Барлыбек туралы жаңа деректер табылды
Бөлісу:
ЭКСКЛЮЗИВ
Алаш ұлт-азаттық қозғалысының белді мүшесі, саяси қайраткер, заңгер, публицист Барлыбек Сырттанұлы 1866 – 1914 жылдары өмір сүрген. Дүниежүзіне үлкен өзгеріс әкелген Ақпан, Қазан революциясына жетпей, қапияда өмірден өткен тұлға туралы білетін мәліметіміз өте аз. Бірақ уақыт өткен сайын қоюлана түскен мәселенің қыр-сыры ашылып, Отан тарихының әр парағы Тәуелсіздік көзқарасымен жазылып келеді. Сол сияқты Барлыбек Сырттанұлының да өмір жолы мен қызметіне, шығармашылығына қатысты жаңа деректер табылып, зерттеу ауқымы ұлғая түсуде.
1914 жылдың 26 қарашасында Барлыбек дүние салғанда, «Қазақ», «Айқап» басылымдары қалың қазаққа оның қазасын естіртті. Ал Ә.Бөкейхан, М.Тынышбайұлы, С.Қиясов сынды азаматтар мүнаһиб (некролог) жазған-ды.
Барлыбек Сырттанұлы – өз заманының аты шыққан даңқты қайраткері болғаны белгілі. Б.Сырттанұлының тұлғасын тану, зерттеу мәселесін қолға алғанымызда, қайраткер туралы тағы басқа Алаш зиялылары қазанама жазған болар деп ойлаған едік. Расымен, сол ойымыз, үкілі үмітіміз алдамапты. Шәуал айының алғашқы түні ескі газет-журналдарды, Алаш тарихына қатысты кітаптарды ақтарып отырып, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы №103 нөмірінен әдебиетші, белгілі қазақ зиялысы Жүсіпбек Басығараұлының «Барлыбек марқұмды еске түсіру» мақаласын, сосын осы жылдың №149 нөмеріндегі Қ. деген бүркеншек ат қолданған автордың «ішкі хабар» айдарымен берілген «Қапал уезінен» мақаласын оқып, жеті түннің ішінде әкемізді тапқандай қуанып, ақ таңның кіндігін қуанышпен кескенбіз. «Таң тезірек атса екен!» деген қуанышты көңіл-күймен дүйсенбіні күттік. Таң ата салысымен, белгілі алаштанушы-ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Светлана Смағұлова апайымызға қоңырау шалып, болған жайды егжей-текжей баяндап, қуанышымызбен бөлісіп, алғысымызды білдірдік.
Енді Сіздердің назарларыңызға бұрын-соңды жарияланбаған қос мақаланы ұсынып отырмыз. Мақала басылған газеттің факсимилесін беріп, барлыбектанудың іргелі ғылым саласына айналуына үнемі көңіл бөліп, қолдап жүрген профессор Светлана Одепқызына тағы да айрықша алғыс білдіреміз.
Жаңадан табылған бұл деректердің ерекшелігі, жаңалығы сол – Барлыбек Сырттанұлының құпияға толы өмірінің соңғы кезеңі, қоғамдық-әлеуметтік ортасы және қызметі туралы беймәлім мәліметтердің шынайы жазылғандығында. Бұған дейін Б.Сырттанұлының өмір жолына қатысты күмән тудырып келген мәселелердің беті ашылып отыр. Және Жүсіпбек Басығараұлының естелігі арқылы тағы да Барлыбектің көркем мінезі, азаматтық ары, кісілік келбетін тануға мүмкіндік алдық. Бұл деректер болашақта барлыбектанудың жаңаша көзқараста зерттелуіне өз септігін тигізері анық.
PS: Оқырман назарына ұсынылып отырған мәліметтер 1915 жылғы «Қазақ» газетіне сай беріліп отыр.
Жуырда «Елтаным» баспасынан С.Смағұлова мен Г.Абикова құрастырған «Қазақ» газеті. 1915 жыл» кітабы жарық көрді. Аталмыш газеттің 1915 жылғы 93 - 163 нөмеріне дейінгі барлық саны ескі араб қарпінен қазіргі әліпбиімізге көшірілген. Өкінішке қарай, бұл құнды еңбек аз ғана тарылыммен жарияланып отыр (60 дана).
***
Барлыбек марқұмды еске түсіру
«Қазақ», 1915 жыл
№103, 11 февраль, сәрсенбі
«Қазақ»-тан Барлыбек мырзаның опат хабарын естіп, рухына дұға қылдық. Марқұммен аз күн бірге болғандығынан мен де оны қай көзбен танығанымды жұртқа жариа қылмай қалуымды айып көре алмадым. 1909 – ншы жылы Сырдария военни губернаторының бұйрығымен мен 10-ншы иунде Жетісуға қарайтын Піспек қаласына барып едім. Ондағы жиналыс: Түркістан уалайатын ревизиа қылуға шыққан шраф Паленнің бастауымен құрылған сиез болып табылды. Шақырылған өкілдер: Жетісу облысына қараған қазақтар, қырғыз, тараншы, дүнген, татар. Сырдария облысынан – жалғыз мен болдым. Осы жиналысқа Барлыбек марқұм да келген екен. Басқа өкілдер қарасы – молласы аралас еді. Сиез басында орыс төрелері болды.
Бұл сиезде қаралатын мәселе: қазақ-қырғыздан әдет. Ресімнің түпкі қалыбын сұрап жинамақ, моллалардан шариғаттың дұрыс пәтуасын сұрап білмек екен. Сүйтіп, әдеттің де, шариғаттың асыл негізін біліп бір қалыпқа келтірмек екен. Шариғаттың шын пәтуасы табылса, өзгерте беруге көне бермейді ғой, ал әдетті әркім әртүрлі қылып, өзінің білгендерін айтып, бір жобадан шығара алмады.
Ол онымен тұра берсін, менің айтайын дегенім Барлыбек марқұм еді ғой. Сиез он күнде тамам болды, сол он күнде марқұм Барлыбек тамаша болып, орыс пен қазақтың арасындағы сөзді ашық ажарлап түсіндіргеніне жұрт рухтанып қалды. Марқұмның мінезі: шын мұсылман, майда, мәлім, жылы жүзді, сөзі маңызды, білімді жігіт көрінді. Мен одан сол жақтағы найманның бірсыпырасы руларын сұрап жазып алып едім.
Жасаған ие о дүниеде рахметіне батып, қалған туысқандарына хабарын берсін деп дұға қылдым.
Жүсіпбек Басығараұлы
***
Қапал үйезінен
«Қазақ» 1915 жыл
№149, 13 сентябрь, жексенбі
Былтығы жыл Барлыбек өлгені көпке жариа болғанда. Бүкіл қазақ қайғырып еді. Сол уақытта жақын жерлерде бұл өлікке қуанғандары да болған. Барлыбек хал үстінде жатқанда «Барлыбек бізге күн көрсетпеді» деп арыз бергендер де болып еді. Барлыбек өлген соң сол мықты ағайындары Барлыбектің қыстауын бала-шағасынан тартып алмақшы да болған. Бірақ бұл сөзді Қапал үйезі естіп, олардың екпінін басып, өздерін ұйалтқан еді.
Жақында губернатор келді. Сонда бұлар ұйалмастан «Сыртанның жері көп, Барлыбектің қыстауы оған тиіссіз жерде» деп арыз қылған. Барлыбек заманында ешкімге зорлық қылмағаны жұртқа белгілі һәм қыстау өз жерінде екеніне анықтама қағазы да бар. Губернатор арызшылардың сөзін жақтырмады. Енді күні бүгін Арасан елінің нәндері Сыртанның бала-шағасына қараған пішенін зорлықпен шауып алып отыр. Мұны қылып отырғандар – атақты адамдар. Ел-жұрттан ұйат-ақ!
«Сыртанда кегіміз бар» деп, енді Барлыбек өлген соң оның бала-шағасына мықтылық көрсетіп отыр. Барлыбектің аруағын силамай артында қалған бала-шағасын ренжітіп, бүгін болмаса ертең, жұрт алдында ұйалып жүрмеңіздер!
Қ.
Материалды әзірлеген Елдос ТОҚТАРБАЙ
Бөлісу: