Рысбек Рамазанұлы. Ертегі қалай тарихқа айналды?

Бөлісу:

08.02.2019 4733

Қазақтың әз Жәнібек ханы қан майданда арпалысып жүргенде Мәскеу князі III Иван идеологиямен айналысты. Бірақ мұны княздің өзі емес, Филофей деген шіркеу қызметшісі тындырды. Енді қызыққа қараңыз, әлгі діндар мынадай ертегі ойлап тауыпты.

ІІІ Иван (сурет ғаламтор желісінен алынды)

Ақырзаманға дейін әлемде үш Рим болады екен.

Бірінші Рим – «мәңгілік қала». Бірақ оның түбіне Еділ бастаған ғұндар жетті. Демек мәңгілік емес!

Екінші Рим – Константинополь. Мұны да көшпенді Осман түріктері құлатты. Демек бұл да мәңгілік емес!

Сенесіз бе, «Үшінші Рим» деген де бар екен. Алдыңғы екі Римнің жайы түсінікті. Екеуі де империялық дәуірдің жемісі. Ал «Үшінші Рим»?

Сөйтсек «Үшінші Рим» – Мәскеу екен. Филофейдің айтуынша бұл – ақырзаманға дейін тұратын соңғы Рим. Бірақ бұл ертегіге кім сенеді?

Еуропада атынан ат үркетін Вена, Париж, Лондон секілді «алыптар» тұрғанда, солтүстікте қар басып жатқан Мәскеуді «Үшінші Рим» деп жариялау есі дұрыс адамның ісі ме? Оны қойшы, екі күннің бірінде Қазан мен Үлкен Ордадан таяқ жеп, Қырымға салық төлеп отырған Мәскеу қалайша мұндай дәрежені иеленбек?

Алтынорда жауынгерлері (сурет ғаламтор желісінен алынды)

Жақсы, бұл саяси жағдай делік. Ал сол кездегі Мәскеудің экономикасы, әлеуметтік жағдайы, халқының тұрмысы, былайша айтқанда өмір сүру деңгейі Еуропадағы Вена, Лондон, Парижбен салыстыруға келе ме өзі? Сіз шатаспаңыз. Ол тек біздің – азиаттардың көзімен қарағанда «Мәскеу». Ал Еуропаның деңгейінде...

Сөйтсек, ертегіні де дұрыстап қиыстыра білсең, одан тарих жасауға болады екен.

Әлгі діндар Филофейдің ойлап тапқан идеясы: Бұл ертегіге Мәскеудің мұжықтарын сендіру үшін III Иван Византияның соңғы императоры Константин XI Палеологтың туысы София Палеологты қатын етіп алуы керек. Бұл расында тамаша идея болатын. Осыдан 19 жыл бұрын Осман сұлтаны II Мехмед әлемдегі ең берік қамал Константинопольді жермен-жексен етіп, 1000 жыл өмір сүрген Византияны құрдымға жіберген еді ғой? Міне, содан бері император әулетінен шыққан София Палеолог грек аралдарында қашып-пысып жан сақтап жүрген. III Иванға халқына үміт сыйлар «идеология», ал қуғында жүрген Софияға пана керек болды. Сонымен сол қуғында жүрген Софияны орыстың князі III Иван қатын етіп алды. София дегеніміз – болашақ Иван Грозныйдың әжесі. Ертегінің соңын әдемі аяқтау үшін Псково-Печерский шіркеуі салынды. Осымен іс бітті. Енді Мәскеу тұрғындары өздерін «Римде» тұрып жатқандай сезінуі керек.

София Палеолог (сурет ғаламтор желісінен алынды)

Анау айтқандай керемет дүниелер бола қойған жоқ. Алайда бұдан былай әрбір мұжықтың жүрегінде: «Мен «Үшінші Римде» өмір сүріп жатырмын», - деген асқақ сезім пайда болды. Ал III Иван халқының көкейіндегісін дөп баса білді. Екі күннің бірінде орыс слободаларын талан-таражға салып, орыстың өрімдей жастарын Кафа базарында топырлатып құлдыққа сатып жатқан осындай ауыр кезде князь ең алдымен олардың санасын өзгертті, өзгелерден артық екендігін, татарлардан да басқа халықтар, жаңа әлемнің бар екенін сездірді. Бұл – нағыз идеология болатын. Шындап келгенде Мәскеуде қарық болғандай алып құрылыстар, бақытты өмір, Париж, Вена, Лондондағыдай жайлы тіршілік болған жоқ. Сол баяғы сұрықсыз тірлік. Бірақ ең бастысы – олардың жүрегіне үміт ұялады, от ұшқындады. «Үшінші Рим» деген жоқ, болған да емес. Бірақ «Үшінші Рим» әрбір мәскеуліктің жүрегінде еді.

Біз де Астананы «Әлемдік қала» деп ресми жариялайық. Кезінде жұрт орысқа қалай күлсе, біздің бұл әрекетімізге де солай күлер. Түгел Қазақстан сыйып кететін Мехиконы (21 млн.), Токионы (13 млн.) дәл қазір басып озатын қуатымыз жоқ. Бірақ Мәскеудің өзі сондай мүшкіл хәлде тұрып өзін «Үшінші Рим» деп жариялады ғой. Дәл қазір болмағанымен әйтеуір бір күндері біз де «Әлемдік қалаға» айналармыз.

Астана қаласы (сурет ғаламтор желісінен алынды)

«Көпбалалы анаға 16 мың теңге көп», - деп халықты ашындыра бергенше, III Иван секілді «пайдалы ертегі» айтып онысыз да қайғыдан қан жұтып отырған халықтың сәл де болса рухын көтеріп, басынан сипағанымыз дұрысырақ сияқты...

Рысбек Рамазанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар