Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шын бақтың айнасы

Бөлісу:

24.03.2019 7917

Жаңа ғана аяғымды басып, тілім жаңа шыққан кезде өзім құрбы балаларды бауырымнан жақын көріп ойнаушы едім. Сөйтіп жүріп қарынымның ашқанын, күннің батқанын білмей қалушы едім, сол тіпті сүйікті ойын һәм жанымдай көретін жас құрбыларыма махаббатым, үйге келгендегі ата-анам сақтап қойып берген тәтті тамақ пен әлпештеп еркелеткені, е, сол өлшеусіз қызық бағым! Қайдасың! Қайда кеттің!

Ол кезде өзімізден жасы үлкендерден қорқыңқырап именетұғынымыздың, аулақ жүргіміз келетұғынының себебі не еді? Тіпті білмеуші едім. Енді білдім, шын білдім. Нанбасаңыз төменгі жазылған өмірімнің сырынан байқаңыз.

Біраз уақыттан соң қарасам, бізден жасы үлкенірек балалар асыр салып, асық ойнап, ұтысып жатыр. Ай жарықта «ақ сүйек» ойнап жарысып, күрес салып алысып жатыр. Оны көрген соң бұрынғы жер шұқып «құдық» деп, тас ойып «қора» деген ойнымнан мынау тіпті қызық көрініп, мен де соларға араласып кеткенім ғой! Мінеки менің «баққа» қарай басқан алғашқы адымым...

Әрине мұнан ойын да шықты, ұрыс та шықты. «Әкеме я ағама айтам» деп кей нашардың балаларын қорқыту да шықты. Әке-ағам кім еді? Ел билеген бай. Олардан кім қорықпайды?!..

Тағы біраздан соң әп-әдемі киінген, домбыра тартып, ән салып, неше түрлі ойын ойнаған «боз балалар» көзіме елестеді. «Ойпыр-ай, шын бақ мынау екен ғой!» деп не қылсам да солардай болмаққа тырыстым да соларға араластым. Кейбіреулерінен анағұрлым астым да. Әрине бозбала күндегі неше түрлі құмарлық пен істеген істерді айтып тауыса алмаймын. Бірақ онан да әрі көрінген «бақ» оған да тұрақтатпады. Себебі біраздан соң жиылысқа кез келіп, болыстар әмірін жүргізіп, билер билігін құрып, шешендер тілін безеп жатқан дегендей әлде неше түрлі «адамшылық» аты бір «бақ» кез болды. Мұндай нәрсе адамды қызықтырмай тұрар ма? Енді қамшылап қалың жауға кіргендей-ақ өзімді-өзім қайраттандырып кірдім де кеттім. Оның да неше түрлі ақыл-әдісін біліп алсам да, мына жақтан «дәулет» деген бір тіпті қатты керекті «бақ» шыға келді. Ол болмаса ешқайсысының өңі де кірмейтұғын болды, жөні де келмейтұғын болды.

«Ой, тәңір-ай! Адам қылғанды, адам қылмайтұғын несі бар!» деп белсене қимылдап, оның да мәнісін таптым. Бағана жас балалықтан асық ойнауға аяқ басқан кезімде кез болған бір іс бар ды. Оны айтпай кеткенім, көңілім сүймей зорлықпен болған іс еді. Және ата-анама жанымдай көріп қылған махаббатым алғаш бұзыла бастауға себеп болған да сол еді. Ол не десеңіз? Оқу. «Балам асық ойнама, сабақ оқы» деген екі ауыз сөз сүйгенімнен айырып, сүймегеніме зорлаған сықылданып еді. Міне, менің «бақ» іздеймін деп шын махаббаттан айырылуға бет қойғанымның басы. Енді жоғарғы сөзіме қайтайын, сөйтіп тәмәм бақты тауып алдым да өзімнен төмендерді «бақпен» көзге ұрып, көзін ағартып алдыңғыларға аяғынын алсамда жетпек болдым. Жеттім де мұнан басқа да талай «бақтарым» айтылмай да қалды. Себебі, сіздерді зарықтырмай ақырғы бағымды айтпақпын: Сөйтіп «бақтан баққа» қонып жүргенімде ір күні құрғырдың қайдан келгенін білмеймін, «Өткен өміріңді ойлашы» деген бір ой сап ете түсті. Амалсыз ойладым, сондағы ойым мынау: «Мен жастықтан балалыққа қызықтым. Онан бозбалалықты «бақ» деп білдім. Онан гөрі адамшылық атты «баққа» қызметкер болдым. Ақырында малға құл болдым. Есебі жасаған сайын алдыңғы бұзылып артқы «бақ» түзу сықылданды». Енді ойласам, өлмегім хақ. «Жә, сол бақтарымның ең жараулысын ұстап қана өлгеннен басқа не бар?» деп ойладым. Байқасам, жас бала күнімдегі бағымнан артығы жоқ, себебі онда қайғы да жоқ, ар- иманнан тайғызатын істе жоқ. Бірақ оған қол жете алатын емес, бозбалалыққа да қол жетпейді. Егер бір құдірет жеткізсе де о да «шын бақ» емес, себебі онда қайғы да көп, қатер де көп, ар-иманнан безу де көп.

«Адамшылық» деген алдамшы ат қойылған ант ұрған айтылмай-ақ қойылсын, атына заты тіпті келмейді. «Мал, байлық» деген керек де болса, боқтың арасынан былғанбай алу ар-иман кетірмей сақтау мүмкін емес. Жә, еріксіз жаңадан бір бақ іздеу керек болды. Не қыларымды білмей, құр сандалып, көзімді жұмып жүрдім де кеттім. Не заманда маңдайым бір нәрсеге тақ ете түсті. Қарасам, бір үлкен айна. Бетін қара пердемен жауып қойыпты. Басындағы тақтайына «шын бақ айнасы» деп жазыпты. «Құдай тағала шын тілесе береді екен ғой» деп қуанғанымнан пердесін қайырып тастап қарасам, белі бүкірейген, көзі қызарған, өзі опырайған, бет терісі қатпар-қатпар, қасы түксиген, сақалы қудай бір шал тұр. Алды-артын ойланбай «сен кім» деп едім, әлгі шал (дәл мені мазақ қылғандай) аузын жыбырлатып сөйлегендей болды. Анықтап қарасам, өзімнің айнадағы көлеңкем... «Е,е! алдамшы бақтар! Өкінішпен өткен өмірім» деппін де етбетімнен құлаппын... Бір заманда көзімді ашсам, ақ киімді, түсі сұп-сұр адам басымды сүйеп отыр екен, менің есім кіргенін біліп:

«Ақсақал айнаға тағы бір қара. Бірақ өз көлеңкеңе де, онан арғыларға да алаң болмай, ең арғы балаларын әлпештеп отырған ерлі-қатынды кісі мен екі балаға қара!»- деді. Айнаға қарасам, өз көлеңкемнен әрі байлар, адамшылықтылар, бозбалалар, асық ойнаған балалар бірінен-бірі әрі. Ең әріде әзер көрінген ерлі-қатынды адам екі баласын әлпештеп сүйіп, балалары да мойындарынан құшақтап ата-анасын айқалап тұр. Сонда әлгі ақ киімді сұр кісі айтты.

«Ақсақал, шын бақ сол айнаның ең түбіндегі ата-анадағы шын махаббат пен балаларындағы шын таза жүрек еді. Сол махаббат һәм таза жүрек Сізге де біткен еді. Соны қалдырмай, бұзбай ала жүріп, барша адам баласын өз балаң, өз бауырыңдай көріп махаббат, ғадлет қылсаң – шын бақ сол еді. Оны істеп жүріп көрген бейнет, тартқан қайғы: аңшының қанша бейнет пен іздеген аңын алғанда қуанышқа айналғаны сықылды, саудагердің пайда іздегендегі бейнеті көп пайда тапқанда қызыққа айналғаны сықылды болушы еді. Сіз ол махаббатпен ақ жүректі, жолдағы жалған бақтарға айырбастап кеткенсіз. Келер басқа түрлі өміріңізде осыны қатты ескерерсіз. Өкініштен пайда жоқ, енді иманыңызды айтыңыз»- дегенде талып қалыппын.

"Абай" журналы. №4 (жексенбі) 8 апрель, 1918 жыл, жылан

Шәкерім

Бөлісу:

Көп оқылғандар