Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
Т.Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағының рецептивтік э...

13.04.2025 664

Т.Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағының рецептивтік эстетикасы 6+

Т.Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағының рецептивтік эстетикасы - adebiportal.kz

Әріде халық ауыз әдебиетінен, беріде әйгілі Ы.Алтынсариннің балаларға арналған жазба әңгіме, ертегі, аудармаларынан бастау алған қазақ балалар әдебиеті бір ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз дамып келе жатқаны белгілі. 


Ы.Алтынсарин дәстүрін жалғастырған С.Көбеев, С.Дөнентаев, Ө.Тұрманжанов, Т.Жароков, С.Бегалин, С.Омаров сынды сөз шеберлерінің туындылары кезінде өз оқырмандарына кеңінен танымал болса, 1950-1980 жылдардарда үздік туындылар беріп, балалар әдебиетінің шоқ жұлдызына айналған әйгілі Б.Соқпақбаев үрдісі М.Әлімбаев, Ш.Смаханұлы, Т.Молдағалиев, С.Мұратбеков, Қ.Мырза Әли, Н.Дәутаев, Т.Әбдірайым, Қ.Түменбаев, Б.Қошым-Ноғай, Н.Ақыш, C.Досжанова, Ж. Сахиев, С.Нұғыман сынды ақын-жазушылар шығармашылығында жалғасын тауып, бүгінгі Ә.Байбол, Е.Тоқтарбай, Б.Сарыбай, С.Қамшыгер, А.Елгезектен Е.Солтанаеваға дейінгі жастар қаламымен жаңғырып, жаңашыл бағытта дамып келеді деуге болады.

Зерттеушілер балалар әдебиетінің даму кезеңдеріне сәйкес олардың өкілдерін шартты түрде топтастырғанымен, кейбір таңдаулы шығармалардың қайта басылып, жариялану құбылысы оқырман сұранысына әрі жаңа уақыт талаптарына байланысты заңдылық болса керек. Әрине, бұл сипат бүгінде әйгілі Б.Соқпақбаевтан бастап, атышулы ақын-жазушыларға ғана емес, қазіргі оқырман сұранысына ылайықты шығармалардың қай-қайсына да тиеселі деуге болады. Дегенмен, балалар әдебиетінің өсіп-өркендеуіне белсенді араласып, басы-бүтін беріліп, ғұмырын арнап, құнды да құнарлы шығармалар тудырған шығармашылық тұлғалардың балалар әдебиетіндегі орны өзгеше екені анық. Себебі, балаларға арнап шығарма жазудың қиындығы туралы толғамдар аз емес. Соның бірі ежелден айтылып келе жатқан қағида балалардың ой-санасына ылайықтап жазу, олардың талап-талғамына сай және танымын байытатындай ылғи соны шығарма жазып отыру болған болса, қазіргі екі жастағы бала гаджетке үңілген ғаламтор заманында балалар әдебиетіне арнап қалам тартудың қиындығын ойласақ та жеткілікті. Соған қарамастан, кеше де, бүгін де балалар әдебиетінің басты міндеті көз нұрымыздай жас өреннен ертеңгі еліміздің тұтқасы, тірегі болатын білімді, рухы биік, ұлтжанды азаматты тәрбиелеу және оның эстетикалық талғамын қалыптастыру екені белгілі. Әрине, бұл оңай іс емес. Бүгінгі жаһандану кезеңінде балалар әдебиетінің басты міндеті ортақ болғанмен, ізденісі «инемен құдық қазғандай» болатыны даусыз. Қаламгердің бұндай азапты еңбегінің нәтижесі жаңашылдыққа ұмтылу болса керек. Демек, қазіргі қаламгерлеріміздің де заманындағы Бердібекше жазудың жаңаша бағытына бет түзеп келе жатқанын жоққа шығаруға болмас.

Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Толымбек Әбдірайым балаларға арналған «Оқсыз мылтық» әңгімесін он бес жасында, ересек адамдарға арналған «Әке» әңгімесін жиырма жасында жазады. Т.Әбдірайымның «Елегізу» атты әңгімесі жас талап жазушылардың «Арман қанатында» жинағында («Жалын» баспасы, 1988) жарық көреді. «Еркешора» атты тұңғыш жинағы («Балауса» баспасы, 1996), «Әуелеп ұшқан тырналар» («Балауса» баспасы, 2002), «Жалқаулыққа кім үйір» («Баур» баспасы, 2008), «Алабұға аулаған күн» («Балалар әдебиеті» баспасы, 2012), «Аққоянның үйшігі» («Ғалам» баспасы, 2006), «Ағыл-тегіл» («Арда +7» баспасы, 2014), орыс тілінде жарық көрген «Летят журавли» («Балалар әдебиеті» баспасы, 2017), «Бұралаң жол» («Фолиант» баспасы, Астана, 2015), «Дала әуені» («Атамұра» баспасы, Алматы, 2015), «Тағдыр сыйы» (ЖШС РПБК «Дәуір» баспасы, Алматы, 2019), үлкендерге арналған «Түнгі жол» («Керемет Медиа» баспасы, Алматы, 2024) атты шығармалары оқырмандарға танымал деуге болады. Жазушының жинақтарының барлығы дерлік мемлекеттік тапсырыспен жарық көріпті. Жастайынан қолына қалам алған қаламгер 150-ден астам әңгіме, 30-дан астам ертегі, 5 повесть жазады. Мен Толымбек Әбдірайымның балаларға арналған әңгімелер, ертегілер, хикаяттар топтастырылған «Ақ кептер» аталатын жинағын қолыма алғанда, бұл шығарманың негізгі оқырманы - балалар екенін ойға алдым. Дегенмен, балалар шығармадан алған әсерін эмоциямен білдіреді немесе оған берер бағасын баяндаумен ғана шектелетіндігі белгілі. Сондықтан, Т.Әбдірайымның «Ақ кептер» аталатын кітабын оқып шыққаннан кейінгі ой-пікірімізді көп зерттеліп-зерделене қоймаған, алайда қазақ әдебиеттануында А. Байтұрсыновтан (Абайдың қара сөздері туралы оқырман жайын айтқаны бар) бастау алып, қазіргі З. Ахметов, Р. Нұрғали, Б. Майтанов, Ж. Дәдебаев, Ш. Ыбыраев, Т. Есембеков, Қ. Әбдезұлы, Қ. Мәдібай, Г. Пірәлі сынды ғалымдардың және орыс, шетел ғалымдарының еңбектерінде зерделенген рецептивтік эстетика ілімі (оқырман эстетикасы) бағытында тұжырымдауға тырысамыз. Бұл ілімнің негіздеріне сүйенсек, автор мен оқырман арасындағы үзілмес қарым-қатынасты көреміз. Бұл байланыстың негізгі орталығы – оқырман. Себебі, қандайда бір шығармашыл тұлға өзінің туындысын көпшілік оқырманға арнап жазатыны, сол ойдағы оқырманның немесе нақты оқырманның (сыншы, рецепиент) талаптарын, мүддесін ескеретіні анық. Ал, оқырман да көркем туындының жетістіктері мен кемшіліктерін терең талқылап, құндылықтарын саралап, әділ бағалауға мүдделі. Оқырманның талқы-талдаулары, туындыға берген шынайы бағасы шығармашылық өкілдерін ынталандыратыны рас. 

Орыстың көрнекті әдебиет теоретигі В.Е.Хализев көркем туындыға оқырманның қатысуы, шығарма мен оқырман қарым-қатынасы туралы әлем әдебиеттануындағы тұжырымдарды жүйелеп, автордың өз оқырманы туралы әрдайым толғанатынын, сондықтан шығармада оқырман образының болуы көркемдіктің бір қыры екенін пайымдайды. Әрине, шығарманың бағалануы, құндылықтарының танылуы оқырман талғамына байланысты екені белгілі. Кейбір оқырмандар белгілі бір мақсатпен шығармаларды іздеп жүріп оқыса, кейбірі қолына түскен кітапты оқиды. Жалпы, оқырман әрқилы болады. Жазушы шығармасын замандастарына, өз уақытының адамдарына арнап жазады. В. Е. Хализев түптеп келгенде, рецептивтік эстетика ілімін 1970-жылдары осы бағыттың жетекші өкілдері неміс ғалымдары Ханс-Роберт Яусс пен Вольфганг Изер қалыптастырғанын пайымдайды. В. Е. Хализев пікіріне сүйенсек, Х.-Р. Яусс оқырмандық орта жазушыдан қалыпты ескіні бұзуды, әдеби шығармадан гедонистік қанағат алуды, таңқалдыратын эмоцияны, ақыл үйренуді, жақсы таныс ақиқатты ашуды, ойөрісін кеңітуді, қиял әлеміне батуды, автордың рухани әлеміне ену арқылы эстетикалық ләззат алуды күтетіндігін дәйектейді. Ал, В. Изердің пікірінше, мәтін құрамы жазылған және жазылмаған бос орындардан (пробелы) тұрады. Рецепиент шығарманы оқи бастағанда оның сюжетінен хабардар бола бастайды, демек шығарма оқырман санасында белгілі бір күтуді, «күту көкжиегін» («горизонт ожидания») туғызады. Алайда, оқырманның күткені бола бермейді, жалпы шығарма мәтіні «күтпеген бұрылыстар» мен «алданған күтуге толы» болады. Оқырман күтпеген «бұл бұрылыстар» - көркем мәтіндегі жазылмаған бұл бос орындар нақты оқырманның (рецепиенттің) қатысуын, талқылауын талап етеді. Әрине, білім-білігі, тәжірибесі әртүрлі оқырмандар мәтіндегі бұл жазылмаған бос орындарды әртүрлі толтырады, баяндау барысындағы оқиғаны жаңа қырынан таниды. Шығарманы қайталап оқитын оқырманның жөні бөлек болса керек. Шығарма мен оның оқырманы арасындағы диалог туралы бұл ілім (немесе оқырман эстетикасы) бойынша ортаға автор емес, оның оқырманы (адресаты) қойылады. Зерттеушілердің пікірінше, шығармаға мәтініне оқырман жасырын қатысады, сондықтан оны жасырын оқырман (имплицитті оқырман) десе болады. Жасырын оқырман шығарма мәтіні ішінде (шығармаға имманентті) болады. Зерттеушілер автордың оқырманға әсер ету қуатына ерекше мән береді. Әсер ету әлеуеті негізінде шығарма мен оны қабылдаушы оқырман арасындағы қарым-қатынас келіспеушілік (апелляция) сипатында болады. Біздің Т. Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағы туралы мақаламызда оқырман эстетикасы туралы ғылыми байлам-тұжырымдарға азды-көпті тоқталу себебіміз, қазіргі заман оқырмандарына (қандай оқырман болса да: қарапайым оқырман, кәсіби оқырман, сыншы) оның әдебиеттің дамуына қосар үлесі, оқырмандық мәртебесі бар екенін ескерту ғана. 

Әдетте, көркем шығарманың аталымы, жанры, жалпы сыртқы композициясы оқырман назарын аударады. Шығарманың аталымы оның мазмұндық пішінімен үндесетіндіктен, оқырманға сыр алдыртады. Т. Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағына аттас «Ақ кептер» әңгімесінен сөз бастайық. Әңгімедегі фабуласы (оқиға реті) мынадай: анасымен бірге орталық базарға бара жатқан Абзал атты бала үй бұрышында қанаты сынған қорғансыз құсты көріп, алып кетпек болады. Анасы құстың ауру болуы мүмкін екендігін, өздерінің асығыс екендігін айтқанымен, баласының құсқа көмектескісі келгенін байқап, келіседі. Уақыттарын бөліп, құсты жануарлар емханасына әкеледі. Баланың құсқа мейірленуін көріп, уайымын байқап анасы да, дәрігер де құстың жазылатынын айтады. Абзал құсты үйіне әкеліп, жылы балконда қорек беріп, күтіп-бағады. Бірте-бірте әлденген құс ұшуға даярланады. Бала қуанышын атасына жеткізеді. Атасы немересінің құсқа жасаған қамқорлығын ерекше ескеріп, оған батасын береді. Әңгіме: «Ертеңінде Абзал балконға шыққанда, ашық терезе жақтауында отырған кептер қанатын жазып пыр-р етіп ұша жөнелді...»,-деп аяқталады. Автор баланың жаралы құсты көрген сәтін: «...Біреуден жәбір көрген сияқты. Ары-бері өткен адамдардан мейірім күткендей жәудірей қарайды» деп суреттегенімен, автор мен кейіпкердің ой-сезімдері бір деңгейде тоғысып, қос үнді сөз үлгісі лаконизмге құрылғанын байыптаймыз. Осындай ықшамдылық: «Жайшылықта ұша жөнелетін кептер қозғалмайды. Жуас. Монтаны»,-деген сөйлемдерге де тән. Бұл келтірілген үзілімдерде ой мен сезімнің нақтылығы, шынайылығының өзі әсерлі. Дегенмен, «жуас» деген сын есімнің антонимі «асау» екенін ескерсек, құсты мінездеуге келе қояр ма екен? Баланың табиғат әлеміне жақындығы-оның жанының тазалығы. Қай елдің көркемөнерінде де ақ көгершін (ақ кептер) адалдықтың, бейбітшіліктің символы екені белгілі. Жазушы Толымбек Әбдірайым бұл әңгімесінде этникалық ерекшеліктерге мән береді. Мәселен, қаланың басқа тұрғындары сияқты емес, қазақ анасы құсты алуға бірден келісе қоймайды, «ауру болмасын» деп баланы сақтандырады, бірақ баласының көңілін қимайды. Ал, атасы немересіне:« Әрине, ол ұшуы тиіс! Өйткені, Алла Тағала құсқа көкте самғау үшін қанат берген. Оның жазылуына, қатарға қосылуына сен көп еңбек еттің!Тәңір жарылқасын! Күні ертең сен де ержетіп, ғылым көгінде қалықтайтын боласың. Еліміздің елеулі азаматы атанасың»,-деп имандылық жолымен ризашылық білдіреді.

Жазушының «Құстың ұясы» атты әңгімесі «Ақ кептер» әңгімесімен мазмұндас деуге болады. Шығарма шағын сюжетке құрылғанымен, кейіпкерлердің қарым-қатынасынан көзге түсердей драматизм жоқ, дегенмен драматизм кейіпкерлердің табиғи мінез-құлқының әрқилылығынан өрбиді деуге болады.

Жинақтағы «Көктем шуағы» аталатын әңгіме: «Түстен бері сырғанақ теуіп, қар атысып ойнаған балалар қас қарая үйді-үйіне тарасты» дейтін сөйлемнен басталады. Балалар әдебиетінің оқырманы-балалар. Сондықтан, автордың шығармасына ең алдымен, балалар көзімен қараған жөн болса керек. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл әңгіменің бірінші сөйлемі қарапайым, табиғи болғанмен, ойын баласының өзіне таныс іс-әрекетінен хабар береді. Балалардың қиялы тым ұшқыр екені белгілі. Осы бірінші сөйлемнен-ақ бала өз бейнесін көреді. Әрі қарай оқуға ынталанады. Міне, рецептивтік эстетикада да шығарманың бастапқы сөйлемінің оқырманды жетелей алуының мәні де ескеріледі. Аталмыш әңгіме кейіпкерлерінің әлгі іс-әрекеті ауылда өскен қазақ баласына да, қала баласына да таныс жағдай демеске болмас. Ал, қаладағы осы күнгі қазақ баласының «қас қараю» деген сөзді ұға қоюы қиындау болғанмен, автор тосын тіркесті қолдану арқылы кішкентай оқырманының сөздік қорын ғана емес, уақыт өлшеміне қатысты танымын байытуды көздейді. Біз осы тұста көркем шығарманы қабылдау эстетикасында оқырман атаулының бірнеше түрге жіктелетінін айта кетуді жөн көреміз. Рецептивтік эстетикада оқырмандарды нақты (потенциалды) оқырман немесе рецепиент, қиялдағы (адресат) оқырман, реалды (шынайы) оқырман, қарапайым оқырман, кейде шығармаға тікелей қатысушы оқырман деп те түрлерге бөлінеді. Ал, балаларға арналған шығарманың оқырманын шартты түрде қарапайым оқырман деуге болады. Бірақ, балалар жазушысы шығармашылық үдерісте балалардың ғана сұранысын ғана емес, адресаттың немесе қалың оқырманның мүддесін ескеретіндігін жоққа шығаруға болмас. 

Аталған әңгімеде автор оқырманына табиғат заңдылығын аққалалардың диалогы, әрекеттері арқылы бейнелеп жеткізеді, табиғат құбылыстары жайлы танымын кеңейтеді. Жас оқырманын елең еткізері анық. «Көктем шуағы» аталатын әңгімесінің жанрлық ерекшелігі бірден көз сүріндіреді. Әңгіме сюжеті де, сөйлем құрылымы да ықшам, кейіпкерлері санаулы ғана. Әңгіме жанрына тән детальдың ойға қонымдылығы, аллегория тәсілі жас оқырманның эмоциясына әсер етпей қоймайды.

Ал, «Қарақшыдан қашқан «батырлар» әңгімесінің де сюжеті тартымды. Десек те, бұл әңгіменінің сюжеті көркем туындыларда бұрыннан бар «бақшаға түсу» мотиві негізінде автор тарапынан өзгеше өрілген дәстүр жалғастығы немесе тырнақшаға алынбайтын реминисценция сипатында тануға болады. «Дала жидегін тереміз деп маса, бүргеге таланған балаларға «ұзын бойлы, қысық көз» бала Тұрап: -«Бүйтіп терген жидегі бар болсын», -дейді. Жанат атты бала үйге құр қол қайтқысы келмей, жидек теруді жалғастыра берсе, кітапты көп оқитын, қиялшыл Мақсат өзі Қайыркен атаның үйіне апасына еріп барғанда, атайдың неше алуан жеміс өскен бақшасын көріп, «аузы ашылып, көзі тұнғанын», Қайыркен атайдың кемпірі сараңдау екенін, мол жемістің бір талынан да дәм татырмағанын» айтып, балалардың аузын ашырады. –Ұрлық қой ол!..Қайыркен ата далада ұйықтайды деп естігем»,-дейді балалардың бірі». Автор ремарка бермегенмен, бұл әлгі жидек тергіш еңбекқор Жанат болса керек. Мақсат: -Анығын білейік... Жалпы, мен қарсы емеспін. Қап қараңғы түн. Бас бағып бақшаға барамыз...Дәмді шиеге, қарақат пен қызылқатқа мелдектей тоямыз. Құдды кинодағыдай...». Қиялшыл Мақсатты еліккіш Тұрап қолдайды. «Бет жүздерін тұмшалап алған» балалар «мысықтабандап алға жылжыды». Жемістерді үзе бастайды. «–Ойбай! -деп Тұрап баж етеді.- Әне, келіп қалды!»,- дейді. «Қорыққанға қос көрінеді» деген. Ұзын бойлы біреу тұп-тура қарсы жүріп келеді.Сол жақ бүйірден тағы бір сұлба қараң етті». Балалар естері шығып, тым-тырақай қашады. «Бұларды шошытқан атайдың бақшасындағы «ағаштан жасап, киім кигізіп, бақшаның әр жеріне тұрғызып қойған адам пошымдас бейнелері болатын»,- дейді автор. Жалпы психологтар баланың мінез-құлқы, тәлім-тәрбиесі үш-бес жас аралығында қалыптасатынын болжайды. Автор балалардың сырт келбетін де, өзара сөйлесулерін, ым-ишараттарын, «ұрлық» үстіндегі іс-қимылдарын бейнелеу арқылы олардың мінез-құлықтарының әрқилы екенін (Тұраптың аңғал, еліккіштігін, кітапқұмар Мақсаттың қиялшылдығын, Жанаттың еңбекқорлығын, үнемшілдігін) танытады.

Шығарма мәтінінен оқырман автордың образын ғана танып қоймайды, оның рухын, ділін сезініп, мәтіндегі сөздердің тілдік, эмотивті мағынасын түсінуі қажет. Мәселен: «Балалар еңбектеп, межелі жерге мысықтабандап ақырын жылжыды»,-деген сөйлемдегі «еңбектеп», «мысықтабандап» деген қимыл-сын етістіктерінің синонимдік қатары оқырман тілін дамытып қана қоймай, олардың бейнелілігінің әсер ету әлеуеті де бар. Әңгіме соңында автор: «Сендер қалай ойлайсыңдар, балалар? Ұрлық жасаған дұрыс па?»,- деп жас оқырмандарына ашық қайрылады. Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел» дегеніндей ғой. Бұл да көркем әдебиетте ертеден қалыптасқан дәстүр екен. Тіпті, зерттеуші В.Шмидтің айтуынша, атақты М.Ф.Достоевский шығармаларында оқырмандарымен ұрсысқан да болса керек.

Ы.Алтынсариннің «Таза бұлақ» әңгімесімен аттас әңгімесінің құрылымы да шағын, жинақы. Жуық жылдарда ғана ел басынан өткен короновирус індетінің зардабынан үйден шыға алмай қалған балалардың сабақты онлайн оқуға, тіпті бос уақытында кітап оқуға әдеттенбеген балалардың кітап оқуға мәжбүр болғаны өмірлік шындық еді. Бір отбасындағы үш баланың ересектері Жандос пен Ақбота онлайн сабақтарын ынталана оқыса, ең кішісі Нұржан тағатсызданып, үйге кіріп-шығумен болады. Оған анасы да кейиді. Дегенмен, Нұржан Ақбота берген Б. Соқпақбаевтың, Б. Момышұлының кітаптарын құмарта оқыған болатын. Жандос далаға шығып, таза ауа жұтып, ойнағысы келген інісіне сыртқа шығудың қауіпті екенін, індеттің ауамен таралатынын ескертеді. Сонда Нұржан: «-Соқ өтірікті! Сонда коронавирустың қанаты бар ма ұшатын!»,-дейді. Балалардың қиялы өткір деп осындайда айтса керек. Вирусқа қанат бітіріп, мысқылмен сөйлеуі, сөзін шешендік сауалға құруы кейіпкерді ауыз әдебиетіндегі сөзге тапқыр «тазша бала» қатарынан танытқандай. Кенже ұл алдана қояр емес. Өткен жолы оқыған кітаптар ұнағанын білетін Ақбота Нұржанды тыныштандырмақ болып, оған Ы. Алтынсариннің «Таза бұлағын» ұстатады. Шынында, алдында кітап оқудың дәмін алған бала қарсы болмайды. «Нұржанды жып-жинақы, мөлтек әңгіме тарта жөнеледі...(қысқартқан-біз). Қалай кітапқұмар болып кеткенін өзі де білмей қалды», - деп жазады автор. Расында, қазіргі заманда балаларды ана тілінде кітап оқуға қызықтыру үлкен мәселеге айналып отырғаны белгілі. Кітап оқуға мойны жар бермейтін баланы қалай қызықтыруға болады? Әңгіменің сюжет желісінде осы сауалға жауап бар: балаға жақсы кітап ұсыну қажет. Баланың танымын кеңейтетін, таңғалдыратын кітап қана оны баурай алады. Осы тұста, рецептивтік эстетика тілімен айтсақ, шығарма мен оқырман арасындағы «эстетикалық дистанция» жақын болмағаны жөн. Зерттеушілердің пікірінше, шығарма мен оқырман қарым-қатынасындағы «эстетикалық дистанция» ұғымының мәніне тоқталатын болсақ, егер шығарма өте қарапайым болса, оқырманға бұрыннан таныс жайларды талғамсыз баяндаудан аса алмаса, көркем мәтін мен оқырман арасындағы дистанция жақын болады. Бұндай шығарма оқырманды жалықтырады.

Әңгімеде Ы.Алтынсаринен алынған ғибратты ойлар бөгде мәтін қызметін атқарып, автор идеясын толықтыра түсуге септігін тигізеді. Шынында, аталымы интермәтіндік сипатқа ие Т.Әбдірайымның бұл әңгімесінің өмірлік шындыққа негізделуі, өз уақытымен үндесуі, деталь арқылы ықшам суреттеу, балалар психологиясының баяндаудың монолог, диалог тәсілдері арқылы шынайы да дәл бейнелеуі жазушы қаламының шеберлігі демеске болмайды. 

 Оқырман эстетикасы мәселесін жазушының «Құтжол» әңгімесі мысалында алып қарайықшы. Балалар көңілінің табиғатқа жақындығы анасына жақындығындай десе болады. Автордың «Құтжол» әңгімесі анималистік сипатымен ерекшеленеді. Әңгіменің негізгі персонаждары - ит пен бала. Адам мен иттің достығы- әлемдік әдебиет пен көркемөнерде бейнеленген дәстүрлі тақырыптардың бірі. Әдетте, ұл балалар ит асырауға әуес болады. Ежелден ата-бабаларымыз итті «жеті қазынаның бірі» деп санағаны белгілі. Әңгіменің кейіпкері - кішкентай «ақсары ұл», мектеп оқушысы-Жәнібек. Бір қызығы, жазушы әңгімелерінің көпшілігінде ұл балалардың сыртқы кейпін суреттегенде, әрдайым ақсары деген анықтауышты қолданады. Бұл да бір жазушының қала баласын бейнелеудегі өзіндік ұстанымы шығар деген ойдамыз. Әңгіме сюжеті мектептен оралған кішкентай Жәнібектің «тік құлақ көк күшігі» Құтжолмен тілдесуінен басталады: «-Білесің бе, Құтжол? Бүгін бар ғой, соңғы сабақта уақыт тіптен өтпей қойды. Қарным да ашты. Түскі асымды шала пұла асығып ішіп едім. Әрі сенімен ойнағым келді. Содан да үйге асықтым. Көк күшік шоқиып отырды. Құдды кішкентай қожайынды бірінші рет көргендей көздері мөлдіреп тесіле үңіледі». Жазушының баланың басқа ешкімге айтпайтын ішкі көңіл-күйін көк күшігіне айтуын, күшіктің оның әңгімесін түсінгендей қалып танытуын шынайы бейнелеуі оқырманын енжар қалдырмайды:«Осы оқиғаның әсері ме, қайдам,сен соғалып кетсең не істеймін деген ой миымнан шығар емес. Біз сені шынжырлап қойдық. Олай еткеніміз жөн емес! Әсілі, байлау, тұқыртып ұстау, азаттықтан айыру қиын ғой! Сен оған ренжіме, жарай ма?!» - дейді. Жәнібек иті жоғалған сыныптасын іштей түсініп, бір сәтте өзін оның орнына қойғандай әсерде болып, жылап та алады: «Баланың жұдырықтай жүрегі алабөтен соғып, көздерінен аққан жас бетіне домалап-домалап түсті... көк күшік қабағын түйіп, басын шайқағандай көрінді Жәнібекке (қысқартқан-біз). –Түсіндім... Көзімнің жасын сүртейін. Енді жыламаймын». Жазушы кейіпкерін сөйлету арқылы бала жанының әсершілдігін суреттеп қана қоймай, қосалқы эпизод беру арқылы әңгіме сюжетін соза түседі. Үш беттік шағын әңгімеде сюжеттің бей-берекеттігі (контоминациясы) де көзге түседі. Себебі, әңгіменің келесі бөлігі ретроспекция іспетті. Жәнібекке әкесінің екі жыл бұрын күшікті әкеліп беруі, атын қоюды баланың өзіне тапсыруы, Жәнібектің күшікке есім бергенде атасымен кеңесіп, атасы Жәнібектің әкесінің қысы-жазы алыс сапарларға жол жүретінін, жолы құтты болуын ырымдап «Құтжол» деп атауды ұйғарғанын әке-бала-ата арасындағы диалогтарда кестелейді. Жәнібекке атасы ырым дегеннің «ақ жол, жақсылық тілеу» екенін ұқтырады. 

«Жамандық айтып келе ме?!»,-деп автор кішкентай кейіпкерінің қайғысына ортақтасқандай болады. Жәнібектің әкесі «қоңыр күздің жаңбырлы бір күнінде жол апатынан қайтыс болады». Өмірдің ақ-қарасы қатар жүретіні ақиқат емес пе?! Ырымға бала көңілі риясыз сенген... Автор баланың күйінішін, қайғы-шерін интуитивті бейнелейді. Бала жаназада атасының ауыр күрсінгенін, анасының көз жасын бұлағанын көрген. «Әкең тағы да алыс қалаға кетті», - деді анасы. Жәнібек сенген жоқ. Өтірік айтасың деп те кінәлаған жоқ. Ақиқатында бала әкесін сағынатын. Кейде оңаша кетіп жылап алатын. Бірақ, атасына да, анасына да көз жасын көрсетпейтін. Әке қазасы қаршадай ұлды есейтіп жіберді». Баланың жан жарасын бейнелейтін ретроспекция (еске түсіру) ортақ төл сөз үлгісінде ұтымды пішінделеді: «Әкесі балажан еді. Бұның кішкентай кезінде алыс сапардан үйге оралғанда, пультпен басқарылатын мәшинелардің, ойыншықтардың неше түрін әкелетін. Үй тіршілігінен қолы босай қалса, Жәнібекті ертіп қала орталығындағы демалыс бағына тартатын... Ал түнде ұйықтар алдында әкесі әңгімелеген қиял-ғажайып ертегілері шытырман, қызықты оқиғаларға толы болатын». Сөйлемдердің өткен шақ есімшенің -атын, -етін жалғаулы баяндауышына аяқталып отыруы баланың өткен күндерге сағынышын көсейді. Авторлық рай да баланың сезімі, ой-санасымен деңгейлес қалып тапқан. Әңгіме сюжеті шиеленісе түседі. Бір күні мектептен келген бала Құтжолды таппай қалады. Отбасы түгел уайымдайды. Бұрынғыдай әсершіл емес, тағдырдың талқысымен қатайып қалған Жәнібек күшігін табудың барлық әрекетін жасайды. Бір күні түсінде әкесін көреді. Әкесі күшіктің үй алдында жатқанын білдіреді. Ұйқыдан ояна кеткен бала «жүгіріп барып, қақпаны ашса, алдында Құтжол тұр!». Әңгіме оң шешіммен аяқталады. Жазушы баланың әкесіне деген сағынышын, жан-жануарларға жанашырлығын, ізгі жүрегінің мұңын онейрикалық кеңістікте бейнелейді. 

Біз де автор мәтініндегі бос орындарды (пробелы) мүмкіндігімізше талқылауға тырыстық. Демек, әртүрлі оқырмандар шығарманы оқу нәтижесінде мәтіннен әртүрлі әсер алады және мәтінді мүмкіндігіне қарай әрқилы талқылайды. Осыны түсіндіру үшін В.Изер шығарма мәтіні орнына «жұлдызды аспанды» (аударған-біз) мысал етіп алады. Зерттеуші «жұлдызды аспанға» қарап тұрған екі адам болса, бірі «жұлдызды аспаннан» соқаны көрсе, екіншісі шөмішті көретінін пайымдайды. «Жұлдыздар» мәтінде тұрақты. Зерттеушінің «жұлдыздардың» мәтінде «тұрақтылығын» пайымдауынан, біз шығарма мәтініне автор енгізген мән мен мағынаның тұрақтылығын түсінеміз. Оқырман мәтінді қайталап оқыған сайын шығарма жаңа қырынан ашыла береді. Сөйтіп, оқырман мен мәтін арасында диалог орнайды. 

Жазушының «Қырық мың теңге» әңгімесіндегі негізгі проблематика қазіргі қазақ қоғамындағы шешімі күрделі тіл мәселесі деуге болады. Жазушы күрмеуі мол мәселені әңгіме жанрының ерекшелігіне сәйкес ықшам бейнелеуде диалог тәсілін қолданады. Әңгіме қалада тұратын Досымжан атты баланың орыс балабақшасына барған соң ана тілін ұмыта бастағаны, кейіннен атасының ұйғарымымен қазақ мектебіне баруы, алайда көп уақыт өтпей баланың мектептен көңілсіз қайтуы суреттеледі. «-Не болды, балам?-деп анасы жік-жаппар. – Ертеңнен бастап қазақ сыныбына бармаймын, - деді Досымжан. – Біреу тиісті ме?- Ешкім тиіскен жоқ. – Енді не болды? - Мұғалім апайдың қазақша сөздерін түсінбеймін.- Өкпең сол ғана ма?- Иә.» Әңгімеде осындай драматизмнің өрбуі урбанданудың салдарымен сабақтасып жатқаны танылады. Досымжан жұмысбасты ата-анасымен қаланың шетінде тұрады. Олардан бөле тұратын ата-әжесі немересінің тілі шұбарлануын уайымдайды, бірақ немересін қолдарына алуға мүмкіндігі шамалы. Анасы Досымжанға қазақша кітапты көбірек оқу қажеттігін айтады. Немересінің ренішін ести сала ата-әжесі келеді. Кішкентай немересін жанына балайтын атасы оны жігерлендіре тіл қатады: «-Оқу инемен құдық қазғандай. Оңай емес! Білім негізі бастауыш сыныпта қалыптасады.- Мұғалімнің көп сөздерін түсінбеймін.- Орыс сыныбына ауысам деген ойды ұмыт. Намыс қайда? Жігер қайда?... Сен өз ана тіліңді әлі-ақ меңгересің! Жай ғана меңгермейсің, үздік оқушы боласың!-Шын ба, ата!-Бірінші сыныпты үздік бітірсең, қырық мың теңге сыйлық беремін. Досымжан ойланды. Бақандай қырық мың теңге!- Келістім, -деді қуанып.-Мен оған велосипед сатып аламын». Атасының сенімі, жігерлі сөзі мен ынталандыру сыйлығы қанаттандырған бала көп ұзамай үздік оқушылар қатарына қосылады. Ықшам да өткір диалогтарға, детальдарға құрылған әңгіме өмір шындығымен шектесіп жатуымен әсерлі. Т. Әбдірайымның осы әңгіме іспеттес балаларды ана тілін анасындай, отанындай сүюге, оны терең білуге және оны қадір тұтуға баулиды. Ал, «Бес жүз теңге» әңгімесінде Әлішер және Айдос есімді екі бала көшедегі көктайғақтың салдарынан жолдан бұралаңдап шығып қалған қалалық «Камаз» машинасын көреді. Көмек жасауды ойластырады. Ауылда сондай үлкен машина айдайтын кісіге барып көмек сұрайды. Ол кісі келіп, «Камазды» жолға салады. Қалалық жүргізуші ойында ешбір есебі жоқ көмекші балаларға бес жүз теңгеден береді. Әңгіменің осындай негізгі фабуласы көркем баяндалады. Жазушының жинақтағы бір топ әңгімелері балалардың үлкендерге қайырымдылығын, өзінен кішілерге мейірімділігін, табиғатқа, жан-жануарларға қамқорлығын, әділеттілігін, шыншылдығын, әдептілігін, ұқыптылығын суреттеуге арналған. Әрине, бұндай әңгімелердің поэтикасы балаларға этикалық, эстетикалық тәрбие беруімен де ерекше құнды екені белгілі.

«Ұқыпты Үсен» әңгімесін алайық. Әңгіме: «Кішкентайынан ата-әжесінің бауырында өскен Үсен-ұқыпты бала. Қашан көрсеңіз, киімі тап-таза, мұнтаздай болып жүргені. Осындай тәрбиені көрген Үсен ұқыпты бала болып өседі. Бір күні мектептен шығып, күн ыстықта көлік аялдамасында келіп ересектерден аулақтап жерде тұрады. Екі үлкен ер адам тағатсызданып темекі шегіп тұрғанда, көлік келіп қалады да, әлгі үлкендер темекілерінің тұқылын толық сөндірмей лақтыра салады. «Толық сөнбеген шөп арасындағы тұқыл бықсып жатыр...Үсен жақындап барды да, аяғымен мыжып, таптап,еңкейіп жерден көтерді. Оны-мұны қоқыс тастайтын түбек іздеп еді, көзіне түсе қоймады». Алдыңғы сөйлемдегі «түбек» деген ментальдық мағынасы бар сөзді алайық. Түбек-бесіктің жабдығы. Жазушы көшеде тұратын қоқыс салатын жәшіктерді «түбек» дейді, қандай жарасымды атау. Жазушы қай әңгімесінде де оқырманының тілін дамытуды есте ұстайды.

Сонымен, әңгімедегі әлгі екі ер кісі де автобусқа іліне алмайды. Қайта темекі шекпекші болады. «Осы кезде олардың қасына тақап барған Үсен:-Мынау сіздердікі ме? Мен шөп арасынан жаңа тауып алдым,-деді.-Мына бала қайтеді, ей?! Кім нені лақтырмай жатыр?-Неге лақтырдыңыз?! Мен бәрін көріп тұрдым. Сөйтуге бола ма екен?! Тақылдап шынын айтқан баланың сауалына үлкендер жауап қайтарған жоқ...»,-деп автор қоғамдық ортадағы келеңсіздіктерді кішкентай баланың іс-әрекеті арқылы әшкерелейді. Қоғамдық көліктердің уақытынан кешігіп келуі, бірін-бірі баса-көктеп көлік есігіне жармасқан адамдар, амалсыз түсіп қалған екеудің арсыздығы, қоғамға деген немқұрайдылығы айналамыздағы таныс құбылыстар. «Көш жүре түзеледі» дегенді сылтау ететініміз де рас. Алайда, әр үйде өсіп жатқан ұрпақтарымызды ойлаймыз ба? Автор қазақтың қасиетті қарттарының имандылық, ұқыптылық туралы өсиеттерін әрбір қазақ баласы есте тұтса, артық болмас еді деген ой тарқатады.

Т.Әбдірайымның «Жұмбақтас», «Оқжетпес» сынды бір топ әңгімелерінде туған жер тарихы, оның сұлу табиғаты халық аңыздарымен сабақтастырыла суреттеледі. Автор жас оқырмандарын туған жерін, отанын сүюге, ұлтымыздың дәстүр-салттарын қадір тұтуға, ұлтжандылыққа үндейді.. Әңгіме ел аузындағы сан түрлі аңыздардың негізінде баяндалатын Жұмбақтас туралы ертегіден басталады. Себебі, автор ертегіні баяндау тізгінін кейіпкерінің (балаларына ертегі айтып отырған қарттың) қолына ұстатады. Баяндау теориясына сүйенер болсақ, әңгімеде кейіпкер авторға көмекші, баяндасушы (наррататор) ролін атқарады. Оқырман ертегіні баяндап отырған кейіпкер екенін әңгіменің соңына қарай берілген мынадай жолдардан аңғарады. Бір жағынан, әңгіме құрылымына енгізілген ертегі мәтінін интермәтін сипатында да, халық ауыз әдебиеті үлгісінде баяндалатын стилизация сипатында да тануға болады. Әңгіме ертегілік сарынмен басталып, ертегіше аяқталуы да автор шеберлігінің бір қыры болса керек. 

«Жұмбақтас» әңгімесі мен «Оқжетпес» әңгімесінің құрылымдарында типологиялық ортақ сипаттар мен ерекшеліктер де бар деуге болады. «Оқжетпес» әңгімесінің экспозициясында ата-әжесімен бірге Бурабайға демалуға келген Архат айналасындағы табиғаттың сұлулығына таңырқай қарайды. «Мұндай да сұлулық болады екен-ау! ... Әдемілігіне қарай бергісі келеді кісінің. Биік жартастың жоғарғы тұсындағы жақпар тастар қолмен қаланғандай бейне! Келесі бір қырына көз салсаң, ұйықтап жатқан сауырлы пілге де ұқсайды»,-дейтін пейзаждық суреттеу қосүнді сөз ( немесе бөгде сөз) сипатында өріледі. Табиғат тылсымына таңырқаған жанның рефлексиясы леп белгілері, эмфатикалық инверсия арқылы ықшам баяндалады. Бала атасынан Оқжетпес тауы жайлы айтып беруін сұрайды. Атасы әңгімесін атақты Сәкеннің Көкшетау жайлы өлеңінің бір шумағынан бастайды. Демек, перцептуальді уақыт бейнесін автор идеясын дамытуға септігін тигізетін интермәтіндік байланыс сипатында тануға болады. «Жұмбақтас» әңгімесіндегі аңыз кейіпкерлері (сұлу қыз, ақын жігіт т.б.) қарапайым адамдар болса, «Оқжетпес» әңгімесіндегі баяндалатын аңыз кейіпкерлері Оқжетпес- «ғажайып бала», фантастикалық кейіпкер. «Он жасында атса, оқ жетпейтіндей биікке өсіп кетеді. Сондықтан оны адамдар Оқжетпес деп атайды. Оқжетпес өзге балалар секілді жан-жануарларды қатты жақсы көреді. Бірақ ол атқа мініп, ізіне ит ертіп жүре алмайды. Өйткені олар Оқжетпес үшін өте кішкентай болады. Бір күні оған ата-анасы сыйлыққа пілдің баласын әкеп береді..»,- деп автор бұл әңгімесінде де аңыз-әңгімені кейіпкер аузымен баяндайды. Автордың аңызды құныға тыңдап отырған Архат баланы әңгімеге араластыруы өте шынайы бейнеленеді. Әңгімеші қарт Оқжетпеске пілдің өмір бойы көмекші болғанын, «қазақ еліне үнемі жау шабуылдап отырғанын, қазақ елінің сұлу табиғатына, жерасты байлығына қатты қызыққанын...» әңгімелейді. Екі әңгіме де аңыздық желіге құрылады. «Жұмбақтас», «Оқжетпес» әңгімелерінің типологиялық сипаттары интермәтіндік байланыстар мен баяндасушы (кейіпкер) бейнелерінен, стилизациядан, авторлық интерпретацияның өзіндік сипаттары мен көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерінен танылады. 

«Қайшы-ойыншық емес» әңгімесінің композициясын әңгіме ішіндегі әңгіме деуге болады. Айана есімді қыз бала үй шаруасына қолқабыс жасап жүргенде, өз бөлмелерінде ойнап жүрген «аралары тете алты-жеті жастағы» екі інісі Қайсар мен Хайдар әлденеге келіспей қалған дауыстарын естіп қалады. Айана шаруасын қоя салып, көрші бөлмеге енсе, Қайсар жүзі ашылған қайшыны інісіне қарата сілтеп жатқанын көреді. «–Қане, қайшыны маған бер! Сөйтіп те ойнауға бола ма екен?-деді қабағын шытып». Балалар ойыншыққа таласқан екен. -...Менікі, сенікі деген сөз-қызғаншақ, іші тар баланың ісі! Бұдан былай дау-жанжал шығармайсыңдар ма?...»,-деген Айана бастарын изеген екі ұлға: «-Қайшы туралы мына бір әңгімені тыңдаңдар», -сөзін жалғастырып: Кішкентай кезінде бір еркетотай қыздың қайшыны ұстап, анасының сөзіне құлағына аспай, ...бақырып-шақырып жылап, анасының бермеске шарасын қалдырмай алып, олай-былай сілтеп отырғанында көзіне тиеді. Анасы қызының бір көзі ағып түскенін көріп аһ ұрады...Қыз кейін бойжеткенде өкініп: -Шеше, кішкентай кезімде қайшыны неге бердің? Менің сөзімді тыңдамай, қайшыны бермегенде, өзге құрбыларым сияқты менің де қос жанарым болар еді?»-дейді кейіп. Шынында, жазушының бұл «Қайшы-ойыншық емес» атты әңгімесін балалар ғана емес, ересек оқырмандар да тебіренбей оқи алмас. Жазушы бұл әңгімесінде ғана емес, «Кіндік шеше» секілді басқа да шығармаларында жас оқырмандарын оқыс жағдайлардан сақтандыруды, қоғамдық қауіпсіздік шараларын ескертуді мақсат етіп, өмірлік тәжірибе негізінде ғибрат айтуды көздейді. Алайда, аталған мазмұнды көркем пішінде көмкереді. Шығарма тілінің жүрдек, жатық сипаты, сөйлемдердің лаконизмге құрылуы, диалогтардың шынайылығы, халық мақал-мәтелдерінің мағыналарды жинақтаушы деталь қызметінде ұтымды қолданылуы әңгіменің эстетикалық әсер ету әлеуетін арттырады.

 «Қызыл бет» әңгімесі астарлы юморға құралады. Ойынқұмар баланың ата-анасының аязда сыртқа шықпа дегеніне қарамай, үйде отыра алмай құлағы мүкіс кәрі әжесін алдаусыратып, балалармен ауыл шетіндегі биік төбеге кетіп, сырғанақ қызығына тоймай жүргенде, бетін үсітіп алуы қызықты баяндалады. Анасы: «Үйде отыр, ойынға барамын деп беті-қолыңды үсітесің!»,- деп ескерту жасап, «сексендегі әжесіне қайта-қайта тапсырғанда» Жанат іштей қарсылық білдіреді: «...Тоңып, жаураған қызық емес пе?! Үлкендерді тыңдасаң, ылғи бір шектеулер! Ананы істеме, мынаны істеме! «Жаурайсың, жығыласың, ұят болады» деп келетін ақыл-кеңестері кейде жалықтырады... «Әжемді қалай көндірсем екен?» Қандай амал бар? Ә-ә, тапты...». Баланың осы бір ішкі монологынан-ақ оның ынжық, босбелбеу емес, ширақ, өзіндік пікірі бар екені аңғарылады. Бала жаны таза, кіршіксіз, бала шындықты айтады, ойындағысын жасырмайды. Ойындағысын әрекетімен көрсетеді. Әжесінен ептеп сытылып шығады. «- Әй, балалар, аласа төбеде неміз бар? Одан да ауыл шетіндегі Мықтының тауына барайық! Сырғанақтың көкесі сонда»,-деді сотқар Қыдырбайдың мұрны желпілдеп»,-деп жазады автор. Жанаттың қып-қызыл болып, терісі сыпырылып үсіген бетіне анасы қаздың майын жаққанда қатты ашиды. Бірақ, Жанат сыр бермей, шыдайды. Жазушының қай шығармасын оқысаңыз да, бала психологиясын терең танитынына куә боласыз. Кішкентай кейіпкерлерінің жан дүниесін жан-тәнімен сезінеді. Соны шығармада эмоциональді-экспрессивті бейнелейді. Әңгіменің «Қызыл бет» деген аталымының өзі метонимиялық образ. Балалар әдебиетіндегі дәстүрлі сотқар бала бейнесі Т. Әбдірайымның шағын әңгімелерінде сөзімен, я оқшау іс-әрекетімен төбе көрсетіп отырады. Кейде олардың «сотқарлығы» «шыбық тимей шіңк етер», жалтақтау балаларды батылдыққа үйретеді.

Жазушы мейлі қала не ауыл отбасын суреттесе де, немерелер көбіне ата-әжесінің айналасында өседі. Бұдан қай заманда да ұлтымызға тән туыстық қарым-қатынасымыздың беріктігі, тұтастығы сақталса деген автор интенциясын аңғартса керек. «Көкіректегі көз» әңгімесінің экспозициясы психологиялық параллелизмге құрылады: «Оңаша бөлмеде ертеңгі сабаққа дайындалып отырған қара бала селк етті. Тырс-тырс еткен бұл не? Зәресінің ұшқанын қарашы! Ә-ә, терезеге ұрылған жаңбыр тамшылары ғой. Қараша айының қара суығында жаңбыр жауады да, артынша орай-борай қар түсетіні бар. «Пай-пай, қар жауған қандай тамаша! Қалың киініп, аққала соғып, шана, шаңғы тебеміз!...Ұмыта жаздаппын. «Ана тілінен» Абай атамыздың бір өлеңін жаттау керек екен-ау!». Қара күздің қысқа ауысқан шағы «қара баланың» қиялын қозғайды. Дегенмен, Абай өлеңін жаттауға кіріскенде, ұлы ақынның «көкірегіңде болсын көз» деген сөйлемі миына қона қоймайды. Бала сөйлемнің мағынасын «аулада ат арба дәртесін жоғары көтеріп байлап жатқан атасынан сұрайды: « - Біз білетін көз екеу емес пе?-Дұрыс айтасың, балам! Ол адамның мынау жарық дүниені көрер көзі, яғни қос жанары. Сол сияқты көкіректе де көз болады. Көкіректегі көз оқуға, білімге ұмтылған адам баласына тән сипат. Мәселен, сенің хәкім Абай бабамыздың өлең шумақтарын ұғынуға талаптанғаныңның өзі көкірегіңнің ояулығын, сергектігін сездіреді. Білім бұлағы –кітапта! Жақсы кітап адам жанын тазартады, санасына сәуле түсіреді.... Түсіндің бе?»,-дейді. Жалпы, әңгіменің сюжетіне Абайдың бір шумақ өлеңінің мәніне айналған метафоралық тіркес негіз болады. Сондықтан, әңгімедегі диалогтың Абай өлеңін талқылауға құрылуының да көркемдік-эстетикалық мәні ерекше деуге болады. Әңгімедегі негізгі деталь – Абай өлеңі әрі интермәтін сипатында көркемдік қызмет атқарады. Осы орайда, Толымбек Әбдірайымның өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, шеберлігі ұшталған жазушы екенін тануға болады. Жазушы қай шығармасын да оқырманының мейірін қандырғандай төгілте жазуға шеберленгенін байыптаймыз. Композициялық жұмырлық, тағлымы терең мазмұн, лаконизмге құрылған көркем де жатық тіл Т. Әбдірайым прозасына тән құбылыс деуге болады. 

Толымбек Әбдірайымның авторлық ұстанымына қайшы келетін иррационалдық ойлауға құрылған шығармаларының бірі – «Әкеммолла» әңгімесі. Әңгімеде әртүрлі баяндау инстанциялары бар. «Жазғы демалыста Қуаныш нағашымның үйіне қонаққа барғалы әңгімеге әбден мелдектедім. Ол кісінің білмейтіні аз-ау деймін. Әсіресе, есте жоқ ескі әңгімелерді айтқанда, алдына жан салмайды», - дейді баяндаушы-кейіпкер. Төрде текемет үстінде малдас құрып отырған нағашысының айналасында өзі қатарлы тоғыз-он жасар балалар «иық тірестіре сығылысып алқа-қотан отыр»...Араларында ересектеу Болатбек есімді бала бар. Мен-баяндаушы әңгіме желісіне ересектеу баланы неге қосқанын оқырман кейінірек аңғарады. Мәселен, баяндасушы (мен-кейіпкердің нағашысы) әңгімесін бастарда: -Қазіргі тыңдайтындарың-болған жайт», -десе де Болатбек:-Кәдімгі өмірдегі оқиға ма?,-дейді «көздерін жыпылықтатып». Әдетте, жазушы диалог ремаркаларында бейвербальді құбылыстарды кейіпкердің жан сезімімен астастыра суреттеуге де бейім екенін көреміз. 

«Шіліңгір шілденің ыстығына тотыққан бірөңкей қараторы, қалқан құлақ, тақырбас ұлдар тынышталсын деді ме, Қуаныш нағашым бізге барлай қарады да, әңгімесін бастап кетті»,-дейтін «мен-баяндаушының» сөз сарыны еріксіз «Шұғаның белгісін» еске түсіргенін жасырмаймыз. Иә, дәстүр жоғалмайды, дәстүр жаңғырады, жаңашылдыққа ойысады. «-Ертеректе Қытай елінің Шәуешек жағында қара ат мінген шал болады. Есімін ешкім білмейді, Әкеммолла атайтын»,-деп Қуаныш қария (баяндасушы, наррататор) әңгімесін соза түседі. Әкеммолланың ескіше оқыған, діндар адам екенін, құран оқығанда мақамы әуезді, «жүректерді шымырлатып, сай сүйекті сырқырататынын», емшілігі де бар екенін, сырқатынан айыққан адамдар мал жетектетіп жіберетінін, «әлгі берген малдары қара атының артынан еріп кете беретінін, малдары Әкемммолла тоқтаған үйден ұзамай жайылып жүретінін, көпбалалы кедей үйге малының біреуін сойғызып беретінін айтады. «-Айдамай-ақ па?- Ғажа-а-ап!-Сиқыршы шығар!- деп балалар таң-тамаша қалысты»,- дейді «мен-баяндаушы». Әкеммолла Келдібек деген бала-шағалы адамның жағдайын түзеп бермек болып, Сарман байдың егінін бес күнде орып беруге келістіреді. Егіс алқабынан жер үй қазып, күн шықпай шайын ішіп, қараңғы түскенше жан баласына көрінбей жатуды кеңес етеді. Бір күні «бойын әуестік билеген Келдібек жер кепеден басын қылтитып бидай алқабына қараса, жыпыр-жыпыр етіп жүрген адамдарды көріп таң қалады. Біреуі орып, енді біреуі тасып жатыр»... Ертеңінде «шын ба, өтірік пе деп түрегеліңкіреп» қарағанда «ергежейлі кісілер шу ете түседі де, сол заматта зым-зия жоқ болады». Әкеммолла Келдібектің аңғырттығына ренжіп, алқаптың қалған жерін өзінің тоғыз баласымен жабылып орып алуын ұйғарады. Қуаныш қарт әңгімесінің осы тұсына келгенде балалар: «-Ергежейлілер кімдер екен?-Ғажа-а-ап!-Ертегі ғой..!-деп шуласады. –Әкеммолла перілердің көмегін пайдаланыпты! Ол алла Тағаланың құдіреті... Ең бастысы Келдібек шал Сарман байдан келіскен ақысын алып, тұрмысын біршама түзетіп алған көрінеді.»

Нарратология ілімінің тілімен айтсақ, жазушы әртүрлі баяндау инстанцияларының (мен-кейіпкер баяндаушы, баяндасушы-кейіпкер) көркемдік қызметі арқылы әңгіме сюжетін діни-мистикалық сипатта дамытады. Ертеде ескіше оқыған, діни сенімі мен діліне берік, емшілік қасиеті бар Әкеммолла атанған адамның жоқ-жітікке қайрымдылығын, жалқауды ебін тауып еңбекке баулитын қасиетін, байдан кедейдің есесін қайырта білетін тапқырлығын суреттейді. 

Т.Әбдірайымның мөлтек әңгімелері де бар. Мөлтек деген себебіміз-өте қысқа, бір беттік. Оқшау ойға, сырлы сезімге құрылған бұндай шығармаларды қысқа новелла деуге де болады. «Қайыңның көз жасы» әңгімесі жас балаларды табиғатты аялауға, табиғат сырларын тануға баулиды. Жас қайыңның шыбығын сындырып алып, ат қылып мініп, Өрен бала көлге шомылуға кете барады. «Бұл оқиғаны көрші Кәрібай қарт көріп отырған. Өрен кешке бұтағы сынған бала қайыңнан мөп-мөлдір су ағып тұрғанын байқады. Қайта-қайта қарап таң-тамаша! Кәрібай қария таяп келді. Өрен: -Ата, айтыңызшы, неге су тамшылап тұр? - деді ақ қайыңның діңін нұсқап.-Су емес қайыңның көз жасы ол! Біреу әдейілеп бұтағын сындырған. Жаны жараланып, ауырып жылап тұр соған...Тілі жоқ айтатын...Адамнан аялы алақан, мейірім күтеді...Өреннің беті ду ете түсті...(қысқартқан-біз)». «Әбестік» әңгімесі балаларды татулыққа үндесе, жарты бетке толмайтын «Мейірім» әңгімесі әже мен немеренің құстарға деген қамқорлығын суреттейді. «Кемел неге көңілсіз?» әңгімесінде Кемел атты бала тыным-таппай есік алдына сырғанақ жасайды. Ертеңінде сырғанақта көршінің балалары ойнап жүргенін көріп іштарлық жасайды: «–Бәрің де кетіңдер! Бұл-менің сырғанағым!..»,-деп төмпешіктің қасына келіп, бар даусымен айқай салды». Көрші балалар тарқасып кетеді. Біраздан соң сырғанақта жалғыз ойнау Кемелге қызықсыз болады. Үйге көңілсіз қайтады. Бұл мөлтек әңгіменің де балаларға айтары бар. Жазушының бұндай новеллалар топтамасы да аз емес. Тақырыбы сан қилы, сюжеті қызықты, бояуы қанық деуге болады. 

«Ақ кептер» жинағына енген әңгімелердің бір тобы ұзақтау, сюжеті де қою болып келеді. Сондай әңгімелердің бірі – «Ойыннан шыққан от» деп аталады. Әңгіменің мазмұны «ойыннан от шығады» деген халық мәтелімен астасып жатқаны белгілі. Әңгіменің негізгі кейіпкерлері-аудан орталығындағы мектеп-интернатта оқитын Айбол мен Нұрбол. Ауылда көрші тұратын екі ұл екі үйдің елу шақты қойларын ауыл шетінде жайып жүреді. Автор Айболды «секпіл бет қара ұл» деп, Нұрболды «ұзын бойлы ақсары» деп сипаттайды. Әңгіме балалардың өзара тіл қатысуларынан басталады. Айбол қоржындарындағы тамаққа тойып алып ұйықтауды армандаса, Нұрбол: «-Әке-шешемізге қолғабыс тигіземіз деп келдік емес пе, бір күн болса да...», - дейді. Айбол жазғы демалыста ойын қуып, суға шомылып, у-думен қызық қуып жүргенін айтса, Нұрбол нағашы ағасына еріп Астанаға барғанын әңгімелейді. Ақмола атауының тарихын айта бастаған оны: «-Тағы да ақыл үйрете бастадың ба?-деп тоқтатады досы. -...Жарайды, тәжікелесіп қайтеміз?» - дейді сонда Нұрбол. Балалардың өзара тілдесулерінен олардың мінез, тәрбие ерекшеліктері әрқилы екені танылады. Мінез қақтығыстары, кейіпкерлердің іс-әрекеттері әңгіме сюжетінің өрістеуіне ықпал етеді.

Далада жалт етіп қашқан түлкіні алғаш көрген Айбол: «Әне-е, әне-е!»,-деп жүгіре жөнеледі. Түлкі ініне зып береді. «-Міне, осы інге кірді,-деді Айбол қызуланып. - Қалай шығарамыз? - Атамнан естігем, түлкі інінде екі ауыз болады. Давай, екіншісін тауып алайық». Түлкі екі ауызды інінің бірінен кірсе, бірінен шығып кете алады. Балалардың түлкінің бұл қулығына қыжылдары қайнайды. Бұлар түлкі інінің жоғарыдағы екінші ауызын да тауып алады. «-...Шөппен аузын бітейік те, төмендегі екінші аузына от қояйық. Сонда өзінен-өзі атып шығады»,-дейді Айбол. «-Табылған ақыл!»-дейді досының тапқырлығана риза болған Айбол да. «Құрғақ ағаш пен тезекке тиген от бірте-бірте шалқып, лапылдап жана бастады». Иә, балалар «өздерінше айламызды асырдық деп тұрғанда, қу түлкі шөппен бітеген екінші ауыздан зып беріп шықты да, бүлкектеп желе жөнелді. ...Қу түлкіні қуып, төбеден-төбеге асқан балалар жайылып жүрген қойларынан ұзап кетті»,-деп балалардың іс-әрекетін динамикада суреттеген автор олардың екеуіне де ортақ ерекшелік – балалық екенін ерекше диалогта өте әсерлі кескіндейді. Алайда, жел екпінімен өршіген от шаруа қожалығының малға жаз бойы дайындаған бір мая шөбіне тиеді. Өртті ауылда «заржақ», «патефон» аталған Майша кемпір көреді. «Шөп қорадағы қолына түскен ашаны ала сала кең көйлегінің етегі далп-далп далбаңдап жүгірген кемпірдің соңынан бірі күрек, енді бірі құр ағаш ұстаған адамдар да еріп барады. Құрғақ шөпке тиген от қойсын ба?!...Айналасы бір сағат ішінде мая орнында тап-тақыр жер қалды». Біздіңше, автордың Майша кемпірі О. Бөкейдің «тоқылдақ кемпірі» секілді ертегідегі мыстан кемпірдің трансформациясы болғанмен, жақсылыққа бейім. Әрине, балалар қылмыс жасағандарын біліп, иесіз қалған үйді паналамақ болады, алайда қараңғыда тышқандары «тықырлаған» иесіз үйде бойларын қорқыныш билеп, суыққа тоңып, ашыққандарын сезеді. Нұрбол үйге қайтқысы келеді. «Шыдамсыз ба ең?!»,-оны мысқылдап, «батырсынған» Айбол әкесінен қатты қорқатынын білдіреді. Автор Нұрбол мен Айболды, олардың әкелерінің мінез-құлықтарын, өмірге көзқарастарын диалогтарда антитезалық сипатта береді. Айбол қушыкештеу, жатыпішерлігі бар, бейбастау бала болса, Нұрбол жауапкершілікті, қақ-соғы жоқ, әдепті бала. Әкесі де биязы, қулық-сұмдыққа жоқ адам. Автор балаларды істеген істерін мойындамауға келістірмек болған Айболдың әкесін:«-Түсіндіңдер ғой!»,-деді шалғы мұртты, күжбан қара Тарғын екі балаға қарап»,-деп суреттейді. Шынында, «алма алма ағаштан алыс түспейді» деген орыс мақалы еске түседі. Балалардың әкелері учаскелік инспектордың кеңсесіне шақырылады. Әкелер «білмейміз» дегеннен басқа жауап айтпайды, балаларын жамандыққа қимайды. Учаскелік инспектор екі баламен жылы шырайлы қарым-қатынаста сөйлесіп, сыр тартады. Балаларға ауылдың он үш адамынан түсінік алғанын, олардың сегізі маяны екі бала өртегенін растағанын айтады. «-Біз әдейі істеген жоқпыз»,-деп бастарын тұқыртқан балалар кінәларын мойындап, қол қояды. «-Ағай-й...сонда бізді соттай ма?-деді иегі кемсеңдеп, жыламсыраған Нұрбол.–Баламысың деген...Соттамайды. Өйткені, жастарың кәмелетке толған жоқ...»,-дейді заң қызметкері. «Соттың шешімімен екі отбасы үш-үштен алты сиыр айыппұл төлейтін болыпты...», - деп автор әңгімесін ертегі сарынымен аяқтайды.

Отбасында әкенің я қоғамдық ортаның қаталдығы еркіндігін шектеуден кейбір балалардың «бұзықтыққа» әуес болатыны белгілі. Әсіресе, бала тәрбиесіндегі орынсыз шектеулер кеңестік кезеңде орын алғанын Б.Соқпақбаевтың «Менің атым қожа» повесінен айқын таныдық емес пе? Шынында да, кеңестік тоталитаризм адамды шексіз биліктің құлына айналдыруды көздегені ақиқат. Алайда, кіршіксіз, ой-санасы таза, мінез-құлқы қалыптаса қоймаған бала жанының қоғамдық шектеулерге бейсана қарсылығы олардың «бұзықтық» іс-әрекеттерімен көзге түседі. Аты әйгілі повестегі Қожа мен Сұлтанның «бұзықтық» іс-әрекеттері де соны айғақтайды. Алайда, Қожа текті отбасында өскен, арманшыл, мінез-құлқын өзгертуге, жақсылыққа жаны құмар өрен болғаны мәлім. Сұлтанның әкесі де жақсы кісі, еңбекқор адам, бірақ Сұлтан еркіндігін шектеген мектепті тастап жайлауға кетіп қалады. Осы дәстүр Т. Әбдірайымның «Тоқылдақ» әңгімесінде өзіндік жаңашылдығымен ерекшеленеді. Үй тапсырмасын орындамай келген оқушыларды тақтаның алдына «қатар-қатар тізіп, сабақтың соңына дейін тұрғызып қоятын» мектептегі ең білімді, ең мәдениетті деген Амантай мұғалімге кектенген Тұрғазы деген мектеп оқушысы (талай тақта алдында тұратын) сыныптас досымен (әңгіменің «мен-кейіпкерімен») бірлесіп, мұғалімнің үйінің терезесіне «тоқылдақ» құрмақ болады. «Тоқылдақ» -күлкілі ойын»,-дейді баяндаушы.-Ол жанқалтасынан жалғыз тал картоп пен бір бума қырқыншы жіп алды...(қысқыртқан –біз)-Міне, картопты көрдің ғой!-Жан-жағына қарады да, жерден жіңішке ағаш алып картопқа шаншыды. Ағашқа жіп байлады. Жіпті көтеріп картопты қозғап еді, ол ілгері-кейінді тербелді. – Осыны Амантай мұғалімнің үйінің терезесіне кешқұрым, қараңғыда бас бағып, байқатпай барып ілеміз. Жіптің екінші ұшын жүз-жүз елу метр-өзіміз отыратын жерге дейін апарамыз. Содан соң сайқымазақ ойын басталды дей бер!...Біреу терезені шертіп тұрғандай! Қызық емес пе? Аһа! Айтшы?!-Қалқан құлақ, бадырақ көз Түкең жерден жеті қоян тапқандай мәз-мейрам»,-дейтін диалогтарда «тоқылдақ» ойынының мән-жайы ашылады. «Екеуміз бірінші сыныптан доспыз. Үйлеріміз де таяу» деген досы Тұрғазыны қостамасқа шарасы қалмаған сыңайлы. Әйтпесе, Тұрғазы басқа бір баламен достасып, ойынға серік етпек. Десе де, екі достың Амантай мұғалімнің үйіне алғашқы «жорығы» сәтсіз болады. Жүк көлігі өтіп, жіптерін үзіп кетеді. Әрі «...бақша жаққа қараған аула ішіндегі терезеге жету-қиынның қиыны. Әуелі сыртқы қоршаудан өту керек. Иттің үйшігі терезеге тақау. Ал ит өте қабаған. Өзі ірі. Тайыншадай...». Бірде, қаңтар айында Амантай мұғалім алғашқы сабаққа келмей қалып, сынып жетекшісі Тұрғазы мен досын оның үйіне жұмсайды. «Келсек, Амантай мұғалімнің ауласы тым-тырыс»,-деген баяндаушы мұғалімнің отбасына ыс тиіп қалды ма деп қобалжып қалады. «Сыртқы есік жабық. Біреу сым-темірмен әдейі шандып байлап тастаған...Соңынан білдім. Бұны істеген Тұрғазы екен...Амантай мұғалімнің қатал екені рас. Бірақ көп ізденіп, көп оқитын өте білімді әрі әділетті кісі. Тарихшы Рәбиға апай мен биолог Рысқұл ағай бағаны алалап қояды. Кеңшар директорының, зоотехниктің, дүкенші Мәруаның балаларына жауап бере алмаса да үндемейді. «Келесі жолы дайындалып кел, Үйде жұмыс боп...қолың тимеген-ау, сірә!»,-дейді ұялмай-қызармай». Шынында, «баладан ұрлығыңды жасыра алмайсың» деген ғой. Жазушы қоғам ортасындағы ащы шындықты баланың аузымен әшкерелейді. Алайда, баяндаушы-кейіпкер «Амантай мұғалімнен өшімді алмай тынбаймын» деген Тұрғазы екеуінің түнгі жорығын былайша суреттейді: «-Ал, тәуекел!-Тұрғазы сыртқы қоршаудан ішке секіріп түсті. Менің міндетім-төңіректі бағдарлау. Қойны-қоншым толған нан. Төбет елең етіп, шынжырын сүйретіп жүгіре жөнелді...Терезеге жетіп тоқылдақ-картопты ілді...Әуп!-Ойбай!-деген дыбыс шыққандай. Сөйтсем, секіре бере Түкеңнің күпәйкесінің етегі қадаға ілініп қалыпты. Ит арсылдап үріп түнді басына көтерді...Қорқып, шөкелеп отырып қалған мен, неге екенін қайдам, алды-артыма қарамай зытып бердім. Келдім де, жылдам шешініп, жата қалдым...Ертеңінде білдім. Амантай мұғалім Тұрғазыны шарбақ басынан түсіріп, үйіне кіріп кетіпті. Ләм-мим демепті. Содан бастап Түкең үнсіз жүреді. Тұйық. Өзімен-өзі. Математикаға көзқарасы өзгергендей. Тырысып оқып жүр. Ал мен Амантай ағайды әркез көрген сайын қылмыс жасаған кісіден арман бетімнен отым шығып ұялам». Иә, осы мәтін үзілімінен көріп отырғанымыздай, баяндаушы-кейіпкердің әңгімесі ауызекі сөйлеу стилінде баяндалады: «Ләм-мим демепті», «...қылмыс жасаған кісіден арман бетімнен отым шығып ұялам». Сонымен, жазушының «Тоқылдақ» әңгімесінде сырт көзге «жуас» көрінетін баладан «жуан» шыққанын көреміз. Үй тапсырмасын орындамаған оқушыны сабақ соңына дейін тақта алдына тұрғызып қою арқылы жазалау - кеңестік білім беру жүйесіндегі бодандық саясаттың тұрпайы түрі болғандығы белгілі. Тұрғазы мектептегі бұндай жазалаудың түп-төркінін түсінбегенмен, намыстанып, мұғалімнен кек қайтармақ болды. Онысы іске аспады. Дегенмен, мұғалімнің әділдігіне, білімпаздығына, шыншылдығына, мейірбандығына көзі жетіп, өз ұятына өзі өртенеді, өзгереді. Қожаның о баста Сәбира мұғалімді бақамен шошытып, сыныптастарын күлдірмек жоспары болмаған болса, Тұрғазы Амантай мұғалімді мазақ етуді алдын ала жоспарлайды. Себебі, Тұрғазының «жаман қасиеті-кекшіл. Ешкімге өзі барып тиіспейді. Тиіссе, аянбайды. Төбелеске де шебер». Баяндаушы-кейіпкер Тұрғазының қызылкөз, шақар бала Тоқтармен төбелесін әсерлі суреттейді. Бір қарағанда, «тоқылдақ» ойыны да, екі баланың төбелесі де көркем әдебиеттегі оқырманмен ойнау тәсілі екені белгілі. 

(жалғасы бар)

Раушан Әбдіқұл 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің қауымдастырылған профессоры 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар