Шәкәрім мұрасы: Ахат Құдайбердиев коллекциясы хақында

Бөлісу:

13.08.2018 12872

Шәкәрім Құдайбердіұлының мол шығармашылық мұрасын халық жадында қалдыру үшін Ахат Шәкәрімұлының орасан зор еңбек атқарғаны баршаға аян. Тағдырдың талай тәлкегін көрген ақын перзенті әкесінің шығармаларын болашақ ұрпаққа жеткізуді бүкіл ғұмырының мақсаты деп санады.

Ахат Шәкәрімұлының туып өскен ортасы – үлкен ақындар отаны. Ол ұлы Абайдан бастап, Абай балалары, Көкбай, әкесі Шәкәрім және өзі тұстас ақындар отаны. Осындай ортада өскен Ахат та ақындықтан құралақан емес-ті. Өмір бойы шығармашылықпен айналысқан Ахат Шәкәрімұлының үлкен ақындық талантын халық көзі тірі кезінде мойындаған еді, бірақ ол өз шығармаларын жарыққа шығаруға көңіл бөлмеген. Ол кемеңгер әкесінің күндердің күнінде ақталып, оның асыл мұрасының халқымен қайта қауышатын кез келетініне қалтқысыз сеніп, ақынның шығармаларын қайта-қайта көшіріп, естеліктерін жазып сақтады.

Абай музейі ашылған сонау 40-жылдардың өзінде Ахат Шәкәрімұлының ұлы ақын музейімен байланыста болғаны жайлы куәлікті музей қорынан таптық. Ол 1949 жылы 26 тамызда жазылған «Ардақты Қайым бауырым» деп басталатын хаты. Бұл хатта музейдің Абай туралы кітап басып шығарғалы жатқанын естіп, өлең жазып, соны жібергені туралы жазады. Кейіннен, 1961 жылы да музейге үш қолжазба тапсырған екен. Олар – «Семей», «Ұлы ақын» деп аталатын өлеңдері және араб графикасымен жазылған 5 бет қолжазба. Бұл қолжазбада сол кездегі музей залдарындағы кейбір бөлімдер тақырыбын ашуға қажетті болады-ау деп, өзі білетін деректерді жазған екен.

Ахат Шәкәрімұлы 1968 жылы туған жеріне қайтып келген соң Жидебайдағы Абайдың музей-үйінің меңгерушісі қызметін атқарды, кейіннен Семей қаласына көшіп келіп, Абай музейіне ғылыми қызметкер болып орналасады. Музейде жұмыс жасаған жылдары қорда сақталған араб графикасындағы көптеген қолжазба, естеліктер, кітаптарды қазіргі қазақ графикасына аударып, өлшеусіз еңбек етті.

1984 жылы Ахат Шәкәрімұлы қайтыс болғаннан кейін артында қалған шығармашылық мұрасын, жеке архивін музей қорына қабылдау жұмыстары қолға алынып, әкесі Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы айтуға болмағандықтан, Ахат Құдайбердиевтің өзінің ақындығын алдыға тартып, 1986 жылы Мәдениет министрлігінің арнайы шешімімен Ахат Құдайбердиевтің жеке архиві (барлығы 153 дана сақталым даралығы) зайыбы Бәтима Жәкеновадан қабылданады. Олар: қолжазбалар, жеке қолданыста болған заттары, құжаттары, фотосуреттер және кітаптар еді.

Осы жәдігерлердің арасынан Шәкәрім Құдайбердіұлына қатыстыларына тоқталсақ, ең бірінші, Шәкәрімнің 1912 жылы түскен фотосуреті мен ақынның көзі тірісінде жарық көрген «Мұсылмандық шарты» және «Дубровский» кітаптарының түпнұсқаларын айтар едік. Ал одан кейінгі кезекте Шәкәрім шығармаларының қолжазбалары, барлығы-70 қолжазба қазіргі уақытта музей қорында 32 бумада сақталған. Осы сақтаулы қолжазбалардың 33-і Ахат Шәкәрімұлының өзінің шығармалары да, ал басқасы Шәкәрім шығармаларының қолжазбалары мен Құнанбай, Абай, Шәкәрім жайлы естеліктер.

Музей қорындағы Ахат Құдайбердиев коллекциясында Шәкәрімнің келесі тізімдегі шығармалары сақтаулы:

  • «Мұсылмандық» (КП-4486/1, КП-4486/2);
  • «Боран» (КП-4483);
  • «Дубровский» (КП-4484);
  • Өлеңдері, аудармалары (КП-4485) ;
  • Өлеңдері (КП-4488) ;
  • «Қазақтың ескі жолының бірі – енші» (КП-4491) ;
  • «Қазақ айнасы», «Еңлік-Кебек» (КП-4494);
  • «Әділ мен Мәрияның бір жылдық өмірі» (КП-4496);
  • Шәкәрім әндерінің ноталары (КП-4497);
  • «Қазақ айнасы», «Дубровский», аудармалар (КП-4498/1);
  • Өлеңдер (КП-4498/2);
  • «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу», прозасы (КП-4499);
  • «Ләйлі-Мәжнүн», «Дубровский», Хожа Хафизден аудармалары, «Әділ-Мәрия» (КП-4500);
  • Өлеңдері (КП-4501);
  • «Қазақтың түп атасы», «Қодардың өлімі» (КП-4502);
  • «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналына сөз жазушыларға» (КП-4503);
  • «Шын бақ қайсы? Күншіл кім?» (КП-4505);
  • «Дубровский» (КП-1931);

Шәкәрім шығармалары емес, бірақ Шәкәрімге қатысты жәдігерлер:

  • «Шәкәрім жайында пікір» атты қолжазба;
  • 1962 жылғы Абай аудандық комитетінің Шәкәрім шығармашылығы жайлы комиссия пікірінің көшірмелері (орысша, қазақша);
  • Шәкәрімнің 14 өлеңі басылған 1959 жылы 9 қаңтар күнгі «Қазақ әдебиеті» газеті;
  • Шәкәрім әндерінің Талиға Бекхожина түсірген нота жазбалары;
  • Шәкәрім Құдайбердіұлының ақтау мақсатында жоғарғы органдарға жазған хаттарының көшірмелері;
  • 1936 жылы Ұлттық кітапханаға Шәкәрім шығармалары жазылған екі қолжазба кітап өткізгендігі туралы акт;
  • 1958 жылы СССР-дің Бас Прокуратурасынан әкесінің ақталуына қатысты анықтамалар;
  • Н.С.Хрущевке жазған хаты.

Бұл жәдігерлердің барлығы Шәкәрім Құдайбердіұлының ақталуы туралы үкіметтің арнаулы қаулысы қабылдағаннан кейін ұлы тұлғаның шығармашылығын насихаттау жұмысында ғылыми айналымға қосылды.

Ахат Құдайбердиев коллекциясындағы Шәкәрімге қатысты жәдігерлер 1995 жылы Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойының қарсаңында дайындалған жаңа экспозицияда Шәкәрім шығармашылығына арналған бөлім ашуға, пайдаланылды. Бұдан кейін де аталған жәдігерлер көмегімен бірқатар көрмелер жасақталды. Солардың ішінде ерекше атап өтетініміз – 2008 жылы кәрі құрылықтың астанасы Парижде Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдығына арнап ұйымдастырылған көрме.

Шәкәрім Құдайбердіұлының ақталуы туралы арнаулы қаулы шыққаннан бергі соңғы 30 жыл ішінде ақын шығармалары әртүрлі баспалардан көптеген кітап болып басылып шықты. Әр жерде сақталған ақын шығармаларының қолжазбалары негізінде жарық көрген бұл басылымдардың кемшіліктері де жоқ емес. Осындай кемшіліктерді әу баста газет-журналдарға басылған ақын шығармаларынан көрген Қ.Мұхамедханов өзінің «Біздің міндет» атты мақаласында сынға алған еді. Одан кейін Шәкәрімнің «Жазушы» және «Жалын» баспаларынан алғашқы жинақтары шыққанда ««Құдай» деген сөзден құдай сақтасын...» деген мақаласы жарық көреді. Осы аталған екі мақала да Шәкәрім шығармалары оқырманға қатесіз, бұрмаланбай, түпнұсқадан айнытпай жетсе екен деген оймен жазылған еді. Ғалымның өз сөзімен айтқанда: «Шәкәрімнің асыл мұрасын мүлтіксіз жариялап, халыққа кіршіксіз жарқыратып жеткізу біздің аса жауапты әрі құрметті борышымыз». Өкінішке орай, сол алғашқы жинақтардағы кеткен мәтіндік қателер кейінгі басылымдарда сол қалпында кездесетіні қынжылтады.

Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары осы күнге дейін бірнеше рет басылып, халқымыздың рухани мейірін қандырып, мерейлендіріп келеді. Ақын шығармаларын жан-жақты зерттеп, мәтіндік салыстырулар жүргізіп, осы тұрғыда мейлінше мінсіз жинақтар шығару кезегі келген сияқты. Әрине, бұл өте ауқымды да қиыншылығы мол жұмыс біршама уақытты қажет етеді. Кезінде Абай шығармаларының текстологиясы қалай сұрыпталса, Шәкәрім шығармаларының да канондық толық жинағын дайындау – уақыт талабы. Биыл Абай шаңырағы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетімен бірлесе отырып, ақын шығармаларының екі томдығын шығаруды көздеп отыр.

Шәкәрім шығармаларының өз қолжазбалары бізге дейін жетпегендігі барша қауымға белгілі. Сол себепті ақынның көзі тірісінде басылған кітаптардағы мәтінді түпнұсқа ретінде қарау жөніндегі пікір орынды. Ал, бұл кітаптарға кірмеген, біздерге қолжазба түрінде жеткен шығармалардың мәтінін Ахат Шәкәрімұлының қолжазбаларына сүйеніп басқан дұрыс. Сондықтан, музей қорындағы Ахат Құдайбердиев коллекциясындағы Шәкәрім өлеңдерінің қолжазбаларын осы уақытқа дейін баспадан шыққан Шәкәрім шығармаларының жинақтарымен, Қазақстанның архив, кітапханалар қорында сақтаулы Шәкәрім шығармаларының қолжазбаларымен мәтіндік салыстырулар жасау жұмыстары жүргізілді. Мұндай салыстыру үшін алдымен сол қолжазбалардың көшірмелерін алу бағытындағы жұмыс атқарылды. Қазіргі уақытта біздің қорымызда Шәкәрім шығармаларының Ұлттық кітапхананың си­рек кітаптар және қолжазбалар бөлімінде, Орталық ғылыми кітапхана қорында және Мемлекеттік архивте сақтаулы қолжазбаларының сандық форматтағы көшірмелері алынды.

Мәтінмен жұмыс істеген кезде анықталғаны: «Қазақ айнасы» жинағына кірген «Өлген көңіл – ындынсыз өмір» атты өлеңі 11-ге бөлініп, көптеген жинақтарда жеке өлең ретінде басылып жүр. Бұл ақын шығармашылығына деген немқұрайлы көзқарастың тек бір көрінісі ғана. Ақын шығармаларының басылымдарында, өкінішке орай, басқа да олқылықтар жетерлік.

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақ айнасы» жинағына енген шығармалары 1988 жылдан бері жарық көрген жинақтардың ешқайсысына да толықтай кірмеген. «Атамұра» баспасынан 2003 жылы басылып шыққан «Қазақ айнасы» деген аттас жинақтың өзінде де ақынның өзі шығарған жинақтағы шығармалары толық басылмаған. Шәкәрімнің 1912 жылғы жинағына кірген 36 шығарманың 30 ғана басылған. Сонымен қатар текстологиялық қателер де бар.

Музей қызметкерлері «Қазақ айнасы» жинағын баспаға дайындауды мақсат етіп, ақынның өзі көзі тірісінде шығарған жинақ пен қазіргі қазақ әрпіне Ахат Шәкәрімұлының қорда сақтаулы аударма қолжазбасы негізіндегі мәтінді қатар қойып, факсимильді нұсқасын дайындап, 2013 жылы жарыққа шығарды. Кітапта түпнұсқа кітаптың беті және сол беттегі мәтіннің аудармасы қатар берілген. Мұнда оқырман қауымға Шәкәрім шығармалары өзі шығарған жинаққа берген күйінде ұсынылған.

Абай музейі қорында сақтаулы Ахат Шәкәрімұлы коллекциясы Шәкәрім шығармашылығына байланысты жәдігерлер топтамасының негізін құрады. Қазіргі уақытта Шәкәрім Құдайбердіұлына қатысты жәдігерлер қатары жылдан жылға жаңа жәдігерлермен толығып, молайып келеді. Ахат Құдайбердиев коллекциясының да уақыт өткен сайын маңызы арта бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Абай мұражайы қорының сипаттамасы (жолкөрсеткіш).- Семей, -2011.

«Қазақ әдебиеті» №26, 1988 жыл, 24 июнь

Ш.Құдайбердіұлы. Қазақ айнасы. - Семей, -2013.

Музей қоры, А.Құдайбердиев коллекциясы.

Мейрамгүл ҚАЙРАМБАЕВА,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейі директорының ғылыми

жұмыстар жөніндегі орынбасары

Бөлісу:

Көп оқылғандар