамақ береміз бе?

– Енді қалай? Оларға басқа не істемекпіз.

Ойланып қалды.

– Не? Бәрін бауыздап, қатар тастаса ғой...

Он жетінші жылдың күзінде Елец түбіндегі әлдебір помещиктің мекенжайын талқандаған мұжықтар көңіл көтеруге тауыстардың қауырсындарын тірідей жұлып алып, қанға малынған оларды айнала дедектетіп жүгіртіп қойған.

Бұл не деген сұмдық! Міне, Павел Юшкевич «революцияға қылмыскерлік өлшеммен келуге болмайды». Әлгі тауыстарға аяныш білдіру – барып тұрған «тоғышарлық» деп сендіргісі келеді. тіпті Гегельді есіне алды: «Гегель көз алдыңдағының бәрінің жөнділігі жайлы бекерге айтпаған: парасаттылық бар, яғни орыс революциясында да мән-мағына бар» деген.

Иә, иә, «ұруға және жылауға бұйрық бермейді». Гегельдің бар-жоғынан хабары жоқ тауысқа оның қажеті қанша? Ал бас сүйектерін «халық» дейтіннің күнде қиратып жатқанына сол священниктер, помещиктер, офицерлер, балалар, кәрі-құртаңдар қылмыскерліктен басқа қандай өлшеммен келмек? Павел Юшкевичіңнің де мұндай «тоғышарлық» мәселелерде несі бар?

Петербордан бізге жөнелтілген матростар арақтан, көкнәрдан, бейбастықтан таза жынданып кетіпті деседі. Мас күйлерінде, еш бұйрықсыз чекадағы тұтқындарға жетіп барып, көздеріне іліккендерді қыра берген. Жақында әлдебір балалы әйелге ұмтылыпты. Ана байғұс тым болмаса сәбиім үшін өлтірмеңдерші деп жалынған екен, «қорықпа, оның да жөні табылапды» деп екеуін де атып тастаған. Келеке үшін тұтқындағыларды аулаға айдап шығарып, әлгілерді олай-бұлай жүгіртеді, ал өздері өтірік тигізе алмаған болып, оқтарын беталды ата берген.

Аударған: Марал Хасен

adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар