Ибрагим Исаев. Елге сәлем
Бөлісу:
Астанада бір ұлың сәлем деді дегейсің,
Сәтін салса құдайым, келем деді дегейсің.
Көңіл-күйін байқатпай, кейде жүрер жол таппай,
Сағыныштың сызығы тереңдеді дегейсің.
Алматыға бұл күнде сыймай-ақ жүр дегейсің,
Туған жерін, достарын қимай-ақ жүр дегейсің.
Қалмағандай тірегі, шытынаған жүрегі,
Амал қанша, әйтеуір, қирамай жүр дегейсің...
Алып ұшқан көңілі басылып жүр дегейсің,
Жүдегенін жанының жасырып жүр дегейсің.
Жылу іздеп іздерден, жапырақтай күз көрген,
Шаршаңқырап бұл күнде шашылып жүр дегейсің.
Сөзге ілініп себепсіз, сүрініп жүр дегейсің,
Шаршағаны түрінен білініп жүр дегейсің.
Жаңа өмірге ере алмай, болашаққа сене алмай,
Өткен күннің отына жылынып жүр дегейсің.
Күтіп жүрген жоқ әзір кәрілікті дегейсің,
Сыйласатын досының бәрі мықты дегейсің.
Жалғыз өскен шынардай, өкінішін шығармай,
Мәуелеген Сыр бойын сағынып жүр дегейсің...
Шашына да аз күнде ақ кіріпті дегейсің,
Көңілінің көліне қақ тұрыпты дегейсің.
Тойы болды керемет, шақырғанмын, келер деп,
Ағайынын сол күні қатты күтті дегейсің.
Көңіл құрғыр бірталай достан қапты дегейсің,
Амалсыздан тістейді бас бармақты дегейсің.
Арман жалғап арманға, немерелі болғанда,
Қуанғаннан бөрігін аспанға атты дегейсің.
Күрмеуге де қысқа жіп келмейді екен дегейсің,
Тірі жанға – тіршілік өлмейді екен дегейсің..
Айтқанының бәрі шын, жалғыз шыбын жаны үшін,
Ешкімге де намысын бермейді екен дегейсің...
Байлық пенен мансапқа қызықпапты дегейсің,
Кейде ішпейтін ортада қызып қапты дегейсің.
Белгі болып бұл күннен, күн сайынғы кірбіңнен,
Жүрегінде өшпейтін сызық қапты дегейсің.
Жаңалығын ел жақтың біліп жатыр дегейсің,
Қиындыққа сыналап кіріп жатыр дегейсің.
Өз-өзінен байланып, жолға қарап ойланып,
Алматыда бір ұлың жүріп жатыр дегейсің...
НҮКТЕ
Бір ғұмырың жетсін мейлі, жетпесін,
Өкінесің уақыт сырғып өткесін.
Маған дейін қоя алмаған ешкім де,
Мен де уақыттың қоя алмаймын нүктесін.
Армандарың шарлай берсін көк төсін,
Өте алмасың сезді де арғы бетке шын.
Жарығының азайғанын сезгендер,
Өмірінің ерте қойды нүктесін.
Жүрсек дағы қиындықтан қорғанып,
Өмір бізді, біз өмірді алдадық.
Тіршілікке қанша нүкте қойсақ та,
Уақытқа ешбір нүкте қоя алмадық.
Бұл жалғанға болсын мейлі өкпеңіз,
Үтір ғана біткен өмір, біткен іс.
Бақытқа да жеткізбейтін жылдамдық,
Уақыт қана өтіп жатыр нүктесіз.
Барлығын да кері қайырған күні,
Бұл адамзат әбден тойынған күні.
Тоқтайды өмір, өледі бар тіршілік,
Уақытқа нүкте қойылған күні
***
Өзіме өзім кей-кейде бал ашамын,
Тыңда, кәне, ей менің болашағым!
Сүйікті ұлын ел қалай көтергенін,
Биіктігін көресің аласаның.
Жүрегінен халқымның жарық табам,
Бұл сөзімді көп ойлап анықтағам.
Бұған дейін еш жерде жолықпаған,
Өлең деген ақ құсым қалықтаған.
Баптап-баптап құсымды енді ұшырдым,
Қанатының талмасын сол құсымның
Сездім дағы,
алаңсыз сендім бүгін,
Қонатының басына енді шыңның.
Құсым менің,
еңсемді түсірмегін,
Бұған дейін мен сені түсінбедім.
Самғайтұғын уақыты келсін дедім,
Түсін мені,
аяулы құсым менің!
***
Кезе берме, ей ақын,
Қиялыңмен қияңды.
Жазылмайды қанатың,
Жаза алмасаң ұяңды.
Ағайының, досыңды,
Не ғыласың құр мақтап.
Өлең сенің қасыңда,
Ұшып-қонып жүр қаптап.
Олар сенен қашпайды,
Жақсыларын қал ұстап.
Ұстай алсаң ұшпайды,
Ұшса кетер алыстап.
Келеді ол шақырсаң,
Қонады ол ұяңа.
Өзің баптап ұшырсаң,
Қалықтайды қияға.
Орындалсын тілеуің,
Ұшсын жырың алысқа.
Ұшырдың ба біреуін,
Ал, біреуін тағы ұста!
ҰҚСАСТЫҚ
Талай уақыт,
заман кетті өтпелі,
Біз білмейтін құпиялар көп тегі.
Бір-бірінен айнымайтын батырлар
Шығып жатыр жұлдыздардай көктегі.
Бір-бірінен айнымайды пішіні,
Бір-бірінен айнымайды мүсіні.
Қайдан алып,
салып жатыр демейді.
Суретшілер,
мүсіншілер осыны.
Тірілермен сөйлеспейді өліктер,
Тек солардың салғанына сеніпті ел.
Суретші мен мүсіншілер
бұл күнде
Болды нағыз данышпан мен
көріпкел.
Ойлай ма олар,
батыр да адам екенін,
Батырлар да ұлы
осы өлкенің.
Осы – сол деп келе жатыр ұсынып.
Өздерінің құрастырған ертегін.
Е, сол болса,
сол шығар деп сенеді ел,
Батырларға толды қазір төбелер.
Атқа мініп,
шығып жатыр тіріліп,
Дулыға мен сауыт киген денелер.
Қымбатымыз көп қой біздің жоғалтқан,
Соғыссыз да талай бейбіт таң атқан.
Миллиардтаған бет-пішінін адамның,
Бір-біріне ұқсатпаған жаратқан.
Жаратушы неткен шебер деп кейде,
Қиялыммен ой жіберем өткенге.
Батырларды бір-біріне ұқсатпай
Салуға да қазір ақыл жетпей ме?
Ұрпақтарға болу үшін өнеге,
Батырларды тұрғызамыз төбеге.
Мұның бәрі бір адам ғой демей ме,
Ертең біздің немере мен шөбере.
Олар бізден ақылдырақ болса егер,
Ескерткіштер жасар, мүмкін,
ел сенер,
Сонда біздің талғамымыз бүгінгі,
Ақымақтың деңгейімен өлшенер.
Қанша алға ұмтылсақ та секіріп,
Ой-санамыз кеткен жоқ-ау жетіліп,
Құлағыңмен естігенің –
бос қиял,
Көзіңменен көрмегенің –
өтірік!
Шындығымыз болып кетті ертегі.
Ертек болмай тұрғанда елдің ертеңі…
Одан дағы бір батырдың астына,
Бар батырдың атын жазсақ қайтеді?!
КЕШІКТІҢ НЕГЕ?
Қайда кеттің,
қайда кеттің сен ұзақ,
Маған, мүлде, жатқандардың бәрі жат.
Келсейші тез,
келсейші тез күлімдеп,
Біздер бірге баратын жол әлі ұзақ.
Кешіккенің
ойламаған түрің бе?
Менен қашып жүрсің білем бүгін де.
Сенсіз менің тумайтындай
айым да,
Сенсіз менің шықпайтындай
күнім де.
Сағынған жан тез келеді қашанда,
Сонда сені отырам да тосам ба?
Менен артық ақын таба алмайсың,
Қанша сұлу,
қанша ақылды босаң да.
Сондықтан да қайда жүрсең,
мені ойла,
Асығам деп қалма ұрынып,
абайла.
Мен кешіксем сендерді ойлап кешігем,
Мен кешіксем,
себебі бар алайда.
Кейде мені түсін мейлі,
түсінбе,
Бір сағыныш жүреді ылғи ішімде.
Мен кешіксем кешігемін әдейі,
Сені қатты сағындыру үшін де.
* * *
Ей, соңғы өлең! Мен өмірге бір келем.
Жолдарымда бірге жүрдің жүрмеген,
Көз ілмеген күндеріме куәсің,
Сезімдерім сен арқылы гүлдеген.
Сен арқылы сездім уақыт қымбатын,
Ауа болдың, бақыт болдың бір татым.
Сен арқылы абырой да таптым мен,
Сен арқылы ел есінде қалды атым.
Сен арқылы абыройлы, асқақпын,
Маған қанша туыс таптың, дос таптың,
Сен арқылы сездім дәмін бақыттың,
Сен арқылы сездім мәнін мақсаттың.
Қаншама жыл өмір өтті өзіңмен,
Қаншама түн өзіңді ойлап көз ілгем.
Сені іздедім жүрегімді боздатып,
Сияқтымын бота іздеген бозінген.
Жүрген кезде сені таппай ойланып,
Өзің таптың жанымды шыр айналып.
Ойланбай-ақ кеттім кейде, табыстық,
Қалғандай-ақ мен өзіңе байланып.
Жоқ болса да сенде менің аласым,
Күнде келіп есігімді қағасың.
Сен арқылы таптым елмен жарасым,
Сен арқылы сездім өмір бағасын.
Сурет syl.ru, wallpapers.99px.ru сайттарынан алынды
Бөлісу: