Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 4

Бөлісу:

01.04.2019 5111

В.В.Маяковский Ипатьев үйінің жертөлесін көргеннен кейін мынадай өлең жазды (1956 жылға дейін оны баспасөзде жариялаған жоқ):

 

Десең сен: бүкпей, бос жолды,

Адам мен ажал дос болды.

Қалмастан бұғып бұрышта.

Көтеріп бірдей қос қолды,

Кіремін қарсы ұрысқа!..

 

 

Сездік біз батыл қадамнан,

Ескіні жақсы ұқпайды.

Коммунист пенен адамнан

Қанышер, сірә, шықпайды.

 

(Өлеңді аударған — Аманхан Әлім)

 

Бұған дейін барлық уақытта солға қарай қадам басып келген “біздің дәуіріміздің дарынды ақыны” (сөз өнерінің білгірі И.В.Сталиннің белгілі анықтамасы бойынша) Ипатьев қапасында әлденені күңгірт түсінді, сондықтан да жүрісінен жаңылып, оңға қарай қадам басты...

 

Филипп Исаевич Голощекин мен оның қолшоқпарлары үшін бәрі де сәтімен тынғандай болып көрінеді. О, жоқ!

 

“19 шілдеде, таңертең, Коммунистік клуб бағында Ермаков серіктестігі өз араларында барынша бүкпесіз әңгімелесіп отырды. Сыр жасыратын да, ұялатын да ешкім болған жоқ. Кімдердің өлтірілгенін атап шықты, белдемшелердің мықынында қымбат заттардың болғанын айтты, өлгендер “сұлу” болып көрінбейді деген пікір білдірісті. Біреулерді “Өлтірілгендер қалай киінген еді?” деген сұрақ қызықтырды. “Олардың бәрі дамбалшаң болатын”, – деп жауап берді Партин. “Тасыға нымызға екі күн болды. Кеше жерледік, бүгін қайта жерледік”, – деп күрсінді Костоуров” деп жазды М.К.Дитерихс “Патша отбасының және Романовтар үйі мүшелерінің өлтірілуі” (“Убийство царской семьи и членов дома Романовых”) атты кітапта (Владивосток, 1922).

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 3

 

Дегенмен әлі де әуреге түсуге тура келді. И.Непеиннің мақаласынан үзінді келтірейік:

 

“Верхнеисетскінің әскери комиссары Петр Захарович Ермаков атып өлтіргені үшін емес, мәйіттерді жойып жібергені үшін жауапқа тартылды. Мұны қала маңындағы қалың жыныс тоғайды жақсы білетін адам ғана жасай алады, Юровский оны білген жоқ, ал Ермаков білді және мұндай орынды көрсетті. Коптяк деревнясына жақын жерде, елсіз түкпірдегі “Четырех братьев” шатқалында, жолдан батысқа қарай небәрі бір ғана ашық шахтасы бар иесіз қалған ескі кен орны болатын. 17-сінен 19-ына дейін Коптяк жолындағы қозғалыс тоқтатылды.

 

17 шілде күні Екатеринбургтегі “Орыс қоғамы” дәріханалық дүкеніне жабдықтау комиссариатының қызметшісі келіп, облыстық комиссар Войковтың атынан басқарушыдан “кідіртпей және сөз қайтармай” бес пұт күкірт қышқылын беруді талап етті. Осы күндері қоршауға алынған кен орнына 10-11 пұт бензин жеткізілді”.

 

Тағы да бір адамға назар аударайық. Петр Лазаревич Войков (Пинхус Лазаревич Вайнер) 1917 жылы “пломба салынған” вагонмен Швейцариядан Ресейге кайзерлік Германияның аумағы арқылы Ленинмен бірге келгендердің бірі болатын. Одан кейінгі үш жылда Варшавадағы кеңестік өкілетті өкіл болды. 1927 жылы жас орыс эмигранты Борис Коверда өлтірген. Войков Екатеринбургтегі қасапқа қатысушылардың ішінде ең соңғысы емес-тін – ол мәйіттерді күкірт қышқылымен жоюды ұйымдастырды. Ол туралы нақты деректерді Урал аткомының мүшесі, бұрынғы австриялық әскери тұтқын И.П.Мейер: “...Біз кіргенде (жертөлеге), Войков атылғандардың ішінде біреу-міреуі тірі қалған жоқ па деп қарап, тексеріп жүрді. Ол әр қайсысын арқасына аунатып жатқызды. Ол Патшайымның қолынан үнемі тастамай тағып жүрген білезігін шешіп алды...” деп хабарлады.

 

Тонаушы ма? Әлде ол асыл тастарды, Юровскийдің жазғанындай, 1919 жылы Мәскеуге апарған “жарты пұттан” астам “гауһарлардың” ішіне қосты ма? Кім білсін... 1927 жылы Варшавада Войковтың саусағында, оның өзі мойындағанындай, құрбан болғандардың бірінен шешіп алынған қызыл лағыл жүзік құлпырып тұрды. Оның үстіне, тергеу өлтірілгендердің денелері лақтырылған шахтаның түбінен әлдекімнің кесіп алынған саусағының орнын тапты. Жүзік осы саусақтан суырып алынған жоқ па екен?.. Айтпақшы, чекист Юровский де, екатеринбургтік зергердің ұлы, өзі айтқандай, патшаның асыл заттарына қызығушылықтан Ипатьев үйінің коменданттығына әрең “қол жеткізді”...

 

“Қазір, 70 жыл өткеннен кейін, – деп жалғастырады Непеин, – оқиға мынадай ретпен еске түседі. 17 шілдеде түн қараңғылығын жамылып, Ипатьев үйінде атып өлтірілгендерді “Четырех братьев” шатқалына апарып, ашық шахтаға лақтырды. Алғашқы күні осымен шектелді.

 

Ал 17-сінің таңертеңінде бұл туралы Голощекин білген кезде, ол сұрапыл ашуға булықты. Тапсырма орындалмаған болып шықты. Мәйіттер тек көмілген, бірақ жойылмаған, сондықтан ол қаланың іргесіне келіп жеткен ақ гвардияшылардың қолына оп-оңай түсуі мүмкін. Сонда барып күкірт қышқылы және спирт үшін жүгіріс басталды.

 

Бұлардың бәрі 18 шілдеде, Голощекин мәйіттерді өзінің көз алдында жоюға бұйрық берген кезде кәдеге асты. Тергеуші Соколовтың, генерал Дитерихстің, ағылшын журналисі Вильсонның пікірінше, жағдай былай болған. Атып өлтірілгендердің денелерін шурфтан шығарып алып, шахта алдындағы балшықты алаңшаға әкеліп қойды. Осы жерге бензин, қышқыл мен спиртті де жеткізді. Голощекин патша отбасы мүшелерінің басын денесінен бөліп алуды бұйырды. Тергеу барысында табылған мойынбаулар мен шынжырлардың үзіктерінде кесік іздері болды, бұлар кескіш құралдардың көмегімен адамның басын денесінен айырған кезде түскен таңбалар болуы әбден мүмкін. Ал тістер бәрінен де нашар жанады, алайда барынша мұқият іздестіру барысында киімдерден де, топырақтан да, шахтаның түбінен де бірде-бір тіс табылмады. Тергеу комиссиясының пікірінше, патша мен оның отбасының бастары спирттеліп, ағаш жәшіктерге салынған, содан соң оларды Голощекин істелген істің бұлтартпас айғағы ретінде Мәскеуге жеткізген.

 

Одан соң басты мақсатты орындауға – мәйіттерді жоюға кірісті. Оларды балтамен паршалап турай бастады. (Тергеу барысында күйген сүйектер мен кесік іздері түскен қымбат заттар және қидаланған асыл тастар табылған.) Қалғанын бензин мен қышқыл құйып өртеді.

 

Осыдан кейін Ф.И.Голощекин 19 шілденің қою қараңғылығында жеке салон-вагонмен Екатеринбургтен тіке Мәскеуге жүріп кетті. Ол өзімен бірге өте ауыр үш жәшік алып жүрді...”

 

Жәшіктер тақтайдан қиюластырылып, арқанмен байланды. Қызығушылық білдірген жолаушыларға Голощекин: “Бұларда Путилов зауыты үшін дайындалған снаряд үлгілері бар”, – деп жауап берді. Ал Мәскеуде ол бұл жәшіктерді Кремльге – Свердловтың пәтеріне алып барды.

 

 

 

* * *

 

 

 

Ресейлік зерттеулер, шетелдік тарихшылардың ізімен, ІІ Николайдың өлтірілуінің сипатына назар аударады.

 

“...Әңгіме таққа үміткердің өзінің алдындағы тақ иесін ІІІ Петрдің немесе І Павелдің өлтірілуіндегі секілді түрде жоюы жөнінде болған жоқ. ІІ Николай турадан-тура патша ретінде атып өлтірілді, осы рәсімдік актімен көпғасырлық орыс тарихының өзіне тән сипаты қорытындыланды, сондықтан мұны Англиядағы І Карлдың немесе Франциядағы ХVІ Людовиктің қазасымен ғана салыстыруға болады”, – деп жазады И.Р.Шафаревич.

 

Мұндай көзқарасты мәртебелі атақ-дәрежемен қоршалған тұлғаның мистикалық дүниетанымы тереңдете түседі. 1981 жылдың тамызында, орыс православиелік жастарының Сан-Францискодағы съезінде епископ Нектарий Сеаттлийский былай деді:

 

“Патша ағзам – Құдайдың жердегі Көлеңкесі, қасиетті тұлға, Қасиетті Рухтың айрықша берекесін сақтаушы. Құдайдың Көлеңкесі арқылы әрекет ететін бұл Құдайдың күші зұлымдықтың таралуын, заңсыздықтың құпияларын тоқтатты. Апостол Павел фессалоникийліктерге екінші жолдауында: “Заңсыздық құпиясы әрекет етуде, бірақ ол Тоқтатушыны ортадан алғанға дейін (Патшаны өлтіргенге дейін деген мағынада. – ауд.) жарыққа шықпайды”, – деп жазды. Сайтан бағы заманнан бері-ақ жұлқынып, антихристың әлемін ашу үшін зорлануда, бірақ істей алмайды, өйткені біздің уақытымызда Құдайдың Көлеңкесі арқылы әлі де әрекет етуші Құдайлық Береке оны тоқтатты және оған мүмкіндік бермеді.

 

Заңсыздық құпиясына, өз әрекеттерінде еркіндікке ие болу үшін Тоқтатушыны ортадан алып тастау қажет болды, міне, бүкіл орыс халқының күнәсі үшін, Құдайдың құзырымен бұл іске асты. Сөйтіп, Тоқтатушы ортадан алып тасталынды және осы сәттен бастап, біздің бәріміз тоқтаусыз бетімен кетушілік пен бүкіл әлемге зұлымдықтың таралуына куә болып отырмыз. Жантүршігерлік ауыр қылмыс жасалынды – патша өлтірілді. Патша ағзам, Құдайдың Көлеңкесі, Православиелік Шіркеудің Қамқоршысы, Православиелік мемлекеттің басшысы өлтірілді, Тоқтатушы өлтірілді. Айтылғандардан еш күмәнсіз айқын болғанындай, бұл саяси кісі өлтіру емес, салттық қылмыс болып табылады...”

 

 

 

* * *

 

 

 

Тек жиырмасыншы жылдардың ортасында ғана большевиктер ІІ Николаймен бірге оның бүкіл отбасы қаза болғанын мойындады.

 

Жендеттердің ар-ұят азабын тартқанын айғақтайтын ешқандай куәлік жоқ. Қайдан болсын! Өздерінің “революциялық жеңістерін” мақтан тұтып, марапаттан бастары айналды. 1927 жылы Юровский өзінің көмекшісі Никулинмен бірге “Романовтардың өлтірілуінің он жылдығын” тойлауды ұйымдастыруға әрекеттенді. Кісі өлтірушілер Революция мұражайына “қымбат жәдігерліктерді – бұрынғы патша ІІ Николайды, оның отбасын және оған өмірінің ақырына дейін адал болған қызметшілерінің қалдықтарын, атып өлтірген қаруларды” тапсырды. Олар атып өлтіруге қатысқандардың естеліктері мен құжаттар жинағын басып шығаруды ұсынды. Алайда “ОГПУ (Округтік мемлекеттік саяси басқарма) коллегиясының мүшесі Ф.И.Голощекин арқылы И.В.Сталиннің: “Ештеме басылмасын. Және жалпы ол туралы айтылмасын” деген ауызша жауабы алынды”.

 

Көріп отырғанымыздай, құдіретті көсем Кобаның нұсқаулары 60 жылдан астам уақыт бойы кеңестік партия тарихшыларының шыншыл аузын буып келді.

 

Кеңес өкіметі қашан өзі лас рух ретінде құрып біткенге дейін соңғы патшаның – халық пен сенім жолындағы қасиетті азапкердің бейнесін орыс халқының жадынан өшіріп тастау үшін қолынан келгеннің бәрін де істеп бақты.

 

Большевиктер жүз жылға жуық уақыт бойы кімдердің бетіне қаракүйе жақты, кімдерге түкірігін шашты?

 

Малай Волков тергеуші Соколовқа: “Патша отбасының сипаты туралы айтуға менің біліктілігім жетпейді, өйткені мен оқымаған адаммын. Мен олар туралы жай ғана: бұл ең қасиетті де таза отбасы болды деп айта аламын”, – деп мәлімдеді.

 

Ұлы княжна Ольга Николаевнаның бүліншілікке ұшыраған Ипатьев үйінде қалған кітабынан үш парақ қағаз табылды. Біреуіндегісі – Сюлла Прюдомның өлеңі де, қалған екеуінде орыс тілінде оның өз қолымен жазылған өлеңдер болды. Міне, олар:

 

 

ҚҰДАЙ АНАСЫНЫҢ ИКОНЫ АЛДЫНДА

 

 

Көк пен жердің патшайымы,

Жұбата гөр бізді өзің.

Дұғамызға құлақ асшы,

Үміт жібін үзбегін.

 

 

Нәпсіге еріп кірледік біз,

Кесел түнегінде адастық.

Ал... не халде Отанымыз,

Құтқаршы оны... Сорлаттық.

 

 

Қасиетті Русь, құтты ұямыз,

Түнерді неге аспаның?

 

Саған құтқарушыны шақырамыз,

Қолынан келмес басқаның.

 

 

Аяушылық ет балаларыңа,

Үмітіміз бір өзіңде.

Алшы бізді назарыңа,

Тастамашы қайғы-шерде.

 

Кітаптағы жұлдызшамен көрсетілмеген өлеңдерді Ғ.Жандыбаев аударған.

 

 

Және екіншісі:

 

ДҰҒА

 

Шыдам бер бізге Жасаған,

Құтырған қапас жылдарда.

Жеңілдет халық қайғысын,

Қысастық сүргін құрғанда.

 

 

Қуат бер бізге, Құдайым,

Жақынның күнәсін кешпекке.

Азаптан арылт лайым,

Қаталдық бізге көрсетпе.

 

Ел бүлініп, жау шапқан

Аласапыранды күндер көп.

Алып шық өзің тар шақтан,

Христос Құтқарушы, жәрдем ет.

 

Әлемнің жалғыз Иесі,

Дұғаңмен бізді жебей гөр.

Жан төзбес ауыр күндерде

Жүрекке сезім, сенім бер.

 

Күш бітір Өзің құлыңа

Көр аузын аттап кірерде.

Пенденің жетпес құдіреті

Жауына жақсылық тілеуге.

 

(“Дұға” жырын 1917 жылдың қазан айында ақын Сергей Бехтеев жазып, ұлы княжналар Ольга Николаевна мен Татьяна Николаевнаға арнаған).

 

Және сол күні, қаза табардың қарсаңында, ұлы княжна Ольга Николаевнаның қолымен жазылған тағы бір жазу: “Әкем өзіне адалдығын сақтап қалғандардың бәріне және олардың ықпалы жүретіндердің бәріне өзі үшін кек қайтармауды және қазіргі кезде өмірде болып жатқан сұмдықтар әлі де күш ала түсетінін, бірақ зұлымдықты зұлымдық емес, тек махаббат қана жеңетінін еске сақтауларын жеткізуімізді өтінді”. (2000 жылдың тамызында Орыс Православиелік Шіркеуінің Архиерейлік Соборы Ресейлік Патша отбасын: император ІІ Николайды, патшайым Александраны, Ханзада Алексейді, ұлы княжналар Ольга, Татьяна, Мария және Анастасияны жаңа уағыздаушылар ішінде нағыз азапкерлер ретінде даңққа бөледі).

 

 

 

 

* * *

 

 

 

 

...1930 жылдың маусымында Алматыда Голощекин Жетінші Бүкілқазақстандық конференцияда өлкелік комитеттің (крайком) есепті баяндамасын жасады. Осы қарсаңда ұжымдастырудың алғашқы толқыны бүкіл Қазақстан бойынша халық көтерілістерінің тууына алып келген болатын, ал бірінші хатшы мұны “жаппай сипат алған антисоветтік қарсы әрекеттер” деп атады:

 

“Көрініп тұрғанындай... олардың басында жартылай феодалдар, ишандар мен дінбасылар болды, – деді ол. – Олардың ауылды алдауға түсірген арандатушылығы сонда – олар: “Кеңес өкіметін ағылшындар, поляктар мен қытайлар құлатты; қазірдің өзінде үкімет басында ІІ Николайдың ұлы екі көмекшісі Керенский және Троцкиймен бірге отыр деп соқты” ... Стенограммада көрсетілгеніндей, залда күлкілер естілген.

 

Басқа – басқа, ал баяндамашы патша ұлының қандай тағдырға тап болғанын білмейді емес.

 

Ал конференция делегаттары ше? Олар патшаны және оның отбасын өлтіруді ұйымдастырушылардың ең бастыларының бірі дәл осы Голощекиннің өзі екенін білетін бе еді?

 

Жақында мен бұл туралы сол кезде залда болғандардың бірі, қазақ жазушысы Ғалым Хакімұлы Ахметовтен сұрадым.

 

– Қалайша білмеске, білдік... Ол Қазақстанда алғаш пайда болған кездің өзінде-ақ білгенбіз...

 

 

 

IV

 

 

 

Сол қарсаңда Қазақстан азамат соғысының және 1921-1922 жылдардағы аштықтың ауыр зардаптары түсірген жарақатынан аздап айыға бастаған болатын. Астықтың жалпы түсімі 1925 жылы 92 миллион пұтқа жетіп, соғысқа дейінгі деңгейге жақындады, ауыр жылдарда тоқыраған мал шаруашылығы қайтадан жолға қойылды: малдың жалпы саны 26 миллион басқа жетіп, 1922 жылдағыдан екі есе асты, алайда соғысқа дейінгі санына әлі жетпеген еді. Тауар айналымы 1923 жылғымен салыстырғанда төрт еседен аса артты, Қазақстан шет елдермен белсенді сауда байланысына түсті. Ауыл шаруашылығында кооперативтік қозғалыс дамыды, 1925 жылдың 1 қазанына қарай 320 мың адамды қамтыған әртүрлі 2811 кооператив жұмыс істеді; мыңнан аса қазақ кооперативтерінде 62546 адам жұмыс істеді. Қысқасы, азамат соғысынан титықтаған қыр өлкесі елінің өмірі (1918 жылы 1,2 миллион адам, 1922 жылы 2 миллион адам ашықты, соның салдарынан, миллионнан астам адам аштық пен аурудан қырылды, мыңдаған балалар қараусыз қалды) біртіндеп оңала бастады. Өлкелік партия комитеті 1925 жылы “Абсолюттік цифрлар және пайыздық қатынастар бойынша кедей шаруашылықтар санының азаюы мен орташалардың көбеюі байқалады” деп көрсетті. 1925 жылдың 1 желтоқсанында Қызылорданың Іскерлік клубында Бесінші Бүкілқазақстандық конференция ашылды. Делегаттар Мәскеуден келген Бақылау Комиссиясы Орталығының мүшесі ж. Петерске сәлем берісті. Ол: “...іс жүзінде, ж. Лениннің: “Біздің елімізде әрбір аспаз әйелге дейін мемлекетті басқаруды үйренуі тиіс” деп көрсеткен мезгілі туды. Бұл әзіл емес”, – деп мәлімдеді. Одан кейін Өлкелік комитеттің бірінші хатшысы сөйледі.

 

Бұл – Голощекиннің Қазақстандағы алғашқы ұзақ әрі оның бұдан былайғы саясатының негіздері жалпы тұрғыдан белгіленген, өзіне тән “тақ иесі сөзі”, міне, сондықтан да ол айрықша назар аударуға тұрарлық.

 

Қазақ жеріне аяғы тигеніне екі жарым ай өтпей жатып-ақ, Голощекин: “...ауылда, шын мәнінде, Кеңес өкіметі жоқ, тек байлар үстемдігі, рулар үстемдігі ғана бар” деген қорытынды шығарды. Ең таңғаларлығы – Филипп Исаевич өзінің кабинетінен аттап шыққан жоқ, бірде-бір ауылды көрген жоқ, ол бұдан кейін де өзінің жақын серіктерінің бірі Ораз Исаев кеш те болса куәлік еткеніндей, әдеттегі қазақ ауылында ешқашан болған емес.

 

Жоғарыда айтқандарын өзі үшін еш күмән тудырмайтын жағдайларды дәлелдеу үшін Голощекин сенімді тәсілге жүгінді. Ол конференция делегаттарына бұдан бір жыл бұрын партияның Орталық Комитеті Қазақстан большевиктеріне жолдаған хатты оқыды:

 

“Қырғыз (осы жерде және бұдан былай “қазақ” деп түсініледі. – ауд.) ұйымы... жұмысты қиындататын ерекше жағдайда болды. Аумағының кеңдігі, сирек қоныстануы, хабар-ошар алысу, көлік қатынасына қажет қолайлы құралдардың болмауы, ауыл шаруашылығының артта қалуы... тұрғындардың дерліктей толық сауатсыздығы т.б., осылардың барлығы социалистік құрылыс ісінде үлкен қиындықтар тудырды...

 

Енді, қырғыз жерінің біртұтас республикаға бірігуіне байланысты... қиындықтар... көбейе түсуде...

 

ОК, Қырғыз республикасында Кеңестер ерекше ауыр жағдайда екенін және іс жүзінде ауылдарда Кеңестердің жоқтығын ескеріп, ауылдар мен қыстақтарда Кеңес өкіметін шындап орнату үшін барлық шараларды қабылдау қажет деп санайды...”

– Одан бері бір жыл өтті, бұл хат күшінде ме? – деді баяндамашы залға қарап. – Күшінде! – деп үн қосты әлдекімнің даусы. Осы жеткілікті болды: беделді пікірдің күші жұмысқа кірісіп кетті. Қазаннан кейін сегіз жыл өткен кезде, кенеттен ауылда Кеңес өкіметінің жоқ екендігі анықталды.

 

Осылайша Голощекин қазақстандық коммунистердің сегіз жылдық жұмысын жоққа шығарып қана қойған жоқ, шетін шаралардың қажеттілігі жөніндегі айтқандарына “теориялық астар” да төседі.

 

Не істеу керек, қайтадан революция жасау қажет пе? – Қажет деп санайды баяндамашы. Алдымен ол байсалды мәнерде өлкелік комитеттің жұмысын, және әрине, бірінші кезекте өзінің жұмысын “қазақ жерін біріктіру” ретінде анықтады. Өзінің тұлғасын климаттық және тұрмыстық қиындықтардан ро­ мантикалық леппен жоғары қоя отырып, ол артық та емес, кем де емес, нақ сол революцияның өзі туралы сөз қозғады:

 

“Мен “астана – Қызылорда” деп айтқан кезімде, байқаймын, өте көп адамдарда, сөзсіз, күлкіге ұқсас бір сезім пайда болады. Егер сіздер осы кезде келмей, бұдан екі ай бұрын келген болсаңыздар, онда бұл жай ғана күлкі емес, құм мен шаңның ащы күлкісі болған болар еді. Егер сіздер көз салсаңыздар, онда толып жатқан жетіспеушіліктер мен кемшіліктерге тап боласыздар; бірақ, жолдастар, кімдер қашан ақ биялаймен революция жасады (ерекшелеген автор.– В.М.)? Кімдер, қандай тап құрбандықтарға бармастан революция жасай алуы мүмкін?..”

 

Кеңес өкіметінің тоғызыншы жылында қандай революция туралы сөз болып отыр? Бейбіт өмірге әрең-әрең қолы жеткен халықтың қандай құрбандықтарға баруы тиіс? Бұл туралы әзірше ештеме ашық айтылмайды, алайда ишара жасалды, бағыт берілді.

 

“... Егер бізге мәдениетті, абаттандырылған үлкен қалада тұру бақыты бұйырған болса, өте жақсы болар еді, бұл ғажап болған болар еді, бірақ біздің кереметіміз бен тәуекелшілдігіміз сонда, – деп жалғастырады баяндамашы, – біз, атап айтқанда, дәл осы Қызылордада, қалың қазақтың ортасында астана салуға шешім қабылдап, жұмыс істейміз”.

 

Ауылға “көшпенділіктің ең байырғы түрін” және “тауар айырбасының ең артта қалған түрлерін” таңа отырып, Голощекин “ауылдарды кеңестендіру” ұранын алға тартты. Оның түсінігінде, бұл – “артта қалған қазақ ұлтын ұйымдастырудың біртұтас формасы” болды. Өлкелік комитеттің есебінде осылай айтылды. “Советская степь” газетінде басылған баяндамада ұран барынша толық күйінде берілген:

 

“Қазақстанда Кеңес өкіметі жоқ деп айту дұрыс емес. Мұнда кеңес өкіметі бар, бірақ егер Қазақстанды кеңестендіру мәселесін бұқараны ұйымдастыру ретінде қазір болып жатқан жағдайлардың, егер қажет болса, ұлттық өзін-өзі анықтау формаларының, мәдени-ағартушылық жағынан өсу формаларының, экономикалық еркіндікке жету формаларының, қанаудан азат етілу формаларының мәселесі ретінде кеңінен алып қарайтын болсақ, онда біз өзімізде елеулі кемшіліктер бар деп айтуға тиіспіз”.

 

Голощекин өзінің байлар үстемдігі туралы тұжырымын негіздеуге көп бөгелген жоқ, оған “ауыл шындығын күмәнсіз білетін бір жауапты қызметкер қазақтың” пікірі жеткілікті болды. Ол, сірә, төменгі кеңестік аппарат рулық қанау органына айналды және шаруашылық мекемелерінде де осы жағдай орын алуда деп куәлік еткен болса керек-ті. Бір қарағанда, оғаштық көзге ұрып тұрғандай болып көрінеді: Кеңес өкіметі Қазақстанда бар, бірақ ол әрі жоқ та, міне, сондықтан да республиканы “кеңестендіру” керек. Алайда Голощекин өз тұжырымдарының қарама-қайшылығын тіпті де сезінер емес, ол үшін аса зор аумақта – шашырап жатқан республикада іс жүзінде Қазанның ықпалы жоқ екені күмәнсіз. Ол өзін мұнда, Қазақстанда, революция жасауға, былайша айтқанда, кіші Қазанды жүзеге асыруға келген мессия, көсем ретінде анық та айқын сезінеді.

 

Көп ұзамай-ақ, оның қолынан жергілікті орындаушылар жұлып әкеткен идеясы қазақтың ұшы-қиырсыз кең даласын кезген құйынға ұқсап, барған сайын күш ала екпіндеп, жолындағысының бәрін жапыра таптап, сыпырып-сиыра жайпап, құтыра ұйытқыған көзсіз қара құйынға айналып жүре берді.

 

Голощекин “жікшілдермен” де тез “есеп айырысты”: “Біздің партиямыздың ішінде ұлтшыл жікшілдік бар ма? Бар. Бірінші жікшілдік – ең зиянды ұлы орысшылдық – шовинизм. Мен мұны кейбір губкомдардың баяндамалары бойынша айтып тұрмын... Басқа жік қазақтарда – Алашорданың ықпалындағы бұл ұлтшылдық жік те өте күшті...

 

Екеуі де кінәлі сияқты болып көрінеді, бірақ объективті жауап басқаны айтады: ең алдымен, еуропалық коммунистер кінәлі, өйткені оларға деген сенімсіздіктің тарихи себептері бар, олардың міндеті – осы жағын шешу, сенімге қол жеткізу...”

 

“Қазақ ұлтшылдары жігінің” көсемдерін ашып айтпағаны секілді, ең зиянды жіктің басшыларын да баяндамашы атаған жоқ. Оның есесіне, бүкіл қызметін топшылдық күреске арнады делінетіндердің атын атап, түсін түстеу арқылы алдыңғылардың кім екеніне емеурін жасады. Таңғаларлық сәйкестік бойынша, барлық көрнекті қазақ коммунистері О.Жандосов, Н.Нұрмақов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, С.Меңдешев, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұловтар түгелімен “күнәһарлар” болып шықты. Және бұл үшін де оған ешқандай дәлел келтіру қажет болған жоқ, тағы да сол бір ғана аты-жөнсіз куәлік жеткілікті болды.

 

Көп өтпей-ақ, топшылдықтың дерліктей барлық “көсемдерін” Филипп Исаевич жергілікті ұлтшылдық үшін айыптады. Алайда оның мақсаты қауіпті бәсекелестерден құтылу екені бірден белгілі болған-ды. Ал бұл үшін ықпалды “ұлтшылдардың” мойнына саяси қарғыбау ілуден артық құрал табылмады. Оның басқа бәсекелестері болған жоқ, сондықтан кейінгі жылдарда оның сөздерінде, айталық, ұлыдержавалық шовинизм “көсемдерінің” бірде-бірінің аты аталған жоқ.

 

Голощекиннің алғашқы жауларын әйгілегендегі асығыстығы оның өзінің қызмет бабындағы басқалардан артықшылығын, жоғарының құдіретті қолдауын бірден пайдаланып қалғысы келгенін көрсетеді. Ол қарсыластарының, атап айтқанда, өз пікірі барлардың бәрінің де сағын сындырып, өз еркіне бағындырғысы келді. Ол өзінің әмірін тыңдамаушылықтың кез келгенінің жолын кесуге бел байлады. Біреулердің сөзіне құлақ асып, әлдекімнің пікірімен санасқысы келмеді. Оған орындаушылар қажет болды: құлақкесті құлдар, жарамсақ орындаушылар.

 

Сірә, Голощекин халықтың рухани көсемдерін – қазақ зиялыларын жазалауды сол кездің өзінде-ақ ойлап қойған болса керек. Алғашқыда ол баға беруде мейлінше сақ болды, ешкімнің аты-жөнін атамады, тіпті өз пайымдауларында риясыз турашылдық пен объективтілік көрсеткен адамға ұқсауға тырысты:

 

“...Мұнда... біз екі жікті көріп отырмыз. Бір жік (кім екені түсініксіз. – В.М.) бұл интеллигенцияның ұлтшылдыққа бейімділігі үшін оған жалпы қарсы шығады... мұнда солшыл балалық... Егер біз қазақ интеллигенциясына қарсы ешбір талдау-тергеусіз сөйлейтін болсақ және оны бұрынғы, қазіргі күнәлары үшін үнемі түрткілей берсек, олардың кемшіліктерін түзетіп, өз ісімізге тартпайтын болсақ, онда Қазақ интеллигенциясына қарсы жүре отырып, біз сол әрекетіміз арқылы орыс интеллигенциясына жақындай түсетін боламыз, яғни бір есіктен шығып, екіншісіне кіреміз және ұлыорысшылдық шовинизмнің егінін суарамыз. Қазинтеллигенцияны (қазақ интеллигенциясын – ауд.) бірыңғай терістеу, жаппай аһылап-үһілеу дұрыс емес, алайда басқа жаққа қисаю да – бұл интеллигенциямен тұтастай бірігіп кетіп, коммунистер мен партияда жоқтардың аражігін жойып жіберу де, алашордалық интеллигенцияның ықпалы идеологиялық жағынан коммунистерден асып түсуіне жол беру де дұрыс емес...”

 

Осы бір тұрпайы саясатшылдықтың жарлықтарымен баттастыра бұлғап, келсін-келмесін бей­берекет айтылған нұсқаулар арқылы дәлелдеуге тырысқан теріс пікірде бәрінен де бұрын интеллигенцияны жоюға, яғни оны қандай да бір орташа деңгейге келтіруге, кез келген өзіндік ерекшеліктерден айыруға, айырмашылықтарды болдырмауға негізделген дөрекі де ожар нұсқаудың масайраған үстемдігі көзге ұрып тұрады. Барлығын бір қалыпқа түсіру тілегінің барша қисынсыздығынан рухани қасап операциясының айбалтасы ең жоғарғылардың басын шабуға төніп келе жатқаны белгілі болды.

 

Ол конференция делегаттарына идеологиялық ықпал мен басшылық мәселесі бар жерде қазақ зиялыларынан бір шақырым аулақ жүру керек екенін ескертеді. Сөйтіп, олар кез келген болар-болмас мәнді мәдени және қоғамдық қызметтен аластатылуы тиіс, оларға тек техникалық және шаруашылық жұмыстарында ғана орын қалмақ. Әзірше Филипп Исаевич жалпылама сөйлейді, әзірше ол нақты жауларын саусақпен шұқып көрсетпейді. Мұны ол алдағы уақытта істеуге тиіс.

 

Міне, алда тұрған күрестің бағдарын белгілей келіп, ол баяндамасын көтеріңкі ұранмен аяқтайды.

 

– Кәне, ОК-нің айналасына топтасайық және еңбекші бұқараны, дербес жағдайда қазақ ұлтының еңбекші бұқарасын азат етудің ұлы міндетін жүзеге асырайық.

 

 

Ду қол шапалақтау...

 

 

Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев

Бөлісу:

Көп оқылғандар