Ақеділ Тойшанұлы. Шамбаланы іздеген ақын
Бөлісу:
Белгілі ақын, аудармашы Жүкел Қамайұлы сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер екені белгілі. Ол көптен бері қазақ пен моңғол әдебиетін бір-біріне тәржімалап, рухани тұлғаларды тоғыстырып келеді. Оның қаламы арқылы Махамбет, Абай, Жамбыл,Мағжан, Төлеген, Мұқағали, Ұлықбек бастаған көптеген ақын-жазуышалр моңғол тілінде сөйледі. Ол Моңғолияның көрнекті ақыны, Нобель сыйлығына үміткер қаламгер Гомбожавын Мэнд-Ооёо мырзаның «Мен саған келе жатырмын» (Алматы, 2017) деген жыр жинағын аударып жариялады. Осы еңбек туралы пікірімізді білдіргіміз келеді.
Әйгілі шығыстанушы Николай Рерих адамзаттың арман-аңсарында маңызды орын алатын қасиетті де құпия мекен, жер бетіндегі шырайлы жаннат Шамбаланы іздеп Алтай мен Гималай тауларының қар басқан жоталарын шарлап, ұзақ сапар шеккені, шабытын тербетіп мың құбылған сиқырлы бояуларымен көк мұнары көкжиекке астасқан ұйық өлкені бейнелегені белгілі. Талай жиһанкездер «темір таяғы тебендей, темір етігі теңгедей» болғанша осынау әлемнің энергиялық орталығын сарсылып іздеген. Өкініштісі, ешкім оны таппаған. Ғұлама академик Цэндийн Дамдинсүрэн «Ертегі әпсанадағы бақытты мекен Шамбала қайда?» ( ”Үлгэр домгийн жаргалант орон Шамбал хаа байна”) деген ғылыми очерк те жазған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ақеділ Тойшанұлы. Диуанабәйіт
Ақын Гомбожавын Мэнд-ооёо жырын оқығанда сол құпия ғажайып өлкенің қақпасының алдында тұрғандай әсерде боласың. Оның өлеңдерінің кеңістігі мен уақыт өлшемі шытырман: қазіргі сағаттан жер жаралған ілкі дәуірге, алғашқы адам жаралған ежелгі шақтан дүбірлі болашаққа, ғасырлардан ғасырларға, мекендерден мекендерге өте аласың.
«Қобыздың әуені үзіліп, жалғасудың түйілісінде, Шамбала сарайы гүл бақша есігін ашуда» дейді ақын. Осылайша әуеннің толқынының қақпақылына жұмақ мекен Шамбаланы сыйдырады. Ол романтик Николай Рерих шарқ ұрып іздеген Шамбаланы лезде тапқан, оқырманына сыйға тарта алған сырлы қалам иесі. Ұлы Байрон «бейістің үні шығар қоңыр салқын» дегенде адамның көңілінің күй әуезіне елтіген, балқыған осындай рақатты мезетін айтқан болар, сірә.
Көксеу, аңсау шеңберінде қанаттанып әлемді шарлау емес,
Көкірекке сәуле қондырсаң, қараңғылықтан құтылар қанатың.
Кім іштей тазарып, азаттық шуағына жетсе,
Құрсау, қамақтың ішінде де қанаттыдай самғайды.
Бұл шайыр Г.Мэнд-ооёоның тән сауытына қамалған адам рухын бостандыққа шақырған ақындық үні. Ұлы Абай «Іштегі кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі» дейді емес пе?! Міне, ақын періштелікті адамның өз кеудесінен іздейді, рух пәктігіне оқырманын тынбай үндейді, Шамбаланы қиырдан емес өзі туған құмды шөлейт Говь сахарасының сағымды даласынан табады. Ақын өлеңдерін оқыған сайын жан дүниең тазарып, туған жеріңнің жұмаққа тең екенін түсінгендей, түйсінгендей боласың. Айналаға ғашық көзбен қарап, сұлулық сарайының шымылдығы алдыңа ашылады.
Сар даланың түнінің төріне Жетіқарақшыны жарқырат,
Шамбаланың есігі саған айқара ашылат.
Аглаг талын хойморт Долоон бурханаа залчихаарай
Шамбалын хаалга хаа нэгтэй нь онгорхой
Ақын жыры мифологиялық рәміздерді қазіргі оқырманға өз замандасындай, бүгінгі қатарласындай сырластырады, қауыштырады. Түркі-моңғол халықтарында дүние алғаш жаралғанда адамға мәңгі өлместің суын Жаратушыдан қарлығаш құсы тасып әкеле жатқанда жолда адамның қанын айдаһарға апара жатқан масамен арпалысып, арша, шырша секілді ағаштарға жұмақ суын қапелімде төгіп алып, олар жасыл түске ие болып, ал адамның ғұмыры содан қысқа болған деген әпсана кең таралған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ақеділ Тойшанұлы: Әулие
Иә, бәрімізге бұл әпсананы әжелеріміз бен әкелеріміз айтып берген. Ақын да бұл әпсананы естіген сәтінен мәңгі суды табуға балалық құштарлығы ауады. Әкесіне осы шипалы судың бір тамшысын болсын ішкізуге іштей уәде береді.
Әкем қазір жоқ, ұлы мәңгілік суын таппады,
Алтын қарлығаштың кес-кестеп ұшып жүргені,
Әлде бір адамнан мәңгілік суын сұрастырғаны сияқты!
Ақын болашақ ұрпаққа аманат өсиет қалдырады. Иә,адамзат өркениетінің болашақ дамуы, ғылым мен медицинаның шарықтап өркендеуі ажалға да ем, ауруға да шипа табатыны сөзсіз. Ұлы дала философы Қорқыт ата аңсаған ажалға дауа түбінде бір табылатынына қапысыз иланасың. Әсіресе Гомбожавын Мэнд-ооёо жыры оқырманның үміт отын маздата түседі.
Айтпақшы, қарлығаш адам баласына өлместің суын аузына құйып тасып жүргенде сол судың дәмін әулие құстың өзі де тата алмапты. Содан бері ол да өлімге душар болған. Сағымды сар даладаның жол жиегінде алдыңнан кескестеп ұшатын осы құс әлі де өлмес суын іздеп, адам баласының қимас досына айналған. «Қарлығаштай қанатымен су сепкен» деген аяулы сөз естіген жанның жүрегін дір еткізетінін содан-ау.
Ақын болашақ адам баласы ажалға шипаны дауасыз табатынына шүбәсіз иланады. «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ, Қараймын елесіңе мен таңырқап» деп Қасым Аманжолов ақын айтқандай келешекте ұрпақтар жұмақ суын тапқанда бір ұрттамын алдымен қарлығашқа ішкізсін дейді ақын.
Бұл өмір мәңгі емес, мен де ұзамай кетемін
Алтын қарлығаштың аңызы ұрпақтарыммен қалады!
Ертегі аяқталған тұста мәңгілік суын тауып ап
Мәңгі жасайтын заманда келер, адамдар!
Армандар жасайтын даламның алтын қарлығашына,
Сол суды алдымен ішкізіңдер, сендерге айтар аманат.
Бөлісу: