Серік Ақсұңқарұлы: Мен – Һас Сақтың қара өлеңі
Бөлісу:
ВИЗИТ КАРТОЧКАСЫ
Сойыма сол елде жоқ бір белгі сап,
«Ақынмын...» деп жазған жоқпын ел құсап.
Балапаны ем Алланың бір құсының,
Жамалын айт – айтсаң көктің ішінің.
Күмәнданып күнде ақындығына,
Алпыс сегіз жасқа келген кісімін.
Ой да күнде асқақ болмай, сезім де,
Жүректі ұстап жүрдім Тәңірі тезінде.
Пенде құсап өмір сүрдім иттей боп,
Адам болып –
(Өлең жазған кезімде).
Жерді құшып, аспанға ұшып біресе,-
Арқама кеп аруақтар түнесе;
Ақын деген-періштеден сәл төмен,
Пенделерден биікте екен мың есе.
Балапаны ем Алланың бір құсының,
Жамалын айт-айтсаң көктің ішінің.
Бірі – көкте, бірі – жерде жүргенмен,
Айырмасы жоқ қой құс пен кісінің!
Поэзия, құшағыңды аш, ал, күнім,
Саған еріп шарбы бұлтта шалқыдым;
Жердің құрты бір шалынбай көзіме,
Көк бұлттардың арасында қалқыдым.
Кім көрді екен мен көретін түстерді?
Содан таң ғап зәмзәм суын ішкем-ді.
Аспанда екен хикметі Алланың,
Төрт Кітап кеп жерге содан түскен-ді.
Егіліп бір ет жүрегім, езіліп,
Маңымдағы құрт пен қырттан безініп;-
Мағмұмұрланып, шаһит кешіп барамын,
Махаббат пен ғаділетті сезініп...
ҰЗАН
Мен – Отпын, өртпін ғой мен лапылдаған,
Лебіме жан шыдымас жақындаған.
Болғанда өзім – жерде, Тәңірім – Көкте,
Шерімді Соған айтып, лақылдағам...
Ұстаған, соңсоң, мені Ол биіктетіп,
Пендеге – жат, Өзіңе – сүйікті етіп.
Жаныма жақындасаң күл боларсың,
Жасыным бір жеріне тиіп кетіп.
Көкірек – шер де, кеудем – ыза менің,
Түркі-Оғыз заманында Ұзан едім.
Тәңірім алқап, Жебеп Аруағым,
Ноқат боп көз ұшында ұзап едім.
Алаштың жүріп тағдыр-таланында,
Енді кеп табанында қаламын ба?!
Доспанбет, Асан Қайғы, Шалкиіз ем,
Керей хан – Әз Жәнібек заманында.
Бір тауар бір кісінің жарты құны,
Бүгінде базар – думан, Сарт – үкілі.
Кімге айтам құл тұқымы түгіл, онда
Аузыма қараған деп хан тұқымы.
Өңезге болмай айтқан өкімі – екі,
Өлеңнің жүрген кезі-ай, өкілеті:
Сүйген-ді мені Тәңірі, Соны сезіп,
Именді тексіз кеңес өкіметі!
Арсы мен гүрісіге бір шарқ ұрғасың,
Һас тұлпар қалай қажып, алқынбасын.
Болдғанда Алаш – азат, Аяр – мазақ,
Абдырап қалды-ау, қайран, алтын басым.
ҚАСҚЫРДЫҢ МОНОЛОГЫ
Жек көрем итті!
Алысып жүрем,
Шабысып жүрем!
Қағынып...
Сайын даланың тағысымын – мен,
Не деген ғажап – тағылық!
Шауып түсемін!
Күш ағысымды сыйғыза алмай ішіме.
Адамның алмас пышағы сынды
Ырзамын азу тісіме!
Қасқыр – бабалар!
Бар ұлыстардың
Мазасын алып манадан –
Иттермен болған қанды ұрыстардың
Иісін сезем даладан.
Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді
Қорлық – қарғысқа барабар.
Бізбенен иттің тегі бір дейді...
Рас па қасқыр – бабалар?!
Өлексе үшін жұлысқан болсақ
Өмірі бітпей кегіміз,
Иттермен бірге туысқан болсақ
Не болды – ата тегіміз?!
Ала төбеттің астында қалар
Күн туғаны ма ақыры...
Неге үндемейсіңдер, қасқыр – бабалар,
Қағынып кеткен жатыры?!
Неге үндемейсіңдер?
Ұрлық түн еді:
Жатқаным мынау – жау іші.
Аспанның астын дүрліктіреді
Үрген иттердің дауысы...
ӨМІР ДЕГЕН – КҮНДІ АЙНАЛУ!!!
Дірілдерін
Гүрілдерін
Құлақ түріп, тыңдай қалып –
Бүгін менің,
Жұмыр Жерім
Бара жатыр Күнді айналып.
Күн дегенде –
Дүрбелең де
Жүріп жатыр майдан әлі.
Күймелер де,
Мінбелер де,
Түрмелер де
Жермен бірге айналады.
Керуен күнде –
Серуен бірге.
Тән Рухқа суарулы.
Елмен бірге,
Жермен бірге,
Мен де айналам Күн Аруды.
Күнді айналу –
Мұңды ойлану,
Көз жастағы көліңменен.
Өмір деген –
Күнді айналу!!!
Күлге айналу – Өлім деген!
Алтынға аптап асығыңды,
Босап бір сәт мұңды ойлардан –
Қарсы ал Жаңа Ғасырыңды,
Алаш-Анам,Күнді айналған,
Тектілері-гүлге айналған,
***
Мен - Һас Сақтың қара өлеңі,
Қанды сүргінде жүрсем де,
Қалған кезім жоқ жақ ашпай,
Арғымақ – Пегасқа мінсем де,
Арттағы жұрттан адаспай!
Жалғанда, жалған, жалғанға,
Сүйіне кіл жаным, күйіне бір;
Ат үстінде әуелетіп әнге салғанда,
Тілі байланып, жаяу сандалған Дүние – Бұл!
Абдырап бір кез қалдым ба,
Аузыма ұстап Алладан түскен ой легін?
Алдияр біткеннің алдында
Айдаһардай айбарланып сөйледім!
Жаһанның етегін жұлқына түріп,
Көкжиекте көшем кеп.
Қара аспанның қара бұлтына кіріп,
Сауладым қара нөсер боп!
Арқадан Аспанға жүгіріп,
Қанатты бұлтқа сүйгіздім.
Хафиздің жұпарын сіміріп,
Пушкинді тарыдай қауызыма сыйғыздым!
Кәуірге көрсетіп мысымды,
Ақ бұлттан түсіп, малдас құрғанда қас-қағым;
Ол арағын ұсынды.
Ішіп, –
Құсып тастадым!
Қара бұлтты жарып, қара шаңырағыма кеп түстім,
Жасынмен жанып даланы.
Көк Тәңірді бетке ап, Көкке ұштым! ...
Артымда, бірақ, Алашым қалып барады...
Бөлісу: