Қалихан Ысқақ: Көргеннің барлығынан көркем əдебиет жасалмайды

Бөлісу:

20.02.2019 7594

2005 жылы 10-наурызда журналист Гүлзина Бектастың классик жазушы Қалихан Ысқақтан алған сұхбаты

– Қатарластарыңыз болсын, қаламгер інілеріңіз болсын, əрдайым «Қалағаң қара сөздің қас шебері ғой» деп тамсанып отырады. Қара сөздің майын тамызып жазуыңызға туған өлкеңіз Алтайдың сұлу табиғатының əсері жоқ па?

– Жөргегіңнен қара жерге кіргенше жинайтын бар байлығың – ана тілің. Тал бесік те нəрестеге бір əлем.

«Əлди-əлди абайым,

Атқа тоқым жабайын,

Қыдырып кеткен əкеңді

Қайдан іздеп табайын?!.»

– деп ыңылдап отыратын анамның құмығып барып таусылатын қоңыр үні күні бүгінге дейін құлағымда қап кеткен секілді. Мəтіні ескіре бастағанда көкейіме қонақтаған шығар. Ал мəтібі... Мен əкемнен бір жасымда қалған екенмін. Шешем отырса алдынан, тұрса арқасынан түскем жоқ. Əкем қайда деп сұраған да емеспін. Ысқақтың «қыдырып кетпегенін» кейін білдім. «Əкең өлген» дегенді анам əлдилеп отырып құлағыма сіңдірсе керек. Сонсоң да оны көп іздеген емеспін, əкем жоқ деп жетімсіреген де емеспін. Іздетпеген де, жетімсіретпеген де шешем еді. Ол кісі «Дубровскийді» жатқа білетін. Əлдебір кітаптан орыстың сақалы қауғадай шалын көріп: қиссаны жазған осы шығар деп ойлаушы едім. Сөйтсем, жазған Пушкин екен, өлең қылған Шəкəрім, сақалды шал Л. Толстой боп шықты.

Қыстың қысқа күні тұсаулы. Алтайдың көк тілген шыңдарын онан сайын ұзартып, мұзартты қан-көбікке бояп, жеткен жеріне құлай салады. Ымырт келісімен абажадай орыс пешін қызыл қарағайға нығырлап толтырып, бəріміз соның алдына жиналатынбыз. Соғыс кезі, кересін жоқ, май шамның иісі шығады деп апам жақтырмайды. Жеңгелерім келеді. Біреу жүн түтеді, біреу шұлық, біреу қолғап тоқиды. Қызыл шоқ қарауыта бастағанда, пеш іргесіне көсеумен итеріп тастап, апам бір шелек картопты жуғызып, қоламтаға лақтырып жібереді. Əсіресе, Асқабыл ағамыздың келіншегі, Қорлығайын жеңгем «Алпамыс жырын» əндетіп салғанда, картоп аңдып отырған жұрттың аузы салпайып, жыр біткенде ұршықтары, шүйкесі əр жерде шашылып жатады. Пеш көмейінен қуалап шыққан кəртопияның жарты жамбасы қара қоңыз боп күйіп кетеді. Күйсе күйе берсін, есесіне менің құлағымда жыр қалады. «Əйтеуір, менің бала күнімде жыр көп еді, өлең көп еді, өлеңші көп еді. Көзіме көрінгеннің бəрі өлең болып, көзіме көрінгеннің сипатын өлеңмен оқитын сияқты едім. Мені мектепке дайындаған отбасы. Мектептің есігін «Ертөстікпен» аштым. Есіңде бар ма:

«Əй, Тайхарбай, дегенге əй, Тайхарбай!

Қойыңды ақ шағылға жай Тайхарбай!

Тайхарбай-Майхарбайлар толып жатыр,

Сен айтқан Тайхарбайың қай Тайхарбай?»

Əй, есіңде жоқ-ау. Бұл «Əліппенің» алғашқы беті болатын. Біздің əліппемізден бері де қаншама заман өтті. Дегенмен, жаңылтпаш баланы дұрыс сөйлеуге үйрететін тіл тəрбиесінің бір əдісі болатын. «Р»-ға, «Л»-ға тілі келмейтін шолжыңдар аз ба. Соларды икемге келтіретін де «Əліппе» еді ғой. Ертегі мен батырлар жырында қаншама кейіпкерлер бар десеңші. Бір қызығы, жағымсызды жамандап жатпайтын, аттарының өзі бір образ емес пе. Кейқуат, Шойынқұлақ, т.б. бұлардың əрқайсысы юмор. Есіңе салшы, Теңге тоқалдың иығына мініп алып, қос емшектен тебініп, келе жатқан Кейқуатты. «Кей» – көне түркіде «күш» деген сөз, қуатың-энергия, екеуі қосылғанда «Қуатты күш» емес пе. Кезінде қыпшақтардан құралған иран шахтарының сарай гвардиясын кейсақтар деп атаған. Бір сөзбен, сақтардың қуатты жасағы – бүгінше айтқанда «войнское формирование». Шойынқұлақ – төбесінен тебен қақсаңбатпайтын бітеу, меңіреу деген ұғымда. Бəлкім, «құлағын піл таптап кеткен» дейтұғын кекесін осыдан қалған шығар. Қысқасы, ошақ басынан ауызданып, əліппеден əуестене бастаған ауыз əдебиеті – менің сөздік қорымның қордасы. Біздің ауыл əзіл-оспақтың ауылы. Аузыңда əзілің болмаса кез-келгеннен жөн сұрай да алмайсың. Сонсоң да болар, айқайласып, керісіп жатқан пендені көрмейсің, жымиып қана, болмаса сызданып қана бірауыз сөзбен қолқаңнан біз сұғып алғандай тітірентіп, сосын түк болмағандай, түк көрмегендей жайбарақат жүре береді. Бірақ есе қайтару мойында кеткен борыш. Сонсоң да ауызға ие болу сақтықтың ең үлкен түрі. Дегенмен, əзілкештің əдепкі мақсаты – айналасына, өзіне болса да атмосфера жасау, біреуді жасыту, қорлау емес, көңілін көтеру, жабырқап келе жатқан немесе шаруадан шаршап келе жатқан адамның өзі уайымын, күйкі тірліктің əсіре қоңырлығын ұмытып, үйіне жеткенде əйелін ұрайын деп даярлаған жұдырығын жазып, алақанымен алқымынан сипайды. Бура ішіндегі мұңайтпаста Садық деген кəрі жездем болған, сол айтатын: «Жарылғастың əзілі əкеңді өлтіргендей» деп.

Бұрынғы Қатонқарағай деген аудан түгелімен Қаратай деген ел едік. Біздің ауылдардан басқа ұлттың өкілін емге таппайсың. Орыс жұрты халқының екі пайызға жетер-жетпесі. Оның өзі де кержақтар, қазақ тілін қазақтың өзінен кем білмейді. Балалары мектеп таңдап жатпай, қазақша оқи береді. Компьютер дегенің енді ғана келе бастады. Интернеттің иісі де жоқ. Əйтеуір кітап оқиды. Радио мен тілбезер көбіне мылқау, күн жауса болды, жай соғып, Құдай ұрып кетеді. Кейде кедейліктің де пайдасы болады екен. Бұған да шүкір! Менде кітапхана бар, бірақ өз кітаптарым жоқ. Елге апарып беремін. Дидахмет те сөйтеді. Əлібек те сөйтеді. Оралхан да сөйткен...

Жайсаңбек Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Қалихан Ысқақ

Сонымен, біздің елдің тілі шұбарланбаған. Бұл да менің су ішетін бастауым секілді. Елге барсам, қайта жасап қалғандай боламын. Балалық шағым есіме түседі. Жаныңды жадырататын əзіл, жадыңнан шығып кеткен көне сөздер. Өкініші, көне сөздер таусылды. Кешегі қайран жеңгелерімнің ең соңғысы екі жыл бұрын дүние салды. Ауылға түскенімде, мені алдымен іздейтін солар еді. Жиен қарындасым Рауза: «Əй, Қалихан, ойбай əне, бойжеткендерің келе жатыр!» – деп айқай салып, өзі самауырға жүгіретін. Кетерімде, бірі немересін, бірі шөбересін арқалап алып кіре жолға шығарып салады. «Қалихан, қайсымыз қай күні өлеміз, бір Құдайдың өзі біледі, сенен топырақ бұйыра ма, бұйырмай ма, əйтеуір елге келгенде бір аят құраныңды бағыштай сал» деп қоштасатын. Қайран жеңгелер, солардың бірде-бірі соғыстан күйеулерін қайтарып ала алмай, қабырғадағы сарғайып кеткен суреттеріне əулиедей табынып, дүниеден өтті. Тағы да қайталап айтсам, менің мектебім, мен жақсы білетін «Бес тапалдың» мектебі – фольклор, өткен ғасырлардағы жырауларымыз. Бүгінгі поэзиямыз неге көңілге толмайды? Прозамыздың өзі де кебір, арпаның талқанын кебегімен жұтып отырғандай кеңірдегіңнен өтпейді. Себебі, тіліміздің бояуын, ньюанстарын жоғалтып алдық, поэтикалық образ жоқ. Мен саған бір шумақ бəдік өлең оқып берейін, тек шамданба. Қазақта бəдік айтыс деген болған. Айтыста анайы нəрсеге бармай, əдіптің астымен ғана, астарлап қана ойын жеткізген ақын ұтып шыққан.

«Айналдым ақ жүзіңнен айдан аппақ,

Аулыңнан кете алмадым айналақтап.

Арманым жоқ тіл тартпай кетсем-дағы,

Ақ төсіңе бір шықсам тайғанақтап...»

Кейбіреулер осының соңғы жолынан қашып, өзгертіп əнге қосып жүр. Бекер-ақ! Ал енді осы өлеңнің құрылысын байқашы. Алитерация да бар, теңеу де бар, тілдің образдылығы да бар. Немесе Балбаланың Сабырбайға жауабы:

«Сабырбай білмеп пе едің той болғанын?

Бас жағы төсегімнің ой болғанын.

Көріндей əкесінің қажып жатыр,

Білмеймін, несі қалып, не қойғанын...»

Он бір буындық қара өлеңнің үлгісі демесең, осыдан кемшілік тауып көрші? Дəстүрлі қара өлеңнен бəрібір бүгін де қашып құтыла алмайсың. Осы он бір буынды малданып, төртінші кластан жетінші класқа дейін шатпақтап өлең жазғаным бар. Сегізінші класта соның бəрін өртеп жібердім. Қоңыраулы сандықтың түбінде жатқан біразын жиенім Мəрзия алып кеткен екен, жыртып тастайын десем, əлі күнге бермей жүр. Өлеңді кілт доғарғаныма себепші болған – Бейімбет Майлин. Мен Бейімбетті латын əрпінде оқыдым. «Шұғаның белгісінен» соң өлең дейтін өз шимайымнан өзім ұялдым. Мен де осындай əңгіме жазсам-ау деген арман пайда болды.

Қалихан Ысқақ, Зейнолла Серікқалиев, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков

– Шығарманың авторы Майлин екенін білдіңіз бе?

– Қайдан білейін. Мұқабасы ВКПБ тарихы, автордың аты-жөні де жоқ. Кейін интернатта оқып жүрген кезімде ҚазПИ-ді бітіріп, Асылбек Исабаев деген ағамыз мұғалім боп келді. Күнде мені «сабағыңа дайындал» деп мектептің иен класына қамап кететін. Бір күні кітапты қойнымнан шығарып, оқып отырғанымда, сыртымнан келіп, қарап тұрыпты. «Мына кітапты көрдім деп те, оқыдым деп те аузыңнан шығарма. Мүмкін уақыты келсе, көре жатарсың» деп, алды да кетті. Кім білсін, бүгінде өлеңін жетелеп жүріп, баспаға зорға өткізетін ортақол ақындардың бірі болар ма едім... Бірақ қолыма қалам ұстасам, ішімнен жоқ дегенде Абайды оқып отыратын, əйтпесе бір əнді ішімнен айтып отыратын əдетім бар. Ертеңгісін көмейіме бір əн оралса, кешке дейін содан құтыла алмаймын, ыңылдап кеп, ысқырып кеп жүргенім, əсіресе жазу столында отырғанда. Сонда өзімді сергек сезінем, жазу да жеңіл сияқты көрінеді, кейде көмейдегі мелодия мен басыңдағы ойға, тіліңнің ұшындағы сөзге қолым ілеспей қалады да, кейін соны қайталай алмай, азапқа түсем. Сонсоң да қасыма ақ қағаз қойып, алдағы бір эпизодқа керекті деген детальді, суретті, сөзді түрте саламын. Тағы бір əдетім, кейіпкерлеріммен сөйлесіп, иə əзілдесіп, иə дауласып отыратыным бар, əсіресе драма жанрына қол қатқанда. Орнымнан тұрып кетіп, жарты сағат бойы іштей сөйлеп-сөйлеп, диалогтың жал-құйрығын күзеп, машинкаға бір-ақ сөйлем қалдырамын. Жалпы мен нені жазамын деп қиналған емеспін. Қалай жазсам екен деп қиналдым. Сонсоң да көп уақытым тіл ұстартуға, стиль қалыптастыруға, жанр техникасын меңгеруге кетті. Əлі күнге уайымым осы.

– Майлин, Аймауытов шығармаларының дүниеге келген уақыты отызыншы жылдар, ал сіздің қатарластарыңыз 60-жылдары əдебиетке келді. Қазақ əдебиетінің өркендегені де сол тұс. Отыз жылғы үзілістен кейін, əдебиеттің бірден қарқынды дамуының себебі неде?

– Қалай десек те, алпысыншы жылдары əдебиетке келгендердің профессионалдық мектебі орыс əдебиетінің «алтын ғасыры» деп аталатын ХІХ ғасырдың алыптары. Оқу өз алдына, мен солардың ішінен Куприннің, Тургеневтің повестерін, Чеховтің, Буниннің əңгімелерін аудардым. Л. Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік» романының үшінші кітабын қазақшалауға қатыстым. Нобель сыйлығының лауреаты, «академик изящной словесности» атанған Бунинді аударудың өзі əрі қиямет, əрі рахат. Өмірінің соңғы кезінде ол: «жаль что со мной вместе умрет русский язык» дегенді тегін айтпаған секілді. Кейінгі орыс əдебиетінде Бунинді пір тұтқан мен білгенде екі-ақ жазушы – Трифонов пен Юрий Казахов бар еді, өкініші екеуі де ертерек дүниеден қайтып кетті. Ал біздің төл əдебиетімізге орыстың ХІХ ғасыры бізден отыз жыл бұрын келген екен. Оны Жүсіпбек Аймауытовты оқығанда бірақ білдік. Қазақтың профессионалдық прозасы Аймауытовтан басталады десем, қателеспейтін шығармын деп ойлаймын. Байқап отырсам, Əуезовтің өзі де Аймауытовтың шекпенінен шыққан сияқты. Екеуі біраз жылдар қос автор болып жеңіл жанрда əлеуметтік, саяси мəселелерді көтерген, 1918 жылдан «Абай» журналын да екеуі шығарып тұрған жоқ па. Бір кездері айтқан едім: «Əуезов совет жазушысы болған жоқ», – деп. Ол кешегі репрессияға ұшырап кеткен алаш қайраткерлерінің идеясын, творчестволық бағыт-бағдарын да кейін жалғыз арқалады. Оның творчествосының ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі де, жолының ауырлығы да осында. Мұхаңнан кейінгі совет жазушысы болғысы келмеген Тəкен Əлімқұлов ағамыз. Мəскеуде жиырма бес жыл жатып алып, творчествода да совет дəуіріне аяқ баспай қойды ғой. Мен Мағжандарды сол ағамыздан қолжазба күйінде оқыған едім. Демек, алаш қайраткерлерінен айрылу əдеби процесіміздің дамуын отыз жылға ұстап қалыпты. Егер мезгілінде танысқанымызда, алпысыншы жылдардың басында əдебиетке келген «түбітиектер» отыз жыл бұрын ағаларымыз салып кеткен жолды қайта таптамайтын едік.

Әкім Тарази, Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынбек Кәкішев, Қалихан Ысқақ

– Сіздердің дəуірлеген кездеріңіз Кеңес үкіметінің тұсы. Кеңес дəуірінде біздің қаламгерлеріміз неден ұтылды деп ойлайсыз?

– Пəлендейден ұтылдық деп айта алмаймын. Қазір кейбіреулер нашар шығармасын қорғап, «ой, цензура болмағанда, мұны басқаша жазар едім», – десіп жүр. Өтірік. Ол кезде ешкім аянып қалған жоқ. Бірақ төбемізде цензураның тұрғаны рас. Бүгінде өзімнің сол кезде жазғандарымды қарап отырсам, партия, совет үкіметі, кəсіподақ дегендерді айналып өтіппін. Сол ортада туып-өссем де, сол ортада болмаған адам сияқтымын. Оған бір іштей қарсылық па, іштей бір реніштің əсері де болған сияқты. Өйткені, 28-дің кəмпескесі мен отызыншы жылдардың зұлматы біздің отбасымызды да шарпымай өткен жоқ.

– Кезінде цензура болыпты, ал қазір еркін елміз ғой. Еркіндікті пайдаланып неге жазбай жүр?

– Кімнің не жазып жүргенін кім біліпті? Əзірге жазылған дүниелердің көпшілігі публицистика. Əдебиеттің алтын қорында қалмайды. Қалай тəуелсіздік алдық, көбіміз архивке жүгірдік, қалғанымыз қара базарды аралап кеттік. Базарда, транспортта, көшеде не көрдік, соны қазбаладық. Бұл газеттің бір ғана мақаласының жүгі емес пе? Көргеннің барлығынан көркем əдебиет жасалмайды.

Баққожа Мұқай, Қадыр Мырза-Әли, Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази

– Тілдің, діннің мəселесі десе, айғайшыл, жалған ұраншыл болып барамыз. Сол арқылы кейбіреулер өздеріне ұпай жинайтын сияқты көрінеді. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?

– Мұның басы Парламентте жатыр. Парламентте отырған депутаттарымыздың бəрі шын мəнінде ұлттың қамын ойлап отыр дейсің бе? Өтірік айғай. Мұны өзіне жақсы пікір қалыптастыру үшін жасайды. Былай қарасаң, билікті сынайтын сияқты, ал негізінде, бұлар биліктің таңдаған адамдары. Алдау. Билік халықты алдайды, депутат өтірік айғайлап тағы алдайды. Олардың шын айғайлап отырғанына, мен өзім сенбеймін.

– Газет-журналдарда пікір қайшылығы басталса болды, біздің қолына қалам ұстап жүрген қаламгерлеріміз бір-бірінің соңына шам алып түсуді əдетке айналдырған сияқты. Ел зиялыға қарап отыр, ал зиялыларымыздың осы қылығы жараса ма?

– Дұрысын айтсақ, бұл – бейбастақтық. Дау-дамай, айтыс-тартыс бұрын да болған. Айырмасы – таланттан жұрдай, дарынсыздардың талантқа ататын ағаш оғы болатын, коммунистік идеология дегенді бүркеніп, совет өкіметімен қорқытатын. Бағалаған адамға, Бекділдə Алдамжар елу жылдық əдебиетті ақтарып отырып, ұлан-қайыр талдау жасады. Сол-ақ екен, баладан бақсыға дейін бəрінің артындай шуласып шыға келдік. Көбісі мақтауға жаман үйреніп қалған, кешегі цензураның кезінде-ақ «алтын тұғырға» шығып алған «ақсүйектер». Біз қазір сын жоқ дейміз. Расында сын жоқ. Бүгінгі сындардың бəрі рецензияның деңгейіндегі, бір шығарманың төңірегінде ғана айтылған сыңар пікір. Ал сыншының орны бөлек. Ол да əдеби процесс тудырған интеллект. Əдебиетті зерттеу бір басқа, ол əдебиеттану, ал сын бөлек. Бір жанрдағы екі сала. Біреуі – сыншының, екіншісі – ғалымдардың еншісі.

– Өзіңізді əдебиетке келгенде сынады ма? Сынаса, қалай қабылдадыңыз?

– Сынады. Алғаш келгенімде емес, 60-жылдардың ішінде, Хрущевтің жылымығынан кейін, Хрущев «абстракциониз жəне формализм» деген науқан ұйымдастырды. Соған байланысты «Қоңыр күз едіні» сынады. «Социалистік Қазақстанға» Əбділдə Тəжібаев сын мақала жазды. Бұдан екі күн бұрын «Казахстанская Правдаға» Мұхаметжан Қаратаевтың мақаласы шыққан. Ол кісі: «Абстракционизм мен формализмді көктеп келе жатқанында қырқып тастау керек» деген болатын. Тоқаш Бердияров екеумізді қосақтап қойып айтқаны. Жуырда Бекділда да сынады ғой. Оған ешқандай шамданбаймын. Бекділда бір жағынан мектеп жасындағы қыз бен баланың арасындағы ғашықтықты ғана тілге тиек етіп отыр. Шындығында кешегі əскери тəрбие жүйесі. Ал қыз бен бала соған ілгешек. Осыны Бекділда аңғармай отыр. Оған ақталып жатпаймын.

– Кино саласында да қызмет жасадыңыз. Ұмытпасам, Майлиннің бірқатар шығармаларына сценарий жазыпсыз. Əдебиеттен киноға келуіңізге не себеп болды?

– Ол жылдары киностудияда бас редактор əуелде Əкім еді, кейін Олжас Сүлейменов болды. Мəскеуден сценарлық курсты бітіріп келдім. Кино саласында тегін жұмыс істедік. Олжас: «Қазақфильмді жасау үшін өзіміздің авторларымызды пайдалануымыз керек. Экранға жарайтын біздің қаншама əдеби қорымыз жатыр. Белгілі- белгілі жазушыларды шақырып алайық та, соларға тапсырыс берейік. Өздерінің жазған шығармаларының негізінде сценарий жазсын. Бірақ сценарийдің не екенін білмейді, сондықтан жазатын сендер боласыңдар, ол үшін көк тиын алмайсыңдар» деді. Патриот болдық. Бірақ, елу алты жасында Шəкен Айманов қайтыс болды, елу алты жасында Абдолла Қарсақбаев дүниеден өтті. Сосын Олжас: «Енді қандай сценарий жазсаң да ешнəрсе шықпайды? Оны қоятын профессионал режиссерлер жоқ. Поэзия мен прозаның сарайы бос қалды. Енді бəріміз де үйге қайталық, жігіттер», – деді. Бəріміз одаққа қайттық. Сайын, Асқар Сүлейменов, Əкім Тарази. Олжас секретарь болып келді.

Қалихан Ысқақ «Ана тілі» баспасында. Жанында отырған жазушы

Оразбек Сәрсенбай, түрегеліп тұрған баспа директоры, жазушы

Жақау Дәуренбеков (сол жақта) және Молдахмет Қаназов

– Олжас Сүлейменовпен қатар, бірге жүрдіңіздер. Ол кісінің ақындығын, азаматтығын ешкім жоққа шығара алмас. Бірақ бүгінгі ұлтқа қатысты айтып жүрген пікірлерін қалай түсінеміз?

– Олжастың азаматтығының жөні бөлек. Ол – ірі тұлға. Бүкіл творчествосы орысша болған соң характері де соған ауып кеткен. Бірақ, ол ұлттың қамын ойламай жүр деп айтуға келмес. Егер ол ұлттың қамын ойламаса, көне түркіні зерттемес еді. Ол өзінің түпкі тамырын іздеп жүр. Осыған орай жазылған мақаласы да бар. «Литературная газетаға» қысқартылып басылды. Толық нұсқасын аударып, «Парасат» журналына бердік. Олжастың: «Дүниежүзінде əнді жанр қып ұстап келе жатқан қазақтан басқа бір халық жоқ» дегені ше? Аманхан Əлімнің мақаласын оқып шықтым. Оның мақаласын да мынау дұрыс, мынау бұрыс деп айта алмайсың. Алмағайып заманға байланысты адамның пікірі кейде толқитыны болады. Қазақтың халқына емес, биліктің кейбір істеріне наразылығы шығар. Сайын екеуміз «Халық конгресі» газетінде жұмыс істедік. Газетті екі тілде Олжас өз қаржысымен шығарып тұрды. Италияға кетерінің алдында бізді жиып алып: «Енді босқа сөзімізді шығындамайық. Өйткені, қазір бізді тыңдап жатқан ешкім жоқ. Айтқан сөзіміздің бəрі далаға кетеді. Қайтып оралған соң, көре жатармыз», – деді. Мүмкін, Олжастың басқадай ойы бар ма? Өзінің күш-жігерін сақтап, алдағы мақсатқа дайындалуы керек шығар. Бірақ, əзірге шалғайда жүр. Қоғамдық құрылыстың, қоғамдық құбылыстың артын баға ма, əлде əлі ситуация туған жоқ деп ойлай ма, ішіне кім кіріп шығыпты. Негізінде Олжас саясатта шахматист, алдыңғы жүрісін күні бұрын ойлап қояды. Шетелге кеткелі қарым-қатынасым жоқ.

– Театрда да бірнеше пьесаларыңыз жүрді. Соның бірі – «Сабатаж». Спектакльге қарап отырсақ, кейіпкерлер Майлиндікі болғанымен, оқиғада біраз өзгерістер бар сияқты.

– Бейімбет Майлиннің 6-7 əңгімесінен «Сабатаж» деген пьеса жаздым. «Каждый народ достоен своего правителя» дейді. Бұл – сонау диктатураның заманы. Бүгінгі проблеманы жұрттың есіне салу үшін, Бейімбетті пайдаландым. Оның кейіпкерлерін ғана алдым. Кейбір детальдарын алдым. Сол сияқты «Қараш-қараш оқиғасын» да басқалай жазып шықтым. Материал Əуезовтікі, пьеса менікі. «Есеней-Ұлпан» да осы принциппен жазылды.

Сыйлас, сырлас аға мен іні: Қалихан мен Темірбек

– Бір кездері Оралхан Бөкей «Қазақтың уыздай нəрлі, тас бұлақтай таза тілі қазір санаулы ғана жазушыда қалды» деген екен. Кезінде санаулы болса, бүгін қалай?

– Қазіргі шығармалардың оқылмайтындығы – тілдің жоқтығынан. Тілсіз сурет салынбайды. Тілсіз ой оқушыға жетпей қалады. Газеттің тілімен көркем əдебиет жасалмайды. Журналистика мен көркем əдебиет екі бөлек. Екеуі екі жанр. Журналистика деген көркем əдебиеттен гөрі нақты, актуальді нəрсеге негізделеді. Көркем əдебиет оған ере алмайды.

Журналистиканың тілі – публицистика. Публицистика көркем əдебиеттің қорына кірмейді. Мезгілдік мақсатын орындады ма, заман өткесін, ол керексіз боп қалады. Келешекте тарихқа, зерттеуге қажет шығар, өздігінен жеке бір дүние боп қалмайды.

– Қатонқарағайға жиі барады екенсіз. Үй де салып алыпсыз. Түбінде қаланың шуылынан, мазасыздығынан қашып, елге бармақшысыз ба, əлде сол жақта шығармашылықпен айналысып жүрсіз бе?

– Жоқ. Тек творчествомен айналысам деген мақсат ойымда да жоқ. Елде отырып, бірде-бір дүние жазбаппын. Елден алыста отырып, елді сағынып отырып, жазуға болады. Алматыда отырып, елді жазамын. Ал елге жиі баратын себебім, ел тозып кетті. Алтайдың орманы, аңы, бəрі тонауға түсіп, быт-шыт болды. Соған бір шаруа істеу керек болды. Ұлттық паркті ұйымдастыру үшін біраз жыл сабылдым. Қасым Қайсенов ағамнан бастап, Бибігүл Төлегенова апамызға дейін, Дидахмет, Əкім Тарази боп жүріп, Президентке, Үкіметке, Парламентке хат жаздық, оны екі дүркін газетке жарияладық.

Парктің картасын жасап, сметасына дейін белгілеген сол кездегі ауылшаруашылық министрлігіндегі ерекше бақылау территория бөлімінің меңгерушісі Талғат Кертешов, Парламентте ұсыныс көтергізген, үкіметтің құлағына əрмен қарай жылжытқан депутат Асқар Қабанбаев. Əйтеуір, мақсатқа жеттік-ау, қазір. Бір ғана басқармасында 460 адам жұмыс істейді. Бюджеттен 150 млн. ақша алады. Халықаралық орталыққа тіркеліп, ЮНЕСКО-ның бақылауына да өтті. Енді туризм басталмақ. Қонақ үйлер, жол салынып, туристік орындар ашылу керек. Оған қаржы бөліну керек. Сонда ауданда жұмыссыз жүрген бір адам қалмайды деп үміттенеміз. Ең бастысы – халықаралық конвенция мемлекеттік шекараның қауіпсіздігіне кепілдік береді.

– Не жазып жүрсіз?

– Бос жүргенім жоқ. Бірақ əзірге шикі. Тағы да Бунинді қазақшалап жатырмын.

– «Түркістанның» дəстүрлі сұрағы, ұлт үшін не істедім деп ойлайсыз?

– Өзім қазақ болғаннан кейін, бүкіл тірлігім де қазақ үшін емес пе? Жазғаным да, тіршілігім де. Əлгі Амантай қажы сияқты плакаттар көтеріп, көшеде жүргенім жоқ.

Сұхбат Г.Бектастың «Ақиқатын айтқанда...» кітабынан алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар