Мұхтар Мағауин. Ақын, тарихшы, философ - 1
Бөлісу:
Жарты ғасырдан астам ерiксiз үзiлiстен соң халық алдына қайта шыққан ұлы тұлғаларымыздың бiрi Шәкәрiмнiң қазақ халқының рухани мәдениетi тарихында алатын орны өзгеше. Шәкәрiм әрi ақын, әрi тарихшы, философ, өз заманының үлкен ойшылы едi. Қазақ әдебиетiн жаңа белеске көтерген, қазақ халқының көркемдiк ойының үздiк үлгiлерiн туғызған, қазақ өлеңiн түрлендiре түскен, қазақ тiлiнiң мол мүмкiндiктерiн бұрынғыдан әрмен танытқан бiрегей қаламгер едi. Ол жаңа қазақ әдебиетiнiң көшбасшысы Абайдың үлкен ағадан туған iзбасар iнiсi едi. Туыстық жөнiнен ғана емес, ұстанған жолы тұрғысынан алып қарағанда да Абайға ең жақын адам едi. Бұдан елу жыл, сексен жыл бұрын Абайдан соңғы ең танымал есiм, Абайдан соңғы ең көрнектi тұлға саналды.
Содан соң... қытымыр, қилы заманда оққа ұшқан ақынның есiмi де жұртшылық санасынан аласталмақ екен. Бiрақ... өзi өлсе де аты өшпеген. Шығармалары ұмытылмаған, бiрақ жұрт алдына да жарқырап шықпаған. Өлең-жырлары, дастан-хикаялары ел аузында жүрсе де әдебиет тарихына енбеген. Баспасөзде мүлде атаусыз қалған. Атауға тыйым салынған. Осыған керiсiнше, ел iшiндегi даңқы өсе түскен. Күнi кеше ғана өтсе де, көзiн көрген талай адам әлi күнге ауыл арасында жүрсе де, өмiрi ертегiге, iсi аңызға айнала бастаған. Ал шығармалары... шығармалары сансыз қолжазба, сауатты, сауатсыз көшiрмелер арқылы бүкiл қазақ даласына тарапты. Ақсақалдар бас қосқан жиынды жерде, ағайындар мейман күткен отырыста дастандары жырланыпты. Сөйтiп, есiмi көмескiленгенмен, еңбегi күңгiрт тартпаған ақын туған елiнiң рухани өмiрiнен сырт қалмапты. Қазiр қарасақ шалдар қатарына енген бiздiң буын Абаймен қатар Шәкәрiм үлгiсiн де кәмiл танып өстi десем, артық болмас. Өз басым Шәкәрiм дастандарын Абай өлеңдерiмен қатар жаттап тiл сындырғандықтан айтып отырмын бұл сөздi.
Әйтсе де... жарияның жөнi бөлек. Әсiресе жұртшылық тасқа басылған қағазға, көзбен көретiн сурет, құлақпен еститiн ақпарға бiржола ден қойған қазiргi заманда. Әдебиет дамыды, мәдениет жаңғырды, жаңа ұрпақ өсiп жеттi. Соңғы ширек ғасырда Шәкәрiм еңбегi тек ортаңғы, iлгергi буындағы санаулы адамдардың ғана жадында тұрған едi.
Қалың қауымға мүлде бейтаныс қалды. Және уақыт озған сайын ұмытылып бара жатты. Ақыры... «Ештен кеш жақсы» дегендей, Шәкәрiм есiмiн қаймықпай атайтын күнге де жетiппiз. Ақынның бiразы революциядан бұрын, шағын жинақтар түрiнде басылған, кезiнде кеңiнен тараса да, Москва, Ленинград, Алматының орталық кiтапханаларында бiрер даналап қана сақталған, ал көпшiлiгi қолжазба күйiнде қалған мол мұрасын жарыққа шығарар жағдай туды. Қазақ әдебиетiнiң өткен тарихындағы, баспасөзде, ауызекi сөзде айтылғандай «ақтаңдақ» емес, ызбарлана үңiрейген қара қуыстардың бiрiн тығындауға мүмкiндiк туды. Кәмiл танымақ, түбегейлi зерттемек – болашақ үлесi. Әуелгi кезекте оқырман қауымға Шәкәрiмнiң өмiр жолы, өнер мұраты туралы мағлұмат бермекпiз. Шәкәрiм 1858 жылы Шыңғыстауда дүниеге келедi.
Болашақ ұлы ақын Абайдың жетi ағайынды болғаны белгiлi. Шәкәрiмнiң әкесi Құдайбердi – сол жетеудiң ең үлкенi едi. Парасатты, мейiрбан, кең пейiл ағаны Абай айрықша сыйлаған көрiнедi. Құдайбердi Шәкәрiмнiң алты жасында қайтыс болды. Бұдан соңғы жерде жетiмдiк, жоқшылық көрмесе де, әке бауырынан айрылған, қаршадайынан-ақ ерекше зеректiгiн аңғартқан Шәкәрiмдi Абай өз қамқорлығына алады. Туған әулет дәстүрi, өскен орта ыңғайы, ақын аға тағлымы
Шәкәрiмнiң азамат ретiнде қалыптасуына ғана емес, ақын ретiнде қанаттануына да ерекше әсер еттi. «Әкемiздiң бiр шешесiнен туған Ибраһим мырза, – қазақ iшiнде Абай деп атайды, – сол кiсi мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрiк һәм алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кiсi едi, ер жеткен соң сол кiсiден тағлым алып, әр түрлi кiтаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесiн сездiм. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ iшi болғандықтан, қадiрi азырақ бiлiндi. Алай болмағанда дәнiшманд, хаким, философ кiсi едi. Қор елде туды да, қорлықпен өттi», – деп жазады Шәкәрiмнiң өзi кейiнiректе. Бұл – iнiнiң өз өмiр жолын байыптауы ғана емес, ақын ағаның халық тарихында атқарған қызметiн, ерекше болмысы мен трагедиялық тағдырын да кәмiл түсiнгенiн аңғартатын сөз. Ал өмiрде мейiрбан аға өнерде аса қатал төрешi едi. Және айтар сын, артар мiндет – мүмкiндiк шегiнде; қабiлет күшi, дарын биiгiне орай, ауырлана, аумақтана түсетiн.
Арнайы оқу орындарын бiтiрмесе де, Абайдың басшылығымен және өз бетiнше iздену нәтижесiнде Шәкәрiм сол замандағы қазақ арасындағы – қазақ қана емес, бүкiл Түркiстан өлкесiндегi ең ғұлама адамдардың бiрi болып шығады. Түрiк, араб, парсы тiлдерiмен қатар орыс тiлiн де жетiк бiледi, классикалық шығыс поэзиясын, орыс және Еуропа әдебиетiнiң озық үлгiлерiн терең түсiне оқумен шектелмей, философия мен дiн тарихына қатысты еңбектердi де қадағалап отырады. Құнанбай әулетiнiң дәстүрi бойынша ел iшiнде де билiк құрып көредi, бұл кезде өнер жолына бiржола бет қойған, дұшпаны көбейiп, тынысы тарылған Абайға сүйенiш, демесiн болады. Алайда, көп ұзамай-ақ болыстықтың бар «қызығын» басқа iнiлерге қалдырып, өзiнiң шын мұраты – сөз патшалығын жаулауға бiржола бет қояды.
1904 жылғы Абай өлiмi, өнерлi екi iнi – Ақылбай мен Мағауиядан тағы айрылу, Россия империясы шегiндегi барлық езiлген ұлт үлкен үмiт артқан 1905 жылғы алғашқы орыс революциясының жеңiлiске ұшырауы Шәкәрiм санасына, оның өмiрге, қоғамдық қызметке көзқарасына ерекше әсер етедi. Шәкәрiм тiршiлiк, тағдыр туралы сауалдарына жауап iздейдi. Оқу, iздену аймағын кеңейте түседi. Дiн тану емес, ел тану, жер көру мақсатында қажыға барып қайтады. Бұл сапар оның ой өрiсiн кеңейтедi, ақын қазақ халқы дiн қуған мұсылманшылық жолын емес, ғылым-бiлiм қуған Еуропа халықтарының жолын таңдауы керек деген ойға беки түседi. Осы кезде өзi көптен әуестенiп жүрген толстойшылық идеясына бiржола берiлген ақын өмiрден баз кешiп, жұрттан аулақтайды да, Шыңғыстың күнгей сыртындағы Шақпақ дейтiн жерде таза әдеби қызметпен ғана айналысып, қысы-жазы жападан-жалғыз жатады. 1917-1925 жылдар аралығында Шәкәрiм аз уақыт дүниауи өмiрге қайта оралғандай бо- лады, ел iшiндегi игi өзгерiстердi құттықтайды, газет-журналдар бетiнде замана ағымына үн қосқан өлеңдер бастырады. Алайда, қарт ақын көп ұзамай қайтадан ел тiршiлiгiнен аулақтайды.
Шәкәрiм 1931 жылы қайғылы қазаға ұшырады.
Ғұлама қаламгердiң өнердегi жолы ұзақ та ұлағатты.
Келiстi әрi күрделi.
Атаның мол дәулетi, ағайын-туыстың өр кеудесi, ағаның мәртебе-даңқы арқасында бұла өскен Шәкәрiм өзiнiң өмiр жолын ғана емес, өнер жолын да сауық-сайраннан, мереке-қуаныштан бастайды. Қартайған шағында:
Қайран
Қайғысыз, қамсыз күндерiм,
Сайран
Сауықты, рақат түндерiм, –
деп, қимастықпен өксiген ақын әуелде сүйiспеншiлiк сырын, жастық қуанышын жырлауға ден қойған едi. Абайдың өлең өрнегiн ұстанған, Абайдың тiл мәдениетiн үлгi тұтқан махаббат жырларының өзiнде Шәкәрiм тың бояу табуға, соны сыр түюге ұмтылады.
Жаудырап көзi,
Тамшылап сөзi,
Жiбектей шашын тараса,
Қалмайды халiң,
Шығады жаның
Қиғаштай көзбен қараса.
Бұл дүниеде қыз қызық,
Бозбалада ой бұзық...
Бұл – қазақ лирикасындағы өзгеше леп. «Ертiстiң ар жағынан көрдiм сенi, – Сырғаңды қайық қылып өткiз менi...» – деп әдептен аспай, наздана қиылу емес. Тiптi, «Әлифдег ай йүзiңе ғибрат еттiм», – деп, «Сәң„ ғишқ болып кәмтар, – Сүлейман, Ямшид, Искәндәр – Ала алмас барша мүлкигә», – деп, үмiтсiз сәлем жолдайтын мұңды сағыныш та емес. Шынайы өмiр. Бүкпесiз сезiм. Керек десеңiз, анайы құмарлықтың бұлықсып шыққан от-жалыны.
А, дүние, дүние,
Ақылға сонда кiм ие?!. – ынтызар қападан өзгешерек хал, аспандағы айдың жерге түсуi, перiштенiң пендеге айналуы.
Шәкәрiмнiң осы шамада шығарылған, махаббат қуанышына арналған екiншi бiр өлеңi («Шын сырым») бұдан өзгеше сипат танытады. Ақынның ұмтылар биiгiн, ұстанар межесiн айқындайды. «Мен түрiктiң пәк сұлуын тәңiрiме теңер ем, – Самарқан мен Бұқараны бетiндегi Жалғыз меңге берер ем», – деп шалқи шырқаған махаббат жыршысы хафиздiң өзiн харысқа шақырған Шәкәрiм қазақ поэзиясында мүлде соны бағытқа iз салады. Өлең өрнегi де, сөз саптасы да үйреншiктi қалыптан бөлек. Ежелгi шығыс поэзиясын еркiн игерген, қазақтың дәстүрлi лирикасы қара өлеңнiң қасиетiн жете таныған, Абай өнегесiн, Абай тағлымын кәмiл ұғынған жас ақын тiлi ұстарған, өзiндiк жол тапқан қас шебер екенiн аңғартады.
Бақытсыз жүрегiм
Жалындап жанып тұр,
Үмiттi тiлегiм
Орынсыз қалып тұр,
Ақыл, қайрат, сабырдың бәрi кетiп,
Адасқан асығың мұңлы әнге салып тұр.
Бұл — Хафиз әуенi, Науаи үлгiсi. Тәжiк-парсы, түркi-шағатай дәстүрi. Соның өзiнде қазақ үшiн тосын естiлуге тиiс. Көңiлге берiк орнап, жүрекке нық таңбалануға тиiс. Алайда, бұл – махаббат жырының құлақ күйi, әуелгi аккорды ғана. Ақын қиялы, ақын сезiмi ешқандай шарттылыққа бағынбайды, тежеуге қарамайды. Ақынның ғашығы – жай ғана сұлу емес, бiр адамның, жұмыр басты пенденiң ғана құмары емес. Онсыз тiршiлiк жоқ. Дүниеде сән-салтанат, өмiрде мән-мағына жоқ. Бүкiл әлемнiң көркi, жердегi, көктегi жанды-жансыз атаулының тәңiрiсi, бар ғаламның қозғаушы күшi – сол ғана.
Күн батып жоғалды
Нұрыңнан ұялып,
Жұлдыз бен ай қалды
Сәулеңнен нәр алып.
Жетi қарақшы айналып сенi iздеп жүр,
Бәрi де сенi ойлап, мас болып сандалып,
Үркер мен Таразы
Шашуды шашуға,
Шолпан да қарады
Мауқын бiр басуға.
Темiрқазық арқандап
Қос боз атын,
Жаратып ойы бар тойыңа қосуға.
Асқақтата толғап, еркiн шалқыған ақын ғарыштан бiрақ шықты. Және күпiлдек жел сөз, күмпиген теңеу, жалтырақ әлемiш жоқ. Ақын ойының кеңдiгi, ақын қиялының өрлiгi көрiнедi. Жазғы аспанда жапырлай көтерiлген Үркер, жалтырай жымыңдаған Таразы, Темiрқазыққа байланған Ақ боз ат пен Көк боз ат, ол екеуiн торып, тынымсыз шыр айналған жетi қарақшы... Жыр сазы, көңiл ырғағы қазақ санасына сiңiстi космогониялық түсiнiктермен астасып жатыр. Ақын сөзiнiң әсерлi күшi осында. Екiншi бiр әсер осы жолдардың түп астарында жатыр. Аңыз бойынша, аспанды шыр айналып жүрген жетi қарақшының мақсаты – Ақ боз ат пен Көк боз атты ұрлау. Бiр заманда бұлардың аралығы өте алыс болған екен. Қазiр жақындаған. Бiрақ жетi қарақшы Қос боз атты Темiрқазықтан ағытып әкеткенше тағы қаншама ықылым өтедi. Қос бозды ұрлау – ақырзаман күнiне сәйкес келмек... Сол жетi қарақшы әлi арқанда жүрген Қос бозды ақынның Сүйiктiсiнiң тойында бәйгеге қоспақ. Тұспал түсiнiктi. Ақын қол жетпес сұлуға ғашық болған, екеуi бұл дүниеде қосылмақ емес...
Махаббат шуағын мадақтаған, жастық қызығын дәрiптеген ақын тағы бiр өлеңiнде адамды қаусатып, бар құмардан айыратын кәрiлiктi даттайды. Адам ғұмырын кезең-кезеңге бөле сипаттау, сол арқылы тiршiлiктiң мән-мағынасы туралы толғану – қазақ поэзиясында тым ертеде қалыптасқан дәстүр, үйреншiктi тақырып. Алайда, Шәкәрiм бұл ретте де өзiндiк үн табады. Кәрiлiк – өмiрдiң өшуi, құмардың тозуы ғана емес, бар тiлектiң таусылуы. Берерi жоқ, алары ғана бар; төңiрегiне түгел бөгет сиықсыз, сүйкiмсiз. Өзiне бейнет, өзгеге масыл шақ. Сондықтан жас ақын өз сөзiн:
Алпыстан ары бармаңдар,
Аңдамай шал боп қалмаңдар, –
деп түйiндейдi.
Бұл сөз қырыққа жаңа келсе де: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, – Ашуың – ашыған у, ойың – кермек», – деп отырған, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман, – Шошимын кейiнгi жас балалардан», – деп отырған ақын ағаның шамына тиедi. Бар кiлтипан жас ақынның «кәрiлiктi жамандап, өлiм тiлеуiнде» ғана емес едi. Шәкәрiмге «алтын иектiң» де салқыны тиген («Бiр сүйiп алтын тамақтан...»), айдаһар жағына баспаса да, Абай жол ашқан реализмнен аулақтау бағдар аңдалған. Зор талантқа өзгеше талап қойған ақын аға iнiсiнiң тым жеңiлдеп кетпеуiн ойлаған едi. Әрине, кезiнде ауыр тигенi анық.
Қазiр де ауыр естiледi. Бiрақ тек қана пайдаға шықса керек. Шәкәрiм iзденiс өрiсiн кеңейте түседi. Бiлiм жолына бiржола бас қояды. Қазақ тұрмысына ғана емес, бүкiл әлем кейпiне ойшыл көзбен қарайды. Бүгiндi жете танып, болашақ сұлбасын аңдайды. Барды байыптап, халық қазынасын жаңаша таразылайды. Өмiрге, қоғамға, санаға өзiндiк көзқарасы қалыптасады, ақыр түбiнде өнердiң өзгеше өрiсiне шығады.
Шәкәрiмнiң қазақ рухани өмiрiндегi жаңаша болмысы оның дiнге көзқарасынан айқын танылады. Әлбетте, Шәкәрiм – өз заманының перзентi. Ұғым, наным, түсiнiк шектеулi шеңберде. Алайда, ақын бас ұрған ақиқат ұждан, шын иман, «адаспайтын айқын жол» – адамдық, кiсiлiк.
«Атақ, пайда iздемей, – Ойында мақтан жоқ болса, – Қиянатты көздемей, – Қанағатқа тоқ болса» – пұтқа табынған мәжусидiң өзi әулиемен тең. Дүние қуып, пайда iздеген, алдау-арбаумен күн өткiзген молда «мешiтте мың жыл отырса» да бейiштiң есiгiнен сығалай алмақ емес. Ақын ұғымында бар кiнә иманын малға айырбастаған молдада ғана жатқан жоқ. Бұл күнде алланың аяты да, пайғамбардың хадисi де бұзылған. Бұзған бiрдi-екiлi адам емес, бүкiл қауым. және дiн бұзған, iзгi уағыз, қасиеттi кiтап жолынан ауған жалғыз Мұхаммед үмбетi ғана емес.
«Таурат» терiс түсiндiрiледi,
Зәрдөштiң өсиетi ұмытылған,
Будданың iлiмi жаңсақ ұғылып,
Айсаның айтқандары бұрмаланған.
Бұл күнде дұрыс иман Жоқ,
Шатақ дiн нәпсi тыйған жоқ,
Ақылы саудың ойына
Алдамшы дiндар сыйған жоқ.
Сонда қандай жолды таңдауымыз керек? Ақиқат жолды! – дейдi ақын. Бұл – бәрiмiз құмарланып, бәрiмiз мұрат тұтатын шын асыл жар, айнымас серiк, адастырмас жолбасшы. Ал ақиқатқа жетудiң амалы – осы заманғы оқу-өнердi игеру. Жоқтың орнын толтыратын, жеке адамды ғана емес, тұтас халықтарды бақытқа бөлейтiн – ғылым-бiлiм ғана. Шәкәрiм қазақ қоғамындағы кемшiлiктердi, қазақ халқының басындағы ауыр халдi ең алдымен осы Еуропа өнер-ғылымынан кенде қалу нәтижесi деп есептейдi. «Жер жүзi жабылғанда бiлiм жаққа, – Қазақ жүр құмарланып құр атаққа...». Осының нәтижесiнде алға озу қайда, күн өткен сайын керi кетiп, елдiктен, кiсiлiктен айрылып барады. «Қайран елiм, қазағым, қалың жұртым!..» – дейдi ақын ағаға үн қосқан парасатты iнi.
Болашақты бағдарламақ үшiн бүгiнгiнi бағалау ләзiм. Шәкәрiм қазақ халқының дәл сол тұстағы тұрмыс-ахуалын, жай-күйiн нақты байыптайды. Абай бедерлеген өмiр суретiн кеңейте, айқындай түседi. Қуы алдап, сұмы елiрiп, байы бас қамын ғана күйттеген, игi жақсылар партияшылдық, дау-дамай ғана қуған елдiң бүгiнгi тiрлiгi тым сұрықсыз. Батыстың оқу, ғылымынан, өнер-бiлiмiнен махрұм жұрттың тура жолға түсер, оңалар түрi көрiнбейдi.
Ойда жоқ өнер бiлiп жол табайын,
Жалмауға жалықпайды өз маңайын.
Мұның түбi не болар деген жан жоқ,
Ұрлық, ұрыс, араздық күнде дайын, –
дейдi төңiрегiнен түңiлген ақын.
Абай: «Өз бетiңмен түзелер дей алмаймын, – Өз қолыңнан кеткен соң ендi өз ырқың», – деп едi. Сөйте тұра заманды өзгертпесе де адамды түзеуге күш салған. Шәкәрiм де сүйектен өтер ащы сөзiн, ақиқат сырын айта отырып, туған халқын бақытқа жеткiзер амал iздейдi. «Қазағым, қам ойлан, Сен де адам едiң ғой!» – деп зар шеккенде, ұсынар жолы – ағартушылық. Ғылым – жұрттың бәрiн сусындатар шалқар көл, халықты бақытқа, байлыққа бөлер таусылмас кен, рухани дерт атаулының бәрiн аластайтын, елге қайрат, күш беретiн дәру. Күнбатыс халықтарын қуат-құдiретке жеткiзген ғылым-бiлiмдi игерсе, қазақ та тарих көшiне iлеспек, басқалармен басы теңеспек. Ал ғылым- бiлiмдi игеру үшiн, жас балаларды жаңаша оқыту қажет.
Ақын туған халқын жарық сәулеге үндеумен ғана шектелмейдi. Ел тiрлiгiндегi кеселдi құбылыстарды ашады, алға жылжуға бөгесiн, кертартпа сананы әшкерелейдi, дiни және рухани соқырлықтың мән-мағынасын ашуға тырысады. Адам баласының басқа тiршiлiк иелерiнен айырым белгiлерiн сөз етедi. Адамның өзгеше болмыс-бiтiмiн, оның ақыл-ойын ғана емес, түйсiк-сезiмiн, тiптi физиологиялық ерекшелiктерiн де өлеңге арқау етедi. Еуропа ғылымының адамтану саласындағы жетiстiктерiн көпшiлiк алдына тартуды мұрат тұтады. Ақын шығармаларындағы қазiргi оқырманға әншейiн ақылгөйлiк көрiнуi де мүмкiн осындай сипаттардың өзi қазақ халқының қоғамдық ойының даму жолындағы үлкен белес едi. Жаратылыстану жайын былай қойғанда, гуманитарлық ғылымдардың өзi қалыптаспаған өткен ғасырда әдебиет айрықша ауыр жүк, кейде өз болмысынан тысқары мiндет атқаруға тиiс болған-ды. Замана кейпi, тiршiлiк кебi туғызған бұл ерекшелiктiң бiр ұнамды сипаты – ойшылдықпен астас азаматтық әуен. Ақын араласпайтын, ақын үн қоспайтын құбылыс жоқ десек те, өмiр тану, дүние тану, iзгiлiкке, кiсiлiкке үндеу жолында Абай мектебi айрықша өнеге тастады. Октябрь қарсаңындағы елу жылда ақын даусы асқақ естiлуi, ақын сөзi өзгеше күшке айналуы кездейсоқ емес. Бейбiт әуездi ағартушылық сарыны уақыт оза келе арқыраған күрес үнiне ұласқан едi. Көзiңдi аш, оян, есiңдi жи деп бастап, ғылым-бiлiмге, өнер жолына үндейтiн өлең жолдары ендi бақыт – күресте, шын мақсат – бас бостандығы, ел еркiндiгiнде жатыр дейтiн, замана шындығынан, халық арманы, тарихи жағдай ауқымынан туындаған жаңа ұранға айналады.
Батыстың отаршыл мемлекеттерiнiң түпкi саясатын нақты тану, әсiресе бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс тек Шәкәрiмге ғана емес, сол тұстағы ағартушылық жолын ұстанған бүкiл қазақ зиялысына қатты әсер еткен едi. Бар бақыт, бар iзгiлiк өнер-бiлiмде болмай шықты. Үстiрт қарағанда ғана «ғылымды елдiң сырты таза» көрiнедi екен.
Еуропа бiлiмдi жұрт осы күнде,
Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде, –
дейдi, империалистiк соғыс сұмдықтарынан түршiккен ақын. Тексере қараса, бұл – бiр күнде пайда болған келеңсiздiк емес. Арыдан басталған, уақыт озған сайын, жұрт бiлiмденiп, қару-жарақ жетiлген соң мүлде шектен шыққан ахуал.
Тамам жан өзiн өзi «мен» деседi,
Өзгелердi жатырқап «сен» деседi.
«Бiз» дейтұғын бiр елдi таба алмайсың,
Бұл қайтiп әдiлетпен теңдеседi?!
Күш-қуаты, өнер-бiлiмi шамалас елдер өзара бақталасса, барлық жаратылыс байлығын әскер ұстауға, қару сайлауға ғана жұмсаса, үстемдiкке ұмтылса, ұсақ халықтардың, әлсiз жұрттардың көрер күнi тiптi қараң. Дүлей күш «әлсiздi аңша қыруға, момынды құлдануға» қызмет етедi. Ақын биiктен барлап, тереңнен толғайды. Жауыз халық жоқ. Жат нәсiл жоқ. Бар кiлтипан – терiс пиғыл, жемқор қиянатшылдықта жатыр. Адамда ынсап та, мейiрiм мен шапағат та мол. Алайда, «Мылтық билеп тұрғанда әдiлет жоқ». Адамзат оң жолға – бауырластық, кiсiлiк жолына түсуi үшiн «ар түзейтiн ғылым» керек. Сонда ғана зұлымдыққа тоқтау салынбақ.
Шәкәрiмнiң мейiр мен зорлық, әдiлет пен зұлымдық, ғылым мен мораль, адам мен заман туралы толғаныстары екi ғасыр шегiндегi қазақ қоғамдық ойының марқайған қалпын, бүкiл Түркiстан өңiрiндегi алдыңғы қатарлы, биiк өресiн айғақтаса керек. Бұл кезде қазақ әдебиетi дiн шырмауы, ескiлiк көлеңкесi, ел iшiндегi кертартпа құбылыстар сияқты аса мәндi, бiрақ кезеңдiк тақырыптарды еркiн игерiп, бүкiл адамзаттық мәселелерге, әлемдiк тақырыптарға бiржола ден қойған едi. Бұл тараптағы Абай салған жол кеңейе, дағдылана түскен болатын. Сондықтан да Шәкәрiмнiң азаматтық лирикасы тек қазақ қана емес, қазiргi советтiк шығыс халықтарының поэзиясындағы, туыстас, тағдырлас жұрттардың барлығының рухани даму тарихындағы өзгеше құбылыс деп бағалануы ләзiм.
Шәкәрiм лирикасының тағы бiр озық сипаты – нәзiк те терең психологизм. Сезiм қылын шертер, санаға таңбаланар сыршылдық ақынның алғашқы туындыларынан-ақ байқалған. Қаншама әсерлi болғанымен, бұл өлеңдерде жалаң сезiм қуанышы, жастық көңiл буы басым едi. Абай ағаның өнердегi әрбiр жаңа қадамын, өзгеше лепесiн қалт жiбермей қадағалап, терең түсiну, шығыс поэзиясын, оның iшiнде әсiресе Хожа Хафиздың сырлы жырын бойға сiңiру, бұдан соңғы жерде орыс әдебиетiн етене тану, орыс тiлi арқылы бүкiл батыс сөз өнерiне қол созу ақын талантына өзгеше қуат бердi. Қоғам тану, дүние тану өз алдына, өнер мұраты туралы жаңа түсiнiк қалыптасты. Ендi ақын сезiм шырғалаңдарын таңбалауға ден қояды. Адамның iшкi әлемiн аша талдауға – қуаныш, ренiш, сүйiнiш, махаббат жайын байыптауға айрықша көңiл бөледi. Тiршiлiк мәнi, тұрмыс машақаты, әдiлет пен зұлымдық туралы ой түйедi. Өмiр өрiне шыққан ақсақал көзiмен ғана емес, өнер биiгiне жеткен ақылман тұрғысынан өз өткенiне, соған орай, басы жұмыр пенде атаулының фәни ғұмырына баға бередi. Шәкәрiмнiң бұл реттегi сырлары мен толғаныстарын өмiрiнiң соңына қарата Жазылған, ел iшiнде күнi бүгiнге дейiн өз әуенiмен айтылатын ең көркем туындыларының бiрi нақты түйiндесе керек.
Қайран
Қайғысыз, қамсыз күндерiм,
Сайран,
Сауықты рақат түндерiм,
Сендерден не пайда?
Асқан
Алпыстан мынау жасымыз,
Қашқан
Шалдықтан ғарiп басымыз,
Қаласың қай сайда?!
Бұл – бiр адамға, бiр ұлт өкiлiне ғана емес, өмiр заңын түйсiнген, тiршiлiктiң шектеулi кесiмiн мезгiлiнде байыптаған кез келген адамға ортақ сыр. «Өмiрдiң жолы бұл», – дейдi ақын. Мұң бар, түңiлiс жоқ. Өйткенi бiр адамның демi үзiлгенiмен, табиғат толастамайды. Сенiң өмiрiңдi тiкелей жалғастырмаса да, iсiңдi алға апарар, жаны туыс тағы бiр кiсi дүниеге келмек. Тiршiлiк мұраты – осы шектеулi өмiрдi мағыналы, мәндi етiп өткiзу. Сен адамдық жолынан шықпасаң, ұрпағың да өз кезегiнде артына тағлым тастамақ.
Өмiрдiң өтуi, тiршiлiктiң сарқылуы туралы мұңды сарын о дүние сұлбасы, ақирет жайынан мүлде аулақ сипатта. Құдайдың бiрлiгiне, пайғамбардың хақтығына күмән келтiрмеген ақын адамның артында қалар ең үлкен қазына – игi iс, ең үлкен мұрат – ұрпақ жалғастығы деп танығанын көремiз. Бұл – Шәкәрiмнiң өмiр кешуi, өнер мұраты туралы толғаған көптеген өлеңдерiнiң негiзгi арқауы болып табылады.
Қазақ реализмi Абай тұсында қалыптасты, ұлы ақынның өнерлi шәкiрттерiнiң жан-жақты қызметi нәтижесiнде әдебиетте жетекшi әдiске айналды десек, бұл реттегi Шәкәрiм еңбегi тек лирикалық поэзиямен ғана шектелмейдi. Бiлiмдар Шәкәрiм эпикалық жанрларға да қалам тартады. Шәкәрiм атын бүкiл қазақ даласына танымал еткен оның поэмалары.
Шәкәрiмнiң үш поэмасы да («Қалқаман – Мамыр», «Жолсыз Жаза» («Еңлiк – Кебек»), «Нартайлық пен Айсұлу әңгiмесi») ескi қазақ тұрмысынан алынған. Бiрақ бұлардың ешқайсысы тарихи шығарма емес. Поэмаларда тарих – фон ғана, автордың баса назар аударғаны – әлеуметтiк мәселелер, мiнез-құлық жайы. Жанрлық тұрғыдан алғанда, «Қалқаман – Мамыр» – лироэпикалық жырға бейiм, «Жолсыз жаза» – әлеуметтiк дастан, ал «Нартайлақ – Айсұлу» махаббат драмасы дер едiк.
Өмiрде шын болған бақытсыз ғашықтар Еңлiк пен Кебек, Қалқаман мен Мамыр хикаялары ескi күндердiң өзiнде ел арасына кеңiнен тараса керек. Бұл трагедиялық тағдырлар туралы алғаш рет қалам тартқан – Абай деп бiлуге тиiспiз. 1892 жылы «Дала у»лаятының газетiнде» (¹29, 31–32, 34–40) жарияланған «Қазақтардың естерiнен кетпей жүрген бiр сөз» атты көлемдi прозалық шығарма өзiнiң таным өресi, ой өрнегi тұрғысынан ғана емес, сөз саптау, сөйлем құру, көркемдеу тәсiлдерi жағынан алып қарағанда да тек Абайға ғана тән сипат танытады. Әңгiменi Абай атына телуге негiз беретiн ең басты дәлел – оның бүкiл құрылымында, образдар жүйесiнде. «Дала уәлаятының газетiндегi» трагедия кейiпкерлерi Шәкәрiм поэмаларындағы тұлғалардан мүлде басқа, тiптi кереғар сипатта. Екi шығарманың да өзегi өмiрде болған, нақты оқиғалар екенiн ескерсек, бар ұқсастық осымен шектеледi, авторлық шешiмнен, кейiпкер мүсiндеу тәсiлi, көркемдеу үлгiсiнен ешқандай бiрлiк таппаймыз. Бұл – заңды. Дара суреткерлер ортақ тақырыптың өзiнен әр қилы кейiптегi туындыны мүсiндемек.
Әлбетте, үнемi тыңнан жол тартқан Абай үлгiсi өзгеше. Абай прозасының, оның iшiнде «Қазақтардың естерiнен кетпей жүрген бiр сөз» атты әңгiменiң (бұл тарапта арнайы сөз еткенбiз) барлық озық сипатын iзбасарлар мұрасынан табу шарт емес. Әрине, ұлы ұстаз өзiнiң идеялық тұрғысын, эстетикалық мұратын үлгi ретiнде ұсынғанмен, замана үрдiсiн, өнердiң даму заңдылықтарын естен шығармаған. Талантты шәкiрттерiне тақырып ұсыну – осының бiр ғана көрiнiсi. Осы орайда «Қалқаман – Мамыр» мен «Еңлiк – Кебек» те Абай көзiн аршыған бастаудан нәр алатыны анық.
«Қалқаман – Мамыр» 1912 жылы Семейде, «Жәрдем» матбуғасында (баспасында) басылып шыққан. Нақты жазылған уақыты белгiсiз. Өз iзбасарларының творествосын жiтi қадағалап отырған Абайдың «Қалқаман – Мамырды» оқығаны, пiкiр айтқаны турасында ешқандай дерек жоқ. Әйткенмен, поэма екi ғасыр шектескен межеде, ақын ағаның көзi тiрiсiнде туған сияқты. Шәкәрiм шығарманың бас кейiпкерлерiнiң бiрi – ел тұтқасы ғұлама қарт – Бабаңның қиыннан жол таппай шалдыққан сәтiн сипаттай отырып, оны Абай тағдырымен салыстырады: «Мәселен, көз алдыңда тұрған жоқ па, – Қойдыңдар Абайға да не қылғызбай...». Рас, поэма алғы сөзiнде Шәкәрiм: «Өлгендi тiрiлтпесем де, өшкендi Жандырғандай болсын деп, биыл, жүз тоқсан жыл болып, ұмытылған iстi алдыңызға қойдым», – деп жазады. Бұл арада кiтаптың басылған жылы туралы айтылып отырғаны аңдалады.
«Жолсыз жаза» да («Еңлiк – Кебек») сол баспадан, сол 1912 жылы жарық көредi. Бұл поэманың «Қалқаман – Мамырдан» кейiн туғанын автордың өзi ескертедi. Бiздiң байыптауымызша, Шәкәрiмнiң «Еңлiк – Кебегi» Абайдың тiкелей тапсырмасы болмаған күннiң өзiнде Абай үлгiсi, Абай өсиетiмен жазылған шығарма. Ал ақын бастырып үлгермеген «Нартайлақ пен Айсұлу әңгiмесi» – аталмыш екi поэмадан соң, тiптi берiде, 1929 жылы ноябрьде жазылған. Бұл шығарма бiздiң заманымызға қолжазба қалпында ғана жеткен.
«Қалқаман – Мамыр» мен «Жолсыз жазада» Шәкәрiм XVIII ғасырдағы қазақ тарихы туралы бiршама мағлұмат бередi.
Қалқаман Жiгiт пен Мамыр қыздың махаббат драмасының мекенi де, мезгiлi де нақты. «Мың жетi жүз жиырма үшiншi жыл – Қазақтың Сыр бойында жүргенi анық», – дейдi ақын. Трагедиялық тағдыр шешiмi қазақ тарихындағы ең бiр қаралы жылдарға сәйкес келедi.
Мың жетi жүз жиырма үшiншi жыл,
Атысқан қазақ қалмақ мұны да бiл,
Қалмақтың бастаушысы Суан Раптан,
Өзi батыр, соғысқа тым айлашыл.
Қазақты ол соғыста қалмақ алды,
Үш есенiң екеуiн қырып салды,
Жеңiлген соң тұра алмай Сыр бойында,
Арқаға қазақ ауып кетiп қалды.
Сыр өңiрi ежелден-ақ қазақ халқының ұялы ордасы болған едi. Жоңғардан жеңiлiске дейiнгi кезеңде дария бойы сауда-саттық, отырықшы тұрмыс ұйтқысы – отыздан астам қала орнаған абат өңiр ғана емес, қазақ руларының малға жайлы қысқы қонысы болған. Бiрақ сол замандардың өзiнде Орталық Қазақстан иесiз тұрмаған; шөбi шүйгiн, суы мол, жерi кең Сарыарқа жазғы жайлау мiндетiн атқаратын. Түстiктегi Сыр мен Шу бойынан, қысы жұмсақ, қамысты, ұйықты мекендерден терiстiкке қарай тартылатын көш жолын ешқашан да шөп басқан емес. Тек 1723 жылғы жойқын апаттан соң Арқа баяғы Қасым хан заманындағыдай тұрақты қыстауға айналады.
Көршiлес түркi халықтары қалмақ деп атаған батыс монғол жұрты – ойраттармен жауласу тым арыдан басталған. Жошы ұлысының ыдырау кезеңiнде ойраттардың батыстағы ең басты қарсыласы Мағұлстан хандығы болды. Ал мағұл одағы бұзылып, оның құрамындағы түркi руларының басым көпшiлiгi, бүкiл Жетiсу Қазақстан құрамына қайта енген кезде, қазақ пен қалмақ бiрме-бiр, бетпе-бет келедi. Үнемi дерлiк жеңiлiске ұшырап отырған, кейде, тiптi, алым төлеп, бодан болса да елдiгiнен айрылмаған ойраттар ХVII ғасырдың орта шенiнен бастап күш алады. Көршiлес, киiз туырлық көшпендi екi жұрт арасында атадан балаға озған, екi жақ үшiн де өлшеусiз шығынға түскен, ешбiр халықтың тарихында болмаған жүз елу жылдық соғыс осы кезеңнен басталып, жаулық түбi аяусыз геноцидке ұласқан, қазақ пен қалмақ бiрiн-бiрi тақыр-таза қырып бiтiрудi ғана мұрат тұтқан қасап майданға айналған едi.
Ақыры, 1723 жылы ойраттар қар суы кеппей тұрып, дүрсе шабады. Қазақтар әскер жиып үлгермеген, ұйымдасқан қарсылық, қол түзiп, табандасқан ұрыс жасай алмаған. Ал қазақ қоныстарын тұтқиылдан басқан ойраттар өздерiне қажеттi қонысты бiржола босату үшiн, еңбектеген баладан еңкейген кәрiге дейiн түк қалдырмай қыра берген. Жауға қарсылық көрсетуге шамасы келмеген, бас сауғалаудан басқаны ойламаған жұрт жаппай босқын тапқаны тарихтан жақсы мәлiм.
Осы жол бар қазаққа белгiлi жол,
Ақтабан-шұбырынды дегенi сол,
Жаяу жүрiп, табаны аппақ болып,
Қорлық көрiп қазақтың шұбырғаны ол, –
дейдi ақын. Жұрттың азып-тозғаны соншалық, тоқсан бес жастағы «ел ағасы, әрi би, әрi ғұлама» Әнет Бабаңның өзi «көшке ере алмай, тiрiдей дөң басында» қала бередi.
«Еңлiк – Кебек» немесе «Жолсыз жаза» - шығарманың сюжеттiк желiсiне қатыссыз, пролог iспеттi өлең жолдарымен басталады.
Өткен адам болады көзден таса,
Өлдi, өштi оны ешкiм ойламаса,
Ол кетсе де белгiсi жоғалмайды,
Керектiсiн ескерiп, ұмытпаса.
Ақыл деген денеге егiлген дән,
Суғарылса кiредi оған да жан.
Ақылдың өсiп-өнiп, зораймағы
Көрген-бiлген нәрседен ғибрат алған.
Автор өзiнiң Еңлiк – Кебек оқиғасын көп алдына тартудағы мұратын нақты айтқан. «Шариғатта әкесiнiң атастырғаны – жас қызға неке есептi десе де, өзге дүниелiк пайдасын ойламай, жалғыз ғана қызының қамын ойлап берер дегенi. Әйтпесе жас баланы сатып пайдаланып, ерiксiз кем-кетiкке берiп обалына қал демейдi», – деп жазады ақын өзiнiң шағын алғы сөзiнде. Шығарманың негiзгi арқауы махаббат трагедиясы болғанымен, автор замана кейпiн нақтылау, оқиғаның ескi күндерде өткенiн, ендiгi жерде ел арасында мұндай қелеңсiз iстер болмауға тиiсiн д„лелдей түсу үшiн хикаяның өмiрлiк фонына айрықша мән бередi де, шағын көлемдi тарихи ақпар жасайды.
Қалмақ жеңiп, қазақтан алған кегiн;
Қалқаман қиссасында жазып едiм;
Мың жетi жүз жиырма үш шамасында
Ақтабан шұбырынды болды дедiм.
Жаудан ығып, босқын тапқан ел Арқаға қарай ауады. Жұрт жаппай қырылған, ал тiрi қалғандар жаяу-жалпы шұбырып, табаны тиген ауыр жол Шақшақ Жәнiбектiң айтуымен Ақтабан шұбырынды аталады. Көп ұзамай естерiн жиған, қайтадан қайраттанған қазақтар әскер түзiп, ұрысқа бет қояды. Әбiлмәмбет, Сәмеке, Әбiлхайыр хандар тiзе қоса аттанып, Бұлантыда, Аңырақайда үлкен жеңiске жетедi. Осыдан соң-ақ қалмақтардың берекесi қашып, қазақтардың мерейi асады:
Содан кейiн қалмақты қазақ қырған,
Жиылып шаба берген ой мен қырдан.
Қырылған соң қалмақтар жаман сасқан,
Нор Жайсаң, Шәуешектен аса қашқан...
Бұланты мен Қалмақ ордасының бiржола талқандалуы арасында күреске, қантөгiске толы отыз жыл бар. Және мұның алғашқы жиырма жылы қазақтар үшiн онша абыройлы болған жоқ. Әйтсе де, Шәкәрiм баяндап отырған тарихтың жалпы сұлбасы дұрыс. Автор мақсаты – қазақ-қалмақ соғыстарының шежiресiн жазу емес, Еңлiк – Кебек трагедиясына себеп болған қоғамдық, әлеуметтiк жағдайларды айқындау. Сондықтан да ақын шығыс облыстарға ауа көшкен рулардың өзара күресiне арнайы тоқталады.
Ел аузында Дадан Тобықты Қараменде би Мұсабай Тобықты Кеңгiрбай биге жолдапты дейтiн шағын өлең сақталған.
Басында Сырдан шығып, Орға келдiк,
Табан тиiп жүре алмай, зорға келдiк.
Құл алдынан құрулы талқы деген
Бұл жаққа бақытқа емес сорға келдiк.
Бұдан соң Қараменде белi берiк атанға күш салып, «аты жақсы дариядан», яғни Ертiстен ары өтуге, патша өкiметiнiң құрығы жетпес қиянға шығуға шақырады. XVIII ғасырдың үшiншi ширегiнде қазақ руларының сапырылыса қоныс аударуының, басы асау бiрталай тайпаның шығысқа қарай жөңкiлуiнiң толып жатқан себептерi бар. Мұрат – патша өкiметiнiң құрығынан аулақтау, әрi кең қоныс, жайлы мекен табу болатын. Ел әңгiмелерiне, ескi шежiреге сүйенген Шәкәрiмнiң тағайындауынша, Тобықтының Шыңғысқа иек арта тоқтап, Орда мен Ертiс аралығындағы жерге қоныстануы – 1780 жылдардың қарсаңында. Кеңгiрбайдың әуелде бет түзеген сораппен Ертiстен ары өтiп кетпеуi – шарасыздықтан болған iс. Бұл кезде көне түркiлердiң ата мекенi, соңғы ғасырлардағы ойрат қонысы жоңғарға саны мол, жауынгер Абақ Керей орнығып қалған болатын. Ел әңгiмелерiнiң айтуынша, Тобықтының бiр тобы – жаңағы Қараменде бастаған Дадан ат басын керi бұрып, түстiкке – аңыздан мәлiм Жиделi-Байсынға бет түзейдi. Бiрақ қыс түсiп, жүрiс қиындағандықтан, Балқаштың терiстiгiндегi бұйрат далаға аялдайды. Жұтамай, жақсы қыстап шыққан соң осында – қазiргi Жезқазған облысының Ақтоғай ауданының шегiне мүлде тұрақтап қалады. Ал Тобықтының негiзгi бөлiгi Мұсабай Шыңғысқа өздерiнен жиырма шақты жыл ғана бұрын келiп орныққан Матаймен соғысқа кiрiседi. Хандық өкiмет құлап, әркiм өз басына би болған замандағы бұл қақтығыс, әлбетте, ел мүддесiнен емес, ру мүддесiнен, ағайынға тиесiлi жайлау, қыстауды тартып алу мақсатынан туындаған едi. Әрине, тар жерде тек отырып аштан қырылмадың деп Тобықтыны кiнәлау қиын, бiрақ кең қонысының бiр өңiрiн қаны қарайып келген ағайынға қимаған Матайды да ақтау мүмкiн емес. Төбеде отыратын, бақас руларды бейбiт жолмен бiтiстiретiн төрешi жоқ жерде кiмнiң хақысы артық екенiн қанды қару ғана шешуге тиiстi. Шәкәрiмнiң Тобықты мен Матай арасындағы жер дауы, «шөбi шүйгiн, малға тойым» Шыңғыс үшiн күрес жайын баяндауы ескi шежiренi тiрiлту ғана емес, бас кейiпкерлер – Тобықты жiгiтi Кебек пен Матай қызы Еңлiк өмiр сүрген қатал заманның (Шәкәрiм «тағы» деп жазады) суретiн жасау және ғашықтардың баянды бақыт табуға ешқандай мүмкiндiгi жоғын – трагедиялық ситуацияны нақтылай түсу.
(Еңлiк – Кебек тағдырына арналған, әдебиет тарихынан белгiлi тағы бiр поэма бар. Қазақ әдебиетшiлерi, басы Мұхтар Әуезов болып, бұл поэманы Мағауия атына телидi. Бiздiң ойымызша, аталмыш шығарманың Мағауияға ешқандай қатысы жоқ. Әуелi бұл «Еңлiк – Кебек» «Жолсыз жазадан» кейiн жазылғаны және көп ретте оған елiктеу жемiсi екендiгi көрiнедi. «Биiк қабақ сұрғылдау бiр сұлу қыз», «Ол заманның тамағы - құртын iштi», «Қозы күрең бiр тастан секiргенде – Артындағы Еңлiк қыз түсiп қапты», т. б. көптеген жолдар «Жолсыз жазада» ұшырасатын, бiрер сөзi ғана өзгертiлген тiркестер болып табылады. Кеңгiрбай атына арнайы айтылатын: «Кеңгiрбай залым би ғой iшi қатты», «Кеңгiрбай, артық емес иттен бағаң», «Кеңгiрбай, ит екенсiң дiнi қатты» – деген тәрiздi сөздер, бiздiң тiлмен айтқанда, «езушi тап өкiлiн сынау» емес, кәдiмгi қара қасқа балағат, автор мәдениетiнiң төмендiгi өз алдына, патриархалдық түсiнiк үстем болған, ата сыйлау, аруақ сыйлау – қоғамдық мораль саналған заманда, бiр жiгiтек емес, бүкiл Тобықтының аруағы есептелген Кеңгiрбайды осыншама тiлдеу – ешбiр авторға абырой әпермесе керек. Оның үстiне, шежiренiң айтуынша, Кеңгiрбай мен Ырғызбай – немере, Құнанбай балалары мен Кеңгiрбай әулетiнiң арасы – жетi атаға толмаған жақын туыс... «Поэмада автор атынан айтылатын: «Баяғыны көксейдi бiлiмсiздер – Мiнеки, көрсетейiн жамандығын» деген дiлмар көсемдiк – ары дегенде 20-жылдардың, әйтпесе 30-40, тiптi, кешегi 50-жылдардың сөз таңбасын танытады. Осының бәрiне қарамастан, поэма – XIX ғасырдағы озық ойдың көрiнiсi деген күннiң өзiнде автордың ата тегi, жан күйер руы андағайлап тұр. Шалағай ақынның ұғымында, Кеңгiрбайдың осыншама иттiгi – оның Жуантаяқ руын жек көргендiгiнен; не өр мiнезi, не шешiмтал әрекетi, не ерлiк iсi көрiнбейтiн сүлесоқ Кебек – жайсаң азамат та емес, бақытсыз ғашық та емес, ең алдымен – «Жуантаяқ ұлы», Жуантаяқ ұлы болғандықтан да соншама қатал жазаға кесiледi. «Жолсыз жазаның» жекелеген өлең жолдарын ғана емес, бүкiл оқиға желiсiн, композициялық құрылымын, характерлер жүйесiн (бар айырма – Кеңгiрбай ғана), соны идеяларын жымқыра иеленiп отырып, осыншама дүмбiлез шығарма туғызған шалағай ақынның руы сол Кебек шыққан Жуантаяқ екенi айқын танылады. Ал Мағауия Кеңгiрбаймен бiр ата – Олжай, одан берiде Ырғызбай iшiнен шыққаны, кәдiмгi, Құнанбай ұлы Абайдан туғаны мәлiм. Таным, бiлiмi рулық санадан жоғары, ақындық мәдениетi атаның өзiн сүйсiндiрген талантты ақын болғаны тағы даусыз. Ендеше, аталмыш «Еңлiк – Кебек» сияқты дүмбiлез дүниенi жақсы ақынның атына жапсыру – әдебиет тарихына қиянат қана болмақ).
Бөлісу: