Лу Пиау: Мен сенің ай мен күніңді ұрлағым келеді

Бөлісу:

12.04.2019 5089

Еш нәрсе де өзінен өзі пайда болмайды. Өлең де солай. Ең алғашқы өлең қалай пайда болды? Біз оны білмейміз. Бірақ өлеңнің қалай пайда болатынын біле аламыз. Оны бізге ақын, ақынның өлеңі айта алады. Өлеңнің қалай пайда болатынын өлеңнің өзінен артық айтатын ешкім жоқ. Қытай ақыны Лу Пиаудың өлеңдері де өзі туралы айтады. Поэзия деген «күбір» дейтін бе еді... Ақынның өлеңдері де күбірге жақын, өзіне өзі тіл қатады, өзіне өзі сөйлеп тұрған адам тәрізді. Онысы кейде, тіпті, сыртқа шықпай ішінде айналсоқтап қалатын үн сияқты сезіледі. Негізі тереңге тартатын лириканың түп болмысында үнсіздік басым. Дәл осындай сыртқа шықпай, ішті жайлап, мамырлап, үнсіз толқын жататын күй басымдық алған жерде сөздің болмысы өзгереді. Сөздің салмағы тілге ауысады. Мазмұн да, форма да көмескі тартып, орнында сезім бояуы ғана қалады. Мұндайда өлең мәтінінің қалыптасуы да өзгеше. Негізінен өзін тапқан, өмірі мен өлеңін үндестіріп, төгіп-шашбай ұстай алатын деңгейге жеткен ақындар ғана осыған бара алады. Байқап отырсаң, мұндай деңгейде ышқынудың да, айқайлаудың да, қала берді аласұрудың да қажеті жоқ. Есесіне өлеңге ерік берсең болды. Ол сені шытырман шиырдан өзі алып шығады. Сен өз дегеніңдей өлең жазасың. Лу Пиаудың өлеңдері де осы қағидаға құрылған. Уақыт, заман, қоғам, орта, айналасындағы адамдармен, адамдардың тыныс-тіршілігімен астасып, үндесіп жатқан, ұғымға емес, түйсікке құрылған мұндай өлеңдер оқырманына қашан да шынайылығымен жақын. Ал шынайылық болған жерде, жаттандылыққа орын жоқ.

Бірінші өлеңде орман, қабырға там, тамшы, көз жасы туралы айтылады. Үңіліп қарасаң, саясатқа қатысты екенін ұға қоясың. Екінші өлең анық, көзге түскен бір көрініс тарихтың бір шалғайын көтеріп, өткен мен бүгінді тоғыстырып жіберген. Бұл да аздап саясаттық түсі бар өлең екені анық. Жалпы, Лу Пиаудың поэзиясы лириканы бір ілмекке ілмей тұрмайды. Сол ілмекті және өзі жақсы табады. Өлең осылай да туады екен. Қалғанын патша көңілді оқырманның өзі оқып, үңіліп, түсінуіне қалдырдық.

Лу Пиау – Қытай ақыны, 1953 жылы Шаңхайда дүниеге келген. Қытай Жазушылар одағының мүшесі. «Солтүстіктің қары», «Кері ағыс», «Аспанға ұшқан шамдар», «Найзағайдың күңгірі» атты жыр жинақтарының авторы.

Аударушыдан

1. ТАС ТҮЙІН

Орман тас түйін

Бітеу

Жел де, желемік те өтпейді

Жел демекші

Жел өтпейтін қабырғалар қаншама

Жапырақтар алқызыл толқынға ауысса

Қауашақтар

Күлтесін кешігіп барып төгеді

Тамшы, жас

Сорғалайды, үзілмейді

Әр рет өзін

Тас еден де

Тас талқан етеді

2.ТОҚАЛ АҒАШ

Ағаш отаушы

Отаған шырпыларын алып жөніне кетті

Бәрінен жұрдай болған ағаштар

Аязды күнде бүрісіп тұр

Табан астында ұзын-қысқа бұтақтары

Шашылып жатыр

Ойыма өткеннің елесі келді

Бір кезде ер-әйел демей

Шаштарынан айрылып

Мойындарына қарғыс таңбасын іліп

Осылай тұрмап па еді бүрісіп

Не десең де бәрі бір

Солтүстіктің желі қанша азынағанымен

Елестерді ұшырып кете алмайды екен

3. ИТ БАСТЫҚ

Ол қаңғыған иттерді жинайтын орталыққа барып

Иесіз иіттің бірін бағып алғысы келді

Ит қараушы:

Бұрын ит асырап көріп пе едіңіз деп сұрады одан

Ол басын ғана шайқады

Ит қараушы:

Ит асырау деген, итке басшылық ету

Сен өз ісіңе сенсең ғана,

Ит саған сенеді, соңыңнан ереді, деп ақыл айтты

Деді де, ит қораға ертіп кіріп

Қолына жіп беріп

Ит ұстауды үйретті

Ол да қарап қалмады

Өзіне жапақтаған иіттің бірін таңдап

Жетектеп, есікке беттеді

Ол жіпті артығырақ тартып жіберді білем

Ит қылқынды да, жатып алды

Ит қараушы:

Итті тым қылқындырып жібердің,

Аздап басын көтеріп, тыныс алатындай,

Өзін еркін сезінетіндей ұста, деді

Ол екі етпей соны істеді

Ол айтқанды мүлтіксіз орындады

Итке жетекші болып ит ұяның қасынан ары-бері кердеңдеп өткенде

Қамаудағы иттердің үрмегені қалмады

Ол ақыры талаптан шықты

Ит қараушы оған соңғы ескертуін айтып жатыр:

Тамақ беруде, тәрбие болсын

Иіскеп көр, иістеніп кеткен тамақ беруші болма

Осы айтқандарымды түсіндің бе?

Түсіндім.

Ендеше, иіттің иттігін құрметтеп, құқығын сақтап

Итпен бірге өмір сүруді үйренетініңе сенемін

4. САБАУ

Қолыма қамшы алып

Мені сабайтын адам іздедім

Қамшыны жолыққан қарт диқанның қолына ұстатып:

Ата, мені сабашы

Мен кезінде сенің бақшаңа түсіп, қауыныңды ұрладым ғой, дедім

Қарт жымиып, қамшыны өзіме қайтарып берді:

Ұрласаң, ұрлаған шығарсың

Кім ұрламайды мына заманда, деді ол

Мен одан:

Сен де ұрладың ба ата, деп сұрадым

Ол қамшыны жұлып алып, мені бытырлатып сабай жөнелді

Мен: сабашы ата, айызың қанғанша сабашы бір, дедім.

Мен қамшыны әжеге бердім

Мені сабашы әже, дедім

Ол тұрып:

Сен тонамасаң, ұрламасаң, неге сені сабауым керек, деді

Мен оған:

Әже, осы орманда қызыңа мен қырындап едім, дедім

Ол сонда:

Қызды бәрі бір біреу ториды, деді

Мен: сіздің де біреу осы орманда артыңыздан қалмап па еді, деп сұрадым

Әже қамшыны ала салып, бас-көз демей мені сабай жөнелді

Мен содан ары іздедім, бер іздедім

Өзімді сабайтын жан баласын таба алмадым

Ақыры биік төбеге шығып

Аспанға бар дауысыммен айғай салдым:

Ау, ұлы Жаратушым

Мен сенің қолыңа қамшы ұстатуға шарасызбын

Мені шүлен шуағыңмен келістіріп бір сабашы!

Бір кезде мен сенің айың мен күніңді ұрлағым келді,

Ай мен күннің орнын ауыстырсам, дедім

Себебі, мына дүниенің ақ пен қарасы алмасып кетті.

5. ТӨСЕК ПЕН КҮН

Күн ешқашан көтерілмейді де,

Батпайды.

Көтеріліп

Және бататын біздер.

Төсекте мен көтерілгенде,

Сен батып кетесің.

Сен бұлтсың,

Жыртатын

Мен,

Шыңмын

Сені түйреп тұратын.

6. КУӘЛІК

Бұл дүниеде екі ғана есік бар,

Кіретін

Және

Шығатын.

Жекебастың куәлігі, студеніттік куәлік, жұмыс куәлігі

Бәрі кіріп-шығу үшін қажет куәлік.

Неке куәлігі де,

Кіріп-шығу үшін қажет,

Ер мен әйелге,

Бір есіктен кіріп,

Бір төсекте түнеуге.

Рас, есіктер де көп

Кіріп-шыға бересің,

Ешкім куәлік сұрап жатпайтын.

Оны сен білесің.

7. ТҮК ТАРТУ

Сәуірдің тоғызы еді,

Бижің хайуанаттар бағында,

Бір панда арса үстінде пысылдап,

Ұйқы соғып жатты.

Дәл сол кезде бір қарға ұшып келді,

Келді де, панданың үстіне қонып, шоқып

Бір шөкім түк жұлып алды.

Аузында толған ақ жүн бар қарға,

Ұшты да,

Ағаш басына көтеріліп, ұясына қонды.

Мен ойға кеттім:

Мынадай ұясы бар қарға

Әлемде сірә жоқ шығар?!

Қарға ұшып-қонып жүр.

Панда ұйқы соғып жатыр.

Біреуге керек дүние,

Біреуге керек емес.

Енді, қайтесің?!

Дүние, негізі, осылай.

Қытай тілінен аударған Ардақ Нұрғазы

Бөлісу:

Көп оқылғандар