Марк Твен: Сөзден гөрі әрекеттің «дауысы» қаттырақ шығады

Бөлісу:

15.05.2019 7052

Америкалық жазушы, журналист және қоғам қайраткері Марк Твен (шын есімі – Сэмюэл Лэнгхорн Клеменс) 1835-1910 жылдарда өмір сүрген. Ол 1864-1910 жылдар аралығында әртүрлі жанрда 50-ге жуық кітап жазған. Қаламгер шығармаларының желісімен 1920 жылдан бастап күні бүгінге дейін 20 фильм түсіріліп, көрермендерге жол тартқан. Марк Твеннің кез келген туындысынан оның гуманистік әрі демократтық көзқарасы анық байқалады. Мұны әсіресе қанатты сөздерінен аңғарасыз. Жазушының www.brainyquote.com сайтында жарияланған қанатты сөздерін аударып беріп отырмыз.

Алға жүрудің құпиясы – алғашқы қадамды жасау.

***

Керең еститін, зағип көретін тіл – мейірім.

***

Батылдық деген қорқыныштың жоқтығы емес, батылдық – қорқынышпен күресу және оны жеңе білу.

***

Патриотизм – еліңді әрдайым қолдау, ал билікті қолдауға лайық болса ғана қолдау.

***

Төбелесте маңыздысы – иттің үлкендігі емес, иттің ішіндегі «төбелестің» үлкендігі.

***

Оқымайтын адамның оқи алмайтын адамнан еш артықшылығы жоқ.

***

Адамның мінезін ол күнделікті қолданатын сын есімдерге қарап білуге болады.

***

Әуелі дәлел жинаңыз, сосын оларды өзіңіздің ыңғайыңызға қарай бейімдеп аласыз.

***

Дұрыс нәрсе істеңіз. Сонда кей адамдарды қуантасыз, ал өзгелерін таңғалдырасыз.

***

Махаббатты ауламақ болсаңыз, ақылмен емес, жүрекпен қармақ салыңыз.

***

Күркір – жақсы, күркір – таңғаларлық құбылыс. Бірақ бар жұмысты істейтін найзағай ғой.

***

Егер әрдайым шындықты айтып жүрсеңіз, сізге ештеңені есте сақтаудың қажеті жоқ.

***

Адам баласының шын мәнінде өтімді бір қаруы бар. Ол – күлкі.

***

Ұлтыңа әрдайым, ал билікке лайық болса ғана адал бол.

***

Дұрыс насихаттаудың арқасында көптеген кішкентай нәрседен үлкен дүниелер жасалған.

***

Әжімдер күлкінің ізін ғана көрсету керек.

***

Қасаң қағидамен, қыңырлықпен өмір сүру әлі күнге дейін ешбір шынжырды үзіп, адам жанына бостандық берген емес.

***

Бәрі еңбекке байланысты. Өрік бастапқыда ащы дәнек қана болатын.

***

Әзіл – адамға берілген үлкен несібе.

***

Әлемде дене мықтылығының үйреншікті, қалыпты нәрсе болып, рух мықтылығының сирек кездесетіні қызық.

***

Әлі тоқтамай, дөңгелеп бара жатқан гольф добын жерден көтермеу де – шеберлік.

***

Кей мәжбүр жағдайда киіміңнің кірленуіне мән бермеуге тура келеді. Ал жаныңды әрдайым таза ұста.

***

Адамдардың екі түрі бар. Біріншісі істі соңына дейін өзі жеткізеді. Екіншісі дайын нәрсеге ие болғысы келеді. Алғашқы топтағылардың саны анағұрлым аз.

***

Адамның ең шыншыл сәті – өзінің өтірікші екенін мойындаған кезі.

***

Өзіңді қуантудың ең жақсы жолы – өзгені қуанту.

***

Егер біз туғанда 80-де болып, уақыт өткен сайын жасарып, ғұмырымыздың соңында 18-ге келсек, өмір бұдан гөрі әлдейқайда жақсырақ болар еді.

***

Негізінде, сөзден гөрі әрекеттің «дауысы» қаттырақ шығады.

***

Әр нәрсенің өзіне тән шегі болады. Темірді алтынға айналдыра алмайсыз.

***

Адам – жүзі қызаратын немесе қызаруды қажет ететін жалғыз мақұлық.

***

Арғыкүні істеуге болатын шаруаны тіпті ертеңге де қалдырмаңыз.

***

Ең қатты қорқатын нәрсені істеңіз. Сонда қорқыныштан мүлде арылатыныңыз сөзсіз.

***

Өркениет дегеніміз – қажетсіз қажеттіліктердің шексіз көбейтілуі.

***

Дұрыс сөз өтімді болуы мүмкін. Бірақ ешбір сөз ешқашан керек жерінде үнсіз қалу секілді өтімді болған емес.

***

Мыңдаған дарын ерекше қабілетін өзі де танымай, өзгелерге де таныта алмай өмірден өтіп кетеді.

***

Қоғам – пікірі түкке татымайтын жалғыз сыншы.

***

Егер адам 48 жасқа дейін пессимист болса, онда тым көп біледі деген сөз. Ал 48-ден кейін оптимист болса, онда білімінің тым таяз болғаны.

***

Егер сізді достарыңыз жас көрінесіз деп мақтай бастаса, бұл – қартая бастағаныңыздың белгісі.

***

Жақсы адам болу – асыл іс. Бірақ айналаңызға жақсы адам болудың үлгісін көрсету анағұрлым жоғары нәрсе.

***

Даралануға тым ұмтылмай-ақ қояйықшы. Ешқандай жақұтың болмағаннан гөрі ескі де болса асыл тасың болғаны жақсы.

***

Ең қызықты ақпаратты балалардан аласыз. Өйткені, олар білетін нәрсесін ғана айтады.

***

Адам өзін өзгелер жақсы көруі үшін көп нәрсе істейді, ал өзін өзгелер қызғануы үшін бәрін жасайды.

***

Сый-құрметке лайық бола тұра одан мақұрым болу лайық болмасаң да, сый-құрметке бөленіп жүруден жақсырақ.

***

Егер жұмысыңыз бақа жеу болса, оны таңертең ұйқыдан ояна сала істегеніңіз жөн. Ал жұмысыңыз екі бақа жеу болса, онда үлкенінен бастағаныңыз абзал.

***

Дауыстың қатты естілуі ештеңені де білдірмейді. Жұмыртқа басып жатқан тауықтың жұлдыз басып жатқандай қатты қытқылдайтынын жиі көреміз.

***

Дөңгелек адамнан төрт бұрышты жерге нық орналасуын күтпеңіз. Әуелі оған пішінін өзгертуге уақыт беріңіз.

***

Өлімнен қорқу өмір қорқынышынан туындайды. Кемел өмір сүретін адам өлімге кез-келген уақытта дайын жүреді.

***

Кей адамдар көптеген үлкен істі істей алғанмен, бақытсыздардың жанында өзінің бақыты жөнінде айтпау қолынан келмейді.

***

Марапаттан бас тарту – оны дабысы жер жаратын тәсілмен қабылдау.

***

Ол бай болудан кедейлік деңгейіне «көтеріліп» келе жатыр.

Ағылшын тілінен аударған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

Суреттер ғаламтордан алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар