Сәбит Жәмбек. Сөз Құдіреті
Бөлісу:
Сөз – қасиет. Сөз – құдірет. Сөз – сиқыр. Сиқыр болғанда оның арбауына түссең, құрдымға кеткенің. Басыңды жоғалтасың, не барыңнан айрыласың.
Сөзбен адамдарға шуақ шашасың, көңілдерге үміт сыйлайсың, әпсәтте пенде баласын ақша бұлттардың ар жағына шығарасың. Кектенсең сөз найзасын аямай жұмсап, жерге түсіресің, шалшыққа лақтырасың. Өлімші етесің, мүрдем кетіресің. Осыған байланысты мынадай бір қайғылы жағдайға тоқтала кетейік. Орыстың Сергей Довлатов (1941-1990) деген диссидент жазушысы болған. 1978 жылға дейін Таллин қаласында «Советская Эстония» деген атпен шығатын орыс тілдес газетте қызмет істеп, Америкаға эммиграцияға кеткен. 1990 жылы Америкада қайтыс болған. Кеңестер Одағында кітаптары жарияланбаған.
Шығарған кітаптары: «Чемодан» (1986), «Иностранка» (1986), «Зона: записки надзирателя» (1982), «Заповедник» (1983), «Компромисс» (1981), «Филиал».
Сергей Довлатов
ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан кейін оның кітаптары Ресейде шыға бастады. Сергей Довлатовтың үш томдығы Мәскеудегі бір газетте («Лесная газета») қызмет етіп жүрген оның бұрынғы жұмыс істеген газетінің («Советская Эстония») редакторы Генрих Фердинандович Туроноктың да қолына тиіпті. Үш томдықтағы «Компромисс» повесінде жазушы бұрынғы редакторының, тікелей бастығының бейнесін, сипатын ащы, қара юмормен аяусыз әжуалапты. Куәгерлердің айтуы бойынша осыны оқығаннан кейін Туронок ешкіммен сөйлеспей, бір бұрышта Довлатовтың үш томдығын парақтап томсырайыңқы түрде басын қайта-қайта шайқап: «Ех, Сергей, ех, Сергей, мен саған не жазып едім! Құдай көріп тұр ғой, мен сені өкпелетпеп едім ғой», - дей беріпті. Осыдан кейін ол бір жұмадай жұмысқа келмей, хабарсыз кетіпті. Бір жұмадан кейін қызметтестері іздесе, байғұс қайтыс болып кетіпті. Ащы сөз шымбайына батса керек. Байғұстың жүрегі шыдамаған болуы керек. Міне, сөздің құдірет-күші қайда жатыр. Ащы сөз өткір қылыш сияқты. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтер», -- деген сөз бар қазақта. «Сегіз тұтам сары садақ, секірген аңды сұлатар. Сегіз қырлы өткір сөз, ақырған ерді құлатар», - деген халық мақалы бар біздің қазақта.
Ал тәтті, алдамшы сөздің де талайдың түбіне жете жаздаған жағдайы бар, мынау тарихта. Орыстар мұндай сөзді «Елейно приторный речь» деп жатады. Пенде баласының мұндай шырындай тәтті сөздің арбауына шыдауы екіталай. Францияда XVIII ғасырдың аяққы шенінде мынадай қызық оқиға болыпты. Луи де Роган деген кардинал Францияның Бас министрі болғысы келіп Мария Антуанетта деген патшайымға сұранып, аудиенциясына қабылдауын өтінсе де тілегі қабыл болмапты. Патшайым аудиенцияны белгісіз себептермен кейінге қалдыра беріпті. Араларында әддебір салқындық болуы, бәлки. Осы жағдай 1784 жылдың көктемінде оның маркиза Жанна де ла Моттпен кездескеніне дейін созылыпты. Луи де Роганның жаңа танысы оның Бас министр болғысы келіп жүрген мақсатын естігеннен кейін тілін безеп, бұлбұлша сайрапты дерсің бір. Құдай тіл мен жақты аямай-ақ берген екен. Тәтті үн, тәтті дауыс, тәтті сөз өз дегенін істепті.
Кардинал маркизаның жан-жүректі елжіретер әсерлі де тәтті сөздерінің буына қорғасындай балқып, қармаққа оп-оңай түсіпті. Оның сөздерінің жылымшы, жалғандығын сезінбей, шын жүректен, сезімнен шыққан сөздеп ұғыпты. Солай деп қабылдапты.
Ал маркиза болса, сол кездегі «таңғажайып ғасырдың» талай сорлыларды тақыр мұзға отырғызған атақты алаяқ әйелі болса керек. Біздің кардинал да сол алданғандардың бірі болса керек. Жанна де Ла Мотт өзін Мария Антуанеттаның жақын таныстарының бірі ретінде көрсетіп, патшайымның оны қабылдамай жүруі оның оған деген сүйіспеншілік сезімінен деп нандырады. Ол оны толық нандыру үшін патшайымның сүйіспеншілік хатын да әкеліп береді. Ал бұл хатты патшайымның атынан жазып жүрген, осындай істе шебер Жанна де Ла Моттың ашына көңілдесі екен. Не керек кардинал хаттың шынайылығына сеніп, арбауға түсіп қалса керек.
Жанна де Ла Мотт Мария Антуанеттаның қымбат гауһар алқа алғысы келетінін, бірақ оны алуға 16000 мың ливр ақшасы жетпейтінін, корольден сұрауға ыңғайсыз екенін жеткіз деп айтты дейді. Яғни, сүйіспеншілік белгісі ретінде одан қарыз ақша беруін өтінеді. Бұл ұсынысқа кардинал құлап түседі. Оның зергерлер арасында беделі үлкен болатын. Зергерлер де сөз айтқызбай қымбатта әсем гауһар алқаны кардиналға үлкен сеніммен ұстата береді. Кардинал оны өз кезегінде алаяқ әйелге береді. Күндердің күнінде зергерлер қарыз ақшаның алғашқы бөлігін берсеңіз деп Мария Антуанеттаға өтініш айтады. Мария Антуанетта өзінің ешқандай да гауһар алқаны қарызға сұрамағанын айтады. Істі тексере келгенде мән-жай ашылады. Патшайым кардиналды тергегенде ол Жанна де Ла Моттқа сілтейді. Сөйтсе ол қымбат гауһар алқаны Англияға жөнелтіп жіберсе керек. Жанна де Ла Мотт дүреленіп, денесіне V әрпі таңбаланып, («voleum» – французша – ұры деген сөз) қамал-түрмеге жіберіледі. Кейін ол жерден ізім-ғайым жоғалады. Міне, әдемі тәтті сөзге сенудің арты бас кетерлік жағдайға дейін апара жаздаған. Осы бір ғасыр аферасы халық арасында көпке дейін айтылып жүріпті.
Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма?
Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін –
деген ғой хакім Абай.
Сәбит Жәмбек
Бөлісу: