Ләйлә Мұхлесқызы. Бойымда Абайдың бір тамшы қаны бар
Бөлісу:
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден.
М.Мақатаев
Шежірелі Шыңғыстаудың құз-қияндарын, тау мен тасын мекендеген ой алыбының «соқтықпалы, соқпақсыз» өмір жолы туралы көп айтылып та, жазылып та жатыр. Шалқар шабыттың арқыраған арғымағына мініп, ақселеу даланы қырағы көзімен барлап, өлең жазған өлмес тұлғаны сағынатын күндер жиі болады. Ол жатқан киелі Жидебай өлкесіне жылына бір рет бармай қалсам, жүрек тұсы кірлеп кететіндей. Жыр әлемі сонда жатыр. Сол әлемнің есігін қағуға именетін де, қызығатын да кездер болады. Сөз патшасы деп құрмет тұтқан қазақ елінің есі мен ары – біз айтқалы отырған данышпанмен мәңгі сабақтас.
– 10 тамыз – қазақтың кемеңгер ақыны, ұлы ағартушысы, жазба әдебиетіміздің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Осыған орай, сіздің шаңырағыңызға келіп сұхбат өткізсек деп ниеттенген едік. Бүгін, міне, сізбен әңгімелесудің сәті түсіп отыр. Жалпы, хәкім Абайдың өнегелі өлеңдері, қасиет тұнған қара сөздері әр қазақтың көкейінде жаттаулы десек, артық айтқанымыз емес. Адамзаттың бәрін бауырым деп сүюге баулыған Абай мұрасы – Тәуелсіз Қазақтың тәжіндей. Алаш жұрты сізді Абайдың шөбересі деп таниды. Әуелі шежіреңізді тарқатып берсеңіз.
– Абайдың алғаш ақ некемен қосылған бәйбішесі – Ділдә. 1861 жылы Ділдәдан тұңғыш баласы Ақылбай туады. Біздің шежіре сол Ақылбайдан тарайды. Абай – Ақылбай – Әлімқұл – Қауаш – мен Қауаштың қызымын. Ақылбайдың Әлімқұл, Әубәкір, Ысрайыл, Сағдат, Рухия деген балалары болған. Біз тұңғыш баласы Әлімқұлдың ұрпағымыз. Әлімқұлдан Қауаш, Қауаштың бауыры Бағфур, әпекесі Забилә тәте, сосын Ысрайылдан Күлзипа, Назипа деген тәтелеріміз болды. Өкінішке орай, барлығы да өмірден өтті. 2004 жылы Күлзипа тәтеміз дүниеден кетті. Ал Нәзипа тәте 1996 жылы 85-ке келіп қайтыс болды. Қазір Абайдың ұрпағы некен-саяқ. Тек қана Бағфурдан Айдар бар. Айдардың баласы Данияр. Міне, осылар Абайдың тікелей еркек кіндікті ұрпақтары. Олар Алматы қаласында тұрады.
– Ел арасында Абайдың ұрпақтары осымен тоқтап қалмай ма деген алаңдаушылық бар. Соған қалай қарайсыз?
– Даниярдың Наташа деген орыс әйелі бар. Ол қатарынан үш қызды жарық дүниеге әкелді. Бірақ ұл балалар жоқ.
– Сіздің Ақылбайдан тарағаныңызды айттық. Ақынның сүйікті ұлдарының бірі Ақылбайдың өнері, қоғамдағы беделі жайында туралы айта кетсеңіз.
– Ақылбай кезінде суырып салма ақын болған. Ол «Дағыстан», «Зұлыс», «Жаррах батыр» деген поэмаларын жазған. Бірақ соңғы поэмасы қалмады. Біраз өлеңдері елдің есінде қалып, бүгінгі таңға дейін айтылып келді.
Анасы Лəйланың Кəуаш Əлімқұл қызы Ақылбаева,
Əкесі Мұхлес Салих ұлы Баймағамбетов
– Осы орайда, Абай өзінің шәкірттері Ақылбай, Мағауия, Шәкәрімге ұстаз болып, әртүрлі тапсырма беріп отырғанын тілге тиек еткеніміз жөн. Осылайша, ақсүйек өнер ақындыққа баулыған. Келесі сұрағым: Абайтануға байланысты болмақ. Қылышынан қан тамған Кеңес үкіметі кезінде абайтану ғылымының халі қандай болды, ақын мұрасын толықтай зерттеуге мүмкіндік болды ма?
– Шынтуайтына келгенде, Құнанбайдың ұрпақтары көп қуғын-сүргін көрді. Өзің білесің, 1931 жылы қоңыр күзде Шәкәрім қажыны атып тастады. Абайдың немере інісі, қазақтың аяулы ақыны, философ, тарихшы атамыз 73 жасында жендеттердің қолынан қапияда қаза тапты. Шәкәрімнің кейбір балалары Қытайға өтіп, жан сауғалаған. Қазір ұрпақтары Алматыдағы Қаскелең ауданында тұрады. Кейбір ұрпақтары ашаршылықтан қайтыс болды. Абайдың баласы, жазушы, аудармашы Тұрағұл да көп тауқымет көрді. Ол кісінің «Әкем Абай туралы» деген естелік кітабын абайтану ғылымындағы құнды еңбектердің бірі дер едім. Мұхтар Әуезов: «Естелікті сіздің жазғаныңыз дұрыс. Не дегенмен, сіз өз әкеңізді жақсы білесіз», – деп Тұрағұлдың қолына қалам алуына түркі болды. Нәтижесінде Тұрағұл болашақ ұраққа қажетті естелік қалдырды.
– Енді сіздің еңбек жолыңызға қарай ойыссақ. Қара өлеңнің қара шаңырағы Семей қаласындағы Абай музейінде жұмыс істепсіз. Сол туралы бір ауыз сөз айта кетсеңіз.
– Мен 18 жылдай Абай музейінде аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. Абай мұрасын насихаттауға барымды салдым десем болады. Әсіресе, студенттер мен оқушыларға дәріс оқып тұратынмын. Сосын Абайдың өлеңдерін оқып беретінмін. Ол туралы жергілікті газеттерге де шыққан.
Абайдың шөпшегі Бағфур ұлы Айдар Ақылбаев М. Əуезовтің 100 жылдығында
– Сіз үшін Абай өлеңдерінің ерекшелігі неде?
– Өзің білесің, ақынның қай өлеңін алсақ та, тәлім-тәрбиесі мен мәні зор асыл қазынаға толы. Мысалы, «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті, Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейді ол. Ақын «толық адам» деген өмірлік бағытты ұсынған. Әсіресе, Мекемтас Мырзахмет, Оразалы Сәбден секілді ғалымдар кемеңгер ақынның мұрасын зерттеді. Абайдың өлеңдері орыс тіліне және басқа да әлем тілдеріне аударылды. Роллан Сейсенбаев та сүбелі үлес қосты, өлеңдерін аударды.
– Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз.
– Жарымның аты Өскенбай. Олжас деген ұлым, Әсел деген қызым бар. Меруерт деген тұңғыш қызым бар. Немере сүйіп жатырмын.
– Арғы атаңыз Баймағамбет туралы білгіміз келеді.
– Баймағамбет туралы деректер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында кездеседі. Ол онда көрнекті кейіпкерлердің бірі. Баймағамбетті Абай өте жақсы сыйлаған. Тіпті, Байғамбетке арнап өлең де шығарған. «Баймағамбетке» деген. Баймағамбет әңгімеші болған кісі. Ол Абай айтқан әңгімелерін, поэмаларын жатқа білген. Абайға «Үш ноян», Генрих Новарский, Королева Марго сынды классиклақы туындыларды айтып берген. Ел арасында жүріп Абай өлеңдерін насихаттауға атсалысқан адамдардың бірі.
Ақын Фариза Оңғарсыновамен
– Сонда сіз Баймағамбеттің де, Абайдың да ұрпағы болып тұрсыз ғой?
– Иә. Дұрыс айттың. Абайтанушы Төкен Смаилұлы: «Ой, Ләйлә, сен екі жақтан да Абайға жақынсың. Сенің шешең Абайдың тұқымы, әкең Баймағамбеттің тұқымы», – деп үнемі айтып отыратын. Бойымда ақынның бір тамшы қаны бар екені рас.
– Жидебай – бұл Абай мен Шәкәрімнің жатқан жері, қара өлеңнің қағбасы іспетті қасиетті топырағымыз. Жидебайға жиі барып тұрасыз ба?
– Жидебайға үнемі барып тұрамын. 1995 жылы бүкіл әлемге мұрасын паш етіп Абай тойы өтті. Көптеген киіз үйлер тігілді. Шешем көзі тірісінде мені ылғи музейге апарып тұратын. Жидебай – жыр мекені болғаннан кейін, ол жерге әр қазақ баруы тиіс деген пікірдемін.
– Абай ұрпақтарынан кімдерді көрдіңіз?Кіммен араластыңыз?
– Менің бағыма орай Ғазел Мағауияқызы, Ишағы Жақпарқызын көзбен көрдім, қасында болдым. Олар Мағауияның туған немерелері. Осындай керемет апалар да дүниеден кетті. Күлзипа тәтемізді жерлеуге де барғанмын.
Мағауияның немерелері Ишағы Жағыпарқызы мен Ғазел Мағауина. Музей қызметкерлері.
– Қай жазушылармен араластыңыз. Бауыржан Момышұлы туралы қызықты деректеріңіз бар екен.
– Мен ол кезде жас болдым. Мектеп бітірген кезім. Бір күні Ишағы тәте мені атақты жазушы Бауыржан Момышұлының шаңырағына алып барды. Ол керемет адам. Оның дауысы әлі де құлағымда сайрап тұр. Тұлғасы да, бет-бейнесі де есімде. Ол маған өте жақсы қарады. «Сен Абайдың ұрпағысың» деп арқамнан қағып, кітабына қолтаңба жазып берді.
– Аударма ісінде кемеңгер ақынның қандай жетістіктері бар?
– Абай орыс әдебиетін сүйіп оқыды. Тек қана Пушкин мен Лермонтовты ғана оқымай, ол Толстой, Салтыков-Шедринді, Некрасовты көп оқыды. Лермонтов арқылы Гете, Байрон, Шиллерді аударды. Сөйтіп, Абайды әлем таныды. Ол адамгершілікті, адалдықты, мейірімділікті, рақымдылықты өлеңдері арқылы насихаттаған. Жастарды еңбек етуге, білім алуға баулыған. Абай:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті,
– десе тағы бір өлеңінде:
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырған, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – дейді.
Сөзімді қорытындыласам, Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдыз, кемеңгер тұлға. Абайды оқу – Абаймен өмір сүру деген сөз. Оның мұрасы – бүкіл адамзаттың асыл қазынасы деп санаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
P.S
Әңгіме барысында бір байқағаным, Ләйлә апайымыздың бүтін болмысы мен көзқарасында данышпан хәкімнің ұшқыны әлі де маздап тұрғандай екен. Бәлкім, мен үшін ғана солай көрінуі мүмкін. Бірақ бұл ақиқатты жасыра алмадым. Ғажап! Апайымыздың бас ақынға байланысты кітаптардың барлығын көзінің қарашығындай сақтап, кітап сөрелеріне тізіп қойғаны – көңілімді жылытты. Әңгіме арнасын қайта-қайта ұрпақ тақырыбына бұрғым келіп, жоғарыдағы сұрақтарды қойдым. Бұл – ойшылдың ұрпағын алаңдаудан туған сауалдар еді. Қалам және ғалам. Уақыт және кеңістік. Сөз және рух. Бір үміт, бір күдікдің арасында сенделткен тіршіліктің керуені ендігәрі тоқтамасы анық.
Сұхбаттасқан: Біржан АХМЕР
Бөлісу: