Көркем әдебиеттегі танымалдылықтың сыры неде?!
Бөлісу:
Қазіргі кезде синкретизмнің, әмбебаптықтың күні өткен. Әр нәрсеге кәсібилік қажет! Қазақта бір сөз бар: «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» – деген. Дәл айтылған сөз! Не үлкен ғалым бол, не үлкен ақын бол! Не ақындық ізденіс, не ғылыми ізденіс. Бізде бәрі қазір бесаспап. Режиссер, актер, сценарист, жазушы, ақын, композитор. Ең оңай сала – музыка болып кетті. Екінің бірі әуесқой композитор, ақын. Синкретизм гүлденіп тұр. Орыстар мұндайда: «И швец, и жнец, и сам на дуде игрец» – дейді. Ағылшын жазушысы О. Генридің осы мәселеге қатысты: «Боливар екі адамды көтере алмайды» («Боливар не выдержит двоих», «Bolivar cannot carry double») деген әңгімесі бар. Шынында да әр нәрсеге бесаспап бола беруге мүмкін бе?!
Өнерге қатысты уақыт қатал да әділ! Өнер айдынында кезінде кеуде қаққан талай тарландар уақыт сынына төтеп бере алмай, есімдері із-түссіз жоғалып жатады. Пушкиннің кезінде Ресейде мыңдаған авторлардың өлеңдері баспасөзде жарияланған. Бірақ солардың ішінде елу-алпысы ғана нағыз ақын саналған. Яғни жиырманың ішінде біреуі ғана. Мыңдағанды қоя тұрып, әлгі елу-алпыстың өзін қазіргі оқырмандардың ішінде кім біліп жатыр.
Пушкиннің тұсында Жуковский, Батюшков, Вяземский, Давыдов, Катенин, Боратынский, Языков, Дельвик, Веневитинов, Кюхельбекер, Одоевский, Надсон сияқты мықты ақындар өмір сүрген. Тіпті жастар арасында Надсон поэзиясы Пушкинге қарағанда өтімдірек болған. Надсон жастардың талап-тілегінен шыға білген «модный» ақын болған. Ал бұл жағынан Пушкин суырылып алға шыға қоймаған. Боратынскийдің лирикасын алайық. Ол орыстың нағыз философиялық лирикасының негізін салған. Философиялық лирикада эпик ақындарының ішінде ешкім де оның алдына шыға қойған жоқ. Осы Боратынскийді орыс оқырмандараның ішінде ілуде біреуі болмаса, көбі біле бермейді.
Тютчев пен Фет кеңестік кезеңде жақсы насихатталғандықтан, есімдері оқырманға жақсы мәлім. Ал айтылмағандықтан оқырманға есімі аз таныс ақын – орыстың тамаша да көрнекті, талантты ақыны Николай Языков (1803-1846). Оның шығармашылығын кезінде Пушкин, Гоголь, Боратынский және сол кездегі орыстың ірі сыншысы Иван Киреевский ерекше жоғары бағалаған.
1833 жылы оның өлеңдері жеке кітап болып жарық көріп, оны оқыған Пушкин көзіне жас алған. Ол былай деп жазды: «Ол неге бұл кітапты жай ғана «Языков өлеңдері» деп атаған?! Оларды – құлмақ (хмель) деу керек еді! Қарапайым адам мұндай өлең жаза алмайды, бұлай жазу үшін сезімге мас болу керек».
Ал атақты сөз зергері Гоголь Языков жайлы тіпті де асқан толғаныспен, таңданыспен: «Дәл мұндай әрі асау, әрі мінсіз, әрі өз иесіне мүлтіксіз бағынған тілді бұрын-соңды ешкімнен көрген емеспін. Языков деген аты затына сай екен. Ол өз тілін арабтар жабайы жылқыны қалай үйретсе, дәл солай бағындыра алған. Онымен қоймай, тіліне деген өктемдігімен мақатана алады», - деп жазса, жалпы Языков поэзиясының сипатын: «Осы бір нұр шашқан, қуанышқа толы Языков өлеңі толығымен нұрдан құйылғандай, жан дүниеңе күн сәулесіндей сіңеді...» – деп баға береді.
Сөйткен Языковты қазір кім біліп жатыр? Пушкиндей ұлыны сөзімен тебірентіп, көзіне жас алғызған асыл талант уақыт тозаңына көміліп қалған!
Бұл – орыс әдебиетіндегі жағдай. Енді қазақ әдебиетіндегі осыған ұқсас жайттарға тоқтала кетсек.
Көк пе, жер ме,
Су ма, жел ме,
Әлде алған ай ма екен?
Айтшы, қайың,
Менің жаным,
Айтшы, айтшы, қайда екен?!
Осы кімнің өлеңі? Қазіргі көп оқырман біле бермеуі де мүмкін. Бұл өзінің әсерлі, сағынышты сүйіспеншілік сезім күйін ақ қайыңға мұң ғып шерткен, қазақ поэзиясына алғаш ақ қайың образын әкелген, ХХ ғасырдың басында қазақ поэзиясының көгінде жарқ етіп, тағдыр жолы ерте тұйықталған – Бернияз Күлеев сияқты жас таланттың «Қайда екен» поэмасының түйіні.
Б.Күлеев – ерте жанып, ерте сөнген таланттарымыздың бірі. Көп жылдар бойы Б.Күлеев поэзиясына дәуір шаңы қонып, жарқырап көріне алмай, көбіне тозаң басып жатты. Дәуірдің, заманның қытымыр қабағы, саясаттың ызғары Б.Күлеев поэзиясының өз сұлулығымен жарқырай көрінуіне ерік бермеді.
Мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш арыстарының бірі С.Сәдуақасов 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 15-16 ақпанындағы сандарында жарық көрген, айтыс ретінде берілген «Әдебиет әңгімелері» деген мақаласында Берниязға қатысты мынадай ой-пікір айтады: «Осы күні көзі жоқ жазушыларымызға келейін, Абай, Сұлтанмахмұт, Берниязды кім біледі? Қай сыншы бұлардың табысын зерттеп, қорытынды шығарды? Шындыққа келсек, бұл екі ақын да ірі кісі».
Бұл Смағұлдай үлкен әдебиет сыншысының Берниязға берген биік бағасы. Бернияз өлеңдерінде заман тынысын кемел тұрғыда көркем кестелеген ақын болып, өз дәуірінің, кезеңінің үні бола білді. Б.Күлеев – өзінің сырлы да сұлу лирикаларымен өз кезінде үлкен із қалдырған талант. Ол – буырқанған сезім мен құштарлыққа толы жырлар жазған романтик ақын.
Ал енді осы Бернияздың сыршыл жырларына замандас ақын ағасы, қазақ поэзиясының сол кездегі жарық жұлдыздарының бірі – Мағжан қатты тебіреніп, талантын шын мойындап, жоғары баға бергені есімізде.
Жалпы Бернияз поэзиясында Мағжан поэзиясымен үндесетін тұстар молшылық. Екі ақында да тақырыптық жағынан ұқсас жайттар мол. Ақындық машық жолында Б.Күлеев, М.Жұмабаев секілді орыстың символист (бернешіл) ақындары Брюсов, Бальмонт, Блоктарға көп еліктейді, солардың жолын тұтынды. «Мағжанның ақындығы туралы» деген мақаласында былай дейді: «Бейнешілдердің өлең жазу әдісін Мағжан қазақ әдебиетіне кіргізеді. Кей жерде символистер өлеңнің сыртқы түріне еліктесе, кейде ішкі мәнін де алып жібереді. Бальмонт 22 жасында өмірден торығып, әлеуметтен қол үзіп «Әлдиле өлім, әлдиле» десе, Мағжан да бальмонтшілеп, жас басынан торығып «Өлім шақырады».
Берниязда осы сарында «Өмір-өлім», «Өлім-құрдым, өмір-өзен жағалап», «Ал, жүрегім, өлейін», «Мен есіткен көп адам», «Жанталас», «Алшы, тәңірім, алшы ал?!», «От жүрегім күнде өртеніп», «Бүгін-ертең» өлеңдерін жазды.
Жалпы екі ақында ғашық жарды суреттеуде, оған құлай берілудегі құштарлық сезімдерінде көп ұқсастық бар. Сүйген жарына берілген Бернияз:
Келші бері,
Сүйші мені,
Суырылсын көмейім,
Сүй, құшақта,
От құшақта,
Есім ауып өлейін! - десе, дәл осындай сезім күйіндегі Мағжан да:
Келші, кезім күн бетіңді көрейін,
Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін - дейді.
1923 жылы 29 қаңтарда ақын өмірі қысқасынан күрт үзіледі. Небары 24 жасында Б.Күлеев өмірден қыршын кетеді. Ташкентте шығатын «Ақжол» газетінің 1923 жылғы 22 ақпан күнгі санында Мағжанның «Берниязға» деген өлеңі жарияланады.
Жаны жалын, жаны жарлы жеткіншек,
Күлсін саған, сөксін мейлі көк есек,
Мен сөкпеймін, сені сонау толқынмен,
Хан майданға неге ғана кірдің деп.
Мен күңіренем ұлы ойлар кеп басыма,
Жырласаң ед шомылып көз жасыңа:
Тұңғиықтың түбіндегі тамаша
Өзі-ақ көшіп келмес пе еді қасыңа... - деп күйінеді ақын өліміне ақын жаны. Бұл өлеңге эпиграф етіп Мағжан 1922 жылы Бернияздың атсалысуымен Қазан қаласында шыққан өзінің өлеңдер жинағындағы «Ұлан» деген өлеңнің соңғы екі жолы:
Ұлан өлді батып қанға,
Тыныштық тапты асау жан да, - деген жолдарын алады.
Міне, өзінің романтикалық құштарлыққа толы, сезімтал да сыршыл, сырбаз жырларымен Мағжан сияқты замандас ақын ағасын тәнті қылған, Мағжанмен ақындық болмысы үндес, талант деңгейі қарайлас Бернияз сияқты дарынның көпшілікке танылмауының сырын қалай түсіндірсек екен?!
Ал бір кездері «Қазақтың Чеховы» атанған, қазақтың сатирик жазушысы Қадыр Тайшықовты қазіргі көбіміздің біле қоюуымыз екіталай-ау, сірә?! Мардымсыз.
Бейімбет Майлиннің замандасы, қаламдас әріптесі Қадыр Тайшықов сонау отызыншы жылдары (ХХ ғ.) сатира жанрында алдына жан салмаған, маңдайы жарқыраған жүйрік дүлдүлдеріміздің бірі болып еді-ау, ә?!
Өткен ғасырдың 20-30 жылдары ұлттық әдебиетіміздің бастауында тұрған тұлғалардың бірі – жазушы, аудармашы, сықақшы, музыкант Қадыр Тайшықов – әдебиетімізде фельетон жанрын қалыптастыруға барынша үлес қосып, жалпы сатиралық шығармаларды көп жазған қаламгер. Оның шығармалары «Еңбекші қазақ» гезетінде, «Жаңа әдебиет» журналында, республика астанасында шығатын тағы басқа газет-журналдарда жиі жарияланатын болған. Жазушы әңгіме, фельетондарының көбін «Мәлтең», «Бұйрас» , «Қабсыңқа» деген бүркеншік атпен жарияланған.
Әдебиеттанушы-ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебай Қадыр Тайшықов шығармашылығы жөнінде мынадай пікір білдірген: «Қадыр өте-мөте шағын көлемді әңгімеге, фельетонға шебер еді. Оның әңгімелері мен фельетондары өте қисынды, өткір, көркем тілді, әрі келісті, күлкі-әжуалы, мысқыл-сықақты болып келетін. Қысқа, күлдіргі, сықақ әңгіме, фельетон жөнінде Қадырды А.П.Чехов стиліндегі, сонан ұтымды үйренген талантты күлкіші. Сықақшы десе болады. Ол талантты әрі тамаша сықақшы еді».
1927 жылы «Еңбекші қазақ» газеті сатиралық шығармаларға арнайы конкурс жариялайды. Оған 103 фельетон түсіп, соның 12-сіне бәйге берілген екен. Осы дүбірлі жарыста бас бәйге «Мұсылман ұлының қамшысы», «Үш парыз», «Меруерттің сыры» атты туындылар үшін Қадыр Тайшықовқа берліпті. Екінші бәйгені Аманғали Сегізбаев алса, үшінші бәйге Бейімбет Майлинге бұйырған екен.
Міне, бір үлкен таланттың өз кезеңінде бағалануы осындай болған. Өкінішке орай, уақыт табы оның өзін де, шығармашылығын да біздің санамызда өшіріп, ұмыттыруға айналдырған.
Кейінгі дәуірлерде (ХХ ғасырдың 60-70 ж.ж.) қазақ поэзиясында ұлы талант Мұқағали Мақатаевтың жұлдызы жарқырай жанды. Сол Мұқағали сынды ұлы талант кезінде өзінің әріптес інісі Еркін Ібітановтың өлең-жырларына тәнті болып, басын иген. Поэзиясын жоғары бағалаған. Ал енді қазақ поэзиясында ерте жанып, ерте сөнген жас талант Төлеужан Ысмайылов өзінің алғашқы өлеңдерімен әдеби жұртшылықты ерекше таңғалдырып, олардың құрмет-сүйіспеншілігіне бөленген. Олар жас ақынның поэзиядағы соқпағынан ұлы болашақ күткен еді! Жас ақынды трагедиялық тағдыр шырмады. Кейінгі ұрпақ шығармалары түгіл, атын да білмейді. Не істейсің?!
Алпысыншы жылдары (ХХ ғ.) әдебиетімізге үлкен талантты шоғыр келді. Бұл «жылымық» кезеңге тұспа-тұс келген қуатты толқын әдебиетімізге рухани серпін әкелді. Олардың оқырмандарға танылғаны да бар, танылмағаны да бар, қалай айтсақ та, талантты буын еді. Танылғандары - белгілі. Ал өз шығармаларымен оқырман, әдеби қауымның жылы ықыласына, сүйіспеншілігіне ие болған, өз талант қуаттарымен өз тобынан әсте кем емес біраз қаламгерлер есімі сана түкпірімізден көмескіленуде. Олардың қатарында Ақан Нұрманов, Тобық Жармағамбетов, Нәсредин Сералин, Мағзұм Сүндетов, Зейнолла Шүкіров, Ізтай Мәмбетов, Қабдікәрім Ыдырысов, Өтежан Нұрғалиев, Аманжол Шәмкенов, Еркеш Ибраһим, Есләм Зікібаев, Сәттар Сейітхазин, Жүсіп Қыдыров, Қайрат Жұмағалиев, Дүйсенбек Қанатбаев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Тұрсынзада Есімжанов, Мақсұт Нетәлиев, Бекен Әбдіразақов, Тоқаш Бердияров, Жеңіс Қашқынов, Дәуітәлі Стамбековтарды атауға болады. Біздің бұл тізімімізге енбей қалған әлі де қанша таланттар бар. Қазіргі әмбебаптыққа (универсализм) иек артқан таланттарды былай қоя тұрып, әдебиетті шын тағдырым деп біліп, өмір жолын таңдаған жас таланттарға ойланарлық мәселе аз емес сияқты, ә?!
Сәбит Жәмбек
Бөлісу: