Асылбек Байтанұлы. Абай және қазақ поэмасы

Бөлісу:

12.02.2019 8291

Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиетін мазмұндық, пішіндік тұрғыда жаңа сатыға көтерудегі аса зор еңбегі екі ғасыр жүзінде орынды мойындалып, жан жақты зерттеліп келе жатыр.

Ақын шығармашылығында поэма жанры да өзіндік орынға ие және қазақ поэзиясының жаңаша дамып, қалыптасуында да Абайдың зор қыпалы мен үлесі бар. Оған ақынның поэмалары дәлел.

Қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының тууы мен қалыптасуын зерттеген әдебиеттанушы ғалым Құныпия Алпысбаев былай деп атап көрсетеді: «Тарихи тұрғыдан алып қарағанда қазақ поэмасының жанр ретіндегі сипаты бұдан сан ғасырлар бұрын белгілі болды десек те, ол ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бергі дәуірде ғана қалыптасқан түрге енді. Яғни, қазақтың жаңа әдебиетінің басы болған Абай шығармашылығы осы дәуір әдебиетінде рухани өзгерістердің айғағы, жемісі болды.»

Автор Абайдың «Ескендір» бастаған шығыс әдебиеті желісі негізіне құрылған романтикалық поэмаларын меңзей отырып, ондағы композициялық өзгешелктерді жаңа заманның ықпалы ретінде қарастырады.

Абайтанушы ғалым Айқын Нұрқатов былай деп атап көрсетеді: «Өткен ғасырда Абай ғажайып көркемдік биікке көтерген қазақ поэзиясы біздің заманымызда әсіресе қарыштап өсті, кемелдене түсті, жаңа арнада дамыды. Қазіргі қазақ кеңес поэзиясының аумағы кең, өресі биік, шығармашылық қыры мен көркемдігі сан алуан. Онда роман мен поэма да, жалынды да пафосты, сыршыл да нәзік лирика мен уытты отты сатира да, мысал мен баллада да – бәрі бар».

Шығармашылығының қазақ әдебиетіне әкелген өзге жаңашылдығы сияқты, эпикалық, романтикалық сарындағы дәстүрлі дастандарға да Абай өзіндік жаңалықпен келді деп білеміз. «ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінде лирикалық поэзияның сан-сан формаларымен бірге поэманың да әралуан түрлері, публицистика мен проза, драмамен әдеби сын да недәуір дамыды. Әдебиет елдің қоғамдық, тарихи-экономикалық, саяси және рухани өміріне батыл араласып, өз ықпалын тигізіп отырды. Осы кезеңдегі қазақ әдебиетіндегі, әсіресе лирикалық поэзия мен поэма жанрындағы шығармашылық ізденістер мен көркемдік форма жайында, орыс әдебиетінен аудару және орыс реализмінің эстетикалық принциптерін игеру жайында сөз болғанда да Абайдың ақындық дәстүрлері туралы мәселеге соқпай өтуге еш болмайды», - деп атап көрсетті ғалым, «Абайдың ақындық дәстүрі» атты зерттеу еңбегінде.

Әдетте, Абай өзінен кейінгі ақындарға үлгі-өнеге көрсетіп, бағыт сілтеуші болды дейміз. Бұл – поэма жанрына да тікелей қатысты. Абай поэма жазудағы Шығыс пен Батыс әдебиеттеріндегі көркемдік дәстүрлерін иегере отырып, дастандар дәуірінің жаңа деңгейге, еуропалық поэма биігіне шығуға жолд салды деуге толық негіз бар. Абай заманында көптеген ақындар поэма жанрында өнімді еңбек етті. Абайдың жаңашылыдық мектебінің өкілдері Ақылбай, Мағауия т.б. ақындардың поэмаларындағы әлеуметтік бағыт, көркемдік бітім ежелгі қазақ эпостарына да, шығыстық дәстүрлі сюжеттерге құрылған дастандарға да ұқсамайтын өзіндік өзгешелікке ие еді. Дегенмен біз Абайды поэма жанрында үлкен биіктікке көтеріле алды деп айта алмайтынымыз да анық. Себебі, Абайдың тереңдігі мен көркемдігі қарасөздері мен лирикалық өлеңдерінде анағұрлым анық. Абайдың бізге жеткен үш поэмасын – қазіргі заманғы талаппен алғанда поэмаға қойылатын талапты, атқарылатын жүкті толық көтере алмайтын, әлі де болса шығыстық дастандар шегінде тұрған туындылар деп бағалаған дұрыс болмақ.

Дегемен, Абай поэмалары өзінің сюжеттік құрылымы, мен поэтикалық бейнелілігі, жинақылығы тұрғысында өзіне дейінгі дастаншыл ақындардан әлдеқайда биік тұрғандығы – ақынның шығыс пен батыстың, орыстың алдыңғы қатарлы әдебиеттерімен терең таныстығы, өзіне дейінгі озық дәстүрді игерушілік қырын танытады. Абай поэмаларындағы жинақылыққа келсек – есепсіз, ретсіз шашылған, шашау шыққан бір де бір оқиға, сюжет жоқ, барлығы да айтайын деген негізгі идеяның ауқымына құрылғандығы. Орыс сыншысы В.Белинскийдің Пушкин поэмалары туралы айтқан: «Шын ақын болғандықтан Пушкин Кавказ сипаттарын өз поэмасына әйтеуір реті келіп тұрған эпизод ретінде енгізе салған жоқ: бұл көрінеу дидактикаға берілу, яғни, қарадүрсінділікке ұрыну болар еді. Сондықтан да ол Кавказдың жанды көріністерін поэма оқиғасымен тығыз байланыстырады», - пікірін Абай поэмаларындағы жинақылық тұрғысында қолданған болар едік.

ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінде дастан, поэма жанрында қалам тартқан ақындардың барлығы да бірден Абай дәстүрінде, Абай реализмінің ауқымында тың туындылар жазды десек, жаңсақтық болар еді. Бұл кезеңде әлі де болса діни дастандар, романтикалық сарындағы эпикалық поэмалар басым еді.

Сан ғасырлық жыр-дастандық дәстүрдің сюжетті поэмалық деңгейге көтерілуі туралы ғалым Өтеген Күмісбаев мынадай пікір білдіреді: «Қазақ әдебиетінде ХІХ ғасырдың аяқ кезінен бастап кең тараған, көбінесе шығыс әдебиетінің сюжеттеріне негізделген дастандар да поэма жанрының бір түріне жатады. Еуропа әдебиетінде, сондай-ақ орыс әдебиетінде поэманың дамуы романтизм дәуірімен байланысты болды. Поэмадағы субъективті – лирикалық сарынның жарқын жаңа кейіпкерлер бейнесінің қалыптасуы осы романтизмге орай шықты. Мұны Байрон, Шелли, Мицкевич, Пушкин, Лермонтов поэмаларынан айқын аңғарамыз. Романтикалық поэмадағы қаһарманның тағдыры ерекшелеу болып, бір жағынан автордың рухани өмірімен өзектесе келеді. Романтикалық поэманың осындай өзгешелігі кейін сәл өзгеріске ұшырап, реалистік лиро-эпикалық поэзияға ауысты. Поэмадағы сюжет қысқа, ықшам болып, кейде лирикалық қаһарманның көңіл-күйімен астасып жатады».

Қазіргі қазақ поэмаларының бұрынғы поэмалардан басты айырмашылығы ретінде ондағы оқиғалардың, сюжеттік тәсілдердің тек бір ғана оқырманың басына ғана құрыла бермейтіндігін атауға болады. Яғни, мұндағы ерекшелік – баяндау тәсілі ауқымды түрде болады және өмір шындығы да кең аумақты қамтиды. Бұдан «поэмалардың барлығы бірдей, ұқсас түрдегі баяндау тәсіліне ие» деген ой тумауы тиіс. Себебі, өзіндік стильге, ұстанған ағымға, қолданған әдістерге сай әр поэманың өзіндік ерекшеліктері де болатыны сөзсіз.

Абайдың тәлімін көріп, өнегесін алған тікелей ақын шәкірттері мен ХХ ғасырдың басындағы қарымды қаламгерлер – дәстүрді игеріп, жалғастырушылардың алғашқы легінде тұр. Олардың арасында Мағжан Жұмабаевтың орны ерекше. «Батыр Баян», «Жүсіп хан» қатарлы кесек поэмалар жазған ақынның осы жанрдағы еңбегі туралы академик Рымғали Нұрғали: «Қазақ лирикасында үлкен көркемдік жаңалық ашып, соны әсемдік арналарды негіздеп, әсіресе Еуропа, орыс әдебиетіндегі ізденістерді, бағытарды ұлттық топыраққа батыл да еркін енгізген Мағжан эпикалық жанрда поэманың ықшам формаларын қалыптастырды. Ішкі мамзұны тұрғысынан келгенде, бұл шығармалардың бәрінен де халықтық аңыз, тарихи дерек үлкен көркемдік идея тұрғысынан қайта құйылып, ежелгі әңгіме, миф сарындары өзге құбылып, жаңа сипаттағы эстетикалық игіліктер жасалды», - деп тұжрымдайды.

Поэма жанрының табиғаты, оған қойылатын түрлі көркемдік шарттар, сюжеті мен композициясы, Абайдан басталған жаңа бағыттағы поэма жазу дәстүрі мен жаңашылдық мәселелері тұрғысында әдебиеттанушы ғалымдардың пікірлері де сан алуан. Поэма жанрына деген қоғам тарапынан сұраныс, сюжеттік желі, композициялық құрылым өзгеріске түсіп отыруы заңдылық. Ал өзгермейтіні – жинақылық, идеялық, мазмұндық, тақырыптық тұрғыда дәлме-дәлдік сияқты талаптар.

«Жыр өлкесінің әуе тынысын, күн райын танытатын тынысы терең, ағынды арна – поэма жанры... Поэма эпикалық қарымдылығымен, алымдылығымен өлең-өзеннің күміс кәусарларын жаһұттай жалтыратып, жалпақ жаһанға жайып келе жатқан өр кеуделі, тегеурінді толқыны. Тіпті қазіргі поэма жанрының халықтық дәстүр мен жаңашылдықты тел емген ұшан-теңіз мүмкіндігіне, қуат-қарымына қарап, халық өнерінің шұрайлы жерге өскен шынарына балап, жалпы поэзияның жеткен биігін тануға болар», -деп атап көрсетеді филология ғылымдарының докторы Асқар Егеубаев.

Қазақ поэмасының жаңа белеске шыққан дәуірі – ХХ ғасырдың алғашқы ширегі десек, осы кезеңде Абай дәстүрін игере отырып, өзіндік жаңашылдықпен батыл ұмтылып, поэма жазуда өзгелерге үлгі бол аларлықтай шығармашылықпен танылған ақындар ретінде Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтарды атаймыз.

Эпикалық дастаннан заманауи поэмаға көшу дәуіріндегі белгілі шығармашылық иесінің бірі – әйгілі эпик ақын Иса Байзақов поэмалары да қазақ поэзиясының ірі табыстары болып саналады. Исаның поэмаларындағы басты ерекшелік – оларда ақынның авторлық араласауларының, лирикалық шалқуларының мол ұшырасып отыруы екендігін зерттеуші ғалымдар атап өтеді. Иса Байзақов поэмаларының ішіндегі шоқтығы биік туынды «Құралай сұлу». Поэмадағы аңыздық мотивтерді, авторлық шешімді талдай отырып, ғалым Құныпия Алпысбаев былай деп атап көрсетеді: «Бұл тұста қазақ ауыз әдебиетінің ықпалында импровизациялық өнерді дамытушылардың бірі ретінде қалыптасқан Иса Байзақовқа Абай бастаған жаңа жазба әдебиет жасаушылардың творчествосы ерекше әсер еткені шындық. Поэмада тарихи деректер, кейбір кісі аттары, жер-су аттары, ел өміріндегі болған оқиғалардың кей тұстары нақты, дәл беріледі».

Ғалым Айқын Нұрқатов шығыстық сарын мен қазақ әдебиетінде ежелден келе жатақан «әлқисса» дәстүрінің Абайдан өтіп, ХХ ғасырдағы ақындарға да жалғасқандығын атап көрсетеді: «Эпикалық дастаннан классикалық поэмаға өту дәуірінде әлқисса араласып келіп отыратын ежелгі дастандар үлгісімен жазылған шығармалар да болды. Мұндай дастандар Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығында көптеп ұшырасады. «Қамар сұлу» проза және өлең түрінде жазылған. Сонымен онда эпистолярлық роман мен драмалық поэманың да көптеген белгілері бар...».

Абайдан кейінгі поэма жанрының көркемдік кестесін дамытқан талантты ақындардың бірі Тайыр Жароков. Шағын бір эпизод арқылы кейіпкер бейнесін ашуға ұмтылуды ақын шығармашылығынан айқын аңғарамыз. «Күн тіл қатты», «Тасқын» поэмаларында дүлей табиғаттың дауылы мен халықтың саналы қуат-күшінің айқасын динамикалы, нышанды күйде, қызықтырарлықтай, еліктірерліктей етіп бере білу қасиеті дараланады. Ақын поэмаларында боямасыз шынайылық аңғарылып тұрады. Тайыр Жароков – өткен ғасырдың бірінші жартысында өзіндік леппен келген поэма жазу шеберлерінің бірі ретінде танылды және оның шығармашылығы жайында көптеген әдебиет зерттеушілері тоқталып өтті.

Қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының қалыптасуы мен даму кезеңдері туралы қарастыру барысында Қасым Аманжолов шығармашылығына тоқталмай өту мүмкін емес. ХХ ғасырдың бірінші жартысы мен екінші жартысын жалғастырып жатқан Қасым Аманжолов поэмалары өзінің реалистік сипатымен, ежелгі эпикалық сарын элементтерін сақтай отырып, тегеурінді тебіреніске толы өзіндік баяндау тәсілімен ерекшеленді.

Ашулы жел ащы даусы,

Тұндырғандай жау құлағын.

Сол аймақтың әрбір тасы

Күйретердей жау қамалын...

Қанды көбік қара топан,

Ортасында бейне шың тас.

Өр кеудесін етіп қалқан

Сол баяғы жатыр бір жас.

Дәстүрлі баяндау қалпына қоса, іштей шиыршық атқан романтикалық сарын байқалатын, фольклорлық айшықты гиперболалар қолдану арқылы ғарасат қан майданның динамикасын шынайы бере білген Қасым Аманжолов поэмаларында фольклорлық сарын элементтері мен жаңашылдық екпін үлгілері қатар өріліп отырады:

Қасиетті күші Ұлы Отанның,

Қанатын бер қыран құстың.

Ашуын бер арыстанның,

Жүрегін бер жолбарыстың.

Күллі әлемнің ашу-кегі,

Орна менің кеудеме кеп!.

Аталған үзіндідегі шумақтың аяқ алысы алдыңғы үзіндіден өзгеше. Мұнда сипатталған патриоттық рух фольклорлық шығармалардан өзгеше екенін байқаймыз. Дәстүрлі жыр ырғағы, демек пішін сақталғанымен, мазмұн бөлек, жаңашыл. Мұны дәстүрмен өрілген ұлттық поэзияның жаңашылдық үлгісі деуімізге болады. Белгілі сыншы Мұхамеджан Қаратаевтың қазақ поэмасының белгілі өкілдері шығармаларындағы ұлттық колорит туралы білдірген мына бір пікірін қарастырайық. «...Ілияс Жансүгіровтың, Әбділдә Тәжібаевтың, Қасым Аманжоловтың және басқа көптеген қазақ ақындары поэзиясының ұлттық поэзия болатын себебі – халық поэзиясының образдарын, құралдары мен әдістерін, тіл байлығы мен ұлттық көркем ой жүйесінің дәстүрлерін молынан пайдаланып, мирас тұтқандығынан ғана емес, сонымен қатар оның негізінен алғанда, өздеріне қалған мұраны жаңа жағдайға бейімдеп, заманымыздың озық идеяларымен нұрланған советтік өмір шындығы негізінде дамытып, кемелдендіре түскендігі болып табылады», - деп атап көрсетеді сыншы ғалым.

Шындығында сыншының сөз қолданысындағы «замананың озық идеяларымен нұрланған советтік өмір шындығын» бейнелеу атты құрсау қаламгерлердің көбінесе ұлттық поэмаға лайықты шынайы ұлттық кейіпкерлерді жан-жақты көрсете жазуына мүмкіндік берген жоқ деп айтуға болады.

Поэма жанрында өткен ғасырдың бірінші жартысында өндіріп жазған ақындардың көбі лениниана, сталинианаға соқпай кете алмады. Өйткені коммунизм мұраттары жолындағы биліктің сұранысы осы болатын. «Ленин есімі жаңа дәуірмен, бүгінгі кемеліне келген социалистік қоғамымызбен, коммунистік салтанат бастауымен тығыз байланысты. Сонысымен қиын да әрі қымбат тақырып. Қазақ поэзиясында тамаша бай Лениниана жасалды. Мұның өзі үлкен жауапкершілік жүктейді», - деп жазады сыншы ғалым Асқар Егеубай.

«ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбылдан Мұқағалиға дейінгі ақындар лениниада тақырыбында сан мыңдаған өлеңдер, сан ондаған поэма-дастандар жазып қалдырды. Ақын ойының ұшан-теңіз қарым қуаты, қаншама поэтикалық суреттеулер, оқыс та ерекше оралымдар қаншама алтын уақыт ленинианаға арналды. Ұшқыр қиялға, сәтті суреттеулерге, қиюлы композицияға, қанық сюжетке құрылған, пішіндік жағынан алғанда еш мүлтіксіз, өз заманының қажеттілігін толығымен өтеген қаншама тамаша поэмалар, дастандар бүгінгі заманның сұранысына сай келмей, шаң басқан мұрағаттарда, сөрелерде қалды, макулатураға кетті...

Қорыта айтқанда, қазақ поэмасының жоғары деңгейге көтеріліп, шынайы жанр ретінде қалыптасуына Абайдың тигізген ықпалы зор болды. ХХ ғасырдың бірінші жартысына дейін қазақ поэмаларында прозалық баяндаулар аралас жүретін, суырыпсалмалыққа көбірек арқа сүйенілген және діни, тарихи тақырыптар көбірек қамтылатындығымен ерекшеленген болса, Қазан төңкерісінен кейін қазіргі бет бейнесін табуға ұмтылды. Осы кезеңде эпикалық дастаннан қазіргі заманғы поэмаға өту үдерісі жүрілді. Бүгінгі күні жанрлық, мазмұн мен пішіндік тұрғыдан алғанда үлкен биіктерді бағындырған қазақ поэмасының ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы кезеңіндегі даму жолына шолу жасағанда, осындай.

Асылбек Байтанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар