Әбдіжәлел Бәкір. Түркі әлемінің ұлы перзенті

Бөлісу:

15.02.2019 6342

Өшкенімізді жағып, жоғалтқанымызды тауып, ұмытқанымызды жаңғыртып, тарихымызды түгендеп жатқан жаңару кезеңдерімізде кешегі күні тіпті аттарын атауға болмайтын, бүгін ортамызға оралған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат, Мұстафа Шоқай сынды арыстарымыздың асыл мұралары мәдени өміріміздің жарқын беттеріне айналды. Кеңестік саяси зілзаладан жабылып қалған ұлттық рухани бұлақтарымыздан халқымыз мейірлене сусындап келеді.

XX ғасырдың басындағы төл тарихымызға есімдері алтын әріппен мәңгілік жазылған ұлтымыздың осы алыптарының қазақ әлеміне шоқ жұлдыздай жарқырай шығуы − елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен тығыз байланысты болатын. Бұл кездері, біріншіден, Ресей өзіне толық қаратқан Қазақстанда отарлау саясатын кең көлемде жүргізіп, әкімшілік құрылыс, халыққа білім беру, дін мәселесі, жер қатынастары сияқты қазақ қоғамы үшін аса маңызды салаларды өз уысына жиған-ды. Екіншіден, Батыстан жылжып келе жатқан капитализм ұлттық өлкелерге де қадам басып еді. Өлкедегі өнеркәсіптің біршама дамуы, темір жолдардың салынуы жұмысшы табының қалыптасуына негіз сала бастады. Сонан соң Ресейде оқыған озық ойлы азаматтарымыздың арқасында Батыста бой көрсеткен демократиялық процестердің әлсіз болса да екпіні сезіле бастаған-ды. Оның үстіне Ресейдегі 1905-1907 жылдарда өткен буржуазиялық-демократиялық революция қазақ, даласына он, әсер етпей қалмады. Бұлардың барлығы қазақ халқының саяси санасын оятып, Ресейдің отаршылдық езгісіне, әлеуметтік теңсіздік пен қанаудың сан түрлеріне қарсылықты күшейтіп, ұлт-азаттық көтерілістеріне жол ашты.

Алаш алыптарының тобында Мұстафа Шоқайдың орны бөлек. Бір қоғамда туғанымен, тұлғалардың тарихи қалыптасу жолдарының әр түрлі және әр деңгейде болатыны белгілі. Әркімнің өз тағдыры, басқаға ұқсай бермейтін өзіндік сүрлеуі бар. Мұстафа Шоқай өмірінің соңғы 20 жылдан астамын жат жерде өткізді. Бірақ 1941 жылдың аяғында көз жұмғанша жас кезінде тандап алған туған халқының тәуелсіздігі үшін күресі бір сәт толастамады. Өйткені оның бүкіл ұстанымының мәні мен мағынасы, арманы мен мұраты өз ұлтының, Түркістан аймағының саяси егемендігі, рухани бостандығы болды.

Халқының еркіндігін өзінің азаттығы деп білген, өз тағдырын ұлтының бақытынан іздеген, тарихи кезеңдегі көрікте шыңдалып, теориялық білімі мен кемелділігі жеткілікті сегіз қырлы саясаткер Мұстафа Шоқайдың қалыптасуында айрықша рөл атқарған аса маңызды факторларға соқпай кете алмай отырмыз. Бұл − тұлға табиғатын аша түсудің тиімді жолы.

Мұстафаның әкесі Шоқай он екі жыл болыс болып, ел басқарып, би атанса, атасы Торғай − 30 жылдай билік басында болған датқа. Шоқайдың, оның әкесі Торғайдың суреттерінің патша үкіметінің арнайы тапсырмасымен дайындалған фотоальбомға кіруі бұл әулеттің, Сыр өңірінен тысқары жерлерге де мәлім екенін айғақтайды. Осындай өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі жеткілікті әулеттің шаңырағында дүниеге келген Мұстафа шынайы қазақ тәрбиесін жеткілікті көре алды. Ол кезде бүгінгідей жазба әдебиеттер өте сирек болғанымен, атадан балаға мирас болып келе жатқан ауызша сан тақырыптағы дастандарға қазақ даласы кенде болған жоқ. Ауқатты датқа ауылында ақын-жыраулардың да жиі болып тұруы ғажап еместін. Олардың ел билеген хандар мен халқын қорғаған батырлар туралы толып жатқан жырларын, көрші елдердің, түркі тектес туыстастардың әр түрлі қиссаларын бала Мұстафа естіп, халықтық рухты бойына жасынан сіңіріп өсті. Ауылдағы 4 кластық мұсылманша және орыс мектебін бітірген, ата тегімен, ана сүтімен дарыған қабілетті бала Мұстафаны ортасы ерте таныды. «Кеп баланың ішінде Мұстафа аса зеректігімен ерекшеленген. Құранды да ең жақсы оқитын сол еді. Ата-анасы да, өзі де бұны үлкен мақтаныш санайтын.Үйіне келген кісілерге бала Мұстафа білгендерін айтып, сұрамаса да оқып беретін», − деп жазған еді Мария Шоқай «Менің Мұстафа» атты естелігінде.

Мұстафа Шоқайдың анасының да текті жұрттан шыққандығы жөнінде жазылып жүр. Осы туралы біз де өзімізге белгілі кейбір мәліметтерді айта кетсек артық болмас. Менің туған әкем Қошқар да, бала етіп бауырына салған Бәкір де кешегі Ұлы Отан соғысына 1942 жылы кетіп, оралмағандар. Сол себепті мен анамның екінші әкесі, Бәкірдің туған ағасы − Сопбектің Ахметінің тәрбиесінде болдым. Ең алғаш Мұстафа Шоқай есімін сол кісіден естідім. Мұстафаның анасы, Ахмет әкемнің айтуынша, атасы Баспақ батырдың (шын аты Мәмбетәлі) туған қарындасы. Біздер 1949 жылы Сырдария ауданына қарасты «Айдарлы» колхозынан Қызылорда қаласына көшіп келгенде бұрынғы Некрасов (қазір Жарқынбаев) атындағы көшеде Мұстафаның туған інісі, «халық жауы» атанып ұсталып кеткен Нұртазаның отбасымен көрші тұрдық. Нұртазаның кемпірі «біздің қайнаға жеті патшаның тілін білетін еді» деп отыратын-ды. Екі отбасының қатынасы Нұртазадан қалған жалғыз ұл Мадиярдың Оңтүстік Қазақстан жаққа кешіп кетуімен үзілді. Шынын айтқанда, оған жұрт тыныштық бермеді. Ол қаланың іргесіндегі «Кооператив» деп аталатын елді мекендегі мектепте орыс тілінен сабақ беретін-ді. «Халық жауының баласы қалай мұғалім болып істейді?» деген арыздар билік органдарына жиі түскен көрінеді. Оны бірде Мадиярдың Ахмет әкеме айтып отырғанын да естіп едім. Мұстафа Шоқайдың туғанына 110 жыл толуына байланысты Сұлу төбе стансасында ас берілгенде Нұртазаның қызы Мәдина апай да: «Айналайын, Жәлел, біздің түбіміз сен тәрбиеленген отбасымен байланысты ғой», — деген болатын.

Өзі зерек, орысша жап-жақсы сауатын ашқан Мұстафа Шоқай Ташкенттегі гимназияда оқыған кезінде-ақ қоғамдық жұмыстарға ерте араласқан. Ол кезде Ташкент қазақ қырғыз, өзбек, түрікмен, орыс және басқа түрлі ұлт өкілдері бас қосқан Орта Азия кіндігі, патшалық Ресейдің әкімгершілік орталығы еді. Гимназист елден келген кісілердің түрлі өтініш-арыздарын шешуге қатыса отырып, жергілікті халықтар арасындағы әлеуметтік теңсіздікті көзімен кереді.

Басқаны былай қойғанда, гимназияны өте жақсы бітірген Мұстафаның өзіне тиісті алтын медальды генерал Самсоновтың орыс баласына жаздыруы − орыс шовинизмінің айқын көрінісі еді. Бұл елде де отаршылдықтың өктемдігін көріп келген гимназист бойындағы ұлтжандылықтың күшейе түсуіне орыс билеушілерінің өктемдігін басынан өткізіп отырған қазақтан басқа түркі туыстас ұлт өкілдеріне деген сезімі арттыра түсті. Олар да озбырлықты ең бірінші отарлық саясаттан көріп отыр еді.

Мұстафаның қоғамдық жұмысы Петербор университетінде жалғаса түсті. Әсіресе оның студент бола жүріп, Әлихан Бөкейханның көмегімен Мемлекеттік Думаның Мұсылман Фракциясы хатшылығына орналасуы − болашақ ұлтжанды саясаткер үшін ерекше маңызды болды. Енді Мұстафа Шоқай түңғыш рет Түркістан өңірінен тыс түрік халықтарының − Еділ, Қырым татарларының, Кавказ халықтары, Орал башқұрттарының саяси өміріне араласа бастады. Петербордағы оқу мен қызмет жылдарында өз халқын азат ету басқа езілген халықтарды ұйыстырудың нәтижесінде ғана мүмкін екеніне оның көзі жете бастады. Кейін Мұстафа Шоқайдың шетелде жүрген кезінде де ез халқымен бірге езге аймақтардағы халықтардың отарлық езгіден құтылуын армандауы жайдан-жай емес еді. Осы таным оның өмір бойғы асыл мұраты болып қалды.

Университетті үздік бітіріп, елге оралған Мұстафа Шоқай саяси қозғалыстың қайнаған қазанына түсті де кетті. Оның әсіресе «Алаш» ұлттық демократиялық партиясының

жұмысына қатысуы айрықша мәнді болғанын айта кету керек. Алаш партиясы − Ресей қол астындағы түріктер ішінен шыққан саяси партиялардың ең радикалы еді. Оның бағдарламасының халық ағарту және жер мәселесіне қатысты баптары большевиктер үкіметінің түпнегіздеріне турадан-тура қарсы бағытталған болатын.

Мұстафа Шоқайдың саяси ой-пікірлерінің ұштала түсуіне 1905 жылдан бастап қазақ халқының ұлттық төңкерісінің басында болған, қазақ ұлттық партиясы «Алаштың» негізін қалаған, оның бағдарламасының авторы, Алашорда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейханның әсерінің ерекше болғанын айта кету керек. «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс үкіметінің ата-мекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді», − деген ұстаз сөзін 1939 жылдары еске алу жайдан-жай емес. Мұстафа Шоқайдың айтуынша, осы кеңестен кейін ең үрейлі қатердің қайдан келе жатқанын түсінген жастар бар ынтасымен «мұғажыр мәселесін» үйренуге кірісіпті.

Мұстафа Шоқайға өзімен қатар ұлт азаттығы шебінде болған, өзі Түркістан түріктерінің ең көрнекті, ең сыйлы өкілдерінің бірі санаған Міржақып Дулаттың, «қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін қам жеп, ел үшін еңіреп туған азамат» Сұлтанбек Қожанұлының және т.б. Алаш ардақтыларының да әсерлері аз болмаған.

Міне, мұның барлығы Мұстафа Шоқайдың саяси қайраткер ретінде қалыптасуындағы ерекше маңызды факторлар еді. Әлі талай зерттеулер жазылар, осы кезге дейін айтылғандар толықтырылар, дегенмен осылардың өзі еліміздің аса бір аласапыран кезеңдерінде Түркістандағы ұлттық қозғалыстың бірден-бір дем берушісі де ұйымдастырушысы болған, кейін жат жерде жүріп те нағыз ұлтжандылық пен қайтпас қайраттың тамаша үлгісін көрсете білген М. Шоқайдың саяси университеттері болғанына күмән жоқ.

Әрине, саяси көзқарастың қалыптасуы күрделі процесс екені бесенеден белгілі. Халқымыздың тарихындағы аумалы-төкпелі кезең М. Шоқайдың ұстанымдарына өзгерістер енгізіп отырған. Сондықтан ол өз ой-пікірлерінің эволюциясы туралы былай дейді: «1917 жылы төңкерістің бас кезінде біз бәріміз федералист, унитарист тәрізді ағымдардың ықпалында болдық. Бәріміз түгел берілген осы көзқарастар біздің орыс демократиясына шамадан тыс сенуімізден туған еді. Ресейдің төңкерісшіл демократиясына деген сенімнен туған федералисттер мен унитаристер арасындағы пікір айырмашылығын оның біреуін империяға дос, ал екіншісін жау етіп көрсету жолымен түсіндіруге болмайды. Мұның екеуі де түрік тектестердің сол тұстағы жағдайына байланысты туылған көзқарастар еді».

Осы кезге дейінгі арнаулы еңбектерде негізінен Мұстафа Шоқайдың саяси қызметі туралы айтылып келеді. Оны түсінуге болады. Себебі бұл әлі толық зерттеле қоймаған тақырып. Біз бұған саналы түрде бармай отырмыз. Біздің мақсатымыз − Мұстафа Шоқайдың эмиграция кездерінде жазылған қолда бар еңбектеріне сүйене отырып, оның қоғамдық-саяси идеялары туралы кейбір ойларымызды қысқаша ортаға салу. Осының негізінде бүкіл түркі әлемінің ұлы перзентінің бейнесін ашуға талпыныс жасау. Алда әлі халқымызға таныс емес талай дүниелер ортамызға оралар. Бірақ соның бәрі Мұстафа Шоқайдың өз ұлтын жанындай сүюімен бірге, түркі тектес туыс қазақ, өзбек, түрік, татар, тағы басқа ұлт өкілдерін бөліп қарамағанына мықты дәлел бола алады.

М. Шоқайдың сан салалы саяси кызметінде оның эмиграциядағы кездері ерекше орын алатыны белгілі. Ресейдің ең маңдай алды университеттерінің бірінде оқып, терең білім алып, бұрыннан жақсы білетін орыс тіліне қоса бірнеше шет тілдерді бірдей меңгеріп шыққан Мұстафа Шоқайға амалсыздан барған шетелдердің қайсысынан болса да жылы орын тауып, өзіне жететіндей тірлік етуге әбден болатын-ды. Бірақ Мұстафа Шоқай табиғатында ондай жан емес-ті. «Мұғажырлық (эмиграциялық) өмірдің машақаты көп-ақ», − деп өзі айтқандай, жат жердегі өмірдің тауқыметін тарту оңай болған жоқ. Тағдырдың тартуы болса, ылаж бар ма? Бірақ соған қарамастан, ұлтының азаттығы үшін күресін бір сәт толастатқан емес. Айырмасы − ендігі күресті негізінен қалам ұшымен жалғастырды.

Мынандай жағдайды есте ұстаған абзал. Тоталитарлық қатаң жүйеде өмір сүріп жатқан Кеңестер Одағы жөнінде жеткілікті материалдардың ол кезде сыртқа шыға бермегені белгілі. Сол себепті Мұстафа Шоқайдың кейбір мәселелерді терең барлай алмай, қателескен жерлері де, шалыс басқан кездері жоқ емес шығар. Дегенмен оның саяси қызметіндегі кезге ұрып тұратын ерекшелік − оның Еуропаның қақ ортасында тұрып, сонау Түркістан аймағында болып жатқан саяси оқиғаларды жіті бақылап, соған дер кезінде шыншыл да сыншыл үнін қоса білгенінде. Атамекенді сүю, оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда керек болса жанын пида қылуға дайын тұруды өзінің мәңгілік ұстанымына айналдырып, соған шынайы адалдықтың үлгісін көрсете білуінде.

Мұстафа Шоқай саясат мәселелерін зерттеп, арнайы еңбек жазуды ойлаған емес. Оған мүмкіндігі те бола қойған жоқ. Бірақ «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек саяси үгіт жұмысымен айналысар едім. Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халықтары туралы кітаптар жазумен шұғылданар едім. Адамдар бір-бірімен араласуы керек. Халықтар өзара білім алысып, бірін-бірі терең танып және түсініп, жарасымды қатынас дәрежесіне көтерілсе, сонда ғана халықтар федерациясын құруға жол ашылмақ. Мұндай мақсатқа жету үшін мемлекеттік масштабтағы қызмет қажет болады. Соғыстан бас тарту керек, соғысты болдырмау керек. Жер бетінде барлық адамға орын жетеді», - деп қиялдауы Мұстафа Шоқайдың айтарының да, жазатынының да көп болғанының дәлелі.

«Жас Түркістанның» әрбір саны сайын шығып тұрған, кейде қысқа, кейде көлемді мақалалар мазмұн жағынан аса бай, сол кездегі әлемдік саясаттың сан жетпес сиқырларын шеберлікпен аша білген дүниелер еді. Жағдай мәжбүр еткен Түркістанның тәуелсіздігі жолындағы саяси күрестің жаңа амалының нақты мақсаты журналдың алғашқы санында-ақ алға қойылды: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң, да болмас. ...Біздің мұратымыз Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады». Журнал бетінде 10 жылдай жарық көрген 200-ден астам әр түрлі тақырыпқа арналған мақалалар осы негізгі мәселеге бағындырылған, соған кызмет етеді.

Мұстафа Шоқай ғасыр басындағы Ресейдегі екі аса ірі саяси оқиғаға соқпай кете алмаған. Ол 1917 жылғы ақпандағы төңкерісті «Ұлы төңкеріс» деп атай отырып, оның 20 жылдығына арналған «1937 жыл» деген мақаласында патшалық Ресейдің отарлық жүйені тас-талқан етіп, оның тепкісінде ғасырлар бойы езіліп келе жатқан халықтардың, өз тағдырларын өзі билеуіне, өзінің ұлттық мемлекеттігін құруына жол ашқанын жазады. Шынында да Ақпан революциясын, басқа ұлттық аймақтар сияқты, қазақ елі де зор қуанышпен қарсы алған. «Қазақ» газетінің сол жылғы 9 наурызындағы санында: «Киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды», − деп жазуы осы қуаныштың көрінісі еді. Алайда тарих тегершігі басқа соқпаққа түсті. Ресейдің саяси-әлеуметтік, экономикалық жағынан Батыстан артта келе жатқандығынан демократиялық күштер қай жағынан болса да әлсіздік көрсетті. Билік басына большевиктер келді. Ол, Мұстафа Шоқай сөзімен айтқанда, Қызыл Қазан мен орыс пролетариатының диктатурасы еді. Ресейдегі қазан төңкерісі әлі де әлемдік саясатшылардың назарынан тыс қалып отырған жоқ. Шынында да, бұл − аса күрделі мәселе. Төңкеріске әлеуметтік-экономикалық, жағынан мешеу дамып келе жатқан Ресейдегі ішкі және сыртқы жағдайлардың шешуші әсерінің болғанына дау жоқ. Батыстағы буржуазиялық-демократиялық қозғалыстардың да өзіндік ықпалын жоққа шығаруға болмайды. Ал Мұстафа Шоқай өзінің «Кеңес үстемдігінің 16-ыншы жылдығына орай» деген мақаласында большевиктердің үкімет басына келуінің негізгі себептерінің бірін - олардың дер кезінде тиімді уәде бергіштігімен байланыстырады. Большевиктердің тездетіп бітім жасап, бейбітшілікті қамтамасыз етуге, шаруаларға − жер, жұмысшыларға − билік, ұлттарға бостандық пен тәуелсіздік бермекші уәдесі босқа кеткен жоқ.

Патшалық Ресейден қажыған, Уақытша үкіметтің дәрменсіздігін тез таныған халыққа большевиктерді әлеуметтік әділеттікті орнататын бірден-бір партия ретінде насихатталды. Осыған бар күш-жігерді жұмсап сендіруге ұмтылды. Бұған сенгендер аз болған жоқ. Шаруаларға жер тиді, бірақ жеке меншікке берілмеді, олар колхоздар мен совхоздарға еріксіз жымдастырылып, жеке шаруашылық жүргізу құқығынан айырылып, мемлекетке басыбайлы етілді.

Заманына сай терең білім алған заңгер Мұстафа Шоқайдың кеңестік саясаттың кейбір теориялық мәселелері туралы айтқан ойлары ерекше назар аударарлық. Әрине, бұл мәселелердің арнайы зерттелмегенін ескерте кеткен жөн. Дегенмен осы ойлар сонылығымен және объективтілігімен қызғылықты. Ол кеңестік билік жалпы жұмысшы табының қолында емес, бір ғана большевик партиясының уысында екенін атап көрсетіп, биліктің «жұмысшы демократиясы» деп жалаулатқан үгіт-насихаттың шындыққа жанаспайтын саяси сипатын теріске шығарады. Оның дәлелі ретінде «Жұмысшы демократиясы дегеніміз тарихтың табиғи қажетіне сәйкес бірігіп, саяси демократияның шеңберінде бола отырып, жалпы жұмысшы табының дербес тап ретінде өзін көрсете алуы болып табылады», − деген анықтама ұсынады. Осыған байланысты социалист (түрліше түстегі) жұмысшылар болғаны тәрізді, антисоциалист жұмысшылар да болатынын, Еуропада «католик жұмысшылар ұйымының» да бар екенін, егер жұмысшылар көмектеспесе және қатынаспаса, онда Италиядағы фашистер мен Германиядағы гитлершілдер күш алуы мүмкін екенін айтқан мысалдарды тілге тиек етті. Сондай-ақ таптық күрестің ұлттық өнеркәсіп қалыптасқан саяси, әлеуметтік және экономикалық мүдделері бір-біріне қарама-қарсы тұрған, ұлттық буржуазиясы мен ұлттық пролетариатта бар тәуелсіз елдерде ғана болуы мүмкін деген марксизм қағидасына сүйеніп, ол Түркістанда ондай күрестің жоқтығын, бұл большевиктерге өз үстемдігін бүркемелеу үшін қажет болғандығын атап көрсетеді.

«Жас Түркістан» газетінің қызметкерлерімен

Мұстафа Шоқай сондай-ақ «большевизм» және «ұлтшылдық» деген ұғымдардың бір-біріне ешқашан жанаспайтын, бір-біріне қарсы екі басқа ұғымдар екенін, большевизм ұлтшылдықты теріске шығаратыны тәрізді, ұлтшылдық та большевизмді теріске шығаратынын ескертеді. Алайда большевиктер өздері негізінде теріске шығаратын ұлтшылдықты «пролетарлық төңкеріс» идеяларын жүзеге асыру жолында тиімді құрал ретінде пайдаланудан бас тартпайтынын, олар еуропалықтарға қарсы қою үшін қытай ұлтшылдығын танитынын және қолдайтынын, ал ағылшындарға қарсы үнді ұлтшылдығын да онды құбылыс деп санайтынын атап көрсетеді.

М. Шоқай өз мақалаларында пролетариат диктатурасы шын мәнінде орыс диктатурасы болып отыр деген қорытындыға қайта-қайта жүгініп отырады. Жергілікті газеттердің материалдарына сүйеніп жазылған «Атамекен жағдайы» атты мақалада Түркістанда жүргізіліп жатқан ашық террор, Кеңес үкіметінің халықты жаппай қуғын-сүргінге ұшыратуы, азапқа салуы, аштыққа душар етуі мен жүздеген-мыңдаған жазықсыз жандардың атып өлтірілуі туралы айтылған. Ең сорақысы − партиядан шығарылғандардың, қамауға алынғандардың, жер аударылғандар және өлім жазасына кесілгендердің бар кінәсі олардың баяғыда өліп қалған атасының бай, саудагер, ғұлама, яғни кезінде іс басында болғандары немесе айыпталушының көне медреселерде оқығандығы екен.

М. Шоқай отарлаушы мемлекетке тән барлық белгілерді кеңестік Ресейдің бойынан таба алды. Большевиктер билігінің саяси бет-бейнесін барынша ашып берді. Бұған оның кеңестік цензурадан алыс жүргені де себеп болды. Түркістан өңіріндегі экономикалық және ұлттық саясаттың отаршыл елдің ешбіріне ұқсамайтынын және жергілікті халықтың ұлттық болмысына төндіріп отырған қауіп-қатерін жан-жақты дәлелдейді. Бесжылдық жоспардың сәтсіздіктері, күштеуге және жалаң энтузиазмге сүйенген ауыр өнеркәсіп құру бастамасы мемлекетті өмір сүрудің ең төменгі қажеттілігінен айырды. Күштеп ұйымдастыру елді ашаршылыққа душар етті. Сөйтіп, ішкі жағдайлар дағдарысқа ұшырады. Сондықтан: «Халқымыз мұндай қорлыққа төзбей, көтеріліске аттануда. Алайда күшті ұйымы, тәжірибелі әскери басшысы болмаған қарусыз халық мұздай қаруланған, кемелді мемлекетке қарсы күрескенде мұндай күрес немен тынбақ?» − деп шарасыз сұрақтар қояды.

Большевиктердің халқымызды орыс пролетариатының тепкісіне салғанын елдегі кеше ғана Алаш туын ұстағандар «пролетариат диктатурасы» ұранымен бүркемеленген саясаттың қыр-сырын ешкімнен кем біле қойған жоқ. Бірақ тоталитарлық тәртіп оларға ашық айтуға ырық бермеді. Қылт еткен езге пікірлі кісі «кеңестің жауы» саналып, қатаң бақылауға алынды. Алды атылып, соңы түрмеге қамалып жатты.

Мұстафа Шоқайдың ойынша, кеңестердің экономикалық саясаты Түркістанның тәуелсіз өмір сүру мүмкіндігін біржола жоюға, оны Ресейдің шикізат қорына айналдыруға бағытталған. Ол «Түркістанда макта төңірегіндегі күрес», «Патшалық Ресей министрі Кривошейннің Түркістандағы мақта шаруашылығына көзқарасы» және т.б. мақалаларында жергілікті диқандарды дербес жұмыс жүргізу мүмкіндігінен айырып, зорлап Орталық үшін қажет макта еккізіп отырғанын өткір сынға алады. Автор Өзбекстандағы және Түркістандағы ашаршылықтың ең басты себебі − дәнді дақылдар егетін жерлердің мақта егісіне берілгенімен түсіндіреді. Сондай-ақ Кеңес үкіметінің жаңа мақта саясатын жүзеге асыруға жетекшілік ету үшін Орталық Ресейден алты мың орыс жұмысшысын Түркістанға әкелу туралы шешім қабылдануын − патшалық Ресейдің өлкені орыстандыру саясатының жалғасы екеніне тағы бір мысал ретінде келтіреді.

М. Шоқай бір ұлттың рухани, экономикалық мүдделері екінші бір күшті ұлттың мүдделеріне құрбан етілуі отаршылдық болып табылады деген маркстік-лениндік теорияны қайталай отырып, Түркістанның Ресейдің отары болып отырғанына бұлтартпас дәлелдер келтіреді. Шынында да, Түркістандағы орыстарды патша заманынан әлденеше есе көбейтіп жіберген мұғажыр саясаты, мемлекеттік аппараттардың жергілікті халыққа жақындамауы, былайынша айтқанда, «ұлттандырылмауы», оның отаршылдардың пайдасына шешіліп отырылғаны т.б. саяси-әлеуметтік шаралар Түркістандағы большевиктердің орыс патшалығының ұлы державалық рухын танытатын мұрагерлері екенін көрсететін іс-әрекеттер еді. «Қызыл отар» деген мақаласында Мұстафа Шоқай Кеңестер Одағы деген атау туралы ұсыныс енгізген көрнекті коммунист Затонскийдің: «Біз айналамыздағы өлкелердің есебінен Орталықты нығайтқанымыз дұрыс болар еді. Егер Орталықты күшейту үшін төңірегіміздегі өлкелерді тонау қажет болса, біз оған да барған болар едік», − деген сезін мысалға келтіре отырып, Түркістанда большевиктердің «ұлттық саясатының» сиқы, міне, осындай деген қорытынды жасайды.

Алаш ардақтылары бірде-бір Еуропа империалисттері бодан халықтарының жерлерін өз шаруаларының пайдасына тартып алумен шұғылданбағанын, езге елге мұғажырлар әкелу, жергілікті тұрғындардың жерлерін күштеп тартып алу жалпы Ресей мемлекетінің ежелден бері келе жатқан «сүйікті» кәсібі екенін, бұл ұлттық шет аймақтарда жергілікті халықтың материалдық және рухани өркендеуіне шек қойып, оның азып-тозып, өліп-бітуіне, азшылыққа айналуына әкелетін саясаты екенін білмеді емес, білді. Мұны большевиктер жаңа жағдайда жалғастырып отырғанын аңғармады емес, аңғарды. Олар патшалық Ресей кезінде де, большевиктер үкіметі орнағаннан соң да күресіп көрді, бірақ ештеңе шығара алмады. Өйткені бұл отаршылдық саясаттың ең өзекті мәселелерінің бірі болатын. Отаршылар үшін бұдан бас тарту − бүкіл саясатының мәнін жоятын еді. Кейін Кеңес үкіметі Отан соғысында жеңіп, қираған бөлегін қалпына келтіріп, нығайып алғаннан кейін бұл бағыттағы саясатына жаңа қарқын берді. Көптен армандап жүрген Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеруді қолға ала отырып, қазақ жерін орыстандырудың жаңа кезеңін жүзеге асырған-ды.

Мұстафа Шоқай орыстың патшалық мекемелері шет аймақтардағы ұлттық дамуымызды тежеп келген болса, большевиктердің басқаруы халқымызды ұлттық сезімнен жұрдай етуге, мұндай сезімді оның көкірегінен біржола сылып тастауға тырысып отыр деп ескертеді. Сондықтан Түркістанды Мәскеуге экономикалық жағынан ғана тәуелді етумен шектелмей, ұлтымыздың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнату кеңестік орталықтың мақсаты екенін, бұл бағытта жергілікті мектептер мен басылымдар біздің рухани мәдениетіміздің таратушылары, жанкүйерлері бола алмай отырғанын ашып айтты. Олар орыс мәдениеті мен орыс үстемдігін орнатудың құралынан басқа ештеңе еместігін, кешегі патшалық Ресейді бүгін кеңестік Ресей немесе пролетарлық Ресей деп атағандарымен, біздің ұлттық мәдениетіміз тұрғысынан қарағанда, ештеңе өзгермегенін, социализмді желеу еткен большевиктер енді екі-үш жыл ішінде біздің ана тілімізді өзінің тарихи құқығынан мақұрым етуді көздеп отырғаны туралы ашына жазды: «Большевиктер ата-мекеніміз Түркістанда ұлтымыздың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ болады. Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болмайды, тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы − ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында есіп дамиды, жеміс береді», − деп жазды.

Мұстафа Шоқай большевик отаршыларының болмысын барынша терең тани білумен қатар, оның басқа отаршылдық саясаттан айырмашылығын да көре білді. Сондықтан да оның: «Дүние жүзінде Түркістаннан басқа да көптеген елдер бар. Ол жерлерде де үстем ұлттың озбырлығынан жәбір шеккендер аз емес. Алайда дәл орыстың отаршылдық саясатындай сұмдықтарды тарих әлі көрген жоқ», − деп жазуы жайдан-жай емес-ті. Бұл ойына большевиктер «отарлық құлдықта» деп санайтын үнділер Үндістанның тәуелсіздігі хақында шетелдермен ашық сөйлесе алатынын, ал Кеңес ұлттық республикасында халықтар өзінің тәуелсіздігі туралы жұмған ауыздарын аша алмайтынын, олардың тек қана Мәскеудің рұқсатымен сөйлеуге мәжбүр екенін мысалға келтіреді. Сондай-ақ орыс патшалары орыс жазушыларының шығармашылық бостандығына шек қоймады, большевиктер сияқты ананы жаз, мынаны жазба деп бұйрық түсірмеді дей отырып, орыстардың ең үздік жазушыларының бірінен саналатын Максим Горькийдің өзі әлемге танылған шығармаларын патша заманында жазып, ал Кеңес заманында большевик бола жүріп, бірде-бір елеулі шығарма жаза алмады деген пікір айтады.

Мұстафа Шоқай Мәскеу большевиктері Азамат соғысы аяқталғаннан кейін өз үстемдігінің екінші дәуірін бастағанына назар аударады. «Большевиктер іс басына келер алдында бүкіл Ресей мұсылмандарына және түркістандықтарға өз қалауы бойынша өздерін басқару керек деген сарында үгіт-насихат жүргізді. Алайда «қызыл сөздерге боялған» мұндай үгіт-насихаттың нәтижесі іс жүзінде «орыстың ұлттық рухына негізделген пролетариат диктатурасынан басқа ештеңе де болмай шықты...» − деп кеңестік саясатқа тән болған екі жүзділікке арнайы тоқтайды. Ұлттардың Ресейден бөлініп шығып, өз алдына тәуелсіз мемлекет құруына дейінгі өзін-өзі билеу құқығы туралы берілген уәде түбегейлі өзгертілген болатын. Бұл ұранның бос сөз екенін Қазақстан шындығы бірнеше рет дәлелдеген-ді. 70 жылдан астам кеңестік дәуірде Қазақстан басшыларының қатарында екі-ақ қазақ азаматының болғанына тарих куә. Кеңестік идеологияның талмай насихаттағанындай, «социализмнің нағыз кемелденіп коммунизмге аяқ басқан кезінде» Қазақстан басшылығына тағы да қазақ дегеннің кім екенін біле бермейтін өзге ұлт өкілінің келуіне байланысты болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің жарасы әлі жазыла қойған жоқ.

Мұстафа Кеңес үкіметінің 30-жылдардан кейінгі ішкі саясатына да көп көңіл бөлген. Әсіресе мемлекетті басқару бағытындағы өзгерістер назарынан тыс қалмаған. «Табыс мерекелері», «Ресейдегі жағдай және біздің міндеттеріміз», «Кеңес Одағының негізгі заңы төңірегінде» атты мақалаларда Сталиннің жеке басына табынушылықтың болашағын көрегендікпен болжай білген. Сталинді барынша дәріптеп, оны тәңірге айналдыра бастаған бұқаралық ақпарат құралдарында бар нәрсені тек соның атымен байланыстыру науқанының басталғанын жақсы байқаған. Бұл әсіресе Кеңес үкіметінің басы-қасында болған Зиновьев, Каменьв, Бухарин және т.б. толып жатқан, кеше ғана Қазан революциясын басқарған, бейбіт кезде алғы шепте жүрген партия мүшелеріне «сатқын», «фашист агенттері» деген ауыр айыптар тағылып, кебісі атылғаннан кейін жаңа белең алған еді. Бұл процесс Кеңес Одағының Негізгі заңының қабылдануымен күшейе түскен болатын. Қарсыластарын жойып, маңайын тазалап алған Сталин өзінің жеке билігін Ұлы Отан соғысындағы жеңістен соң әбден нығайтып алғаны мәлім. Сөйтіп жұмысшы табының диктатурасы дегеніміз Коммунистік партияның, шындығында оның Бас хатшысының жеке диктатурасына айналды. Кейін Сталиннің жеке басқа табынуымен күрескендер де Коммунистік партияның жеке билігін ауыздықтай алмап еді. Оларды да жоғары билік мансабы құл еткен-ді. Партия жүйесінде реформа болмады. Осының бәрінің ақыры Кеңес Одағын құлатып тынды. Шексіз жеке билік еш уақытта да жақсылыққа апармайтынына кәрі тарих тағы куә болған-ды.

Мұстафа ұлтымыздың азаттығын алу жолындағы түркістандықтардың жеке-дара күресі ойдағыдай нәтижелерге жете алмайтынын, оны тек бірігіп жеңуге болатындығын түсінді. Өйткені ұлттың жауы тым күшті болатын. Сол себептен «Ең алдымен барлық күштерді бір мықты саяси ұйымның маңына топтастыру керек. Түркістан ұлттық бірлігінің бірінші кезектегі міндеті және таяу арадағы мақсаты: 1) Түркістанды орыс пролетариатта үстемдігінен құтқару; 2) Түркістанда орыстың кез келген үстемдігінің орнауына жол бермеу; 3) Бәрінен бұрын ұлттық тәуелсіз Түркістан мемлекетін құру болып табылады», − деп жазды. Бұл мәселеге Мұстафа ретті жерінде қайта-қайта оралып отырады. Сондықтан ол Кеңес үкіметіне қарсы, өз халқымен тағдырлас және ұлттық тәуелсіздікке ұмтылған барлық халықтармен тізе қосып, күш біріктірудің жолдарын іздестірді. Еділ-Орал, Қырым, Әзірбайжанда тұратындармен ғана тығыз байланыста болып қоймай, Кавказ халықтары, Украина және орыс казактарының тәуелсіз мемлекет құру жолына түскен бөлігімен ұйымдық тұрғыдан тығыз байланыстар орнату қажеттігін атап көрсетті. Мұстафа Шоқай өздерінің ұлттық тәуелсіздігі жолында Ресейге қарсы күресіп жатқан басқа халықтардың бірыңғай майданын құру керектігін және ондай бір орталыққа біріккен ұлттық ұйымдардың өз дербестігін сақтауын алға тартты. «Кавказия федерациялық келісімі» атты мақалада: «Біздерге, Ресейден бөлініп, өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізді құру мақсатында күресіп келе жатқан халықтарға, Ресейге қарсы бағытталған ұлттық күресіміздің мүддесі тұрғысынан қарағанда Кавказ мәселесі айрықша маңызды. ...Біз бұл келісімді таяу болашақта өз рөлін толық атқарып, ата-мекенімізді орыс империализмінің бұғауынан құтқаруға көмектеседі деген үміттеміз», − деген сенім көрсетілген-ді. Сол себепті бір ғана мақсат − тәуелсіз мемлекет құру жолында бұрынғы автономияшыл татарлар, башқұрттар және түркістандықтар бүгін Кавказ және Украинамен бірге «ең соңғы мәреге» жеткенге шейін саяси жолсерік бола алатындығына үміт артады.

Мұстафа Шоқай кеңестік басқарудың Түркістанға кейбір пайдалы жақтарын білмеді емес, білді. «Кеңес үстемдігінің 16-ыншы жылдығына орай» атты 1933 жылы жазылған мақаласында ол Кеңес үкіметі өмір сүрген 16 жыл ішінде ешқандай бір онды істер болмады десек, ол да дүр болмаған болар еді. Табыстар жоқ емес. Алайда оның бәрін Кеңес үкіметі отар халықты мүсіркегенінен жасамағанын, езіне керек болғаннан кейін жасағанын, мұндай табыстардың көпшілігі большевиктердің халыққа берген уәделеріндей, «төңкеріс жоспарларында» көрсетілгендей емес деп атап көрсетті.

Мұстафа Шоқай − қазақ елінің, барлық түркі тектес халықтардың азаттығы мен бостандығы үшін күресумен қатар, өз дәуіріндегі халықаралық мәселелерді биік деңгейде талдап, оның беталысын көрегендікпен болжай білген терең білімді саяси сарапшы. «Ұлттар Ұйымы және Кеңес үкіметі», «Алманиядағы қаржы дағдарысы», «Қытайда», «Ағылшын дағдарысы», «Манжурия мәселесі және дүние жүзі баспасөзі», «Кавказ мәселесі» т.б. тақырыптарға жазылған мақалаларды былай қойғанда, «Халықаралық жағдай» және «Халықаралық өмірден» деген атаулармен жазған мақалаларында ол Ұлттар Ұйымының мәселелері, Ұлы Отан соғысы алдындағы Англия, АҚШ, Германия, Италия, Жапония, Қытай, Франция т.б. елдерінің сыртқы саясаттарына талдау жасайды. Бұл қазіргі тарихшылар мен саясаткерлерге өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы халықаралық мәселелерден мол материал берері сөзсіз.

Бір ескеретін нәрсе − Мұстафа Шоқай халықаралық тақырыптардың қандайына қалам тартса да, туған елі Түркістан әсте есінен шықпайды. Бар мәселені осының маңына топтастырады, халықаралық ахуалдың ұлттық тәуелсіздігімізге тигізер ықпалын ойлап отырады. Мысалы «Қиыр Шығыста» деген мақаласында ол Ресейдің Қытай, Жапония араларындағы Манжурия төңірегіндегі дау-дамайға байланысты мәселелерді қозғай отырып, Ресейдің Манжуриядан шегінуін маңызды оқиға санайды. Автор орыс империализмінің Манжуриядан шегінуіне қуана қол соғатынын және осы процесс тоқтап қалмай, ең соңында орыс империализмінің Азиядан түгелдей қуылуын тілейтінін де, Азия халықтары сонда ғана кең тыныс алып, ұлт-азаттық күрестің мақсаттарына жететініне де қуанышын жасыра алмаған. Сондай-ақ «Поляк басылымдарының үні» атты патшалық, кейінгі кеңестік Ресейдің Польшамен арақатысына арналған мақаласында Мұстафа Польшаның, Ресей езгісіндегі басқа халықтардың мұң-зарын өте жақсы түсінетіндігін және олардың нағыз жанашырлар екенін айта отырып, «Поляктар − өзім құтылдым, өзгелер не болса, ол болсын» деп әсте ойламайтын, адамгершілігіне қаһармандығы сай ғажайып халық.», деп тамаша сипаттама береді. Осы жерде «Жас Түркістан» журналының Польша үкіметі маршал Иозеф Пильсудский тарапынан құрылған «Лихие прометеи» ұйымы арқылы қаржыландырылғанына айта кеткен артық болмас.

Мұстафа Шоқай − өз кезіндегі жалғыз азат Түрік елі туралы да бірнеше мақала жазған. «Түркістан Кеңес баспасөзі және Түркия республикасының 10 жылдығы», «Түркия және Ұлттар Ұйымы», «Мәскеу және Түрік Коммунистік партиясы», «Большевиктердің Түркиямен «адал достығына» куә боларлық бір тарихи құжат», «Мен патриотпын» газеті Түркия саясаты хақында» т.б. мақалалардан автордың түрік халқының азаттығына деген шынайы көзқарасын, Түркияның батыстың мәдениеті мен демократиясы жолына түскеніне қуаныш көңілін аңғармау мүмкін емес. Түркия Республикасының Ұлттар Ұйымына ресми мүше болуы − оның халықаралық жағдайын нығайтатын айрықша оқиға болды. Ал «Большевиктердің «Түрік достығы» атты мақалада Кеңестік Ресейдің Түркияға байланысты саясаты, большевиктердің түрік ұлттық қозғалысын іштен іріту жолындағы іс-әрекеттері, Түркияның әлсіз тұстарын қапысыз пайдаланып қалу мақсаттан туындап отырғаны сөз болады. Алайда Түркия халқының, ең алдымен, түрік қоғамының салауатты ұлттық негізге құрылуы, түрік халқының асқан ерлігі, жол бастаушыларының парасаты мен көрегендігі арқасында алған бағытынан таймай отырғандығы атап көрсетілді. Сондай-ақ «Түркия туралы большевиктердің екі басылымы» деген мақалада Мәскеу большевиктерінің Түркияға байланысты ұстанып отырған екі жақты саясатын әшкерелейді. Оның бірі − Кеңес үкіметі Түркияны өзінің саяси мақсатына пайдаланбақшы деген пікір келтірсе, екіншісі − түрік төңкерісін бұрмалап, оның мән-мағынасын жоюға қызмет етеді дейді.

Мұстафа Шоқайды қандастарымыз, көптеген өзге түрік тектес ұлт өкілдері қоныс еткен Шығыс Түркістан мәселесі де бей-жай қалдырмаған. «Шығыс Түркістан мәселесі төңірегінде», «Қытайлар мен Кеңес үкіметінің Шығыс Түркістандағы достығы», «Шығыс Түркістан, сыртқы дүние және біздің міндеттеріміз» атты мақалаларда ол Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық күрестің барысы және оның сыртқы дүниемен байланысы, қарым-қатынасына арнайы тоқтап, Шығыс Түркістан халқының да, әлемнің басқа еркін, азат халықтары сияқты, өз тағдырын өзі айқындауын қалайды. Осы бір әділетті күресте көрсетіліп жатқан және көрсетілуі мүмкін кез келген көмекке шын жүректен ризашылығын танытады. Ал «Қытайлар мен Кеңес үкіметінің Шығыс Түркістандағы достығы» атты мақалада ол Шығыс Түркістан жөніндегі Қытай, Мәскеу саясатына тоқтала отырып, Мәскеудің бұл өлкенің тәуелсіздігін ешқашан көргісі келмейтінін, қайта «кеңестендіруге» ұмтылып отырғаны туралы жазады.

Саяси күрестің от-жалынында шыныққан, өмір жолында сан түрлі, сан мінезді саяси қайраткерлермен жолығып, кейде олардың кейбіреулерімен айтысқа да түскен Мұстафа Шоқайдың саяси тұлғалар туралы айтқан ойлары да маңызды. Өзінің қайтыс боларынан бес жыл бұрын жазылған «1936 жыл» деген мақаласындағы: «Жалпы ұлттың мүддесін жеке қожалықтар мен жеке топтардың мүддесінен жоғары қоя білген, өзінің белгілі бір түзімге белгілі бір себептермен қалыптасқан қатынасын, оған тәуелділігін жалпы ұлт мүддесі тұрғысына сәйкес, ұлттың жалпы жағдайына үйлесетін түзім жолында құрбан ете білген адамдар ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметші бола алады», − деген-ді. Бұл сөзді Мұстафа Шоқайдың өзіне арнауға да әбден болады. Сондай-ақ оның ойынша, саяси тұлғаға аса қажет қасиет − үміт, сенім, иман тәрізді рухани-моральдық, факторлармен бірге, білімнің өзара тығыз бірлігі. Жеңіске жету үшін осы аталған қасиеттермен қатар білім қуаты қажет. Осыларды игеріп қана ұлт азаттығы жолында жұдырықтай жұмылуға болады. Сонымен катар Мұстафа ұлт азаттығының басы-қасында жүрген саяси жетекшілерді қорғап қана қоймай, олардың беделін арттыруға күш салудың қажеттігін айтатын. Өйткені ұлттың тәуелсіздігі жолындағы күрескерлерге отаршыл мемлекеттердің сан түрлі арандатушылық әрекеттері болуы мүмкін.

«Біз саяси қайраткерлерді оның ұрандарына қарап емес, іс-қимылдарына қарап бағалаймыз», - деп өзі айтқандай, ұлы күрескердің сонау лицейдегі оқушы және Петербордағы студенттік кездері, одан кейінгі саналы да сан салалы, қиын да күрделі күрескерлік жолы, кейін жат жерде де қайғы мен қасіретті аз тартпаған, алайда бір сәт толастамаған арпалысқа толы жалынды өмірі бұған бұлтартпас дәлел. Мария Шоқай: «Халқының келешегі мен тыныштығы үшін еш аянбайтын, титтей қоспасы жоқ демократ, − деп келіп, − Саясатта да ол намысқой әрі жанға жақын болуы арқылы адамдардың жүрегіне жол табатын. Пікірталаста қызуқандылау еді. Бірақ өз пікірін дәлелдеуде қарсыласының намысына тиюден аулақ болатын. Көзқарас жиегі кең, өзінің ойын еркін жеткізетін және айтқан пікірінің тыңдаушыға ұнаған-ұнамағанына мән бермейтін. Мұстафа тар ауқымды ұлтшылдықтың дұшпаны еді. Ол бүкіл Түркістан ұлттарының бірігуі жолындағы күрескер еді», − деп жазды. 13

Мұстафа Шоқайдың өз халқының тәуелсіздігі мен азаттығын, отаршылық тағдыр кешіп отырған басқа да түрік тектес ұлттардың қамын ойлаған өшпес идеялары мен ой-пікірлерін қысқаша жинақтай келе, мынадай тағылымды ойларға тағы да арнайы тоқтала кетейік. Құдайға шүкір, егеменді ел болып, тәуелсіз мемлекетімізді құрдық. Осыдан 70 жылдай бұрын айтылған: «Біз күл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз» деген сенім шындыққа айналып отыр.

Алайда кеңестік кезеңде жалғыз Коммунистік партияның ашса алақанында, жұмса жұдырығында болған халқымыздың жоғалтқаны да көп-ақ. Аса аяныштысы − 1937-1938 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырып, халқымыздың жүздеген ардақтыларының атылып кеткендігі. Сонан соң Кеңес үкіметінің табиғатында ұлттық мәселе құндылыққа жатпайтын еді. Сөйтіп Мұстафа Шоқайдың: «Ұлтшылдық идеясы − халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да өмір сүреді», - деген асыл сөзі кешегі кеңестік кезеңде ұмыт болды. Соның нәтижесінде ұлтымыз үшін бүгін де, ертең де аса бір зиянды нәрсе − ол халқымыздың белгілі бөлігіндегі орнығып қалған ұлтсыздық санасы. Кешегі Ұлы Отан соғысының айбынды қаһарманы, ұлтымыздың қас батыры Бауыржан Момышұлының: «Біз кім едік, кімбіз, кім боламыз?» деген сұрақтары әлі күнге жауапсыз қалып бара жатқан жоқ па? Тіпті өзінің қазақ екенін ұмытып бара жатқандар бар емес пе? Қазақпын деп мақтануды ар көретін, қазақтың тілінде сөйлеуді масқаралық көретіндер қайдан шығып отыр? «Балаларының көбі не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөре-шөре бірдеме болып өсіп жатқанын неге көрмейсіңдер» дегені кеңестік шындық болғанымен, дінімізден шошыну, ділімізден айрылу, тілімізден жеру қазіргі күні де өткір мәселе болып отыр. Осыдан алпыс екі жыл бұрын айтылған Баукеңнің жан-айқайы бүгін де ерекше естіліп тұрғанын айта кетсек артық емес.

Мұстафа Шоқай — ез халқына деген шексіз сүйіспеншілігі мен айрықша адалдығын өз өмірінде, күрес үстінде сан рет дәлелдеген аяулы тұлға. Ол тар шеңбердегі ұлтжандылыққа еш уақытта бой алдырмаған, «ру, ұлыстарға бөліп», халықтың ішіне іріткі салатын психологиядан өзін әркез алшақ ұстаған. Ел ішіндегі бірлігіміз бен ынтымағымызды арттыра түсу бүгінгі Қазақстан жағдайында да айрықша мәнді болып отыр. Сондай-ақ, үлкенді-кіші көршілерімізбен тату-тәтті өмір сүріп, екі жаққа тиімді қарым-қатынас жасау да сыртқы саясатымыздағы маңызды сала. Мұны Орталық Азия аймағында тұратын халықтардың барлығы тереңірек түсініп жатса, келешегіміз бұдан да жарқырай түсер еді.

Алда Мұстафа Шоқайдың мол мұрасын әлі де жинақтап, жүйелі зерттей отырып, оны ұлт игілігіне айналдыру, жаңа қоғам құрып жатқан белсенді іс-әрекетімізде ұтымды пайдалана білу − біздің парызымыз әрі қарызымыз. Өйткені Мұстафа Шоқайдың есімі қоғамымыз демократиялық ұстанымда ілгері жылжыған сайын шамшырақтай жарқырап, халқына кызмет етіп, оның жер бетінде қазақ барда мәңгі өлмейтін саяси идеялары мен ой-пікірлері бүгінімізді байытып, келешегімізді кемелдендіре түсері сөзсіз.

Бүкіл түркі әлемінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың еліміздің бүгінгі болашағына сіңірген теңдессіз жанқиярлық еңбегі, жалынды публицист, тамаша тарихшы, заңгер-ғалым, халықаралық саяси күрескер ретіндегі қаламынан туған асыл мұралары әлі де арнайы зерттеле түсетініне, олар жөнінде әлі талай еңбектер жазылатынына сенім мол. Тарих қойнауына кеткен, әлі сырын аша қоймаған жаңа мұралар ортамызға оралар. Бізге әзір мәлім емес жаңа қырлар, соны сырлар ашыла түсер.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саясаттану ғылымдарының докторы

Бөлісу:

Көп оқылғандар