Жұмаділовтің жылау және жылату философиясы

Бөлісу:

21.01.2019 8024

Біздің әдебиетте автобиографиясы бай жазушы деп дәріптелетін Қабдеш Жұмаділовтің ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз мол мұрасында «адамзаттың алғашқы үні» – жылау мен жылатудың философиясы қалай көрініс тапқан? Автор өз ғұмырнамасындағы кейбір жайттарды шығармасына қалай кірістіре алады? Біз осы шағын мақаламызда Жұмаділовтің өз басындағы жылау жағдаяттары мен туынды кейіпкерлерінің стихиялық, эмоциялық һәм психологиялық ахуалдағы сезім көріністерін қатар беріп сипаттап көрмекпіз.

Әлқисса, біз Қабекеңнің қаламының сиқырына арбалдық па, әлде бізге білінбес бір ғажайып тағдыр сыйы ма – әйтеуір кітабы қолымызға көп ілінген, көп оқылған қаламгердің бірі болды. Бүгінде зерттеушілер тарапынан мемуарлық прозаның классикалық үлгісіне жатқызып жүрген «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романының ең алғашқы беттерінде көшпенділер өркениетінің соңғы сәттерін бақылап жүретін бір сәби жүреді: ол – автордың өзі [1].

Әдетте біз «адам өмірге жылап келеді» дегенді көп айтып жатамыз, иә, іңгәлау – барлық адам баласына тән. Бұл – адамзаттың алғашқы үні. Бала Қабдеш те өзге балалар секілді өмірге іңгәлап келген. Өмірге келгенін жариялап айғайлап келуді академик Ғарифолла Есім «жария жылау» деп түсіндіреді. Сәби жыламаса, оның дүниеге келгені – өтірік. Ол шындықты айта «айғайлай» келді, жұрт оны «жылау» дейді. Сәби дүниеге енгенін жария етуде. Бұл – жария жылау. Ата-ана үшін бұл жылау – қуаныш» дейді философ [2].

Бұдан кейінгі өмірде бала Қабдештің жылауы алдыңғы жылауға ұқсамайды. Өзгерген. Өйткені сәби кезден бала шаққа өтті. Жылаудың мазмұны, болмысы басқаша. Адам жасы өскен сайын жылауы да өзгереді екен. Қабдештің атасы Күдері деген би кісі, әкесі Жұмаділ заманында елге сыйлы, қадірлі адамдар болған екен. Бір жылы соғым деп бір ақбоз биені жығып, бауыздау сәтінде жылқы жарықтықтың аяғын байлаған бау босап кетіп, аспанға шапшиды. Шала бауыздалған тамақтан қан атқылайды. Төңіректің түгелі қып-қызыл қан. Осы оқиға есіктің жақтауынан қарап байқап тұрған бала Қабдешке ерекше әсер етеді. 1941 жылғы қанды қырғынның келе жатқанын осылай сезеді. Тосын оқиға жазушының кейінгі азаматтық өміріне де, жазушылық жолына да айрықша із қалдырған. Себебі бұл – тап-таза санаға жазылған алғашқы ақпарат. Сәби жүрегіндегі алғашқы адамдар, алғашқы үрей, алғашқы тосын оқиғада бала жылады ма, жоқ па, бізге белгісіз, алайда жылаған күннің өзінде бұл жылаудың «нотасы» басқаша болары анық еді. Академик Ғарифолла Есім: «Жылау – ғұмыр кешу рефлексиясы» дейді. Дұрыс айтады. Егер мына өмірде жылау болмаса, не болады? Жынданып кетпейміз бе. Жыламаған, жылай алмайтын адам қауіпті [2].

Бұл – өмірлік шындық тұрғысынан қарағанда автордың шынайы болмысындағы жылаудың бастапқы кезеңдері. Ал ол өзінде бар немесе жоқ жылау философиясын алғашқы шығармаларында қалай көрсете алды? Жылау мен жылатудың екі түрлі мағынасы бар сияқты, автор мен кейіпкер және оқырман байланысындағы әсерлі эмоция көріністерін байқап көрелік.

Қабдеш Жұмаділовтің тырнақалды туындысы – бәрімізге жақсы таныс «Қаздар қайтып барады» әңгімесі. Бұл – бала кезінде осы жерде туып, құлындай ойнақтап жүрген жерінен жыраққа кетуге мәжбүр болған, сөйтіп өмірінің ең мағыналы шағын шекараның арғы бетінде өткізіп, қартайған шағында туған жеріне жетіп жығылуды аңсаған шерменденің шерлі тағдыры. Шерлі тағдырда міндетті түрде жылау болады. Әлбетте бұл – заңдылық, табиғи құбылыс. Қасіреттің көз жасы сорғалайды. «Қарт көзіне келіп қалған жасты сұқ саусағымен ыршытып жіберді. Жол-жөнекей әр жерде кезігіп қалатын тастан жия салған молаларды, ит-құс ашып тастаған адам сүйектерін ол бұрын да көріп келе жатқан. Мына жолы қамығып, біртүрлі мойып қалды өзі». Бәз-баяғы, сол қалпында қалды делінетін туған өлкедегі сұрықсыз жайттар қарттың мұңын, шемен-шерін қозғап-ақ жіберген. Көз жасын сұқ саусағымен ыршытып жіберуі де қарттың енді ештеңедей тайсалатын түгі қалмағанын, құдайдың басқа салғанын көріп алатын, теперіш, тозақ деген дүниелер түк те қорқыныш емес екенін елемейтін асқаралы рухты сипаттайды. Өмірде мойынсал, көнбіс секілді көрінгенімен, діттеген межеге жетіп жығылатын қайсарлық еседі. Көз жасы – туған жерге деген сағыныштың, мәңгілік аңсарының, кешегі құлын күнінің, сәби жанының мөлт еткен шырылы ғана. Байтас ақсақалдың жылауы – болып-толып жылаудың, арманға жеткен бақытты сәттің бір сәттік ұшқыны десек болады [3].

Жылаудың жас өскен сайын мазмұны, болмысы өзгеріп отырады дедік. Жылауда мән бар, мағына бар. Мән-мағына жоқ жерде өтірік басталады. Зерттеушілер жылаудың классикалық екі түрін анықтаған: қайғыдан жылау және қуаныштан болатын өзгеше жылау. Алматыдай ұлы шаһарға келіп, Әуезовтей ұлы жазушымен танысып, студенттік ақар-шақар шақты бастан кешкен Қабдешті шекараның арғы бетіндегі Қытай елі сүргінге салып жібереді. «Қалпақ кию» деген зобалаңда ол Тарым лагерінің тозағынан аман өтіп шығады. Небір қысымды көріп қыстығып жылау, қорлық пен мазаққа төзіп ызалы жылау, келешек тағдырдан үміт көріп ширығып жылау секілді жолдардан өткені өткен.

Ал қазақ қуаныштан жылауды «қуаныштың көз жасы» деп сипаттайды. Қабекең сол барғаннан сүргіннен аман шығып, елді бастап көшіретін көштің идеологына айналады. Сонда дейді, Қазақстан мен Қытайдың арасындағы бес шекара заставасы ашылып, бес тұстан құйылған көшті көру ғаламат сезімге бөлепті. Өзі Бақтыдан өткен арбалы көш, атты көш, түйелі көш, жаяу-жалпылы көш, андыздай ұмтылған қалың нөпірді көргенде ағыл-тегіл жылаған. Әрине, қуаныштан.

Қазақ тарихында ұлт жылауы өте көп. Философ ғалым Ғ. Есімнің «Тарихта қазақ халқы жылаудан көз ашпады. «Қаратаудың басынан көш келеді» – тарихи жылау» деп тұжырымдайды [2]. Қазақ ұғымына жойылып кетуге шақ қалған Атамекен түсінігін қайта әкелген адам – Қабанбай батыр. Біздің байырғы өлкеміз Тарбағатайды қайтарған ұлы Қабекем – менің кіші Қабекемнің сүйікті кейіпкері. Халықтың сүйікті тұлғасына айналдырды. Жазушы екі жыл бойы Абылай ханның айналасында, хан батыры Қабанбайлармен бірге шайқаста жүреді. Батыр қатысқан барлық үлкенді-кішілі оқиғалардың бел ортасында іштей, сырттай қатысып, көріп бақылап отырады, әрине, бірге біте қайнасып кетеді, соңында қимас жанға айналады. Шығарманың соңғы тарауында ер Қабанбай ауырып жатқанда, яғни ақырғы қоштасу сәтінде көзінің жасына ерік береді. Бұл – жоқтау еді. Кіші Қабекеңнің ұлы Қабекеңді жоқтауы. Сөйтіп ақырында қос Қабекең бірігіп оқыған қауымды жылатады.

Жоқтау – жылаудың нақты формуласы. Ол қандай жағдайда шығады? Ең асыл, қимас, аяулы адамды іздеуден туындайды. «Дарабоз» – Қабдеш Жұмаділовтің жоқтауы. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да.

Қабдеш Жұмаділов Қаныш туралы «Академиктің көз жасын» жазған кезде шу шықты. Хикаят жанрына сыйғызып жазған туындыдағы қажетті материалдары ол белгілі жазушы Медеу Сәрсекенің еңбектерінен алды да, оған сілтеме көрсетілмеді деп кінәлады. Ғылыми әдебиетте болатын сілтеме деген нәрсе көркем әдебиетке жүрмейді. Медеу ақсақалдың Қаныш Сәтбаев туралы жазу үшін саналы ғұмырын сарп еткен еңбегін, қызметін құрметтейміз, алайда Қаныштай ұлы тұлға – баршаға ортақ. Оны қызғануға болмайтыны секілді ол туралы әр кезде әр түрлі жанрда жаңа шығармалар жазуға әбден болады.

Біздің буын Қаныш Сәтбаев керемет тарихи тұлға болған, жағдайы жақсы, бақытты адам деп оқып өсті. Ал оның адами өміріндегі қиындықтар мен қасіреттерді, қайғылы жағдайларды көп біле қоймады. Оның себебі ғалым туралы көп шығармалар ғылыми, қасаң стильде жазылғандықтан, оқырманға онша-мұнша әсер ете қоймайтынымен түсіндіруге болатын шығар. Жұмаділов бұл мәселеге басқа қырынан келген де, Сәтбаев тақырыбына батыл кіріскен секілді. Қаныштың әкесі Имантайды 1932 жылы түрмеде атып тастайды, үш ағасы да 37 жылдың репрессиясынан аман қалмайды. Осыны көріп білген Қаныш қандай сезімде болуы керек? Академик те адам, ол да жылайды. Үлкен басымен кәдімгідей солқылдап, өксігін баса алмай ұзақ жылаған. Ғалымның бұл сәтін көргендер оның ұзақ әрі бүкіл өне бойы бора-бора болып селкілдеп жылағанын бұрын еш көрмегенін айтады.

Қабдеш ағамыз мынадай қызық деректі айтады: адам жылағанда көз жасы түрлі жолмен ағады екен. Біріншісі, жалпыға белгілі сыртқы ағу, тысқа шығаруы болса, екіншісі ішке ағуы. Бұл рак сияқты қатерлі ауруларға себеп болатын фактордың бірі дейді. Ғалымдар мұны зерттеді ме, ол жағы маған белгісіз [5].

Әйелдер жылайды, жылап жүріп күле де салады. Біреу жылап отырса, қасында отырған әйел қосыла жылайды. Жылау ерлерден қарағанда әйелдерде көп. Ал еркектер жыламайды. Әйелдер еркектердің жылай алмайтындығы үшін жылайды деседі. Зерттеушілердің айтуынша, әйел жылай алғаны үшін аты жаман ауруларға еркектерге қарағанда аз ұшырайды.

Қабекең шығармасын оқып отырып, біздің көзге де жас іркілген. Әңгіме – жазушының «Тағдыр» романы туралы. Әйгілі Оспаннан да едәуір жыл ерте ғұмыр кешкен Демежан үкірдай арам ниетті қаскөйлер жала жауып, дар ағашында азаптап өлтіреді. Біздің жылау жары Бибі табанын қытықтап оятып басталатын шығармада елінің мұң-мұқтажы үшін күресіп үлкен тұлғаны қандай да қиянатқа қимаудан туындады. Осы шығарманы оқыған академик ректор ағамыз Ұлықпан Сыдықов та жыламауға болмағанын жеткізеді [5]. Демек, анау ғасырларда екі Қабекең жаны қосылып кеткені секілді, біздің жан дүниеміз де мынау Демежанмен бірігіп кеткендей еді.

«Жылау – ғұмыр кешу рефлексиясы» (Ғ. Есім). Қабдеш Жұмаділовтің өз тағдырында жылаудың қай түрін де басынан өткізіп, ұлт жылауындағы қайғылы да қуанышты кезеңдерді көз алдымызға әкелетін кесек полотналардай шоқтығы биік туындылар жазып, ондағы кейіпкерлерге қоса оқырман қауымды да жылатып алатын, жылау мен жылатудың әр түрлі формасы мен мағынасын түрлендіре алатын қаламгерлік магиясының бір қыры осындай.

Заңғар КӘРІМХАН,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

әдебиеттану мамандығының І курс докторанты

Әдебиеттер:

1. Жұмаділов Қ. Таңғажайып дүние. – Алматы: Тамыр, 1999. – 622 б.

2. Есім Ғ. Жылау философиясы. // Айқын, 2019 жылғы 15 қаңтар. – https://aikyn.kz/2019/01/15/77462.html

3. Жұмаділов Қ. Қаздай қайтып барады. // https://kitap.kz/books/qabdesh_zhumadilov_qazdar_qajtyp_barady/

4. Тұлға. // Қазақстан телеарнасы. 2019, 5 қаңтар. https://www.youtube.com/watch?v=yZCnGzXnxdU&fbclid=IwAR0PUqFws8kH6ry-QuB-nUc0BOcksLa2jIlIIQoVUl6P5E9d72jz6NvFqZA

Бөлісу:

Көп оқылғандар