Асқар Сүлейменов. Өтірікті кешіруге болады, ақтауға болмайды

Бөлісу:

29.12.2018 7625

Өмір - тән, өнер - жан: тән тұншыққанда - жан шыңғырады.

***

Ұлтжандылықты ауаның деңгейіне көтерген үш халық болса, екеуі - француздар мен поляктар, екі халық болса - тағы сол екеуі. Ұлтшылдықпен тыныстау олар үшін табиғи нәрсе. Парижде қайтқан Шопеннің жүрегін Варшавадағы шіркеуге мирас қылғаны ұмыт қалмайды.

***

Қит етсе болды америкалап шыға келетін аура етек алды. Бұл өзі мегежіннің інгенмен бой салыстырғанындай.

***

Бірлік түбі – зорлық.

***

Бұл ғаламда тұзақты да, тұсау-тұсамысты да туабітті танымасқа жаралған біреу бар: ол – адам.

***

Байлық - барлық болғанда, өнер - мұрат. Байлықтан мұрат шықпаған. Ал, мұрат - тірлік.

***

Бабы мен бағы бұққан тұяқ та бір – ойға суарылмаған әуен мен әуез де бір: нені айту бір пара, қалай айту бір пара, кімге айту, қашан айту бір пара.

***

Қазақтай психофизикалық типтің азасын «Жігердей» кемерлейтін күй, «Қаракесектей» шыңғыртар ән жоқ.

***

Пьеса – құндақтаулы сәби: оның қандай азамат болып өсіп шығары режиссерге байланысты.

***

Абайда ашу шақырар орам көп. Кейіс шақырар бір орамы: «...қазақ та адам баласы ғой».

***

Сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегесін – тірі тіркес тумайды. Өмірдің тамыр солқылы мен сөйлемнің тамыр солқылын лингвистикалық проза ғана қоса алады.

***

Бала – тапқандікі емес, бала – қаққан мен баққандікі.

***

Қазақтың радиомаразмы: «махаббаттың сүйіспеншілігіне бөленіп...».

***

Алған ұмытар, берген ұмытпайды. Қазақстанның психологиялық халі: аз да болса алғанын ұмытпайды, мол болса да бергенін ұмытады. Кең қолтықтың бір ірілігі.

***

Қит етсе болды, Америкалап шыға келетін аура етек алды. Бұл өзі мегежіннің інгенмен бой салыстырғанындай.

***

Білмеген мін емес, білместікке көнген мін.

***

Өтірікті кешіруге болады, ақтауға болмайды.

***

Ай айнасын бұлт басса, жан айнасын мұң басқан.

***

7 сөздің басын әзер қосарға 70-ақ сөзден тұратын сөйлем тағылық көрінеді. Мұнысы дұрыс та: ешкі – танауына алма сыяр алпауыттың қарымын қайдан түсінсін.

***

От пен түтін, адам мен қылмыс – жатырлас.

***

Қаланың паспорты – такси мен базар.

***

Ашық айту - анық айту болғанымен, ақиқатты айту емес.

***

Стилі жоқтың жазғанын оқу - арпа талқанды құрғақ асағандай. Стильсіз жазушы, стилін таба алмаған жазушы - іріге еліктеп көлеңке калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады.

***

Тірлік кешкен адамның сол тірліктен алып кетері – жат тізені кеудесіне шығармау.

***

Тәрбиенің еркіндігі - еркіндікпен тәрбиелеу.

***

Өмір – өнер болғанда, өнер – өлшем. Өнер – өлшем болғанда, өлшем – үнем. Ал үнем – тірліктің күре тіні.

***

Тіс тимеген шөп жесір, құс қонбаған көл жесір.

***

Адамның адамдығын - оның басқаға, басқаларға шын зәрулігімен өлшеуге болады.

***

Кем талант - мүмкіндігінше, шын талант - қалағанынша жазады.

***

Кем талант - кемтар талант.

***

Шын режиссура – жүрек сияқты: соққаны білінбейді.

***

Кейбір адамдардың бағасын жауының санымен де өлшеуге болады.

***

Кісілігін жоғалтпаса - жауыңның қайсыбір иттігін кешіруге де болады.

***

Зады, бірегей тұлғаларға, бірегей кітаптарға сын есім жүрмейді.

***

Келер қазақтың да ішетін уы мен балы - Абай.

***

Ой ойнамай – сөйлем жоқ.

***

Ойдың жанарға жеткен жылтылындай – жанардың жарығы да жанға түседі.

***

Текстің дәмін алудың төте жолы - талмай оқу.

***

Ең терең идеялар - қиын идеялар. Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді. Жазушының бір міндеті - идеяны ашу емес, оны мұзартқа көміп, мұнармен бүркеу. «Шайнап берген ас болмас». Оқушы шыңғырғандай болып қиналса несі ерсі? Алсын қамау терін!

***

Сауалы бұйрық тектіге – солқылдақ жауап жүрмеген.

***

Ел ділімен танылмақ.

***

Даусызға дауды дауасыз айтқан...

***

Кектің көзі – Махамбет.

***

Өлімге берер жаным бар – пендеге берер арым жоқ.

***

Экономикалық қауіпсіздіктің мәселесі, ең алдымен, - ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі.

***

Өнердің өмірден айырмашылығы - өнер өмірден үйренбейді.

***

Үлкен арман сабырда жатады.

***

Жақсы кітап – ұяттың антологиясы.

***

Өзгенікін еске түсіруден өзіңдікін еске түсіру күшке түседі.

***

Есесін жіберген ел - ел емес.

***

Әр сөздің өз ұяты бар.

***

Ұяла алмаған - тірі өлік.

***

Сүрінгенін секіргендей көрсете білер бар.

***

Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар.

Бөлісу:

Көп оқылғандар