Баланың рухани қажетін кім өтейді?
Бөлісу:
Қазіргі балалар әдебиетінің дамуы көңіл көншітпейтіні белгілі. Ол жалпы қазіргі әдебиеттің дамуындағы кемшіліктермен өзектес мәселе екендігі де анық. Балаларға шығарма жазу аса қиын әрі жауапты іс болғандықтан, бұл салаға көп қаламгердің бет бұра бермейді.
Қазіргі қазақ балалары не оқып жүр? Оларға не ұсынылып жатыр? Балаларды өзіміздің ұлттық өнер мен мәдениет аясына тарта алып жатырмыз ба? Әдебиет арқылы бойға сіңетін ұлттық құндылықтар қаншалықты сөз өнерінде ұлықталуда? Жазушылар мен ақындардың даму деңгейі балалардың қиялына қанат бітіруге қаншалықты қауқары бар? Мектеп бағдарламасынан өзге балалар іздеп оқитын шығарма жазылды ма?
Қазіргі балалар журналының бірін ақтарғанда оның көпшілігінің балаларға қажетсіз және қызық емес дүниелер екендігі байқалды. Әншілер мен олардың өмірі туралы көлемді мақаланы баланың оқымасы анық. Біраз орын балалар хаттарына берілген. Олар да шығармашылық емес, мұғалімі мен мектебі туралы тапсырыспен жазылған дүниелер. Танымдық қысқа ақпараттар біраз орын алған. Мектеп оқушыларының суреттерінен көз сүрінеді. Бала қызықтап оқитын көркем шығарма қайда? Бұл бала тәрбиесінде олқы болып, олардың дамуына үлгере алмай жатқандығымыздың айғағы. Біздің балаларға ұсынып жатқан еңбектер Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Жусан исі» атты 60-80 жылдардағы шығармалар. Бұл классикалық шығармалардың балаларды қызықтырып, рухани байытары даусыз. Бала қиялы өз уақытының сипаттары мен тынысын сезінгісі келетінін де ескеру керек. Сондықтан балалалар шетелдік өнімдерді қызықтап, рухани қажетін сол көздерден өтеп жүргеніне кім кінәлі? Оған кінәлі бала да емес, шетелдік ақпарат құралдары емес екені де анық. Ол жаңа заманауи мәселелерді сөз өнеріне әкеле алмай жүрген қаламгерлер мен осы бір істі шешудің жүйесін таппаған мәдени-рухани жүйе.
Қазіргі балалардың өмірі мен дамуында, тұрмысында, оны қоршаған ортада шешімі табылмай жатқан мәселенің тым көбейіп кеткендігі жасырын емес. Қазіргі қоғамдық дамуда бала жалғыз қалып, адасып, аса бір қиын жағыдайда өсіп жатқандығына күн сайын емес, сағат сайын өмірдің өзі бір көрініс ұсынуда. Мақалаларда көрініс тапқан осы проблемалар көтерілгенмен, оның шешімін табу жолы көрсетілмейді. Біздің қоғам негізгі мәселені шешуді керек етпейді ме, әлде көзін таппай ма? Осылай қала берсе, тұтас ұрпақты жоғалтып алуымыз да мүмкін. «Менің атым Қожа» шығармасы арқылы үлгерім мен тәртіпке байланып қалмайтын, еркін ойлайтын жас балалар мұғалім мен мектеп, қоғам тарапынан орын алатын өзіне теріс көзқарасқа қарамай, соңына дейін өз мақсатына адал балалар ертеңіне үміт пен өзіне деген сенімін күшейтетін. Ал заманауи балалар шығармашылығында қазіргі баланың тұлғасы жасалмады. Қазақ әдебиетіндегі баланың жарқын бейнелері ретінде Асан мен Үсен, Қожа, Аян аталады. Қазіргі кезең бейнесін жасалмай отырған себебі қандай? Ал қазір балалардың рухани дамуына аса қажетті тұлғалардың жасалмауы бала өміріне деген біздің қатынасымыздың көрінісі.
Бала дамуының қиын кезеңі жасөспірімдік кез. Қазіргі күні бұл тақырыпқа қатысты әлем әдебиеті өте қызықты шығармалар ұсынуда. Олардың қазақ тіліне аударылмауы да баланы рухани дамтудағы бос қуыстың бар екендігін ескермейтініміздің белгісі. Осы қуыс ертең бізді тереңге тартып кетіп жүрмесін. Қазір біздің жасөспірімдердің оқитын шығармалары: Джоан Роулинг «Гарри Поттер», Стивен Чбоски «Елеусіз болу бақыты», «Сауалдың 13 себебі», «Тек анама айтпа» т.б. Жатсраға| рухани жетекші болып отырған шетелдік жазушылар екендігін мойындауға тура келеді. Гарии Поттердің бастан кешкен оқиғалар қиял әлемінде армансыз жүздірсе, «Елеусіз болу бақыты» мектептегі сан қилы қарым-қатынастың нәзік қырларын шынайы бейнелейді. Ал «Сауалдың 13 себебі» өзін-өзі өлімге қиған жас қыздың сол шекке жетуіне бір емес, жанындағы адамдардың іс-әрекеттері мен сөздерін жинақтап жеткізумен құнды. Адамды өмірден алыстататын бір ғана себеп емес көп себеп қосылып, өмірде сенетін, жақсылық күтетін ештеңе қалмағанда соңғы қадамға баратынын ұқтырады. Адамды өлімге итеретін әрекетті жасап жүргененін өзіміз де білмеуіміз мүмкін. Сондықтан бұл терең психологиялық-әлеуметтік роман былай басталады: «Сен болашақты өзгерте алмайсың. Сен өткенді түзете алмайсың. Сен тек тыңдай аласың. Өзге адамның өміріне әсер ете алатынын кей адамдар біле бермеуі мүмкін. Кейде біз іс-әрекетіміз бен сөзімізбен біреудің тағдырын шешетінімізді түсіне бермейміз. Адамдардың барлығының рухы күшті бола бермейді, кейбірі қолдарын сермеп, өміріндегі ең сұмдық қателікті жасайді. Бұл кітап та сол туралы. Өзгерте алмайтын өткенге жармаса бермей, әрі қарай өмір сүру керек, бар күшіңді сарқып, тіршілік ету керек.»
Әлемде 30000000 данамен кең тараған Гарри Поттер шығармасы қиял әлеміндегі Гарри атты баланың басынан кешкен оқиғаларын арқау етеді. Сиқырлы әлем балалардың қиял әлемі екенін ескере отырып, бұл шығармадағы қиял ғажайып бейнелер мен құбылыстардың аса молдығы балаларды тартпай тұрмайтыны сөзсіз. Ал С.Чбоскидің «Елеусіз болу бақыты» атты шығармасы он бес жасар Сарли атты жасөспірімнің өмірлік бақылаудан түйген ойларын арқау етеді. Жасөспірімдердің өмірдің құбылыстарды дұрыс не болмаса жете түсінбеуінен туындайтын қиындықтар балалардың ғана емес, ересектердің де назар аударар мәселесі. Өмірдей шынайылығы үшін жасөспірімдер бестселлері болған шығарма қазақ жастарының да жүрегінен орын алып үлгерген. «Аяулы сүйектер» атты бестселлер он төрт жасар Сюзи Сельмонның аса қатыгездікпен өлтірілуінен басталады. Ол өзге әлемнен өзінің туыстар мен жендетінің өмірін бақылайды. Ол бұл өмірге әсер ете алмайды дегенмен, ол өмірлік оқиғаларға бірнеше рет қатысу мүмкіндігін алады. Бұл шығармалар балалардың қиял әлемі мен рухани, танымдық, эмоционалдық қажетін өтей алатын болғандықтан әлемдік әдебиеттің үздіктері қатарынана орын алып отыр. Өмірдің соншалықты қызықты, қиын, әрі жан-жақты екендігін дәлелдеп, жастардың қиялын тербеп қана қоймай, оны түсініп, оның сырларын шешкісі келетінін айқындайды. Жастардың қоғамды туындап отырған мәселесі қоршаған ортамен түсінбестігі, оларға сыртқы қараңғы күштердің қиянаты, өзара жете түсінбестік пен өз-өзін бағалаудағы қиындықтар жасөспірімдердің мәңгілік мәселесі. Қазақ баласы да, қазақ жасөспірімі де тұтас әлемнің бір бөлшегі. Жоғарыда аталған шығармалар қозғаған мәселелер біздің балалардың да басында бар. Жасөспірім өмірінің аса қатал шындығы туралы «Тек қана анама айтпа» атты романның авторы Тони Магуайер өзінің бала кезінде көрген қорлығы мен қиянатын ашық айта отырып, оларды өмірдің қатыгездігіне қарсы тұруды үйреткісі келетін ниетін сезбеу мүмкін емес. Жас баланың үлкендерден және өз жақындарынан зорлық көруі біздің елде де жайылып бара жатқан індет екендігін жасыру мүмкін емес. Бас прокуратураның құқықтық статистикамен арнаулы есепке алу комитетінің мәліметіне сүйенсек жыл сайын 800 бала зорланады екен. Оның арасында туған әкесі мен туысы тарапынан қиянат көргендері де көп. Туған әкесі зорлаған кейіпкердің трагедиясы, оның зорлықтың үстіне жанындағы адамдардан қолдау табудың орнына жек көрініш пен мазақ көруі біздің қоғамда бар құбылыс. Қоғамымыз мұндай қылмыстың кең жайылып бара жату себебін іздеуді талап етудің орнына кіжінумен, қынжылумен шектеліп қалатыны да рас. Оны шешудің ұлттық сипаттары бар екенін ескере отырып, жасөспірім жастарға жол нұсқау, рухани байыту өз қолымызда болуы тиіс. Егер осы мәселені өзге елдердің ырқына берсек, жаны мен жүрегіне түсіністікті шетелдік шыармалардан тапқан ұрпақ біздің көркем дүниені тани алмай, жат болып өседі. Отбасы мен мектеп, қоршаған ортамен үйлесімсіздік қиындықтарын басынан өткерген Қожа тағдыры қазіргі балалардың өмірінде де өзекті. Бұл проблемалар шешілмеген соң балалар өмірінде өз-өзіне қол жұмсау, үйден кетіп қалу, бір-біріне күш көрсету, тіпті өлтіру сияқты қатыгез құбылыстар жиі кездесіп жатқаны қынжылтады.
Балалар әдебиеті қазіргі кезеңде аса қажет. Оның мазмұны бұрынғыдай алғашқы махаббат, есею жолының қызығы сияқты романтикаға ғана құрылмайды. Қазіргі күрделі заманның үдерісіне сай өткір әлеуметтік, психологиялық мәселелердің төңірегіне құрылған. Сондықтан бұл шығармалар арқылы балалар өміріне белсене қатысып, олардың өміріндегі мәселелерді алға шығарып, оны шешудің жолдарын нақты ұсыну өте маңызды. Осы мәселелер мақала түрінде белсенді көтеріліп жатқанымен, көркем шығарма оларды «тірілтіп», ерекше әсер етіп, ойландырыруда аса қажет. Сондықтан әдебиеттің орнын еш өнер алмастыра алмайды. Адамзат дамуындағы алғашқы көркемсөз үлгілері: бесік жыры, жаңылтпаш, тұрмыс салт жырлары мен ертегілер жас балалардың танымдық және рухани әлемін байыту үшін туындаған. Сондықтан адамзат өмірі бала кезден басталады. Оларды ұлттық негізде қиялдап, ойлануға үйрете алсақ, ол ұрпақ опық жегізбейді. Оқу үдерісінің жетекші саласы болған әдебиет сабақтары бабалардың дүниетанымдық, рухани әлемін қалыптастыратын негізгі фактор ретінде әлемдік даму үдерісінен кенжелеп қалуға болмайды. Балалар әрқашан жаңашыл, білуге құштар, ізденіске ынтызар болғандықтан оның толыққанды тұлға болып жетілуіндегі көркем сөз өнерінің орнын жете бағалап, сол бағытта арнайы жұмыстар жүргізілуі қоғам тарапынан үздіксіз жүргізілуі тиіс.
Менің балаларым жасөспірімдер. Олармен кино мен кітап туралы сөйлесе қалсам, тығырыққа тірелемін. Олардың айтып отырған сөздері мен ұғымдарын, көзқарасы мүлде бөлек. Күн сайын емес, сағат сайын өзгерген кезеңде балаларды ата-ана емес, мектеп емес, төл әдебиет пен өнер емес, сол уақыттың ағысына ілесе білген өзге мәдениет рухани серік болғаны өкінішті. Жасөспірімдер ұнатқан «91» тобын жамандап, қаһарланғанда не ұтамыз? Жасөспірімдер сол топтың қазақша өлеңдерін тыңдап жүргенін, айтып жүргенін жоққа шығара алмаймыз. Жасөспірім әлемі өзгеше. Олар ешкімге ұқсамайтын дарашыл әлемге құштар. Біз оларға тыңдатпай, қарсыласқанмен, олар сондай кәріс топтары мен америка топтарын тыңдайды. Балалардың талғамын солай терістеумен оларды өз әлемімізден алыстатып алмаймыз ба? Сондықтан олардың психо-физикалық даму ерекшелігін ескеріп, өзіміздің ұлттық болмысымыз сіңген рухани дүниеге жақындату керек. Әдебиет дамуда, шығармалар жазылуда. Бірақ оларды біздің балалар біле ме? Шығармалар қоғам қажетін ескере отырып жазылуы керек. Өз уақыты мен қоғамының бар шындығын көркем сөзде бейнелеген Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезовтің әдеби жолын жалғаған қаламгерлеріміз сол дәстүрден айнымаса, жас ұрпақ төл руханияттан тамыр тартады. Күрделі де құбылмалы заманда рухани сүйенішке ең мұқтаж жандар балалар мен жасөспірімдер екенін ұмытпаған абзал.
Айгүл ҮСЕН,
Еуразия ұлттық университетінің профессоры
суреттер ғаламтордан алынды
Бөлісу: